«ҚАЗАҚСТАН КВН ОДАҒЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАСТАР ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ
КВН
БАСТАУЫШ МЕКТЕП
(бірінші оқулық)
АСТАНА-2010
КІРІСПЕ
КВН... Жай ғана үш әріптің қосындысы қаншама ұғым береді. Осы сөздің астарында қарапайым көрермен бірдей, әдемі киінген жастарды, әзілқой жастарды, олардың қызыққа толы өмірін көз алдына елестетеді. Үнемі болатын гастрольдер, өнеріне тәнті болып қол соққан көрермен, жеңістің тәтті қызықтары, командалық қана емес, жанұялық қарым-қатынас орнаған топтар... Барлығы, барлығы КВН-нің ас үйіне бас сұғып көрмеген шақша бас пенде үшін өте қызық, таңсық нәрсе. Әдетте патша көңіл көрермен тек жеңімпаздарды байқайды. Барлық қошемет пен құрмет тек солар үшін. Барлығы тек солардың әзілдері мен көріністерін ауыздарының суы құрып айтады. Соларды мақтайды, жеңімпаздарға жақын жүргісі келеді. Ал жеңілген команда осы уақытқа дейін болмаған сияқты көлеңкеде қала береді. Ұнжырғасы түскен олар асай-мүсейлерін жылдам жинап алып, сайыс алаңынан тездетіп тайып тұруға тырысады. Тіпті олардың ең көңіл қимас жанкүйерлерінің өзі жеңімпаздардың шашбауын көтеріп кететін кездері аз емес. Қысқасы осы шағын ғана кітапша жеңілістің бір рет болса ащы дәмін татып көрген, бірақ болашақта бағы жанып «әзілдің жұлдызы» атанарына сенімді жасөспірімдерге арналады!
БІРІНШІ БӨЛІМ
КВН деген не? Бұл сұраққа бір сөзбен жауап беру мүмкін емес. Кез-келген көзі ашық адамға осы сұрақты қойсаң «КВН деген ең алдымен әзіл-қалжың!» деп жауап береді. Енді бір жақынырақ жүргендері «Жоқ, КВН деген осы әзілдерді ойлап тауып қана қоймай, оны сахнада көрерменге жеткізе білу!» деген қарсы дау айтады. Осы өнердің бір пұшпағын илеп жүрген жастар болса ойланбастан «КВН деген өмір!» деп кеуделерін қағады. Ең қызығы сол, осы қағидаларды айтқандардың қайсысы болсын қателеспейді. Рас, КВН деген әзіл жазып, оны әртістік қабілетімен көрерменге жеткізуді ұстанған өмір салты. Ол жас таңдамайды. Тілі енді шыққан баладан, үйдегі оразасын ұстап, таяғына сүйеніп жүрген ата-әжеңді де жатырқамайды. Бірақ, құрметті жеңіске деген ынтасы зор жас өнерпаз, есіңде сақтайтын ең бірінші қағида: КВН - ең алдымен ЕҢБЕК! Еңбектің жеңбейтіні жоқ екенін тағы да мыжып саған несіне айтайын, әйтеуір бір рет болған сәтсіздікке ұнжырғаңды түсірмей, қорытынды шығарып, табандылық таныта білсең сенің де жұлдызың жанар күн туар.
КВН деген танымал болу, өнер дәмін сезіну, және қайталап айтайын бұл өмір салты. Бірақ аппақ тастың қап-қара көлеңкесі болатын сияқты бұл салттың да өз жағымсыз жақтары бар. КВН деген мақтаныш пен мәртебемен қатар ұйқының қанбауы мен уақыттың жетпеуі. КВН деген жанұяңнан үнемі жырақта жүру. Сүйген қызыңмен немесе жігітіңмен кездесуден бас тартып, жүрегіңнің қалауын ренжітіп дайындыққа кету. Тапсырылмаған емтихандар, алынбаған сынақтар үшін ата-анаң мен ұстаздарыңның реніші. Басқа қалаға барғанда қаржы жетпей ашқұрсақ жүру, қысылысып тар пәтерде өткен түндер... Міне КВН сен үшін қандай сындар дайындап тұр! Қорқып кеттің бе? Онда ары қарай оқымай-ақ, кімді жек көресің, кім сенің дұшпаның, кімде ала алмай жүрген өшің бар, соған осы кітапшаны ұстат. Жоқ мен дайынмын, еш қиындықтан қорықпай өнердің шыңына жетуге ерік-жігерім жетеді десең ары қарай кеттік!
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Сонымен КВН ойнауға, атақты КВНші болуға бел буған екенбіз, алдыда бізді не күтіп тұр, соған жауап іздейік. Өздерің көріп, біліп жүрсіңдер, КВН бірнеше сайыстардан тұрады. Олар атауларына байланысты өз шарттары бар немесе шарттарына байланысты жеке атау қойылған. Бірақ сол сайыстарда бақ сынап, сахнаға қол жеткізгенше біраз дайындық жүргізуге тура келеді. Әрине еш дайындықсыз шықсаң да алғаш келгенде ешкім қуып жібермес. Бірақ біздің «жұлдыз» болғымыз келеді емес пе? Ендеше дайындықты тыңғылықты жүргізейік. Ең алдымен команданың СТИЛІН анықтап алған жөн. Яғни сен құрып отырған топ қандай бағыттағы әзілдерге иек сүйемек, анықтап алайық. Түсініктірек болу үшін бірнеше мысал: Шымкенттік «АЭСА» және Құлсарылық «Құлсары құрамасы» командаларын білесің. Билегенде көз ілеспейді, ән айтқанда да қара жаяу қалып қоймайды. Басқа топтардан бірден ерекшеленіп тұрады. Енді олардың ойындарын тағы бір қарап шық. Әдемі би мен бізден артық, тамаша қалыпта орындайтын дене қимылдарына сай әзілдер дайындалады. Қарағандылық «Ұлдар емес» командасы үнемі жігіттер тақырыбына әзіл жазады. Олардың көрермендері қыздар. Қызылорданың «Қызықордасы» бір фронтменге, яғни жеке адамның ыңғайына қарай әзілдер дайындайды. Әзілдері парадокс түрінде, күтпеген түйінмен (фишка) аяқталғандықтан әсері өте жоғары. Ал біз, «Көзілдірік», әртістік қабілетіміз аз, ән айтуға дауысымыз келмегендіктен негізгі күшті мәтінмен (текстовка) айтылатын әзілдерге салып, астарлы қалжың айтуға тырысамыз. Енді сен де құрғалы отырған, құрып қойған командаңның қолынан не келетіні жайлы ойланып көр. Ең бастысы басқалардан ерекшелену керек! Көптің ортасында жоғалып кетпей, жарқ ете қалар бір ерекшелігің болса ойын тағдырын сол ғана шешіп кетуі ғажап емес. Команда стилін анықтаған соң БІРЫҢҒАЙ КИІМ (ФОРМА) таңдалады. Ол сенің стиліңе сәйкес, билейтін болсаң бөгет жасамайтын, астарлы әзіл айтсаң жеңілтек қылып көрсетпейтін болуы шарт. Қалтаң мен таңдауың қалай, соған байланысты киінулеріңе болады. Қазір, Құдайға шүкір, базар деген жетеді.
ҮШІНШІ БӨЛІМ
Енді бізді қандай сайыс түрлері күтіп тұр, сол туралы бір ауыз сөз айта кетейік. Сайыс түрлері көп, тіпті кейбір жағдайларда ұйымдастырушылар өз қиялынан туған сайыстарды да қосып жатады. Бірақ жиі қолданатын, телевизиялық лигада ойнайтын болсаң сопаң етіп алдыңнан шығатын сайыстың түрлеріне тоқталайық. Ары қарай түсінікті болуы үшін жеке-жеке:
КАПУСТНИК:
Сен салатты білесің ия? «Капустник» орысшадан аударғанда сол салаттың бір түрі. Яғни, бұл сайыста кез-келген, қиялың жететін әзілді қоюға болады. Әдетте «капустник» ең алғаш сахнаға шыққан командалар арасындағы жарыста қолданылады. Немесе қатысушылар саны тым көп болатын фестивальдерде таптырмайтын сайыс. Әр топқа ұзағанда 4 минут уақыт беріледі. Одан ары қарай созсаң фестивальдің сәні, қатысып жатқан сенің қадірің кетеді. Сондықтан үлкен фестивальдерде созылыңқы ән мен шұбалыңқы билерден бас тартқан жөн. Одан да ел есінде қалатын, ширақ 5-6 әзіл айтып кетсең форматқа әдемі жарасасың. Әдетте маусымашар ойындарында дайындаған көріністеріңнің бас-аяғы редакторлардың көмегімен қырқылатын себебі де сол. «Капустник» жас командаларды ширатып, жинақылыққа үйретуде таптырмайтын құрал. Сондықтан берілген мүмкіндікті қалт жібермей, аз уақытта көп әзіл айтуға тырысып қалғаның дұрыс.
СӘЛЕМДЕСУ:
КВН шілер арасында тараған аты «визитка». Кез-келген чемпионатта үнемі қолданылатын сайыс. Сен осы уақытқа дейін команда құрып қойсаң сәлемдесуді білуің керек. Ең алғаш КВН ойындары өткізіле бастаған кезде әр команданың төсбелгісі (эмблема), ұраны, содан соң сәлемдесуі болған екен. Сайыстың аты сол кезден қалғанымен заты толығымен өзгерген. Бұл жерде команда ұранын, төсбелгісін емес, қандай өнері бар екен көрсетуі шарт. Сәлемдесу өзара логикалық түрде байланысқан әзілдер топтамасынан тұрады. Мұнда да берілетін уақыт 4-5 минуттан аспайтындықтан артық-ауыс әрекеттен аулақ болған жөн. Қысқа да нұсқа 5-6 әзіл және соңынан бір топтама (блок) қосуға болады. Жоғарыда сенің командаңның стилі туралы айттық қой? Міне сол ерекшелігіңді көрсетіп, қай салада қандай деңгейге дейін жарқырай алатыныңды көрсететін сайыс осы.
ҮЙ ТАПСЫРМАСЫ МЕН ӘУЕНДІ САЙЫС:
Бұл екі сайысты қосып отырған себебіміз бар. «Қазақстан КВН Одағы» ұйымдастыратын ойындарда екеуін қосып, «әуенді үй тапсырмасы» деп аталатын сайыс түрі де кездесе береді. Бұл Есағаның жеке таңдауы (вкусы) ма, әлде командалардың жан-жақты дамуын талап ететін шарт па, кім білсін, әйтеуір осы сайыс болған ойындарда барлық қатысушылар біраз қиналып қалады. Сайыстың шартын жете білмегендік қателіктерге әкеліп, сәлемдесу немесе каптустник түрінде қойылып кететін жағдайлар жиі кездеседі. Сонымен үй тапсырмасының ерекшелігі неде? Егер сәлемдесу кезінде шартараптан жиналған әзілдерді қоя беруге болатын болса, үй тапсырмасы тек бір сюжетке негізделген болуы керек. Мысалы:
Сәлемдесу сайысының схемасы
ашу (открывашка) |
1 әзіл |
2 әзіл |
3 әзіл |
4 әзіл |
финалка |
Үй тапсырмасының схемасы
Сюжеттің атауы |
1 оқиға |
2 оқиға |
3 оқиға |
соңы |
Яғни, көріп отырғандарыңдай сәлемдесуде бір-біріне қатысы жоқ бірнеше әзіл, ал үй тапсырмасында бір-бірімен байланысқан бірнеше оқиға болады. Классикалық үй тапсырмасын 2006 жылғы «Жазғы Кубок» ойынындағы «Көз тимесін» командасының «айықтырғыш (вытрезвитель)» туралы әзілінен көре аласыңдар.
ЖАМБЫ АТУ (БИАТЛОН) ЖӘНЕ БЕС ЖАҢАЛЫҚ:
Екі сайыс та әдеби сайыс түріне жатады. Нағыз әзіл жүйрігінің сыналар сәті. Екі-үш сөйлемнен құралған әзілді тек бір ойыншы оқуы керек. Ия, ия, ойнауы емес, оқуы керек! Сайыс қалай өтетінін көріп-біліп жүрсіңдер, ал қалай дайындық жасау керек, құпиясымен бөлісе кетейін. Әзіл оқу кезінде әр команданың жіберетін бірінші қателігі: оқитын адам дұрыс таңдалмайды. Көңілдеріңе келмесін, бірақ көп жағдайларда оқу мәнері (дикциясы) дұрыс емес қыз-жігіттер планшетке жабысады. Басқа команда мүшелері көңілге қарап соны алдыға салады. Бірақ көреремен де, әділ-қазылар да сендердің достарың емес екенін есте сақтаңдар. Сондықтан жеңіске жеткілерің келсе мәнерлеп оқи алатын, дауысы жарқын адам осы міндетті мойнына алған дұрыс. Екінші қателік әзілдерді орналастыру тәртібі. Жамбы ату сайысында көптеген командалар мықты әзілдерін соңына сақтайды. Бірақ басында сапасы төмен әзілдері әділ-қазыға ұнамай, керемет қызығына жетпей ойыннан шығып қалып жатады. Сол себепті әзілдердің барлығы көрерменді шалқасынан түсіретін күлкілі болуы керек, немесе бір ет, бір май қылып, яғни бір мықты, бір нашар әзілді (өз көзқарастарың бойынша) қосақтап отырған жөн. Кім біледі, мүмкін жолың болып кетер.
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
«Осы біз әлі қыртып отырмыз, қашан әзіл жазамыз?» деп тықыршып отырсың ба? Сабыр түбі сары алтын, міне келіп те жеттік. Біз басында «КВН деген не?» делінген сұраққа «КВН деген әзіл!» деген жауап алдық. Бұл бекер сөз емес. Сен КВН ойнап сахнаға шықтың ба, не істесең де барлығы тек әзілге байланысты болуы керек. Істеген қимылың, билеген биің, көрінісің, барлығы-барлығы. Тек бұл сен көпшіліктің алдында сайқымазақ (клоун) бол деген сөз емес! Әдеби тілмен, астарлы сөзбен әдемі жеткізілген әзілдің сөзі алтын, бағасы артық екенін ұмытпа! Әрине, «көгілдірлерді» («голубойлар») де көрсетіп, қыз болып мини-көйлек киіп шығып та күлдіруге болады, бірақ олар саған, сенің ақымақтығыңа күліп жатқанын түсіне біл. Әзілдің төресі көрермен өз-өзіне күлуінде. Яғни, халық сенің әзілің арқылы өзін танып, бүгінгі күннің өткір (актуалды) тақырыбын танып жатса, демек сенің еңбегің босқа кетпегені.
Сонымен әзіл жазудың бірінші қағидасы ӨТКІРЛІК (АКТУАЛЬНОСТЬ). Байқайсың ба, сайлау кезінде барлығы сайлау туралы әзілдейді, дағдарыс келіп еді «кризис» деген әзілдер қаптап кетті. Сондықтан үнемі жаңалықтарды қалт жіберме. Теледидар, газет беттерінде жазылған жаңалықтармен қатар аулада әжелеріңнің отырып айтқан әңгімелеріне зер салып қарасаң біраз қызықты жаңалық шығаруға болады. Қазіргі ақпарат заманында қаптап жатқан жаңалықтарды естіп-біліп жүрсің, демек сенде әзілдің бірінші құрамасы: БАСТАМА (ИДЕЯ) бар. Бірақ бастама, яғни идея әлі әзіл емес екенін сен де, сенің командаластарың да жақсы түсінесіңдер. Енді осы ойды әзілге айналдыру қажет. Ол үшін бірнеше тәсіл қолдануға болады. БІріншісі ТОПТЫҚ ЖҰМЫС (МОЗГОВОЙ ШТУРМ). Бұл кезде белгілі бір идея ортаға тасталады, топ мүшелері өз ойларын айту арқылы пісіп-жетіледі. Әзілдің басынан бастап соңына қарай қуалау міндетті емес, кейде соңы, фишкасы шығып, басы кейіннен жазылуы мүмкін. Ең бастысы олпы-солпы жерлерінен арылып, әзілдің әдемі шығуында. Сахнаға шығып, ойын арқылы әзілді ары қарай жетілдіру үлкен нәтижеге әкеледі. КВНде біраз жетістікке жеткен әзілдердің көп бөлігі дәл солай дүниеге келген. Әзіл жазудың тағы бір тәсілі ЖЕКЕ ЖҰМЫС (ИНДИВИДУАЛЬНАЯ РАБОТА). Аты айтып тұрғандай бұл кезде жеке автор жұмыс істейді. Белгілі бір идеяны ойлап тапқан адам ғана әдемі түрде соңына дейін жеткізе алатынына ешкім дау айтпас. Сондықтан кей әзілдер жеке автордың жұмысы арқылы шығады. Соның түсіндіруімен қойылады. Бұл белгілі бір тақырыпты, мысалы саяси немесе экономикалық әзілдерді, топ мүшелерінің жете түсінбеуінен басқа жаққа ауып кету қаупінен туған әдіс. Бірақ автор болу үлкен жауапкершілікті және тәжірибені қажет етеді. Әзірге сен үшін ертерек болуы мүмкін, міне жетілдім деген кезде қолға алғаның дұрыс. Тағы бір әзілді шығару әдісі АЯҚ АСТЫ ШЫҒАРУ (ИМПРОВИЗАЦИЯ). Мұны әзіл шығарудың әдісі деп айту да қиынырақ. Сахнада аяқ астынан келген ойды ірікпей айту ойыныңды одан ары әрлендіріп жіберуі мүмкін. Бірақ бұл әдіспен аяқ асты айтыла салған ойдың біріншіден көреремен көңіліне қалай келетіні беймәлім болса, екіншіден редактор мырзалар да дайындықта көрсетілмеген әзілдерді көп жақтыра бермейді. Бірақ команда мүшесі сөзінен жаңылып, немесе орынсыз жерде шығып (кіріп) кеткенде жақсы көмектеседі. Сондықтан импровизацияны жеке басыңның атағы үшін емес жағдайдан шыға білу үшін пайдалануға әбден болады.
Енді жекелеген әзіл қандай болуы керек? Негізі әзілде бірінші кезек ТЫҒЫЗДЫЛЫҚ (ПЛОТНОСТЬ) алдыға қойылады. Яғни бір идеяны жеткізу үшін сахнада созып тұрып алудың қажеті жоқ. Ең ұзақ әзіл үш сөйлемнен аспауы қажет. Әйтпесе екі сөйлемнен кейін ой аяқталмаса да көрермен бір рет күліп отырса әзіл жоғарғы сортты болып саналады. Көпшіліктің көңіліне жетер әзіл айтып, бір күлдіріп отыру РЕПРИЗА деп аталады. Мысал ретінде түсіндіріп кетейін:
- Мен ДВД-плеер сатып алдым!
- МР3 оқи ма?
- Жоқ, газет оқиды!
Бұл классикалық әзіл. Үш сөйлем, бір репризадан құралған. Бірінші ойыншы идеяны бастады, екіншісі дамытты, бірінішісі фишкасын жеткізіп аяқтады. Келесі мысал:
- Астанада 30 мың орындық стадион ашылып, «Ақтөбе» мен «Локомотивтің» ойынына адам жинай алмай жатыр екен!
- Оның не қиындығы бар? Дима Билан келеді деп жарнама беріңдер де ақырын «Ақтөбе» мен «Локомотивті» шығарып жіберіңдер!
- Құдайберген Бекішев келеді десек болмай ма?
- Ой, одан да футбол ойнайды деңдер, сонда адам көбірек жиналатын шығар!
«Жұмыр» Алматы
Міне, жоғарыда айтылған тығыздылық осы әзілде анық көрінеді. Екі сөйлемнен соң бір реприза, бірақ ой әлі аяқталған жоқ. Тағы екі сөйлем, тағы бір реприза. Ой аяқталды, бірақ ұзақ әзіл екенін ешкім байқамады.
БЕСІНШІ БӨЛІМ
Сонымен әзіл жазып қойдық, енді бас ауыртатын нәрсе ӘУЕН (МУЗЫКА) таңдау. Бұл жерде көп еш нәрсе айтпайын. Әдетте әр әзілге бір әуен (отбивка) қою сәнге айналған, соңында 5 минуттық сәлемдесу үшін 15-20 трек жазуға тура келеді. Бұл қате пікір. Әйгілі режиссер Станиславский айтқандай «Қанша сәндегенмен қойылым өзгермейді!» («Обилие спецэффектов не повышает качества»). Сондықтен командаңның стиліне, әзіліңнің табиғатына сәйкес келетін бір-екі әуен таңдап алсаң жетіп жатыр. Соңғы кезде бұл телевизиялық лиға командаларында жаппай қолданылады, сондықтан езіп отырған артық болар.
Әуен туралы сөз бастағанда айта кететін тағы бір жайт, басында және соңында айтылатын әндерді («открывашка», «финалка») созып алудың қажеті жоқ. 30-40 секунд болса жетеді. Билеу де солай. Егер дайындаған билерің расымен де таң қалдыратын болса қойыңдар, ал «міндет үшін», қыжырынып-тыжырынып билеудің текке қажеті жоқ.
АЛТЫНШЫ БӨЛІМ
Енді командалардың ойын кезінде жіберетін ҚАТЕЛІКТЕРІН айта кетейін. Бірінші қателік: КӨП СӨЗДІЛІК. Әдетте жаңадан бастаған командалар шығады, «Армысыздар!» деп амандасады. Содан соң ойыншылар бір-бірімен амандасады. «Білесің бе?», «Сенде қандай жаңалық бар?» деп негізгі идеяға жеткенше байғұс көрермен әбден шаршап қалады. Сондықтан артық, паразит сөздерден арылу керек. Бірден тоқ етерін айт, аз сөзбен қысқа уақытқа әзіліңді сыйғызып үйрен. Әзіл мәнін жоғалтады деп қорықпа, қазақ әдебиетінде сөз көп, дұрыстап құрай білсең болғаны.
Екінші қателік БОС ҚИМЫЛ. Бір әзіл айтып болған соң барлығы қалқаға (ширма) барып тығылады, артына іліп қойған сценарийді қарайды, хабарлайтын адам шығады, қалқаның арт жағында дабыр-дұбыр, тасыр-тұсыр, барлығы залға қатты естіліп тұрады. Сондықтан да сценарий ойын басталғанша үлкен дайындықты қажет етеді. «КВН деген ЕҢБЕК!» деген сөзді әлі ұмыта қойған жоқ шығарсың? Ұмытып қалсаң тағы еске түсіретін сәт келді. «Ойнай салам ғой!», «Айта аламын деймін!» деген сөздерді ысырып қойып, әрбір іс қимылды автоматты түрде орындалатын жағдайға жеткізсең ертеңгі ойын күні жеңіл болмақ. «Жаттығуда қиын болса соғыста оңай» деп орыстың Суворов деген қолбасшысы 19 ғасырда айтып кеткен. Соны үнемі есіңде сақта.
Үшінші қателік РЕДАКТОР ПІКІРІМЕН САНАСПАУ. Есіңде болсын, редактор ешқашан жекелеген команданың жағдайын ойламайды. Ол үшін ең маңыздысы ойынның сәтті шыққаны. Сондықтан сенің командаңа ескерту айтып, кейбір әзілдерді өңдеп, немесе мүлде алып тастап жатса демек сенің командаң жақсы болуын ойлағаны. Онымен дауласып, «Мына әзіл тұра берсінші!», «Отвечаю осы шутка өтеді!» деген бос сөздер айтып уақытын алғанша, «Онда былай өзгертсе қалай болады?», «Мына әзілді қарап жіберіңізші!» деп, өзің де үйреніп, қойылымыңды да түзетіп, өзгелердің де уақытын үнемдей біл.
ҚОРЫТЫНДЫ
Ал, құрметті жас дос, сен әлі де осы кітапшаны оқып отырсаң, демек шынымен де КВН ойнағың келеді екен. Түсінгеніңдей КВН енді дамып келеді, әлі де алар асулары алдыда. Оған үлес қосатын сен және сенің достарың болмақ. Сондықтан бастаған істі тастамай, соңына дейін жеткізе біл! Ең бастысы бір жеңілістен соң еңсеңді түсірмей, жұлдызды сәттерің әлі де алдыда екеніне сенсең болғаны. Қателіктерден қорықпа, тек ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді. Бастысы сол қателіктеріңнен қортынды шығара білсең болғаны.
Сонымен соңғы рет өз-өзімізден сұрап көрейік: «КВН ДЕГЕН НЕ?». Әлі де түсінбей отырсаң айтайын. «КВН ДЕГЕН ЕҢ АЛДЫМЕН СЕН!». Сен сияқты ойыншылар болмаса, сенің командаң сияқты өнерпаз жастар болмаса бұл ойындардың патшасы ешқашан да болмақ емес. Сондықтан саған қарап, сенің достарыңның ойынына, өнеріне қарап сырт көз, ел-жұрт КВН жайлы ой қалыптастыратынын ұмытпа! Сен жақсы болсаң көрермен де КВНді ұнатады, командаңмен еңбексіз, нашар ойын көрсетсең қолдарын бір сілтеп кете береді. Ендеше сен болып, біз болып, барлығымыз, өзіміз таңдап алған, біздің сүйікті ойынымыз, өміріміз КВНді тағы да биіктерге көтере берейік!
ІСКЕ СӘТ, ЖАС ӨНЕРПАЗ!
Қазақстан КВН Одағының редакторы
Алмас (Көзілдірік) Тоқабаев


