а) режиссерлік сценарийді жасауға қатысуға және бейнелер мен жеке көріністердің мағынасын түсіндіру үшін түсіру алаңында болуға;
ә) киноматериалды және түсіріліп біткен фильмді талқылауға қатысуға құқылы.
3.2. Автор:
а) сценарийдің ____ данасын Продюсерге қолхат алып немесе осы шартқа қол қойылған кезден бастап ____ күн ішінде тапсырылғандығы жөнінде хабарландыруы бар құнды пакетпен беруге;
ә) тараптардың қосымша келісімінде белгіленген мерзім ішінде сценарийге Продюсер ұсынған жөндеулер мен түзетулерді енгізуге міндетті.
(Ескерту. Автор Продюсердің сценарийге жалпы көркемдік тұжырымдаманы бұзбайтын және Автордың беделіне нұқсан келтірмейтін өзгерістерді енгізуді талап етуге, өзгерістер енгізу үшін Автордың келісімімен үшінші тұлғаларды өз есебінен шақыру құқысына қарсылық білдірмейді).
б) кинематографиялық тұрғыдан пайдалану үшін сценарийді басқа тұлғалар мен ұйымдарға Продюсердің жазбаша түрдегі келісімінсіз бермеуге;
в) үшінші тұлғалардың тікелей сценарийге байланысты барлық талаптарын, бұл талаптар осы шарттың 3.2.-тармағының “ә” тармақшасында ескертілген өзгертулерге қатысты болмаған жағдайларда, өз бетінше Продюсерді қатыстырмай шешуге міндетті.
3.3. Қолданыстағы Заңнаманың ережелерінен туындайтын құқықтардан басқа, Продюсер:
а) сценарийдің жалпы көркемдік тұжырымдамасын бұзбайтын және Автордың беделіне нұқсан келтірмейтін өзгерістер мен қайта жөндеулерді енгізуді талап етуге;
ә) осы шартқа сәйкес сценарийді өз қалауы бойынша тең Продюсерді, түсіру тобының техникалық құрамын және басқаларды тарта отырып пайдалануға (шығармашылық қызметкерлерді тарту жөнінде Авторға хабарлануы тиіс);
б) сценарийдің жекелеген бөліктерін бұл сценарий бойынша түсірілген фильм жарнамасының барлық түрлері үшін пайдалануға;
в) фильмді, оның жекелеген бөліктерін өз қалауы бойынша пайдалануға, пайдалану құқығын үшінші тұлғаларға беруге құқылы.
3.4. Продюсер:
а) Автордың сценарийі бойынша фильм түсіруге (фильмнің түсірілуі 20_____ жылдың “_____” ____________ кеш басталмауы тиіс);
ә) Автор ұсынған сценарийді қарауға және осы шарттың 3.3.-тармағының “а” тармақшасына сәйкес оны Автор ұсынғаннан кейін ____ күн ішінде бекітуге міндетті.
(Ескерту. Егер бұл мерзім біткенге дейін Продюсер Авторға өзінің жазбаша ескертпелерін жолдамаса, онда сценарий ұсынылған қалпында қабылданды деп саналады. Алайда Продюсер осы шарттың 3.3.-тармағының “а” тармақшасында белгіленген құқықты өзінде сақтауы мүмкін).
б) Авторды киноматериал мен түсіріліп біткен фильмді талқылауға қатыстыруға;
в) Авторды түсіру тобының шығармашылық құрамының мүшелерін шақыру жөнінде хабардар етуге;
г) фильмнің түпкілікті атауын тек қана Автордың келісімімен бекітуге міндетті.
4. Ақы төлеу жағдайлары
4.1. Сценарийді кинематографиялық тұрғыдан пайдаланудың айрықша құқықтарын бергені үшін Продюсер Авторға __________ теңге мөлшеріндегі сыйақыны келесі тәртіппен төлейді:
________ % 20____ “____” ________________ дейін
________ % 20____ “____” ________________ дейін
________ % 20____ “____” ________________ дейін
4.2. Фильмге ҚР АҚ және СҚ туралы Заңының тиісті нормаларына сәйкес Продюсер шарттың бүкіл әрекет ету мерзімі ішінде фильмді кез-келген пайдалану жағдайынан түскен табысының ________% мөлшерінде Авторға сыйақы береді. Бұл мерзім фильмге авторлық құқықтың әрекет ету мерзімімен сәйкес келеді.
Авторға фильмді пайдалану үшін ақша төлеу әрбір ______ай сайын жүзеге асады және фильмді пайдаланудың әрбір түрінен түскен Продюсер табысын және авторлық сыйақының есебінен растайтын құжатпен қоса беріледі. Сыйақы Автордың банктегі есепшотына аударылған жағдайда, мұндай аударымның барлық шығынын Продюсер көтереді.
5. Ерекше талаптар
5.1. Автордың аты-жөні фильмнің бастапқы титрінде, осы фильмді жасау, жарнамалау, көбейту және пайдалануға байланысты барлық жарнамалық-ақпараттық материалдарда қоюшы-режиссердің аты-жөнімен қатар (алдында, не кейін) дәл сондай өлшемдегі титрмен көрсетіледі.
5.2. Продюсердің шақыруы бойынша Автор өзінің тұрғылықты мекен-жайынан сапарға шықса оған күніне _______ теңге мөлшерінде тәулікақы төленеді. Мұндай шығындар құжаттық айғақтаумен өтеледі. Продюсер барлық телефон сөйлесулерін, факс, телеграф, телекс және осы шарт бойынша жұмыстармен байланысқан басқа да хат-хабар шығындарын Автордың растауы бойынша төлейді.
6. Шартты бұзу
6.1. Продюсер:
а) Автор сценариймен тұтастай немесе ішінара жұмыстар үшін үшінші тұлғаларды Продюсердің келісімінсіз тартса;
ә) Сот Автордың сценарий жасаудағы адал еместігін таныса;
б) Автор осы шарттың 3.2.-тармағының “б” тармақшасын бұзса, шартты бұзуға және Автордан осы шартқа сәйкес төленген барлық соманы өндіріп алуға құқылы.
6.2. Продюсер сценарийді кинематографиялық тұрғыдан пайдаланудан Авторға қатысы жоқ себептермен бас тартқан жағдайда осы шарттың 4.1.-тармағында көрсетілген сыйақыны алу құқығын сақтайды.
6.3. ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы Заңының 13-бабының 2-тармағына сәйкес Автор кез-келген уақытта өз қалауы бойынша Продюсердің фильмді жасауға немесе таратуға жұмсаған бүкіл шығындарын өтеген жағдайда шартты бұза алады. Бұл шығындарға Автор өтініш түсірген кезден бастап шартты бұзудың нәтижесінде Продюсердің айырылған пайдасы кіреді.
7. Даулар
Тараптар осы шартты орындауға байланысты өзара туындаған барлық дауларды келіссөздер арқылы шешуге міндеттенеді.
Бейбіт жолмен реттеу мүмкін болмаған жағдайда даулар жауапкердің орналасқан жері бойынша соттың қарауына жіберіледі және Қазақстан Республикасының қолданыстағы материалдық және процессуалдық Заңнамасының нормаларына сәйкес шешіледі.
Осы шарт 2 дана етіп жасалды, оның біреуі Авторда, біреуі Продюсерде болады.
Тараптардың мекен-жайлары, банк деректемелері, қолдары қойылып, мөрлері басылады, шарттың жасалған орны мен уақыты көрсетіледі.
СЦЕНАРИЙ АВТОРЛАРЫМЕН ШАРТ ЖАСАСУ ТУРАЛЫ
Қазақстандық жаңа авторлық заңнаманың қабылдануының бір мақсаты Қазақстанның әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі Берн Конвенциясында және 1971 жылғы редакциядағы авторлық құқық жөніндегі Женева Конвенциясына кіруі болып табылады. Авторлық құқықтарды халықаралық қорғаудың халықаралық жүйесіне енуі авторлық құқықтың тәжірибеге осы мәселелермен айналысатын шетелдік және халықаралық ұйымдардың тарапынан аса қызығушылық туғызды. Еуропалық қауымдастықтың TACIS (Technical Assistance For Community of Independent States) бағдарламасының ауқымында 1994 жылдан бастап өндіріспен байланысты санаткерлік меншік салаларында консультативтік көмек беру бағыты ашылды. Дыбыс-бейнежазу саласы осындай негізгі сала болып саналады. Еуропа мамандары фильмнің продюсерлері мен негізгі тең авторлары арасында шарт жасасу жөніндегі ұсыныстар әзірледі.
СЦЕНАРИЙ АВТОРЛАРЫМЕН, ЕУРОПА МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ АЗАМАТТАРЫМЕН ШАРТ ЖАСАСУ ЖӨНІНДЕГІ ҰСЫНЫСТАР
І. Жалпы ережелер
Еуропа мемлекеттерінің авторлық құқық саласындағы заңнамаларының бір-бірінен айырмашылықтары бар. Бірақ кез-келген жағдайда сценарий Авторы мен Продюсер арасында авторлық шарт жасасу өзара құқықтар мен міндеттерді анықтау үшін қажет.
Осы ұсыныстар Продюсер мен Автордың келесі санаттарына, яғни, сценарий авторлары, сценарийдің тең авторлары, диалогтардың авторы мен бейімделу авторлары арасында шарт жасасуға қатысты.
Кейбір елдерде (мысалы, Германияда немесе Швейцарияда) дыбыс-бейнежазу туындысына қатысты алғанда сценарий бұрын жасалған туындының мәртебесіне ие болады. Басқа елдерде, нақтылап айтқанда, Франция мен Италияда сценарий авторы мен диалог авторы дыбыс-бейнежазу туындыларының тең авторлары болып есептелінеді. Бұл мәселеге қатысты заңнамалардың айырмашылықтары, әсіресе қолданыстағы заңнамаларда дыбыс-бейнежазу туындыларын пайдалану құқықтарын Продюсерге заңды түрде беру немесе мұндай жол беру туралы ережелері бар елдер үшін өте маңызды. Бұл жол беру әдістері бұрын қолданылған туындыларға таралмайды. Қолданылған жағдайда шектеулер қойылады.
Авторлық шарт автор мен дыбыс-бейнежазу туындысын дайындаушы-компания (көбіне заңды тұлға болып табылатын өкілетті продюсер) арасында жасалады.
Аталған шарт Автордың тек сценарийдің Авторы немесе тең авторы, әйтпесе диалогтардың немесе бейімделу авторы ретіндегі құқықтарына ғана қатысты болады. Егер Автор бір мезгілде дыбыс-бейнежазу туындысының режиссері болып табылса, онда бұл жөнінде онымен бөлек шарт жасалады.
ІІ. Сценарийді әзірлеу, фильмді жасау
Бұл бөлімде әдетте туындыны жасаудың шарттары мен оның міндеті анықталады.
а) Жасалатын дыбыс-бейнежазу туындысының сипаттамалары.
Негізгі пайдалану аясы: кино, телевидение, бейнефильмдер және басқалар.
Дыбыс-бейнежазу туындысының түрі: қысқа метражды фильм, бір немесе көп сериялы фильм, сериал, телевизиялық фильм.
Тақырып.
Дыбыс-бейнежазу туындысының (алдын-ала немесе түпкілікті) атауы.
Түпнұсқа версиясы _______________ тілінде және/немесе ____________ тілінде.
Тасымалдаушы, формат
түрлі-түсті / ақ-қара түсті.
дыбыс-бейнежазу туындысының болжамды ұзақтығы.
Жобалаушы бюджет.
ә) Автордың үлесі.
Синопсис
Әдеби сценарий
Адаптация
Диалогтар
Сценарий (1-ші, 2-ші, 3-ші версия, түпкілікті версия)
б) Сценарийге басқа да үлестер
Бұрын жасалған туынды (әдеби немесе драмалық)
Бұрын жасалған басқа да туындылар (синопсис, әдеби сценарий, сценарий версиялары)
Адаптация
Диалогтар
в) Дыбыс-бейнежазу туындысына басқа да үлестер туралы ақпарат
Композитор (сазгер)
Режиссер
Негізгі рольдерді орындаушылар
ІІІ. Сценарий авторының құқықтары мен міндеттері
Автор сценарийді немесе сценарийдің белгілі бір бөлігін (әдеби сценарий, сценарийдің 1, 2 және т. б. версиялары) жазып беруге міндеттенеді. Жасалатын туындының сипаттамалары ІІ бөлімнің ережелеріне сәйкес анықталады. Шарт орындалмаған жағдайларда Продюсердің орындалмаған жұмысты қабылдаудан бас тарту мерзімі белгіленуі тиіс.
Шартта:
Продюсердің сценарийге өзгерістер енгізуді және қанша көлемді енгізуді талап ету мүмкіндігі (өзгерістер енгізгендігі үшін Автордың қосымша сыйақы алудан үміт ету мүмкіндігі);
- кандидатурасын екі тарап бірлесе отырып таңдайтын тең авторды Продюсердің шақыру мүмкіндігі нақты анықталуы тиіс.
Тең автор пайда болған жағдайда Автордың V бөлімде белгіленген қаржылық жағдайы өзгеріссіз қалады.
Автор Продюсерге дыбыс-бейнежазу туындысына қосқан үлестеріне барлық құқықтардың иесі екендігіне кепілдік береді.
ІV. Құқықтардың көлемі
Бұл бөлімде Автордың Продюсерге беретін дыбыс-бейнежазу туындыларына құқықтары анықталады.
Құқықтардың екі түрін: Автордың мүліктік және мүліктік емес құқықтарын ажыратқан жөн.
Мүліктік емес құықтарға авторлық ету құқығы жатады. Авторлық құқық иеліктен шығарылмайды.
Ал, мүліктік құқықтарды алсақ, шартта берілетін құқықтар мен дыбыс-бейнежазу туындысын пайдаланудың рұқсат етілген түрлері дәл және егжей-тегжейлі сипатталуы қажет. Туындыны пайдаланудың әрбір түрі үшін берілетін құқықтардың көлемін аталған мемлекеттің ішкі заңнамасына сәйкес дәл анықтау керек.
Продюсерге:
- дыбыс-бейнежазу туындысын жасау барысындағы қажетті қайта өңдеулерді ескере отырып, соның негізінде дыбыс-бейнежазу туындысын жасау үшін сценарийді пайдалану құқығы;
- сценарий негізінде түсірілген дыбыс-бейнежазу туындысын шартта белгіленген барлық форматтарда, рұқсат етілген барлық техника құрылғыларында қолдану түрлерінде және сол сияқты жағдайларда пайдалану құқығы беріледі.
Авторға:
- сценарийге оны дыбыс-бейнежазу тұрғысынан пайдаланумен байланысты емес, барлық құқықтарды (мысалы, фильм бойынша кітап шығару, сценарийді басып шығару, аудиотаспаларды шығару және т. б.);
- “римейк”-ке құқықтарды;
- сценарийдің негізінде жасаған дыбыс-бейнежазу туындысын қосалқы пайдаланудың (кабельді телевидение, жеке көшірмелеу, даналарды жалға беру, пайдалануға ұсыну және т. б.) барлық түрлеріне құқықтар мен сыйақыны өзіне қалдырады.
Дыбыс-бейнежазу туындыларының даналарын жалға беру немесе оларды пайдалануға ұсынуға қатысты Еуропалық қауымдастықтың нұсқауына сәйкес, Автор өзінің бұл құқықтарын Продюсерге бере алмайды. Осы нұсқаудың 29-тармағына сәйкес бұл талаптардың кабельді телевидениеге де тең дәрежеде қатысы бар.
Шарттың мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқару жөніндегі қоғамдардың пайдасын көздейтін ескертпесі болуы тиіс; бұл ескертпеде, басқасын былай қойғанда, туындыны бастапқы пайдалану құқықтары (мысалы туындыны эфирге беру арқылы тарату құқығы) ұжымдық басқару тиесілі ме, жоқ па деген мәселе анықталуы және ең бастысы, еріксіз немесе ұжымдық лицензиялар кезінде (V бөлімді де қараңыз) автордың үлесін қамтамасыз ету қажет. Ескертпені шартқа енгізу дыбыс-бейнежазу туындысын тиісті пайланушыларға (мысалы, телехабарларын тарату ұйымдарын) Авторға сыйақы төлеуге міндетті екендіктері жөнінде хабардар етіп отыру үшін Продюсерді міндеттеу мақсатында қажет.
Шарт бойынша Автордың Продюсерге тікелей берілмеген барлық құқықтары Авторға тиесілі болады. Көптеген елдерде туындыны пайдалану құқықтарын шарт жасалған кезге дейін белгісіз болған, бірақ болашақта ойлап табылуы мүмкін әдістермен беруге тыйым салынады.
Заңнамаларын мұндай тыйым салушылық жоқ мемлекеттердің өздерінде мұндай жол беру күмән туғызуы мүмкін.
V. Сыйақы
Шартта Авторға тиесілі қаламақы түрлері: бір жағынан, жалпы тиесілі қаламақы сомасының есебіне кіретін аванс, кепілді ең төмен соманың сыйақы мен қайтарылуға жатпайтын басқа да сомалары; екінші жағынан, дыбыс-бейнежазу туындысын пайдаланғандығы үшін сыйақының арасындағы айырмашылықтар көрсетілуі тиіс.
Сыйақы:
- туындыны эфирге беру жолымен пайдаланғандығы үшін теледистрибьютерлер тікелей Автордың өзіне немесе құрамына Автор кіретін, құқықтарды ұжымдық негізінде басқару жөніндегі қоғам арқылы төленетін сыйақыдан (немес эфирге екінші қайтара және барлық келесі берілімдері үшін қосымша сыйақыдан);
- құқықтарды ұжымдық пайдалану жөніндегі ережелерді сақтай отырып, Продюсердің дыбыс-бейнежазу туындысын пайдаланудың барлық өзге түрлерінен тапқан табысының есебінен берілетін үйлесімді сыйақыдан құралады. Егер мүмкін болса, осы үйлесімді сыйақы туындыны пайдаланудың барлық жағдайдағы барлық жиынтық түрлерінен тікелей немесе жанама тапқан табысының бүкіл сомасынан төленуі тиіс.
- Үйлесімді сыйақының мөлшері үлкен болуы тиіс.
- Туындыны пайдаланудың әр алуан түрлері үшін пайыздық төлемдер әр түрі үшін жеке келісіледі. Бұл ретте пайдаланудың кейбір түрлеріне қойылатын пайыздық төлемдер қалғандарына қарағанда үлкен болуы ықтимал.
- Фильмді барлық аумақтарда пайдаланудан түскен табыстардан Автор үйлесімді сыйақы алып отыруы үшін дыбыс-бейнежазу туындыларын бірлесіп жасаудың немесе пайдаланудың барлық ерекшеліктерін ескеруі қажет.
- Продюсер үшінші тұлғалармен дыбыс-бейнежазу туындыларына қатысты келіссөздер жүргізгенде және шарттар жасасқанда, Автордың мүдделерін сақтауы, туынды мен болжамды рыноктың сипаттамаларын ескере отырып, қолайлы шарттарды көздеуі тиіс.
- Сценарийді қосалқы пайдаланғаны үшін сыйақы алу құқығын Автор ғана иемденеді және ол қандай да болсын жағдайда бұл сыйақыны Продюсерге тіпті ішінара да бермеуге құқылы.
Осы шартта көрсетілген барлық ақшалай сомалар салық мөлшеріне сәйкес және аталған мемлекеттің аумағында қолданылатын заңнамада көзделген тәртіппен Қосымша құн салығы (ҚҚС, НДС) сомасына көбейтілуі тиіс.
Шартта төлемдердің мерзімдері белгіленеді.
VI. Мерзімі
Авторлық құқықтың әр мемлекеттің ішкі ұлттық заңнамасында белгіленген әрекет ету мерзімінен басқа, шартта Продюсердің дыбыс-бейнежазу туындысын пайдалану құқығы болатын мерзімі белгіленгені жөн. Қазіргі уақытта бұл мерзім әр елде әртүрлі анықталған.
Дыбыс-бейнежазу туындысын түсірудің ең ақырғы мерзімін ойластырудың мәні бар. Бұл мерзім бұзылған жағдайда Автор толық іс-әрекет еркіндігін алып, оған барлық авторлық құқықтар қайтарылады. Бұдан басқа, Автор сыйақының өзіне төленіп үлгерген бөлігін сақтап қалуға емес, сонымен қатар айып шаралары есебінде шартта көзделген сыйақының қалған сомаларын алуға да құқылы.
VII. Продюсердің құқықтары мен міндеттері
Егер дыбыс-бейнежазу туындысы бұрын жасалған туындылардың негізінде немесе оларды пайдалану арқылы дүниеге келсе, онда Продюсер бұл туындыларға құқық иелерімен жаңа туындыны жасау мен пайдалану үшін қажетті құқықтарды беру жөніндегі шарт жасасқаны жөн.
Продюсер өзіне дыбыс-бейнежазу туындысын ойдағыдай таратып-танытуға (мысалы, оны әртүрлі фестивальдардың конкурстық бағдарламаларына қатыстыру) қажетті барлық шарттарды, фильмді кәсіби дәстүрлерге сай келетіндей етіп нақты және адал пайдалануды қамтамасыз ететін міндеттеме қабылдайды.
Дыбыс-бейнежазу туындысы туралы кез-келген жарнамалық немесе басқа да ақпаратта Автордың аты-жөні шартта белгіленген ережелерге сәйкес көрсетілуі тиіс. Қандай аты-жөнімен (бүркеншек атпен) көрінгісі келетінін тек Автордың өзі шешеді. Автор өзінің аты-жөнін алдырып тастауға және оны пайдалануға тыйым салуға құқылы.
Продюсер белгілі бір мерзім өткен сайын, жылына бір реттен кем емес, Авторға дыбыс-бейнежазу туындысын пайдалану жөнінде барлық растайтын қаржы құжаттарын қоса тіркей отырып, есеп беруге тиіс. Продюсер, Автордың туындыны пайдалануға қатысты кез-келген сауалына жауап беруге міндетті. Автор Продюсердің аталған туынды жөнінде үшінші тұлғалармен жасасқан барлық шарттармен танысуға, туындыға қатысты барлық бухгалтерлік құжаттарды қарап шығуға құқылы. Автор сенімді тұлғаны тағайындап, оған жоғарыда көрсетілген құқық әрекеттерін жүзеге асыру барысында Продюсердің алдында өзінің өкілі болуды тапсыра алады.
Продюсер дыбыс-бейнежазу туындысына құқықтарды үшінші тұлғаларға берген жағдайда, Автормен жасасқан шартқа сәйкес барлық міндеттемелер оның мойынында қалады және Продюсер Автордың алдында өзіне алған барлық міндеттемелер бойынша жауапкершілік алады.
Продюсердің дәрменсіз болуы (банкротқа ұшырауы) жағдайында, Автор аталған мемлекеттің қолданыстағы Заңнамасында тыйым салынбаған реттерде, шартты бұзуға құқылы.
VIII. Ұжымдық негізде басқару
Продюсер шарт жасалған кезге тиесілі болған немесе берілген барлық құқықтарды, Автор мүшесі болып табылатын, мүліктік авторлық құқықтарды ұжымдық негізде басқару жөніндегі қоғамдарға немесе Автор көрсеткен ұйымдарға берілуі мүмкін не берілетін құқықтарды да мойындауға міндетті.
“Қосалқы” деп аталатын барлық (жеке көшірмелеуге, бір мезгілде кабель арқылы тартуға берілетін сыйақы, туындының даналарын жалға беру) құқықтар ұжымдық негізде басқару жөніндегі қоғамдардың айрықша заңды мәртебесіне қатысты болады және Автордың тарапынан Продюсерге берілмейді.
Шарт құқықтарды ұжымдық негізде басқаруға міндетті түрде орындалатын жағдайда жасалады.
Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқарудың мүмкіндігін қамтыған шарт авторлық-құқықтық қоғамдардың дыбыс-бейнежазу туындыларының соңғы пайдаланушыларымен байланыс жасауына мүмкіндік береді.
ІХ. Айып салу жағдайлары
Шартта тараптар өздеріне алған міндеттемелерін орындамаса, айыптарды қолдану, алдын-ала көзделуі тиіс. Продюсер өзінің шартта көрсетілген міндеттемелерін бұзған жағдайда, Автор шартты бұзуға құқылы. Нәтижесінде авторға іс-әрекет еркіндігі мен өзі жасған туындыға барлық құқықтар қайтарылады.
Продюсердің тарапынан ескертулер болған жағдайда, ол міндеттемелерді ақылға сыйымды мерзімде орындау жөніндегі талабын Авторға жазбаша түрде беруі тиіс.
Х. Қорытынды ережелер
- Қолданылатын заңнама;
- Сотта қарауға жататын іс;
- Келіспеушіліктер немесе соттың іс қарауы туындаған жағдайдағы рәсімдер айқындалады.
Келесі келтірілген шартты ерекше деуге болады. Өйткені оны құрастыру барысында тараптар дыбыс-бейнежазу туындысын жасауға арналған шарттың Қазақстан Республикасының АҚ және СҚ туралы заңы 13-бабының 2-тармағында көрсетілген үлгісін жоққа шығарған және аталған шарт бойынша продюсер өзінің бастамасын әрі өзінің жауапкершілігімен жасалған дыбыс-бейнежазу туындысын пайдаланудың айрықша құқықтарын иелене алмаған жағдайлар қамтылады. Бұл - іс жүзінде өндірісте, фильмді таратуда тәжірибесі жоқ кездейсоқ адамның Продюсер болуымен байланысты сирек кездесетін жағдай. Ал енді авторды алсақ, ол бір мезгілде әрі сценарийші, әрі режиссер болып, құқықтардың толық болуының арқасында, жалға берудің сәтті жолын қамтамасыз еткен.
ШАРТ
(ынтымақтастық туралы)
Астана “____” ___________ ж.
Жарғы негізінде әрекет ететін, бұдан әрі қарай “Продюсер” деп аталатын ______________________________ атынан Президент және бұдан әрі қарай “Автор” деп аталатын азамат ______________________________ төмендегі шартты жасасты:
1. Шарт нысаны
Осы шарттың нысаны болып “________________ ” деген шартты атауы бар көркем фильмді (сценарий авторы мен режиссер - Автор) жасау мен пайдалану жөніндегі бірлескен қызмет болып табылады.
2. Тараптардың құқықтары мен міндеттері
2.1. Продюсер фильмнің жалпы сметасына сәйкес, фильмді жасау мен оның қажетті көшірме данасын дайындау ісін қаржыландыруға міндеттенеді. Фильмнің жалпы сметасын Автор жасайды және оны тараптар бірлесе отырып бекітеді. Қаржыландыру Автор ұсынған күнтізбелік-қойылымдық жоспарға сәйкес жүзеге асырылады.
|
Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 |


