Бұл жерде айта кететін бір жәйт, экономика саласындағы мемлекеттік басқаруды реформалау туралы белгілі экономист-ғалым О. Сәбденов мынадай пікір айтқан болатын: “Дүниежүзілік тәжірибеден өткен басқару теориясы мен практикасы бойынша басқару құрылымында аралық буындардың неғұрлым аз болғаны басқару ісі үшін өте тиімді бола бермекші. Мысалы, бізде министрліктің министрі өз шешімін премьер-министр, мемлекеттік хатшы – премьер министрдің бірінші орынбасары, үкімет аппаратының басқарушысы – премьердің орынбасары, бөлім бастықтары арқылы өткізуге мәжбүр болады. Сондықтан басқару ісі тиімді әрі нәтижелі болуы үшін министрлер мен ведомстволардың жалпы санын қысқартып, блоктық құрылымға, яғни жалпы экономикалық, әлеуметтік, материалдық өндірістің аумақты аяларына және т. б. көшу қажет. Осы блоктық құрылымдардың бірыңғай мемлекеттік саясатты айқындап, жүзеге асыруға себін тигізері сөзсіз.

Материалдық өндіріс аясында ведомстволық сипаттағы жаңа типтегі министрліктер құру қажеттілігі күн тәртібінде тұр. Осы ведомствоаралық сипаттағы министрліктер мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады және кейбір жағдайларда экономикалық әдістерді пайдалана отырып салалар мен кешендерге тікелей басшылық етуге атсалысады. Сонымен қатар осы министрліктердің мемлекеттік микроэкономикалық саясатты әзірлеу әрі жүргізу және ұлттық экономиканың аса ірі аяларын микроэкономикалық реттеу арқылы өз міндеттерін жаңаша сипатта жүзеге асыратыны белгілі. Тиісті мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу және жүзеге асыру арқылы олар жекешелендіруге жатпайтын мемлекет меншігіндегі секторларды басқару, мемлекеттік үлесі бар акционерлік қоғамдарды басқаруға мемлекеттің қатысуын қамтамасыз етер еді[106].

НЕ нашли? Не то? Что вы ищете?

Республика Үкіметі Республика Конституциясының, заңдарының, Президент актілерінің өзге де нормативтік-құқықтық актілердің негізінде және оларды орындау жолында нормативтік және жеке қаулылар шығарады. Осы құзыреттері шегінде қабылданған Үкімет қаулылары мен Республика Премьер-министрі өкілдерінің бүкіл аумағында міндетті күші болады және осы қабылданған нормативтік құқықтық актілер Үкіметтің атқарушы қызметінің құқықтық нысаны болып табылады. Енді атқарушы биліктің орталық органдары – министрліктер, мемлекеттік комитеттер және ведомстволарға тоқталамыз. Мемлекеттік комитеттер және ведомстволар мемлекеттік атқарушы билік органдарының жүйесіне кіреді және заң жүзінде олардың орталық органдары ретінде айқындалады. Осы органдар мемлекет өмірінің әртүрлі аясында тікелей басқаруды жүзеге асырады. Мұндай органдар дүние жүзінің көптеген мемлекеттерінде, нақтырақ айтсақ, барлық мемлекеттерде орын алады, бірақ біздің атқарушы органдардан олардың органдарының саны, құқықтық мәртебесі, қызмет аялары, аталымдары өзгеше болады. Мемлекетіміздегі халық шаруашылығы жеке-жеке салаларға бөлінетіні белгілі. Осы тиісті мемлекеттік басқару саласына (аясына) басшылықты, сондай-ақ заңдармен көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган министрлік болып табылады. Министрліктің алқасы оның министрінің жанындағы консультациялық-кеңесші орган болып есептелінеді және оның құрамын министр бекітеді. Министрлік қабылдаған шешімдер министрдің бұйрықтарымен ресімделеді.

Мемлекеттік комитет те Республиканың орталық атқарушы органы болып табылады. Ол тиісті мемлекеттік басқару салаларында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізеді және осы мақсатта заңдарға сәйкес салааралық үйлестіруді жүзеге асырады. Мемлекеттік комитеттің де консультациялық-кеңесші органы, оның төрағасының жанынан құрылған алқасы болады. Мемлекеттік комитет қабылдаған шешімдер сол комитеттің төрағасының қолы қойылған мемлекеттік комитеттің қаулылармен ресімделеді.

Бұлардан басқа министрліктің, мемлекеттік комитеттің жанындағы немесе құрамындағы комитет, департамент, агенттік, сондай-ақ өзге де мемлекеттік басқару органдары ведомстволар бар. Ведомство республика министрлігінің, мемлекеттік комитеттің құзыреті шегінде арнайы атқарушы және бақылау-қадағалау функцияларын, сондай-ақ салааралық үйлестіруді, не мемлекеттік басқару саласына дербес басшылықты жүзеге асырады.

Республика ведомствосының құрылымын, құзыреті мен оның тиісті Республика министрлігі және мемлекеттік комитетімен өзара іс-қимылының тәртібін Үкімет белгілейді. Сонымен қатар – Үкімет ведомстволардың қызмет аясын, өкілеттіліктерін және жауапкершілігін белгілейтін нормативтік актілер шығарады, сондай-ақ оларды ұстау үшін қажетті республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат мөлшерін белгілейді. Осы ведомстволардың ішінен екі тобын бөліп көрсетуге болады. Бірінші топқа Үкімет жанында құрылатын ведомстволарды жатқызамыз. Ал екінші – топқа министрліктердің жанынан құрылатын және солардың құрамында қызмет атқаратын ведомстволарды айтамыз. Негізінде министрліктердің, мемлекеттік комитеттердің және ведомстволардың құқықтық мәртебелері, оның ішінде әкімшілік-құқықтық мәртебелері, әртүрлі аяларды реттейтін заңдарға немесе заңдарға сәйкес актілерде белгіленеді. Бұл жердегі бір өкінішті жайт – осы министрліктер, мемлекеттік комитеттер, ведомстволар жөнінде нақты нормативтік акті болғанда, осы бірыңғай актіде олардың жан-жақты құқықтық мәртебелері нақты белгіленер еді. Бүгінде осы аталған орталық атқарушы билік органдарының құқықтық жағдайлары Үкімет қабылдап өзінің қаулысымен бекітетін ережелерде белгіленіп, бекітілген. Бұлардан басқа қазіргі кезде көптеп құрылып жатқан комиссиялар мен кеңестерді және қорларды айтуға болады. Өздеріне орай олар да мемлекеттік-өктем өкілеттіліктермен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар осы мемлекеттік орталық атқарушы билік органдары өз өкілеттіліктері шегінде және қызмет бағыттарына байланысты бақылау, қадағалау рұқсат беру, тіркеу, лицензия беру сияқты қызметтермен айналысады. Енді осы айтылған сөздерімізді түйіндеп, бекіту мақсатында кейбір министрліктер мен мемлекеттік комитеттердің және ведомстволардың, сондай-ақ басқа құрылымдардың нақты аталымдарын береміз. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Қазақстан Үкіметінің мынадай құрылымы белгіленген: Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі; Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі; Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кіріс министрлігі; Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі; Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі; Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі; Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі; Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі; Қазақстан Республикасының Көлік, коммуникациялар және туризм министрлігі; Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау, білім беру және спорт министрлігі; Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлігі; Қазақстан Республикасының Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі; Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің Кеңсесі; Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі; Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі; Қазақстан Республикасының Шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сатып алу жөніндегі агенттігі; Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөніндегі агенттігі; Қазақстан Республикасының Экономикалық жоспарлау жөніндегі агенттігі; Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігі[107]. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитеті; Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитеті, Қазақстан Республикасының Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитеті; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара күзеті жөніндегі мемлекеттік комитеті; Қазақстан Республикасының Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері мен ынтымақтастық жөніндегі мемлекеттік комитеті; Қазақстан Республикасының Жекешелендіру жөніндегі мемлекеттік комитеті; Қазақстан Республикасының Баға және монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекеттік комитеті; Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі; Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Ұлттық аэроғарыш агенттігі; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитеті жанындағы Кәсіпорындарды қайта құру жөніндегі агенттік; Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің жанындағы қазынашылық; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі комитеті; Қазақстан Республикасының Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі комитеті; Қазақстан Республикасының Өнеркәсіпте жұмысты қауіпсіз жүргізуді қадағалау және тау-кен қадағалау жөніндегі комитеті; Қазақстан Республикасының Су ресурстары жөніндегі комитеті; Қазақстан Республикасының Гидрометеорология жөніндегі бас басқармасы; Қазақстан Республикасының Архивтер және құжаттамалар бас басқармасы; Қазақстан Республикасының Геодезия және картография бас басқармасы; Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Атом энергиясы жөніндегі агенттік.

Енді жергілікті деңгейдегі мемлекеттік басқару органдарына тоқталып, олардың қызмет аялары мен өкілеттіліктеріне сипаттама береміз. Тиісті Заңда және Қазақстан Республикасының Конситуциясында жергілікті атқарушы органдардың құзыреттері, ұйымдастырылу тәртібі мен қызмет бағыттары айқындалған[108]. Заңда облыс, аудан, қала, қаладағы аудан аумағындағы атқарушы орган Республика Президентінің тікелей өкілі – жергілікті әкім болып табылады делінген[109]. Жергілікті әкім дара басшылық қағидаттарымен әрекет етеді және мемлекеттік басқару қызметін жүзеге асырады. Поселке, ауыл аумағындағы атқарушы орган да әкім болып табылады. Осы аталған облыстық, аудандық, қалалық және қалалардағы аудандық, поселкелік және қалалардағы аудандық, поселкелік және селолық әкімшіліктер республиканың мемлекеттік атқарушы билігінің бірыңғай жүйесіне кіреді. Енді осы жергілікті әкімшіліктің құрылымы мен қызметінің ұйымдық негіздеріне тоқталсақ, олар мына төмендегідей болып келеді:

Жергілікті әкімшілік әкімнен, оның орынбасарларынан, сондай-ақ бөлімдерден, басқармалардан, басқа бөлімшелер мен қызметтерден тұрады. Әкім орынбасарларының саны, бөлімдердің, басқармалардың, басқа бөлімшелердің жүйесі жергілікті әкімнің ұсынуы бойынша тиісті мәслихат – жиналысы бекітетін облысты, ауданды, қаланы басқарудың схемасына сәйкес белгіленеді.

Жергілікті әкімшіліктің бөлімдері, басқармалары, басқа бөлімшелері мен қызметтері оның органдары болып табылады.

Облыстық, Астана, Алматы және қалалық әкімшіліктер бөлімдері, басқармалары және басқа бөлімшелері мен қызметтерінің жоба тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеп, бекітеді.

Аудандық, қалалық, қаладағы аудандық әкімшілік бөлімдері, басқармалары және басқа бөлімшелері мен қызметтерінің жоба тізбесін жоғары тұрған әкім әзірлеп, бекітеді.

Жергілікті әкімшілік пен оның органдарын ұйымдық, құқылық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін жергілікті әкімнің аппараты құрылады.

Әкімшілік органдарының басшылары мен басқа да лауазымды адамдарын әкім қызметке тағайындайды және одан босатады.

Облыстық, аудандық қалалық мәслихат – депутаттар жиналысы депутаттар жалпы санының үштен екісін жасырын көпшілік дауысымен жергілікті әкімшілік органының басшысына сенімсіздік білдіріп, оны қызметінен босату туралы мәселені әкімнің алдына қоюға қақылы. Ол осы мәселе бойынша уәжді шешім қабылдап, ол туралы тиісті мәслихатқа – депутаттар жиналысына хабарлайды.

Әкімшілік қызметінің негізгі мәселелерін қарау үшін әкімнің жанынан ақылдасу – кеңесші орган – алқа құрылады, оның құрамын әкім бекітеді. Алқаның мәжілістері қажеттілігіне қарай өткізіледі. Оның шешімдері әкімнің қаулыларымен жүзеге асырылады. Алқаның мәжілісіне мәслихаттың – депутаттар жиналысының хатшысы шақырылады. Әкім өзінің қарауына жатқызылатын мәселелер бойынша қаулылар мен өкімдер қабылдайды.

Жергілікті әкімшілік органдары Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына қайшы келмеуі тиіс. Жергілікті әкімшілік құжаттарының күшін жоғары тұрған атқарушы орган не Қазақстан Республикасының Президенті жоюы немесе сот тәртібімен жойылуы мүмкін.

Әкімнің өз құзыреті шегінде қабылдаған құжаттарын тиісті аумақта меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер, лауазымды адамдар мен азаматтар орындауға міндетті.

Мәслихатқа – депутаттар жиналысына Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті бекіткен жергілікті әкімшілік бөлімдерінің, басқармалары мен қызметтерінің үлгі тізбесін ескере отырып әзірленген облысты, ауданды, қала басқару схемасын бекітуге табыс етеді; мәслихатқа – депутаттар жиналысына тиісті әкімшілік-аумақтық мекен бюджеттің жобасын бекітуге табыс етеді, бюджеттің орындалуын қамтамасыз етеді; депутаттар жиналысына тиісті әкімшілік-аумақтық мекенді экономикалық және әлеуметтік дамыту жоспарлары мен бағдарламаларын бекітуге табыс етеді, олардың орындалуын қамтамасыз етеді, мәслихат – депутаттар жиналысы сессияларына олардың орындалуы туралы есеп береді; әкімшілік-аумақтық мекен меншігін басқаруды жүзеге асырады, қарауындағы кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелер басшыларын тағайындайды және қызметтен босатады; жоғарғы атқару органдары берген өкілеттілікке сәйкес республикалық меншіктегі кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің қызметін үйлестіреді; несие, заем және басқа ұзақ мерзімді міндеттемелер туралы шешімдер қабылдайды; шарттарға, заңдық және банкілік құжаттарға қол қояды; Қазақстан Республикасының Министрлер кабинеті белгілеген лимиттер мен шектік қаражат бөлу шегінде жергілікті әкімшілік аппараты мен органдарының штаттарын, еңбекке ақы төлеу және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жағдаяттарын бекітеді; жергілікті әкімшілік органдарының басшыларын тағайындайды және қызметтен босатады; жылына кем дегенде екі рет мәслихат – депутаттар жиналысы алдында жергілікті бюджеттің орындалуы туралы есеп береді, мәслихаттың – депутаттар жиналысының ұсынысы бойынша кем дегенде екі рет тиісті аумақты дамыту жоспарлары мен бағдарламалар туралы, осы аумақта орналасқан мемлекеттік мүлікті иеленудің, пайдалану мен басқарудың, жер мәселелерін шешудің жай-күйі туралы, жергілікті әкімшілікке бағынышты кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің қызметі туралы есеп беруге табыс етеді; мәслихатқа – депутаттар жиналысына әкімшілік-аумақтық құрылым мәселелері жөнінде ұсыныстар енгізеді.

Облысты, ауданды, қаланы өркендету бюджетінің, жоспары мен бағдарламалардың жобасын әзірлейді; кәсіпорындардан, ұйымдардан, мекемелерден облыс, аудан қала халқының мүдделерін қозғайтын экологиялық зардаптары бар жобалары туралы қажетті мәліметтерді алады; әкімшілік-аумақтық мекендер меншігіндегі кәсіпорындарды, ұйымдар мен мекемелерді құрады, қайта құрады және таратады, облыс, аудан, қала меншігіндегі жолаушылар және жүк автокөлігінің кәсіпорындары мен ұйымдарын басқарады; жергілікті жолаушылар көлігінің маршруттары мен кестесін бекітеді; шарттық негізінде халыққа көліктік қызмет көрсетуге кәсіпорындар мен ұйымдарды тартады; байланыс кәсіпорындары мен ұйымдарының халыққа қызмет көрсету сапасына бақылау жасайды; сыртқы экономикалық байланыстарды жүзеге асырады; еңбек ресурстарын есепке алуды қамтамасыз етеді және оларды бөлуді реттеп отырады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасы Заңдарының, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарының, басқа жоғарғы мемлекеттік органдар құжаттарының орындалуын ұйымдастырады, мәслихат – депутаттар жиналысы аумағында орналасқан кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер мен азаматтардың оларды бұзбауын бақылауды жүзеге асырады, құқылық тәртіпті, меншіктің барлық түрін, азаматтардың заңмен қорғалатын құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді, заңдарды түсіндіруді және тұрғындарға заң көмегін көрсетуді ұйымдастырады; ішкі істер органдарының жұмысына жетекшілік етеді; сот, прокуратура, адвокатура органдарының, нотариаттың жұмыс жағдайларын жақсарту жөнінде шаралар қабылдайды.

______________

ЕКІНШІ ТАРАУ. ҚАРЖЫ САЛАСЫНДАҒЫ БАСҚАРУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕРІ

§1. Қаржы, қаржы жүйесі және мемлекеттің қаржылық қызметі

Қаржының қоғам және жекелеген азаматтар өмірінде алатын орны мен олардың мұқтаждықтарын қамтамасыз ету жөнінде атқаратын рөлі өте зор екені әркімге белгілі. Қаржы мемлекеттің өсіп дамуының материалдық негізі және тірегі, сондай-ақ оның міндеттері мен функцияларын жүзеге асыруды қамтамасыз етудің қайнар көзі болып есептеледі. Қаржылық құралдар арқылы мемлекет еліміздің экономикалық өсіп дамуына белсенді, пәрменді түрде ықпалын тигізеді. Бұл жерде күнделікті қоғам өмірінде, тіптен өндіріс аясында да көбінесе қаржыны ақша немесе қаражат деп түсінетін айта кетуіміз қажет. Ақшаның атқаратын функциясын білмейтін адамдар кемде-кем шығар. Ақша құн өлшеу, айналым, айырбас және т. б. құрал ретінде жалпыға бірдей құндылық баламасын көрсетеді.

Ал қаржының атқаратын басты рөлі – мемлекетке жүктелген функцияларды орындау, қоғам және экономика мұқтаждықтарын қанағаттандыру болып саналады, сондай-ақ сатып алу, сату, айырбастау және тұтыну процестерін жүзеге асырмайды. Тағы бір айта кететін жәйт, ақшаны пайдалану (ақша-тауар) А– Т және (тауар-ақша) Т–А процесінде, тікелей жұмсау түрінде көрініс тапса, ал мемлекеттік қаржыны жұмсау – бөлу нысанында жүзеге асырылып, тікелей пайда табу көзделмейді. Бірақ теориялық тұрғыдан алғанда, ақша қаражаттары мен қаржы арақатынасын қарастырсақ, онда кейбір ақша қаражаттары – қаржылық ресурстарды білдіргенімен, қаржы түсінігінің өте кең мағынада болатынын байқаймыз.

Өркениетті, нарықтық мемлекеттердің өзінде де қаржыға айрықша көңіл бөлінеді. Себебі осы дамыған елдердің қаржы жүйесі арқылы ұлттық табысты қайта бөлу көрсеткіші елу пайыздан асып отыр. Осыған байланысты олардың мемлекеттік бюджеттерінің көлемі де күрт өсіп отырады.

Сонымен қаржының көпқырлы ұғым екенін байқадық. Сондықтан оның мәнін ашып көрсету мақсатында оны бірыңғай термин ретінде қарастырсақ, онда негізгі үш қыры көрініс табатынын көреміз.

Біріншіден, қаржы деп – өндіріс және тұтынуда экономикалық ресурстардың бір түрі ретінде пайдаланылатын ақшаны және ақша қаражаттарын айтуға болады. Осы өндіріс пен тұтынудың ақшалай нысандағы ресурстары, жоғарыда айтқанымыздай, қаржылық ресурстар болып есептелінеді. Олар мемлекетте немесе шаруашылық субъектілерінің қарамағында әртүрлі ақша түріндегі табыстардың, аударымдар мен түсімдердің есебінен қалыптастырылып, қоғамның әлеуметтік және басқа да мұқтаждықтарын қанағаттандыруға, жұмысшыларды материалдық жағынан ынталандыруға, өндірісті ұлғайтып, жетілдіруге пайдаланылады.

Екіншіден, қаржы – ақша қаражаттарының жиынтығы ретінде, қаржыландыру терминімен байланысты болады. Сондықтан да, бұл жерде қаржы термині – мемлекет, кәсіпорындар, кәсіпкерлер, аумақтарды, әлеуметтік-экономикалық т. б. бағдарламаларды қаржылық ресурстармен қамтамасыз етудің қайнар көзін, көлемін, түрлерін және тәсілін білдіреді.

Үшіншіден, арнайы және дербес экономикалық категория ретінде қаржы бөлу қатынастарын көрсетеді. Нақты бағыттарға арналып ақша бөлу түрінде жүзеге асырылатын қаржыландырудың өзі бөлу болып табылады. Қаржының арқасында экономиканың барлық құрылымдық бөлімдерінде және шаруашылықтың әрбір деңгейінде қоғамдық өнімнің құнын қайта бөлу процестері жүзеге асырылады. Жасалған ұлттық табыстың құнын бөлу ақшалай табысты мемлекеттік деңгейде, кәсіпорындар мен кәсіпкерлік қызмет деңгейінде бөліктерге бөлу арқылы жүргізіледі және осы жағдайларда туындайтын көптеген қатынастар – қаржылық қатынастар деп аталады. Сонымен қаржының ақшамен өте тығыз байланыста болатынын және ақшаның қаржы болмысының міндетті көрінісі ретінде сипатталатынын білдік. Ақшаның тауар айырбасында, өзіндік айналымда болуы, қолдан-қолға өтуі ақшалай қатынастар түріндегі айрықша нысандағы процестермен көрсетіледі.

Осы айрықша нысандағы экономикалық қатынастар – қаржы болып саналады. Сонымен, қорыта келіп айтсақ, экономикалық категория ретіндегі қаржының өте маңызды белгілері – қаржылық қатынастардың бөлу сипатында болуы, ақша нысанындағы құнның тек біржақты қозғалысын білдіруі. Қорытынды ретінде тағы бір айта кететін жәйт, қаржының материалдық негізі – өндіріс болып табылады. Өйткені шаруашылық субъектілерінің ақшалай табыстары мен экономикалық өнімді жасау және оны өткізу нәтижесі құралады. Сонымен бірге, қаржы сол өндіріс аясының өзіне қызмет көрсетеді яғни өндірістің ұлғайына, дамуына және құрылымдық өзгертулеріне жағдай жасайды. Қаржы арқасында мемлекеттің мұқтаждықтарын қанағаттандыруға, әртүрлі меншік нысанына негізделген шаруашылықты дамытуға, аумақ арасындағы экономикалық байланыстарды жүзеге асыруға қажетті ақша қаражаттарын мемлекет қарамағына жұмылдырады. Қаржының негізінде, олның көмегімен шаруашылық қызметтердің нәтижелерін тексеру және бақылау жүзеге асырылады.

Енді осы қаржы жөніндегі ғалымдардың көзқарастарына назар аударып, салыстырып көрейік. Қаржылық құқық саласының көрнекті ғалымы А. И. Худяков  “қаржы” термині латынның “финис”, яғни қандай да істің бітуі, ақыры немесе төлемнің, жалақының төлену мерзімі деген сөзінен туындаған дейді. Ортағасырлық латын тілінде finatio, financia деген сөздер міндетті ақшалай төлем деген мағынада айтылған болатын. Он сегізінші ғасырда француздар finance, ягни финанс деп мемлекеттің кіріс және шығысын, мемлекет мүліктерінің жиынтығын немесе мемлекеттік шаруашылықты айтатын болған[110].

Қазіргі кезде “финанс” – қаржы терминінің мағынасы ақшамен тығыз байланысқан. Сондықтан болар, көптеген жағдайларда азаматтар қаржының қолда бар немесе құжат жүзіндегі ақша деп түсінеді. Ал экономистер: азаматтар қаржысы, мемлекеттің қаржысы, заңды тұлғалардың қаржысы деп бөледі. Кейбіреулер, тар мағынада, қаржы – тек мемлекет пен заңды тұлғалардың ақша қаражаттарын қамтиды деп түсіндіреді[111].

Осы терминнің тағы бір сирек кездесетін мағынасы “мемлекеттік ақша” түсінігімен сәйкес келеді.

А. И. Худяковтың айтуынша, «қаржы» термині қандай да болмасын мағынада түсіндірілсе де, ең дұрысы – мемлекет қарамағындағы ақша қаражаттары деген тұжырым.

Егер арнайы мағынада қаржыны – мемлекеттік қаржы десек, яғни белгілі бір қорларға бөлінетін, мақсатты бағыты болатынын, пайдаланылу тәртібі белгіленетінін және оларды қалыптастырып, бөлетін органдардың бар екенін байқаймыз, – деп жалғастырады өз ойын А. И. Худяков. Осы қорларға жиыстырылған ақша қаражаттары әрдайым мемлекеттік меншік нысанында болады.

Сондықтан, материалдық мағынада қаржы деп – мемлекет меншігіндегі ақша қаражаттарының жиынтығын айтамыз[112].

Қаржы экономикалық категория ретінде де айқындалады. Экономикалық мағынада қаржы деп – мемлекеттің ақша қорларын қалыптастыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру жөніндегі қатынастардың жиынтығын айтамыз. Дәлірек айтсақ, – экономикалық қатынастардың жүйесі болып табылады. Қаржыға байланысты тағы бір көңілге қонбайтын, санаға сыймайтын нәрсе – оның құрамына ақша қорларын пайдалану жөніндегі қатынастардың енгізілуі.

Бұл жерде былайша түсіндіруге болады: ақшаның өзіндік тұтынушылық құны жоқ болғандықтан, оларды пайдалану тек айырбастау қатынастарында немесе экономистер айтқандай, “А – Т”, “Т – А” қатынастарында жүзеге асырылады. Алайда бұл қатынастар тауар – ақша қатынастары болғандықтан, қатысушы екі жақтың заң жүзіндегі тең құқықтылығына негізделеді. Ал қаржылық экономикалық қатынастардың бір жағында оның тұрақты субъектісі ретінде әрдайым мемлекеттің біртұтас өзі немесе мемлекет уәкілдік берген мемлекеттік өкілетті органы тұрады және осы қатынаста қаржылық құқықтық нормалармен реттеледі. Сонымен қатар қаржылық-экономикалық қатынастардың бір жағында әрқашан билікші субъект тұрғандықтан, екі жақтың тең құқықтылығы жөнінде сөз қозғалмайды. Ал тауар – ақша қатынастары, яғни сату – сатып алу қатынастары азаматтық құқық, еңбек құқығы және тағы да басқа құқық салаларының нормаларымен реттеледі. Бұл жерде айта кететін бір жәйт, мемлекет қаржыны пайдаланудан өзін аулақ ұстағанымен, олардың жұмсалу процестеріне атүсті қарай алмайды. Өйткені қаржы өзінің ақша қаражаттары болғандықтан, олардың талан-таражға түспей, заңды негізде, мақсатты бағытта, ұтымды және тиімді түрде пайдаланылуын (жұмсалуын) ұйымдастырады. Қаржы мемлекеттің өсіп-дамуының материалдық негізі болып табылады деп жоғарыда айтып өткенбіз. Сондықтан қаржының атсалысатын басты бағыт-қажеттілігі – мемлекетті және қоғамды ақшалай қамтамасыз ету.

Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31