Миллион баланы киіндірмек

Біріккен Араб Әмірліктері. Қасиетті Рамазан айында «Бүкіл әлем бойынша бір миллион баланы киіндірейік» деп аталатын қайырымдылық науқаны басталды. Бұл шараға Дубай әміршісі әрі БАӘ вице-президенті, шейх Мұхаммед бин Рәшид әл-Мақтұм өзі бас-көз болуда.

Рамазан айы басталғалы бері бес күннің ішінде осы мақсатта 5,4 миллион доллар жиналды. Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, бұл қаражатқа 500 мың мұқтаж баланы киіндіруге болады. Алда әлі екі апта уақыт бар. Осынау қайырымдылық шарасына атсалысып, сауап алғысы келетіндер осы уақыт аралығында бір баланы киіндіруге кететін 40 дирхамды (11 долларды) садақаға беруіне болады. Аталмыш акцияға аса ірі супермаркеттер, ұялы байланыс операторлары, сауық-сайран саябақтары атсалысуда. Дубайдың Ұлттық банкі науқанға өз үлесін қосу үшін 20 млн. дирхам (548 мың доллар) аударды.

Қасиетті Рамазан айы тек ауыз бекітіп, ораза ұстау айы ғана емес, сонымен бірге, қайырымдылық жасау айы екенін айта кету керек. Бұл ай, әсіресе, балаларға сонысымен қызық, сонысымен есте қалады.

Халық наразылығы толастар емес

Греция. Ел парламенті Афиныға арналған 6,8 миллиард еуро көлеміндегі несиенің берілуіне қатысты талаптарды мақұлдайтын заңды құптады. Заңға 168 депутаттың 153-і қолдап, дауыс берген.

НЕ нашли? Не то? Что вы ищете?

Дауыс беру кезінде парламент ғимаратының жанында мыңдаған адам митинг өткізіп жатты. Оған мұғалімдер, мектеп күзетшілері, муниципальды полиция қызметкерлері, жергілікті билік органдарының жұмысшылары мен жұмыссыздар қатысты. Тәртіп сақшылары парламентке баратын барлық жолды жауып тас-
тады.

Әскерилерге шабуыл жасалды

Египет. Синай түбегінің солтүстігінде қаруланған қылмыстық топтар әл-Ариш қаласындағы полиция бөлімшесі мен банк күзетшілеріне шабуыл жасап, бір әскери мен жергілікті тұрғынды қаза қылды.

Кездейсоқ өтіп бара жатқан тағы бір адам жарақат алған. Келесі бір шабуыл Мысыр мен Израиль шекарасы маңындағы Рафах қаласында болған. Онда қылмыскерлер жергілікті полиция базасына гранатометтен оқ жаудырып, 10 адамды жаралады. Ал бұған дейін ақпарат көздері әл-Ариште үш полицейдің мерген винтовкасынан атылған оқтан қаза болғанын хабарлаған болатын. Жалпы Синайдың солтүстігінде экстремистік топтар соңғы екі жылда белсенділік танытуда. М. Мурси биліктен кеткеннен бері олардың әскерилер мен полицейлерге шабуылы жиілеп кеткен.

Сырадан шіркеу салмақшы

Бельгия. Ел үкіметі ел астанасында сырадан шіркеу салу жөнінде бір шешімге келгенін растады.

Бельгияның Бюджет және экономика министрлігінің ұсынысы бойынша, бұл бастаманы іске асыруға 102 мың еуро бөлінетін болған. Шіркеу құрылысы Белгияның сыра қайнату орталығында, яғни, бұрынғы биржаның іргетасына салынады. Жоба авторлары оны жобалауда Амстердамдағы Heineken және Дублиндегі Гиннестің сыра мұражайларының үлгілерін пайдаланбақшы.

Мұнда сыра қайнатудың бірегей мәдениеті қалыптасқан, дейді ресми билік өкілдері. Яғни, олардың пікірінше, сыраның 900 түрі өндірілетін елде сыраға арналған шіркеудің болмауы ағаттық. Бүгінде ел ішінде төл тарихы 400 кейде 500 жылға жететін 300-ге жуық сыра түрі бар. Сондықтан да, бұл елде ауызға көп алынатын мәтел мынадай: «Шарапты жақсы көретін адам қолына стақан алып сөйлейді, ал сыраны сүйетіндер көршісін қолтықтап алып сөйлейді».

Бензин бағасы қымбаттады

Түркия. Қазіргі кезде елдегі жанармай құю бекеттерінде көлік саны тым аз. Түркияда бензин бағасы күннен-күнге қымбаттап барады. Бұған қарапайым халық наразы.

Соңғы бір аптаның ішінде Түркияда бензин бағасы тым қарыштап кеткен. 1 литрі 5 лира, яғни, біздің теңгеге аударғанда шамамен 400 теңге болады. Сөйтіп, бұл көрсеткішпен Түркия дүниежүзіндегі ең қымбат бензин сататын ел атанып отыр. Соңғы 5 жыл ішінде бензин бағасы 3 лирадан 5 лираға дейін көтерілген. Тіпті, кейбір қалаларда жанармайдың 1 литрі 5 лирадан асып-жығылады.

Бензин қымбаттаған соң халықтың дені жеке көліктерін тастап, қоғамдық көліктерге міне бас-тады. Жанармай құю бекеттерінде көлік саны тым аз. Халық биліктен бағаны арзандатуды өтініп отыр. Кейбіреулер газбен жүретін көлік алуға бел буды. Түркияда газдың да бағасы мәз емес. Бізше 190 теңгеге дейін барады. Алдағы уақытта бензин бағасы тағы да қымбаттайды деп күтілуде.

Тағам сапасы алаңдатып отыр

Үндістан. Елде оқушылар тағы да астан уланды. Гоада түскі тағамнан жиырмадан астам бала ұшынып, ауруханаға жеткізілген.

Бұл апта басынан бергі үшінші жағдай. Сәрсенбі күні елдің оңтүстік шығысында отызға жуық мектеп оқушысы астан уланып, қаза болған еді. Бихар штатында сапасыз тамаққа қарсы наразылық шарасына шыққан оқушылар сабырға шақырмақ болған ұстаздарын сабай жаздады. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, мектептерде тазалық мүлде сақталмайды. Оқушылар ішінде түрлі жәндіктер мен кір-қоқыс аралас жүретін тамақты жеуден жиренетіндіктерін айтқан.

Су тасқынынан әуежай жабылды

Мексика. Елдегі алапат су тасқынының салдарынан елдің халықаралық әуежайы уақытша жабылды.

Чиуауа штатында нөсер жаңбыр 3 күн бойы толассыз жауып, соңы тасқынға ұласты. Какауателес және Ногалес өзендерінің суы арнасынан асып, терминалдарды басып қалды. Әуежайдағы барлық жолаушылар қауіпсіз жерлерге көшірілді. Ұшуды кейінге қалдырған 5 әуе компания шығынға батқан. Жергілікті мамандар ауа райы қашан жақсаратынын нақты айта алмауда.

Рамазан айында ажырасуға тыйым салды

Палестина. Елдегі шариғат негізінде үкім беретін құзырлы орынның қасиетті Рамазан айында ерлі-зайыптылардың ажырасқаны туралы сертификатты бермейтінін мәлімдеді. Палестина автономиясы ислами соттарының жетекшісі шейх Юсеф Идеис. Алайда, айрықша жағдайларда ерлі-зайыптылар Жоғарғы сот бюросы растаған құжатты ала алады.

Бұл шешім 2012 жылдың ораза айы кезінде ерлі-зайыптылардың ажырасу көрсеткішін айтарлықтай төмендеткен осы іспен айналысатын арнайы бөлімнің ұсыныстарына сәйкес қабылданды. Иордан өзенінің батыс жағалауында және Газа секторында неке қидыру, ажырасу, балаларды қамқорлыққа алу және алимент төлеу секілді отбасылық мәселелердің шариғат негізінде реттеледі.

Он жыл бойы құлдықта болған

АҚШ. Елде жантүршігерлік оқиға тіркелді. Хьюстондағы бір үйде сегіз бірдей зейнеткер бірнеше жыл бойы құлдықта болған.

Әбден арып-ашыған оларды жергілікті полиция анықтады. Төрт ер адам гаражда аянышты жағдайда тұрған. Олардың не төсегі, не үстелі болмаған. Үкіметтен кәдімгідей зейнетақы алып жүрген қариялар қайыршыға айналып, қоқысқа тасталған қалдықпен қоректенген. Босатылған қарттардың бірі осындай жантөзгісіз жерде он жыл өмір сүргенін айтады. Қалған төрт әйел үйдің ішінде болған. Полицейлердің анықтауынша, үй қожайыны зейнеткерлердің әлеуметтік карталарын иемденіп, олардың атынан мемлекеттік төлемдер алып отырған.

Дайындаған Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ.