297-бап. Жол-көлiк оқиғасы болған орыннан кетiп қалу

  Көлiк құралын жүргiзушi және жол қозғалысы немесе көлiк құралдарын пайдалану ережелерiн бұзған адамның осы Кодекстiң 295-бабында көзделген зардаптар болған жағдайда жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалуы -
  екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не екi жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  Ескерту. Зардап шеккендерге көмек көрсетуге байланысты жол-көлiк оқиғасы болған жерден кеткен адам осы бап бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
   
Ескерту. 297-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.01.18 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

  298-бап. Көлiк құралдарын сапасыз жөндеу және оларды
  техникалық ақауларымен пайдалануға шығару, мас
  күйiндегi адамды көлiк құралын жүргiзуге жiберу

  1. Көлiк құралдарын, қатынас жолдарын, белгi беру немесе байланыс құралдарын не өзге көлiк жабдықтарын сапасыз жөндеу, сол сияқты көлiк құралдарының техникалық күйiне жауапты адамның техникалық ақауы бар екенi белгiлi көлiк құралдарын пайдалануға шығаруы, егер бұл әрекеттер абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтiрсе, -
  төрт жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не жүз сексен сағаттан екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  2. Көлiк құралы иесiнiң немесе иеленушiсiнiң алкогольдiк, есiрткiлiк немесе өзге мастық күйдегi адамдарды көлiк құралдарын жүргiзуге жiберуi, егер бұл абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтiруге әкеп соқса, -
  төрт жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не жүз сексен сағаттан екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, абайсызда кiсi өлiмiне әкеп соққан әрекеттер -
  бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  4. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әрекеттер -
  үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып, төрт жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
   
Ескерту. 298-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.01.18 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

НЕ нашли? Не то? Что вы ищете?

  299-бап. Көлiк құралдарын немесе қатынас жолдарын
  қасақана жарамсыздыққа келтiру

  1. Көлiк құралдарын, қатынас жолдарын, белгi беру немесе байланыс құралдарын не өзге де көлiк жабдықтарын қасақана бұзу, зақымдау немесе өзге де тәсiлмен пайдалануға жарамсыз күйге келтiру, сол сияқты көлiк коммуникацияларына тосқауыл қою, егер бұл әрекеттер абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтiруге, не iрi көлемде залал келтiруге не көлiкпен байланыстың қалыпты жұмысы бұзылуына әкеп соқса -
  төрт жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  2. Абайсызда кiсi өлiмiне әкеп соққан дәл сол әрекеттер -
  үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әрекеттер -
  алты жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  Ескерту. Осы тараудың баптарында азаматқа айлық есептiк көрсеткiштен жүз еседен асып түсетiн мөлшерде келтiрiлген залал не ұйымға немесе мемлекетке қылмыс жасаған кезде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген айлық есептiк көрсеткiштен бес жүз есе асып түсетiн мөлшерде келтiрiлген залал iрi көлемдегi залал деп танылады.
  Ескерту. 299-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2004.12.09 N 10 , 2011.01.18 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

  300-бап. Көлiктiң қауiпсiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз
  ететiн ережелердi бұзу

  1. Жолаушының, жаяу адамның немесе жол қозғалысының басқа қатысушысының (осы Кодекстiң 295, 296-баптарында аталған адамдарды қоспағанда) жол қозғалысы қауiпсiздiгi немесе көлiк құралдарын пайдалану ережелерiн бұзуы, егер бұл әрекет абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соқса -
  жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  2. Абайсызда кiсi өлiмiне әкеп соққан дәл сол әрекет -
  төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әрекет -
  үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
   
Ескерту. 300-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.01.18 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

  301-бап. Поезды қажет болмаған жағдайда өз бетiнше
  тоқтату

  Поезды стоп-кранмен не ауа тежегiш магистральдарын ажырату жолымен немесе өзге әдiспен қажет болмаған жағдайда өз бетiнше тоқтату, егер бұл кiсi өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, -
  екi жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

  302-бап. Көлiкте қолданылатын қағидаларды бұзу

  1. Жол, құрылыс және басқа да ұйымдарда басқару функцияларын атқаратын және жолдар мен жол құрылыстарын, олардың жабдықтарын пайдалануға, сондай-ақ жол қозғалысын ұйымдастыруға жауапты адамдардың, денсаулыққа ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтiрген, осындай әрекеттi жасағаны үшiн оған бiр жыл iшiнде әкiмшiлiк жаза қолданылған адамның көлiкте қолданылатын тәртiптi сақтау және қозғалыс қауiпсiздiгi қағидаларын бұзуы, -
  жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз, бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге жазаланады.
  2. Адамның өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол әрекет, -
  бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
   
Ескерту. 302-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

  303-бап. Магистралдық труба құбырларын салу, пайдалану
  немесе жөндеу кезiнде қауiпсiздiк ережелерiн
  бұзу

  1. Магистралдық труба құбырларын салу, пайдалану немесе жөндеу кезiнде қауiпсiздiк ережелерiн бұзу, егер бұл әрекет абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге не iрi залал келтiруге әкеп соқса, -
  екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  2. Абайсызда кiсi өлiмiне әкеп соққан дәл сол әрекет -
  бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әрекет -
  төрт жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
   
Ескерту. 303-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.01.18 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

  304-бап. Құбырларды қасақана зақымдау немесе қирату

  1. Құбырларды, оның iшiнде мұнай-газ құбырларын қасақана зақымдау немесе қирату, -
  екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не қылмыс жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлiк тәркiленiп, нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  2. Нақ сол әрекет:
  а) абайсызда адам денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтiруге әкеп соқса;
  б) бiрнеше рет жасалса;
  в) адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаса, -
  қылмыс жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлiк тәркiленiп, екi жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әрекет:
  а) қоршаған ортаны ластауға әкеп соқса;
  б) iрi залал келтiруге әкеп соқса;
  в) ұйымдасқан топ жасаса;
  г) абайсызда адам өлiмiне әкеп соқса, -
  сотталған адамның мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, сондай-ақ қылмыс жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлiк тәркiленiп, жетi жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
   
Ескерту. 304-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.10.06 N 343-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

   304-1-бап. Құбырларды абайсызда зақымдау немесе қирату

  1. Құбырларды, оның iшiнде мұнай-газ құбырларын, белгiленген пайдалану режимiнен ауытқуына әкелiп соққан не адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтiрудiң нақты қатерiн төндiрген, абайсызда зақымдау немесе қирату, -
  айлық есептiк көрсеткiштiң үш жүзден алты жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға жазаланады.
  2. Нақ сол әрекет:
  а) абайсызда адам денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтiруге;
  б) қоршаған ортаны ластауға;
  в) iрi залал келтiруге;
  г) абайсызда адам өлiмiне әкеп соқса, -
  екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
   
Ескерту. Кодекс 304-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.10.06 N 343-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.01.18 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

  305-бап. Кеме капитанының апатқа ұшырағандарға көмек
  көрсетпеуi

  1. Теңiзде немесе өзге де су жолында апатқа ұшыраған адамдарға кеме капитанының, егер осы көмек көрсету өзiнiң кемесiне, оның экипажы мен жолаушылары үшiн елеулi қауiп келтiрмейтiн болғанда, көмек көрсетпеуi -
  екi жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  2. Теңiзде немесе су жолында соқтығысқан кемелердiң бiрiнiң капитанының басқа кеменi құтқару үшiн тиiстi шаралар қолданбауы абайсызда кеменiң опат болуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, егер бұл шараларды өз кемесiне, оның экипажы мен жолаушыларына елеулi қауiп төндiрмей қолдану мүмкiн болса, -
  үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына жазаланады.
   
Ескерту. 305-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

  306-бап. Ұшудың халықаралық ережелерiн бұзу

  1. Рұқсатта көрсетiлген маршруттарды, қону орындарын, әуе қақпаларын, ұшу биiктiгiн сақтамау немесе халықаралық ұшу ережелерiн өзге де бұзу -
  бес жүзден бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  2. Кiсi өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол әрекеттер -
  үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
   
Ескерту. Заң 306-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.01.18 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

13-тарау. Мемлекеттiк қызмет пен мемлекеттiк басқару
мүдделерiне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстар

  Ескерту. Тараудың атауына өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2003.09.25 N 484 Заңымен.

   307-бап. Қызмет өкiлеттiгiн терiс пайдалану

  1. Мемлекеттiк қызметтер атқаруға уәкiлеттi адамның не оған теңестiрiлген адамның қызметтiк өкiлеттiгiн өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылық алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында қызмет мүдделерiне кереғар пайдалануы, eгep бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн елеулi түрде бұзуға әкеп соқса, -
  бес жүзден бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  2. Лауазымды адам жасаған нақ сол әрекет, -
  бiр мыңнан екi мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  3. Жауапты мемлекеттiк лауазым атқаратын адам жасаған нақ сол әрекет, -
  екi мыңнан төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген, ауыр зардаптарға әкеп соққан не ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қауымдастықтың (қылмыстық ұйымның) мүддесiнде жасалған әрекеттер, -
  мүлкi тәркiленiп, жетi жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, төрт жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

  Ескертулер.
  1. Мемлекеттiк қызметтер атқаруға уәкiлеттi адамдарға лауазымды адамдар, Парламент пен мәслихаттардың депутаттары, судьялар және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңдарына сәйкес барлық мемлекеттiк қызметшiлер жатады.
  2. Мемлекеттiк қызмет атқаруға уәкiлеттi адамдарға:
  1) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына сайланған адамдар;
  2) заңда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасының Парламентi мен мәслихаттардың депутаттығына, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару сайланбалы органдарының мүшелiгiне кандидаттар ретiнде тiркелген азаматтар;
  3) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында тұрақты нeмece уақытша жұмыс iстейтiн, еңбегiне ақы Қазақстан Республикасы мемлекеттiк бюджетiнiң қаражатынан төленетiн қызметшiлер;
  4) мемлекеттiк ұйымдарда және жарғылық капиталындағы мемлекеттiң үлесi елу пайыздан көп болатын ұйымдарда, оның iшiнде акционерi мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда, ұлттық даму институттарында, олардың дауыс беретiн акцияларының (қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы өздерiне тиесiлi еншiлес ұйымдарында, сондай-ақ дауыс беретiн акцияларының (қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы көрсетiлген еншiлес ұйымдарға тиесiлi заңды тұлғаларда басқару функцияларын атқаратын адамдар теңестiрiледi.
  3. Тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкiлеттiк бойынша өкiметтiң өкiлi қызметiн жүзеге асырушы не мемлекеттiк органдарда, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында ұйымдастырушылық-әкiмшiлiк немесе әкiмшiлiк-шаруашылық қызметтердi орындаушы адамдар лауазымды адамдар деп танылады.
  4. Мемлекет қызметтерiн және мемлекеттiк органдардың өкiлеттiктерiн тiкелей орындау үшiн Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының конституциялық және өзге де заңдарында белгiленген лауазымдарды атқаратын адамдар, сол сияқты Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңдарына сәйкес мемлекеттiк қызметшiлердiң саяси лауазымдарын атқаратын адамдар жауапты мемлекеттiк лауазым атқаратын адамдар деп  түсiнiледi.
  5. Осы Кодекстiң 176-бабы үшiншi бөлiгiнiң г) тармағында, 177-бабы үшiншi бөлiгiнiң г) тармағында, 192-бабы екiншi бөлiгiнiң в) тармағында, 193-бабы үшiншi бөлiгiнiң а) тармағында, 209-бабы үшiншi бөлiгiнiң а) тармағында, 226-1-бабы үшiншi бөлiгiнiң б) тармағында, 307-бабында, 308-бабы төртiншi бөлiгiнiң в) тармағында, 310 – 315-баптарында, 380-бабында, 380-1-бабы екiншi бөлiгiнiң в) тармағында, 380-2-бабында көзделген қылмыстар сыбайлас жемқорлық қылмыстар деп танылады.
  Ескерту. 307-бап жаңа редакцияда - ҚР 2003.09.25 N 484, өзгерiс енгiзiлдi - 2007.07.21 N 308, 2009.12.07 N 222-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз), 2011.01.18 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.02.01 N 551-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33