Ауаға дейін сатыла бастады

Қытай. Пекин халқы лас ауа мен тұманнан құтылудың жолын іздестіруде. Қазіргі уақытта Пекинде лас тұманнан бұлт үйіріліп тұр. Атмосферадағы зиянды қалдықтар қалыпты жағдайдан он есеге артып кеткен.

Қала халқының тұрғындары ауруханаға жиі мазалайтын бас аурулар мен тыныс алу жолдарының қиындағанын айтып, шағымдануда. Дәл осы уақытта қытайлық миллионер Чэнь Гуанбяо байып қалудың әрі адамдарға көмектесудің пайдалы бір әдісін тапты. Ол таза ауа толтырылған қаңылтыр ыдыс сатуды бастап кетті. Құтыдағы таза ауа Қытайдың экологиялық таза аймақтарынан жиналған. Бір құты ауаның құны – 5 юань. Бұл 125 теңге деген сөз.

Миллионердің сөзіне сенсек, өзі қайтыс болғасын пайдаға асқан қаржы қайырымдылық қорларының есеп-шоттарына аударылмақ екен.

«Швед столы» – әскери қызметте

Ресей. Елдегі әскери қызметкерлер «швед столы» жаңа тамақтану жүйесіне ауысады. «Әскери борышын өтеушілерді тамақтандыру жүйесі жетілдірілуде. Наурыз айында екі бригада «швед столы» үлгісі бойынша мүлдем жаңа тамақтандыру жүйесіне көшірілетін болады. Ал жыл соңына дейін барлық әскери бөлімшелер мен құрама-бірлестіктер осы жаңа тамақтану жүйесіне көшеді.

НЕ нашли? Не то? Что вы ищете?

Қорғаныс министрінің шешімі бойынша, барлық әскери казармаларда душ қабылдау кабиналары орнатыла бастаған, ал казармалық құрамалардың әрбір қабаты шай ішетін бөлмелермен жабдықталуда. Бұған қоса, әр ротада казармада ылғал тазалау жұмыстарын жүргізуге арналған жуғыш шаңсорғыштар қойылған.

Су тасқынынан зардап шегуде

Перу. Елдің ірі қалаларының бірі Арекипада бірнеше күн бойы жауған толассыз жауын соңы тасқынға ұласты. Соңғы түскен мәліметтерге сүйенсек, табиғат апатынан 6 адам қаза тапқан.

Мамандардың айтуынша, қалада су деңгейі 12 сантиметрге көтерілген. Аймақта жүздеген тұрғын үй мен ғимарат топан су астында қалды. Жолдарды су шайып кеткендіктен қала көшелерінде көлік қозғалысы тежелді. Жергілікті БАҚ өкілдері су тасқынынан аймақтағы екі көпірге зақым келгенін хабарлауда. Салдарынан қала көрші елді мекендермен қатынасын үзіп алды. Зардап шеккен жерлерде құтқарушылар жұмыс істуде.

Ядролық сынақ жасайтынын мәлімдеді

Солтүстік Корея. Ел үкіметі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Пхеньянға қарсы санкциясын кеңейтуге жауап ретінде үшінші рет ядролық сынақ жасамақ. Бұл жөнінде Солтүстік Кореяның ұлттық қорғаныс комитеті мәлімдеді.

Мәлімдемеде алыс қашықтыққа ұшатын зымырандар КХДР-дің «жауы» Америка Құрама Штаттарына қарсы бағытталатындығы аталған. Мәлімдемеде сондай-ақ, сөз «жоғары деңгейдегі ядролық сынақ» туралы болып отырғандығы айтылған. Ұлттық қорғаныс комитетінің мәлімдемесінде ядролық сынақтың қашан жасалатындығы нақты көрсетілмеген. Бірқатар сарапшылар Солтүстік Корея уран бомбасын сынақтан өткізеді деген болжам жасайды. Осы жылдың 22 қаңтарында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі КХДР-дің өткен жылдың желтоқсанында «Ынха-3» зымыранын ұшырғанына жауап ретінде қосымша санкция қабылдаған еді.

Қалың қардан көз ашпай отыр

АҚШ. АҚШ-та қалың қарлы боран салдарынан 7 адам қаза тапты. Сондай-ақ Канадада екі адам мерт болды. Қаза тапқанның көбі – жол апатының құрбандары. Билік аймақта төтенше жағдай жариялап, боранның беті қайтпайынша тұрғындарға көліктерімен жолға шығуға тыйым салды. Род-Айленд, Коннектикут пен Массачусетс штаттарында қар көп түскен. Табиғат апатынан 650 мыңнан астам тұрғын үй жарықсыз қалды. Қазірде құтқарушылар жолдарды қардан тазалап, тұрғындарды құтқару жұмыстарын жүргізуде.

 Қыз алып қашқандарға жаза қатаң

Қырғызстан. Елде әйелді некеге отыруға мәжбүрлегені үшін жазаны қатайтты. Соған орай ел өкіметі қылмыстық кодекске түзету енгізу туралы заң қабылдаған.

Құжатқа сәйкес республикада қызды алып қашып, еркінен тыс некеге тұруға мәжбүрлегені үшін 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қыл­мыс­­тық жауапкершілік енгізілетін болады. Егер жасы 17-ге тол­ма­ған қызды некеге мәжбүрлейтін болса «күйеу бала» 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ұрының саусағын кесетін аппарат

Иран. Елде бұдан бұрын ұрылардың саусақтары балтамен шабылып келген болса, енді бұл жұмысты арнайы саусақ кескіш аппарат орындап шығады.

Жаңа аппаратпен ең алғаш Шираз қаласының тұрғынының саусағы кесілді. Оны тәртіп сақшылары ұрлық жасағаны үшін айыптаған. Жазаны орындау барысында қылмыскер «қыңқ» етіп дыбысын да шығармаған. Журналистердің пайымдауынша, күдіктіге алдын ала есірткі беріп, мас кезінде саусағын кескен.
Осылайша, ұрының төрт саусағы шабылғаннан кейін сот жазаның екінші сатысына көшті – 99 рет шыбықпен сабап, 3 жылға бас бостандығынан айырды.
Дене мүшесінен айыру, өлтіргенше таспен ату сынды жаза түрлері Иранда таңсық емес.

Карнавалдың астан-кестеңі шықты

Бразилия. Рио-де-Жанейрода басталған карнавалда ондаған адам зардап шекті. Оған себеп қала көшелерінде жиналған 2 млн халықтан пайда болған қыспақ пен  аптап ыстық болды.

Ауқымды шараны тамашалауға Рио көшелеріне шамамен 2 миллион адам жиналған. Аласапыран екі полиция көлігінің жиналған топтың арасынан өтем деген кезде басталды. Шегінер жер таппаған  халықтан маза кетті. Күн райының ыстығынан тұрғындар есінен тана бастаған. Жастар көліктердің үстіне, тіпті, бағаналарға да мініп кеткен. Жараланғандарға жедел медициналық көмек көрсетілді.

«Құбыр пештің» керемет қасиеті

Мексика. Жергілікті Сальвадор қаласының тұрғыны Рене Суарес ерекше ас пісіретін пеш ойлап шығарды.

«Құбыр пеш» деп аталатын жабдық уақыт үнемдеп, артық қуат кетіруді қажет етпейді. Бір қызығы пештен түтін шықпайды екен. Мұндай технология жетістігі, әсіресе, елді мекен тұрғындары үшін керек дүние. Адамдар осы ерекше пеш арқылы ас әзірлеп, су қайната алады. «Құбыр пеш» тот баспайтын болаттан құйылып істелген. Сондықтан отынды да аса көп қажет етпейді. Рене Суарес осы ерекше затты жасап шығару үшін 20 жыл бойы зерттеу жұмыстарымен айналысқан екен. Отынды көп қажет етпейтін және түтіні шықпайтын пеш қоршаған ортаға пайдасын тигізбек. Жуырда Суарес 100 мың дана пеш жасап шығаруды көздеп отыр.

Топырақтан әзірленген тағам

Жапония. Токионың қақ ортасында орналасқан «Ne Quittez Рas» деп аталатын мейрамхана ас мәзіріндегі тағамдарының барлығына дерлік батпақ қосып әзірлейді. Ерекше тағамның бағасы да ерекше: лайдан жасалған кешенді түскі ас 110 АҚШ доллары. Оның ішінде батпақпен араластырылған салат, топырақ қосылған сорпа және балмұздақ бар. Идея авторы – Тосио Танабэ есімді аспаз. Топырақтан ас әзірлеу оның ойына кездейсоқ келген екен. Бірде аспаздар байқауына қатысқан ол тамаққа Тоттиги префектурасынан алдырған қара топырағын қосып көреді. Бұл қазылар алқасына ұнаса керек, бас жүлдені олар Танабэге ұстатқан. Сол уақыттан бері аспаз топырақты кез келген тамаққа қосуды әдетке айналдырып отыр. Дәрігерлердің айтуынша, бұл тағам асқазан ауруларын емдеп, жүкті әйелдердің ағзасын тазартатын қасиеттерге ие.