б) ҚР аумағында банктер, еншілес банктер ашуға рұқсат береді және ҚР аумағы мен одан тыс жерлерде банктердің филиалдары мен өкілдіктерін ашуға келісім, сондай-ақ банк операцияларын жүзеге асыруға лицензия береді[196];
в) ҚР валюталық реттеу мен валюталық бақылауды жүзеге асырады және валюта операцияларының барлық түрлерін жүргізуге құқылы;
г) өздеріне белгіленген тәртіппен банктік бағалы қағаздар эмиссиясы проспектілерін тіркегенге дейін оларға міндетті түрде сараптама жүргізеді;
д) банктерге кредит беруге, банктердің несие капиталы нарығында ашық позиция ұстауына қадағалау жүргізуге құқылы. Банктер үшін соңғы сатыдағы кредитор болып табылады және қайта қаржыландыру жүйесін ұйымдастырады;
е) банктердің, сондай-ақ шетел валютасын сатып алу, сату және айырбастау операциясын жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін бақылап, қадағалайды және оларға пруденциалық нормативтерді белгілейді;
ж) ҚР ресми мөлшерлемелерді өзгерту жолымен банктердің пайыздық мөлшерлемесі деңгейін реттеуді жүзеге асырады;
з) ҚР есеп айырысу тәртібін, жүйесі мен нысандарын белгілейді, банк аралық есеп айырысудың Қазақстан теңгесімен уақытылы әрі кідіріссіз өтуін қамтамасыз ететін төлем жүйесінің жұмыс істеуін ұйымдастырады;
и) банк қызметі, есепке алу, есеп айырысу, заңмен белгіленген өкілеттілік шегінде валюталық операцияларды жүзеге асыру мәселелері бойынша барлық банктердің, сондай-ақ шетел валютасын сатып алу және айырбастау операцияларын жүзеге асыратын ұйымдар мен оның клиенттерінің міндетті түрде орындауына жататын нормативті актілер шығарады, сондай-ақ олардың сақталуын қадағалауды жүзеге асырады;
к) қолма-қол банкноттар мен тиындарды есепке алу, сақтау, тасымалдау және инкассациялау тәртібін белгілейді, банкноттар мен тиындарды сақтауды, тасымалдауды және инкассациялауды қамтамасыз етуге қатысады, банкноттар мен тиындардың резервтегі мемлекеттік қорын құрайды;
л) ҚР банктерінің жиынтық балансы мен өз балансын жасайды және оны үнемі жариялап отырады;
м) ерекше жағдайларда мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен қаржыландыратын ұйымдарға кредит-есеп айырысу және кассалық қызмет көрсетуге байланысты операцияларды жүзеге асырады;
н) бақылау және қадағалау функциясын қамтамасыз ету үшін банктердің, сондай-ақ шетел валютасын сатып алу, сату және айырбастау операцияларын жүзеге асыратын ұйымдардың бухгалтерлік, статистикалық және басқа есеп беру тізбесін, нысанын, мерзімін белгілейді.
ҚР инфляция процестерін ақша-кредит процестерімен реттеу арқылы тоқтату мүмкін болмаған жағдайда ҚР Ұлттық Банкіне кредит қаржыларын шектеу және банктік операциялар бойынша пайыздық мөлшерлемелерді өзгерту жөнінде құқық беріледі. Қазақстан Ұлттық Банкі арнайы атқарушы органдар қатарына жатады және заңды тұлға болып табылады[197]. ң айтуынша, қаржы саласындағы басқаруды жүзеге асыратын органдар қатарына Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар жөніндегі Ұлттық комиссиясын жатқызуға болады. Осы бағалы қағаздар жөніндегі Ұлттық комиссия Үкімет құрамындағы орталық мемлекеттік басқару органы ретінде Қазақстандағы бағалы қағаздар рыногын мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады, сондай-ақ өзіне тән өкілеттілік шегінде осы рыноктың қызмет атқаруына және оған қатысушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етілуіне бақылау жүргізеді[198].
Бағалы қағаздар жөніндегі Ұлттық комиссия мына келесідей міндеттерді орындайды: бағалы қағаздар рыногына кәсіптік қатысушылардың қызметтерін лицензиялайды; бағалы қағаздар рыногына қатысушылардың кәсіптік және білімдік деңгейін арттыру жөніндегі жүйелерді ұйымдастырады; бағалы қағаздар рыногына субъектілері қызметіне міндетті талаптар белгілейтін нормативтік-құқықтық актілер шығарады; биржадан тыс рыноктағы айналыстағы бағалы қағаздардың бағасын белгілеуді және оның саудасын техникалық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асыратын қор биржалары мен ұйымдардың қызметін лицензиялайды; бағалы қағаздар рыногына кәсіптік қатысушылар қызметіне бақылау жасайды және бағалы қағаздар рыногын реттейтін зандарды бұзғаны үшін тиісті санкциялар қолданады; бағалы қағаздар рыногында инвесторлардың құқықтарын қорғау жүйесін ұйымдастырады және олардың құқықтарын эмитенттер мен бағалы қағаздар рыногына кәсіптік қатысушылардың сақтауына бақылау жасайды[199].
Осы комиссия өзінің қызметін атқару барысында Конституция нормаларын, “Бағалы қағаздар рыногы туралы” заңдар мен басқа тиісті заңдарды, ҚР Президенті бекіткен Ережені басшылыққа алады және аталмыш нормативтік-құқықтық актілер оның қызметінің құқықтық негізі болып табылады.
Жоғарыда аталған барлық құзыретті мемлекеттік органдар қызметтерінің құқықтық негіздері Қазақстан Республикасының Конституциясы мен тиісті әкімшілік, қаржылық заңдар болып табылады.
Әкімшілік құқықта ерекше бөлімінің бір институты осылайша аталатынын білеміз. Қаржылық құқықта да “мемлекеттің қаржылық қызметінің құқықтық негіздері” атты оның жалпы бөлімінің институты бар. Осы институттың нормалары мемлекеттің қаржылық қызметінің жалпы бастамасын, оның принциптерін, міндеттері мен мақсаттарын, қаржы жүйесінің құрылымын, қаржы-экономикалық институттардың түрлерін, сондай-ақ оларға тән ақша қорларын белгілейді. Қаржыны басқару ісі белгілі бір құқықтық нысанда жүзеге асырылады. Сонымен мемлекеттік органдардың қаржылық қызметтерінің құқықтық нысандары деп – қаржыны басқару, сондай-ақ басқа да қаржылық қызмет мәселелері бойынша өз құзыреттерінің шегінде мемлекеттік өкілетті органдар қабылдаған қаржылық-құқықтық актілерді, яғни заңды актілерді айтамыз. Осы қаржылық-құқықтық актілер өздерінің заңды мәніне байланысты: нормативтік және дербес болып екіге бөлінеді. Нормативтік қаржылық-құқықтық актілер құрамында құқықтық нормалар, яғни жалпы тәртіп (жүріп-тұру) қағидалары болады. Нормативтік актілер біртекті қаржылық қатынастар тобын реттейді және ұзақ мерзімге пайдалануға есептелінген. Ал дербес (жекелеген) қаржылық-құқықтық акт нақты тұлғаларды көздей отырып белгілі жағдайға арналып қабылданады және бір-ақ рет қолданылады. Заңды табиғаты бойынша – қаржылық-құқықтық актілер: заңдарға және заңға сәйкес актілерге бөлінеді. Заңдарға Қазақстандағы жоғарғы өкімет органы Парламент қабылдаған актілер жатады. Заңға сәйкес актілер – ағымдағы заңдарға және басқа да нормативтік актілерге негізделіп, соларды іс жүзінде атқаруға сәйкестеліп қабылданады. Оларға ҚР Президентінің Жарлықтары, Үкіметтің қаулысы, Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер министрлігінің нұсқаулығы жатады.
Шығаратын органдарға байланысты қаржылық-құқықтық актілер: өкілетті органдардың актілері және атқарушы органдардың актілері болып екіге бөлінеді. Құқықтық реттеу пәні бойынша: жалпы ұйымдастырушы; бюджеттік; банктік; сақтандыру; қаржылық-шаруашылық қаржылық-құқықтық актілері болады. Қаржылық-құқықтық актілер қатарынан қаржыны жоспарлауға байланысты актілер өз орнын алады. Олар – қаржылық-жоспарлық актілер деп аталады. Бұл актілердің өздеріне тән ерекшеліктері – бір уақытта нормативтік және дербес актілер сипатында болады. Қорыта келіп айтсақ, қаржылық қызмет мына төмендегідей құқықтық нысанда жүзеге асырылады: нормативтік актілер сипатындағы заңи актілер шығару. Осы актілердің жиынтығы еліміздің қаржылық заңдарын (законодательство) құрайды; нақты қаржылық-құқықтық қатынасқа қатысушының жүріп-тұруын реттеуге қажетті дербес (жеке) қаржылық-құқықтық актілер шығару; қаржылық шарттар жасау; мемлекеттің немесе оның органының өзі субъектісі болып табылатын нақты қаржылық-құқықтық қатынаста құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруы[200].
________________
ҚОРЫТЫНДЫ
Қаржы саласындағы басқарудың маңызы өте зор екені белгілі. Қаржы – мемлекеттің өсіп-дамуының, өзіне жүктелген функцияларын жүзеге асырудың материалдық базасы, негізі болғандықтан, базистың құрамына жататынын да білдік. Бүгінде еліміздің Конституциясында, өкінішке орай, мемлекеттік басқару сияқты мемлекеттік-құқықтық категорияның орнына атқарушы органдар (атқарушы билік органдары) термині пайдаланылды. Ал осы атқарушы билікті жүзеге асыру – мемлекеттік-басқарушы қызметті жүзеге асыру болып табылады. Демек, мемлекеттік басқарудың өрісі кең екені белгілі болды, яғни атқарушы билікке қарағанда, кең мағынада айтылады.
Сондықтан мемлекетті қажет деп тапсақ, биліктердің бөліну принциптерін мойындасақ, онымен қоса мемлекеттік басқарудың барын бағалауымыз қажет. Дәл осы мемлекеттік басқару – атқарушы билікті жүзеге асырудың нысаны болып табылады.
Мемлекеттің атқарушы билік органдарын құру мақсаты – нарықтық экономиканы ынталандыру екені бізге мәлім. Атқарушы билік органдарының әкімшілік жүйеге жататыны да белгілі. Өйткені атқарушы биліктің ұйымдық-құқықтық механизмі осы әкімшілік жүйе, яғни басқару жүйесі болып табылады. Басқару жүйесіз атқарушы билікті жүзеге асыру мүмкін емес.
Кейбір авторлар министрліктер нарықтық органдар қатарына жатпайды деген пікір айтады. Ал салалық министрліктердің қандай да болмасын нарықтық экономикасы дамыған елдерде де бар екені белгілі. Біздің ойымызша, мемлекеттік басқаруды жою деген мәселе күн тәртібіне қойылмауы керек. Қазіргі кезеңде мемлекеттік басқаруды түрлендіруді жаңаша сипатта құру қажет. Әрине осы процестер барысында мемлекеттік басқарудың басты көрінісі өктем-өкілеттіліктің орнына көбінесе ынталандыру кешенді шаралары басымырақ қолданылуы тиіс. Бірақ қажетті кезінде мемлекеттік реттеу механизмдері іске қосылатынын қатысушылардың бәрі білуі қажет. Сондықтан бұрыннан келе жатқан қоғамдық қатынасты (өндірістік қатынастар мен өндіргіш күштердің жүріс. тұрыстарын) реттейтін мына принциптің “билік ету – бағыну” орнына “ынталандыру – бағыну – билік ету” принципі болуы қажет.
Қорыта келіп айтсақ, өкімет билігін өктем, қатал түрден жүргізуден икемді, жұмсақтау нысанда жүзеге асыру – нарықтық қатынас талаптарына сай келетін сияқты.
Сонда да болса көңілге қонымды икемді, “жұмсақ” биліктің, өктем, қатал билікпен тығыз байланыста болатынын ұмытпағанымыз жөн. Өйткені қоғамдағы кейбір салаларда жұмсақ нысандағы билікті жүзеге асыру мүмкіндігі жоқтың қасында болады. Мысалы, отанды қорғау ісі, атом өнеркәсібі және басқа да салаларындағы басқару әрқашанда мемлекеттік сипатта болады.
Нарықтық қатынастарға көшуімізге байланысты мемлекетімізде мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдар; бірлескен түрде басқарылатын мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдар; мемлекеттік емес кәсіпорындар мен ұйымдар дамып, өркендеп жатыр. Мемлекеттік емес ұйымдардың дені іштей өзіндік басқару негізінде іс-қимылдарын жүзеге асырады. Ал бірлескен басқару кезінде мемлекет өкілдері мемлекеттік емес ұйымдардың басқару органдарының құрамына кіреді (бұл жерде міндетті түрдегі шарт сол кәсіпорында мемлекеттің меншік үлесі болуға тиіс) мемлекет тарапынан белгілі бір мөлшерде бағдарламаларды қаржыландыру принципі жүзеге асырылады. Сонда да болса ескеретін бір жайт, қандай да бірлескен немесе мемлекеттік емес ұйымдар болмасын, сондай-ақ қандай да мөлшерде және нысанда өздерін басқаруды жүзеге асырмасын, мемлекет аумағында болғандықтан, мемлекеттегі барлық салалар мен аяларды реттейтін заңдардың күші, талаптары оларға да таралады. Бұл жерде мысал ретінде ойшылдардың сөзін келтіруге болады: “Қоғамда өмір сүріп, қоғамнан тыс болуға болмайды”. Сол сияқты мемлекетте құрылып, қызмет атқара жүріп мемлекеттік басқару аясынан тыс болу, заңдарға бағынбау ешқандай қисынға сыймайтын іс болып табылады. Мемлекеттік басқару, атқару биліктері әкімшілік заңдардың негізінде жүзеге асырылатыны белгілі. Бұлар егер мемлекеттік басқарудың – құқықтық негізі болып табылса, ал материалдық негізі қаржы болып саналады.
Қаржыны қалыптастыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру қызметтерін жүзеге асыратын мемлекеттік өкімет билігі және атқарушы билік органдарды өз іс-қимылдарын жаңа кезеңге сай болатындай етіп қайта құруда. Қаржының туындау көзі экономика аясы болғандықтан, мемлекет экономика, оның ішінде, бір-бірінен бөлмей сыртқы экономика қызметтер салаларын мемлекеттік басқаруға аса көңіл бөліп отыр.
Мемлекеттік басқарудың тағы бір жаңаша көрінісі – қандай да болмасын салада нақты кезеңге байланысты міндеттер мен мәселелердің бірінші кезекке қойылып, шешілуі.
Басқару әр алуан тұрғыдан қаралуы мүмкін. Мысалы, әлеуметтік-экономикалық, саяси және т. б. көзқарастар бойынша. Басқаруды әкімшілік-құқықтық ұйымдастыру деп – әкімшілік құқықтық нормаларымен бекітілген субъектілер жүйесін айтамыз. Осы субъектілер жүйесі басқаруды жүзеге асыруға атсалысады. Басқаруды әкімшілік ұйымдастырудың элементтері мына келесідей сипатта болады:
1) атқарушы билік және басқа да басқару органдары;
2) басқару жүйесі буындарының, оның ішінде, қызметкерлердің тиісті мәртебесін белгілейтін әкімшілік-құқықтық нормалары;
3) әкімшілік құқықпен белгіленген олардың қатынастарының ауқымы;
4) әкімшілік-құқықтық жағдайлары бойынша субъектілердің құқықтық жауапкершіліктері.
Осы басқаруды ұйымдастыру түсінігі әкімшілік құқық нормаларымен реттелетін мемлекеттік және мемлекеттік емес басқаруларды қамтиды.
Басқаруды ұйымдастыру кезінде қоғамдағы атқарушы биліктің рөлі есепке алынуы қажет және мемлекеттегі экономика құрылымы, әлеуметтік-мәдени, сондай-ақ әкімшілік-саяси қызмет ерекшеліктері де есепке алынуы тиіс.
Қазіргі кезеңде туындап отырған өте күрделі жайлар – нақты кезеңнің ерекшеліктерін есепке алу және басқару құрылымдарының келешекте даму мәселелері.
Басқаруды ұйымдастыру мәні әртүрлі мәселелерді шешуден тұрады. Осы іс-қимылдардың ең бірінші кезектегісі – оларды заң тұрғысынан бекітудің принциптері мен нысандарын айқындау; басқару органдарының нысандарын олардың атқаратын қызмет бағыттарына байланысты айқындау; олардың арасындағы құзіреттерін міндеттерін, функцияларын қоса отырып межелеу; мемлекеттік басқару органдарының құқықтары мен міндеттерін белгілеу; басқарудың төменгі және жоғарғы тұрған буындары арасындағы өзара іс-қимылдарының құқықтық нысандары; басқарушы қызметтің әдістері және оларды жүзеге асыру нысандары.
Салаларды, аяларды басқару субъектілерінің арасындағы байланыстарды дұрыс таңдай білу және бекіту де басқаруды ұйымдастыруға қажетті әрекет болып саналады. Ағымдағы басқару жүйелерінде олар әртүрлі нысанда кездеседі. Мысалы, жалпы бағыну (бағыныштылық) басқару субъектілері мен объектілерінің арасыаралық буынның болуына байланысты орын алады. Жалпы бағынышты объектілер негізінде жалпы басқару жүзеге асырылады, яғни олардың жүріп-тұру қағидалары белгіленеді және бақылауды (қадағалауды) жүзеге асырады.
Тікелей бағыныштылық (бағыну) кезінде басқару субъектісі мен объектісінің арасында аралық буындар болмайды. Бұл жерде басқару объектісі басқару субъектісіне айтарлықтай көлемде ұйымдастыру және құқықтық жағынан тәуелді болады. Мысалы, кадр жөніндегі мәселелерді шешу; қызметкерлерге тәртіптік шараларын қолдану; тікелей жарлық беру элементтері; басқару объектілерінің актілерін жою (тоқтатып тастау); тікелей басқару.
Тура басқару кезінде де басқару субъектісі мен басқару объектісінің арасында тікелей байланыс, мысалға алсақ, бастық пен оның қызметкері, командирлер мен әскери қызметкерлердің арасында туындайды.
Жедел бағыну тек кейбір белгілі мәселелері бойынша басқару субъектісіне тәуелді болу кезінде туындайды.
Қосарлы бағыну тікелей (тігінен) және көлденең бағынуға негізделген. Бұл жерде бір объектіге байланысты өкілеттіліктің бөлінуі, олардың бірікпеуі қарастырылған. Бағынышты органдар тиісті деңгейдегі төменгі тұрған органдар жүйесіне жатады.
Ортақ бағыну – бір уақытта бірнеше басқару субъектілерінің екі немесе одан да көп жоғары тұрған мемлекеттік билік органдарына бағыну болып есептелінеді.
Мысалы, Сыртқы істер министрлігі қызметін оның тиісті бағыттары бойынша Президент және ҚР Үкіметі қадағалап бақылайды. Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті дербес жоғарғы оқу орны ретінде, ҚР Үкіметіне бағынышты және білім беру стандарттары және т. б. мәселелер бойынша ҚР Мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау министрлігіне бағынышты.
Ортақ бағынудың қосарлы бағынудан өзгешелігі тек тігінен бағыну қолданылады.
Басқару органдарының аппаратын ұйымдастыру принциптерін таңдауды сол органдардың, құрылымдық бөлімдердің нысандарын, олардың әкімшілік-құқықтық мәртебесін белгілеуге үлкен себін тигізеді.
Басқаруды ұйымдастыру ісіне заң жүйесінің тигізетін ықпалы өте зор әрі маңызды. Ағымдағы көптеген құқықтық актілердің қандай да болмасын мөлшерде басқаруды ұйымдастыруға қатысы бар екенін білеміз.
Сол құқықтық актілерді шамамен мына бір критерийлер бойынша топтастыруға болады: заңды күші бойынша; мәні бойынша; басқаруды ұйымдастыруға тигізетін ықпалы бойынша.
Заңды күші бар нормативтік құқықтық актілерге Қазақстан Республикасының Конституциясы; Қазақстан Республикасының заңдары; Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық заң күші бар Жарлықтары; Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің заңға сәйкес актілері.
Осы аталған актілердің ішінен жеке дара бөлініп шығатын Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары мен Өкімдерін айтуға болады. Өзіне берілген кең көлемдегі құзыретінің негізінде ҚР Президенті көптеген актілерін басқаруды ұйымдастыру мәселелеріне басқару жүйесіндегі органдардың мәртебелерін белгілеуге және жергілікті өзіндік басқаруға арнап қабылдауда. Мәні бойынша: жалпы құқықтық актілер және арнайы құқықтық актілер болып бөлінеді.
Жалпы құқықтық актілерде – арнайы салалық ерекшелігі жоқ басқаруды ұйымдастыру мәселелеріне қатысты нормалар болады. Ал арнайы құқықтық актілер салалары бойынша – нақты басқару органдарының субъектілерін, жүйесін өте дәл белгілеп, айқындайды. Ықпал ету сипаты бойынша: басқару жүйесін ұйымдастыруға жанама ықпалын тигізетін және тікелей ықпал ететін құқықтық актілер болып бөлінеді. Мысалы, Қазақстан Республикасының азаматтық кодексі – жанама ықпал ететін актілер қатарына жатады. Ал басқаруды ұйымдастыру мәселелерін тікелей реттейтін құқықтық актілер – нақты принциптерді бекітеді, тікелей әсер, ықпал ететін нақты нормалардан тұрады. Соңғы кездерде бірталай арнайы, оның ішінде, салалық және т. б. заңдардың қабылданғанын білеміз. Осы заңдарда тиісті салалардағы басқару органдарының негіздері нарықтық қатынас талаптарын ескере отырып бекітілгені белгілі.
Жоғарыда аталған заң актілері сала ұйымдарын, саланы немесе аяны басқаратын жүйенің негізгі буындарын, олардың өзара қатынастарын, сипаттарын және құзыреттерін межелеуді айқындайды. Басқару органдарының құрылымдық бөлімдерін ұйымдастыру олардың құрылымдарын бекіту немесе нақты мәселелерді шешу жөніндегі құқықтық актілерімен бекітіледі.
Құрылымдық бөлімдердің мәртебелері олар туралы ережелермен белгіленеді. Ережелер, әдетте, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіледі. Ережелер сол құрылымдық бөлімдердің іштей ұйымдастыру негіздерін кешенді түрде белгілейтін, сондай-ақ бөлімдердің біртұтас мәртебесін айқындайтын құқықтық актілер болып табылады.
Қаржыны басқаруға көптеген өкілетті мемлекеттік органдар қатысқанымен, осы саладағы басқарушы функцияның негізгі көмегінің үлесі ҚР Қаржы министрлігінің құзырында болады. Сондай-ақ өте маңызды рөлді ең басты қаржылық-кредиттік орган – ҚР Ұлттық Банкі атқарады. Мемлекеттік басқарудың бағдарлама нысанасы, олардың ауысуы оның функцияларына, әдістері мен нысандарына тікелей әсер етеді. Осы мемлекеттік басқарудың функциялары, әдістері және нысандары – өз кезегінде, оның мақсат бағытын, сипаты мен мәнін көрсетеді. Қазіргі кезеңде мемлекеттік меншік аясын күрт кеміту, нарықтық қатынастарға өтуді жеделдету жергілікті өзіндік басқаруды дамыту процестері мемлекеттік басқару функцияларында, әдістері мен нысандарында көрініс тауып отыр. Қоғамда және мемлекеттік басқаруда жүргізіліп жатқан түрлендірулер мемлекеттік басқару функцияларының маңызы жөніндегі көзқарастарға оншалықты (айтарлықтай) өзгерістер енгізе алған жоқ. Мемлекеттік басқару функцияларының мәні мен жүзеге асыру механизмдерінде ғана жаңа элементтер пайда болды. Олар мемлекеттік және мемлекеттік емес аяларға байланысты өзгеріп отырады және оған мемлекет әртүрлі дәрежеде ықпал тигізеді.
Функция жөніндегі мәселелер екі аспектіден көрініс табады. Олар: мемлекеттік басқару функциялары және оның субъектілерінің функциялары болып табылады. Бүгінде мемлекеттік басқару органдарының функциялары айтарлықтай дәрежеде өзгерістерге ұшырауда. Жоспарлау, материалдық-техникалық және т. б. аялардағы функциялардың өрісі тарылған. Олар көбінесе нарықтық экономикаға өтумен шартталған.
Монополияға қарсы шараларды жүзеге асыру, жұмыссыздықтың пайда болуына байланысты, әртүрлі аяларда кәсіпорындар мен мекемелерді негізінен алу сияқты жаңа функциялар пайда болады.
Алдыңғы қатардағы функцияларға: болжамдау, үйлестіру, реттеу және бақылау жатады. Мемлекеттік басқару функциясы ретіндегі жоспарлаудың маңызы төмендетіліп, тек орталық және тұйықталған аялармен шектеліп отыр. Осы жайтты келеңсіз көрініс деп айтуымызға болады. Нарықтық экономикасы дамыған елдердің өзі жоспарлаудың тиімді екені, оған көшу қажеттілігін күн тәртібіне қойып отыр. Жоспарлау – мемлекеттік басқаруды ойдағыдай ұйымдастырудың объективті функциясы, негізгі және басты функциясы болып табылады. Мемлекеттік реттеу де басқару функциясы болып есептелінеді және ол тар, сондай-ақ, кең мағынада айтылады. Кең мағынада мемлекеттік реттеу қоғамдық қатынастарға қатысушылардың жалпы жүріп-тұру қағидаларын мемлекет тарапынан белгілеу болып табылады. Оның субъектілері өкілетті (заң шығарушы) және атқарушы билігі органдары болып саналады.
Осы аядағы реттелген қатынастардың қатысушыларына сот билігі субъектілері де белгілі бір мөлшерде ықпалын тигізеді. Мемлекеттік реттеудің дәстүрлі түрде қалыптасқан құқықтық нысандары заңдар, заңға сәйкес актілер және сот актілері болып табылады.
Тар мағынада мемлекеттік реттеу – мемлекеттік басқарудың функцияларының бірі болып саналады. Әсіресе қазіргі кезеңде осы функцияның тек экономиканы басқаруда ғана өте ұтымды болып қоймай, сонымен бірге әлеуметтік-мәдени аяларды реттеуде де маңызы өте зор. Мемлекеттік басқарудың функциясы ретінде мемлекеттік реттеуді жүзеге асырудың мәні мен механизміне мыналар кіреді: жалпы қағидаларды белгілеу арқылы нормативтік реттеу; қандай да болмасын қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың атқарылуына бақылау жүргізу; лицензия беру; мемлекеттік келісімдер жасау; тіркеу; тиісті қағидалармен реттелетін қоғамдық қатынастар қатысушыларының құқықтары мен мүдделерін мемлекеттік қорғау; олардың қызметтерінің жалпы бағыттары; оларды ойдағыдай жүзеге асыруға жәрдемдесу.
Мемлекеттік реттеудің дәстүрлі құралдары қатарына: салықтар, мемлекеттік тапсырыстар, стандарттар, кедендік тарифтер мен баж және т. б. жатады. Олар әртүрлі құқықтық нысанда болады, бүгінде мемлекеттік реттеу кәсіпкерлік қызметке, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың қызметтеріне ойдағыдай экономикалық, құқықтық және ұйымдастырушылық жағдай жасауға бағытталған. Мемлекеттік реттеу әртүрлі әдістердің көмегімен және әртүрлі нысанда жүргізіледі. Қазіргі кезеңде өте кең түрде пайдаланылатын мемлекеттік реттеу – тіркеу және лицензиялау болып табылады.
Сонымен осы жұмыстың қорытындысы ретінде мына жайларды атап өтуге болады. Қазақстан Республикасында қаржы саласындағы мемлекеттік басқарудың теориялық және практикалық (тәжірибелік) мәндерін ашып көрсету, осы аяны реттейтін әкімшілік заңдардың атқарылу деңгейі мен тиімділігін зерделеу, мемлекеттік басқарудың түсініктері мен ерекшеліктерін, мемлекеттік басқару (атқарушы билік) органдары қызметтерінің құқықтық негіздері мен құқықтық нысандарын сипаттау, мемлекеттің өсіп-өркендеуінің материлдық негізі, атрибуты, нарықтық экономиканы дамытудың және әлеуметтік-экономикалық, саяси бағдарламаларды ақшалай қамтамасыз етудің қайнар көздері болып табылатын қаржыны (қаржы жүйесін) өте мұқият зерттеп, мазмұндау, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің атқарылу бағыттары мен мақсаттарына, принциптері мен жүзеге асырылу әдістеріне, туындайтын қатынастардың құқықтық реттелуіне жеткілікті деңгейде талдау арқылы ұсыныстар, қорытындылар және тұжырымдар жасалды.
|
Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 |


