«Облыс аумағындағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал және жұқпалардың таралуының алдын алу бойынша шаралар туралы»
2006 жылы және 2007 жылдың өткен кезеңiнде облыстың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалы тұрақты деп бағаланды.
Республикалық мониторинг жүйесiне енетiн жұқпалы аурулардың 76 нозологиялық түрiнен бiздiң облыста барынша көкейтестiсi мыналар:
Табиғи-ошақтық аурулар. 2006 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағында кене энцефалитiмен аурушаңдық деңгейiнiң 1,6 есе төмендегенi белгiленген, безгектiң жергiлiктi және сырттан тасымалдану жағдайлары тiркелмеген. Туляремияның 5 жағдайы тiркелген (Катонқарағай ауданы, Өскемен қаласы).
Туляремияны жұқтырған кемiрушiлер Катонқарағай, Күршiм, Үржар, Аягөз, Глубокое, Ұлан, Зырян аудандарында және Өскемен, Курчатов қалаларында ауланған. Жұқпа жұқтырған кенелер Зайсан, Көкпектi, Күршiм, Тарбағатай және Үржар аудандары аумақтарында табылған. Осылайша, 2006 жылы туляремия қоздырғышының айналымы облыстың 12 әкiмшiлiк аумағында дәлелденген.
Кене энцефалитi бойынша Өскемен, Риддер, Зырян қалалары мен Катонқарағай, Көкпектi, Шемонаиха, Ұлан, Глубокое аудандарының аумақтары эндемиялық болып табылады. Негiзгi аурушаңдық бiрқатар жылдар бойы Катонқарағай ауданында, Риддер мен Өскемен қалаларында (90%) тiркелдi, қалған аумақтарда бiрен-саран жағдайлар байқалған.
2001 жылы алғаш рет Үржар ауданында кемiрушiлерде оба қоздырғышы анықталған. Өткен кезеңде табиғи-ошақ ауданы 60-тан 900 шаршы км дейiн өскен. ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiмен бiрге Үржар ауданы аумағында Талдықорған обаға қарсы күрес станциясының бөлiмшесiн ашу туралы мәселе талқылануда.
Табиғи-ошақтық жұқпалармен аурушаңдықты тұрақтандыру және алдын алу мақсатында аумақтарды кенелерден, су қоймаларын безгек масаларына қарсы, елдi мекендердiң жайылым маңайындағы аумақтар мен табысы аз тұрғындардың тұрғын үй қорын кемiргiштерден профилактикалық, дезинсекциялық тазартудың 2 туры өткiзiлген. 2006 жылы осы мақсаттарға 8650 мың теңге, 2007 жылы 18000 мың теңге бөлiнген.
Жергiлiктi бюджеттен күйдiргi мен туляремияға қарсы екпелердi сатып алу үшiн 3381 мың теңге бөлiнген, жылдары сатып алу көлемiн ұлғайту туралы ұсыныстар әзiрленген.
Облыс аумағында карантиндiк жұқпалар тiркелмеген. Олардың облыстың шекара-кеден постарына тасымалдануын болдырмау мақсатында 10 санитарлық–карантиндiк бекет (СКП) жұмыс iстейдi. СКБ мамандары, емдеу алдын-алу мекемелерiнiң қызметкерлерi обаға қарсы костюмдермен және орамшалармен жабдықталған, аса қауiптi жұқпалардың алдын алу және биотерроризм мәселелерi бойынша дайындалған. 2006 жылы Зырян, Күршiм, Катонқарағай, Үржар аудандары мен Семей қалаларында аймақтық оқу-жаттығулары өткiзiлдi. 2007 жылы облыстың патолог-анатомдары мен сот медициналық сарапшылары үшiн облыстық медициналық бiрлестiк базасында оқу-жаттығулары өткiзiлген.
Оқу-жаттығулары барысында құс тұмауы жағдайы тiркелген кездегi медициналық қызметкерлердiң iс-әрекеттерi үйретiлген. Аса қауiптi және карантиндiк жұқпаларға, соның iшiнде құс тұмауына мониторинг жүргiзiледi, ветеринарлық қызметпен қарым-қатынас жөнге келтiрiлген. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының зертханасы АҚЖ және құс тұмауының қоздырғыштарын жаңадан орнатылған ПТР жабдығымен анықтауға дайын.
Екпеге икемдi жұқпалар. «Иммундық профилактика» мемлекеттiк мақсатты кешенді бағдарламасының іске асырылуының нәтижесiнде 2006 жылы қызылша, күл ауруы, сiреспе, полиомиелит жағдайлары тiркелмеген. Барлық екпеге икемдi жұқпалар бойынша аурушаңдықты төмендетуге қол жеткiзiлген. Қызамық, қызылшамен аурушаңдық 2,3 есеге, көкжөтел аурушаңдығы 32,6% төмендеген. Эпидемиологиялық паротит аурушаңдығы 2005 жылғы 42 жағдайдан 12 жағдайға дейiн, яғни бiрлi-жарым жағдайға жеткiзiлген. 2006 жылы барлық қажеттi екпелер уақтылы сатып алынған, мақсатты топтар балаларын профилактикалық екпелермен қамту қанағаттанарлық және Денсаулық сақтау министрлiгi ұсынған шекте.
Зооантропонозды жұқпалар (адамдар мен жануарлар үшiн ортақ). 2006 жылы құтырма және күйдiргi ауруымен науқастанған адамдар болмаған. Сарып бойынша ахуал тұрақсыз болып қалуда. Егер соңғы жылдары облыста алғаш рет сарып аурушаңдығын 22,7% төмендетуге қол жеткiзiлген болса, 2007 жылдың 1 тоқсанында сарыппен науқастанғандар саны 2006 жылдың 1 тоқсанындағы 20-дан 39-ға дейiн өскен.
«Облыс аумағындағы табиғи-ошақтық жұқпалардың эпидемиологиялық ахуалы мен алдын алу шаралары туралы» облыс әкiмдiгiнiң 2005 жылғы 11 сәуiрдегi № 000 қаулысымен қарастырылған iс-шараларды iске асыру нәтижесiнде мал өлiмтiгiн көметiн және мал сою орындары құрылыстарын салу, қаңғыбас жануарларды ұстау мен жою, кемiрушiлердi жою, сарып ауруы тiркелген елдi мекендердi сауықтыру жұмыстары бiраз белсендiрiлген. Санитарлық-ветеринарлық нысандар салудың қарқыны жеткiлiксiз және республикалық бюджеттен жануарлар арасындағы ауру ошақтарын сауықтыруға қаражаттардың толық көлемде бөлiнбеуi проблемалық мәселелер болып табылады.
Соңғы 2 жылда туберкулезбен аурушаңдықтың төмендегенi байқалған., халықтың иммундауға жатқызылған топтарының барлығы профилактикалық екпелермен қамтылған, балалар мен жасөспiрiмдер аурушаңдығы төмендеген.
Туберкулезбен науқастанғандарға көмектiң медициналық аспектiлерi негiзiнен шешiлген, ал бiрқатар әлеуметтiк мәселелер шешудi қажет етедi. Ересек науқастарға емдеудiң қолдау фазасында және балаларға химиялық-профилактикалық емдеу жүргiзу кезiнде қосымша тамақтануға қаражат тек Шемонаиха ауданында (60 мың теңге), Өскемен (45 мың теңге), Курчатов (265 мың теңге) қалаларында бөлiнген. Науқастар мен балалардың шипажайға баруларына жол қаражаты Көкпектi, Тарбағатай аудандарында бөлiнген.
2006 жылдың қорытындысы бойынша оқшауланған тұрғын үй аудандарына мұқтаж бацилла бөлетiн 83 науқастың екеуiне ғана - Глубокое ауданында 1 науқасқа, Риддер қаласында 1 науқасқа тұрғын үй бөлiнген. Мектеп жасына дейiнгi мекемелерде туберкулез ошағынан келген балаларға арналған қосымша топтар ашу қажет.
Тамақ және су арқылы таралатын жұқпалар тобы. Көп жылғы бақылаулар бойынша 2006 жылы облыс аумағында вирусты гепатит аурушаңдығы 2005 жылмен салыстырғанда 35% көтерiлгенi болжанған. Облыс бойынша «А» вирусты гепатитi аурушаңдығының нақты деңгейi 2006 жылы 21% өскен.
2007 жылы жұқпалы «А» гепатитi аурушаңдығының өсуi жалғасуда. I тоқсанның қортындысы бойынша «А» вирусты гепатитi аурушаңдығының 131 жағдайы, ал 2006 жылдың I тоқсанында 28 жағдай тiркелген. Аурушаңдықтың көтерiлуi Өскемен, Семей қалалары мен Тарбағатай ауданы аумақтарында байқалған.
2006 жылы тифопаратифозды жұқпалар облыс аумағында тiркелмеген. Жiтi iшек жұқпалардың 1933 жағдайы тiркелген, 100 мың тұрғынға шаққандағы үдемелi көрсеткiшi 135,3 құраған, бұл 2005 жылдан 13,2% және республикалық көрсеткiштен 8% (146,4) төмен.
Жiтi iшек жұқпалары ауруының негiзгi саны Өскемен, Семей, Риддер, Аягөз қалалары мен Глубокое ауданында тiркелдi, бұл ШҚО бойынша барлық аурушаңдықтың 85% құрайды.
Рұқсат етiлмеген сауда орындарынан қайта ластанған азық-түлiктi және сақтау жағдайлары, мерзiмi, даярлау технологиясы бұзылған тамақ өнiмдерiн сатып алып, пайдалану, жеке бас гигиенасын сақтамау iшек жұқпаларының туындауының негiзгi себептерi болып табылады.
2006 жылы ұйымдастырылған тамақтанумен байланысты жаппай тамақтан улануға жол берiлмеген.
Азық-түлiк нысандарының санитарлық-техникалық жағдайы бiраз жақсарған, бұл санитарлық талаптарға жауап бермейтiн нысандар санын төмендетуге мүмкiндiк бердi (2005 жылғы 2,2%-дан 2006 жылы 1,8%-ға дейiн; республикалық көрсеткiш - 5% кезiнде). Өндiрiлетiн сүт өнiмдерiнiң (2005 жылғы 6%-дан 2006 жылы 0,7%-ға дейiн; республикалық көрсеткiш-2,9% кезiнде), ет өнiмдерiнiң (1,1%-дан 0,7%-ға дейiн; ҚР бойынша 2,1%) микробиологиялық қауiпсiздiк көрсеткiштерi жақсарған.
Облыстың сауда кәсiпорындарында, базарларында сатылатын азық-түлiктiң микробиологиялық қауiпсiздiк көрсеткiшiнiң нашарлағаны белгiленген (сауда нысандарында -1%-дан 3,3%-ға дейiн; базарлар мен шағын базарларда 4%-дан 4,9%-ға дейiн). Тамақ өнiмдерiнiң сақталу жағдайлары мен мерзiмдерiнiң бұзылуы, азық-түлiктердiң сапасы мен қауiпсiздiгiн растайтын құжаттарынсыз сатылуы сияқты бұзушылықтардың анықталынуы жалғасуда. Денсаулыққа қауiптi 7 тоннадан артық тамақ өнiмдерi сапасыз деп танылып, сатылымнан алынып тасталған. (2005ж. – 4054 кг).
2006 жылы Өскемен қаласының iшкi iстер органдарының белсендi жұмысының нәтижесiнде облыс орталығы аумағындағы рұқсат етiлмеген сауда орындары санының бiраз төмендегенi байқалған, бiрақ бұл проблема түбегейлi шешiлмеген және көкейтестi болып қалуда.
2006 жылы облыс халқы арасында су факторларымен байланысты жұқпалы аурулар тiркелмеген.
Облыс халқының су құбырлары ауыз суын тұтынуының оң динамикасы байқалды, 2005 жылғы 73,4%-дан 2006 жылы 74,9%-ға өскен, республикалық көрсеткiш 78,7%. (ШҚО ҚР облыстары арасында 7 орында). Күршiм, Үржар, Ұлан, Бесқарағай, Жарма, және Көкпектi аудандарында су құбырлары суымен қамтамасыз ету облыстық көрсеткiштен төмен.
Орталықтандырылған су құбырлары суларының қанағаттанарлықсыз сынамаларының микробиологиялық көрсеткiштерi бойынша үлес салмағы 2006 жылы 1,0% құрады, ал 2005 жылы 1,2% (ҚР көрсеткiшi –2,3%).
2006 жылғы сәуiр айында сумен қамту проблемалары бойынша проблемалық мәселелердiң шешiлуiн қарастыратын облыс әкiмдiгiнiң 2006 жылғы 4 сәуiрдегi № 000 қаулысы қабылданған. Оның iшiндегi негiзгiлерi: су құбырлары иммараттары мен ауылдағы желiлердi бiлiктi пайдаланатын ұйымдардың болмауы, ауыз су сапасына өндiрiстiк бақылау жасамау.
Облыстың ауылдық елдi мекендерiндегi қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) жинау, сақтау және кәдеге асыру жүйесi аумақтың қажеттi санитарлық жағдайын қамтамасыз етпейдi.
Облыста ҚТҚ кәдеге асыруға арналған полигондар мен қоқыс үйiндiлерi 47,5% елдi мекенде бар. Қоқыс үйiндiлерi санитарлық нормалар мен ережелер талаптарына жауап бермейдi және оларды қайтадан жайластыруды қажет етедi. Қалалар мен қала тұрпаттас кенттерде қалдықтарды тасуға арналған арнайы көлiктер мен контейнерлер жеткiлiксiз.
ҚТҚ жинаудың, сақтаудың және кәдеге жаратудың жүйесiн нормативтерге келтiру бойынша iс-шаралар «ШҚО тұрмыстық қалдықтарды басқарудың ғылыми-негiзделген бағдарламасы» жобасы негiзiнде 2006 жылы облыс маслихатымен анықталып, бекiтiлген.
Қан арқылы таралатын жұқпалар тобы: В, С,Д вирусты гипатиттерi және ЖҚТБ мен АКТҚ жұқпалары. Парентериалды гепатиттiң 70%-дан астам жағдайы жас, әлеуметтi белсендi 20-40 жастағы адамдарда тiркеледi. Аурулардың негiзгi жұғу себептерi бейберекетсiз жыныстық қарам-қатынас жасау және нашақорлық препараттарды көк тамырға енгiзу болып табылады.
Барынша қатерлi контингенттi қорғау мақсатында 2006 жылы мақсатты облыстық бағдарлама бойынша ВВГ қарсы 20-29 жастағы 167290 адам егiлген.
Облыста қан құюмен байланысты АҚТҚ жұқпасы ауруларының жағдайлары тiркелмеген. Оңтүстiк Қазақстан облысында ахуалдың шиеленiсуiне байланысты медициналық ұйымдарға кешендi тексеру жүргiзiлген. Қан қызметiн жетiлдiру мақсатында донарлық қанға сараптау жүргiзу орталықтандырылған. Медициналық ұйымдардың қан даярлау, сақтау және пайдалану бойынша қызметтерiн норматив талаптарына сәйкестендiруге бағдарлама әзiрлендi.
Ауруханаiшiлiк жұқпалар. Ауруханаiшiлiк жұқпалармен аурушаңдық деңгейi босанған әйелдер, нәрестелер мен хирургиялық бейiндегi аурулар арасында Республикалықтан айтарлықтай төмен. Эпидемиологиялық ахуал тұрақты болып қалуда.
Паразиттiк аурулар: Облыс аумағында 2006 жылдың қорытындысы бойынша аурушаңдық деңгейiнiң төмендеуi байқалған. Қышыма қотыр 11,6%, дерматомикоз 19,6%, гельминтоз 21%, соның iшiнде трихинеллез 3 есеге, эхиноккоз 44%, описторхоз 11%. 2007 жылдың бiрiншi тоқсанында педикулезбен науқастанғандар саны 12,5% өскен. Педикулезбен аурушаңдықтың ең жоғары деңгейi Риддер, Өскемен, Зырян қалалары мен Глубокое аудандарында.
Қоғамдық моншалардағы жуынатын орындардың нормативтiк қажеттiлiгi 4882 орын, нақты 1757 орын бар, халықтың монша қызметiмен қамтамасыз етiлуi 35,9% құраған. (2005ж-25,7%) 2006 жылы 6 нысан: Өскемен қаласында 2, Зырян ауданында 2, Семей қаласында 2 нысан ашылған. Облыстың 6 ауданында (Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Катонқарағай, Көкпектi, Ұлан) қоғамдық моншалар жоқ. Облыстың 5 ауданында 24 қоғамдық монша салу жоспарланып отыр.
Монша қызметiн көрсететiн нысандар жоқ жерлерде халық жуынуға жеке меншiк моншаларды пайдаланады, жылдың аяғында облыста 173709 монша саналған (2005ж.-173452).
Жұқпа жұқтырған науқастарды диагностикалау және емдеу мәселелерi.
Денсаулық сақтау жүйесiн «оңтайландыру» кезеңiнде көптеген инфекциялық бөлiмшелер жабылған болатын, нәтижесiнде облыстағы 24 инфекциялық ауруханалар мен бөлiмшелердiң тек 11 ғана (45,8%) жеке ғимараттарда орналасқан. Барлық инфекциялық бөлiмшелердi аурухана ғимаратынан жеке ғимараттарға көшiру және олардың ауру түрлерiне байланысты науқастарды оқшауландыру қағидасы бойынша жұмыстарын ұйымдастыру қажет.
Барлық қалаларды қосқанда 9 әкiмшiлiк аумақтағы инфекциялық ауруларды зертханалық диагостикалау емдеу мекемелерi жанындағы зертханалармен қамтамасыз етiледi. Қалған 9 ауданда ШҚО СЭСО аумақтық филиалдарымен шарт бойынша зерттеулер жүргiзiледi. 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап «ҚР бюджет кодексiнiң» 15 бабына сәйкес, мемлекеттiк мекемелермен ақылы қызметтердi көрсетуден түскен қаражаттарды пайдалану мүмкiн болмайды. Осыған байланысты, денсаулық сақтауды жалпы қаржыландыру есебiнен ШҚО СЭСО қаржыландыруды 13,2 млн теңге сомаға көбейтудi ескеру қажет, себебi облыстың денсаулық сақтау департаментi келешекте жаңа клиникалық-бактериологиялық зертханаларды ашуды жоспарламаған.


