Таңдауымыз – «Ансар-Круиз»

...Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарында алдын-ала мәлімдегеніндей, еліміз бо-йынша бұл жолғы қажылық сапарды ұйымдастыру 20 компанияға жүктелген екен. Бұрнағы жылдары өз міндетіне жауапсыз қараған оннан астам компанияның лицензиясы кері қайтарылып алынғанын естіп білген едік. Таңдауымыз – «Ансар-Круиз» болды. Бұл компанияның құрамында қажылық парызын өтеп келген жерлестерімізбен тілдескенімізде, компания қызметкерлерінің сапарды ойдағыдай ұйымдастырғанын, оның барысында ешқандай «әттеген-ай» дей-тіндей оқиға болмағанын, жолаушылардың жатар орны жайлы, екі мезгіл ыстық тамағы ұйымдастырылғаны, жүріп-тұру мәселелерінде алаңдаушылық болмағанын айтқан еді. «Тәуекел!» деп құжаттарымызды осы компанияға тапсырдық.

...Сәл шегініс жасап айтар болсақ, «Ансар-Круиз» қажылық сапарға баратын адамдардың құжаттарын ораза айы кезінен бастап қабылдай бастады. Сапар алдында компанияның қызметі жөнінде сауал тастап, оның төрайымы Нұржамал қажы Ыбырайқызы Ташанованы әңгімеге тартқан едік:

НЕ нашли? Не то? Что вы ищете?

– Ең алдымен, осы қызметімді бастауыма себепші болған алғашқы қажылық сапарыма қысқаша тоқталып кетуді жөн көріп отырмын, – деп бастады Нұржамал апа әңгімесін.

– Құдай қаласа, төртінші жыл қажылығын өтеу-шілерді қасиетті жерге апарғалы отырмын. Иә, баршамызға мәлім, Кеңес Одағы кезінде көбіміз атеист болып тәрбиелендік. Бірақ, мұсылман болғандықтан, отбасымызда ата-әжелеріміздің тәрбиелерін алып өскен біздерге дініміз жат емес еді. Өзім осыны анық сезіндім. Ал Мекке-Мәдина сапары аңсаған арманымыз еді.

– Тәуелсіздігіміздің таңы атуымен, Ата Заңымыз қабылданып, дінге еркіндік берілді. Мұны өз басым Жаратушымыздың қазақ халқына жасаған мейірімі деп білемін, – деп әңгімесін сабақтай түсті Нұржамал қажы апамыз. – Содан, 2004 жылы отбасымызға Сауд Арабиясы корольдігінің қажылыққа шақырған шақырту хаты келді. Қуанышымызда шек жоқ. Аңсаған арманымыз орындалғанына енді көзіміз жеткендей. Іле келініміз екеуіміз қасиетті жерге сапарға аттандық.

...Сол жылы Меккеге Умра қажылығына тағы да келдім. Оның да өзіндік себебі бар-ды. Балам көптен бері сырқаттанып, дертіне шипа іздеп апармаған жеріміз қалмады. Қолдан келер қайырымыз болмаса да үмітімді үзбедім. Баламның дертіне шипасын бере көр деп Қағбаны айналып жүріп Жаратқан Иемнен тілек тілеп жыладым да.

Бірер айдан кейін Умра қажылыққа тағы да жолым түсті. Осында оқып жатқан қазақ балалары себепші болып, мені Меккедегі бір ғұлама ғалым Шейхқа жолықтырды. Ғалымға баламның жағдайын айтып дертінен айығуға жәрдемдесіңіз деп бар жағдайды алдына жайып салдым, жалбарындым...

...Арамыздағы едәуір әңгімеден кейін Шейх маған сауал тастап: «Жұртқа жақсылық жасап жүрсіз бе? Исламның бес парызын орындайсыз ба? – деді бір кезде. «Мүмкіндігімше, қолымнан келгенше жақсылық жасап жүрмін, бес парызды орындай бастадым»,–дедім. «Өте жақсы болған екен, Қағбаны айналып, Құдайдан тілек тілеңіз, сіз анасыз Тәңірім Ана тілегін қабыл етеді. Қолыңыздан келсе, арнайы компания құрып, осы қасиетті жерге адамдарды зиярат етуге алып келуге жағдай жасаңыз. Қажылардың батасын алсаңыз, ол да балаңыздың дерттен айығуына септігін тигізеді. Біздің де жасаған еміміздің шипасы болады», – деген еді. Содан баламды Меккеге әкеліп емдеттім. Аллаға тәубә, сәтін салып, дертінен құлан-таза айықты. Алла тілегімді қабыл етті. Қажылық компаниясының жұмысын қолға алуыма сол ғалымның сөзі қозғау салып еді. Міне, төртінші рет қажылық парызын өтеушілерді бастап апарғалы отырмын. Ал «Ансар» деген атауға мән берер болсаң, ол осы Мәдина қаласы тайпасының аты.

...Бұған қоса айтарымыз, компания қажылық сапар күндерін 23 қазан – 13 қараша айлары аралығында өткізуді жоспарланған екен. Сапар Астанадан басталып, Ыстамбұл, Мәдина, Мекке қалаларына жалғасады. Қайтар жолымыз да солай.

Бір атап өтерлік жай, сапарға әзірлік барысында компания басшыларының ұйымдастыруымен Астанадағы «Нұр Астана» мешіті жанындағы медресе ғимаратында қажылық сапарда болып келген ұстаз имамдар сапарға алғаш рет шығушыларды бірнеше топқа бөліп, әзірлік сабақтарын өткізді.

Міне, көптен күткен сәт те келіп жетті. Астана әуежайы. Қазан айының 22 жұлдызынан
23-іне қараған түні. Екінші қабатқа жиналған болашақ қажыларға Елордадағы «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Қалижан Заңқоев, осы компаниямен өткен жылы парызын өтеп қайтқан Рақымжан қажы Уәли сәт сапар тілеп, батасын берді. Кешегі әзірлік сабақтарын өткізген ұстаз Төлеби Оспан да осында. Жолдарың болсын деп қош айтысып жатыр.

Түркияның «Turkish Airlines» әуе компания-сының «Боинг-737» әуе кемесіне жайғасып отырған сәтте таң рауандап келе жатқан еді. Бағыт – Ыстамбұл.

Ыстамбұл – Мәдина

Ыстамбұлдың халықаралық әуежайына таң ата келіп қондық. Астанамен 3 сағат айырмасы бар. Ұшағымыздың кешігіп келуіне орай, бұрынғы жоспарымызға өзгеріс енгізіліп, көп ұзамай Түрік Республикасының астанасынан келесі ұшаққа мінетініміз белгілі болды. Әуежай алаңдары нөпір халық. Иықтарына ихрам жамылған қажылар. Саналуан тілдердің тоғыс-қан жерлері. Әр 3-4 минут сайын ұшып-қонып жатқан алып ұшақтар.

Түркия уақытымен сағат 12-де тағы да сол «Turkish Airlines» әуе компаниясының «Боинг-777» ұшағымен Мәдинаға ұшып шықтық. Салонына 320 жолаушы мінуге жабдықталған ұшақ өте жайлы. Үш-үш жолаушыдан үш қатар орналасқан қажылардың әр орындарының алдына жеке теледидар, ішкі телефон байланысы. Салондағы жолаушылардың дені қазақстандықтар.

Мәдина әуежайы бізді 37 градус ыстығымен қарсы алды. Күн екіндіге ауған. Әдеттегідей әуежайдың ресми іс қағаздарын толтырып, арнайы тексеру, кеден бекетінен өтіп, төлқұжаттарымызды тапсырып, қонақ үйге келіп ат басын тіредік.

Мәдина – мұсылмандар үшін Меккеден кейінгі екінші қасиетті қала. Мәдина – Сауд Арабиясы корольдігінің батыс бөлігінде, Меккеден 430 шақырым қашықтықта. Қала теңіз деңгейі-нен 625 метр биіктікте оазисте орналасқан. Біздің жолбастаушыларымыздың айтуынша Мәдинаның теңеуі – «мүнәууәра» деп аталады. Яғни, арабтар нұрлы Мәдина деп атайды. Мұхаммед пайғамбарымыз (с. а.с.) өмірінің соңғы 10 жылын осы қалада өткізген. Нұрлы Мәдинаның 95 теңеуі бар екен.

...Мәдинадағы алғашқы күніміз Пайғамбар мешітіне зиярат етуден басталды. Бір атап өтерлік жай, мұсылмандар Мұхаммед пайғамбарымыздың (с. а.с.) өмірімен тығыз байланысты 3 мешітті – Меккедегі «әл-Масжид әл-Харам», Мәдинадағы «әл-Мәсжид ән-Нәбәуи» («Пайғамбар мешіті») және Иерусалимдегі «әл-Масжид әл-Акса» («Алыстағы мешіт») қасиетті деп санайды. Деректерге назар аударар болсақ, Пайғамбарымыз осы Мәдинадағы мешіттің құрылысына өзі тікелей қатысып, саз балшық басып, тастан кірпіш қалаған. Мешіт Алланың елшісі (с. а.с.) алғаш рет Йәсриб шаһарына келгенде түйесі шөккен жерге салынды. Оның сол кездегі ұзындығы – 70 қадам, ені – 60, ал биіктігі – 5 қадам еді.

Кейін һижра жыл санауының 7-ші жылы Мұхаммед пайғамбар (с. а.с.) мешіттің аумағын 10 мың шаршы метрге дейін ұлғайтып, биіктігін 7 қадамға дейін көтеріп, пальманың бұтақтарымен шатырлаған екен. Сол кезде мешіттің 3 қақпасы болыпты. Бірі – Иерусалим (әл-Құдыс) жаққа қараған.

Ол кезде мешіттің құбыланы көрсететін михрабы болмаған. Содан Алла тағаладан уахи сөз келіп, мұсылмандарға Меккедегі Қағбаға қарап намаз оқуға әмір еткен. Пайғамбарымыз (с. а.с.) мешіттің Меккеге қарайтын төртінші қақпасын жасап, Иерусалим қақпасын бекітіп тастаған екен.

Алғашқы кезде мешітте мінбер де болмаған. Мұхаммед пайғамбар (с. а.с.) пальма ағашының діңгегіне шығып уағыз айтқан. Кейін мұсылмандардың біреуі 4 баспалдақтан тұратын мінбер орнатқан. Мұхаммед пайғамбар (с. а.с.) осы мінбердің үшінші баспалдағында тұрып уағыз айтқанды ұнатқан. Ғасырлар өткен сайын мешітінің мінбері де жаңартылып тұрған. Осы орайда айта кететін есте боларлық жай – һижра жыл санауының 664 жылы біздің бабамыз – Мысыр мен Шамда билеген Сұлтан аз-Захир Бейбарыс пайғамбар мешітіне жаңа мінбер жасатқан көрінеді. Ол 794 жылға дейін сақталыпты.

Пайғамбар мешіті өз тарихында бірнеше рет жөндеуден өткен. Соңғы рет бұл жұмыстар өткен ғасырдың 80 жылдары болыпты. Бүгінде мешіт-тің аумағы – 235 мың шаршы метрді алып жатыр. Оның ортасындағы ашық бөлігінің шатыры ашылып жабылады, 10 мұнарасы бар. Жаңадан салынған мұнаралардың биіктігі – 104 метр болса, бұрынғы мұнаралар – 70 метр.

Мешіттің ескі бөлігінің үстінде жасыл күмбез орналасқан. Бұл жерде Мұхаммед пайғамбарымыз (с. а.с.) жерленген. Пайғамбарымыздың қабірі өзі өмір сүрген үйдің орнына салынған. Пайғамбар зиратында Ислам тарихында әділ билік жүргізген 4 халифтың екеуі Пайғамбарымыздың (с. а.с.) ізбасарлары – Әбу Бәкір мен Омар бин әл-Хаттаб жерленген.

Мәдинада болған күндерінде болашақ қажылар белгіленген рәсімдердің қатарына жататын Мәдина қаласындағы пайғамбарымыздың (с. а.с.) сахабалары (мүһәжирлер мен ансарлары), туған-туысқандары, әйелдері, ұл-қыздары жерленген «Әл-Бақиғ» зиратына барып зиярат етеді. Құбба мешітіне барып бесін намазын оқиды. Бұл жердегі Мүһәжирлер деп отырғанымыз – Мұхаммед пайғамбармен (с. а.с.) Меккеден Мәдинаға ауып барған сахабалары, серіктері. Ал ансарлар – алғаш Ислам дінін қабылдаған Мәдина жұрты. Олар Ислам тарихының бастапқы жылдары діннен безген меккеліктерге қарсы шайқасқан. Біздің туристік компаниямыздың «Ансар-Круиз» аталуының да осы оқиғаға тікелей қатысы бар.

«О, Тәңірім! Мен сенің алдыңдамын!»

...Жұма, қазан айының 28 жұлдызында Мәдинадағы өзіміз тоқтаған «Sarava mala» қонақ үйінен ихрамға еніп, пайғамбар мешітінен жұма намазын оқып, астаналық болашақ қажылар Меккеге жол тарттық.

Мекке – мұсылмандардың қасиетті шаһары, оның «мүкәррәмә» («аса қадір тұтатын») деген теңеуі бар. Алла тағаланың сөзі жазылған Құран кәрімде Меккені «Умм әл-қура» («Қалалардың анасы»), Бекке (шаһардың көне атауы), әл-Бәләд әл-әмин» («Қауіпсіз қала») деп те атайды. Мекке – Мұхаммед пайғамбарымыздың (с. а.с) кіндік қаны тамған жер. Осы қасиетті шаһардан Ислам дінінің ақиқат жолы бастау алады.

Мекке – Қызыл теңіз жағалауындағы Жидда қаласынан 74 шақырым жерде таулы аймақты, теңіз деңгейінен 279 метр биіктікте орналасқан.

...Таспадай тілінген алты қатарлы күре тамырлы тас жолдың оң қапталындағы үш қатарымен қажылар мінген жайлы төрт автобус баяу жылжып келеді. Тақтайдай жол. Алдымыздағы көлік бастауына көз жеткізу мүмкін емес. Бір бұрылыста көз тастағанымызда шамамен
50-60 автобус сап түзеп келе жатыр-ау деген ойда болдық.

Қажылық рәсімі бойынша жол бойы Ихрам хал-күйіне түскен қажылар Меккеге жеткенше дауыстап тәлбия айтып баруы шарт. Алла тағалаға мақтау айтатын тәлбия төмендегідей сөздерден тұрады:

Ләббәй кә аллаһумма ләббәйкә

Ләббәй кә лә шәриикә ләкә ләббәйкә

Иннә-л-хәмд уа-н-нығма ләкә уә-л-мүлк

Лә шәриикә ләк.

Қазақша мағынасы: «О, Тәңірім! Мен сенің алдыңдамын. Иә, Алла, алдыңдамын сенде серік жоқ. Алдыңдамын. Шындығында, саған бар мақтау мен жақсылық және билік. Мейірімділік те құдірет те тек саған тән!»

Қажылар Меккеге осы мінажатты айта кіреді. Жалпы тәлбияны үнемі айтып жүру шарт. Өйткені қасиетті Меккеге қадам басқан мұсылмандар Алланың әміріне қажы ғибадатын осылай өтеу арқылы жауап береді.

...Ертеңіне Умра қажылықты өтеу рәсімімен Меккедегі ең басты мешіт әл-Мәсжид әл-Харам мешітіне жұпталып бет алғанда тәлбия айтқан сан ұлтты жүздеген халық өкілдерінің әуені әуеде қалықтап тұрғандай әсер қалдырды. Қайсыбірінің қуанышқа толы жүзін көріп, өзімізді де қуаныш сезімі биледі. Сезім сілкінісінен қайсыбір егде жасты азамат пен ақ жаулықты ананың көздеріндегі жас тамшыларын да көрдік. Сан мыңдаған адамның үндері ұласқанда әлдебір сезім көкірегіңді кернейді. Жаратушы өзіңді көріп тұрғандай, оның өзіне қажет екенін сезінесің. Көкіректегі жан жаңғырығы еріксіз көзіңе жас тамшыларын үйіреді.

Қажының әл-Мәсжид әл-Харамға оң аяғымен мүмкіндігінше «әс-сәлем» («Бейбіт-шілік») қақпасынан кіргені абзал.

Мешіт Мекке қаласының ортасында орналасқан. Көлемі 309 мың шаршы метрді алып жатыр. Әрқайсысының биіктігі 95 метр 9 мұнарасы, 4 үлкен қақпасы және 44 кіретін есіктері бар. Мешітте бір мезгілде 700 мың адам намаз оқи алады.

Әл-Харам мешітіне қадам басқан қажылар үшін ендігі орындалатын шара – тауаф. Ол – қажылықтың негізгі бөлігінің бірі. Ол – әл Қағбаны сағат тіліне қарсы жеті рет айналатын салт ғибадат. Ал тауаф деген арабтың «айналу» деген сөзі. Қажылық кезінде қажы бұл ғибадатты
3 рет орындайды.

Қасиетті Қағба

Әл-Қағба әл-Мүшрифа-әл-Мәсжид-әл-Харамнің дәл төрінде орналасқан. Әл-Қағба-сүбхеик Алла тағаланың жер бетіндегі алғашқы үйі. Қағбаның шығыс жақ бұрышында жерден 1,5 метрдей жоғары, ені 18 сантиметрдей сопақша қара тас орнатылған. Жиектері күміспен көмкерілген бұл тасты «хажар әл-Асуад-Қара тас» деп атайды. Қағба қабырғасына оны әуелі Ибрагим орнатқан. Шындығында ол – Қағба салынған кезден біздің заманымызға жеткен жалғыз мұра.

Ал, әл-Қағба дегеніміз төрт бұрышты тас ғимарат. Ұзындығы – 12,1, ені – 10,6, биіктігі – 15,2 метр. Мәрмәр тастан қаланған іргетасының биіктігі 1 метрге жуық. Бұрыштары – «аркан» деп аталады. Қара тас орнатылған бұрышының атауы – «әр-рукн әл-Асват» өзге бұрыштары қарап тұрған мемлекеттердің атауымен аталады. «Қағба» – араб сөзі, текше (куб) деген мағына береді. Әл-Хатимнің екінші атауы – хажар Исмайыл. Бұл қоршау (дуал) бұрын Қағбаның бір бөлігі саналған. Оның ұлықтығы да осында. Тәуап кезінде бұл қоршауға қажылар да оларды басқаратын имамдардың кіруіне болмайды.

...Қасиетті Қағба! Қасиетті Құбыла! ...Қажылықтың ендігі бір амалы – әл-Харамның өн бойында орналасқан зәмзәмиядан (зәм-зәм суы құйылған ыдыс) құбыла жаққа қарап зәмзәм суын ішіп Аллаһ тағалаға мадақ айтып сағиды орындау. Сағи – арабша «шапшаң жүру» деген сөз. Сағи – биіктігі шамамен 15-20 метр болатын Сафа мен Мәруә деп аталатын екі жотаның арасын жеті рет жүгіріп өтетін ғибадат. Бейнелеп айтар болсақ, адамзат бойындағы екі қасиет – төзім мен табандылықтың баламасы.

Сағи рәсімі – Ислам тарихынан баршамыз-ға мәлім. Кенезесі кепкен сәбиге бір жұтым су берер керуен көрінер ме екен, қай шұңқырдан шырқырап жылап жатқан баласы Исмайылға тамшы су табылар екен деп егіз жотаның арасында жүгірген ана – Ажарды еске түсіреді. Ажар анамыз сол биік төбенің бірінің басында түңіліп, не істерін білмей тұрған кезде ұлы Исмайылдың өкшесінің астынан бұрқ ете қалған бұлақ бас-тауын көреді. Сөйтіп оларды құдіреттің өзі құтқарды. Суды көргенде Ажар «зәмзәм» деп айқайлап жіберген екен. «Зәмзәм» көне вавилон тілінде «бастау» деген мағына береді. Бізде Сағи рәсімін Алла тағалаға жалбарынып су іздеген Ибраһим пай-ғамбардың әйелі Ажар анамыз бен баласы Исмайылдың құрметіне орындадық.

Арафат – дұға қабыл
болатын жер

Шариғатта зұлхижжа айының 8 күнін «йәуму-т-тәруия» деп атайды. Бұл сөз тіркесі «шөл қандыратын күн» деген мағына береді. Ерте кезде қажылар Меккеден 25 шақырым жердегі Арафат тауына жаяу жету үшін жолға су толтырып алып шыққан. Сөйтіп, бұл күні қажыға барған мұсылмандар Мекке мен Арафат тауының арасында орналасқан Минаға бет алады. Минаға жеткенде қажылар: «Иә, Алла! Бұл – Мина. Әулиелер мен Саған құлшылық еткен халықтарға жасаған қа-йырымыңды маған да көрсет» деп дұға тілейді.

Әлемнің түкпір-түпкірінен жиналған қажылар Минадағы шатырлы қалашыққа келіп орналастық. Күн де қапырық ыстық еді. Біз де осында басқа туристік компаниялармен келген жерлестерімізбен жүздестік. Атақты боксшы Ермахан Ыбрайымовты, ақындар Арман Бердалы, Мұхамеджан Тазабеков, Айбек Қалиевпен де осы Минадағы қалашықта кездестік. Минада түнеп, келесі күні таң намазын оқығасын Арафатқа бет алдық. Арафат тауында дұға тілеу – қажылықтың басты парыздарының бірі саналады.

Яғни, укуф әдет-ғұрпы орындалады. Мұны «Арафат тауында тұру» деп те атайды. Укуф кезінде қажы бар жан-тәнімен, шын жүрегімен, зор ықыласпен, сана-сезіммен сүбхана Алла тағаланың алдында тұрғанын сезінеді. Алла тағала Арафат тауында тұрғандардың тілек-дұғаларын қабыл етіп, күнәларын кешіреді. Қажылар Алла тағаладан исламның ақиқат жолымен жүргізіп, бұ дүниеден өтіп, жаратқан иеміздің алдына келгенше осы жолдан тайдырма деп жалбарынады. Сосын өзінің ел-жұртына, отбасы, туыс-бауыр, дос-жаран және басқа да көзі таныс жандар үшін де дұға тілеп, оны бесін намазынан кеш батқанға дейін орындайды. Арафат дұғасын оқып, Алла тағаладан кешірім сұрап жалбарынған қажы бар күнәларынан тазарып, жаңа өмірге аяқ басқанын сезінеді.

Бұл адам жанын елжіретіп, толқытатын шақтар еді. Осында болған әрбір қажы басынан бұрын соңды өткермеген әсерді алғанын да сезі-несің. Біздер де өз пендесіне осындай мүмкіндік берген Алла тағалаға мың да бір шүкіршілік еттік.

Күн батқасын Арафат пен Минаның ортасындағы Мүздәлифа деген жерге келіп, ақшам және құтпан намаздарын қосып оқып, осы арада түнедік. Ал, күн шықпай тас теріп алған біздер Минадағы шатырлы қалашыққа қайтып оралдық.

Рәми-л-жамарат–тас
лақтыру ғибадаты

Минада Алла тағаланың лағнетіне ұшыраған Ібіліс шайтанды меңзейтін үш тас үйіндісі бар. Оны жамарат деп атайды. Үш жамараттың өз атаулары бар, олар: Кіші, Ортаңғы және Соңғы жамарат.

Шатырлы қалашықтан біздер құрбан айтының алғашқы күні Соңғы жамаратқа тас лақтыруға жаяу шықтық. Бұл аралық жеті шақырымдай жер. Жамараттар үш қабатты ғимарат құрылысы арқылы жаңартылған екен. Нөпір халықтың лақтырған тасы алдарында тұрған адамдардың басына тиіп, бір-бірін жаншып кету оқиғалары бұрынырақта болғандықтан бұл жолы біз өзімізді еркіндеу сезіндік. Бірақ адамның көптігінен жеті шақырымнан астам қашықтықты жүріп өту оңайға түспеді. Осылай жеті тасымызды лақтырып, ғибадатымызды орындадық.

Міне, осы кезден құрбан айты басталады. Содан кейін қажылар шаштарын алады, не қысқартады. Осыдан бастап ихрам кезінде тыйым салынған барлық іс-әрекеттерге қайтадан рұқсат етіледі. Біз сол бойда әл-Харам мешітіне бет алдық. Жамараттан әл-Харамның арасы үш-төрт шақырым жер. Қапырық ыстықта Минадан Меккеге жету де оңай соқпайтыны анық жай. Бірақ қасиетті жерлерде жүргесін бе, адамда шаршау деген болмайды екен. Неге десеңіз, сол бойда әл-Харамдағы Қағбаны нөпір халықтың арасында жеті рет айналып, Сафа мен Мәруа төбелерінің арасында жеті рет жүріп өту, одан әрі Меккені қақ жарып өтіп, Минадағы қалашыққа жаяулап жету кезінде шаршау-шалдығуды сезбегенімізге өзіміз де таң қалдық. Ал, бұл рәсімді құрбан айтының қалған екі күні бойы дәл осы қалыпта орындасақ, қажылық парызын өтеу оңай еместігіне көз жеткізгендей боласың.

Қағбадағы қоштасу тәуәбы адам жүрегіне қимастық сезім ұялатқандай. Қасиетті Қағбаны енді көре алар ма екенбіз?! Жанарыңа жас моншағының іркілгенін өзің де сезбей қаласың. Жаратқан иеміз нәсіп етіп, өзіне жақындатқанына шүкіршілік етіп, енді осы шынайы сезімнен арылтып, қайтадан алыстағы туған жерге аттандыратыны өкінішті-ақ. Әйтпесе, Мекке мен Мәдинадағы ұлық пайғамбарымыз Мұхаммед (с. а.с.)-ның табанының ізі қалған қасиетті жерді басу екінің бірінің бақытына жаза бермейтін шығар. Өзінің жыртық шапанына намаз оқып, бүкіл адамзатқа көркем есімімен қалған пайғамбарымыздың қасиетті дінімізді тарат-
қан жерге сапарымыз сәтті болды. Әр мұсылман пенде үшін бес парыздың бірі саналатын қажылықты орындау парыз. Ол «Иә, Алла! Бұл – сенің үйің. Мен сенің құлыңмын, құлыңның ұлымын, үмбетіңнің баласымын. Жаратылысыңның ішінен өзің маған бағындырған көлікпен, осы елге аман-есен алып келдің. Сенің нығметіңнің арқасында қажы амалдарын өтедім.

Сенің үйіңнен өз үйіме кеткенге дейін мейіріміңді жаудыр. Елге қайтуға уақыт келді, ешбір шүбәсіз рұқсатыңды бер. Үйіңді де қимаймын, өзіңмен тілдесуге де құштармын. Еліме аман-есен жеткіз. Өмірімнің соңына дейін өзіңе құлшылық етуге медет бер» деп қажылар Қағбаны жеті рет айналып, қоштасу тәуәбін жасайды. Бұл адамға шүбәсіз қимастық сезімін төгетін сәттер еді.

Файзолланың дәмді дастарханы

Компания қажылық сапар кезінде зиярат етушілерді күніне екі мезгіл ыстық тамақпен тамақтандыруды өз міндетіне алған болатын. Бір атап өтерлік жай, компания төрайымы Нұржамал Ыбырайқызы бұл жолы да аспаздарымен ас-су жабдықтарының ең қажет дегендерін өздерімен бірге алып барыпты. Аспазымыз Файзолла Назиров өз көмекшілерімен Мәдина мен Меккеде, Мина мен Арафат жерлерінде де екі мезгіл дастархан жайып, ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырды. – Өзім осы «Ансар-Круизбен» үшінші рет қасиетті жерге аспаз ретінде қадам бастым. Жалпы бесінші рет аспаз болып келіп, әрі парызымды өтеп жүрген жайым бар, – дейді Файзолла. Ал жергілікті жердің қаймағы мен айранының дәмі арамыздағы қарияларды таңдайын талай рет тамсандыр-ғанының куәсі болдық.

Арабия қазағы – Хабиболла

Бағзы замандарда ата-жұртынан алшақтап қалған қандастарымыздың ұрпақтары Ара-
бияда да аз емес екен. Солардың бірі – Хабиболла Абдуқұтысұлы. Ол Мәдинаға біз алғаш келген күні-ақ отандастарын өзі іздеп келді.
Дастархан басындағы емен-жарқын әңгіме кезінде басынан өткен тағдырын әңгімелеп, көзіне жас та алды.

– Елді сағындым. Шетте жүріп, өсіп-өркендеген адамға тарихи Отанның қандай қастерлі екенін білсеңіздер ғой. Ата-бабаларымыз елден ертеректе кеткен екен. Өзім де Ауғанстаннан осында қоныс тептім. Оған да отыз жылдан асыпты. Елге оралғым келеді. Қалған ұрпағым ата-бабаларының елінде өсіп-өнсе деген тілек бар, бес ұл, бес қызымды ата жұртыма жеткізсем, – дейді қандасымыз Хабиболла Абдуқұтысұлы.

Шынында, біз елдің қадір-қасиетін сезінбейтін сияқтымыз. Шетте жүрген қандастарымыздың ата-баба жұртынан келген бауырын көрсе, осылай құрақ ұшып, жанарына жас толатынын көріп жүрміз. Хабиболла ақсақалға да елге оралып, қазақ жерінде бағы асып, бақыты тасысыншы деп тілек тілеген едік.

Отандастар дастархан жайды

Міне, Зүлхижжә айының он төртінші күні де тәмам болды. Келген сапарымыздың барлық әдет-ғұрыптары, ғибадаттары аяқталды. Баршамыз қажы аталдық. Ендігі міндет – Мекке мүкәррәмнан кетер алдында әл Мәсжид әл-Харам мешітіне келіп, «тауаф әл-уадат», яғни «қоштасу тауафын» орындау. Ол парызды да өтедік. Сөйтіп, Мәдинаға жол тарттық.

Түнімен жүріп таң ата Мәдинаға жетіп, мейманханаға аялдадық. Жоғарыда есімі аталған отандасымыз Хабиболла Абдулқұтысұлы баласымен дастархан жайып қарсы алды. Баршамызды сапарымыздың сәтті өтуімен құттықтап, толқи сөйледі. Қос жанары жасқа толып тұр. Сездіргісі келмейді. Ата-жұртқа бір барып қайту арманым, жолдарың болсын, бауырлар!

Қимастықпен қоштастық. Ақ батасын беріп, баршамызды әуежайға шығарып салды.

Ыстамбұл әуежайына таң ата келіп қондық. 10-12 сағат осында аялдауымыз қажет. Атап өтерлік жай сол, баршамызды Ыстамбұлдың қала әкімдігінің жауапты қызметкері Ілияс Керей бастаған қандастарымыз қарсы алды. Компаниямыздың төрайымы Нұржамал Ыбырайқызымен 6-7 жылдан бері таныс екен.

Сыртқа шықсақ 4 жайлы автобус біздің тосып тұр. Жапырай мініп, бір-екі орамнан кейін теңіз жағасындағы дәмханаға ат басын тіредік. Отандастарымыз – оразаларыңды ашыңыздар, бауырлар, – деп дәм-тұздарын ұсынып жатыр. Дастархан басында сөз алған жол бастаушымыз Нұржамал Ташанова қандастарымыз Ілияс Керей, Әбдірахман Көкенұлы бастаған отандастарымыздың ыстық ықыластарына рахметін айтып зор ризашылығын білдірді. Арамыздағы қарағандылық Құсайын қажы Әбдірахманов баршамыздың атына бата беріп, имам Орманбек қажы Қуатбаев аруақтарға арнап дұға бағыштады.

Ыстамбұлдық қандастарымыздың ыстық ықыласына бөленген біздер бес жұлдызды мейманханада 3-4 сағат дем алып, Түрік Республикасының басты қаласын аралап, көрікті жерлерін тамашалап, Босфор бұғазы жағалауындағы мейрамханадан кешкі қонақасы ішіп,
бауырларымызбен қимастықпен қоштасып, Астанаға жол тарттық. Әдетте қандай да болсын сапардың сәтті аяқталуы оны ұйымдастыруға байланысты ғой. Осы орайда қажылардың өз парыз-ғибадаттарын орындау кезінде талап-тілектерін екі айтқызбай қызмет еткен компания қызметкерлері Болат Сағиевке, Бақыт Құрманбаевқа, Тимур Қайратұлына, сондай-ақ, Мәдина қаласындағы «Мәдина-Ислам» университетінде дәріс алып жатқан жерлес студенттеріміз Заур Сыдықовқа, Жастілек Сейілха-
новқа, Олжас Нұржановқа, Аман Тасмағамбетовке, Астанадан бірге шығып, сапарлас бол-ған республикалық «Асыл арна» телеарнасының фотосуретшісі Мейірхан Әбілов пен телеоператор Алтынбек Бектасовқа ризашылығымызды білдіреміз. Әр қажыға сапар барысынан түсірілген бейнетаспа сыйға тартылды.

Исламның бес қазығы, яғни қазақ ағайындар мұсылманның бес парызы деп атап келген соның бір парасы – қажылық ғибадаттарымыз қабыл болсын, ағайын! Әумин!

Бәдуан ИМАШҰЛЫ,

Бақыт СМАҒҰЛ.

Көкшетау-Астана-Ыстамбұл-Мәдина-Мекке-Мәдина-Ыстамбұл-Астана-Көкшетау.

Суреттерде: компания төрайымы Нұржамал Ыбырайқызы Ташанова; ақмолалық қажылардың бір тобы.