Жалпы құзыретті атқару билігі органдарына ҚР Үкіметі және әкімдер жатады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құқықтық мәртебесі еліміздің Конституциясымен және тиісті заңдармен белгіленіп бекітілген[96]. Үкімет Қазақстан аумағындағы атқарушы билігін жүзеге асырады атқарушы, органдардың жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық жасайды.
Қазақстан Президенті Н. Назарбаев өзінің “Қазақстан–2030”, “Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы жөнінде Қазақстан халқына Жолдауында”, мемлекеттік басқарудың нарықтық экономика жағдайындағы дамуы және оның тиімділігін арттыру, сондай-ақ үкімет пен басқа да басқару органдары туралы былай деген болатын: “Біздің міндет – Қазақстанда нарықтық экономика үшін оңтайлы болатын мемлекеттік қызмет пен басқару құрылымының осы заманғы, тиімді жүйесін жасау; басым мақсаттарды іске асыруға қабілетті Үкімет құру; ұлттық мүдделердің сақшысы бола алатын мемлекет қалыптастыру. Бүгінгі күні қоғамның және экономиканың күрделі жүйелік қайта жаңғыруларын мемлекеттік басқару жүйесінің өзін жүйелі ету мәселесі күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Үкімет пен жергілікті өкіметті түпкілікті қалыптастыруға мүмкіндік беретін жеті негізгі стратегия принциптері мынаған саяды:
1) Неғұрлым маңызды бірнеше функцияларды ғана орындауға жұмылған ықшам әрі кәсіпқой Үкімет;
2) Стратегиялар негізіндегі іс-қимыл бағдарламалары бойынша атқарылатын жұмыс;
3) Нақтылы жолға қойылған ведомствоаралық үйлестіру;
4) Министрліктердің өкілеттіліктері мен жауапкершіліктерін, олардың есептілігін және олардың қызметіне стратегиялық бақылауды арттыру;
5) Министрліктердің ішінде, орталықтан аймақтарға және мемлекеттен жекеше секторға қарай орталыққа тәуелділікті жою;
6) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл да ымырасыз күрес;
7) Кадрларды жалдау, даярлау және жоғарылату жүйелерін жақсарту”[97].
Қазақстан Республикасы Үкіметін Республика Президенті мынадай құрамда құрады: Премьер-министр, оның орынбасарлары; республика Үкімет аппаратының басшысы; республика министрлері; мемлекеттік комитеттердің төрағалары. Бұл жерден байқайтынымыз Үкімет алқалы орган болып табылады. Республика Премьер-министрі тағайындалғаннан кейін он күн ішінде Үкіметтің құрамы мен құрылымы туралы Президентке ұсыныс енгізеді.
Үкімет мүшелері халыққа және Президентке ант береді, сондай-ақ өзінің бүкіл қызметінде Республика Президентінің алдында жауап береді және Конституцияда көзделген жағдайда Парламентке есеп береді. Республика Президенті өз бастамасымен Үкіметтің өкілеттілігін тоқтату туралы шешім қабылдауға және оның кез келген мүшесін қызметінен босатуға хақылы.
Үкіметке атқарушы биліктің құзырына жатқызылатын барлық мәселелерді шешу жөнінде мына төмендегідей өкілеттіліктер берілген: 1) мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын, оны жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық және тактикалық шараларды әзірлейді; 2) мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық бағдарламаларды әзірлейді; әлеуметтік-экономикалық дамудың және ғылыми-техникалық дамудың индикативтік жоспарларын әзірлеп, жүзеге асырады; 3) республикалық бюджет пен оның атқарылуы туралы есепті әзірлейді, республикалық бюджеттің атқарылуын қамтамасыз етеді. Республиканың қаржы жүйесін нығайту жөніндегі шараларды әзірлейді және жүзеге асырады; мемлекеттік валюта, қаржы және материалдық ресурстарды жасақтау мен пайдалануда заңның сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етеді; құрылымдық және инвестициялық саясатты жүзеге асырады;
Осыған орай мемлекеттің қаржылық, салықтық-бюджетті саясатына тоқталғанымыз жөн болар. Қаржылық саясат негізінде экономикалық саясаттың құрамдас бөлігі болып табылады, сондай-ақ басқа да саясаттар сияқты қондырмаға жатады.
Қаржылық саясат деп – өзінің міндеттері мен функцияларын жүзеге асыру үшін мемлекеттің қаржы саласында жүргізетін нысаналанған мақсаттағы шараларының жиынтығын айтамыз[98].
Қаржылық саясат қоғамның экономикалық өмірінің құбылыстары мен процестерінің мәндік, ұдайы қайталанып отыратын объективті байланыстары мен өзара тәуелділіктері экономикалық заңдардың талаптарын ескере, басшылыққа ала отырып мемлекет тарапына әзірленеді.
Қоғамдағы өндірістік қатынастар экономикалық заңдармен айқындалатын категориялар арқылы көрініс табады. Осы экономикалық категориялар экономика өмірінің белгілі бір жағын сипаттайтын біртекті экономикалық қатынастар болып табылады. Олар мына төмендегідей көрініс табады: қаржы, баға, сақтандыру, несие, пайда (табыс) және т. б.
Қаржы экономикалық категория ретінде экономикалық заңдардың әрекеттеріне негізделеді. Ол заңдар; құн заңы; сұраныс пен ұсыныс заңы; уақыт үнемдеу заңы; өндірістік қатынастардың өндіргіш күштердің дамуының сипаты мен деңгейіне сәйкестілігі заңы.
Қаржылық саясат шынайы шаруашылық өмірде қаржылық механизмдер арқылы жүргізіледі. Қаржылық механизм – деп қаржыны жоспарлауды және басқаруды ұйымдастырудың нысандары мен әдістерінің жүйесін айтамыз.
Шаруашылық жүргізудің әртүрлі деңгейі мен қызмет аяларындағы экономикалық және әлеуметтік дамудың мемлекеттік бағдарламаларын орындауға қажетті ақша қаражаттарын, сондай-ақ мақсатты ақша қаражаттар қорларын қалыптастыру және бөлу жөніндегі қаржылық қатынастарды басқару қаржылық механизм арқылы жүзеге асырылады. Қаржылық механизм мемлекет белгілеген қаржылық шаралар мен қоғамдық экономикалық өмірдің аясындағы қоғамдық өнімнің көптеген элементтері, материалдық емес игіліктері, рухани құндылықтары құнының құрамына кіретін қаржылық ресурстардың ұдайы өндірісін түрлендіреді. Бұл жерден байқайтынымыз, өндірістік процесс қоғамдық формацияның экономикалық заңдарымен анықталады және белгілі бір өндірістік қатынастар туындағандықтан шаруашылық механизмімен қозғалысқа келтірілген экономикалық саясатпен реттеледі. Ал шаруашылық механизмі өзіне орай тиісті сандық және сапалық көріністегі ұдайы өндірістің шынайы нәтижесін құрады. Сондықтан ұдайы өндірістік процестің бір қалыпта жүзеге асырылуы экономикалық саясат пен механизмнің құрамдас бөлігі ретінде қаржылық саясат пен қаржылық механизмге тәуелді болады. Дұрыс тұжырымдалған саясат, дәлме дәл жолға қойылған және үйлесімді жұмыс, атқаратын қаржылық механизм – қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына себін тигізеді. Бұл жерде айта кететін бір жайт, егер қаржылық саясат экономикалық заңдардың әрекеттерін толығымен есепке алмаса немесе сол заңдарға қарама-қайшы келсе, онда тиісті қаржылық механизм халық шаруашылығының, саланың, аумақтардың өндірістік мүмкіндіктерін толығымен пайдалана алмайды немесе мүлдем пайдалана алмайды. Осындай жағдайда қоғамның экономикалық дамуы тежеледі, келеңсіз құбылыстар қалыптасады және қоғамға қарсы процестер көрініс табады. Тарих тағылымы бойынша байқағанымыз, қоғамдағы адамдардың экономикалық мүддесіне бағытталған, олардың пәрмендерін айтарлықтай деңгейде тауар-ақша қатынастарын пайдалану арқылы ынталандырып арттыру, сондай-ақ әрбір қызметкердің жеке басының ынта-жігерін көтеру арқылы мемлекетке қажетті жоғарғы нәтижелерге қол жеткізуге болатын[99].
Қазіргі кезеңде республикамыздың егемен мемлекет ретінде нарықтық бағытта дамуы қаржылық саясаттың бүгінгі міндеттерін қалыптастырып оларды қаржылық құралдар мен тетіктер арқылы экономиканы дағдарыстан шығару, халық шаруашылығының құрылымдарын жаңарту негізінде шаруашылық аясын тұрақтандыру, кәсіпкерлік бағаны, кәсіпкерлік қызметті ырықтандыру, мемлекет бөлігіндегі үлесті азайту, кеміту арқылы меншікті реформалау, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметті ұлғайту және жандандыру көзделіп отыр. Өркениетті бет-әлпеті бар нарықтық экономикаға өту бағдарламасының басты бағыты – халықты әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету, олардың жұмыс орындарын жоғалтпауларына, кіріс, табыстарының тұрақты болуына, инфляцияға ұшырамауына қатаң назар аудару болып табылады.
Негізінде мемлекеттің қаржылық саясаты қоғамның нақты даму кезеңіндегі міндеттеріне сәйкес және экономикалық заңдардың әрекеттерін есепке ала отырып қаржыларды жоспарланған түрде ұйымдастыру мен пайдаланудан тұрады. Қоғамдық дамудың әрбір кезеңіндегі қаржылық саясатының өзіне тән белгілері болады және ол қоғамның материалдық және мәдени өмірінің қажеттіліктерін, экономиканың жай-күйін ескере отырып, әр түрлі міндеттерді шешуге атсалысады.
Қоғамдық дамудың белгілі бір кезеңінде объективтік заңдылықтардың негізінде даярланатын қаржылық саясат – өзінің жүргізілуіне қажетті қаражаттарды қарастырады, яғни қаржылық тетіктер мен қаржылық тұтқалардың жекелеген элементтерін құру, жетілдіру және жоюды көздейді.
Мемлекет, қоғам өмірінде қаржылық саясаттың шешетін мәселелері мына төмендегідей болып келеді: 1) мемлекеттің әрбір нақты даму кезеңінен ерекшеліктері негізінде қаржылық ресурстардың неғұрлым мүмкін көлемін қалыптастыру жағдайларын қамтамасыз ету; 2) қаржылық ресурстарды қоғамдық өндіріс аялары мен халық шаруашылығы секторлары арасында ұтымды түрде бөлу және пайдалану, сондай-ақ ресурстарды белгілі бір мақсаттарға арнау; 3) экономикалық дамудың нысаналанған бағыттарын орындау үшін тиісті қаржылық механизмді құру және оны әрдайым жетілдіріп отыру.[100]
Мемлекеттің қаржылық саясаты: қаржылық стратегияға және қаржылық тактикаға бөлінеді. Қаржылық стратегия – қоғам дамуының тарихи кезеңдеріне сәйкестендіріліп, мемлекет тарапынан даярланады. Сонымен қаржылық стратегия дегеніміз – қоғамның экономикалық және әлеуметтік дамуының ауқымды міндеттерін шешуді көздейтін, сондай-ақ ұзақ мерзімді болашаққа есептелінген бағыт. Ал қаржылық тактика – осы стратегиялық бағыттарды нақтыландыра отырып, жедел міндеттерді шешуге, яғни еліміздің қаржылық және экономикалық аяларындағы ауытқулар мен алшақтықтарды жоюға баса назар аударады. Осы қаржылық саясатты жүргізу барысында мынадай қағидаттарды жүзеге асыру маңызды көрініс болып табылады: қаржылық қатынастарды жоспарланған түрде ұйымдастыруды қамтамасыз ету; қаржы жүйесінің барлық аялары мен бөлімдерінің кірістері мен шығыстарын теңдестіру; салалық қаржылар мен бюджет жүйесінде қаржылық резервтер құру; мемлекет пен шаруашылық субъектілердің арасында қаржылық ресурстарды мейлінше тиімді етіп бөлу. Қазіргі кезеңде көзделіп отырған басты мақсат – мемлекетіміздегі республикалық және жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығыстарын теңдестіру арқылы бюджет тапшылығы жөніндегі мәселелердің шешімін табу, сондай-ақ экономиканы тұрақтандыру негізінде халық шаруашылығын қаржымен қамтамасыз ету.
Мемлекеттің экономикалық саясатының бір аясы – салық саясаты болып табылады. Салық салу аясында мемлекет экономикалық мәселелерді өзінің міндеттері және өзін ұстау жөніндегі мәселелерді ғана әзірлеумен айналысып қана қоймай, сонымен қатар өте ауқымды әлеуметтік және саясат тұрғыдағы мәселелерді шешуге атсалысатын саясатты да жүргізеді. Бұл жөнінде Назарбаев экономиканы ілгерілету үшін “...таяудағы жылдарда біз назарымызды экономиканың нақты секторына, оны сауықтыруға, фискальды және монетарлық қатаң шектеулер жағдайындағы өсу мен күшті әлеуметтік саясатқа аударамыз”, – деген болатын[101]. Сонымен мемлекеттің салық салу аясындағы қызметі салықтық саясатқа да негізделеді. Салық саясатының қағидалары мемлекеттің жалпы экономикалық бағдарламасына негізделеді және онымен өте тығыз байланысты болады. Экономикалық бағдарламаны әзірлеу ісі – салық саясатының алға қоятын талаптарын, оның принциптерін ескере отырып, жүзеге асырылады. Салықтық саясаттың ықпал ету аясы өте ауқымды болғандықтан, оның реттейтін қатынастары әралуан болғандықтан оны тек қаржылар аясына жатқызуға болады деген көзқарас дұрыс болып табылмайды. Себебі, құқық теориясы тұрғысынан алғанда, қаржылардың салық саясатында атқаратын рөлі – жүзеге асырылу құралы ретінде сипатталады.
Мысалы, салық саясаты талаптарымен реттелген кәсіпорын мен бюджет арасындағы қатынастар тек кәсіпорын мен азаматтың салықтық міндеттемелерін атқару сатысында ғана қаржылық қатынастарға айналады. Салықтық қатынастардың қаржылық қатынастардан айрықшалануы салық саясаты бойынша мемлекеттің алдында тұрған міндеттерді талдау кезінде көрініс табады. Олардың кейбіреуі мына төмендегідей болып келеді:
1. Мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету;
2. Салалардың, аумақтардың, шаруашылық қызмет түрлерінің, шаруашылық субъектілерінің өндірістерінің экономикалық өсуін қамтамасыз ету. Салық саясатының осындай міндеттерін тек айтарлықтай деңгейде дайындалған экономикалық жоспар концепциялары және конституциялық деңгейде әзірленген салық саясатының қағидалары арқылы шешуге болады. Салық саясатының негізгі принциптерін конституциялық деңгейде бекіту қажеттілігі салықтардың мемлекет өмірінде атқаратын рөлдері мен алатын ерекше жағдайларына байланысты туындайды. Мемлекеттің материалдық базасын қалыптастырудың өте маңызды әдістері және қоғамды басқару аппараты ретінде салықтар мемлекет пен оның азаматтарының арасын байланыстыратын күрделі де елеулі буынға айналады. Сондықтан барлық мемлекеттерде, оның ішінде өзімізде де салықтарды төлеу азаматтардың конституциялық міндеттері болып табылады[102].
Салықтың мемлекет өміріндегі атқаратын рөлінің екінші қыры – мемлекеттің егемендігіне қатысты болады. Мемлекет аумағында салықтарды белгілеу құқығы ашық рыногі бар егемен мемлекеттің экономикалық егемендігінің негізі болып табылады, сондай-ақ осы аядағы өз азаматтары мен кәсіпорындар және шетелдік шаруашылық қызметінің субъектілері тең жағдайда болады. Осыған байланысты мемлекет егемендігінің басты белгісі –салық егемендігі деп айтсақ, оның дәлелдемесі ретінде салықтық реттеудің бірыңғай дүниежүзілік жүйесінің әлі күнге дейін жоқ екенін атап көрсетуге тиіспіз. Салық салудың бірыңғай стандарттарын дайындау (жасау) әрекеттері мемлекеттің салықтық егемендігінің мәселелерімен тайталасып жатады. Салық егемендігі – жоғарыда айтып кеткеніміздей, басқа мемлекеттер шектей және қол сұға алмайтын мемлекеттің салық салу жөніндегі (айрықша) құқығы. Салық егемендігіндегі аса күрделі және осал жері халық егемендігімен арақатынасын, яғни азаматтардың өздеріне тиісті құқықтарын мемлекетке беру жөніндегі құқықтармен арақатынасы болып табылады. Мысалы, демократияның негізі болып табылатын “Адам және азамат құқықтарының декларациясында”: “барлық азаматтар өкілдері арқылы құрылған үкіметке мемлекеттік салық салудың қажеттілігін белгілеу, олардың алынуына ерікті түрде келісім беру, салықтардың үлес мөлшерін, алыну негіздерін, тәртібін және мерзімін анықтау, сондай-ақ олардан түскен қаражаттардың жұмсалуын бақылау жүргізу жөнінде құқықтары бар” делінген[103].
Мемлекет мүддесіне сай келмейтін міне осындай талаптар бастарынан сан-қилы салық салудың салмақтарын кешкен халықтардың тарихи тәжірибесінің нәтижесіне жатады[104]. Осы мемлекет егеменділігі мен халық егеменділігінің арақатынастарында мемлекет егемендігіне жол берген жағдайда азаматтардың туа біткен құқықтарының бұзылмауы мақсатында “қажеттілік және жеткіліктілік” қағидаларын ұстана отырып мемлекеттің әрекеттеріне шектеу қою қажет. Салық салудың (салықтық қатынастардың) конституциялық негізінің аспектісі конституцияға енгізілген өзге құқықтық нормаларға қарағандағы салықтық нормалардың айтарлықтай үстемділігі. Бұл жерден мынаны байқауға болады: біріншіден, мемлекет меншік иесінің конституция бойынша жеке меншік деп бекітілген (танылған) меншігінің бір бөлігін талассыз түрде өз қарамағына алып қояды. Екіншіден, мемлекеттің салық міндеттемелерінің орындалуын бақылау барысында салық төлеушінің коммерциялық құпиясын білуге құқығы бар екені белгілі. Ал оның құпиясына қол сұғу кәсіпкерлік қызметінің бостандығын (еркінділігін) шектеу болып есептелінеді. Осы жоғарыда аталған салық саясатының конституциялық сипаттағы аспектілері ғылыми-құқықтық тұрғыдан мемлекеттің салықтық юрисдикциясы деп тұжырымдалады. Мемлекеттің салықтық юрисдикциясы тек осы мемлекеттің экономикалық аумағында, оның ресурстарын (еңбек, шикізат, субъектілік және т. б.) пайдалану арқылы жасалған құнға ғана таралады және құқықтық мағынада осы құнға салық салу жөніндегі құқықты білдіреді. Сонымен қатар кейбір мемлекеттердің салықтық егемендіктері қарама қайшылықтарды да туындатады, яғни салық төлеушілер белгіленген мерзім (бір жыл ішінде десек) ішінде бір объектіден екі рет салық төлеулері мүмкін. Осы жайттарды ескере отырып, дүниежүзілік практикада қосарлап салық салуды болдырмау принципі қолданылады, немесе салықтың артық төленген мөлшерін қайтару немесе жаңадан төлейтін салықтар есебіне қосу әдістері жүргізіледі.
“Қосарлап салық салуды” болдырмау принципі салық салу аясында өзіне тиісті орнын алғанымен, мемлекетте сол объектіге салықтың бірнеше түрін салуға жол берілмейді деп айта алмаймыз. Мемлекетіміздің салық жүйесінде заң жүзінде “қосарлап салық салу” жөнінде былай делінген: қандай да болмасын объектіге салықтың бір ғана түрін және заңмен белгіленген мерзімде бір-ақ рет салуға болады. Бұл жерде мемлекеттің салықтық юрисдикциясының принципінің іштей (мемлекет шеңберіндегі) сипаты айқындалған. Осы принцип салықтық юрисдикцияны мемлекет ауқымында шектеуші құрал болып табылады. Бірақ салықтардың экономикалық мәнін талдау кезінде көрініс тапқан маңызды элемент (салық салу элементі) салық төлемдерінің түсім көзі. Бұл түсім көзі салық төлеушілердің бәріне тән меншік болып табылады және осы меншіктерге салықтың ықпалы тигізіледі.
Салық төлемдерінің түсім көзі “қосарлап салық салу” принципінің ықпалына түспейтіндіктен, осы принципті мемлекеттің салықтық юрисдикциясын шектеу кезінде айтарлықтай қолдана алмаймыз. Мемлекеттің салықтық юрисдикциясын шектеу мәселесін барлық жиынтық табысқа, барлық салықтардың проценттік арақатынасын әзірлеу арқылы шешуге болады. Бұл жердегі ұтымды көрініс – салық салудың нақты шегін белгілеуге болар еді және осы жайт конституциялық деңгейде бекітілер еді. Мемлекеттің салықтық юрисдикциясын шектеуге тұтыну тауарларына деген азаматтардың тұтынушылығын шектеу арқылы жетуге болады. Мемлекеттің салық салу құзыретін шектеудің тағы бір қажеттілігі – мемлекет салықтық міндеттемелердің атқарылуын бақылай отырып коммерциялық құпияларды біліп, көріп оларды өз пайдасына пайдалануына немесе төлеушіге жаңағы коммерциялық құпияны дұрыс сақтай алмаған жағдайда зиян-залал келтіруіне тосқауыл қою. Осы жоғарыда айтылған жайларды ескере және соларға негіздей отырып, мына төмендегідей мемлекеттің салық саясатының конституциялық деңгейдегі қағидаттарын бөліп шығаруға болады:
1. Салықтарды төлеу принципі салық төлеушілердің конституциялық міндеттемелері ретінде;
2. Салық заңдарының үстемділігі;
3. Мемлекеттің салықтық юрисдикциясына бағынышты объектілерге салық салу принципі;
4. Қосарлап салық салуды жою принципі;
5. Коммерциялық құпияны білу құқығы және оны жарияламау кепілдігі жөніндегі принцип.
Міне осындай мемлекеттің салық саясатының негізгі принциптері бар. Ал қалған принциптерді бөліп шығару үшін салық саясатының элементтерін қарастыру және салық саясатының түсінігін айқындауымыз қажет. Мемлекетімізде белгіленген, бекітілген салықтардың жиынтығы белгілі бір салық фонын құрады. Бұл салық фоны салық төлеушіге салық ставкалары, салық салу тәртібі, салық жеңілдіктері және т. б. арқылы ықпал етеді. Осы аталған салық бөлу элементтерінің жиынтығы салық режимін құрайды. Салық режимі салық саясатының сапалық мазмұны болып табылады. Салық режимі мен оны айқындаушы элементтер салық жүйесінің көмегімен құрылады. Салық жүйесінің құрамына мемлекетте алынатын барлық салықтар, салықтық қатынастар мен оларды реттейтін құқықтық нормалар, салық төлеушілер мен салық қызметі органдарының құқықтары мен міндеттері және т. б. кіреді. Шет елдерде салықтарды қоғам өмірінің әртүрлі аяларын мемлекеттік реттеудің құралы ретінде қарайтын концепция бар. Салық саясатының негізгі міндеттерінде, бірінші кезекте, қандай да болмасын өндіріс, сала, аумақ және т. б. бірінші кезекте дамытуға жағдай жасау міндеті аталған. Ал осы міндетті жүзеге асыру салық режимінің сипатына байланысты болады. Осыған байланысты мынадай қағиданы бөліп шығаруға болады: салық режимінің мемлекеттің саяси, әлеуметтік және экономикалық міндеттеріне тәуелділігі принципі. Сонымен “мемлекет – салық төлеуші” түріндегі қатынастардағы принциптерді талдай отырып тұжырымдасақ және терминологиялық барыста қорытындыласақ, онда – ол мемлекеттің салық салу саласындағы саясатты яғни жалпы философиялық мағынада салық саясатын көрсетеді. Заңдық тұрғыдан салық саясаты заң жүзінде бекітілген салық режимін, яғни салық төлеушілерге ықпалын тигізетін режимді көрсетеді. Енді салық саясатының құқықтық мағынадағы түсінігін анықтауымыз қажет. Салық саясатының негізгі сипаттамасы ретінде салық режимін атап өткенбіз. Салық режимі кешенді салық жүйесі арқылы құралатынын білгенбіз. Осы салық режиміне салық саясатының міндеттері мен принциптерін қоссақ, онда салық саясатына мынадай анықтама беруге болады: “Салық саясаты –мемлекет бюджетінің кіріс бөлігін және өндірістер, салалар, аумақтар, шаруашылық қызметтер түрлерін, шаруашылық субъектілердің экономикалық өсіп дамуын қамтамасыз ететін мемлекет белгілеген салық режимі”. Сонда салық саясатының құрамдық элементтері салық жүйесімен экономика, саяси және әлеуметтік аяларды салықтық реттеу механизмінен тұрады. Салық саясатының тағы бір елеулі қыры – кеден саясатымен реттелетін өзге мемлекеттермен арадағы қарым-қатынастарды жандандыру. Халықаралық құқықтың талаптарын ескеру қажеттілігі ішкі экономиканы қорғау мәселелерімен қарама-қайшы келіп жататынын білеміз. Мемлекеттің барлық қажет тауарларды өз аумағында өндіруге талпынуы ішкі экономиканың басқа елдерде өндірілетін ұқсас тауарлармен бәсекеге түсуін тұйықтауға әкеліп соғады, яғни мемлекеттің кеден саясаты экспортқа нысаланған деп айтуымызға болады. Салық саясаты мемлекеттің экономикалық дамуымен тығыз байланысқан және мемлекеттің экономиканы реттейтін құралдарының қатарына жатады. Дүниежүзілік практика бойынша салықтар, салық салу жөніндегі заңдарды-статустарды жоғарғы өкімет органдары қабылдайды. Бұл заңдар-статустарда салықтардың объектісі, субъектісі, есептеу, төлеу тәртібі, мерзімі және т. б. белгіленеді. Ал салық ставкалары мен салық жеңілдіктері жөніндегі мәселелерді оларды реттеу құралы ретінде пайдаланатын атқару-жарлық беру билігі органдары айқындайды. Сонымен, салық саясатында мынадай маңызды мәселелердің де көрініс табуы қажет:
1) салық төлеушілерді жаңа салықтардың енгізілгені жөнінде міндетті түрде хабардар ету;
2) салықтарды төлеу-аудару жөніндегі сауалдарға кеңес беру;
3) салық міндеттемелерін атқаруды ерікті түрде атқару әдістерімен және салық санкцияларын пайдалану арқылы мәжбүр ету түрінде қамтамасыз ету;
4) мемлекеттік баға – түзеу саясатын талдап, жасайды және жүзеге асырады; мемлекет реттейтін бағалар қолданылатын өнімдер, тауарлар мен қызметтердің номенклатурасын белгілейді; мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады, оны пайдалану жөніндегі шараларды талдап жасайды және жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз етеді;
5) еңбекке ақы төлеу, азаматтарды әлеуметтік қорғау, мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік сақтандыру жүйесін және шарттарын белгілейді;
6) Мемлекеттік аймақтық саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеп, жүзеге асырады; аймақаралық проблемалар мен аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді; ғылым мен техника дамытудың, жаңа технологияларды енгізудің, мәдениетті, білімді, денсаулық сақтау ісін, туризм мен спортты дамытудың мемлекеттік саясатын белгілейді және жүзеге асырады; табиғи ресурстар мен айналадағы табиғи ортаны тиімді пайдалануды және қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлеп, жүзеге асырады; құқықтық реформаның жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді; азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және сақтау, заңдылық пен құқық тәртібін, Республиканың қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін, Республиканың аумақтық тұтастығы мен мемлекеттік шекарасын күзетуді қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлеп, жүзеге асырады; келіссөздер жүргізу және үкіметаралық келісімдерге қол қою туралы шешімдер қабылдайды; республиканың шет елдермен, халықаралық және аймақтық ұйымдармен өзара қарым-қатынасын дамытуды қамтамасыз етеді; сыртқы экономикалық саясатты жүзеге асыру жөнінде шаралар әзірлейді, сыртқы сауданы дамыту жөнінде шаралар қолданады; халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастықты және өзара іс-қимылды жүзеге асырады; республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрт мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды[105]. Республика Үкіметіне осындай кең көлемдегі құзыреттілік берілуімен қатар кейбір бағыттар бойынша үкімет құрамындағы оның мүшелеріне заң жүзінде мынадай шектеулік қойылған: олардың өкілді органның депутаты болуға; оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерден басқа ақы төленетін қызметтер атқаруға; кәсіпкерлікпен шұғылдануға; коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге хақы жоқ.
|
Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 |


