(Соңы. Басы 1-бетте).

«Шыдамның да шегі бар» дегендей, спорт ұйымының басшылары бас жаттықтырушы мен «Оқжетпес» футбол клубының президентін орнынан босатты. Сөйтіп, команда тағдыры биыл «Оқжетпес» командасына жаттықтырушылық қызметке ауысқан жерлесіміз Виктор Семеновтің қолына табыс етілді. Оның есімі көкшетаулықтарға жақсы таныс. Осы елде доп қуалап, облыс намысын абыроймен қорғады. Жаттықтырушы ретінде «Ақтөбе» командасын биікке көтерісті.

Сөйтіп, Виктор Юрьевич үшінші турда Павлодардың «Ертіс» клубына қарсы командасын бастап шықты. Керекуліктер оңай шағылатын жаңғақ емес. Олар 90 минут бойы сауатты ойын өрнегін көрсетіп, біздің қақпаға төрт бірдей доп сүңгітті. «Оқжетпестен» жауап допты Давит Чагелишвили соқты. Бұған да шүкіршілік дестік.

Матч аяқталған соң журналистермен баспасөз мәслихатын өткіз-генде Виктор Семенов:

– Біздің команданың жағдайын түзеу үшін қыруар шаруа тындыру қажет. Футбол саласында бірталай көкейтесті мәселелер қордаланған. Тіпті, «Оқжетпес» стадионына әлі күнге дейін футбол мектебі қожалық ететін көрінеді. Матч сайын команда сапындағы әр футболшының бойындағы қабілетті ашуға күш жұмсайтын боламыз, – деген болатын. Оның бұл сөзі шындыққа ұласатын сыңайлы. Бұған «Оқжетпестің» Қостанайдағы ойыны айқын дәлел. Команданың аяқдоп шеберлері бастапқы 45 минутта жап-жақсы ойнаған. Тимур Досмағамбетов бауырымыздың екі мәрте ескерту алып, алаңнан қуылғаны матчтың тағдырына кері әсер еткен көрінеді. Мұндағы есеп – 3:1. Тағы да жеңілгенімізбен, Алексей Михайлюк жауап доп соға алды.

НЕ нашли? Не то? Что вы ищете?

Бесінші тур, яғни, «Оқжетпес» – «Шахтер» клубтары кездесуінің орны бөлек дер едік. Ел чемпиондары биыл да мықты футболшылармен жасақталған. Көкшеліктер өздерінің сүйікті командасы – «Оқжетпеске» әлі де болса сенеді. Содан болар, матч-ты тамашалауға 1500 жанкүйер жиналды. Бұл жолы олар «Шахтерге» қарсы 75 минут бойы тегеурінді қарсылық танытты. Әттең, Абылайхан Махамбетов пен Давит Чагелишвили оңтайлы сәт-терді тиімді пайдалана алмады. Оның есесіне кеншілер қаласының футболшылары небәрі 15 минуттың ішінде екі доп соғып, таразы басын өздеріне аударды.

Содан соң «Оқжетпес» стадионында жерлестеріміз «Атырау» командасына қарсы ойнады. Кездесуді көкшетаулықтар белсенді бастады. Айып алаңының маңында Абылайхан Махамбетов жойқын соққы жасап еді, теңбіл доп штангадан сәл ғана биіктеу кетті. Дегенмен де кездесудің 5-ші минутында қорғаушылардан сытылып шыққан Давит Чагелишвили теңбіл допты торда тулатты. Қуанғаннан бөркімізді аспанға аттық. Алайда, қуанышымыз ұзаққа созылмады. 30 минутта «Атырау» ойыншысы Владимир Буач таразы басын теңестіре алды.

Бұл матчта да «Оқжетпес» шабуылдап бақты. Бір ғана Виктор Кожушконың өзі 2-3 мүмкіндікті қалт жіберіп алды.

«Атырау» командасының футболшылары допты бір-бірлеріне дәлме-дәл беруле-рімен ерекшеленді. Ал, кездесудің 55-ші минутында оқжетпестіктер Денис Родионовтан көз жазып қалды. Ол әуелей келген допты қақпаға баспен дәл бағыттап, есепті 2:1-ге жеткізді. Одан арғы жерде де екі команда ойыншылары алма-кезек шабуыл ұйымдас-тырғанымен, нәтиже өзгеріссіз қалды.

Жетінші турда «Оқжетпес» командасы Елордада жергілікті «Астана» футбол клубына қарсы ойнады. Осы екі ұжымның турнир кестесіндегі жағдайы әрқилы еді. Бұған дейін ел біріншілігінде бірде-бір ұпайға ие болмаған жерлестеріміз кілең мықты футболшылармен жасақталған астаналықтармен өтетін жекпе-жектің қиынға соғатынын айқын сезді. Дәл солай болды да. «Астана» футболшылары алғашқы сәттен-ақ шабуылға көшті. Кездесудің жетінші минутында біздің команданың сапындағы камерундық ойыншы Арманд Янкептың қолына айып алаңында доп тиіп кетті. Қарағандылық төреші А. Бобров көп ойланбастан, 11 метрлік нүктені нұсқады. Бұл айып добын «Астана» клубы белді ойыншыларының бірі Эмиля Дикэ мүлтіксіз орындады. Есеп – 1:0. Бұдан арғы жерде де елордалықтар «Оқжетпес» қақпашысы Игорь Осипчукты жиі-жиі мазалаумен болды.

Жағдай қалай болар деген оймен екінші таймға да зор үміт артқанымыз шындық. Әйтеуір көкшеліктер де қарсы шабуыл ұйымдастыруға тырысты. Мұндай талпыныс өз жемісін берді де. Сағат тілі 51-ші минутқа жылжығанда біздің Давит сол қанаттан суырылып шығып, таразы басын теңестірді. Алайда қуануға әлі ерте еді. Бұдан кейін «Астана» ұжымы әлденеше мәрте қауіпті шабуыл ұйымдастырса, оқжетпестіктер жанталаса қорғанумен болды. Кездесудің соңғы 5 минуты жерлестеріміз үшін өте-мөте сәтті болды. Футболда мұндай жағдай сирек ұшырасады. Давит Чагелишвили осы аралықта екі мәрте көзге түссе, бір допты астаналық Бейсебеков өз қақпасына енгізіп алды. Сөйтіп, «Оқжетпес» сырт алаңда атақ-даңқтары дардай «Астананы» 4:1 есебімен тізе бүктіріп, чемпионаттағы алғашқы үш ұпа-йына ие болды. Турнир кестесінің соңғы орнындағы «Оқжетпестің» доп айырмашылығы – 7:18. Қақпашылар Артем Кирбятьев пен Игорь Осипчукке әзірге қорғаушылар нақтылы көмек жасай алмай отыр. Бұған дейінгі бас бапкер Виктор Догадайло команда жасақтауда легионер ойыншыларға арқа сүйенгендігі ақиқат. Ол командаға сербиялық қорғаушы Марко Миловановичті, камерундық және ресейлік жартылай қорғаушылар Арманд Янкеп пен Максим Чеботарьды, өзінің отандастары Игорь Чучман, Руслан Бидненко, Олександр Якименконы шақырды. Бұлардың қатарын Грузия азаматы, шабуыл шебінде ойнаған Давит Чагелишвили толықтырды. Сол кезде «Оқжетпес» футбол клубының басшылығы жоғарыда есімдері аталған ойыншылардың өнер көрсетуін 150000–600000 евро аралығында бағалаған көрінеді. Оларды біздің футболшылардан тәуір ойнайды деп айта алмас едік.

Осы айдың басында «Оқжетпес» футбол клубы президентінің міндетін атқару Асхат Ақылбековке жүктелді. Ол кезінде Талдықорғанның «Жетісу» командасының сапында ойнаған. жылдар аралығында осы команданың бастығы және футбол клубының бас директоры бол-ған. 2007 жылдан бері «Қайрат», «Локомотив», «Восток» футбол клубтарына басшылық жасады. Асхат Айдарғалиұлының осында келуіне көкшелік бір топ футбол жанашырларының өтініш-тілектері себеп болған көрінеді. Қазір жаңа басшылық алдына «Оқжетпес» командасын премьер-лигада сақтап қалу басты міндет етіп қойылып отыр.

Бөлінген бюджетті тиімді пайдаланып, клубтың инфрақұрылымын түбірінен өзгерту қарастырылуда. Сонымен қатар, материалдық жағдай да жақсартылады. Әзірге команда сапындағы ойыншылар толықтай сақталады. Ауыс-түйіс 12 маусымнан соң жүргізіледі. Оған дейін барлық футболшылардың шеберліктерін шыңдауға күш жұмсалмақшы. Жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру да көзделген. Балалар-жасөспірімдер футболын дамытуға айрықша назар аударылмақшы.

Негізгі және қосалқы құрамда Көкшетау футбол мектебінің түлектері мүлде аз. Егер де осында жұмыс істеп жатқан мектеп жыл сайын бір ойыншы тәрбиелей алса, онда алты-жеті жыл ішінде «Оқжетпесті» жергілікті футболшылармен біршама толықтыра аталатын көрінеміз.

Клубтың қазіргі басшылығы тәжірибесі мол екінші жаттықтырушыны, қақпашылар дайындайтын және футболшылардың күш-қуатын арттырумен айналысатын мамандарды іздестіруде. Бұдан былай шеттен шақырылатын мамандардың тәжірибесін үй-реніп қалуға жіті көңіл бөлінбекші. Жалпы, Ақмола облысында футболды дамытудың үш жылдық жоспары жа-салған. Осы аралықта клубты білікті кадрлармен толықтыру, жергілікті аяқдоп шеберлерін көптеп даярлау, стадионның материалдық-техникалық базасын нығайту көзделіп отыр.

Дәл қазіргі кезде команданың бас жаттықтырушысы міндетін Виктор Семенов шама-шарқы келгенше адал атқаруда. Ол кездесу алдында әр футболшыдан ойын ережесін мұқият сақтауды, 90 минут бойы шабуыл тізгінін босаңсытпауды талап етуде. Осындай биік мақсат «Оқжетпесті» өрге сүйрейді ғой деген ойдамыз. Кешегі жеңісінен кейін бұған дейін жеңілістен көз ашпаған командаға бүйрегіміз қайта бұра түсті. Енді тек осы жылт еткен жігерді ұзағынан сүйіндірсін дейік.

P. S. Бет қатталып жатқанда клуб президентінің міндетін атқарушы Асхат Ақылбековтің де осы қызметіне кіріскеніне бір ай толмай жатып, өз өтінішімен командадан кеткені белгілі болды. Біз болсақ, мұның да астарында бір гәп жатыр-ау деген ойда қалдық. Естуімізше, жаңа басшының «Оқжетпесті» тығырықтан алып шығуға талабы таудай еді. Әлде, спорт функционерлері соған мүмкіндік бермеді ме екен?..