Демек, телекөрермендер көкейін қалайша бақытымды баянды етем, толағай табысқа жетем, есіл еңбегім ақтала ма деген сауалдар мазалайды. Сол туралы, асыл арманын асқақтатып, мемлекеттік саясатқа деген сенімін нығайтатын танымдық, тұрмыстық хабарларды тамашалағысы келеді. Кейінгі уақытта үмітке орай, жаппай көпшілікті саяси талас-тартысқа толы лас қауесет-өсектер хикаялары жалықтыра бастағанын осымен түсіндіруге болар.

Халықты ақымақ санау – кесапатты құбылыс. Егер сайлаушылар депутатқа үміткерден тек өзі, сайлаушы үшін кандидаттың нақты қандай пайдасы барын ой-санасынан өткізіп сезінбесе, тегін дауыс бермесі анық. Жұмыр басты пенденің ғасырлар бойы созылған мұндай психологиялық пиғылын жан-жақты зерттеу үшін ұзақ тәулік бойы камераны қосып қойып, оның әр іс-қимыл әрекетін бақылау қажет шығар. Телевизия тілінде “Реалити-шоу” аталатын рейтінгісі жоғары бағдарламалар «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» принципін қуаттайды. Бұл жолдан барлық дамыған елдер өтті, әлі де әлемнің барлық елдерінде мұндай хабарларды телекөрермен үздігіп тамашалайды. Ол ‑ нақты өмір, деректі кино. Демек, деректі сериалдар қоғамның қалай өмір сүріп жатқанына жауап береді, қандай бағытқа бет бұрғанынан хабардар етеді. Халықтың дәл бүгінгі қалауы да сол.

Қазіргі заманғы телевизия – күнделікті тіршілігіміздің айнасы, нақтырақ түйіндесек, бүгінгі тұрмыста сананы билейтін ой-өрісімізді өмірге көзқарасымызды орнықтыратын ақырғы ақиқат аралын көзге елестетеді. Социологтардың зерттеулерінше телекөрермендердің 95 пайызы қоршаған ортада болып жатқан оқиғаларды тек телевизиялық көрсетілімдер арқылы ғана қабылдайды екен. Егер де теледидардан жер сілкінісі туралы хабар айтылмаса, онда телекөрермендердің басым көпшілігі жер сілкінісінің толқыны өзінің тұрғылықты елді-мекенінде жүріп өткеніне сенбейді де. Бұл өз басымыздан да кездесетін жәйт.

Телевизия құдіретінің тағы бір сипаты, осыдан 15 жыл бұрын теледидар жаңалықтарынан түспейтін Румыния, Польша, Чехия мен Словакияда қазір не болып жатыр десеңіз, ел күмілжіп, ауыз толтырып ештеңе де айта алмасы анық. Сондай-ақ, осыдан 2 жыл бұрын Ауғанстанда орын алған оқиғалар, қазіргі Ирактағы жағдайлар секілді телеэкраннан түспей, үйдегі әңгімеден жұмыста жалғасып жататын. Дәл қазір Ауғанстанда не болып жатыр деген сауал туындаса, телекөрерменнен дәйекті жауап таппассың. Демек, телекөрерменді нақты уақыт шеңберінде өзіне тікелей қатысы бар нақты мәселелер ғана мазалайды, алаңдатады.

Нарықтық қарым-қатынас қарқын алып, тұрмыстарын тездетіп түзеуді ойлап, отбасына жақсы жағдай қалыптастыруға ұмтылған отандастарымыз үшін мемлекеттік билік те олардың осы талабын қалайтындығына, әрі қолдайтындығына имандай кәміл сенгісі келеді. “Өзім дегенде, өгіз қара күшім бар…” – демекші, жұртшылық қазір күндіз-түні ұйықтамай еңбектенуге, ұрпақ несібесін ұлғайтуға ынталы. Ондайда өзі секілді қарабайыр тұрмыстан бастап, ерекше жетістікке жеткен адамдар өткен жол, олардың өмірбаяны, мақсат-мұраттары туралы деректі сериалдардың ықпалы ерекше.

Оның сондай-ақ, мемлекеттің идеологиясын қалыптастыруға, ұлттық ұғым-танымды насихаттауға әсері де нәтижелі болмақ. Мұндай деректі фильмдер елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың дұрыстығын, қол жеткен табыс пен жетістіктердің жан-жақты жағдайын баяндауға арналады. Көрермендердің үлгілі өмір, өнегелі іс кейіпкерлері туралы деректі фильмдерді тамашалай отырып, ертеңгі күнге сенімі нығая түседі. Әрі құлақпен естіп қана қоймай, көзбен көрген дүниеге наным бірнеше есеге жоғары.

НЕ нашли? Не то? Что вы ищете?

Кейінгі кезде деректі фильмге шағын және орта бизнес өкілдері де ынта қойып отыр. Шаруасы қалыптасқан азамат мемлекеттегі тұрақтылыққа зәру. Өзі секілді адамдардың қатары көбейіп, жақсы тұрмыс-тіршілікке ұмтылатын жақтастарының қатары өскен сайын, елдегі көпшілік тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы, қалыпты жағдайды шайқалтуға жол бермейтініне бек сенімді.

Әрине, мұндай фильмдердің бюджеті қомақты емес. Бірақ сұраныс көп. Ондай сұранысты телеарналар өз күшімен толықтай қанағаттандыра алмайды. Біріншіден, тәуір жалақы сұрайтын сценарист, режиссер, камерагер, дыбыс режиссері секілді мамандарды штатта тұрақты ұстап тұру телеарнаға тиімсіз. Екіншіден, біздегі телеарналар ұстанған басым саясат – тек жаңалықтар қызметін жақсартуға арналған. Жақсы техника да жаңалықтар қызметінде. Үшіншіден, деректі фильм сценарийін жазып-монтаждап біткенше апталап, айлап уақыт кетеді. Күнделікті жаңалықтар эфирін толтыруды мақсат еткен телеарналар ұзақ уақыт жоғалтатын, техникалық қажеттілігі ешқашан таусылмайтын деректі фильмді түсіруге ықылас қоймаулары да сондықтан. Ал, эфирге тәуелділіктері алғашқы кезекте тұратын студиялар қаражаты аз, бюджееті шамалы фильмді қолға алмауға тырысады. Егер ақшаға зәру болып, басқа тапсырыс таппай, амалсыз келіссе, одан ортақол туынды дайындалады. Ондай фильм эфирден ақшаның күшімен ғана орын алады.

Осы тұста ақиқаттың ақ жолы, қара қылды қақ жарар әділдік қажет. Бұл ‑ деректі сериалдарға республикалық эфирден алдын-ала тиісінше уақыт бөлінуі! Сосын, деректі фильмдердің сапалы әзірленуі үшін, оны қабылдайтын қоғамдық кеңестің құрылуы тиіс. Себебі, кейінгі кезде - жер байлығын игеріп отырған ірі компаниялар бюджетін деректі фильмдер түсірілуіне қомақты қаржы бөлінуде. Ондай тапсырыстар тендер арқылы жүргізілгенімен, ұйымдастырушылар бәсеке бәйгесін қалауынша айналдырып жіберіп, нәтижесінде қаражатты тамыр-таныстарына үлестіріп, таратып беру белең алуда. Өнерден, мәдениеттен бұлайша ақша жасауды тиімді тәсілге айналдыру - қауіпті дерт. Дер кезінде мұндай оспадарлықтың тамырын балтамен шаппаса, телеөнер мәдениетіне қатер төнбек. Қайран қаларлығы жең ұшынан жалғасып, деректі фильм немесе насихаттық сипаттағы бейнероликке тапсырыс алушылар анадан-мынадан, жиған-терген, әлжуаз дүниені жамап-жалғап, ешкімге ештеңе көрсетпей-ақ, түскен ақшаны жұтып қояды. Ондай туындыны олар эфирге де ұсынбайды, екі жақ “бармақ басты, көз қыстымен” деректі фильм, бейнеролик түсірілді деп құжатты қатырып хаттайды да, бәрін жылы жауып тастайды. Ешкім ештеңе естіген де, көрген де жоқ!? Бұл да елдің рухани‑мәдени дамуына тұсау саоып отырған сыбайлас жемқорлықтың бір көрінісі болар. Мұнымен қалай күресу керек?

Деректі фильмдер түсіретін студия кешенін төрт жылдай басқарған кездегі көңілге кірбің түсірер көлеңкелі жағдайларды жоғарыда атап өттім. Оған жол бере берсек, бұл саладағы мықты майталмандар тізімі ежелгі есімдерімен аяқталмақ. Өсіп келе жатқан жастарға жол жабылмақ. Ал “сен тұр, мен атайын” деген жастар легі жеткілікті. “Шабыт” фестивалінің телерадио және баспасөз саласы бойынша конкурсына төрағалық жүргізгенде, соған көзім жетті. Бас жүлде “Гран-приді” қысқаметражды телефильм әзірлеген жастар командасына беруді ұсынғанда комиссия мүшелері бірауыздан қолдады. Сонда Темірбек Жүргенов атындағы Өнер институтының түлектері түсірген оншақты телефильмді көріп келешекте олардың талайды мойындататын телевизия мен кино шеберлері боларына кәміл иланғандай сенім туған болатын. Сол жастар жоғаллып кетпей, жарқырап көрінуі үшін жағдай жасасақ, шіркін...

Өзімнің көргенімді саралап өткендеймін. Үйренген, оқыған-тоқыған тәжірибемен де бөлісу керек секілді. Өйткені, қазақ тілінде деректі фильмдерді қалай жасауға болады деген тақырыпта ешқандай оқулық жоқ. Мемлекеттік тілдегі деректі фильмдердің алғашқы легін қалыптастыруға ықпал еткенімді мақтаныш санаймын.

Ертеректе деректі фильмдер тек орыс тілінде ғана дайындалып, кейіннен қазақшаға аударылатын. Бұл қазақ тілінде жазатын сценаристер жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуді әдет еткен, үйреншікті қағида. Демек, бұл мамандыққа да ден қоюымыз керек. Кейде мықты қаламгерлерге арнайы тақырыпқа сценарий жазуға тапсырыс бергенде, олар “сценарий қалай жазылады, білмеймін ғой”, - деп бас тартып жатады.

Ана тілімізді ардақтап жатқан тұста өз тарапымнан титімдей де болса үлес қоссам деген ниеттен туған бұл кітап деректі фильмдерді дайындаудың алғышарттарын қамтиды. Әлбетте, негізгі принцип өзегі осы салада жазылған белгілі режиссер, сценаристердің теориялық еңбектеріне сүйене өрбіді. Ғаламдастыру дәуірінде ешкім естімеген жаңалықты жария еттім деу әбестік шығар. Мақсатым – телевизияға ынтасы мен құмарлығы бар қазақ мектептеріндегі, оқу орындарындағы іні-қарындастарыма аздап болса да жол сілтеу.

Көкірегі ояу жастар туған ауыл, таулар мен дала төсінде қиял теңізіне шомғанда, осынау қазақтың кең байтақ жазира жерінің керемет сұлулығын әлемге танытсам деп армандаса. Бабалардан мирас болған ескерткіш жәдігерлерге тіл бітіріп, суретке салсам деп қиялдаса. Өз басымнан өткен осынау жәйттерді қалайша жүзеге асыру қажеттілігін енді ғана оқып-біліп жатқандаймын. Іні-қарындастар сол сүрлеуді басып, қажет сапардан өтсе деген ізгі тілекпен қолыма қалам алғызған жазбалар әлі де үйренеріміз мол алыс елдердегі тәжірибелермен сабақтастырыла баяндалды. Осынау жолдың бұрылыс‑бұралаңын білетін жан ретінде жастарға жол сілтесем деген мақсат мені үнемі мазалаумен жүр.

Телевизия әдебиетті алмастыра ала ма?

Әлбетте, мұндай салыстыруға қадірлі қауым ‑ ақын-жазушылармыз келіспесі анық. Бірақ ырғалуды уақыт жүгі көтермейтін заманауи идеологиялық майданында қай кемеңгер қаламгеріміз – тәуелсіз мемлекетіміз әдебиетінің негізін қалап, оның идеялық және көркемдік бағытын, беталысын айқындап, тайға таңба басқандай айқындап отыр. “Социалистік реализмнің көркемдік идеясын” сараптап берген Максим Горький секілді тұлғаны қашанғы күтпекпіз.

Бұл аға толқынға қаратыла айтылған өкпе-наз емес. Бұл ғаламдастыру дүбірі есігімізді қаққан, дүниетанымыздан ойып тұрып орын алған, сөйтіп іргемізді ойсырата бастаған кезде – асыққан қызынушылықтан, шыдамы таусылған шамшылдықтан шыққан сөз. Бұл көп азаматтың көкейінде жүрген орынды ой-пікір деп түсінемін.

Жазушыларымыз бүгінгі заман кейіпкерлерінің образын сомдап, көрсете алатын көркем дүние жазуға уақыт әлі келген жоқ дегенді жиі қайталайды. Қайда барамыз, беталысымыз қандай, кім жағымды, кім жағымсыз кейіпкер? Жазушылар тарапынан осылайша жалғасқан сұрақтар жауабын уақыт еншілеуі тиіс. Алайда дәуір тынысын ашатын, біздің қоғамның болмасын көрсететін кемел туынды кешікпей туады деген пікір көкейде бұғып жата бермесе дейміз.

Сірә, қаламгерлеріміздің мұндай қағидасы ‑ 1936 жылы Кеңес Одағының Конституциясын жариялап, сол жылы-ақ “Социалистік реализм” идеясының теориясын тәжірибеде тездетіп қолдануға бұйрық берген сталиндік тоталитарлық идеологияның әміршіл-әкімшіл жүйесі бекітіп беретін шеңбер шеңгелін еске түсіргендей ме?! Нарықтық қарым-қатынасқа көшкен қоғамда жол сілтеп, таяқ ұстататын темірқазық анықтама кестесін ешкім сызып бермесі белгілі. Менің ұғымымша, қазақ идеясынан – қазақстандық идеологияға бастау алатын қайнар бұлақ ‑ халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан әдептілігі, инабаттылығы, кешірімділігі, мінезділігі, сыршылдығы, өнерпаздылығы, дархандығы, дарындылығы адамгершілдігі. Әрине, оның замана талабына сай қоғам елегінен өтіп өңделген тұстары кездесері ақиқат. Бірақ жылдар жылжыса да жаңылмайтын қазақтың әдет-ғұрпында өрескел мінез, ерсі сөздерге тыйым салынған.

Егемен елдің ертеңгі өскелең ұрпағының балғын ойынан өшпестей орын алатын ұлттық мәдениетті ежелден әдебиет тәрбиелеп келді. Қазір бұл міндет жүгі, негізінен, электронды бұқаралық таралым көздерінің еншісіне бұйырды ма деп ойлаймын. Қазақ Кеңес әдебиетінің айнымас негізін қалап берген алыптар тобының ішіндегі ең кемеңгерлері Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, т. б. болды. Олардың әлемдік классикадан ойып орын алған шығармалары жас әдебиетімізді қажетсіз әуре-сараң саңға түсірген жоқ, тез қанаттандырды.

Бүгіндері көкке көтеріп, мақтаныш санайтын жасамыс ақын‑жазушыларымыз осы алып бәйтеректердің бауырайында есейді. Таңқаларлығы, олардың жазып кеткендері бүгінгі заман төрін ешкімге берген жоқ. Кемеңгерлеріміздің ескірмес еңбектері алтыннан сомдалған асыл заттай. Қоғам өзгеріп, уақыт озған сайын мәңгілікті бейнелейтін шамшырақ жұлдыздарымыз. Өсиеттік мәні бар мақал-мәтел - өнегелі тұлғадан туып жұрт жадында жатталды. Ұйытқымасы шұбатылған шым-шытырық кезеңде Ұлы идея Ұлы азаматтардың дуалы аузынан алты алаш еліне тарап, ұраны мен туына айналған. Бабалар дәуірінен қалыптасқан дәстүр осы.

Қазір “ел іші -өнер кеніші” демекші, дарын серпілін анықтау үшін жыл өнекі ай ондаған байқаулар өткізіледі. Мемлекетіміздің экономикалық әл-ауқаты артып, билік мәдениетімізге ерекше маңыз аудара бастады. Бұл ‑ қоғам дамуының озық үрдісін, идеологиялық бағыт-бағдарын айқындауға демеу. Осы мүмкіндік елдің рухани еңсе көтеруіне негіз қалауы тиіс. Және оны қалайтын да сол талантты тумалар.

Рас, ашығын айтсақ, қоғамымыз ‑ барлық қазақстандықтарды бір жұдырықтай жұмылдыратын идеологияға топтастыра қойған жоқ. Ел тұрғындарының өмірлік ұстанымы көбінесе қара бастың қамынан әрі аса алмай жатқаны да бар. Елді ойлантып-толғандыратын жалғыз мәселесі – тұрмысын түзету. Күн ұзақ күйттейтіні – қайтсе де көп ақша табу. “Ауру қалса да, әдет қалмайды” дегендей, аласапыран өтпелі кезеңде жағдайларын немере-шөберелеріне дейін қатырып қойған алпауыттар да тек қаражаттарын көбейтудің қыр соңынан қалмай, күйбең тірліктен қолдары босамайды. Өзекті у секілді өртейтін, бұл дерт түбі қоғамды ірітіп тынады. Бұдан қалайда жол тауып, жалтару қажет.

Замандастарымыз ‑ отбасының қу құлқынына түбі бір о дүниеге әкетпей қоймайтын ажал қуып жеткенше жанталас қомағайлық қасіретіне тосқауыл қоя алмаса қоғам тозып, ашқарақтық апатқа ұшыратады. Бұл бәрімізге аян жәйт. Тәңір таразысы алдында тұрған адамзаттың ғалам ғұмырының таусылмайтынын ойлайтын уақыты жетті.

Сондықтан да мәңгілік мұрат, асыл арман – бабаларымыз аңсап өткен – тәуелсіздіктің қасиетті ұғымы баршамызды топтастыруы керек.

Тәуелсіздік аясында айтылар әңгіме, көтерілер тақырып сан алуан. Сол көп қырлы идеология жалпы жұртшылық түсінігіне ұғыныңқы, тарихтан тамыр алатын ізгілік жалғастығы болғаны шарт. Сол тәуелсіздік туын көтеріп, қоғамның өсіп-өркендеуіне әлеуметтік мән-мағына бере алар әдебиетші ағаларымыз, өкініштісі, жазбақ шығармаларына образ таба алмай тоқыраған жағдайда секілді. Осы сәтте идеологияның ер-тұрманы мен тізгіні телевизияға ауып кеткендей.

Телевизиядағы жағдай арна басшысының ұстанған көзқарасына қарай ала-құла. Рейтингтің ізін қуған кейбір телебасшылар қаржы түсіретін жобалардың соңында. Мұндай пиғылда олар заңды азғыртатын, заманды тоздыратын, қоғамды бүлдіретін шетелдік ортаңқол дүниелерден бас тартпайды, эфирлерін аямайды. Ал, мемлекеттік тілдегі бағдарламалар болса, түн ортасы ауа көрсетіліп, “тіл туралы” заңның орындалуы мақсатында ғана уақыт толтыру үшін, экраннан жесір мен жетім байғұстың күйін кешіп, жәутеңдеп тұрғаны. Алдымен осыған қарсылық көрсетпесек, ұлтымыз қаншалықты талантты да, дарынды болғанымен жас мемлекеттің балғын бәйшешегі гүл жармайды, өсе алмайды. Мұнымыз ешкімге жәбірі жоқ, тиері жоқ шындық. Өйткені бұл ‑ талай мемлекеттің тарихында таразыланған, екшеленген, сараланған өмірдің шындығынан туған ұлттық идеологияны қорғайтын қағиданың байламы.

Меніңше, қандай ұлттың болмасын ешқашан өлмейтін, өшпейтін асыл арманы, мәңгілік мұратқа бастайтын жүрек сезімі – тәуелсіздік деп соғады. Оның идеологиясы – мемлекеттік мүддені көздің қарашығындай қорғау. Нәтижесінде әлеуметтік әділдік кепілдік бере алатын топ – орта тап екендігін бас иіп, мойындаймыз. Әрине, бұл орта тап өкілдерінің алғышарты біреу. Мейлінше, қолдан келетін мүмкіндіктерін жан-жақты пайдаланып ‑ өсу, өркендеу, озу. Осы мұраттары ‑ тек осы мемлекетке ғана орындалып, жүзеге асуы мүмкін деген идеологияға олар имандай ұйыйды.

Міне, осы орта таптың өмірлік ұстанымдары мен тұрмыстағы іс-тәжірбесін насихаттау, әрі оны ұлттық идеалдарға бағыттап баулу – телевизияның негізгі міндеті. Бұл шаруаны арнайы хабарлар, деректі фильмдер арқылы жүзеге асыруға алғашқы қадам жасалуда. Соны қолдап-қолпаштаған дұрыс. Өйткені олар қоғамдағы әр түрлі кесапатқа, надандық пен қараңғылыққа жаны қас. Саясаткерлердің де, мемлекеттік қызметкерлердің де, лаңкестер мен содырлардың да жеке өміріне қол сұғуларына қарсы. Қоғамды дамытуға, өздері секілді азаматтардың көбейгеніне ынталы. Мемлекеттік мүдде тұрғысынан да, экономикалық тиімділік жағынан да, орта таптың қоғамға игілікті әсері ұшан-теңіз. Мысалы, Еуропа елдерінде орта тап иелігіндегі шағын және орта бизнес ішкі жалпы өнімнің 60-70 пайызға жуық мөлшерін қамтиды. Біздегі бұл көрсеткіш 20 пайыз. Республика тұрғындарының осы 20 пайызы орта тап өкілдеріне жатады.

Олардың қоғамдық идеологияға қатысты көзқарасы, дүниетанымы қалыптасқанына ешқандай дау болмас. Орталықтың әкімшілік реформасы осылай жалғаса берсе, алдағы 5-6 жылда олардың қатары 35-45 пайызға көтерілері хақ. Бұл ‑ қоғамдағы тұрақтылық кепілі. Тәуелсіздік туын шайқалтпаудың іргетасы. Телевизия міндеті осы орта тап қадамдарын барынша қолдауда жатыр. Олардың көкейлеріндегі қасиетті сырларды, ықпал-әсерлерін жан-жақты зерттеп, назарға ілігетіндей көрсетіп жеткізе алсақ – көрермен үшін тағылымды дүние көбеймек.

Тәуелсіздіктің ғаламат ғимаратын қалап жатқан қазіргідей тарихи кезеңде әрбір телевизиялық арнаның жетекшілікке алуы тиіс бұл ескірмес өнегені – мықты мемлекеттердің барлығы басынан өткерген. Әлі де отансүйгіш рухты жалау еткен өркениетті қоғамдағы орта тап – мемлекеттік мүддені қорғайтын идеологияға қылау түсірмей, телегей – теңіз толқындардан адастырмай келеді. Демек, орта тап еншісіне тиесілі ізгі ұғым ‑ бізге де ортақ. Байқағанымыздай әдебиетшілеріміз іздеп жүрген көркем шығарманың бас кейіпкері де ортамызда екен. Телевизия бұл образды табады. Енді “болды, бітті” деп шорт қайырып, шолақ ойлау әлі ерте. Қоғамымызды өсіп-өркендеу жолына түсірер олардың өмірлік жарық сәулесі, игілігі мол ықпал-әсері зерттеліп, зердеге салып айтыла түсуі қажет. Ол ‑ деректі фильм-портреттер, ол ‑ әртүрлі бағдарламалар, ол ‑ ток-шоу хабарлары...

Деректі фильмнің беташары

Деректі фильмдер жасаудың әлемдік деңгейдегі атақты шеберлерінің бірі, американдық киногер Алан Розенталь деректі фильмдердің өмірге қалай келетіні туралы: – “Олар адамзат баласының ‑ замандас қатарластары мен келешек ұрпаққа өмірлік мәні зор, өзі үшін есте қалған ерекше оқиға, өзгеге де қызығушылық туғызып, ойландырар мәселелер қақында айтқысы келетін ықыласынан туады”, - деп байлам жасайды.

Расында да, деректі фильмдер өз табиғатында белгілі бір мұрат‑мақсаттарды ұстанады. Мұндай фильмдердің қатарына Сергей Азимовтың “Аралмен қоштасу” немесе Владимир Рерихтың “Полигон”, Қайнар Олжайдың “Бірінші” секілді еңбектерін жатқызуға болады.

Еліміздегі есімі танымал режиссер Бақыт Қайырбековтың “Қазақтың ұлттық дәстүрлері”, деп аталатын нақтылы бір тақырып аясын жан-жақты қамтыған, тамаша да танымдық деректі сериалы аса құнды, мән‑маңызы жоғары еңбек ретінде бағаланады. Әдетте, жақсы деректі фильмнің негізіне – қызғылықты да, барынша ұғыныңқы мәнерде баяндалатын өзекті оқиға мен тарихи жайлар арқау болады. Ал, бірден еліктіріп әкететін сюжеттер фильмді “қызықты” фильмнен – есте қалатын фильмдер қатарына шығара алады. Сюжеттің күштілігі бір ғана тұлғаның шеңберінен шығып, оқиғаны кең аяда баяндауға жол ашады.

Артур Әліпов, Асқар Бәпішев, Нұрлан Дәуітовтер елімізде ең үздік деректі фильмдер және бейнеклиптер жасап жүрген режисерлер. Олар кей-кезде ешқандай сценарийсіз де деректі фильм немесе бейнеклип түсіруге білек сыбанып кірісіп кететіндері бар. Осы аталған режиссерлердің талантты еңбектеріне қарай отырып, сценарийсіз де деректі фильм түсіруге болады деген ой айтуға болар. Бірақ, фильмнің тұжырымдамасынсыз оны түсіру мүмкін емес.

Сөйтіп, сценарий не үшін керек деген сауал туады. Ақиқатын айтсақ, сценарий - фильм жасаудың ең қисынды да қажетті жолы. Тіптен беташары десек те артық емес. Фильмді бұл жерде белгілі бір ғимараттың сәулет жобасымен теңеуге болар. Ғимаратты негізгі дизайнсыз, жұмыс сызбаларынсыз салуға, ал фильмді сценарийсіз жасауға болар. Бірақ осы екі салыстырудан байқайтынымыз, шығармашылық шабыт тууы үшін, түптің түбінде қолымызға тиер дүниенің елес көрінісін, алғашқы идеясын жазып-сызып алу керек. Онсыз іске бел буып, бекем кірісу көп жағдайда туындыға тұсау бола береді. Сондықтан да, сценарий қажет және ол сол дүниенің мәні мен мазмұнын, айтар ойын аша алатын туынды болса, тіптен жақсы.

Сценарий жаза білу ‑ дербес мектеп. Оқиғаны қызықты баяндау, кейіпкердің мінез-құлқын дөп басу, композицияны құра білу, ә дегенде қиын еместей көрінеді. Бірақ, күнделікті өмірдегі тәжірибе көрсетіп жүргендей, талай-талай “сен тұр, мен атайын” дейтін қаламгерлеріміз сценарий жазуға келгенде кібіртіктеп қалады. Ақыры сценарийдің формасы, құрылымы қандай болу қажет деген әңгіме туындағанда, режиссер мен сценарийшінің арасында түсінбестік, келіспеушілік туары анық.

Менің түсінуімше, деректі фильм көрерменін қызықтыра алуы үшін аталмыш туындының басы мен аяғы жұмыр келуі тиіс. Диалог көркем фильмдегідей жанды болса – ұтқаның. Сондай-ақ, фильмнің өне бойында сюжеттерді әрлендіріп, әспеттейтін, асқақтатып көтеретін пікірлер тағысы мол болғаны дұрыс. Олар бірде бірін-бірі толықтырса, енді бірде келіспеушілік пікірталасына соқтырып, көзқарас қайшылықтарын тудыруы тиіс. Әлбетте, көрермен үшін ертеректен етене таныс тақырыпқа тосын жаңалық енгізе алсаңыз, бұл фильмнің шынайылығын шыңдай түспек.

Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21