В. И. Белинский қаржыны экономикалық категория ретінде және қаржылық ресурстар ретінде қарастыру қажет деген пікір айтады. Автор қаржыны ақша құжаттары қорларын құру және оларды орталықтандырылған, сондай-ақ орталықтандырылмаған негізде бөлу жөнінде туындайтын экономикалық қатынастар деп түсіндіреді[113]. Қаржының материалдық негізі – өндірістік қатынастар болып табылады. Сонымен қатар қаржының туындауы мен өмірден орын алуының бірден-бір шарты – тауарлық өндірістің және айналымның өздеріне тән құндылық категорияларынын болуы. Кейбір экономистер қаржыға ақша қаражаттарын, натуралды ресурстарды, кіріс және басқа игіліктерді немесе кіріс және шығысты, сондай-ақ ақша қорларын жатқызады.
Қаржының құндық экономикалық категория емес екеніне ешкімнің күмәні жоқ болғандықтан, олардың шынайы нақты объектісі – ақша қорлары болып табылады.
Ал қаржының пайдаланылу негізіне белгілі бір кезеңдегі, яғни қазіргі кездегі объективтік құндылық заңының әрекет ықпалы және қоғамның тауарлық өндірісінің дамуы жатады. Бұл жерде құн екі нысанда көрініс табады – тауар және ақша ретінде. Ал ақша айналымы (А – Т – А) ұдайы өндірістің бір ерекшелігі, яғни үзбей жүргізілетін қоғамдық қызметтің саласы болып есептеледі[114]. Осы ақша айналымының негізінде екінші рет құн нысандары туындайды және олардың әрқайсысы айрықша қоғамдық қатынастарды көрсеткендіктен, – шаруашылық механизмінің белгілі бір элементтерін құрайды. Қаржы осы нысандардың бірі ретінде ақшалай‑қаржылық қорларды қалыптастыру және пайдалану жөніндегі ақшалай қатынастардың жүйесі болып табылады.
Бұл жерден байқайтынымыз, қаржының ақшалай қатынастарға негізделетіні және күнделікті өмірде, іс жүзінде ақша ресурстары ретінде көрініс табуы.
Тағы бір айта кететін жәйт, ақшаның өзі немесе ақша қаражаттары қаржы жөніндегі ғылымның объектісі болып табылмайды. Қаржының құрамындағы ақша қаражаттарының атқаратын функциясы ақшадан бөлек болады. Сондықтан ақша және қаржы өз алдына бөлектенген экономикалық категориялар болып табылады. Негізінде қаржының өзіне тән функциясы – бөлу (жиынтық өнімді және таза табысты) және бақылау функциясы бар. Бұл жерде автор үшінші функция жөнінде, яғни жұмылдыру функциясы туралы сөз қозғамаған. Ал ақша тауар – ақша қатынастары жағдайында бірнеше функция атқарады: құн өлшемі ретінде; төлем құралы ретінде; айналым құралы ретінде; қазына құрау құралы ретінде; дүниежүзілік ақша ретінде.
Ақша жалпыға бірдей құндылық баламасы ретінде шаруашылық айналымына қызмет етеді және мемлекет аумағындағы барлық айналымдар мен әрбір шаруашылық операциясын тексеруге мүмкіндік береді.
Қаржының экономикалық категория ретінде ақшадан айырмашылығы, олар тек ақша қаражаттары қорларын құру, бөлу және пайдалануға байланысты ақшалай, яғни экономикалық қатынастардың ерекше аясын көрсетеді. Алайда қаржындың осы сипаттамасы оның толық маңызын айқындай алмайтын сияқты. Себебі мемлекеттік бюджетте, кредиттік және кассалық жоспарларда, мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржылық жоспарларында қатынастар емес, – белгілі бір мөлшердегі ақша қаражаттарының сомасы көрсетіледі. Бұл сомалардың шаруашылық қызметтері қаржылық нәтижесі екені белгілі.
Сондықтан қаржылық ресурстар деген ұғымды қарастырсақ, онда оның мемлекет қарамағындағы немесе қандай да болмасын меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың ақша қаражаттары қорларының жиынтығы екенін байқаймыз, – деп тұжырымдайды В. И. Белинский [115].
Ресейлік ғалым : «Қандай да болмасын мемлекетте жиынтық қоғамдық өнімді және ұлттық табысты бөлу, сондай-ақ қайта бөлу процестері ақшалай нысанда болады, ал “қаржы” термині француздың финанс, яғни кәсіпорын, мемлекет қарамағындағы барлық ақша қаражаттарының жиынтығы мен оларды қалыптастыру, бөлу және пайдалану жүйесі болып табылды», – дейді[116].
Мемлекеттік қаржысы, өзінің материалдық мәні бойынша, ақша қаражаттары қорларынан тұрады және олар орталықтандырылған және орталықтандырылмаған ақша қаражаттары қорларын жұмылдыру (жинақтау), қайта бөлу, сондай-ақ пайдалану процесіндегі қоғамдық экономикалық қатынастардың атқарылуымен тікелей байланысты болады.
О. Н. Горбунова мемлекет өзінің экономикалық және әлеуметтік процестерін басқару жөніндегі қызметтерінің барысында кіріс және шығыстарға ақша нысанында, әртүрлі ақша қорларын құра отырып есеп жүргізгендей, қаржыны – ақша қаражаттары емес, олар тек ақша қаражаттары қорларын жинастыру, қайта бөлу және пайдалану жөніндегі адамдардың арасындағы қатынастар болып табылады деген[117]. Бұл жердегі көзге ұрып тұрған кемшілік қаржы – экономикалық тұрғыдан алғанда, жәй ғана қатынастар емес арнайы экономикалық қатынастардың жиынтығы. Ал материалдық мағынасына келсек, онда қаржы тек мемлекеттің меншігіндегі ақша қаражаттары қорларының жиынтығы деп айта аламыз.
Қаржы жиынтық қоғамдық өнімді және ұлттық табысты бөлетін экономикалық құрал болып табылады[118].
Мемлекетті басқарудың ең жақсы тәсілі – ақша қаражаттарының көмегімен басқару болып есептелінеді. Ақша қаражаттарын реттей және ақша қорларын құруға бағыттай отырып, кейіннен сол құрылған қорлардан қажетті, белгіленген тараптарға қаражаттарды бөліп, пайдалану арқылы мемлекет көптеген саладағы қызметтерді ынталандырады немесе кейбір бағыттар бойынша тежей алады.
Ресейлік оқымысты заңгер А. Жданов қаржыны мемлекеттің және жеке мекемелердің ақша қорларын құру, бөлу және пайдалану жөніндегі экономикалық қатынастар, ал қаржы жүйесін – қаржының әртүрлі буындарының өзара байланыстары мен жиынтығы ретінде түсіну қажет деп көрсеткен[119].
Ресейлік ғалым О. Н. Горбунова қаржы жүйесін екі тұрғыдан қарастырған:
а) әрқайсысы тиісті ақша қорларын құратын және пайдаланатын қаржылық институттардың жиынтығы;
ә) өздерінің құзыреттері шегінде қаржылық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен мекемелердің жиынтығы ретінде.
Ал қаржылық институттардың жиынтығы өзіне орай мемлекеттің қаржы жүйесін құрады. Қаржы жүйесі мемлекеттің нарыққа өту жағдайындағы даму ерекшеліктерін көрсете отырып мынадай буындардан тұрады:
1) федералдық, федерация субъектілерінің бюджеттерінен және муниципалдық бюджеттерден тұратын бюджет қоры;
2) Бюджеттен тыс орталықтандырылған мақсатты қорлар;
3) Бюджеттен тыс орталықтандырылмаған мақсатты қорлар;
4) Шаруашылық субъектілер мен салалардың қаржысы;
5) Мүлікті және жеке басты сақтандыру;
б) Мемлекеттік және банктік кредит.
Қаржы жүйесі – мемлекеттің қаржылық қызметін тікелей жүйеге асыратын қаржылық органдар мен кредиттік, яғни мемлекеттік органдар мен мекемелердің жиынтығы деген пікірге көптеген авторлар қосылуда. А. И. Худяков ұйымдастырылуы бойынша – қаржы жүйесін: мемлекеттің қаржылық мекемелері, яғни қаржылық ведомстволар, салық органдары, мемлекеттік банктер, мемлекеттік сақтандыру компаниялары құрайды деп түсіндіреді[120].
Қаржылық органдар жүйесін, әдетте, Қаржы министрлігі басқарады. Қаржы министрлігі, қаржылық басқармалар, аумақтардағы қаржылық басқару органдары, қазынашылық, қаржыларды басқаратын бірыңғай мемлекеттік басқару органдарының жүйесі болып табылады. Ұлттық (орталық) банк басқаратын кредиттік мекемелер, қаржыны жұмылдыруға атсалысатын салық органдары мен кеден мекемелері де қаржылық қызметті жүзеге асырады.
Негізінде “қаржы” ақша түріндегі қоғамдық өнімдерді бөлуге байланысты экономикалық қатынастардың едәуір аумағын қамтиды. Қаржының ақша сипатында болуы, оның экономикалық құндылық категориясына жататындығын және оларды жүзеге асыру нысаны болып табылатындығын көрсетеді. Қаржыны экономикалық категория қатарына бөліп, жеке-дара шығаруымыз үшін оның мағынасын зерттеп, зерделеп білуіміз қажет.
Экономикалық теория курсынан қоғамдық қатынастар құрамына кіретін ақшалай қатынастарды – экономикалық қатынастар деп айтатынын білгенбіз. Ал, экономикалық қатынастар өндірістік қатынастарға қосылатындықтан, қоғамдық қатынастар жүйесінің басты бөлігі болып табылады. Сондықтан қаржылық қатынастар – өндірістік қатынастардың бір бөлігі ретінде, базистік қатынастарға жатады.
Қазақстандық экономист-ғалым В. Д. Мельников қаржының қаржылық қатынастарының қалыптасуы мен және туындауын былайша көрсетеді: «Қоғамдағы ұдайы өндіріс процесі бір-бірімен тығыз байланысқан және өзара тәуелді төрт сатыдан тұрады: өндіру (өндіріс); бөлу; айырбастау; тұтыну»[121].
Осы ұдайы өндірістің төрт сатысы арқылы қоғамдық өндіріс процесіне қатысушылардың арасындағы тауарлық қатынастардың бар-жоғы анықталады, өйткені өндірілген өнімдер – бұл жерде сату-сатып алуға жататын тауарға айналады. Бұл өнімдер тұтынудан бұрын бөлу және айырбастау сатыларынан өту арқылы тек өнімді өндірушілерді ғана емес, солармен қатар қатынасқа қатысушылардың да талаптар мен мүдделерін қанағаттандыруға тиісті. Осыдан байқайтынымыз, өндірілген материалдық немесе материалдық емес өнімдер, көрсетілген қоғамдық өнім ретінде заттай және ақшалай түрінде көрсетіледі.
Қоғамдық өнімнің жаңағыдай екі формаға қалыптасуы, олардың әрбір қоғамдық өндіріске қатысушылардың мұқтаждықтарын өтеу үшін ақша, баға, өзіндік құн, қаржы, жалақы төлеу және тағы басқа құндылық категорияларын пайдалануларына жол береді.
Бұл жерде өндірілген өнімдер мен басқа да қажетті заттар, қызметтер – ақшаның, яғни жалпыға бірдей балама және құндылық өлшемінің көмегімен өлшенеді. Қаржының экономикалық категория ретіндегі қызметтері қоғамдық жиынтық өнімді бөлу кезінде анық көрінеді.
Қаржының мағынасын түсіну үшін жекеленген кәсіпорынның өндірістік қорларын өзіндік айналымынан шығарылатын өнімдерді өткізу (сату) кезіндегі ақша түріндегі дербес қозғалысымен және құнның бөліну мезгілінен бастап қарастыру қажет.
Кәсіпорын осы өнімдерді өткізу барысында тиісті ақша қаражаттарын немесе ақша қорларын құрайды. Бұл жерде оның ақша қорлары ретінде айналым қорын, амортизациялық қорды, жалақы төлеу қорын, әлеуметтік бағыттағы қорларға аударымдарын, пайда және т. б. атап өтуге болады.
Табылған пайданың немесе табыстың бір бөлігі орталықтандырылған қорларды қалыптастыру үшін мемлекет қарамағына аударылады да, ал екінші ең көп бөлігі өндірушіде қалады. Өндіруші оны өз қалауы бойынша пайдаланады[122]. Көбінесе пайда мен табыстың қолдағы бөліктері өндірістік процесті үзбеуді қамтамасыз ету мақсатында еңбек құрал-жабдықтарын сатып алуға, сондай-ақ пайданың және бір бөлігі өндірістің басты факторы – негізгі қорларды қалыптастыруға жұмсалады. Сонымен материалдық өндіріс аясында (кәсіпорындар, өнеркәсіптер, т. б.) жасалған құнның бір бөлігі өндірушілерде қалса, едәуір бөлігі жалпы мемлекеттік мұқтаждықтарды қанағаттандыру мақсатында мемлекет қарамағына берілетінін білдік.
Бұл құндар ақша түріндегі дербес қозғалысқа ие болғаннан кейін мемлекеттік кіріс ретінде мемлекеттің қаржылық қызметінің аясына қосылады. Бұлардан басқа мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардан, мемлекеттік емес заңды тұлғалардан, акционерлік, кооперативтік, қоғамдық кәсіпорындар мен ұйымдардан түсетін (салықтар, алымдар және басқа міндетті төлемдер түрінде) қаражаттар мен мемлекет тарапынан халықтан ерікті түрде жұмылдырылған (мемлекеттік заемдар, мемлекеттік лотореялар, жинақ банктеріндегі салымдар (аманаттар) және т. б.) қаражаттар арқылы мемлекет деңгейіндегі қаржылық қатынастардың формасы пайда болады. Осы қаржылық қатынастар орталықтандырылған ақша қаражаттары қорларын – республикалық және жергілікті бюджеттерді, сақтандыру қорларын бюджеттен тыс қорларды қалыптастырады.
Экономика өмірінде ақша қаражаттары, әдетте, құнның баламалығы (эквиваленттілігі) негізінде, яғни тауар және ақша түріндегі құнның қозғалысы негізінде пайдаланылады. Баламалық принцип басқа да экономикалық категорияларға – баға, өзіндік құн, жалақы төлеу, несие және т. б. тән болып табылады.
Қаржылық қорды басқа ақша қаражаттарынан ерекшелендіріліп тұратын өзгешелік, олар (қаржылар) экономиканы басқарудың қандай да болмасын деңгейіндегі ақша түріндегі құнның біржақты қозғалысының негізінде құралады.
Сонымен қаржылардың айрықша экономикалық категория ретіндегі өздеріне тән ерекшеліктері ақша түріндегі құнның міндетті түрдегі бір жақты, баламасыз қозғалысы болып табылатынын айқындадық.
Қаржылардың экономикалық табиғатына келсек, онда олардың тауарлық ақша қатынастары мен құн заңының әрекет етуінен туындайтынын байқаймыз.
Ақша қаражаттары қорларының қалыптастырылуы және олардың тауарлық қатынастарда (А – Т) пайдаланылуы қаржының көмегімен жүргізіледі. Орталықтандырылған ақша қаражаттары қорларын қалыптастыру жөніндегі міндетті түрдегі субъектісі, әрқашанда мемлекет болып табылатынын білдік.
Мемлекеттен басқа қоғамдық өндіріске қатысатын субъектілердің ақшалай қызметтері, қаржылық қызметке жатпайды, ал олардың ақша қаражаттары немесе ақшалай ресурстары (“А – Т”, “Т – А”) процесіне қатысатындықтан қаржы түсінігімен қамтылмайды деген тұжырымға келеміз.
Сонымен, қорыта келгенде, қаржы деп – мемлекеттің ақшалай кірістерін жиыстыру, бөлу және пайдалану процесінде туындайтын экономикалық қатынастардың жүйесін айтамыз.
Енді осы жоғарыда айтылған барлық ғылыми көзқарастарды тұжырымдасақ “қаржы” терминінің екі мағынасы бар екенін көреміз: 1) материалдық; 2) экономикалық категория ретінде. Материалдық мағынада “қаржы” деп мемлекеттің өз қарамағындағы ақша қаражаттары қорларының жиынтығын айтамыз.
Мемлекеттік қаржылық, ресурстары әрдайым белгілі бір ақша қорлары ретінде көрсетілгендіктен оларды жоспарлау, есепке алу және мақсатқа сәйкес жұмсау процестерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді және жеңілдетеді.
Экономикалық категория ретінде “қаржы” деп – мемлекеттің ақшалай ресурстарын жоспарлы түрде қалыптастыратын және бөлетін, сондай-ақ олардың пайдаланылуын ұйымдастыратын экономикалық қатынастардың жүйесін айтамыз.
Сонымен, «қаржы» терминінің мағынасын анықтадық.
Мемлекеттік ақша қорлары, әрқашанда мемлекеттің қаржылық қызметінің түпкілікті объектісі болып есептелінеді. Қаржылық қызметі процесінде қаржының үш функциясы жүзеге асырылады. Олар мына төмендегідей болып келеді:
1) ақша қорларын жұмылдыру (жиыстыру) функциясы;
2) мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарды (материалдық өндіріс аясындағы және аясында емес) ақшалай қамтамасыз ету функциясы;
3) бақылау функциясы.
Бірінші функцияның мәні мынада: жаңа, қаржы туралы сөз қозғағанымызда мемлекеттің өз меншігіндегі ақша қаражаттары болмай, мемлекет бола алмайды дегенбіз. Ендеше осы функция арқылы мемлекет өз мұқтаждықтарын өтеуге қажетті ақша қаражаттарын жиыстырады және осы қаражаттарды ақша қорларына қалыптастырады, яғни мемлекет өз мұқтаждығын өтеуге қажетті ақша қаражаттарын жұмылдырады.
Бірақ біз мемлекеттің алға қойған негізгі мақсаты – тек ақша қаражаттарын жиыстыру ғана емес екенін білеміз. Сондықтан екінші функция – мемлекеттің өзіне және өз тарапынан жасалатын қызметтеріне жұмсалатын шығындарды өтеуге байланысты ақша қорларын пайдаланудан тұрады.
Үшінші функция – мемлекеттің ақша қорларын қалыптастыру және бөлу, сондай-ақ қандай да болмасын шаруашылық субъектілерінің осы қорлардан алған ақша қаражаттарын мақсатқа сай пайдаланулары кезіндегі барлық әрекеттерінің дұрыс және заңды болуын қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған функциялар туралы айта кететін бір жай бар.
Қаржының функциялары жөніндегі оқымысты ғалымдар әлі де пікір талас тудырып ғылыми тұрғыдан дәлелденіп, қалыптасқан көзқарасқа келе алмай жатқан жәйттер бар. Қазіргі кезде қаржының функциялары турасында – бөлу және ұдайы өндіріс атты екі концепция өмірден орын алып отыр.
Бірінші концепцияны жақтаушылар, қаржы – қоғамдық ұдайы өндірістің екінші, яғни бөлу сатысында, ақша түріндегі қоғамдық өнімнің құнын бөлу процесінде пайда болғандықтан, оған тек бөлу функциясы ғана тән болады деп есептейді.
Осы концепцияға сай қаржы бөлу және бақылау функцияларын ғана атқарады. Бұл жердегі қателік бірден көзге түсіп тұр, өйткені қаржының басқа да бөлу процесіне қатысатын экономикалық (баға, ақша, жалақы төлеу, несие және т. б.) категориялар бар екен білеміз.
Осы бөлу функциясының көмегімен жалпы қоғамдық өнімді және оның ең басты бөлу және қайта бөлу процестері жүзеге асырылады. Бөлу функциясы қаржылардың бөлу категориясы ретіндегі мағынасын ашып көрсетеді. Бақылау функциясы, осы бөлу және қайта бөлу процестері кезінде заңдылықтың, сондай-ақ мақсатқа сәйкестіліктің сақталуын қамтамасыз етеді. Ал екінші, ұдайы өндіріс концепциясы бойынша қаржының үстінде аталып, қарастырылған үш функция көрсетіледі. Бұл концепцияны қолдаушылар, қаржы, қоғамдық ұдайы өндіріс сатыларын (бөлу, айырбастау және тұтыну) бәрінің категориясы болып есептелінетіндіктен, оларды тек бөлу категориясымен шектеу дұрыс емес деп тапқан.
Олар келтірген дәлелдер мына төмендегідей болып келеді:
1) қоғамдық ұдайы өндірістің сатылары бір-бірімен тығыз байланысқан;
2) қаржы тек қана ұдайы өндіріс сатыларын ғана қамтамасыз етіп қоймай, қоғам өмірінің барлық аяларын қамтиды;
3) қаржы қоғамдық өнім қозғалысының барлық сатыларында пайдаланылатын жан-жақты бақылау құралы болып табылады. Мемлекетке қажетті ақша қаражаттарын жұмылдырудың (жиыстыру) тікелей түсім көзі материалдық өндіріс аясында жасалатын ұлттық табыс болып есептелінеді.
Ұлттық табысты бөлу кезінде мемлекет, кәсіпорындар мен бірлестіктер және азаматтардың кірістері құралады.
Мемлекеттің қарамағында ең мол ақша қаражат қорлары – бюджеттің бар екенін білеміз. Бюджет арқылы, әртүрлі ақша қорларын құру нәтижесінде қоғамдық өндіріске қатысушылар тапқан кірістер басқа қатысушылардың мұқтаждықтарына пайдаланылады. Қаржының бақылау функциясы бар екенін бәрі мойындайды. Қаржы белгілі жүйеден құрылатынын білеміз.
Қаржы жүйесі деп – мемлекеттің ақшалай қорларын қалыптастыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру барысында пайда болатын және әрқайсысы белгілі бір қаржылық құқықтық институттардың материалдық көрінісі (қорлары) болып табылатын қаржылық-экономикалық институттардың жиынтығын айтамыз.
Ал қаржылық-экономикалық институттар дегеніміз – мемлекеттің ақша қорларын қалыптастыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру барысында пайда болатын экономикалық қатынастардың жиынтығы.
Орталықтандыру дәрежесі мен осы институттарға жататын ақша қорларының түрлері бойынша Қазақстан Республикасы қаржы жүйесінің институттары (қаржылары) орталықтандырылған және орталықтандырылмаған болып екіге бөлінеді.
Орталықтандырылған институттар (қаржылар) мына төмендегідей болып келеді:
1) Жалпы мемлекеттік орталықтандырылған қаржы республикалық бюджет арқылы көрсетіледі.
2) Жергілікті орталықтандырылған қаржы жергілікті өкілді органдардың бюджеттері арқылы көрсетіледі. Жергілікті бюджеттерге мыналар жатады: облыстық бюджеттер; Астана және Алматы қалаларының қалалық бюджеттері; қаладағы аудандық бюджеттер; аудандық бюджеттер.
3) Мемлекеттік банктердің қаржысы. Осы банктердің ақша қорлары мынадай көрініс табады: жарғылық қор; резервтік қор, өндірістік-әлеуметтік даму қоры; қысқа мерзімге несиелеу қоры; ұзақ мерзімге несиелеу қоры; валюталық аударым қоры; материалдық марапаттау қоры және т. б. Бұл қорлар мемлекеттің орталықтандырылған несиелеу қорларын қалыптастырады.
4) Мемлекеттің мүлікті және жеке басты міндетті сақтандыру қаржысы, мынадай сақтандыру қорларымен көрсетіледі: жарғылық қор; сақтандыру резервтік қоры; ағымдағы түсімдер қоры; сақтандыруды дамыту қоры; әлеуметтік-мәдени шаралар қоры; алдын алу шараларын қаржыландыру қоры; сақтандырудың қалпына келтіру түрлері бойынша запастағы қорлар жүйесі; әлеуметтік бағыттағы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры; жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қоры және т. б. қорлар.
Мұнда айта кететін бір жайт бар. Банкі қаржысы оқулықтарда, көбінесе, банкілік кредит деп аталып жүр. Былайша айтқанда, банкілік қызметтің кредит (несие) беру жағымен ғана шектелген. Бір жақты көзқараспен шектеліп қоймай, бұл қаржыны қаржы жүйесінің институты деп алып қарасақ, онда олардың тек банкілердің ссудалық қорларын кредит беру түрінде жұмсайтын институт ғана емес, сонымен қатар осы қорларды қалыптастыратын да институт екенін көреміз. Сондай-ақ бұл институт тек мемлекеттік банкілердің қызметі мен солардың ақша қорларын камтиды.
Ал мемлекеттік емес банкілердің қызметтері қаржылық қызметке жатпайды. Жеке басты және мүлікті міндетті сақтандыру институты туралы да осыны айтуға болады. Бұл институт қаржы жүйесінің ерекше институты ретінде қалыптасады және оның әрекеттері мемлекеттің қаржылық қызметі болып есептелу себебі – аталмыш қызмет мемлекеттік сипатта болады, сондай-ақ мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырылады.
Сақтандыру қызметімен айналысатын мемлекеттік емес заңды ұйымдар мен мекемелердің әрекеттері қаржылық қызметтің құрамына кірмейді, сондықтан бұл қызметтер қаржылық құқықтың пәніне жатпайды.
Негізінде, мемлекеттік емес заңды ұйымдар мен мекемелер және азаматтардың ақшалай қорлары мен қаражаттары қаржы жүйесінің құрамына кірмесе де, олардың ақша жөніндегі қызметтері азаматтық‑құқықтық нормалармен реттелетінін білуіміз керек. Азаматтық‑құқықтық әдістермен реттеу арқылы өнім (тауар) өндірушілердің құқықтары мен мүдделері қорғалады. Ал егер құқықтық реттеу қаржылық құқықтық әдістері арқылы жүзеге асырылса, онда ол мемлекет мүддесін көздеу болып табылады.
Қаржылық қатынастардың тауар–ақша қатынастарынан туындайтынын және оларға қызмет ететінін білеміз. Сондықтан мемлекеттің қаржылық қызметінің мақсаты тек қаржыны қалыптастыру емес екені белгілі.
Орталықтандырылмаған институттарға (қаржыларға) мыналар жатады:
1) Мемлекеттік басқару органдарының қаржысы. Министрліктердің, ведомстволардын және басқа да басқару орталықтарының орталықтандырылған ақша қорларын білдіреді. Бұл салалық орталықтандырылған қорлар халық шаруашылығы саласының немесе басқа да шаруашылық жүйелерінің орталық басқару буындары болғандықтан министрліктер мен ведомстволардың қарамағына берілген ақша қаражаттарынан тұрады.
2) Мемлекеттік шаруашылық субъектілерінің қаржысы. Осы субъектілердің, яғни мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың ақша қорларын білдіреді: жарғылық қор, өнеркәсіпті, ғылымды және техниканы дамыту қорлары; резервтік қорлар және т. б.
3) Мемлекеттік қазыналық ұйымдар мен мекемелердің қаржысы. Осы субъектілердің ақша қорларымен көрсетіледі.
Қаржы жүйесі жөнінде кейінгі кезде қалыптасқан көзқарастарды салыстырмалы талдау жасау мақсатында қарап өтеміз. Е. Б. Стародубцеваның айтуынша, қаржы жүйесі – жалпы мемлекеттік, салалық және қоғамдық қаржылық қатынастардан тұрады, сондай-ақ оның құрылу негізіне функционалдық бағдары, аумақтар, жүйенің бірыңғайлығы сияқты үш элемент жатады және мына келесідей көрініс табады:
1. Мемлекеттік қаржы:
- мемлекеттік бюджет;
- бюджеттен тыс қорлар;
- мемлекеттік кредит.
2. Сақтандыру:
- әлеуметтік сақтандыру;
- жеке басты сақтандыру;
- мүлікті сақтандыру;
- жауаптылықты сақтандыру;
- кәсіпкерлік тәуекелді сақтандыру.
3. Кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржысы:
- коммерциялық ұйымдардың қаржысы;
- коммерциялық кәсіпорындардың қаржысы;
- қоғамдық ұйымдардың және қорлардың қаржысы[123].
Осыған қоса Е. Б. Стародубцеваның Батыс өркениетті әрі дамыған елдердің, мысалы Англия, Франция, Италия мемлекеттерінің қаржылық жүйелерінің құрылымын: мемлекеттік бюджет; жергілікті қаржы; арнайы қорлар; мемлекеттік корпорациялардың қаржысы сияқты өте ірі және мол ақша қаражаттары қорлары арқылы көрсетіп өткені орынды болған.
|
Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 |


