Себебі, қаржылық құқық теориясы тұрғысынан, мемлекеттік емес кәсіпорындар мен ұйымдардың, банктердің және т. б. ақшалай қаражаттары қаржы терминімен қамтылмайды. Ресейлік ғалым-заңгер М. В. Карасева қазіргі кезде Ресей Федерациясының қаржы жүйесі мына келесідей біршама дербес бөліктерден тұрады деп тұжырымдайды:
1. бюджеттік қорлар;
2. бюджеттен тыс қорлар;
3. мемлекеттік және муниципалдық кредит;
4. сақтандыру қорлары;
5. кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржылары[124].
Ал Қазақстанның қаржы жүйесі жөнінде, оның даму ерекшеліктерін ескере отырып, біздің ойымызша, мынадай тұжырым жасауға болады:
Республикалық бюджет; жергілікті өзін-өзі басқару құзырындағы (муниципалдық) бюджеттер; мемлекеттік (банктік) несиелеу қорлары; мемлекеттік (міндетті) сақтандыру қаржысы – орталықтандырылған мемлекеттік қаржы ретінде қаржы жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады. Ал орталықтандырылмаған мемлекеттік қаржы ретінде – министрліктер мен ведомстволардың, өзге де басқарушы, атқарушы құрылымдардың өздеріне тән функцияларын жүзеге асыруға қажетті ақша қаражаттарын, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың, корпорациялардың, мемлекеттік қазыналық кәсіпорындардың ақшалай қаражаттарын атап көрсеткен абзал.
Республикада болып жатқан түбегейлі өзгерістерге байланысты қаржылық-экономикалық институттар түрлеріне және меншік формаларына байланысты мына келесідей түрде топтастырылады:
1) Республика меншігіндегі ақша қорларын көрсететін институттар (республикалық бюджет, республикалық бюджеттен тыс қорлар ведомстволардың орталықтандырылған ақша қорлары; мемлекеттік банктердің ақша қорлары).
2) Әкімшілік-аумақтық бірліктердің меншіктеріне жататын ақша қорларын көрсететін институттар (жергілікті өкілді органдар қалыптастыратын бюджеттер, бюджеттен тыс қорлар).
3) Шаруашылықты толығымен жүргізуге немесе тікелей басқаруға құқықтары бар субъектілердің қарамағына жататын ақша қорларын көрсететін институттар (мемлекеттік-коммерциялық акционерлік банкілердің; мемлекеттік сақтандыру компанияларының; мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың және мекемелердің ақшалай қорлары).
Осы аталған субъектілерге берілген ақша қаражаттары жөніндегі автономдық құқықтары – олардың өз қаржылық қызметтерін тәуелсіз және дербес түрде жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Қазақстандық белгілі ғалым экономист А. Б. Зейнелғабдин қаржының мемлекеттік қаржы жүйесінің экономикалық табиғаты мен маңызын ашып көрсеткен алғашқы ғалымдардың бірі болып табылады.
«Қаржы – ақша қозғалысына байланысты туындайтын экономикалық қатынастар, яғни ақша қорлары мен басқа да қорларды қалыптастыру, бөлу және пайдалану кезінде қоғамда туындайтын қатынастар», – делінген автордың еңбегінде. Қаржылар объективті категория болып табылғандықтан, өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың дамуы негізінде туындайды. Сондықтан олар жиынтық қоғамдық өнімнің, ұлттық табыстың, сондай-ақ ішкі жалпы өнімнің құнын қалыптастыру, бөлу және пайдалану процесінде туындайтын құндылық экономикалық қатынастар жүйесінде қызмет атқарады.
Қаржы арқылы мемлекет өз қарамағына ақша қаражаттарын жиыстырады, сондай-ақ оларды ұлғаймалы ұдайы өндіріске және қоғамның мұқтаждықтарын қанағаттандыруға бағдарлап пайдаланады.
Қаржы көмегімен мемлекетпен, шаруашылық субъектілерінің ақша қорлары құралады, сондай-ақ халықтың ақша қаражаттары жинақталады. Қаржы қоғамдық өнім мен ұлттық табыстың құнын бастапқы бөлуші ретінде көрініс табады. Қаржылық шаруашылық қатынастар – мемлекеттік бюджет пен кәсіпорындардың және халық шаруашылығы салаларының өзара қатынастарының негізі болып табылады.
Сонымен қаржылық қатынастардың барлық нысандарының жиынтығы – мемлекеттің қаржы жүйесінің базистік негізін құрайды.
А. Б. Зейнелғабдин қаржы жүйесіне түсініктеме бере отырып, оның маңызын былайша көрсеткен: қаржы жүйесі – осы жүйені құру, бөлу және пайдалану кезіндегі қаржылық қатынастардың жиынтығы, сондай-ақ осы қатынастарды басқаратын қаржылық және салықтық мекемелер мен өзге де тиісті органдардың жиынтығы. Қаржы жүйесін құрылымдық тұрғысынан қарастырсақ жоғарыда айтылғандай ол басқарылушы қаржылық қатынас нысандарының жиынтығынан және басқарушы қаржылық, салықтық және басқа да органдардың жиынтығынан тұрады.
Қаржы жүйесінің қызмет атқару механизмдерін зерттеу үшін оның әрбір элементтерін және олардың әрекет ету механизмдерінің біртұтастығын мұқият зерделеу қажет. Демек, біріншіден, қаржылық қатынастардың барлық нысандарын және олардың өзара байланыстарын айқындау қажет; екіншіден, қаржылық қатынастардың әрбір нысанын өндірістің тиімділігін аттыру және экономикалық қатынастарды жетілдіру жөніндегі рөлдері тұрғысынан зерделеу; үшіншіден, қаржылық қатынастарды басқару тәсілдерін жетілдіру, яғни нарық жағдайында қаржылық қатынастарды пайдалану механизмдерін жоспарлау, болжамдау, қаржыландыру, бақылау және талдау. Осы талдау негізінде қаржы жүйесінің құрылымы мен оның элементтерінің өзара байланысы анықталады. Қаржы жүйесінің құрамындағы қаржылық қатынастар өте күрделі құрылымнан тұрады және олар мына келесідей негізгі топтарға бөлінеді:
1) Мемлекет пен шаруашылық субъектісінің арасындағы оларға өндірістік қорларды беру, тауар шығару, қызмет көрсету және жаңадан құн жасау кезіндегі қатынастар;
2) Мемлекет пен шаруашылық субектілерінің пайданы, таза табысты және амортизациялық қорды құру, бөлу, пайдалану жөніндегі қатынастары;
3) Мемлекет пен халықтың, азаматтардың табыстарын қалыптастыру, бөлу және қайта бөлу жөніндегі қатынастар;
4) Мемлекет пен шаруашылық субъектілерінің мемлекеттің орталықтандырылған ақша қорларын, бюджеттен тыс қорларды құру, бөлу және пайдалану, сондай-ақ зейнетақы қоры мен әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар жөніндегі қатынастар;
5) Мемлекеттің өндірістік емес аядағы бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдармен және мекемелермен қатынастары;
6) қаржылық-банктік Жүйе институтарының арасындағы қатынастар (Қаржы министрлігі, Ұлттық Банк, ЭКСИМ банк және т. б.)
7) Шаруашылық субъектілердің арасындағы тауарлар мен қызметтерді өткізу процесіндегі қатынастар, сондай-ақ оның қаржылық ресурстарды бөлу және қайта бөлу, күрделі қаржыландыру, айналым қаражаттарын қаржыландыру, салалық резервтерді қалыптастыру жөніндегі министрліктермен қатынастары;
8) Мемлекеттің сыртқы экономикалық, ғылыми-техникалық қызмет процесінде жақын және шалғай елдермен қатынастары[125]. Осы қатынастар мен байланыстардың ішінен бір-бірінен белгілі бір жалпы белгілері бойынша айрықшаланатын (оқшауланатын) аяларды бөліп шығаруға тиістіміз. Сонымен құндылық құрылымының айрықша саласын, мемлекет пен шаруашылық субъектілерінің және халықтың арасында туындайтын жиынтық қоғамдық өнімді, ұлттық табысты және жалпы ішкі өнімді қаржылық қатынастар құрайды. Бұл қатынастар шаруашылық субъектілері мен халықтың пайдаларын, табыстарын құру және бөлуге, сондай-ақ мемлекеттің қаржылық ресурстарын қалыптастыруға байланысты өндіру және бөлу процесінде туындайды.
Осы қаржылық қатынастардың жиынтығы қазіргі кезде “салық” атты экономикалық мәні бар ұғыммен көрсетіледі. Демек ол – қаржының құрамдас бөлігі, ал салық жүйесі – қаржы жүйесінің элементі болып табылады.
Сонымен қаржы тұтастық тұрғысынан сипатталады. Алайда осы тұтастық ішінде белгілі бір айырмашылықтардың бар екенін ұмытпаған жөн. Қаржылық қатынастардың әр сипатта болуы оның құрамында қоғамды өнімді құндылық бөлудің жекелеген (ерекшеленген) аясының соның бірі –мемлекеттік бюджет болып табылады, көрініс табуына әкеліп соғады.
Экономикалық категория ретінде мемлекеттік бюджет – бөлу процесінде туындайтын, тұрақты қатысушы мемлекет болып табылатын қаржылық қатынастарды көрсетеді. Мемлекеттік бюджет жалпы мемлекеттік мұқтаждықтарды қанағаттандыруға арналған орталықтандырылған ақша қаражаттары қорларын қалыптастыру және бөлумен байланысты болады. Бұл жерде бюджеттік қатынастар қаржылық қатынастардың құрамдас бөлігі болып табылады.
Қаржы күрделі құрылымды болғандықтан бюджеттік құбылыстармен ерекшеленеді[126]. Сондықтан, яғни қаржы категориясы мен қаржы жүйесінің экономикалық мәні кең мағынада болғандықтан, бюджет жүйесі – қаржы жүйесінің негізгі құрылымдық элементі болып табылады.
Тауар – ақша қатынастары жағдайында өндірістік қорлар мен еңбек ресурстары натуралдық және құндылық нысанында болады. Сондықтан өндіріс нәтижесі осы екі форма арқылы өлшенеді. Қаржылық қатынастар алғашқы рет мемлекеттік кәсіпорындарға өндірістік қорларды беру кезінде туындайды. Бұл жерде өнімді шығару оның тұтыну құнынан бөлінбеуін жүзеге асыру мақсаты көзделеді. Қаржылық қатынастарды басқаруды жүзеге асыру қаржылық механизмдер арқылы жүргізіледі.
Қаржылық механизмнің негізгі элементтеріне мыналар жатады:
1) Қаржылық бюджеттік жоспарлау және болжамдау;
2) Қаржылық ресурстарды тікелей басқару және жан-жақты бағдарлау;
3) Қаржылық ресурстардың құрылуына, бөлінуіне және пайдаланылуына бақылау жүргізу;
4) Қаржы мен салықтың, бюджеттің өндіріске және халықтың әлауқаты деңгейіне тигізетін ықпалын анықтау.
Қазақстандық ғалым А. Б. Зейнелғабдиннің айтуынша, қаржылық қатынастарды басқару жүйесін құру арқылы[127] мына төмендегідей мәселелерді шешуге әбден болады:
1) барлық қаржылық ресурстарды тікелей басқару (шаруашылық субъектілерінің өз қаржылық ресурстары; бюджеттік ресурстар; бюджеттен тыс қорлар; валюталық ресурстар және т. б.)
2) қаржылық ресурстарды болжамдауда экономикалық-математикалық әдістерді пайдалану негізінде мемлекеттің жиынтық қаржылық балансын жасау практикасын жетілдіру;
3) мемлекеттік жиынтық қаржылық балансының пропорцияларына және индикативтік жоспарлардың көрсеткішіне сүйене отырып, болжамдау негізінде көп варианттік режимдегі бюджет жобасын қалыптастыру;
4) республикалық және жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігін болжамдау, салық пен басқа міндетті төлемдердің бюджетке түсуін бақылауды ұйымдастыру;
5) Бюджеттік мекемелерді шаруашылық етудің жаңа түріне өткізу арқылы, яғни бюджеттік қаржыландыру мен басқа түсім көздерінен түсетін қаражаттарды ұштастыру негізінде әлеуметтік аяға бағытталған шығындарды жоспарлау және болжамдау жүйесін дайындау;
6) жиынтық валюталық жоспарды, министрліктер мен ведомстволардың валюталық жоспарларын, олардың сыртқы сауда қызметтерін талдау, сондай-ақ мемлекеттің қаржылық және валюталық ресурстарын қалыптастырудағы рөлдерін кешенді автоматтандырылған жобаларын дайындау негізінде валюталық-қаржылық жоспарлауды ұйымдастыруды жетілдіру;
7) қазіргі кезеңдегі экономикалық саясаттың мұқтаждықтарын көрсететін қаржылық-бюджеттік жоспарлаудың нормативтік базасын дайындау;
8) салық, бюджет жүйесі (шаруашылық субъектілері, аудан және облыс деңгейіндегі) жөніндегі заңдардың атқарылу механизмдері туралы ақпараттарды жедел жинау және өңдеу.
Сонымен қаржы жүйесін экономикалық тұрғыдан қарастырсақ, оның мына келесідей элементтерден тұратынын көреміз: негізгі салық жүйесі, бюджет жүйесі; шаруашылық субъектілерінің қаржылары, қаржылық механизм және қаржы, салық органдарын автоматтандырылған ақпараттық жүйесі.
Жоғарыда қаржы жүйесін сипаттағанымызда оның нақты көрінісі бюджет және салық жүйесі деп көрсеткен болатынбыз. Сол себепті осы аталған жүйелерге сипаттама беруіміз қажет. Қазіргі кезеңде бірден бір материалдық базамыз – бюджет болып табылатыны белгілі. Сондықтан оны мемлекет қазынасы деп те атайды. Шын мәнісінде мемлекеттік бюджет мемлекет қазынасының құрамдас бөлігі болып табылады[128]. Бюджет терминінің мағынасына назар аударсақ, оны экономикалық және құқықтық тұрғыдан ашып көрсетуге болатын көреміз.
Экономикалық категория ретінде бюджет деп – мемлекеттік бюджетті қалыптастыру және бөлу кезіндегі экономикалық қатынастардың жүйесін айтамыз.
Осы экономикалық тұрғыдан мемлекеттік бюджеттің өзіне тән ерекшеліктерін көрсетуге болады. Олар мына келесідей белгілермен сипатталады:
1) Ол мемлекет қарамағына қоғамдық өнімнің, ұлттық табыстың жалпы ішкі өнім құнының бөлігін және оның жалпы мемлекеттік мұқтаждықтарын қанағаттандыруға пайдалануға байланысты бөлу қатынастарының экономикалық нысаны болып табылады;
2) Қоғамдық өнімнің құнын бюджеттік бөлудің пропорциясы мен нысаны – тұтас алғанда, ұлғаймалы ұдайы өндіріс мұқтаждығымен және қоғамның әрбір тарихи кезеңде дамуының қоғам алдында тұрған міндеттерімен айқындалады;
3) Ол тауар нысанындағы қоғамдық өнімнің тікелей қозғалысына байланысты емес құн бөлу сатысын, яғни тауар нысанындағы құнның қарсы қозғалысына жолықпаған ақша нысанындағы құнның біржақты қозғалысын көрсетеді;
4) Ол 'құнды халық шаруашылығы салалары, еліміздің аумағы және экономика секторлары арасында бөлуге арналған[129].
Сонымен мемлекеттік бюджет – экономикалық категория ретінде – ақша нысанындағы өндірістік қатынастарды көрсетеді және оның өзіне тиісті материалдық-заттай институты, яғни ақша қаражаттары қорлары болады. Мысалы, мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры – республикалық бюджет болып табылады.
Заң әдебиеттерінде, әдетте “бюджет” терминінің дәстүрлі төрт мағынасы қарастырылады:
1) материалдық мағынада;
2) экономикалық категория ретінде;
3) құқықтық категория ретінде;
4) заңи-техникалық мағынада.
1) Материалдық мағынада, бюджет деп – мемлекеттің орталықтандырылған ақша қорын, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдардың орталықтандырылған ақшалай қорларын айтамыз.
2) Экономикалық категория ретінде, бюджет дегеніміз – мемлекеттің орталықтандырылған ақша қорын немесе жергілікті орталықтандырылған ақша қорларын қалыптастыратын және жұмсайтын экономикалық қатынастардың жүйесі.
3) Құқықтық категория ретінде, бюджет деп – мемлекеттің негізгі қаржылық жоспарын, яғни мемлекеттің және жергілікті өкілді органдардың кіріс және шығыс балансын айтамыз.
4) Заңи-техникалық мағынада, бюджет дегеніміз – мемлекеттің негізгі қаржылық заңы немесе жергілікті өкілді органдардың қаржылық-құқықтық актілері.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік бюджет: республикалық және жергілікті бюджет жиынтығынан тұрады.
Танымал экономист-ғалым А. Б. Зейнелғабдин атап көрсеткендей, бюджеттің бөліктеніп қабылдануы қаржылық ресурстардың жұмсалу бағыттарын толық қамтып қарастыруға мүмкіндік бермейді[130].
Жоғарыда баяндалған, бюджет жүйесі жөнінде қалыптасқан көзқарастар мен ұғымдарға жаңаша түйінделген талдау жасап көрейік. Ресейлік ғалым Л. А. Давыдова бюджет жүйесі деп – экономикалық қатынастарға және заңи нормаларға негізделген Ресей Федерациясының Республикалық (Федералдық) бюджетінің, РФ құрамындағы республикалардың республикалық бюджеттерінің, сондай-ақ РФ ұлттық-мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық құрылымдары (бөліктері) бюджеттерінің жиынтығын айтамыз деген анықтама берген. Осы айтылғанды нақтылап айқындасақ, онда мынадай көрініс табады:
1. Федералдық бюджет, яғни РФ республикалық бюджеті;
2. Ресей Федерациясы субъектілерінің бюджеті, олардың ішінде: РФ құрамындағы республикалардың республикалық бюджеті; аймақтардың аймақтық бюджеттері; облыстардың облыстық бюджеті; Федералдық бағынысты қалалардың қалалық бюджеті; автономдық облыстың облыстық бюджеті; автономдық округтардың округтық бюджеті;
3. жергілікті бюджет, олардың ішінде: селолық аудандардың аудандық бюджеті; Мәскеу мен Санкт-Петербургтан басқа қалалардың қалалық бюджеті; қаладағы аудандардың аудандық бюджеттері; поселкелердің поселкелік бюджеті; селолардың селолық бюджеті.
А. Давыдованың қорытынды ретінде айтқаны: Ресей Федерациясының бюджет жүйесі Федералдық бюджет, РФ субъектілерінің бюджеті және әкімшілік-аумақтық құрылымдардың жергілікті бюджеті сияқты үш топтан тұрады.
Е. Б. Стародубцева бюджет жүйесі мемлекет аумағындағы бюджеттің жиынтығы болып есептелінеді және ол мемлекеттік құрылыстың ерекшелігін ескере отырып құрылады деп түсіндіреді.
Бюджет жүйесі көптеген элементтерден тұрады. Олар бір-бірімен тығыз байланыста болады және бюджет жүйесінің сол кезеңдегі даму ерекшеліктерімен негізделіп, сипатталады. Сонымен бюджет жүйесі деп – әр деңгейдегі және әртүрлі бюджеттің, бюджет процесін ұйымдастырудың, бюджеттік қатынастардың, бюджеттік қызмет аясындағы құзыретті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ бюджеттік бақылаудың нысандары мен әдістерінің жиынтығын айтамыз.
Бюджетті қалыптастыратын түсім көздеріне салық пен басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ салық емес басқа да кірістер жатады.
Республикалық бюджеттің кірістері (арнайы экономикалық аймақтардың қаржылық қорларына (бюджетіне) есептелетін сомалардан басқасы) мыналардан тұрады:
1. Салықтан, алымдардан және басқа да міндетті төлемдерден алынатын түсімдер:
- заңды тұлғалардан алынатын табыс салығы – 50%;
- қосылған құнға салынатын салық;
акциздер:
- спирттің барлық түріне – 50%;
- араққа – 50%;
- ликер-арақ өнімдеріне – 50%;
- шарапқа – 50%;
- коньякқа – 50%;
- шампан шарабына – 50%,
- сыраға – 50%;
- күшейтілген ішімдіктер, күшейтілген шырындар мен бальзамдарға – 50%;
- шарап материалдарына – 50%;
- бекіре мен қызыл балықтарға, бекіре және қызыл балық уылдырықтарына, бекіре мен қызыл балықтардан және уылдырықтан әзірленген жеңсік тағамдарға;
- темекі өнімдеріне;
- құрамында темекі бар басқа да өнімдерге;
- хрустальдан жасалған бұйымдарға, хрустальды жарық беру аспаптарына;
- импортталатын тауарларға;
- алтыннан, платинадан немесе күмістен жасалған зергерлік бұйымдарға;
- бензинге (авиациялық бензинді қоспағанда);
- дизель отынына;
- атыс және газ қаруына (мемлекеттік өкімет орындарының мұқтаждары үшін сатып алынғандарынан басқасы);
- электр энергиясына;
- газ конденсатын қоса алғанда, өңделмеген мұнайға;
- үстеме пайдаға салынатын салық;
- роялти;
- жасалған келісім-шарттарға орай республикалық бюджетке түсетін бөлігінде өнім бөлу бойынша Қазақстан Республикасының үлесі;
- бонустар;
- импорттық кедендік баж;
- отандық тауар өндірушілерді қорғау шаралары ретінде алынатын баж;
- бағалы қағаздар эмиссиясын тіркеу үшін алым;
- Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлік құралдарының жүріп өткені үшін алымдар;
- жеке тұлғалардың қолма-қол шетел валютасын сатып алғаны үшін алым;
- Қазақстан Республикасының радиожиілік ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем;
- кедендік бақылауды және кедендік рәсімдерді жүзеге асырудан түсетін түсімдер;
- жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлем;
- кеме жүретін су жолдарын пайдаланғаны үшін төлем.
2. Салықтық емес түсімдер:
- республикалық мемлекеттік кәсіпорындар пайдасының үлесі;
- Қазақстан Ұлттық Банкісінің табысынан түсетін түсім;
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің депозиттері бойынша алынған сыйақылар (мүдделер);
- орталық атқарушы органдарға бағынышты мемлекеттік мекемелерге тиесілі мүлікті сатудан түсетін түсімдер;
- республикалық меншік болып табылатын акциялар пакеттеріне түсетін дивидентер;
- Ұлттық лотереяның табысының түсімі;
- республикалық бюджеттен кредиттер бергені үшін алынған сыйақылар (мүдделер);
- жер қойнауы жөніндегі ақпараттарды пайдалануға бергені үшін төлем;
- орталық атқарушы органдарға бағынышты мемлекеттік мекемелер көрсететін қызметтерді жүзеге асырудан (өткізуден) түсетін түсімдер;
- мемлекеттік меншіктегі мүлікті арендалаудан түсетін түсім;
- орталық атқарушы органдарға бағынышты мемлекеттік мекемелер ұйымдастыратын мемлекеттік сатып алуды жүргізуден заңға сәйкес түсетін ақшалар;
- қоршаған ортаны ластағаны үшін мөлшері 50% төлемдер;
- консулдық алымдардан түсетін түсімдер;
- екінші деңгейдегі банктерге қолданылатын санкциялардан түсетін сомалар;
- орталық атқарушы органдарға бағынысты мемлекеттік мекемелер алатын, Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген әкімшілік айыппұлдар мен санкциялар;
- Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген басқа салықтық емес және өзге де түсімдер;
- арнайы экономикалық аймақтардың қаржылық қорлары (бюджеті) кірістерінің жалпы сомасынан аударымдар.
3. Капиталмен жасалатын операциялардан түсетін кірістер:
- республикалық меншікті жекешелендіруден түсетін түсімдер;
- мемлекеттік резервтерден алынған тауарлар үшін берешектерді өтеуден және мемлекеттік запастардағы астықты сатудан түсетін түсімдер;
- жерді және тұрақты жер пайдалану құқығын сатудан түсетін түсімдер.
Жергілікті бюджеттің кірістері (арнайы экономикалық аймақтардың қаржылық қорларына (бюджетіне) есептелетін сомалардан басқасы) мыналардан тұрады:
1. салықтың, алымдардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсімдері:
- заңды тұлғалардан алынатын табыс салығы – 50%;
- жеке тұлғалардан алынатын табыс салығы;
- әлеуметтік салық;
- заңды және жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық;
- көлік құралдарына салынатын салық;
- жер салығы;
- заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу үшін алынатын алым;
- кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғаларды тіркеу үшін алынатын алым;
- жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін алынатын лицензиялық алым;
- аукциондық сатудан алынатын алым;
- рыноктарда тауарларды сату құқығы үшін алынатын алым;
- Алматы қаласының рәміздерін өздерінің фирмалық атауларында, қызмет көрсету таңбаларында және тауар таңбаларында пайдаланғаны үшін алынатын алым;
акциздер:
- спирттің барлық түрлерін – 50%;
- араққа – 50%
- ликер-арақ өнімдеріне – 50%;
- шараптарға – 50%;
- коньяктарға –50%;
- шампан шараптарына – 50%;
- сыраға – 50%;
- күшейтілген сусындарға, күшейтілген шырындар мен бальзамдарға – 50%;
- шарап материалдарына – 50%;
- ойын бизнесіне;
- мемлекеттік баж;
- жасалған келісім-шарттарға орай жергілікті бюджетке түсетін бөлігінде өнім бөлу бойынша Қазақстан Республикасының үлесі;
- су үшін төленетін ақы;
- орманды пайдаланғаны үіиін төленетін төлем.
2. салықтық емес түсімдер:
- коммуналдық меншік болып табылатын акциялар пакеттеріне түсетін дивиденттер түсімі;
- жергілікті өкілді органдар өткізген лотореялардан түскен табыстар түсімі;
- жергілікті бюджеттен кредиттер бергені үшін алынған сыйақылар (мүдделер);
- жергілікті өкілді және атқарушы органдарға, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға бағынышты мемлекеттік мекемелерге тиесілі мүліктерді сатудан түскен түсімдер;
- жергілікті атқарушы органдарға бағьнышты мемлекеттік мекемелер көрсететін қызметтерді өткізуден түскен түсімдер;
- коммуналдық меншіктегі мүліктерді арендаға беруден түскен түсімдер;
- жер телімдерін жалға беруден түскен түсімдер;
- жергілікті атқарушы органдарға бағынышты мемлекеттік сатып алуды заңға сәйкес өткізуден түскен ақшалар;
- қоршаған ортаны ластағаны үшін жергілікті мемлекеттік қоршаған ортаны қорғау қорларына төленетін 50% мөлшеріндегі төлемдер;
- жылжымайтын мүлікке деген құқықты мемлекеттік тіркеу және онымен мәмілелер жасау үшін төленетін ақы;
- басқа да әкімшілік алымдар;
- жергілікті атқарушы органдарға бағынышты мемлекеттік мекемелер алатын, Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген әкімшілік айыппұлдар мен санкциялар;
- Қазақстан Республикасының Заң актілерінде көзделген салықтық емес және өзге де түсімдер.
3. капиталмен жасалынатын операциялардан түсетін табыстар:
- коммуналдық меншіктегі объектілерді жекешелендіруден түсетін түсімдер;
- аймақтардың өздерін қамтамасыз етуге сатып алған астықты өткізуден түсетін түсімдер.
Бюджеттік кірістердің жүйесі: бюджетке түсетін түсімдер былайынша топтастырылады:
1) Субъектісі бойынша:
а) мемлекеттік заңды тұлғалардан;
б) мемлекеттік емес заңды тұлғалардан;
|
Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 |


