Қазақ әдебиеті. – 2012.-№43. – 19 қазан
Есполов Т. ҚазҰАУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі
Білім – өркендеу кілті, болашақ негізі
Қазақстанның даму жолы айқын, мақсаттары асқақ. Мемлекеттің жаңаруы мен өркендеуінің басымдылықтарын белгілеуде Ә.Назарбаевтың еңбектерінің маңызы айрықша. Қазақстан Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін туындаған дағдарыстан енді ғана ес жинай бастаған 1997 жылы Президент «Қазақстан 2030: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялағанын білеміз. Биыл осы Жолдаудың қабылданғанына 15 жыл толды.

Осы Жолдауда Елбасы маңызды, ұзақ мерзімдік басымдылықтарды көрсете отырып, ұлттық қауіпсіздігімізді нығайтудың бір жолы ретінде халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешуді нұсқады. Жолдауда «Біздің ауқымды алқаптарымыз, ауыл шаруашылығы жерлеріміз – орасын зор әлеуетіміз» деп көрсетілген. Оны игеру үшін іскер мамандар дайындау керектігі де ескертілген. Ал қазіргі кезеңде Қазақстанның басты мақсаты – Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамын қалыптастыру идеясын жүзеге асыру. Еңбекті тіршіліктің ең құрметті, аса маңызды көзіне айналдыру қажет, елімізде еңбек культы салтанат құрып, оны дамудың іргетасына айналдыру деген тағдырлық ойға Президент ерекше мән беріп отыр. Ал, еңбекті дұрыс ұйымдастыру жолдарын тек білім үйретеді.
Елбасының ұсынған идеялары мен көтерген мәселелері әрбір азаматқа түсінікті, қарапайым, өзекжарды. Сондықтан да күнделікті өмірде олардың маңыздылығы мен құндылығы аса зор. Өркениеттің кірпіштері тек еңбекпен, шығармашылықпен қаланатыны белгілі. Демек, Қазақстанның алға жылжуы әрқайсымыздың еңбектегі жанпидалығымызға байланысты. Барша қазақстандықтар ұлтқа, нәсілге, дінге, мекеніне бөлінбей, бар күшін біртұтас еңбек қоғамын құруға жұмылдырса, шықпайтын шың, алынбайтын қамал жоқ. Әлеуметтік жаңару дегеніміз жасампаз еңбектен басталады. Әлеуметтік жаңарумен бірге білімнің, сананың, рух пен құлықтың да жаңаруы жүреді. Әлеуметтік жаңару халқының материалдық әл-ауқатының жақсаруының, ұлттың денсаулығының, білімі мен мәдениетінің жақсаруы және жаңа сапалық деңгейге көтерілуінің негізі болып табылады.
Шындығында, Қазақстанда Елбасының әділетті, ғылыми тұрғыдан негізделген әлеуметтік жаңару саясатының арқасында әрбір қазақстандықтың өз өмірін өзі жақсартатын ахуал қалыптасып келеді. Сенің жеке басыңның бақыты – өзіңнің адал және табысты еңбегіңе байланысты. Біз халқымыз даналықпен көксеген «Еңбек түбі – зейнет» болатын мемлекетте өмір сүре бастадық. Осы уақытқа дейінгі белсенді, ортақ еңбектің нәтижесінде «елу жылда – ел жаңа» деген халықтық тұжырымға өзгеріс енгізіп «жиырма жылда – ел жаңа» бола алатындығын дәлелдедік. Бұл жеңіс және ұлы жеңіс. Елбасының саясатын осылай қолдай берсек, алдымызда бұданда зор жеңістер, мол табыстар мен бақытты шақтар болатыны даусыз.
Әлемдік сарапшылардың тұжырымы бойынша Қазақстан экономикасы 2-ші кезеңнен (тиімді даму кезеңі) 3-ші даму кезеңіне (инновациялық даму кезеңі) өтуде. Бұл дегеніміз жалпы даму барысында индустриалды қоғамның постиндустриалдық қоғамға ұласуы. ӘЭФ (әлемдік экономикалық форум) Қазақстанның қол жеткізген жетістіктерін сараптай келіп, оған бәсекеге қабілеттілік рейтингісі бойынша 51-ші орынды берді. Әлемнің 144 мемлекетінің бәсекедегі жетістіктерін салыстырсақ, Қазақстан былтырғы көрсеткішінен 21 позицияға жоғарылаған. Бұл деректер Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарында мемлекеттің алдына қойған әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену міндетінің де ойдағыдай орындалып келе жатқандығының айғағы. Алдағы жылы Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 50 мемлекетінің арасынан көрінетініне сенім мол. Қазір Қазақстан жыл сайын 7,5 пайызға дейін өсу көрсеткішімен әлемдік көшбасшы елдерінің қатарында. Тек 1 жылдың ішінде әрбір қазақстандыққа шаққандағы ЖІӨ мөлшері 25 пайызға артыпты. 2011 жылы бұл көрсеткіш 11200 АҚШ долларын құрап, 1991 жылғы 2400 доллардан 3,5 есеге артып түскен. Қазақстан 1992 жылы 3 млрд. доллар көлемінде ЖІӨ өндірсе, 2011 жылы 188 млрд. доллардың көлемінде өнім өндірді. Демек, тәуелсіздік жылдары елдің жалпы ішкі өнімінің көлемі 62 есеге өсті деген сөз.
Біз жоғарыда көрсетілген экономикалық жетістіктерді бекер келтірген жоқпыз. Бұл табыстар Президент ұсынған «Алдымен экономика – одан кейін саясат» деген тактикалық формуласының тиімді нәтижесі болып табылады. Қазақстанның алдағы 3-ші даму кезеңіндегі – инновациялық даму кезеңіндегі табыстары оны жүзеге асыратын кадрлардың біліктілігіне, біліміне және жаңашылдығына байланысты болмақ. Демек, алдағы уақыттағы Қазақстанның бейбіт даму эволюциясын жылдамдату білім мен ғылымның сапасының жақсаруына және ғылыми жетістіктердің өндіріске жылдам енуіне тәуелді.
Бұл міндеттерге Президент өзінің Назарбаев университетінде оқыған дәрісінде ерекше тоқталып өтті. Жаһандық конкурста жетістікке жету үшін әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық салаларында бәсекеге қабілетті мамандар жұмыс істеуі керек. Білгір, жаңашыл мамандар ғана қоғамды алға сүйрейді деп есептейді Елбасы.
Қазақстанда қоғамның барлық салаларын, соның ішінде ЖОО реформалау үдерісі «Қазақстан 2030» стратегиялық бағдарламасы негізінде жүзеге асып келеді. Сондықтан бұл бағдарлама әрбір ұжым басшылыққа алатын құжатқа айналды. Онда көрсетілген бағыттардың абыройлы атқарылатынына сеніміміз мол. Елімізде басқа ЖЖО-на үлгі болатындай Назарбаев университеті ашылды. Бұл оқу орны әлемдегі озық зерттеу университетінің тәжірибесі негізінде жұмыс істеуде. Осыған орай ҚазҰАУ-да автономды университет қызметінің базалық принциптері енгізілуде. Университетті басқаруда Бақылаушылар кеңесі және Қамқоршылар кеңесі маңызды роль атқаруда. «Қазақстан Республикасында білімді дамытудың жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес университетте Балон процесінің базалық принциптері үстемдік алды. Академиялық ұтқырлық жүйесін енгізу бізге әлемнің озық зерттеу университеттерімен бірлесіп докторантура бағдарламаларын жүзеге асыруға көмектесуде. Бұл жұмыс ҚазҰАУ-дың әлемдік ғылым жүйесіне интеграциялануына мүмкіндік берді. Соның негізінде академиялық ұтқырлықтың Модельдік орталығы «Center of Excellence» жұмысын бастады. Әлемдік озық университеттер ғалымдары магистранттар мен докторанттардың Жаздық мектептерінде сабақ беруде. Университетімізде «Балон процесі орталығы», «Жастар саясаты орталығы», «Жастар ғылыми-зерттеу орталығы», «Политілдік білім орталығы» құрылып, пайдалы жұмыс атқаруда.
Қазақстан ұлттық аграрлық университеті де мемлекетімізбен бірге жаңарып, даму жағдайында. ҚазҰАУ мақсаты – жоғары оқу орнының зерттеу типіндегі жаңа моделін қалыптастырып, магистранттар мен PhD докторанттарды дайындаудағы базалық оқу орнына айналу, елдің ауыл шаруашылығы кешенінің даму талаптарына сәйкес, білікті кадрлар даярлау, әлемдік озық білім беру жүйесіне, бәсекеге қабілетті әлемдік 500 университеттер қатарына қосылу. Ол үшін бірінші кезекте Қазақстандағы алғашқылардың бірі болып зерттеу университетіне айналу міндетін шешуге тиістіміз. Осы мақсатпен байланысты ұжымда « жылдарға арналған ҚазҰАУ-ды ұлттық зерттеу университетіне айналдырудың бағдарламасы» жасалынған. Қазір осы бағдарламаны қадамдап орындаудың нақты шаралары жүзеге асырылуда.
Бағдарламада ауыл шаруашылығының инновациялық дамуына ықпал ететін ғылыми жетістіктерді қолданысқа енгізудің нақтылы жолдары қарастырылған. Мәселен, біздің ғалымдар еліміздегі мал тұқымдарын асылдандыруда, гидропоника (өсімдікті топырақсыз өсіру тәсілі), жылыжай шаруашылығын ұйымдастыруда, астықты тереңдеп қайта өңдеу, инновациялық тамшылап суару, орманды сақтау және кеңейту сияқты ауыл шаруашылығын дамытудың келелі мәселелерін шешуге ат салысуда.
Университеттің зерттеу университтетіне айналуының жеті қадамының ауқымында Агротехнопарк жасау ісі, 31 зерттеу зертханаларының жұмысы және 4 инновациялық орталықтар қызметі жолға қойылды. Оларда ғалымдар ауыл шаруашылығы кешенінің негізгі салаларына қатысты 100-ден астам инновациялық ұсыныстарды жасады. Орталықтар жұмысының нәтижесінде ғылыми жобаларды қаржыландыру соңғы 2 жылда 10 есеге көбейіп, 1 миллиард теңгені құрады. Біздің ғалымдар «Қазақстандық – 1М» маркалы, техникалық сипаттамалары жағынан әлемдік озық үлгілерден кем түспейтін, отандық комбайн құрастырды. Космостық технологияны пайдалану жолымен топырақ құрылымын анықтау, гендік инженерия жетістіктері негізінде жануарлар тұқымдарын, өсімдіктер сорттарын жетілдіру, Арал теңізінің түбін қалпына келтіру және рекультивация жасау жұмыстары қолға алынды. Соңғы 2 жылда ғана университет ғалымдары 150 инновациялық патенттер иеленіп, жоғарғы импакт – фактормен бағаланатын 70 шетелдік журналдарда мақалаларын жариялады. Елімізде мал тұқымдарын асылдандыру жұмысында да біздің ғалымдар шешуші роль атқаруда.
Елбасының ұсынған идеялары мен қойған талаптарын орындау арқылы Қазақстан қоғамының биікке өрлей беретіндігіне сенім ерекше. Президент биылғы жазда «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына 20 қадам» атты бағдарламасын жариялады. Бұл бағдарламада да мемлекеттің әлеуметтік мәселелерді шешудегі белсенділігін арттыруда еңбектің шешуші роль атқаратыны баса айтылған. Ал, пайдалы және сапалы еңбекті тек қана терең білімді және кәсібін жетік меңгерген маман ғана атқара алатындығын Елбасы ерекше ескертеді. Қазақстанның Конституциясында белгіленген әлеуметтік мемлекетті құру да білім мен ғылымды өркендету арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан еңбек адамының белсенділігінің арқасында, білімді, ғылымды, мәдениетті өркендету нәтижесінде ғана гүлденеді, бақытты өмірге кенеледі деп тұжырымдайды Президент. Әділетті және тыныш қоғамды білімді және парасатты адамдар ғана жасайды деп біледі, Елбасы.
ҚазҰАУ мемлекет басшысының ерекше назарындағы ұлттық университеттердің бірі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2010 жылдың 15 қараша күні біздің ұжымның жұмысымен танысу мақсатында университетке атбасын бұрған болатын.
Президент университеттің білім мен ғылымды дамыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық саласындағы жұмыстарына оң бағасын берді. Елдің индустриалдық-инновациялық дамуы, ғылыми зерттеу жұмыстарының белсенділігіне тәуелді екендігі белгілі. Ол үшін дамыған мемлекеттердің тәжірибелері мен жетістіктерін пайдалану ауадай қажет. Бәсекеге қабілетті елдер агроөнеркәсіптік кешенінің тиімділігін үнемі жетілдіру үстінде. Осы істер арқылы олар өздерін тек азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін ғана емес, ел халқының денсаулығын жақсарту, генофондын күшейту мәселелерін де шешуге ұмтылады. «Сапалы, зиянсыз тамақ – мықты денсаулықтың кепілі» деген қағида үнемі күн тәртібінде тұрады. Өкінішке орай Қазақстанда тамақ өнімдерінің сапасы мен пайдалылығын тексеру мәселесі әлі де шешілмей отыр. Университет ғалымдары осы елеулі олқылықтарды жеңу жолында елеулі істер атқаруда. Осыған орай «JEOL» және «Shimadzu» деп аталатын жапон концерндерімен бірлесіп, университет «Қазақстан-Жапон инновациялық орталығын» ашқан болатын.
Елбасы ҚазҰАУ жетістіктері көрмесіндегі университет ғалымдарының көп жылғы еңбектерінің нәтижесінде пайда болған мал тұқымдарын көрді. Қазақтың ғалымдары әлемдік бәсекеге қабілетті мал тұқымдарын селекциялап шыққанына ризашылығын білдірді. Көрмеге қойылған асыл тұқымды қой, сиыр түліктерімен, ауыл шаруашылығы кешенінің түрлі бағыттарда қолданылатын озық технологиялар, техника және сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлерімен танысты. Олардың арасынан «Дегерес», «Сарыарқа» қой тұқымдары мен «Әулиекөл» сиыр тұқымына Президент ерекше назар аударды.
Алдағы уақытта университеттің ғылыми әлеуеті инновациялық үдерістерді күшейтуге бағытталады. Агроөнеркәсіп кешенін жаңарту дегеніміз – онда өндірілетін өнімдер сапасын жақсарту және оның көлемін арттыру арқылы экспорттық әлеуетті күшейту. Қазір сапалы ұн өндіруден әлемде бірінші орында тұрсақ, болашақта сапалы ет, сүт, шұжық, тері, жүн өнімдерін экспорттауда көшбасшы болу мақсатымыз. Осылай болғанда ғана агроөнеркәсіп кешені Отанымыздың зор байлығының қайнар көзіне айналады. Әрине, бірінші кезекте Қазақстан халқы сапалы, дәмді және организмге пайдалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етілуге тиісті. Сапалы, қоспасыз тамақ халықтың денсаулығын жақсартып, жасын ұзартатын негізгі фактор екендігін Ұлт көшбасшысы қадап айтты. Президенттің барлық ұсыныстары мен тапсырмаларын орындау университет ұжымының мемлекет алдындағы міндеті. Биыл мемлекетіміздің тәуелсіздік алғанына 21 жыл толып отыр. Осы мейрам – Қазақстан үшін ең басты мейрам. Барлығымыз бірігіп ел егемендігін нығайта береміз деген сенім мол. Елбасының басшылығымен Қазақстан алатын асқар биіктер көп болатыны ақиқат. Университет ұжымы Елбасы нұсқаған жолды жетістіктер жолы деп біледі. Елбасының ҚазҰАУ-да болған кезде берген нақты нұсқауларына, ұсыныстарына және ескертулеріне сәйкес университет ректораты өзінің әлемдік білім, ғылым кеңістігіне ену және оны игеру жолындағы кешенді шараларын жалғастыра береді.
Елбасының ғылым мен өндірісті ұштастыру туралы талабына сәйкес ҚазҰАУ ұжымы Қазақстанның аймақтарындағы ауыл шаруашылығы кешенін дамытудың келелі мәселелерін шешуге ат салысуда. 2012 жылдың жазында Алматы облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлерімен біріккен семинар-кеңес өткізілді. Ал, биылғы күзде Шығыс Қазақстанда осындай шара ұйымдастырылды. Өскеменде қыркүйектің соңғы күндерінде «Инновациялық технология-аймақтағы аграрлық кешенді дамытудың басты бағыты» деген тақырыпта семинар-кеңес өтті. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен бұл жиынға ҚазҰАУ ғалымдарынан басқа, облыстың үш университетінің, С. Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университетінің, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агро-техникалық университетінің ғалымдары қатысты.
Семинар-кеңестің мақсат-міндеті ауыл экономикасын өркендетудің, ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдірудің, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын жақсартудың тың мәселелерін күн тәртібіне қойып, талдау екендігін ШҚО әкімі Б. Сапарбаев атап көрсетті. Әсіресе, ауылдың өркендеуіне бөгет болып отырған мәселелерге, қайшылықтарға және қателіктерге назар аударуды өтінді. Шындығында ауыл дамуына зиянын тигізіп отырған, қордаланған мәселелер жеткілікті. Мысалы, мал тұқымын асылдандыру ет өнеркәсібін дамытудың негізгі жолы. Осы шаруаға бөгет болып отырған жағдайлар да жеткілікті. Озық фермер 300-400 бас ірі қараны асыл тұқымнан өсіруде. Оларға мерзімінде ветеринарлық көмектердің бар түрлері көрсетіледі. Малдар уақытында вакцинациялаудан өткізіліп тұрады. Жұқпалы аурулардан бұл малдар жақсы қорғалған. Ал, көрші отырған ауылдарда ветеринарлық қызмет, малдарды егу мәселесі мүлдем атқарылмайды. Жайылымға шыққан мал араласпай тұрмайды. Осы себептен асыл тұқымды күтіп-баптап отырған фермерлердің еңбегі зая кетеді. Вакцинацияланбаған малдан тараған аурулар асыл тұқымды малға зиянын тигізеді. Қарапайым мал басымен бірге асыл тұқымды малдардың да түрлі жұқпалы аурулардан қырылып қалуы орын алуда. Осы жағдайды түзетудің бірден-бір жолы бүткіл ауданды және облысты қамтитын қатаң ветеринарлық қызметті жолға қою. Ол үшін қаржы бөлініп, кадр тапшылығын жоюымыз керек. ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев аймақта 800-ден астам мал дәрігері, санитарлық мал дәрігерлері, агрономдар мен ауыл шаруашылығы инженерлері жетіспейді деп мәлімдеді. Демек, ауыл шаруашылығы кешенінде шешуші роль атқаратын кадрлерді дайындауды жетілдіру және ауылдарда оларды тұрақтандырудың мемлекеттік шараларын нақты белгілеу және іске асыру маңызды бола түсті. Ауылда Президент ұсынған Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыратын да білікті кадрлар жеткіліксіз. Сондықтан ҚазҰАУ-дың ғалымдары Өскеменде өткен «Инновациялық технология – аймақтағы аграрлық кешенді дамытудың басты бағыты» атты семинар-кеңесте аймақтың фермерлеріне 40-тан астам жаңа жобалар мен ұсыныстарды тапсырды. Олар картоп сорттарын жақсартуға, күздік бидайды егудің тиімді технологиясын енгізуге, мал төлдерін емдеуге, «Теңіз», «Асқар», «Жаңасай» сияқты картоп түрлерін селекциялауға, аймақтық жер шаруашылығы жүйесін қалыптастыруға, топырақ құнарлылығын арттыру, майлы, дәнді дақылдарды Шығыс Қазахстан өңіріне икемдеу сияқты ауыл шаруашылығын дамытуды және басқа да күрделі мәселелерді қамтиды.
ҚазҰАУ ғалымдары шетелден асыл тұқымды малдарды миллиардтаған долларға сатып әкелуді құптамайды. Біздің аймаққа икемделмеген малдардың 30% - дан астамы 1-2 жыл ішінде өліп қалса, қалғандары өзінің өнімділігін мүлдем төмендетеді. Бұл мемлекет қаржысы босқа шашылды деген сөз. Ғалымдардың пікірінше шетелден тек аталық мал басын (бұқа, айғыр, қошқарларды) ғана сатып алып, оларды селекциялық жұмысқа пайдаланған әлдеқайда тиімді. Сонда ғана мемлекеттің шығынын азайтып, елімізде мал басын асылдандыру жұмысын жолға қоямыз.
Ауыл шаруашылығы кешенін дамыту жолында істелетін жұмыстар жетерлік. Ұсақ фермерлер Қазақстанның өскелең талаптарына жауап бере алмайды. Демек, барлық аудандарда ірі мал бордақылау, астық өндіру, құс өсіру кешендерінің салынғаны орынды. Оларды сұрыпталған дәнді дақылдарды сеуіп, өсіруге машықтандыру мәселесін де шешу керек. Әр аудан өзінің табиғи ерекшеліктерін, қаржылық мүмкіндіктерін, кадрларының дайындығын ескере отырып әрекеттенсе табысқа кенелетіні даусыз.
ҚазҰАУ-дың мақсаты әлемдік білім және ғылым кеңістігінің құрамдас құрылымына айналу болатын. Осы бағытта біршама табыстарға қол жеткіздік. Жұмысты басқарудың халықаралық стандарттарын пайдалана отырып, біз университеттің стратегиялық мақсаттарына жетуін қамтамасыз етеміз. Мысалы, университет қазір академиялық ұтқырлықтың реттеушісі болып отыр. Ішкі ұтқырлықты жетілдіру мақсатында білім консорцумы құрылып, оған 30-дан астам жоғары оқу орындары тартылды. Көптеген мамандықтар бойынша студенттер өз қалауымен ЖОО таңдай алады. Қазір ҚазҰАУ-да А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінен, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінен, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінен, Алматы гуманитарлық-техникалық университетінен келген студенттер білім алуда. Магистратураға арналған «Ветеринария биоқауіпсіздік мәселесінде» атты Халықаралық жазғы мектепте 5 аграрлық оқу орындарының 26 магистранттары дайындықтан өтті. 2011 жылы 32 шетелік профессорлар лекция оқуға шақырылса, 2012 жылы шетелден шақырылатын ғалымдар санын 50-ге жеткізбекпіз. Олар экспериментальды ветеринария, азық-түлік және биологиялық қауіпсіздік, т. б. ауыл шаруашылығы кешенін дамытудың өзекті мәселелеріне қатысты тренингтер мен шеберлік сабақтарын өткізеді.
Сыртқы ұтқырлық Темпус, Эрасмус Мундус, Болашақ, LOGO, FET жобалары мен бағдарламалары арқылы жүзеге асырылуда. Университет әлемнің 300 жоғары оқу орындарын біріктіретін Жаһандық консорцумның мүшесі. Осындай байланыстардың көмегімен тек 2011 жылы ғана біздің 59 магистрант Германия, Чехия, Голландия, Болгария, Венгрия, Ресей, Украина оқу орындарында біліктіліктерін көтерді.
Қазақстан экономикасының жетістіктері және әрі қарай дамуы дайындығы зор, талантты да, жаңашыл кадрлардың болуын талап етеді. Сондықтан біздің университет әлемдік білім кеңістігіндегі озық үлгілерді қабылдап, өзінің қызметінде тиімді пайдалануды көздейді. ҚР ҒБМ шешімімен ҚазҰАУ ECTS – студент жинақтаған кредиттерді сараптау және қайталап есептеу жүйесін ұйымдастырушы базалық университет ретінде тағайындалды. Министрлік 2009, 2010 жылдарда осы тақырыпқа қатысты Халықаралық семинарларды да ҚазҰАУ-да өткізді.
Халықаралық білім байланыстарын нығайтпайынша даму болмайтындығын жақсы түсінеміз. Сондықтан студенттердің сыртқы халықаралық академиялық ұтқырлығы объективті қажеттілік деп білемін. Бұл іс сабақ жүргізудің сипаты мен мәнін өзгертіп, жоғары білімнің «түпкілікті нәтижесін» жақсартады. Білім сапасының артуы жоғары оқу орнындағы зерттеу ортасының қалыптасуына негіз болады. Зерттеу университеті ғылым мен білімнің жаһандық жүйесінің ең озық үлгілерін қабылдап және игере білетін академиялық жүйеге айналады. Дамудың мұндай жаңа бағыты университеттің материалдық – техникалық базасының жақсаруымен, ақпараттық және коммуникациялық технологияларды игерумен қабаттаса жүреді. Сондықтан білімнің қол жетімділігінің, сапасының және тиімділігінің артуына академиялық ұтқырлықтың ықпалы зор. Мысалы, осы іске ден қойған Қытай мен Индия, АҚШ-та оқитын өз студенттерінің санын анықтап, білім державасында оқитын шетелдік студенттер қатарын 30 пайызға көбейтті. Алдағы уақытта АҚШ-та оқитын Қытай, Үнді студенттері тағы да 59 мың адамға артпақ. Ондағы мақсат – талантты жастарды экономикасы күшті дамыған елде оқыту арқылы, озық ғылымды, технологияны өз еліне тарту. Сол себепті де, Қазақстан академиялық ұтқырлықты неғұрлым кеңейтуге ұмтылуы тиісті деп білемін. Академиялық ұтқырлықты дамыта білген университеттер ғана әлемдегі бәсекеге қабілетті университеттер қатарына қосыла алады.
Президент ұсынған білімдегі көптілділік талабын орындау мақсатында биылғы оқу жылында 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) білім алатын топтары өз жұмысын бастайды. Бұл топтағы студенттер негізгі пәндерді ағылшын тілінде меңгеретін болады. Халықаралық білім дәрежесіне көтерілу мақсатында университет 2 магистрлік бағдарламаны ASIIN агенттігінің халықаралық аккредитациясынан өткізді. Енді «Аграрлық менеджмент», «экология» мамандықтары бойынша біздің магистранттар әлемнің ең озық университеттерінде өз білімдерін академиялық ұтқырлық шеңберінде жалғастыра алады. Университет ұжымы халықаралық аккредитациядан өткізілетін мамандықтар санын көбейте бермек. Қазір біздің университет түлектері Европаның 7 жетекші аграрлық университеттерінде жалғастыруда. Олардың студенттері мен магистранттарын біз де қабылдайтын дәрежеге көтерілу мәселесін шешу үстіндеміз.
Білімді, жаңашыл және кәсіби білікті адам ғана өндірісті өркендетеді, қызметін адал орындап, еліне пайда келтіреді. Ауадан ақша жасауға ұмтылатын, пайдасы үшін тамыр-таныстыққа салынатын, әлеуметтік масылдыққа әуес адамдар баршылық. Түрлі алдау, қорқыту, зорлау тәсілдерімен де баюға ұмтылатындар жеткілікті. Сыбайлас жемқорлық, жершілдік сияқты құбылыстарды өз пайдасына шешетін ұйымдасқан қылмыстық топтар да көп. Осындай коррупцияланған топтар мемлекет қаржысын және қоғам мүлкін талан-таражға салып, Қазақстан халқының байлығына миллиардтаған доллар зиян келтіруде. Елдегі «көмескі экономика» мен офшорлық аймақтарға шығарылатын байлық мөлшері ұлттық жиынтық өнімінің 25 пайыздайына жетеді деген деректер бар. Бұл ауытқу құбылыстары ел халқының еңбекке, әлеуметтік әділеттілікке, жасампаз жаңашылдыққа деген құлшыныстарын әлсіретеді.
Әлеуметтік әділеттілік бар жерде ғана адамдардың еңбекке құлшынысы артады. Егер басшы өзінің туысын, танысын, жерлесін оның кәсіптік біліктілігіне қарамай қызмет бабында өсіретін болса, ол басқалардан артық жалақы алып жатса, ұжымның басым көпшілігінің еңбекке деген құлшынысы әлсірейтіні шындық. Сондықтан әлеуметтік әділеттілік принципінің өндіріске және қоғамдық қатынастардың басқа салаларында қатаң сақталғаны үлкен игілік. Адал еңбек, терең білім, жаңашыл ғылым әрбір азаматты кәсіпкерлікпен қоса адамгершілікке де үйрететіні белгілі. Әлеуметтік әділеттілік принципі үстемдік құрған қоғамда білім беру де, тәрбие беру де жеңілірек. Себебі, қоғамдағы моральдық – психологиялық ахуалдың өзі оқушыны, студентті дұрыс тәрбиелеуге көмектеседі. Елбасы Қазақстан халқының Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамында өмір сүргенде осы біз атаған принциптердің толық салтанат құратындығына сенеді. Дамыған, басқа елдерден озық мемлекетті білімге, ғылымға, әділетке, заңдылыққа және жаңашылдыққа ден қойған ұлт қана жасай алады. Елбасы Қазақстан халқын осындай өркениеттің озық үлгілерімен ғана қауышатын ұлт болуға бастап келеді.


