МАХАТ

САДЫҚ

ДЕРЕКТІ ФИЛЬМНЕН ҮЛКЕН КИНОҒА ДЕЙІН

Астана

2004 ж.

Садық М.

Талантты адамдардың қабілеттері әр қилы. Нәзік таланттың бүршік атып гүлденуге жолы сан тарап соқпақтарға толы. Бұл кітаптың мақсаты телеөнерден өз орнын іздеген азаматтардың білуі міндетті алғышарт дәрістерін баяндаудан құрылған. Мазмұны деректі фильм түсірудің қалыптасқан қағидаларын пайдаланудан жүйесін өзімізге жақын тақырыпта әңгімелеп жеткізу.

Кітап қалың көпшілікке, студенттерге, мектеп оқушыларына арналған.

Кіріспе

Өмірді қаз‑қалпында жанды бейнекөрініспен көрермен қауымға жеткізу – деректі фильмнің басты жүгі. Тарихқа айналған сол кешегі күнді боямасыз, нақты мағлұматтармен өрнектеп бүгінгі замандастармен сырластыру, өмірде орын алған оқиғаларға куә кейіпкерлермен жүзбе‑жүз сұхбат сыры, деректі фильмнің мазмұнын шындық пен ақиқатқа жақындата түседі.

Ал, деректі фильмдер қалай дайындалады? Түсірілім тетіктері, режиссурадағы ізденістер, сценарий жазу, монтаж жасау, бейнеқатар мен дыбыс үндестігі, идея іздеу және қаржы бөлетін спонсорлармен келісім, дикторлық мәтін ережесі, маркетинг, деректі фильмді ұйымдастыру; кітапта автор осы мәселелерге жауап беруге ұмтылады. Жарнамалық және презентациялық фильмдер қалай әзірленеді. Кино елімізде бизнес саласына айналды ма? Осыған қоса тілімізге ене бастаған продюсер ұғымын қалай түсінеміз? Шетел тәжірибесінен нені қабылдауға болар еді. Жалпы деректі фильмнің Ұлттық мәдениетті сомдап, салмақтап, таразылауға тигізер әсері қандай? Міне, осы тұрғыдағы алғашқы тәжірибелерді кітапта көрсетуге талпыныс жасап көрдік.

Заман талабы сол елімізде бірте‑бірте кинобейнефильм жасау дәстүрі жақсы жолға қойылары сөзсіз. Әлі де талай дарындардың шабыт серпінінен семсердей жарқылдап шыққан талантты туындыларына куә болармыз. Міне, осы кинобейнефильмдерді жасау үшін құрылатын шығармашылық топпен жасалатын шарттар қандай талаптардан тұруы керек. Дүниежүзілік стандартқа сай мәдениет пен өнер саласында қолданылатын құжаттарды қазақстандық Заңдарға сәйкестендіріп Шарт жасау нұсқаларын да ұсынып отырмын. Бұл да қажетті деп ойлаймын.

Автор

Бірінші бөлім.

Деректі фильм

хикаялары.

Ғасыр ғаламаты

Теледидардағы тілдесу. Қазіргі заманғы ғаламдық қарым-қатынас: идеологиялық иірімдерді экономикалық бәсекелестікке бағындырған кезеңде – ұлттық дүниетанымды тұқыртпа тізгіндеу тәсілі тұғырға көтерілді. Бір мүшелге жаңа толған тәуелсіз Қазақстанның демократиялық бағыттағы бетбұрысты баспалдақтарын әлемдік демократия қалыптарына сәйкестендіру - ғаламдану уақытына иек артты. Бұл замандастарымыздың парасаттылығын айқындайтын қарапайым қағидалардың заңды талаптарын замана сауалы етіп алдымызға тартып, адамзаттың айтар уәжін күтпек.

Бір-бірін мойындай қоймайтын қаржы топтары жалаң жалған намыстарын “қанағаттандыруды” ағымдағы ақпарат құралдары арқылы жүзеге асыруда. Ол пиғылдарды ондаған телеарналардың жаңалықтар қызметіндегі көзқарас қайшылықтарынан айқын аңғарасыз.

Екі мыңға жуық бұқаралық ақпарат құралдарының еліміздегі он бес миллион тұрғынның назарына таласы тіршіліктің бір сәттік ұтысымен “ноқталанған”. Мұндайда мемлекеттік мүддені мұрат еткен орталықтың мығым ықпалды күші - қаржы топтарының ергежей тәсілдеріне бағына бермейді.

Қаржы топтары өз тараптарынан ара-тұра қажеттілік туындаған сәтте журналист-қаламгерлерге тапсырыстарын толық орындауды талап ете отырып, қаражаттарын аямай жұмсайды. Содан кейін ұзақ үнсіздік жалғасады. Нәтижесінде, республикаға хабар тарататын телеарналардың рейтингілері де ала-құла. Бірінде ‑ жаңалықтар жедел де ықпалды, екіншісінде ‑ апталық-сараптамалары барынша мазмұнды, ал үшіншісінде ‑ сәтті бағдарламалар басым. Ақшалары қомақтылары Мәскеу мен Санкт-Петербордағы кинотелефильмдерді саудалайтын мекемелермен тиімді қарым-қатынас орнатып, көрермендерді шетелдік және ресейлік фильмдер арқылы арбамақ. Телеарналар арасында бәсекелестікте қалыптасқан қазіргі жағдайды сараптап көрейік.

НЕ нашли? Не то? Что вы ищете?

«Хабар» және «Қазақстан» телеарналары ‑ еліміздегі телекөрермендердің басым көпшілігінің назарына ие. Көрермен аудиториясы көп телеарналардың ұтымды жақтары да мол болатыны түсінікті.

«КТК», «Еларна», «31 канал», «Рахат», «Астана ТВ», «НТК» өз «салмақ өлшемдеріне” сай беделдеріде бірде олай, бірде бұлай ауысып жатады. Оны құрылтайшыларының әр кезеңде қаншалықты қаржы құйғанынан аңдап отыруға болады. Әзірге жарнамадан түсетін қаражат телеарналар рейтінгісіне ешқандай әсерін тигізе алған жоқ.

Әр телеарнаның күнделікті хабар тарату кестесі 18 сағаттан 24 сағаттық мерзімді құрайтынын ескерсек, мұндай уақытты сапалы бағдарламалармен толтыру өте қиын. Зәрулік жағдайдан, көбіне бағдарламаларды қайталаумен, шетелдік кино-телефильмдерді жарыса көрсету жалғасып жатады. Көрермен болса, ол туындылармен мәскеулік телеарналар арқылы әлдеқашан хабардар. Кейде оларды қазақша аударып, тілдік норманың заңдылығын орындау үшін пайдалануда әдетке айналуда. Ал қазақ қаны, егемен қазақстандықтар менталитеті алыстан арбаламай, жақыннан дорбалауды қажетсінеді.

«Қазақстан» телеарнасының «Бір бала» қысқаметражды фильміне деген көрермендердің тұрақты сүйіспеншілігі соған дәлел. Үйренетін бір нәрсе, ресейлік телеарналардың ұлттық сериалдарды түсіруді алдыңғы позицияға шығаруы – идеологиялық тұрғыда ойланарлық мәселе. Жыл сайын ежелгі көршіміз теледидардан прайм-таймда көрсетілген, 2,5 мың сағаттан астам уақытты құрайтын телевизиялық сериалдар дайындап отыр. Ресейдегі телеарна басшылары көп ұзамай тақырыптық телеканалдар жұмысын жолға қою мәселесін жоспарлап отырғанын, таяу уақытта олар көрермендерімен қауышатынын жариялап та үлгерді. Орыс тарихы туралы сериалдардан ғана тұратын телеарна, орыс табиғатына арналған ресейлік «Дискавери» секілді.

Біреуге табыну – өзіңді жоғалтумен бірдей. Егер қазақстандық телеарналар тек шетелдік сериалдарға мойындарын бұра беруін жалғастыра берсе, ұлттық өнеріміздің өрісі байланып, өсуіміз кенжелей түспек. Демек, бізге де тәуелсіз телеарналармен қатар тәуелсіз продакшн-компаниялар, продюсерлер ауадай қажет. Нақты телеөніммен айналысатын мұндай студияларға барлық ақпарат құралдарына беріліп отырған қазіргі салық жеңілдіктері де қарастырылғаны жөн.

Бұл тұста телесериалдар мен деректі фильмдерді түсіруді мақсат тұтқан студияларды тілге тиек етпекпін. Төрткүл дүниенің көрермендерін табындырған ВВС-дің деректі сериалдары қандай керемет болса, соған жетуге талпыну одан да керемет. Әсіресе, географиялық қоғам түсіретін туындылардың орны ерекше. Осы сериалдарға телеоператор болу ‑ әлемдегі әрбір камерагердің асыл арманы. Ол кәсіби шеберліктің шыңы деп бағаланады. Бірақ шыңға шығудан қорықпау керек, одан шығудан тайсақтаудан қорқу керек.

Бұл сериалдардан біз әркез ұлыбританиялық идеология мен ұлыбританиялық мәңгілік мүдденің ұлылығы мен мақсатын аңғарамыз, әрі оны еріксіз мойындаймыз.

Жаппай жұртшылықты жарылқаған деректі сериалдар фабрикасын жасақтауға Еуропадағы мықты мемлекеттер қатарынан Лондон әкімшілігі қалайша оқ бойы озып шықты?! Айтпағым, қай ел, қай мемлекет болмасын, телеарналар мемлекеттік бюджет немесе билікке жақын компания, концерн және қаржы топтарының қуатты қаржылық қолдауына тәуелді! Әлбетте, ол қаражат халықтан жиналатын салық, жер байлығы, жер рентасы. Ол қаржы демократиялық билік қадағалайтын экономикалық саясат арқылы қазынаға құйылатындықтан, демократиялық құндылықтардың аяғына тұсау бола алмайды.

Журналистер үшін бұл майданда жариялыққа жол ашық. Бірақ мемлекеттік мүдделілік принципін ешбір журналист жоққа шығаруға қақысы жоқ. Еуропа елдеріндегі ортақ демократия жағдайында экономикалық даму дәстүрінде бір қатарда келе жатқан мемлекеттер қатарынан деректі телесериалдар бәсекелестігінде неліктен Ұлыбритания өзгелерден көш бойы ұзап кетті? Енді соған тоқталайық.

«Темір леди» Тэтчердің тәжірибесі

Тепе-теңдіктің бұзылған уақыты өткен ғасырдың сексенінші жылдарына тұспа-тұс келді. Осы кезде Ұлыбританияның ресми билігін “темір леди” атанған Маргарет Тэтчер ұстаған. Ол хақында әркім әртүрлі пікірде, көзқарастар қайшылығы да сан қилы! Консерваторлар партиясының лидері Маргарет Тэтчер мен ұлыбританиялық қоғамдық телеарна ВВС-дің жетекшілері бір-бірін аса жақтырмаған деген қауесетте жеткілікті. Қалай болғанда да, “темір леди” Премьер-министрлік таққа мығым отырғаннан соң, елдегі жүргізілмек стратегиялық тұжырымдамаларында телесаясатты да кеңінен қамтыған.

Демократиялық дәстүрді дәріптеген Маргарет Тэтчер, ВВС‑дің қоғамдық телевизия ретінде халықтың ақшасынан күн көріп отырғанын алға тартып, ВВС-дің әр тәуліктегі уақытының 25 пайызын, яғни, ширек бөлігін қоғамдық студияларға алып берді. Қазір бізде де көптеген студиялар - дайындаған деректі сериалдарын мүйізі қарағайдай телеарналардың бағдарламаларына орналастыра алмай жүргендей жағдаяты, сол тұста Ұлыбританияда да кездескеніне күмән жоқ. Ал, ВВС-дің әр сағатының бюджеті қанша фунт-стерлинг тұратынын ескерсек, қоғамдық студиялар бір күнде ВВС-дің бағдарлама кестесінен орын алып қана қоймай, қомақты бюджетін де қамтып қалу мүмкіндігіне ие болғанын ескеру керек. Оның нәтижесі көп күттірмеді. Қуатты қаражат ақыл‑ойды алға сүйреп, соның арқасында миллиондаған телекөрермен теледидардың алдында телмірді.

ВВС-де бәсекелестік күшейді. Креативтік (ерекше ұсыныстары бар) студиялар мен продюсерлер ашық жарыстағы әділ бәсекелестік майданына шықты. Ақыры олар Ұлыбритания аралына сыймай, төрткүл дүниенің сан қиырын шарлап, көрермендерді таң қалдырар таңғажайып туындыларын өмірге әкеліп, талантты шығармалардың тұсауын кесті.

Уақыт өте келе ВВС-дің арнасына сыймаған деректі сериалдар тасқыны көрерменге басқа телеарнаны сыйлады. Ол жантайып жатып, жаның рахатқа батып қарайтын әйгілі “Discovery”. Әлемде талай қызық бар демекші, ағылшын телестудиялары мұнымен де тоқтамады. Сұранымы зор деректі сериалдар табысы кеткен шығынды ақтап қана қоймай, қомақты пайда түсіре бастады. Біріншіден, мемлекеттік бюджет, оған қосымша демеушілік қаржылай қолдау, тақырыпты түбегейлі зерттеп, деректі сериалдар түсіруге толық жағдай туғызды.

Екіншіден, бұл деректі сериалдар өз телеарналарымыздан куә болып жүргендей, сандаған тілдерге аударылып, сатыла бастады. “Discovery” каналының да мөлшері белгілі, сағызша соза бермейсің. Телеөнер бәсекелестігі күшейе келе, сұранысты ескере отырып, хайуанаттар әлеміне саяхат жасайтын “Animal Planet” каналымен жалғасты. Оның да рейтінгісі әу дегеннен ерекше ықыласқа бөленіп, көрермендер бұл телеарналарды көріп-тамашалау үшін қосымша абоненттік төлем жүргізеді.

Өнегені – өрелі істерге бастайтын ұлы тұлғалар қалыптастырады. Маргарет Тэтчердің билікке келуімен байланыстырылатын бұл саяси-әлеуметтік маңызы бар оқиға, деректі сериалдар хикаялары әлі де көрермен қалап жатса, кезекті телеарнаны тудырар. Ондай дүниелерді тамашалау әлемдегі алты құрлықтың көрермендері секілді қазақстандықтардың да пешенесіне бұйырары хақ.

Бізде де талғамы таза, рухани сұранысы Ұлттық мүддені көтеретін телекөрермен бар. Олардың ықылас‑ниетін орындау да бір парыз.

Деректі фильм – ізгілік идеологиясы

Біздің телеарналар осындай, үйренер тәлім-тағылымы мол, көрермен талғамын қанағаттандыратын озық деректі сериалдарды көптеп көрсетіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. ¤йткені, көрермен деректі фильмнен жұлдыздай жарқырайтын ізгі идеялар күтеді. Әңгіменің түйіні – теледидардың құдіретті күші халықтың ниетімен сабақтасып жатуында. Телеөнердің әлеуметтік, қоғамдық парызы да өз халқының арман-мүддесін айқындауға, ой-сезімін тереңдетуге, мәдениетін көтеруге қызмет ету деп түсінемін. Бұл таласқа салатын тақырып бола қоймас.

Енді еліміздегі теледидарлардан көрсетіліп жататын деректі фильмдердің географиялық ауқымына тоқталайық. Көбіне байқайтынымыз, Батыс телеиндустриясы әр жылдарда әзірлеген арзан бағалы сериалдар топтамасы. Біз естімеген, білмейтін ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрі, тек уақыт толтыруға кестеден орын алған түсірілімдерге де куәміз.

Мен әр елдің, әр халықтың мәдени дәстүріне құрметпен қараймын. Бірақ өзіңді-өзің сыйламасаң, бір‑біріңді дос көрмесең, дұшпаныңа мазақсың. Әсіресе, жоғары мәдениетті елдердің өкілдері өздері толық тани алмағандықтан «балаң мәдениетті халықтың» дәстүріне жоғарыдан қарап менсінбей, бағаламай бұлардың жеткен биігі, өресі осы деп қорытып жатырса, бас шайқап, бармақ тістеп, жаутаңдап жүре береміз бе? Әлде, өзегің өртенгенше өкпелейсің бе? Өкпенің жолы жіңішке, асылы, алысып, алысқа ұмтылып, асқарға құлаш ұрғанға не жетсін! Мысалы, дүниежүзілік деректі сериалдар әзірлеу жолында ВВС-ді, ал дүниежүзілік көркем фильмдер түсіруде Голливудты ешкім де аттап өте алмас. Бірақ бұдан деректі сериалдар дайындауда ВВС-дің ізімен жүру, көркем фильм Голливудта қалыптасқан қалыпта ғана түсірілуі тиіс деген қорытынды шықпайды. ¤згерген, жаңарған, тәуелсіздік алған қоғам өз заманының дәстүрін өз идеясымен, идеологиясымен толықтырмақ керек. Оған қызмет ететін телевизия иелері ел ертеңін ойламаса, әлемдік дамудың қарабайыр қостаушысы болып, көш соңында ғана қалмақ. Уақыт тынысын өзіне бағындырған телевизия мен кинематограф бұл дәуірден кешеуілдемеуге тиіс. Кешіккеннің түбі қоғам мен ел мүддесіне есесі толмас ұтылыс, ізгілікке ұмтылған жолға тас бөгесін.

Демек, идеялардың бәсекелестігі, дамуы үшін: ұлттық мұраттардың озықтығын, жақсы тұрмысқа еңбегімен қол жеткізген азаматтар өмірбаянын насихаттайтын деректі сериалдарды - жарнама деп қабылдау ‑ қателік.

Шетелге шыға жүріп, әр елдің телевизиялық бағдарламаларын көре келе топшылағаным, ұлттық дәстүрлер идеясы жалпы адам баласының озық танылған дәстүріне қарай бейімделіп жатады. Негізінен, заман талабынан қалыспай өсетін елдердің дәстүрі де тез өзгеріп отырады. Оған Батыс елдері ғана емес, Ислам елдеріндегі, Араб Әмірліктеріндегі, Азия «жолбарыстары» саналатын мемлекеттердің телеэкранынан көрген мазмұнды хабарлар дәлел. ¤йтпесе, даму, ілгерілеу тоқтамақ.

Телевизия озық идеялар тасқынын ұсынбаса, бұқара өрісінен жоғары көтеріле алмай, байырғы ойпаңда ошарылып озғалыссыз қалады. Мұндай халде еліңе елеулі еңбек сіңіру қиын.

Мәселе, ендігі тұста өз ішімізде телеөнер бәсекелестігін бастауда болып отыр. Әрине, әр телеарнада корпоративтік ықпалдастықтың қалыптасатыны белгілі. Бұл ықпалдастық - бәсекелестерді базардың ырыздығына жақындатпауды ғана мұрат етсе, шық бермес Шығайбайдың шырғалаңынан шыға алмаймыз. Әуезовше айтсақ, “алтын толы сандықтың үстіне жантайып алып, оның қызығын өзің де көрмейсің, өзгеге де көрсетпейсің”. Өкініштісі, бұл жәйт телеарна құрылтайшысына да, иелеріне де, тіптен арнаның бірінші басшысына да тиімді емес. Тиімдісі тіл табысып, осы реттегі ортақ мүдденің бағына қызмет жасау.

Ақиқаты сол, жоғарыда тізбелеген телеарнаның иелері тәулік бойғы бағдарламада не өтіп, не көрсетіліп жатқанынан бейхабар. Оған олардың уақыты да, мұршасы да жетпейді. Дерек-дәйектерді орынбасар, көмекшілері арқылы, әйтпесе таныстарының көзқарастарынан біліп отырады. Біріншіден, телеарна қожайындарының барлығы дерлік жоғары әкімшілік билік пен үлкен бизнестегі қауырт шаруалары мол, асығыс жұмыстағы азаматтар екенін ескерейік. Ендеше олардың сүйікті хоббилері туралы жағымсыз пікір білдіруге кімнің ғана дәті жетер дейсіз. Қалыптасқан мұндай қағиданы кейбір мықты деген телешолушылар тиімді пайдаланады. Қожайын шетелдік сапарда емес, елде жүрсе, соның ыңғайына сәйкестендіріп бағдарламаны жасайды. Басқа уақытта бәріне өзі төреші, өзі қожайын! Сондықтан да, дамыған мемлекеттерде республикалық бюджеттен қаржыландырылатын телеарналардың бағдарламаларын қадағалайтын 12-15 адамнан тұратын қоғамдық кеңес тұрақты жалақы алып, қызмет етуі әлеуметтік-саяси қажеттілік ретінде қалыптасқан. Олардың басты міндеті - мемлекеттік мүддеге кез-келген журналист тарапынан қастандық жасалмауын қадағалау. Азаматтық парасаттылықтың темірқазық парызы осы ниет жолында таразыланбақ. Бұл орайда елімізде ойланатын және ойлантатын жағдайлар бар екенін жоққа шығаруға болмайды.

Көбіне есімі елге танымал азаматтар туралы түсірілген (ол қай салада қызмет істемесін) деректі фильмдер телеарна қызметкерлері тарапынан тікелей немесе жанама жарнама ретінде қабылданады. Бұған өз тарапымыздан қосарымыз, эфирде не көрсетілмесін, бәрі де түптің-түбінде сол әңгімеге арқау болатын тақырыпқа қандай жағдайда болмасын жанама жарнама десек, жаңалық ашпаспыз.

Фильмді жасаған студия мен телеарна менеджерлері міне, осы мәселе төңірегінде көп жағдайда тіл табыса алмай жатады. Сондықтан да, мемлекеттік мүддені, халыққа қажетті туындыны анықтап, сараптай алатын дербес үкіметтік комиссия алқасы айтар орынды пікірге арқа сүйегені қажет-ақ. Әрине, телеарнадағылар жайбарақат тіршілік, мадақ пен қолпаштаудан ғана тұратын фильмдер ешқандай абырой, рейтинг бермейді деп жатса, оныңыз қате, келіспейміз деуге ауыз бармас. Бірақ, қалыптасқан шындыққа жүгінейік: Бізде қаржысы бар азаматтардың дені мемлекеттің қалыпты дамуына мүдделі, ел-жұрт жағдайының жақсаруы туралы материалдардың сайлау қарсаңындағы сапырылысты есептемегенде эфирден мол көрінуге ықыласты. Олар өз қатарының көбейгенін қалайды. Жасап жатқан жақсылықтарын айтқысы келеді. Бәлкім, мұндай фильмдер керемет көркем дүние бола қоймас. Бірақ, ол ізгілік идеологиясы, тегінде ол дүниелер телемамандарды даярлауға, шеберліктерін арттыруға нақты ықпал беретін телевизиялық мектеп екендігін есте ұстаған жөн. Бізде режиссерлер, сценаристер, камерагерлер мен монтаждаушылар қатары көбейсе, шығармашылық бәсекелестікке нақты қадам баспақпыз. Ал, эфирлік көрсетілім болмаса, тапсырыс берушінің қаржысы – құмға құйған судай. Көпшілік өзіне қажетті дүниені бүгінде тұрмыстық камерамен-ақ түсіріп, үйде көретін қарапайым фильмді өздері компьютерде монтаждай алады. Демек, таланттарды өсіру үшін жасалатын қамқорлық баспалдағы тым қатал, қойылар талап алынбас қамалдай болмасын. Яғни, қолда бар мүмкіндікті саралап отырып, қажетті қадамды бағалай отырып, деректі фильм жасаушылардың қатарын қалыптастыруға қол жеткізуге Яғни, қолда бар мүмкіндікті саралап отырып, қажетті қадамды бағалай отырып, деректі фильм жасаушылардың қатарын қалыптастыруға қол жеткізуге Яғни, қолда бар мүмкіндікті саралап отырып, қажетті қадамды бағалай отырып, деректі фильм жасаушылардың қатарын қалыптастыруға қол жеткізуге болады.

Қазақстан да түптің-түбінде озық елдер таңдаған жолдан бұрылып өтпес. Оған пісіп-жетілуге мұрсат берілсе, сынақты келсін-келмесін кесе-көлденең қоя беруден өзге амал жоқ, деп сәуегейсіген сандалма сылтауды уақыт жүгі көтерер ме екен?!

Қазір Жер бетіндегі барлық телеарналар пайдаланылатын техниканың түр-түрі, қаржы табылса, соның иелігінде. Республикамызда да таңдай қақтырар небір мықты деген телевизиялық қондырғылар жетіліп артылады. Мәселе ‑ білімді, озық ойлы, көзі қарақты мамандардың жетіспеушілігінде. Оны телеарналардың күнделікті хабарларынан байқапта жүрміз. Ертеректе Мәскеудегі “Останкино” телемамандары Кеңес Одағындағы республикалардан осы саладағы қызметкерлерді жинап, іс-тәжірибелерімен таныстыратын. Арнайы курстар өткізіп, білімдерін жетілдіретін. Қазір өз сорпамызда өзіміз қайнап, жақындағылардан жырақта жатқан жағдайдамыз. Содан шығар, бұрындары есімі елге танылған режиссерлер мен камерагерлер әлі де аттан түскен жоқ. Жиырма жыл өтсе де, солар мықты. Деректі және көркем фильм саласында да есімдері жарқырап шыға қойған ешкім әзірге көрінбейді. Болса да, некен-саяқ, саусақпен санарлық.

Республикамызда түсірілетін деректі фильмдер көбіне-көп белгілі азаматтардың тапсырысы бойынша фильм-портреттен тұрады, не мекемелердің мерейтой шараларына арналып жатады. Мұндай фильмдердің тиісті мерзімде эфирден көрсетілуі басты қажеттілік болғандықтан, тапсырыс беруші эфир іздеу шырғалаңына түспес үшін телеарналармен келісім-шартқа отырады. Ал, эфирі жоқ студиялар осы ыңғайдағы деректі сериалдар әзірлесе, оларын телеарналар қабылдамай, эфирді жалдауға ақша талап етеді. Байқағанымыздай, эфирлік көрсетілім тәп-тәуір қаражатты қажет етеді. Бұл кей арналарда фильм бюджетінің 20 пайызын құрайды. Соның өзінде эфирлік туындыны телекөрермендер экранға көп жинала қоймайтын таңертеңгілік, әйтпесе, күндізгі уақыт кестесіне тіркей салатыны тағы бар. Мұның бәрі осы саланың жаттанды жолға түсіп, шығармашылық арқауын әлсіретуге әкеліп соғады.

Қазір қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігі тұрақты, ел экономикасы еңсесін көтеріп, халықтың әл-ауқаты арта түсуде. Мұндай кезеңде жаппай жұртшылық жағдайларын жақсартып алғандарға қарап, қатар түземек. Пендешілік пиғыл «Кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейді» дегенге саяды. Ежелден елге белгілі бұл мәтел мақамы кері сипатты айқындағанымен, жақсы тұрмысқа жаппай ұмтылғандарды қолдап-қошаметтеу мемлекеттік мүдде деп түсінемін. Оған бұқаралық-ақпарат құралдары ықпал жасаулары қажет. Ол ‑ әлемдік либерализм өткен жол. Яғни, дамыған елдерде қалыптасқан азаматтық қоғамға талпыныс. Адамның өзгеден оқ бойы озсам дейтін жеке бас мүддесі – мемлекетімізде орта тап пен буржуазия өкілдерінің біртіндеп орнығуының кепілі болмақ. Бұл коммунистер, большевиктер жиіркенішпен сынайтын қоғамға қарай бетбұрыс, капитализм елесі. Алайда, нарықтық капитализмнің қағидаттарына үрке қарау, ғаламдасудың қара соңында қалып қоюға әкеледі.

Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21