Түсіру әдісін зерделеп біткеннен соң, ол камерагермен пікірлесіп, ақылдасуы керек. Камерагер режиссердің түпкі ойлары мен мақсаттарын айқын аңғаруы тиіс. Сонда ғана ол фильм жөніндегі режиссер шешімін жүзеге асыра алады. Фильм көріністері штатив, кран немесе арба арқылы түсірілсе, Сіздер оқиғаны сырттай бақылаушы ретінде боласыздар. Егер бейнесәттер камераны иыққа, не қолға ұстап жүріп түсірілсе, көрермен де өздерін оқиғаға тікелей қатысушы ретінде сезінбек. Режиссер осы тәсілдердің қайсысы қажет екенін камерагерге қайталап айтуы артықтық етпейді.
Сондай-ақ, режиссер камерагерге түсіру тәсілдері: жалпы, орта планда оқиғаны ірі кескінде немесе аса ірі кескінде түсірудің қажет не қажет емесін де ескертіп отыруы шарт. Режиссер композицияны сезінуі үшін ең ұтымды ракурсты іздейді. Әдетте, маңызды көріністер аяқ астынан туындап жатса, режиссер аузын ашып тұрып қалмай камерагерді сәтті бейнеқатарды жіберіп алмай таспаға жедел түсіруіне септігін тигізуі керек.
Ақиқатында фильмнің тағдыры – режиссер мен камерагердің шығармашылық қарым-қатынасының жемісі. Тегінде есімі танымал режиссердің продюсерге бірінші қоятын талабы ол өз деңгейіндегі тәжірибелі камерагермен ғана жұмыс жасауға келісім беретіні сондықтан. Продюсер режиссерді таңдайды, ал режиссер өз кезегінде камерагерді қалауына сай іздейді. Режиссер мен камерагердің идеясы ұқсас, мақсаттары бір болса, олар тонның ішкі бауындай тіл табыса еңбек етіп, діттеген мұраттарына жетеді.
Команда осылайша құрылып жатса, режиссермен камерагер фильмге кіріспес бұрын сценарийді жан-жақты талқылап, пысықтайды. Екеуара фильмнің идеясы, түсіру түрлері, пайдаланылмақ аппаратураларды, тәулік мерзіміне байланысты жарық түсіргіш құралдарын қалай қолдануды және күрделі детальдарды әбден пісіріп барып қана іске кіріседі. Өйткені режиссер фильм тұсаукесерінен кейін ғана “бұл менің туындым” деп мақтана алмақ. Оған дейін ол камерагерге тәуелді. Себебі таспаға не жазылып жатқанын ұдайы қадағалау мүмкін емес. Қорытындылап түйіндесек, егер жақсы бейнеқатар болмаса, фильм де қарабайыр болып шықпақ.
Әдетте, режиссерлердің өзіне ежелден сыралғы, қолтаңбасын бұрыннан жақсы білетін камерагермен жұмыс істеуі - кино әлеміндегі қалыптасқан заңдылық. Себебі, тәжірибелі камерагер бірте-бірте режиссерлік мамандықты игеретіндіктен, кей кезде салиқалы камерагерлердің жас режиссерлерді тыңдамай, тіптен бағынбай қоятыны бар. Мұндай жағдайда фильм табысты боларына күмән көп. Режиссер мен камерагердің көзқарасы қабыспаған кезде идея жолайрыққа тіреліп, мақсат орындалмайды.
Ұзақ жылдар бойы фильм түсіріп, көп тәжірибе жинақтаған камерагерлер жас режиссерлердің түсіру алаңында өзіне қайта-қайта тықақтап, мазасын алғанын жақтырмайды. Шығармашылық шабыт еркіндігін талап етеді. Желкеңнен біреудің үнемі төніп, ақыл үйрете бергенін кім қалайды дейсің.
Дегенмен, режиссерге жүктелер жауапкершілік аса салмақты. Ол фильмге жауапты тұлға. Камерагер өзі қалаған кадрды түсіріп болсын. Бұдан кейін де режиссер дегенінен қайтпай, ойындағы көріністі қайталап түсіртуі міндет. Түсіру алаңдарында барынша тиімді жұмыс істеген дұрыс. Артық бейнеқатар бас жармайды. Режиссердің камерагерге тапсырған эпизодтарын толық таспаға жазылғанда ғана, фильм монтажы кезінде қосымша бейнеқатарлардың молынан жететіндігіне сенімі нық болмақ.
Түптің түбінде фильмнің тағдыры режиссердің мойнына ілінеді. Оның шығармашылық топпен кеңесіп, ақылдасуы - фильмге қосымша деректер жинастыру тәсілі. Мұны басқаша ұғынып, камерагердің режиссермен дауласа беруі – қателік. Фильмдегі кадрлардың орыны және маңызын камерагер мен режиссер бірлесіп анықтайды, бірақ соңғы шешім бәрібір режиссердің құзырында қала бермек. Режиссер әр уақытта өзіне қандай кадр керек екенін камерагерге айтып отыруы керек.
Ұйымшыл еңбек - фильмнің ұтысы. Режиссер – қашанда да түсіруші топтың жігерін жандандырушы, шығармашылық ұжымның тізгінұстары.
Монтаж
Түсіру жұмыстарын шикізатқа теңесек, монтаж соны әдемі дүниеге айналдыратын өндіріс орны. Бұл нағыз шығармашылықтың шыңдалатын, тер тоқтаусыз тамшылайтын жұмыс кезеңінің қайнар көзі. Бұған дейін режиссер камерагермен қалай тіл табысса, енді монтаждаушымен де солайша түсіністік орнатуы тиіс. Фильм монтажын жасауға ұзақ уақыт қажет болатындықтан, режиссерлер кәсіби камераға түсірілген бейнеқатарларды тұрмыстық таспаға көшіреді. Бұдан кейін үйде отырып-ақ, кадрларды сараптауға мүмкіндігі бар. Тәжірибеде ондай тұрмыстық қолданыстағы таспа тайм-кодпен көшіріледі. Ол, әр минут, әр секундына дейін бейнеқатарды іріктеп, эпизодтардың бірінен соң бірін тәртіппен орналастыру мүмкіндігін монтажға дейін-ақ ойша саралауға, қағазға түсіруге көмектеседі.
Сценарийдің парақшасына тайм-кодтарды тізбелеп, қай сөйлемді қандай кадрмен жабатындығыңызды пысықтайсыз. Осындай қара жұмыстың монтажға көп уақыт жоғалтпауға септігі зор. Әрі қаражатты да үнемдейсіз. Бұл – жұмыс материалдарын алғашқы іріктеу кезеңі. Осындай фильмді жасаудағы ең ауыр жұмыстан кейін көңіліңіз қалаған жақсы материалдарды сценарийге лайықтайсыз. Қазір режиссерлер тізбекті жүйе тәсілі - компьютерде монтаждауға ерекше ықылас көрсетеді. Екі немесе үш экранды көлемді компьютер мониторынан режиссер 20-30 кадрды бірден көре алады. Қалаған бейнеқатарларды рет-ретімен тізбектейді. Ал магнитофондар арқылы монтаждағанда (тізбексіз жүйе тәсілі) таспадағы көріністі табу үшін кассетаны ары-бері айландырып тоқтаусыз жылжытумен боласың. Ал, компьютер монтажында өзіңе қажетті деген бейнеқатарларды ғана компьютер қаперіне құясыз да, жайланып отырып жұмысқа кірісесіз.
Әдетте, режиссер монтаждаушыға бейнеқатарлардың орналасу тәртібі жазылған монтаж парақшасын беріп, сыртта ойланып-толғанып жүріп алады. Қарадүрсін монтаж сұлбасы көрінгенде эпизодтардың ішкі ырғақтары, кадрлардың қысқа-ұзақтығы фильмнің идеясына сай келетіндігі, сабақтасулары айқындалады. Режиссер сценарий авторы болса, монтаж жұмысында бар жауапкершілікті өз мойнына артып еркін қимылдайды. Фильмді қарап шығу мен оған қажетті дүниелерді іріктеу процесі бірнеше күнге, тіптен апта, айларға ауысуы мүмкін. Режиссер уақыт өте көздеген идеясына дер кезінде жете алмаса, монтажды белгілі мерзімге доғаруы да ықтимал. Сөйтіп бір-екі апталық демалыстан соң, шаршаған жанар қалпына келіп, ой толығып, фильмдегі әрбір идеяны жақсарта түсуге жол ашылады.
Түпкілікті монтаж басталысымен, фильмге соңғы өзгерістер енгізіліп, диктор мәтіні, музыкасы салынып, арнайы эффектілер қолданылады. Артық-ауыс жерлері тегістеліп, екпін, ырғақтары, оқиғаларының өрбуі даңғыл жолдай түзетіледі.
Ендігі мәселе – фильмнің музыкасы, диктордың мәтіні, дыбыстары.
Көркемфильмде музыка тұрақты түрде беріліп тұрады. Асып-төгіліп жататыны да бар. Ал, деректі фильмде музыка әуенінің нақты өмір көріністерін қаз-қалпында сезінуге кедергі келтіретіндіктен оны мүмкіндігінше шектеп қолданады. Сөйтсе де, асқан шеберлікпен астастырылған музыка әуені деректі фильмді құлпырта түспек. Эмоциялық сезімдерді серпілтіп асқақтатады. Еліміздегі авторлық құқық мекемесінде сазгерлер еңбегі ерекше қадағаланып, сақталатындықтан дыбыс режиссерлері фильмге музыка таңдағанда әр туындыдан қысқа-қысқа үзінді алады. Бұған себеп - дайын әуенді рұқсатсыз пайдалансаң сазгер Сізді сотқа беріп, қомақты ақшаны талап етеді. Ал композиторлар бүгінде өз еңбектерін жоғары бағалайды. Фильмге тапсырыс берушілер режиссер, камерагер қаламақысына түсіністікпен қарағанымен, сазгерлер еңбегін елегісі келмейді. Бәлкім уақыт өте деректі фильм үшін сазгерлердің дербес еңбегі де қажет болатын шығар. Әзірге әрбір эпизодқа қолайлы әуен түрлі композциялық туындылардың жиынтығынан құрылады.
Асылында, фильм бюджетін бекіткенде демеушілер мен тапсырыс берушілер бірте-бірте фильм үшін музыканың да маңызды роль атқарарын түсінер деген ойдамыз. Бұл тұста айтпағым, егер деректі фильмге композитор арнайы музыка жазатын болса, оның көркемдігі арта түспек. Әзірге тәжірибеде ол өте сирек кездесетіндігін мойындаймыз.
Продюсерлер фильмге бөлінетін қаржының жетіспеушілігінен композиторлармен түсіністік тілінде сөйлесуге мұршалары жоқ. Содан барып, фильмнің музыкамен көркемделуін дыбыс режиссеріне тапсырады. Ол фильмді музыкамен әспеттеуде шама-шарқы жеткенше, ешбір композитор “туындымды рұқсатсыз пайдаландың” деп сотқа жүгінбейтіндей дәрежеде пайдаланылады. Бұл үйренген әдет, сірә ұзаққа созылатынға ұқсайды.
Фильмде дыбыстық эффектілер жиі қолданылады. Кейбір шулар бейнеқатарлармен қоса, қабыса жазылады. Кейбір шулар түсіру алаңында арнайы таспаға түсіріледі. Болмаса, фонотекадан, музыкалық кітапханадан, компаниялардан сатып алынады. Алғашқысы фильмді монтаждау кезінде жазылса, екіншісі мәтін мен музыка жазылып болған соң қапсырылады. Шулар фильмнің нақты өмірдегідей әсер етуіне жол ашады. Нақты өмірдегі шулар (дүрсіл, мал-құстың өзіне тән дыбысы, көлік гүрілі, аяқ басқан дыбыстар т. б.) бейнеқатарлармен кадрға бірге түседі. Өйткені шетелдегі деректі фильмдердің бюджеті шамамен 50 мың доллардан 500 мың долларға дейін жетіп жығылады. Біздегі қалыптасқан жағдай 3 мың доллар мен 20 мың доллар аралығынан асып шыға алмайды. Бұл сомадан жоғары тұратын бюджетті қорғап алып шығу үшін қолдаушың мықты болуы тиіс. Мұнымен бірге қазір фильмді эфирге қою үшін де қосымша қаражатты шығындауға мәжбүр боласың. Ол әр телеарнаның өзіндік рейтингісіне байланысты. Таңертеңгі, күндізгі және кешкілік уақыт эфирінің кестеленген төлемдері бар. Бұл әрине республикаға толық тарайтын, рейтингісі жоғары арналарға тән құбылыс.
Ал, мемлекеттік тіл заңының орындалу барысын ресми мекемелер міндетті түрде қадағалауды бастағаннан бері облыстық, қалалық деңгейдегі коммерциялық телеарналар деректі фильмдерге жылы шырай таныта бастады. Бірақ ондай ортақол телеарналарға көбінесе ортақол дүниелер ұсынылатындығы анық. Сондықтан да жаңа фильмдерді сұрыптайтын, республикалық арналардың жақсы уақыт кестесіне (прайм-тайм) міндеттеп енгізетін комиссияның құрылғаны құба-құп болар еді. Қазақстанда жобаланатын деректі фильмдердің 90 пайызға жуығы саяси-әлеуметтік, тұсаукесерлік фильмдерден тұрады. Нарық заңдылығынан туындаған бұл дәстүр деректі фильм саласында енді-енді қадамын бастаған жас кинематографистерге аса пайдалы. Әлеуметтік тақырыпты қозғайтын фильмдер жаңа идеяларға жол ашпақ. Ізденістердің ұшан-теңіз мүмкіндіктерін алға тартады. Жас дарындар да алғашқы қадамнан тәжірибе жинақтап, қомақты дүние жасауға апарар даңғыл жолдың жақсы мектебінен өтеді.
Экран және мәдениет
Әлемнің барлық елдерінде әлеуметтік-мәдени дәстүрлердің қалыптасуына тікелей әсері бар – экран мәдениеті заманауи мәселеге айналды. Тасқа басылған сөздерден, бірнеше рет асып түскен бейнедыбыстық коммуникациялар, экран арқылы – ғасырлар бойы қанға сіңген әдет-ғұрыптарды бірте-бірте өзгертіп, ғаламдық ортақ ұғымдарды бойға сіңіруде. Бұдан қашып құтылмассыз. Дегенмен, ата-бабаларымыздан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүрлі әлеуметтік-мәдени игі әдеттеріміз үшін күреспей жатып, құлдық ұрмайық. Өйткені ұлттық мүдделерді қорғап, шешудің ешқандай да әмбебап әдістері болмайды.
Қазір Қазақстан жаңа дәуірде. Қазақ зиялысы зұлмат-нәубетке, қорлық-зорлыққа, ғасырларға созылған темір бұғауға мойымаған. Өр кеуделі, тәкаппарлық – қазақтың әні мен күйінде, жыр-дастандарындағы жеңімпаз рухта. Ана тіліміз бен ұлттық мәдениетіміздің сақталу тірегі, ғаламат рухын экран тіліне көшіру, заман талабынан қалыспай елімізде экран мәдениетін орнатуға жол ашпақ. Көп тілді, көп ұлтты Қазақстан идеологиясының қазақ идеясы арқылы қалыптасуын – мемлекеттік мүдде темірқазығы деп түсінемін.
Ел мен жердің иесі, мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқының мәдени-әлеуметтік тарихы, барлық ұлттар мен ұлыстарға ортақ: адамзат дамуының бір-бірімен тікелей қарым-қатынасындағы байланыс мәдениеті, жазбаша мәдениеті арқылы өркениеттілікке бастау алды. Ал, бүгінгі күн биігіне мәдениеттегі басым бағыт экран мәдениеті бел алғанын мойындау керек. Сол экран мәдениеті қазақстандықтарға телеарналар, компьютерлер арқылы не ұсынып отыр?
Ел-жұртымыз қызыға көретін фильмдер шет елдердікі (онда көркем не деректі фильмдер жағы басым). Әзірге электронды ақпарат құралдарындағы хабарлардың тең жартысы “мемлекеттік тілде жүргізілсін” заңы біржақты орындалуда. Телеарналар шетелдік дайын дүниелерді қазақшалау үшін аудармашыларды жалдайды. Негізінен шет елдерден алынған хабарларды асығыс қазақшалау үрдісі басым. Бұл біріншіден, қазақ тілінің абыройын аяусыз балталаумен бірдей. Аудармадан аздап нәпақа табуды кәсібіне айналдырғандардың “жүрдім-бардым” қазақшалаған дүниелерін екі-үш диктор әр түрлі мәнерге салып оқып шығып, “заңды орындағандай” болған жайымыз бар. Өкініштісі, ондай аудармаларды басқа емес, мәтінмен жұмыс істеген дикторлардың өздері де түсінбей жатады. Сондықтан да редакторлар аудармаларды оқып түзетуге құлқылары жоқ. Ондай аудармаларды түзету де мүмкін емес. Сірә, қайтадан қазақша мәнерге салып, жазып шыққан дұрыс болар. Амалдың жоқтығы осы. Жоспар орындалды, жоғары жақ үндемесе болды. Телеарналар қаражаттарын үнемдеп, “заңды орындаса” бәріміз тынышпыз. Тегінде экран арқылы қазақтың өзі түсінбейтін қазақша аударма хабарлар көбейген тұста, мемлекеттік тілді көркейтеміз деу бос әурешілік.
Демек, экран мәдениеті қазақ үшін, Қазақстан үшін маңызы зор - әлеуметтік мәселе. Өйткені телевизия мен кино өнері арқылы көрерменге хабар айтылып, насихат жүргізіледі, білмейтін жәйттерге үйретіп, тәлім-тәрбие береді. Қоғам мен жеке тұлғаның ішкі дүниесіне дендеп еніп, мәдени қөзқарасын қалыптастырады.
Адамның рухани дүниесінің аса нәзік пернелері тоғысатын ой-өрістегі сенім мен сезімділік ұғымды - мәдениет десек, ал ол экран арқылы тек басқа мәдениетпен сусындаса, ондай азамат мемлекеттік тілге, ұлттық салт-дәстүріне салқын, салғырт болып өспек.
Ендеше, қазақтың намысшылдық әдетіне қамшы басумен қатар, оның ой-өрісіне, сондай-ақ парасаттылығы жоғары зиялы жандардың ұлттық экран мәдениетін ұштастырмақ ұлттық таным мен ізгілікті ниет жолындағы қадамдарына қамқорлық қажет.
ЖАРНАМА
Жарнама дегеніміз не? Бұқаралық ақпарат құралдарында жарыса жағаласқан “менікі ғана ақиқат” дейтін айғайды тұтынушылар назарына дөп тигізу тәсілі – әрбір жарнаманың міндеті. Мұнда жақсысын асырып, жаманын жасыру әрекеті кездеспеуі қажет. Өкінішке орай, жарнама беруші тиесілі қаржысын төлегеннен кейін, өз дегенінен қайтпасы белгілі. Осындайда жарнаманың тек шындықты хабарлайтынын реттейтін құрал керек-ақ. Өйткені көптеген жарнамалық фильмдердің авторы тауарлар мен қызмет көрсету жөнінде фильм жасай отырып, сауда агентіне айналып кеткенін байқамай қалады. Белгілі бір компания, мекемелердің имиджін жасайтын корпоративті фильмдерде де режиссерлер ерекше тер төгіп, елімізде одан мықты қызмет орны жоқтай мадақ-мақтауға жөнсіз лағып кететіндері бар. Сондықтан да тапсырыс берушімен арадағы қарым-қатынасты әу баста шегелеп, реттеп алған дұрыс.
Фильм аяқталған соң тапсырыс беруші әр нәрсені сылтау етіп, кемшіліктеріңізді тізбелей бермеуі үшін, әуел бастан-ақ әзірленбек дүниенің кімге, қандай аудиторияға арналатындығын, мақсатын, көрсетілу ауқымын анықтап алыңыз. Сонда ақша бөлген мен, мақтау мен мадақтау жетпей жатыр деген сыңайдағы тапсырыс берушінің қисынсыз көп сұрақтарынан құтыласыз. Әдетте жарнамалық сипаттағы деректі фильмге тапсырыс беруші киноның жасалу үрдістері жөнінде мүлде хабарсыз болып келеді. Көбі деректі фильмдерге тапсырыс берген күннің өзінде қойылар талап ‑ орындалу мүмкіндігінен он есе артық болады. Сондықтан фильм жасау жолында үнемі күресуге, тапсырыс берушінің бүгінгі тұрмыс шындығынан асып ‑ асыра сілтеуіне көрермен күлкімен қарайтындығын иландыру керек. Сонда өмірге жақын жарнамалық фильм түсіре аласыз.
Біріншіден, тапсырыс беруші көрерменге нені басты мәселе ретінде хабарлағысы келетінін білу керек. Сол сәттен-ақ, көп сөзбұйдаға сала бермей тапсырыс берушінің идеяларына дұрыс, қанағатанарлық құнды бағалар беруге әрекет етіңіз. Фильм түсіретін ұжымынан сценарийге мүмкіндігінше ақыл қоса алатын, мамандығын жете меңгерген бір-екі адамды табу керек. Бұл тапсырыс берушіні үнемі мазалай бермей, қажет материалдарды тездетіп табуға мұрындық, әрі босқа уақыт өткізбеуден құтқарады. Ал бастысы фильмге бөлінбек қаржының нақтылығына сеніміңіз мол болсын. Шартты мұқият оқып, өз құқықтарыңыздың мейлінше анық жазылуын қадағалаңыз. Өйткені жарнамалық туындыға бөлінер қаражат орасан. Оны қағып қалуға тырысатындар одан да көп.
Мысалы, 2003 жылы Солтүстік Америка жарнамаға 154 миллиард доллар жұмсаған. Ал, Еуропа елдеріндегі көрсеткіш 78 миллиард доллар. Азия мен Тынық мұхиты аймағындағы елдер үлесі 65 миллиард доллар. Латын Америкасына қатысты мемлекеттерде 15 миллиард. Көршіміз Ресей бұқаралық ақпараты құралдары 2,63 милллиард долларға жарнамалық қызмет көрсеткен. Қазақстандағы жарнама көлемі 100 миллион доллардан асып түседі. Жалпы әлемдік нарықта жарнаманың бір жылдағы өсімі 3%-ті құрайды. Жарнама енді-енді күшіне енген елдерде мұндай өсім бірнеше есеге жоғары. Мысалы Ресейде ол 2003 жылы 31%-ке көтерілген. Көзіміз үйрене бастаған “Проктер энд Гэмбл”, “Филип Моррис” жарнамасы миллиард доллардан асып кетсе, “Кока-Кола”, “Пепси Кола” сияқтылар жылына 500 миллион доллардан астам қаражатты жарнамаға жұмсайды. Жалпы АҚШ-тың жарнама шығыны дүниежүзілік жарнама бюджетінің тең жартысын құрайды.
Әлбетте бұл компаниялардың жарнамалары жоғары деңгейде дайындалып, әр елде жергілікті тілге аударылады. Мұндай мықты компаниялар жарнамаларының әділдігін Америка Құрама Штаттарында 14 мемлекеттік агенттігі тікелей бақылайды. Егер берілетін жарнамада жалған фактілер кездессе, компания миллиондаған доллар шығынға батып, жарнамаларындағы жалғандықты тұтынушыларға түсіндіруге міндетті.
Енді осы Америка Құрама Штаттарындағы жарнамаларды реттейтін федералдық органдардың функциялары мен міндеттеріне қысқаша шолу жасап көрейік.
1. Федералдық сауда комиссиясы (ФСК)
1914 жылы құрылған. Штаттар арасындағы барлық сауда түрін қадағалайтын жарнама саласындағы ең ірі оган болып есептелінеді. Сондықтан жарнама берушілер ФСК-дан өте қатты сескенеді. Оның тексеруінен өту ең басты табыс саналады.
2. Коммуникация құралдарының федералдық комиссиясы
1934 жылы коммуникация құралдарының заңымен бекіген орган. Оның құзырына радио мен телевизия, телефон байланыстары және телеграф енеді. Әуе толқынына хабар тарататын станциялар қызметіне лицензиялар беретіндіктен, осы өкілеттігін пайдалана отырып, жарнамаларды жанама түрде бақылайды.
3. Тамақ өнімдері және дәрі-дәрмек басқармасы
Қадағалауына жарнама, таңбалау, буып-түю және сатып алынатын тауарлар мен дәрі-дәрмек өнімдерінің номенклатурасы кіреді. Этикеткалар мазмұнының жазбаларын талап етеді, қорапта бейнеленген терминдердің пайдалануы және сақталу мерзімін бақылайды. Сонымен қатар улы және қауіпті өнімдердің таратылуын ерекше қадағалап отырады.
4. Патент және сауда басқармасы
Патент және сауда маркаларының тіркелуін қадағалайды. 1947 жылдан бері сауда маркалары заңының орындалуын бақылап отырады.
5. АҚШ Конгрессінің кітапханасы
Жарнамаға қатысты авторлық құқықтарды, музыка, кітап, буклет, компьютерлік бағдарламаларды және басқа да шығармашылық сипаты бар материалдардың құқығын қорғап және тіркеп отырады.
6. Алкогольдік және темекі өнімдерінің салық басқармасы
Спирттік сусындар жарнамасының толық иесі. Осы өкілеттігіне сүйене отырып, спирттік өнімдер шығаратын кез-келген компанияның заңды бұзғаны үшін толықтай тоқтатып, тіптен жабуға, ешбір жарнама түріне рұқсат бермеуге де билігі бар басқарма.
7. Тұтынушы мәселелері жөніндегі басқарма
Федералдық үкіметтегі тұтынушы құқығын қорғайтын Бас орган. 1971 жылы құрылған. Федералдық үкіметтің тұтынушы құқығын қорғау туралы шараларына қатысты ақпараттарды жинап, үйлестіреді.
8. АҚШ-тың пошта қызметі
Пошта қызметі пайда табу үшін пайдаланылатын фирмалар мен азаматтардың хат-хабарын иесіне табыстамауға өкілеттігі бар, АҚШ-тың пошта басқармасы жалған ақпарат тарататын жарнамаларды, порнография, лотерея ойындарына шақырулар мен тұрғындарды алдау пиғылындағы хабар-ошарлардың пошта арқылы таратылмауын қадағалайды.
9. Ауылшаруашылығы министрлігі
Дұрыс таңбаланбаған немесе тіркеуге қойылмаған улы химикаттарды мұқият қадағалап отырады. Ауылшаруашылық министрлігі федералдық сауда комиссиясымен бірлесе отырып саудаға түсетін өнімдерді сатуға рұқсат береді.
10. Ұлттық авиациялық кеңес
Қызметі бірнеше штатты қамтитын авиатасымалдаушылардың әуе хабарлары мен барлық жарнамасын қадағалап отырады.
11. Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты бидай басқармасы
Бидай өнімдерінің жарнамасын бақылайды. Тұтынушыларға жалған ақпараттар таратылмауына жауапты орган.
12. Құнды қағаздар мен биржалық операциялар жөніндегі комиссия
Акциялар, облигациялар мен құнды қағаздар жарнамасы кіреді. Комиссия құнды қағаздарды сатып алушылардың алданбауы үшін толық ақпараттардың жария етілуіне бақылау жүргізеді. Тіптен ұсыныстар берілген кезде, онда кемшіліктердің де тұтас көрсетілуін қадағалайды.
13. Әділет министрлігі
Жарнамаға қатысты заңдардың тәжірибеде қолданылуын бақылдайды, осыған қатысты федералдық органдардың ұсыныстары, толықтырулар мен өзгертулерімен шұғылданады.
|
Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 |


