44. Энергиямен жабдықтаушы, энергия берушi ұйымдар мен тұтынушы арасында есеп айырысу үшiн электр энергиясын (қуатын) есепке алу электр желiлерiнiң теңгерiмдiк тиесiлiк шекарасында жүргiзiледi.
45. Техникалық мүмкiндiк болмаған жағдайда электр энергиясының коммерциялық есепке алу аспаптарын тараптардың өзара уағдаластығы бойынша электр желiлерiнiң теңгерiмдiк тиесiлiк шекарасынан басқа жерге орнатуға рұқсат етiледi.
Учаске желiсiндегi шекарадан коммерциялық есепке алу аспаптарын орнатқан жерге дейiнгi электр энергиясының шығындары көрсетiлген желiнiң учаскесi балансында тұрған иегердiң есебiне шарт негiзiнде жатқызылады және энергия берушi ұйымның есептеуi арқылы анықталады.
46. Коммерциялық есепке алу аспаптарының қаптамалары бекiткiштерiнде салыстырып тексеру құқығы бар ұйымның пломбасы, ал электр есептегiштiң қысқыштары қалыбы қақпағында, ток пен кернеудiң трансформаторлары бөлшегiнiң қақпаларында, тоқ пен кернеулiк және сынақтық блоктарда және қораптарда энергия берушi ұйымның пломбасы болуы тиiс.
47. Коммерциялық есепке алу аспаптарын қоректендiретiн кернеу трансформаторлары жетектерi, коммерциялық есепке алу аспаптарының қоректендiрушi аспаптары, есептеу аспаптарына келетiн сымдардағы қысқыштардың жинамалары, сондай-ақ коммерциялық есепке алу аспаптарына дейiн орналасқан кiрме коммутациялық аппараттарының шкафтары электр қондырғы иесiнiң рұқсатсыз енуiнен сақтау үшiн қоршаумен жабылады және оларға тұтынушының қатысуымен энергиямен жабдықтаушы ұйым пломбы салады.
0,4 кВ қондырғыларында енгiзу қондырғыларынан бастап токты өлшеу трансформаторларына дейiн қоса алғанда барлық ток жүргiзу бөлiктерi қоршауға және пломбалауға жатады.
Энергия берушi ұйым статикалық конденсаторлар батареялары жетектерiнiң тұтқаларын тұтынушы бұл батареяларды пайдаланбаған жағдайда пломбы салады.
48. Тұтынушыға босатылған активтi және реактивтi электр энергиясының мөлшерi тұтынушының бастапқы кернеулiк бас трансформаторы жағында орнатылған коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткiштерiне сәйкес анықталады.
Егер коммерциялық есепке алу аспаптары екiншi кернеу жағында, яғни бас трансформатордан кейiн орнатылса, онда тұтынушыға босатылған электр энергиясының мөлшерi, егер шартта өзгеше көрсетiлмесе, коммерциялық есептеу аспаптарының көрсеткiштерiн 1,025 коэффициентiне көбейтумен анықталады.
49. Электр энергиясын есептеу схемасын өзгертумен немесе бұзумен байланысты кез келген жұмыс түрiн жүргiзу кезiнде тұтынушы жұмысты бастамас бұрын бұл туралы энергия берушi және энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға жазбаша түрде хабарлауы және тиiстi рұқсат алуы қажет.
50. Жөндеу жұмысын жүргiзу кезеңiнде электр энергиясын есепке алу энергия берушi ұйыммен келiсiлген уақытша есепке алу схемалары бойынша жүзеге асырылуы тиiс. Трансформаторлық шағын станцияларды толық ажырату арқылы жүргiзiлген жөндеу жұмыстарының аяқталуы бойынша энергия берушi ұйым қажеттiгiне қарай коммерциялық есепке алу схемаларына кезектен тыс тексерiс жүргiзедi.
51. Тәулiк аймақтары бойынша электр энергиясын тұтынуды бөлек есепке алуға мүмкiндiк беретiн көп тарифтi коммерциялық есепке алу аспаптары болған кезде электр энергиясының шығысын есепке алуды тәулiк уақытына байланысты бағалар (тарифтер) бойынша анықтауға және төлеуге болады.
8. Электр энергиясын берудi шектеу және
тоқтату шарттары
52. Электр энергиясын беру, сондай-ақ шектеу және тоқтату тұтынушымен жасалған шартқа сәйкес жүргiзiледi.
Электрмен жабдықтаудың сенiмдiлiк санаты және электр желiсiне қосу схемасы нормативтiк-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес келуi және электрмен жабдықтау шартында айтылуы тиiс.
53. Энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия берушi ұйымдар тұтынушыны белгiленген тәртiппен ескерте отырып:
1) шартта белгiленген мерзiмдерде электр энергиясы үшiн ақы төленбесе;
2) электр тұтынудың шартпен белгiленген режимi бұзылса;
3) авариялық жағдайда электр энергиясын берудi толық немесе iшiнара тоқтатады.
54. Энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия берушi ұйымдар:
1) энергия берушi ұйымның желiсiне өз бетiмен электр қабылдағыштарды жалғап алғанда;
2) есепке алу аспаптарымен қатар электр қабылдағыштар жалғанса;
3) тұтынушының кiнәсiнен энергия берушi ұйымдар мен басқа да тұтынушылардың электр қондырғыларының қалыпты жұмыс iстеуiн бұзатындай мәнге дейiнгi электр энергиясының сапалық көрсеткiштерi төмендегенде;
4) коммерциялық есепке алу аспаптарына энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия берушi ұйымдардың өкiлдерiн жiбермеген жағдайларда тұтынушыға электр энергиясын берудi кiдiрiссiз толық тоқтатады.
55. Мемэнергияқадағалау органдары Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен:
1) электр энергетикасындағы қызметтi жүзеге асырушы ұйымдарға олар электр энергетикасы саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарын бұзған жағдайда нұсқама беруге;
2) электр және энергия қондырғыларына рұқсаты болуы;
3) электр және энергия қондырғыларының техникалық жай-күйiне және қауiпсiздiгiне тексеру жүргiзуге құқылы.
Мемэнергияқадағалау органдарының ұйғарымдарын орындамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен тоқтату немесе лицензияны қайтарып алу туралы мәселеге бастамашы болады.
Ереженi сақтауға бақылауды Мемэнергияқадағалау органдары өз құзыретiнiң шектерiнде жүзеге асырады.
56. Резервтiк қоректендiру болмаған кезде жабдықтарды жөндеу және жаңа тұтынушыларды қосу жөнiндегi жоспарлы жұмыстарды жүргiзу үшiн электр энергиясын тоқтату туралы энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия берушi ұйымдар ажыратқанға дейiн үш күн бұрын тұтынушыға ескертедi.
57. Адамдардың өмiрi үшiн қауiп тудыратын, едәуiр экономикалық шығынға, коммуналдық шаруашылық пен электрмен жабдықтау жүйелерiнiң аса маңызды элементтерiнiң қызметiн бұзатын авариялардың алдын алу немесе жою жөнiнде кезек күттiрмейтiн шаралар қабылдау үшiн, энергия берушi ұйымға тұтынушының электр қондырғысын дереу оған хабарлай отырып және ажырату себебiн көрсетумен ажыратуға рұқсат етiледi.
58. Тұтынушы шарт бойынша пайдалануға рұқсат етiлген қуатты арттырған жағдайда энергия берушi және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйымдар тұтынушыдан жүктеменi шартта белгiленген мәнге дейiн азайтуды талап етедi. Жүктеменi азайту туралы тұтынушыны хабардар ету тәртiбi шартта белгiленедi.
Энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия берушi ұйымның заңда белгiленген тәртiппен жүктеменi шартта белгiленген немесе диспетчерлiк шектеу қойылған деңгейге дейiн азайту туралы талабын тұтынушы орындауы тиiс. Жүктеменi азайту туралы диспетчердiң өкiмi энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия берушi ұйымдар әзiрлеген және бекiткен шектеу кестелерiнiң негiзiнде берiледi. Энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия берушi ұйымның жүктеменi азайту туралы талабын 10 минуттың iшiнде орындамаған жағдайда энергия берушi ұйым тұтынушыны желiден iшiнара немесе толық ажыратып тастайды.
9. Электр энергиясы үшiн есеп айырысу
59. Тұтынушылардың оларға жеткiзiлген электр энергиясы үшiн есеп айырысуы белгiленген тәртiппен энергиямен жабдықтаушы ұйым белгiлеген тарифтерге сәйкес жүргiзiледi.
Электр энергиясының көтерме сауда нарығында теңгермелеушi электр энергиясы, сондай-ақ электр энергиясының келiсiм-шартсыз көлемдерi үшiн есеп айырысулар электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiнiң арасындағы қарым-қатынастарды реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес жүргiзiледi.
Электр энергиясының бөлшек сауда нарығында электр энергиясының келiсiлмеген көлемi үшiн есеп айырысулар жасасқан шарттарға сәйкес жүргiзiледi.
60. Энергиямен жабдықтаушы ұйым электр энергиясын көп тарифтi коммерциялық есепке алу аспаптары бар тұтынушыларға қолданыстағы заңнамада белгiленген тәртiппен, тиiстi тәулiк белдеулерi бойынша әр түрлi бағалар (тарифтер) бойынша сатуға құқылы.
61. Тұтынылған электр энергиясы үшiн есеп айырысулар шарт ережелерiне сәйкес коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткiштерi негiзiнде энергиямен жабдықтаушы ұйымның төлем құжаттары бойынша жүргiзiледi.
62. Босатылған электр энергиясы үшiн есеп айырысу кезеңiнiң ұзақтығы, мерзiмдерi, шарттары мен нысандары электрмен жабдықтауға арналған шартта белгiленедi.
Тұтынылған электр энергиясы үшiн ақы төлеу мерзiмдерi тараптардың келiсiмi бойынша электрмен жабдықтауға жасалған шарттың ережелерiне сәйкес белгiленедi.
63. Егер қолданыстағы заңнамада басқаша көрсетiлмесе, электр энергиясының сапасын төмендетуге кiнәлi тұлға бөлшек сауда нарығының субъектiсiне өзi келтiрген нақты зиянды өтейдi.
64. Егер шартта өзгеше көзделмесе, тұтынушының кiнәсiнсiз есепке алу уақытша бұзылған кезде электр энергиясы үшiн есеп айырысу электр энергиясын есепке алу құралдары мен схемалары ақаусыз болған алдыңғы немесе кейiнгi есептiк кезеңнiң орташа тәулiктiк шығыны бойынша жүргiзiледi.
Электр энергиясының орташа тәулiктiк шығыны бойынша есеп айырысу кезеңi бiр айдан аспауы тиiс, осы уақыт iшiнде коммерциялық есепке алу толық көлемде қалпына келтiрiлуi тиiс.
Егер көрсетiлген мерзiмде коммерциялық есепке алуды қалпына келтiру мүмкiн болмаған жағдайда тұтынушыға босатылған электр энергиясы үшiн есеп айырысы тәртiбi мен есепке алуды қалпына келтiру мерзiмдерi тұтынушы, энергия жабдықтаушы және энергия берушi ұйымның келiсiмiмен белгiленуi тиiс.
65. Төлемдердiң мерзiмiн өткiзiп алған жағдайда тұтынушы қолданыстағы заңнамаға және шарт ережелерiне сәйкес өсiм төлейдi.
66. Егер тұтынушы белгiленген тәртiппен пайдаланылған энергияға ақы төлемегенi үшiн ағытылып тасталса, онда оны қайта қосу қарызды өтегеннен кейiн және қосу қызметiнiң ақысын төлегеннен кейiн жүргiзiледi.
67. Коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткiштерiн жазып алуды, егер шартта өзгеше көзделмесе, энергиямен жабдықтаушы ұйымның өкiлдерi тұтынушы өкiлдерiнiң қатысуымен жүргiзедi.
68. Тұтынушының кiнәсiнен екi есептiк кезең iшiнде есепке алу аспаптарының көрсеткiштерiн жазып алу мүмкiн болмаған жағдайда, егер бұл ретте тұтынушы энергиямен жабдықтаушы ұйымға пайдаланған энергия мөлшерi туралы мәлiметтi өзi бермесе, энергиямен жабдықтаушы ұйым есептеудi жүктеменiң маусымдық кестесiн ескерумен өткен кезеңдегi электр энергиясының орташа тәулiктiк шығыны бойынша жүргiзуге құқылы.
Бұл ретте электр энергиясының орташа тәулiктiк шығыны бойынша есеп айырысу кезеңi бiр есептiк кезеңнен аспауы керек, ол бiткеннен кейiн белгiленген қуат бойынша электр энергиясының шығыны тұтынушының техникалық шарттарына сәйкес, кейiннен қайта есептелмей-ақ коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткiштерiн хабарлағанға дейiн анықталуға тиiс.
69. Тараптардың келiсiмi бойынша тұтынушының өзi жазып алған коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткiштерi бойынша ақы төлеуiне рұқсат етiледi. Электр энергиясы үшiн ақы төлеу кезiнде тұтынушы жiберген қателiктердi энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия берушi ұйымдар олардың анықталуы бойынша түзетедi.
70. Реактивтiк энергияны тұтынғаны және өндiргенi үшiн ақы төлеудi есептеу заңнамамен белгiленген тәртiпте жүргiзiледi. Реактивтiк энергия үшiн есеп айырысудың шарты мен тәртiбi электр энергиясын беру (электрмен жабдықтау) жөнiндегi қызметтер көрсетуге арналған шартта белгiленедi.
71. Энергия берушi ұйымның өкiлдерi тұтынушының кiнәсiнен есептеу аспаптарының ақауларын, пломбының (пломбылаушы құрылғының) бұзылуын немесе болмауын, әйнегiнiң немесе қалыбының бүлiнуiн, тұтынушының электр қондырғысын есептеу аспаптарының сыртында өз бетiнше қосуын, есептеу аспаптарын қосу схемасының өзгерiсiн байқаған жағдайда, энергия берушi ұйым белгiленген тәртiппен тұтынушыны электр желiсiнен ажыратады және нақты ең көп жүктеме немесе тұтынушының электр қондырғыларының жалғанған қуаты мен тұтынушының абоненттiң есептеу аспаптарын соңғы ауыстырған күнiнен бастап барлық уақыттағы жұмыс сағаттарының саны бойынша немесе коммерциялық есептеу схемасын аспаптық тексеру бойынша электр энергиясының шығыстарын қайта есептеудi жүргiзедi.
Тұтынушы электр желiсiне электр энергиясын есептеу схемасы мен аспаптарындағы бұзылыстарды жойғаннан кейiн қосылады.
10. Тұрмыстық тұтынушылардың электр энергиясын
тұрмыстық мақсатта пайдалануы туралы
қосымша ережелер
72. Тұтынушылардың электр энергиясын есепке алу аспаптары энергия берушi ұйымның қызметi бақылаушылары оларды байқау үшiн кедергiсiз көруге қол жетiмдiлiгiн қамтамасыз ететiн жерлерге орналастырылуға тиiстi.
73. Электр энергиясын есептеу аспаптары бұзылған, сынған, жоғалған жағдайларда электр энергиясының шығынын және ол үшiн ақы төлеудi уақытша есептiк айқындауға рұқсат берiледi. Электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарынсыз жаңа тұтынушының электр қабылдағыштарды қосуына тыйым салынады.
74. Энергиямен жабдықтаушы ұйым тұрмыстық тұтынушы үшiн электр энергиясын шартта белгiленген қуат шегiнде оған қажеттi мөлшерде жеткiзедi.
75. Тұрмыстық тұтынушы мен энергия берушi ұйымның арасындағы электр тораптарының техникалық жағдайы мен пайдаланылуы үшiн пайдалану жауапкершiлiгiнiң шекарасы олардың теңгерiмдiк тиесiлiгiне қарай белгiленедi және электрмен жабдықтау шартында көрсетiледi.
76. Тұрғын үйдегi тұтынушы мен энергия берушi ұйымның арасындағы электр желiлерiнiң техникалық жағдайы мен 1000 В дейiнгi кернеудегi электр қондырғыларға қызмет көрсеткенi үшiн пайдалану жауапкершiлiгiнiң шекарасы былайша анықталады:
1) әуеде тармақталу кезiнде - ғимараттарға орнатылған бiрiншi оқшаулатқыштардағы қоректендiрушi желiнiң қосылған жерлерiнде;
2) кабельдiк енгiзу кезiнде - ғимаратқа енгiзер жерде қоректендiрушi кабельдiң ұштамаларында;
3) барлық пәтер электр есептеуiштерiн бүкiл үйдегi бiр бөлмеге немесе кiреберiстегi бiр бөлмеге топтап орналастырған жағдайда тұтынушылар мен энергия берушi ұйымның арасындағы пайдалану жауапкершiлiгiнiң шекарасы электр энергиясын пәтерлерге беретiн сымдарды есептеуiштерге жалғанған түйiспелерде анықталады.
77. Тұрмыстық тұтынушының құрылғылары мен жылжымайтын басқа да объектiлерiндегi электр желiлерiнiң теңгерiмдiк тиесiлiк шекарасындағы жалғанымдардың жай-күйi мен пайдаланушылық қызметтерiн бақылауға энергия берушi ұйым жауапты болады.
78. Энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия берушi ұйымдар өкiлiнiң есептеу аспаптарын қарау мақсатында, сондай-ақ электрмен жабдықтау шартының ережелерiн орындауын бақылау мақсатында тұтынушының баруы тексерiс болып табылады және белгiленген тәртiпте тиiстi актiмен ресiмделедi. Актi энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия берушi ұйымдарының өкiлiнiң және тексерiлушi тұтынушының немесе оның өкiлiнiң қолдары болған жағдайда жарамды. Акт тұтынушының қол қоюдан бас тартқан кезiнде де, бiрақ оны энергия берушi ұйымның комиссиясы және/немесе кондоминимумды басқару органының кемiнде үш адамнан тұратын құрамы ресiмдеген жағдайда жарамды деп саналады. Дау реттелмеген жағдайда мәселе сот тәртiбiмен шешiледi.
|
Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 |


