«Кредиттік оқыту жүйесінде білімді тексеру мен бағалаудың теориялық-әдістемелік негіздері» атты бірінші тарауда зерттеу проблемасы бойынша педагогикалық, психологиялық, әдістемелік әдебиеттерге және зерттеулерге талдау жасалынып, соның нәтижесінде білім сапасын бағалау проблемасының жаңа білім берудің сапасы теориясында қаралу деңгейі, жоғары оқу орындарында студенттерге білім берудің сапасын арттыруда кредиттік жүйені енгізудің маңыздылығы, білім сапасын тексерудің тиімді формасы, кредиттік жүйеде білімді тексеру мен бағалаудың ерекшеліктері туралы сөз болады.

«Білімді тексеру мен бағалауды кредиттік оқыту жүйесінде ұйымдастыру әдістемесі» деп аталатын екінші тарауда білімді баллдық-рейтінгтік жүйеде тексеру мен бағалауды ұйымдастыру мен жүргізу әдістері, студенттер білімін күнделікті және қорытынды бақылау жүйесінің ерекшеліктері, бақылау түрлерін ұйымдастыру, кредиттік жүйеде студенттердің білім деңгейін тексеру мен бағалаудың эксперименттік нәтижелері қарастырылған. Жасалған әдістеменің тиімділігі тексерілген педагогикалық эксперимент барысы баяндалып, оның статистикалық нәтижелері кестелермен, диаграммалармен келтірілген.

НЕ нашли? Не то? Что вы ищете?

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Қазіргі қоғамда қалыптасқан нарықтық қатынастар мен ғылыми және оқытушылық ақпараттардың тез даму қарқыны оқу-ағарту жұмыстарын ұйымдастыру мен білім сапасын арттыруға қатаң талаптар қоюда.

Көптеген зерттеу жұмыстарына талдау жасау білім беру сапасын көтерудің тиімді жолдарының бірі оқытуға технологиялық тұрғыдан келу екенін көрсетті. Білім беруде технологиялық тұрғыдан келу нәтижесі көздеген мақсатқа мүмкіндігінше дәл келетін педагогикалық қызметті тиімді құру мен жүзеге асыру болып табылады.

Математикалық білім беруде технологиялық тұрғыдан келуге тән ерекшеліктерге жататындар:

қойылған мақсаттарға жетуде кепілді нәтижелер алуға бағыттылық (білім алушылардың белгілі бір пайызының білімнің қандай да болмасын деңгейін кепілді игеруімен сипатталады);

білім беру нәтижелерінің деңгейлі сипаттамаларын кезең бойынша жүйелеп баяндау (білім алушының жалпы мақсатқа кезеңмен жылжуымен сипатталады. Кезеңдік қарапайым мақсаттар, оларға қол жеткізу біртіндеп көздеген нәтижелерге алып келетін, тұжырымдамаларынан көрініс табады. Мысалы, математикалық теоремаларды дәлелдей алу іскерлігі келесідей қарапайым іскерліктердің қалыптасуын көздейді: пайымдаулардың тұжырымдауларына талдау жасау, яғни оның шарты мен қорытындысын анықтау; берілген мәліметтерден қорытындылар жасау, шарт бойынша сызба салу; дәлелдеу әдістерін таңдау – логикалық және математикалық, ой тұжырымдарының тізбегін құру және т. с.с. Осыған сәйкес дәлелдей алуға үйрету кезеңін бөліп қарауға болады. Егер осы кезеңдерді белгілі ретпен орналастырып, сәйкес біліктіліктерге тиімді үйрету жүзеге асырылса, онда оның нәтижесі ретінде математикалық пайымдауларды дәлелдеуді жүзеге асыратын біліктіліктер қалыптасады);

оқытуда кері байланыс құру, диагностика қою және технологияны жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде алынатын нәтижелерге түзету жүргізудің міндеттілігі және жүзеге асырылу мүмкіндігі (математикаға оқыту математика мазмұнын игерудің әрбір сатысында диагностика жүргізуді көздейді, ал ол өз кезегінде, олардың жетісітіктерінің күтілетін нәтижелерін және көрсеткіштерін анықтауды көздейді. Мысалы, математикалық пайымдауларды дәлелдеуге үйретуде берілген шартты талдау біліктілігін қалыптастыру кезеңінде күтілетін нәтижелер – шарт пен қорытындысы болуы мүмкін. Материалды жақсы игерудің көрсеткіші

шарт пен қорытындыны дұрыс көрсете алу; берілген пайымдаудағы белгілі фактілерді дұрыс қайта жаңғырту; оларды математикалық символдар тілінде дұрыс жаза алу болып табылады).

Кез-келген оқыту технологиясын құру білім сапасын жақсартумен байланысты, яғни кез-келген оқытушының оқытудың жоғары нәтижелілігіне қол жеткізуіне жағдай жасау болып табылады. Сондықтан да құрылатын кез-келген оқыту технологиясының бірден-бір ерекшелігі – оның берілген шарттарды міндетті түрде сақтау негізінде қайта жаңғыртуға болатындығында.

Оқыту технологиясына қойылатын жалпы талаптарды келесідей тұжырымдауға болады:

1. Кез-келген оқыту технологиясын құрудың негізінде нақты пәнді оқыту үдерісін жүзеге асырумен байланысты зерттеу нәтижелері жатулары керек.

2. Кез-келген оқыту технологиясы келесідей шарттар орындалатындай нақты сипатталатын қадамдар тізбегінен тұруы қажет:

әрбір қадам нақты қойылған мақсатқа (мақсаттарға) қол жеткізетін кезеңдерден тұрады;

әрбір қадам анық тұжырымдалған мақсатқа қол жеткізуге қажетті нақты мәселені шешуді көздейді;

әрбір қадамда есепті шығаруға кіші қадамдар ретін (олар және олардың реті анық анықталған және сипатталған болуы керек) орындау арқылы қол жеткізу көзделеді.

3. Әрбір кезеңнен кейін міндетті түрде диагностика жүргізу, болжамды нәтижемен (аралық мақсаттармен) салыстыру және алдағы өлшемдерді түзету.

4. Алдыңғы талаптарды орындау үшін білім алушы мен білім беруші арасындағы кері байланыстың болуын кез-келген оқыту технологиясы көздеуі тиіс.

5. Кез-келген оқыту технологиясы сол технология үшін нақты нәтижеге қол жеткізуге кепілдік береді.

6. Кез-келген оқыту технологиясын кез-келген оқытушы тиісті жағдайларда кепілді нәтижеге қол жеткізетіндей жаңарта алады.

Осы аталған талаптарға сәйкес жүзеге асыратын оқыту үдерісінің технологиялық сипатының критерийлерін бөліп көрсетуге болады:

диагностикалық түрде қойылған мақсат және оған жету жолдарын диагностикалау тәсілдері;

оқу материалдарын (мазмұнын) бағдарлы танымдық және практикалық тапсырмалар мен олардың шешімдері тәсілдері жүйесі түрінде бейнелеу;

оқу материалдарын игеру кезеңдерінің жеткілікті қатаң логикасы;

әрбір кезеңде оқу үдерсіне қатысушылардың бір-бірмен және ақпаратты техникамен өзара әрекеттесулері тәсілдерінің алдыңғы параметрлермен пара-пар жүйесі;

оқытушының орынды (алгоритмдік) және еркін шығармашылық қызметінен шегінуге болатын мүмкіндік шекарасын көрсету;

ақпараттарды берудің ең соңғы құралдары мен тәсілдерін оқу үдерісінде қолдану.

Кез-келген технологияны құрудағы ең негізгі кезең – мақсаттар жүйесін анықтау. Жүйеге қойылатын талаптар (әрбір мақсат іс-әрекеттің жалпы бағытын анықтауы, ал келесі мақсат алдыңғы мақсатпен байланыста) келесідей ( бойынша):

жүзеге асатындай (күш-қайратты қажет ететіндей, бірақ білім алушының шамасы жететіндей, «жақын даму аймағына» есепке ала отырып жобаланатын);

икемді (жүзеге асыру барысында түзету мүмкіндігін көздейтін);

диагнотикаланатындай ( білім беру үдерісінің нақты кезеңінде анықтауға мүмкіндік беруі);

ашық көрсетілген ( педагог пен білім алушы болжамсыз түсінікті болуы);

үндестікте (білім алушының түрлі біліктіктері мен дара сапаларының дамуын көздейтін);

әлеуметтік және жас шамасы құндылықтарына уәжділіктің (жеке жетістіктерге жетуге талпынысты тудыру және тартымды болу) болуы керек.

Диагностикалау кері байланысты дұрыс ұйымдастыру үшін қажет. Ол мақсаттарға жету үдерісін бейнелейді және оларға жетуді түзету құралы болып табылады. Мақсаттың диагностикалығына қол жеткізу үшін жалпы терминмен айтылған оқыту мақсатынан оған қол жеткізілгенін тексеруге болатын оқыту мақсатына көшу керек.

Педагогикалық әдебиеттерде көптеген білім беру технологияларына сипаттама берілген: жобалық, бағдарламалық, модульдік, проблемалық, арақашықтық, ақпараттық және т. с.с. Кейінгі кезде жоғары оқу орындарының білім беру үдерісінде кредиттік технология кең қолданыс тауып келеді. Басты мақсат Болон процессіне ену. Кредиттік технологияға ерекше мән берілуі – білім беру үдерісінің жаңа мәдениетінің қалыптасуына әсер ететін ғылыми бағыт – педагогикалық өлшемдермен байланысты білім беруді технологиязациялау бағыттарының элементтерін қамтуында. Оның дәстүрлі оқыту жүйесіне қарағандағы артықшылығын келесі салыстырмалы сипатамасынан да байқауға болады (1-кесте).

Кредиттік жүйе:

ақпараттық және телекоммуникациялық жүйелерді кең көлемде қолдануға;

оқу үдерісінде арақашықтық ақпарат жарғыларын пайдалануға (интернет, спутниктік байланыс т. с.с.)

модульдік-рейтингтік жүйенің дамуына;

білім беруде даралап оқыту жүйесін жетілдіруге;

жеделдетілген оқыту құрлымдарын қолдануға (электрондық оқулықтар интерактивті тақта т. с.с.);

студенттердің ақыл-ойын, іскерлігін қалыптастыруға және олардың қабілетін, танымдық қасиеттерін дамытуға бағытталған дұрыс және объективті ашық түрде ұйымдастырылған білімді тексеру мен бағалау жүйесін енгізуге негізделген.

Кредиттік оқыту жүйесінде оқыту үдерісінің маңызды бөлігі болып табылатын білім алушылардың білімдері мен біліктерін бақылау мен бағалау да жаңа маңызға және сапаға ие болады. Бұл жүйеде студенттердің білімдері мен біліктіктерін диагностикалау мен түзету, оқыту үдерісінің ағымдық, аралық кезеңдерінің нәтижелілігін есепке алу, оқытудың әр деңгейінде білім берудің қорытынды нәтижелерін анықтау мәселелеріне басты назар аударылады. Сондықтан да кредиттік оқыту технологиясында білімді тексеру мен бағалаудың дәстүрлі әдіс-тәсілдерін жаңа инновациялық тәсілдермен үйлестіруді педагогикалық бақылау мен бағалау критерийлерінің теориялық заңдылықтарына сүйене отырып жүзеге асыру қажеттігі туындайды.

1-кесте – Дәстүрлі және кредиттік оқыту жүйелерінің салыстырмалы сипаттамалары

Оқыту жүйелерін салыстыру

дәстүрлі жүйе

кредиттік жүйе

Оқыту бағдарламаларының Білім министрлігі тарапынан бекітілуі, яғни «қатаң»талаптың қойылуы

Оқу бағдарламаларының жоғары оқу орындары тарапынан бекітілуі, яғни «қатаң» талаптың жеңілдетілуі

Пән таңдау мүмкіндігінің болмауы

Таңдау курстарының көптеп енгізілуі

Оқытушыны жоғары оқу орны әкімшілігінің тағайындауы

Оқытушыны студенттің өзінің таңдауына мүмкіндіктің берілуі

Оқу үрдісінде дәстүрлі әдістің басымдылығы

Оқу үдерісінде интеграциялық, инновациялық әдістердің басымдылығы

Бекітілген білім мазмұны шеңберінен шықпау

Білім мазмұнын кеңейтуге, жетілдіруге мән берілуі

Қалыптасқан оқыту әдістемесі негізінде білім беру

Кәсіби біліктілікті көтеруге бағыталған әдіс-тәсілдердің кең көлемде қолданылуы

Оқытушы қызметінің «жабықтығы»

Оқытушы қызметінің «ашықтығы»

Оқу үрдісінде білім, біліктілік іскерлікті қлыптастыру

Шығармашылық іскерлікті, танымдық іздемпаздықты қалыптастырудың міндеттелуі

Білімді тексеру мен бағалауда баға көрсеткішінің арақашықтығының алшақтығы

Білім сапасын бағалаудың дәлдігі мен нақтылығына аса мән берілуі

Психологиялық тұрғыдан есте сақтау мен қабылдау жүйесін дамыту

Жеке тұлғаның ойлау ерекшеліктеріне бағытталған іс-әрекетті дамытуды жүзеге асыру

Тілдесу тәртібі – дерективалық түрде жүзеге асырылып, қателік үшін жазалаудың қарастырылуы

Тілдесу тәртібі – эмоционалды, еркін жүзеге асырылып, қатені саналы түзету – оқытудың негізгі мақсаты ретінде қарастырылуы

Университет әкімшілігінің, оқытушылардың, студенттердің жалпыға ортақ ережелер негізінде қызмет жасауы

Үш тарапқа да шығармашылық ізденіспен, өзара түсіністікте, сабақтастық байланыста қызмет ету мүмкіндігінің берілуі

Оқу үдерісінің әрбір кезеңдеріне байланысты білімді бақылау педагогикалық мониторинг ұғымымен байланысты.

Мониторинг – мәліметтік көрсеткіштер мен жаңа технологияларды қолдану арқылы білім беру барысын үнемі бақылап отыру жүйесі.

Мониторингтің мақсаты – оқу үдерісінің тиімділігі мен сапасы туралы мәлімет алу және алынған мәліметтер негізінде оны ұйымдастыруды жетілдіру. Бұл мақсатқа оқу қызметінің сапасын ағымдағы бақылаудың автоматтандырылған жүйесін құрған кезде қол жеткізуге болады.

Мониторинг келесі мәселелермен байланысты: өте көп мөлшердегі тесттілік формадағы тапсырмалардың болу қажеттігімен; білімді толық игеру жүйесімен; оқу үдерісін ақпараттандырумен; білім берудің теориясы мен әдістемесімен; тестілеумен және көрсеткіштерді құрудың жалпы теориясымен; білім беру саясатының сапасымен және бағыттылығымен.

Сапалы мониторингтің шешуші шарттары ретінде келесілерді атауға болады: оның қорытындысының ашықтығы, бағалаудың мерзімді жүргізіліп тұруы, оқу қызметіне дер кезінде түзетулер енгізіліп отырылуы, білім беру үдерісін білім алушы мен білім берушінің тұлғаны дамытуға, оның азаматтық өмірде және қоғамда нәтижелі өмір сүруіне қажетті дайындыққа қол жеткізуіне бағытталған бірлескен іс-әрекеттері ретінде қарастырылуы.

Теориялық және тәжірибелік тұрғыдан талдау жүргізу кредиттік жүйеде білім, білік және дағдыны тексеру қызметтерін, түрлері мен әдістерін келесідей топтауға болатынын көрсетті: 1) тексеру қызметі: бақылау, оқыту, дамыту, тәрбиелеу, қадағалау, ұйымдастыру, алдыналулық, түзету енгізу; 2) тексеру түрлері: болжамдық, ағымдық, рубеждік (аралық), қорытынды.

Болжамдық (кіріспе) тексеру – әбір пәнді оқыту алдында пәнді игеруге негіз болатын мектепте немесе алдыңғы курстарда алған білімдерінің игерілу деңгейін тексеру, ол білім алушыға кеңес беру үшін диагостикалық сипатта болады.

Ағымдық тексеру – сессия аралығындағы оқу үдерісінің сапасын және нәтижелерін анықтау мақсатында сабақтарда жүргізілетін тексеру түрі. Ол оқытушылар мен студенттердің сәйкесінше оқыту мен оқу қызметтерін жүйелі атқаруды, игерілуі қиын тақырыптарды дер кезінде анықтауды қамтамасыз етеді, оқыту процесіне қажетті өзгерістер енгізуге, үлгермеушілерді анықтауға мүмкіндік береді.

Рубеждік тексеру – студенттің интегралдық индексі (эталоны). Рейтинг – студенттің бүкіл тексеру кезеңінде жинақтайтын эталондық индексі. Рубеждік бақылау семестр бойы екі рет өткізіледі және нақты бөлім бойынша игерілген білім сапасын анықтайды. Ол сонымен қатар, оқу материалының келесі бөлігін игеру алдында, студенттердің жинақтаған білімдерінің көлемін анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай рейтинг аддитивті шама болып табылады. Ол студенттердің жұмысын әдістемелік тұрғыдан сауатты ұйымдастыру жағдайында олардың ағымдағы дайындықтарының деңгейін бағалауға ғана емес, сонымен қатар білімдерінің қорытынды деңгейін болжауға да мүмкіндік береді. Рубеждік бақылауды өткізу формаларына жазбаша бақылау жұмыстары және зертханалық жұмыстар немесе ауызша – коллоквиум, конференцияларда баяндама жасау және т. с.с. жатады.

Қорытынды тексеру – пән бойынша қорытынды жасайтын бүкіл курс бойынша жүргізетін емтихан. Ол көпфакторлы, оқытудың инновациялық әдістерінің логикасына сәйкес болуы, мазмұндық және басқа да талаптарды қанағаттандыруы тиіс. Емтиханды өткізу формалары: компьютерлік немесе бланкалық тесттілеу, жазбаша және ауызша емтихан. Емтихан тапсыру тілін студенттер өздері таңдайды.

Тексеру әдістері – оқыту процесінде кері байланысты жүзеге асыруға және оқытудың нәтижелілігі мен оқу процесінің тиімділігі туралы мәліметтер алуға мүмкіндік беретін диагностикалық тәсілдер.

Бақылау нәтижесінің басты көресеткіші – баға. Баға – студент еңбегінің жемісі. Баға – бағалаудан келіп шығатын сандық жиынтық. Ол студентті жақсы оқуға, сауатты, білімді болуға жетелейтін құрал десе де болады. Бағалау – барынша кең түсінік. Ол оқытушы мен тәлім алушы арасындағы оқу үдерісінің әрбір пән бойынша атқарған қызметінің сапалық және сандық көрсеткіштерімен сипатталады. Бағалау жүйесі – оқыту технологиялары мен құрылымының өзгеруіне байланысты өзгеріп отырады.

Кредиттік оқыту жүйесінде қойылатын бағаның әділдігі мен ашықтығына басымдылық беріледі. Баға әділдігі ұғымы дидактикада білімдердің нақтылығы мен олардың бірдей деңгейде болуы мәнінде қолданылса, философиялық тұрғыдан бағаның субъектіге, жеке тұлғаға байланысты емес екендігін мойындау мәнінде қолданылады. Баға әділдігінің философиялық аспектісі жайында сөз қозғағанда біз оның салыстырмалы сипатын ескереміз, демек баға бір мезгілде объективті де субъективті де бола алады. Әділдік анықтықты арттырып, білім сапасын жетілдіретіндігі, ал субъективтік керісінше, төмендететіндігі белгілі.

Біздің тәжірибемізде студенттер білімін жүйелі тексеру мен бағалау әдістемесі келесідей ережелерге негізделіп құрылды:

1. Мақсаттар қою: студенттерді математика пәніне оқыту үдерісін ұйымдастыру мен басқарудың тиімділігін арттыру, математика курстарының оқу материалдарын мамандықтар бағдарламалары бойынша таңдауды жүзеге асыру, педагогикалық үдерісті диагностикалау бағыттары бойынша оқытушының әдістемелік қызметін жетілдіру және қарқынды ету; бағдарламалық материалдарды игеру бойынша студенттердің өзіндік танымдық белсендігін үнемі және бағытты қамтамасыз ету; студенттер білімін бағалаудың негізділігін және объективтілік деңгейін көтеру.

2. Математикаға оқытуда студенттердің білімін бағалау мен бақылау технологиясының мазмұнын дайындау бағытында жүргізілген әдістемелік жұмыстар.

Экспериментік сынақ өткізу жұмысы әрбір мамандықтарда оқытылатын математикалық пәндер бойынша жүргізілді:

1. Экономикалық мамандық бойынша – «Экономистерге арналған Математика» пәні (1 курс, 1 семестр).

2. Техникалық мамандық бойынша – «Математика І», «Математика ІІ» курстары (1 курс, 1-2 семестрлер).

3. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы мамандықтар бойынша – «Математикалық анализ» (1-3 курстар, бір семестр оқытылады).

Экспериментке барлығы 961 студент қатысты, оның ішінде эксперименттік топтағы студенттер саны – э/б + 112т/б + 117ж/б), бақылау тобындағы студенттер саны – 444.

Студенттердің білім сапасының көрсеткіштері олардың базалық білім деңгейлеріне де тәуелді екендігі белгілі. Сондықтан олардың орта мектептегі математикалық сауаттылықтарының деңгейі өте төмен болса, олардың І семестрде жоғары математика курсын толық бағдарламалық көлемінде игеруі де қиынға соғатыны сөзсіз.

Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4