6-1) сұраныс пен ұсыныс көздерiнiң, сондай-ақ шетел валютасын iшкi валюта нарығында пайдалану бағыттары мониторингiн жүзеге асырады;
7) айырбастау пункттерiн тiркеу тәртiбiн белгiлейдi, сондай-ақ айырбастау пункттерiнiң тiркеу куәлiктерiн бередi және Қазақстан Республикасының валюта заңнамасына сәйкес олардың қолданылуын тоқтатады;
8) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы айқындаған тiзбеге сәйкес шетел валюталарына қатысты Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының ресми бағамын белгілейдi;
9) мемлекеттiк органдардың құзыретiне сәйкес олардың келiсiмi бойынша Қазақстан Республикасындағы резиденттер және резидент еместердiң орындауы мiндеттi валюта операциялары бойынша есепке алу мен есептiлiктiң тәртiбiн және нысандарын белгілейдi;
10) валюта заңнамасын сақтау мәселелерi бойынша тексерулерді жүзеге асырады, сондай-ақ валюта заңнамасы бұзылған жағдайда өз құзыретi шегінде және Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртiпте санкциялар қолданады;
11) алып тасталды
12) алтынвалюта активтерiмен операцияларды қалыптастырады және жасайды;
13) халықаралық есеп айырысуларды ұйымдастырады, шет елдермен валюталық-қаржылық және кредиттік-есеп айырысу қатынастарын жетiлдiредi;
14) жасалған мемлекеттiк шарттарға сәйкес шетелдiк және халықаралық ұйымдардан шетел валютасын тартады;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген валюталық реттеу және валюталық бақылау саласында өзге де функцияларды орындайды.
Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2005.11.15. N 1672 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2006.09.11. N 177, 2008.01.30. N 527 Жарлықтарымен.
14. Қазақстанның Ұлттық Банкi валюта құндылықтарымен және қымбат металдармен мынадай операцияларды жүзеге асырады:
1) шетел валютасын сатып алады және сатады;
2) Қазақстан Республикасының Yкiметi шет мемлекеттердiң үкiметтерi немесе халықаралық қаржы ұйымдары шығарған және кепiлдiк берген шетел валютасындағы бағалы қағаздарды, оның iшiнде Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының шешiмiнде көзделген жағдайларда, несие нысанындағы бағалы қағаздарды сатып алады, сатады немесе операциялар жүргiзедi;
3) банктерде, шетелдiк орталық банктерде және олардың тiркелген мемлекеттерiнiң заңнамасы бойынша тиiстi құқығы бар банктерде, қаржы институттарында, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарында шоттар ашады;
4) шетелдiк орталық банктер, олардың тiркелген мемлекеттерiнiң заңнамасы бойынша тиiстi құқығы бар банктер және басқа қаржы институттары, шетел үкiметтерi мен олардың агенттерi үшiн, сондай-ақ халықаралық ұйымдар үшiн шоттар ашады және жүргiзедi, өкiл немесе корреспондент ретiнде iс-әрекет жасайды;
5) тазартылған алтынды, қымбат металдарды, асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды қабылдауды және сақтауды жүзеге асырады;
6) Қазақстан Республикасының аумағында және сыртқы нарықта тазартылған алтынды және басқа қымбат металдарды сатып алу және сату бойынша операциялар жасайды;
7) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгiленген тәртiппен валюта құндылықтары мен қымбат металдарды Қазақстан Республикасына әкеледi, сондай-ақ оларды шетел банктерi мен мамандандырылған қаржы ұйымдарындағы өзiнiң шоттарына орналастыру үшiн шет елдерге әкетеді;
8) кредиттiк рейтингiнiң ең төменгi деңгейiн Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы айқындайтын эмитенттер шығарған бағалы қағаздарды сатып алады, сатады немесе олармен операциялар жүргiзедi;
9) банкаралық депозиттер, репо мен керi репо, депозиттiк сертификаттар, коммерциялық қағаздар және кредиттiк рейтингiнiң ең төменгi деңгейiн Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы айқындайтын эмитенттер шығарған басқа да борыштық мiндеттемелерi сияқты ақша нарығының құралдарымен операцияларды жүзеге асырады;
10) кредиттiк рейтингтерi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы айқындаған деңгейден төмен емес қарсы әрiптестермен форвард операциялары, своп операциялары және опцион операциялары сияқты туынды қаржы құралдарымен операцияларды жүзеге асырады;
11) Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының шешiмi бойынша басқа да операцияларды жүзеге асырады.
15. Қазақстанның Ұлттық Банкi алтын-валюта активтерiн басқару мақсатында:
1) Қазақстан Республикасының қымбат металдармен және асыл тастармен байланысты қатынастарды реттейтiн заңнамасына сәйкес, аталған металды қазақстандық және өзге өндiрушiлерден (сатушылардан) тазартылған алтынды сатып алады;
2) Қазақстан Республикасының резиденттерінен және резидент еместерiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкiметiнен шетел валютасын Қазақстан теңгесiне (ескерткiш және кәдесый монеталарын қоса алғанда) және шетел валютасын сатып алады;
3) депозиттерді (салымдарды) орналастырады, шетел валютасымен дилинг операцияларын және шетел валютасында деноминацияланған бағалы қағаздармен операцияларды жүзеге асырады, сондай-ақ шетел валютасымен кредиттер бередi;
4) тазартылған алтынмен, күмiспен, платинамен және платина тобындағы басқа металдармен сату, орналастыру және басқа операцияларды жүзеге асырады;
5) халықаралық қаржы ұйымдарынан, шет мемлекеттердiң орталық банктерiнен және басқа кредиторлардан кредиттер алады;
6) шетел валютасымен ақы төленетiн консультациялық, ақпараттық-баспа және басқа қызметтер көрсетедi;
7) ақша-кредит саясатын және айырбас бағамы саясатын жүргiзу мақсатында, оның iшiнде iшкi валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстардың ауытқуларын баяулату мақсатында, iшкi валюта нарығында валюта сатып алады және сатады;
8) өнiм (жұмыстар, көрсетiлген қызметтер) импортына, оған қоса шет елдердегi дипломатиялық және өзге де өкiлдiктердi ұстау және iссапар шығыстарына төлеу үшiн, сондай-ақ бюджет қаражаты есебiнен және Қазақстан Ұлттық Банкiнiң бюджетi (шығыстар сметасы) есебiнен Қазақстан Ұлттық Банкiнiң мемлекеттiк сыртқы борышына қызмет көрсету үшiн теңгенi шетел валютасына айырбастауды жүзеге асырады;
9) басқа шетел валютасын сатып алу үшiн шетел валютасын сатады;
10) алынған кредиттер бойынша негiзгi борыш сомасын және сыйақы сомасын қайтарады, сондай-ақ комиссиялық және олардың басқа да iлеспе шығыстарын төлейдi;
11) қалыптастырылған провизиялар (резервтер) есебiнен шығынды алтын-валюта активтерiн есептен шығарады;
12) алтын-валюта активтерiнiң өтiмдiлiгiн және сақталуын, сондай-ақ бiрқалыпты тәуекел деңгейi кезiнде ұзақ мерзiмдi болашақта кiрiстiлiгiн қамтамасыз ете отырып олармен операциялар жүргiзедi.
Ескерту. 15-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2005.11.15. N 1672 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2006.09.11. N 177 Жарлықтарымен.
16. Қаржы ұйымдарының қызметiн лицензиялау, бақылау және қадағалауды жүзеге асыру, сондай-ақ олардың қызметiн реттеудi Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес келтiру мақсатында Қазақстанның Ұлттық Банкi:
1) қызметiнiң ерекше түрi шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғаларға шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға лицензиялар бередi; V991010 (N 5 қосымша)
2) банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға: банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялауға лицензия бередi;
3) инкассация бойынша операцияларды Қазақстан Ұлттық Банкiнiң лицензиясы негiзiнде жүзеге асыратын заңды тұлғалардың, сондай-ақ қызметiнiң ерекше түрi шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалардың жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерiн және қалыптасу тәртiбiн белгiлейдi;
4) қызметiнiң ерекше түрi шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғаларға әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуге рұқсат бередi;
5) Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленген жағдайда, уәкiлеттi органға уәкiлеттi органның банк операцияларының жекелеген түрлерi бойынша лицензия беру мүмкiндiгi туралы қорытынды бередi, сондай-ақ осындай қорытындыны беру талаптарын және тәртiбiн айқындайды;
6) Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен көзделген жағдайда мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан және азаматтардан өзінiң бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру үшiн қажеттi мәлiметтер алады;
7) басқа мемлекеттердiң уәкiлеттi органдарымен, орталық банктерiмен және қадағалау органдарымен ынтымақтастықта болады және өздерi бақылау функцияларын жүзеге асыруға қажеттi ақпаратпен алмасуға құқылы;
8) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде айқындалған өкiлеттiгі шегiнде банк қызметi, ақша төлемдерi және аударымы, валюталық операцияларды жүзеге асыру және өзге де мәселелер бойынша барлық банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар және олардың клиенттерi орындауға мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлер шығарады, сондай-ақ олардың сақталуын қадағалауды жүзеге асырады;
9) барлық қаржы ұйымдары орындауға мiндеттi бухгалтерлiк есеп және бухгалтерлiк есеп жүргiзудi автоматтандыру мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi және бекiтедi, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкiнiң лицензиясы негiзiнде банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептiлiк туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының және халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының талаптарын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
9-1) арнайы қаржы компаниялары орындауға міндетті бухгалтерлік есеп, қаржылық есептілік және операцияларды автоматтандыру жүйелері мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасын, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарын, сондай-ақ операцияларды автоматтандыру жүйелеріне қойылатын талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
10) бухгалтерлiк есеп жүргiзудi автоматтандыру жүйелерiне қойылатын талаптарды барлық қаржы ұйымдарының сақтауын бақылауды, оның ішiнде уәкiлеттi органдардың қызметкерлерiн тарта отырып жүргiзілген тексерулер арқылы жүзеге асырады;
11) мынадай банк операцияларын жүргізу тәртiбiн айқындайды: банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың корреспонденттiк шоттарын ашу және жүргізу; жеке және заңды тұлғаларға тиесiлi тазартылған қымбат металдардың және қымбат металдардан жасалған монеталардың нақты саны көрсетiлетiн осы тұлғалардың металл шоттарын ашу және жүргізу; кассалық операциялар; аударым операциялары; есепке алу операциялары; банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау; шетел валютасында айырбастау операцияларын ұйымдастыру; аккредитивті ашу (қою) және растау және ол бойынша мiндеттердi орындау, сондай-ақ банкаралық клирингті жүзеге асыру, төлем карточкалары мен чек кітапшаларын шығару мен пайдалану тәртібін айқындайды;;
12) банктерде операциялар жасауға сенімхат беру тәртiбiн белгiлейдi;
13) тиiстi уәкiлеттi органдардың келiсiмi бойынша банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың үй-жайларын күзету және құрылысын ұйымдастыру жөнiндегі орындалуы мiндетті талаптарды белгілейдi;
14) бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік жүйесiн реттеу жөнiндегі уәкілетті органмен келiсе отырып қаржылық есептiлiктiң халықаралық стандарттарымен реттелмеген және оларға қайшы келмейтiн мәселелер бойынша қаржылық есептіліктің стандарттарын, сондай-ақ оларға әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді және бекітеді;
15) уәкiлеттi органның келісімi бойынша Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда, қаржы ұйымдарының және олардың аффилиирленген тұлғаларының қаржылық есептiлiктерiнiң халықаралық стандарттарға сәйкес келетiн тiзбесiн және нысанын, сондай-ақ ұсыну мерзімдері мен тәртібiн белгілейдi;
16) егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, ақша төлемдерiн және аударымдарын реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметінiң келісiмi бойынша банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар және барлық шаруашылық субъектiлерi жүзеге асыратын банк шоттары бойынша төлем жасау кезектілігін белгiлеуге құқылы;
17) банктердің операциялары мен мәмілелерінің жекелеген түрлерi бойынша сандық шектеулерді белгiлейдi;
18) банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға олар банк қызметi, есепке алу, ақша төлемдерi мен аударымдары, валюталық операцияларды жүзеге асыру мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актілердi бұзған жағдайда өз құзыретi шегiнде ықпал ету шараларын және банктік және валюталық заңнамада көзделген санкцияларды қолдану тәртiбiн айқындайды және қолданады. Банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға өз құзыретi шегiнде санкциялар қолданған кезде Ұлттық Банк бұл жөнiнде уәкілеттi органға хабарлайды;
19) лицензиаттарға Қазақстан Республикасының банктiк және валюталық заңнамасын бұзғаны үшін өз құзыретi шегiнде ықпал ету шараларын және санкциялар қолданады;
20) бағалы қағаздар нарығында тиiстi лицензиялар алмай-ақ Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде айқындалған банк қызметiн және кәсiби қызметтi жүзеге асырады.
Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2005.11.15. N 1672 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2006.09.11. N 177, 2008.01.30. N 527 Жарлықтарымен.
16-1. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң реттеу функциялары Қазақстан Республикасы қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал жасауға бағытталады.
Ескерту. 16-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2005.11.15. N 1672 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Жарлығымен.
16-2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенiмгерлiк басқаруды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Ұлттық Банкi:
1) Қазақстан Ұлттық Банкi мен Қазақстан Республикасының Үкiметi арасында жасалатын және ресми басылымдарда жарияланатын сенiмгерлiк басқару туралы шарт негiзiнде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенiмгерлiк басқаруды жүзеге асырады;
2) бюджеттiң атқарылуы жөнiндегi орталық уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық операцияларды жүзеге асыру тәртiбiн айқындайды;
3) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерiн айырбастау және қайта айырбастау тәртiбiн айқындайды;
4) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерiне сыртқы басқарушылар таңдау тәртiбiн айқындайды.
Ескерту. 16-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2006.09.11. N 177 Жарлығымен.
17. Қазақстанның Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес:
1) Қазақстан Ұлттық Банкiне жүктелген функцияларды жүзеге асыруға жағдай жасайтын және (немесе) қаржы нарығы инфрақұрылымының бiр бөлiгi болып табылатын ұйымдарды құруға және оның қызметiне қатысады;
2) Қазақстан Республикасы банктерiнiң жиынтық балансын және өз балансын жасайды және тұрақты түрде жариялайды;
3) елдiң есептiк төлем балансын, халықаралық инвестициялық позицияны және жалпы сыртқы борышын бағалауды қалыптастырады, төлем балансының қысқа мерзімді, орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi болжамдық бағалауын әзiрлеуге қатысады, валюталық операцияларды тiркеудi, мемлекеттiк кепiлдiктерi жоқ мемлекеттiк емес сыртқы қарыздар бойынша шарттардың мониторингiн жүзеге асырады;
4) мемлекеттiң ақша-кредит және қаржы статистикасын қалыптастырады;
5) статистика жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша оның құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша төлем балансы, сыртқы борыш, ақша-кредит және қаржы статистикасы жөніндегi статистикалық есептiлiк тiзбесiн, нысандарын, ұсыну мерзiмiн белгiлейдi және оны жинауды жүзеге асырады;
6) мемлекеттiк органдар мен қаржылық ұйымдар үшiн кадрлар даярлауға және қайта даярлауға қатысады;
7) мемлекеттiк органдардан, қаржылық және өзге де ұйымдардан, сондай-ақ олардың қауымдастықтарынан (одақтарынан) өз функцияларын орындау үшiн статистикалық есеп және қажет болған жағдайда өзге де қосымша ақпарат сұратуға және алуға құқылы;
8) алынып тасталды
9) Қазақстан Ұлттық Банкi және Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе басқа да заңды тұлғалар арасында жасалатын сенiмгерлiк басқару туралы шарттардың негiзiнде активтердi сенiмгерлiк басқаруды жүзеге асырады. Қазақстан Ұлттық Банкi және Қазақстан Республикасының Үкiметi арасында жасалатын сенiмгерлiк басқару туралы шарттар ресми баспасөз басылымдарында жарияланады;
10) вексельдердiң бiрiншi сыныпты эмитенттерiнiң өтеу мерзiмi бiр жылдан аспайтын коммерциялық вексельдерiн қайта есепке алады;
11) депозиттер қабылдайды, ақша төлемдерi мен аударымдарын жүзеге асырады, бағалы қағаздар мен өзге де құндылықтарды сақтауға және басқаруға қабылдайды;
12) қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде банктерде және қаржы ұйымдарында шоттар ашады;
13) сыртқы борышты басқарудың мемлекеттiк саясатына сәйкес банктер үшiн сыртқы заемдарды тарту көлемiне шектеулер енгiзедi;
13-1) қаржылық есептiлiктiң халықаралық стандарттарын ескере отырып Қазақстан Ұлттық Банкi үшiн бухгалтерлiк есеп саясатын және әдiстерiн айқындайды;
14) банктердi, заңды және жеке тұлғаларды шарт жасау жағдайында қажеттi талдау, баспа және ақпарат материалдарымен қамтамасыз етедi, банк iсiн ұйымдастыруға консультациялық және iс жүзiнде көмек бередi және басқа да қызметтер көрсетедi;
15) ақылы негiзде банк операцияларын жүргiзедi және басқа да қызметтер көрсетедi, оның iшiнде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын, өзге де қорлар мен ұйымдарды басқару жөнiнде қызметтер көрсетедi.
бюджеттiң атқарылуы жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға көрсетiлетiн банк және өзге де қызмет көрсету үшiн ақы алмайды;
16) Қазақстанның Ұлттық Банкi кредиттердi қамтамасыз ету үшiн жарамды деп санайтын депозиттiк сертификаттарды, борыштық бағалы қағаздарды сатып алады және сатады;
17) туынды қаржы құралдарымен операцияларды жүзеге асырады;
18) чектер жазады және вексельдер бередi;
19) Қазақстан Республикасының аумағында шығарылатын немесе аумағына әкелiнетiн вексель қағазының қорғалу дәрежесіне қойылатын талаптарды, сондай-ақ вексель қағаздарына техникалық талаптарды бекiтедi;
20) егер бұған "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен тiкелей тыйым салынбаса, өз мiндеттерiне сәйкес өз атынан басқа да банк операцияларын, сондай-ақ мәмiлелердi жүзеге асырады;
21) оларды қарау Қазақстан Ұлттық Банкiнiң құзыретiне жатқызылған әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi Қазақстан Республикасының заңнама актiлерiне сәйкес қарайды;
22) Ұлттық Банк қызметкерлерiн даярлауды және бiлiктiлiгiн арттыруды жүзеге асырады;
23) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге функцияларды, өкiлеттiктер мен құқықтарды жүзеге асырады.
Ескерту. 17-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2005.11.15. N 1672 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), 2006.09.11. N 177, 2008.01.30. N 527 Жарлықтарымен.
3. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң капиталы және резервтерi
18. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң капиталы және резервтері жарғылық және резервтiк капиталдардан, қайта бағалау шоттарынан, арнайы провизиялардан (резервтерден), сондай-ақ жалпы провизиялардан (резервтерден) тұрады.
19. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қаржы жылындағы бөлiнбеген таза кiрiсi осы қаржы жылына жатқызылатын нақты алынған кiрiстерi мен шығыстары (алтынвалюта активтерiн қайта бағалау шоттарына жатқызылған, пайда болған iске асырылмаған кiрiс сомасын қоспағанда) арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Банктiк активтер бойынша жасалған жалпы провизиялар (резервтер) сомасына және алтынвалюта активтерiн қайта бағалаудан iске асырылған кiрiс сомасына азайтылған Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қаржы жылындағы бөлiнбеген таза кiрiсi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы белгiлеген мөлшерде жарғылық және (немесе) резервтiк капиталдарды ұлғайтуға жiберiледi.
Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жылдық есебiн бекiткеннен кейiн бөлiнбеген таза кiрiстiң қалған бөлiгi бiр қаржы жылына мәулетпен мемлекеттiк бюджетке аударылады.
Егер резервтiк капиталдың мөлшерi жарғылық капитал сомасынан аз болған жағдайда барлық бөлiнбеген таза кiрiс Қазақстан Ұлттық Банкiнiң басқаруында қалады және жарғылық капитал мөлшерiне жеткенге дейiн резервтiк капиталды толықтыруға жiберiледi. Қаржы жылындағы шығындарды өтеу үшiн резервтiк капитал қаражаты жеткiлiксiз болған кезде орны жабылмаған шығын Қазақстан Ұлттық Банкiне бiр қаржы жылына мәулетпен мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен толық көлемде өтеледi.
Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2005.11.15. N 1672 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Жарлығымен.
|
Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 |


