*Қазақстанда президенттік инновация клубы құрылды
Айқын: 07.12.2011
Автор: ЕЛДОС СЕНБАЙ
казатомпром
Кеше Астанадағы Инновациялық форум аясында инновациялық клубтың тұңғыш отырысы өтті. Бұл клуб Қазақстан Көшбасшысының тапсырмасымен құрылып отыр. Мұндай жаңа тұрпатты құрылым негізін қалау туралы шешім биылғы жылдың мамырында өткен жұмыс кеңесінде қабылданыпты. Клубқа отандық инновациялық жобаларды насихаттау және ілгерілету, оларды жүзеге асыруға жәрдемдесу, елге - жоғары технологиялар мен трансұлттық корпорацияларды, ал ғылым мен инновацияларға - инвестицияларды тарту сынды мақсаттар жүктелді.
Президенттік инновация клубы сарапшылардың Қазақстанның инновациялық дамуының көкейтесті түйткілдерін талқылайтын диалогтық алаңқай ғана емес, ол сондай-ақ орта және ұзақ мерзімді инновациялық өрлеу үшін қажетті кәсіби шешімдер мен ұсынымдар әзірленетін кеңестік-консультативтік органға айналдырылмақ. Оның кешегі алғашқы отырысына жетекші халықаралық сарапшылармен қоса, Премьер-министр бастаған Қазақстан Үкіметінің экономикалық, ақпараттық блогы қатысты. Ол Қазақстанда инновацияларға бөлінетін қаражат көлемінің болашақта тек ұлғая беретіндігін мәлімдеді. Бұл - нақты шешілген мәселе екен. Үкімет басшысының сендіруінше, ұлттық компанияларға және мемлекетке қарасты кәсіпорындарға жаңалықтарға құлақты түрік ұстап, тың, инновациялы өнертабыстарды ендіруге тапсырма ендігі беріліп те қойыпты.
- Кеңес дәуірінде әскери-өнеркәсіптік кешен инновация қарқынды ендірілген салалардың бірі болды. - деді Кәрім Қажымқанұлы, клуб жиынында. - Сондықтан да болса керек, қазақ жерінде де сонымен қабысып жатқан ғарыштық, атом салаларында, биологиялық сектор сынды бәсекеге қабілетті бірқатар инновациялық салалар пайда болды. Бірақ енді біздің алда шешуге тиісті міндеттердің бірі - инновацияны ендірудің жаңа нарықтық тәсілдері болып табылады.
Әйткенмен, клуб отырысын жүргізіп отырған белгілі ресейлік сарапшы, журналист Сергей Брилев инновацияны ендіру қарқыны жөнінен Қазақстанның Ресейді де артқа тастағандығын мойындады. Дегенмен арқаны кеңге салудың реті жоқ. Қазақстан Елбасының Тәуелсіздік алумен бара-бар жобасы - инновациялық экономика құру жолының әлі басында тұр. Оның үстіне клуб жиынында көрші Қытайда инновацияларға өмірге жолдама беру жылдамырақ әрі жеңілірек жүретіндігі ашық айтылды. Президенттік инновация клубы осы жолдағы еліміздегі әкімшілік кедергілерді жою жолдарын да қарастыруға тиіс.
Инновациялық форумға келген Үкімет жетекшісі Кәрім Мәсімов оның аясында жайылған арнайы Инновациялық көрмені аралады. ҰИҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуарбек Сұлтанғазиннің айтуынша, көрмеде 68 инновациялық жоба ұсынылыпты. Осы көрмеге қойылған көптеген жобалар Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен Ұлттық инновациялық қор өткізген байқауларда жүлде алып отыр.
Мәселен, Нұржан Құрманқұловтың «өсімдіктің өсімін реттеуіштердің шағын тоннаждық өндірісі» жобасы Республикалық NІF$50K инновациялық бизнес-жоспарлар байқауында жеңіске жетті. 30 жасар химик өсімдіктерді тез өсірудің революциялық тәсілін ұсынып отыр, оның ойлап тапқан технологиясы қолданылса, жеміс біріншіден, жылдам піседі екен, ал екіншіден, оның көлемі бірнеше есе ұлғаятын көрінеді. «Бұл өнертабыстың ғажайыптығы сол, - дейді Нұржан, онда гендік-модификацияланған ағзалар (ГМО), пестицидтер және басқа химиялық заттар қолданылмайды, оның үстіне ол табиғи және залалсыз өнім болып табылады». Н.Құрманқұловқа 7 теңге сомасындағы жүлде тапсырылыпты. Республикалық рационализаторлық ұсыныстар байқауында «Қазақстан электролиз зауытының» мамандары Рева Пак, Лев Ивакин және Алексей Горбуновтың «Brochot» фирмасының құймақалыбының (изложница) конструкциясын өзгерту» жобасы «Жылдың ең үздік рационализаторлық шешімі» болып, танылды. Дәл осы байқаудың «Кәсіпорындардағы рационализаторлықты қолдаудың ең үздік жүйесі» аталымында «Үлбі металлургиялық зауыты» алдына қара салмапты.
Инновациялық жобалар байқауында «Инновациялық әзірлемелер» аталымында Қазақстанның еңбек сіңірген металлургі, академик Серік Садықовтың «Пештен кететін газдармен ылғалды руданы кептіру және қыздыру қолданылатын никелдік кенді балқыту технологиясы» үздік шықты. Бұл технология Қазақстанда металлургияның никелдік қосалқы саласын құруға мүмкіндік бермек.
«Отандық технологияларды коммерцияландыру» аталымында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, техника ғылымдарының докторы Александр Цхайдың кәсіпорнының «Отандық мембраналық технологиялар негізіндегі тұщытқыш және су тазартқыш қондырғылар өндірісі» жобасы жеңді. Бұл экологиялық саладағы жоба болып табылады. Бүгінгі таңда осы қазақстандық «Мембраналық технологиялар» компаниясы өз өнімін ТМД, Жапония, Корея, Оңтүстік-Шығыс Азия, Еуроодақ елдеріне, Бразилия, Мексикаға экспорттайды.
«Шетелдік технологияларды жерсіндіру-локализациялау» аталымында «Электровоз құрастыру зауытының» шоқтығы биік шықты. Бұл зауыт франциялық және ресейлік әріптестерімен тізе қоса отырып, «1520 кеңістігі», яғни темір жолының ені осынша сантиметрді құрайтын бұрынғы Кеңес Одағының 15 мемлекеті үшін заманауи электровоздар өндірісінің технологиясын бейімдеу және оларды шығаруды Қазақстанда жолға қоюға кіріскен.
Ал биылғы «Үздік инновациялық кәсіпорын» атына сарапшылар «The one capіtal» ЖШС лайық деп тапты. Негізін шетелде білім алған жас азаматтар қалаған және жұмыс істейтін бұл компания «ІPad» планшетіне қазақ тілін ендірумен, Астанада Open Meetіng бейне-конференциялар ұйымдастырумен және басқа да «ай-ти» саласындағы жобалармен айналысатын көрінеді.
Президенттік инновация клубының жиынынан кейін Мәсімов инновациялық байқауларда жеңіске жеткен жобалардың авторлары мен иелеріне жүлделерін табыс етті.
Сергей БРИЛЕВ, Ресей ВГТРК филиалы директорының орынбасары:
- Сіздер Тәуелсіздіктеріңіздің 20 жылдығына таяп келесіздер. Солай болды, тура 20 жыл бұрын дәл осы күндері мен Қазақстанда іссапармен жүр едім. Ертесіне мен шетелде ояндым. Түнде Беловеж келісіміне қол қойылды. Мен сонда Байқоңырда едім. Сонда сол кездің жарқын бір көрінісі жадымда жазылып қалыпты. Ол Байқоңырдағы көбіңізге жақсы таныс қонақүйдегі көнергеннен «күңіреніп» тұрған буфет еді. Мен өкінішке қарай, темекі тартамын. Содан назар аударғаным, қорабында америкалық шатл салынған «Атлантис» аталған шылым ғана сатылады екен. Содан бері Қазақстан мүлдем өзгерді. Бұл өзгерістер көп жыл өте көрген адамның ақылына сыймайды! Тіпті мен өзім өкілі болып табылатын көршілеріңіз де таңғала қарайды. Қазақ елінің қалыптасуының өзі үлкен инновациялық жұмбақ болып табылады.
Фади ФАРРА, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Бәсекеге қабілеттіліктің еуразиялық бағдарламасының басшысы:
- 2003 жылы Қазақстан инновация бағытында серпінді ілгерілеуді бастады. Ұлттық инновациялық қор құрылды. Содан бергі бірнеше жыл ішінде Қазақстан Көшбасшысының мега-жобасы - Үдемелі индустрияландыру бағдарламасы әзірленіп, іске қосылды. Сондықтан Қазақстанда қажетті база бар. Демек, енді нағыз инновациялық экономика құруға жол ашылды. Барлығын қамтитын инновациялық стратегия түзуге жақсы мүмкіндік бар. Сонымен бірге Қазақстанға инновацияны қаржыландыру көлемін арттыру қажет. Озық дамыған елдерде ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерге ішкі жалпы өнімнің 2 пайызы жұмсалады. Ал Қазақстанда қазір 0,2 пайыз ғана шығындалады. Егер осы көрсеткішті 1 пайызға дейін өсірсеңіздер, экономикаларыңыз үлкен серпін алады.
Румэн ДОБРИНСКИ, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Экономикалық ынтымақтастық және интеграция жөніндегі директоры:
- Инновация ең жоғарғы деңгейде әзірленген саяси жоба болуы керек. Бұл табыстың шешуші факторы болып табылады. Қазақстанда мұндай саяси ерік-жігер бар. Президент Назарбаев үлкен мән беріп отыр. Бұған бүгін отырысын өткізген президенттік инновация клубының құрылуы дәлел. Қазақстан сондықтан да жетістікке жетеді. Қазақ елінде Ұлттық инновациялық жүйенің алғашқы «кірпіштері» қаланып жатқандығын біз мойындаймыз. Бұл да осынша қысқа уақытта қол жеткізген өте зор жетістіктеріңіз. Ең маңыздысы, Қазақстан инновацияны ілгерілетуге қажетті ресурстарды бөлуде. Инновациялық үдерісті мейілінше тиімді, мейілінше интенсивті ету үшін біз саяси рекомендациялар түземіз. Біз БҰҰ ұйымы ретінде Қазақстанмен осы бағытта ары қарай жұмысты жалғастыруға дайынбыз. Айтпақшы, біз Ұлттық инновациялық қорға қолдау көрсету мақсатында консультацияларға ендігі кірістік.
|
Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 |


