СНХ: Қ. Тұрысов:

ВЦСПС-тың адамдары, қасымдағылар пәлендей өзгере қойған жоқ. Мені демегендердің бірі – Шалаев болды. Аракідік “Қазақстанда өйтіпті-бүйтіпті, детсадтағы орыс балаларын өлтіріп кетіпті ” – деген алып‑қашпа әңгімелер де жүрді. Сондай сөз өрбіткендерге мен: “Сендер базардың өсегін таситын болсаңдар, ‑ базаркомға барып айтыңдар маған емес, ВЦСПС‑те сендерге делать нечего” – дедім.

Кадрда Қ. Тұрысов кір жуып, кіндік кескен Атамекенінде.

Таудың фонында Қ. Тұрысов туған жер туралы толғаныс сәтінде. Көрініс жалғасады. Мәскеу өзені, қайық, көпір. Кремль фонында автор. Көпір үстімен автор жүре сөйлеп келеді.

Автор: Совет Одағы кезінде Мәскеуде жоғары лауазымды қызметте болған қазақтардың қатары саусақпен санарлықтай еді. Қ. Тұрысов Мәскеуде жоғары білім алды. Кейін Халық шаруашылық Академиясында оқыды. Совет Одағы кәсіподақтарында басшылық қызмет атқарды. Бірнеше рет СССР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ешқашан да мызғымас болып көрінген Совет Үкіметі 80-жылдардың аяғында ыдырай бастаған. Алдымен, Коммунистік тоталитаризмнен Балтық елдері бөлініп шықты. Міне, осы тұста, Қ. Тұрысов Мәскеудегі үлкен қызметін тастап, Алматыға қарай ат басын бұрды.

Мәскеу – Қ. Тұрысов өмірінің 12 жылын, яғни, ғұмырының үлкен бөлігіне жуығын алды. Фильмде автор Мәскеу өзенінің үстінен салынған көпір үстімен келе жатып, осы тәсілімен Қ. Тұрысовтың Қазақстанға оралу жөнінде түпкілікті шешімге келгенін аңғартады.

Кадрда «Труд» газеті.

СНХ: С. Шалаев

(Совет Одағы кәсіпоақтарының жж. төрағасы)

Мы не хотели отдавать Каратая. Он всегда был готов вернуться в Республику. Но когда Нурсултан Абишевич снова обратился ко мне, и на этот раз я уже не мог помешать и мы договорились с Каратаем Турысовым, что он вернется в Республику. Тогда его взяли на должность Вице-Премьера по вопросам экономики в Правительстве Республики.

Кадрдағы С. Шалаевтың сөздері Қ. Тұрысовтың Қазақстанға қайту жөніндегі шешімін орталықтың қолдамағанын байқатады.

Фото қатар. Қ. Тұрысов Назарбаевпен бірге отыр.

СНХ: Қ. Тұрысов

Қазіргі Елбасы болып отырған азамат Нұрсұлтан Назарбаевты мен сонау 63‑ші жылдан бері Қарағандыдағы кезімнен білемін. Сол 63‑ші жылы партия жұмысына ауысып, Қарағанды облысының партактивінде істедім. Өмір деген қызық қой, 79‑шы жылдың желтоқсанына дейін оны мен тәрбиелегендей болсам, енді ол мені тәрбиелей бастады. Мен Мәскеуден оқу бітіріп келіп, министр болдым. 90‑шы жылға жылға дейін Мәскеуде болған мен қайтып елге оралғанда, сенесің бе, қайран қалдым: керемет өскен, жан‑жақты, терең білімді, саяси қайраткерлігін айтсаңшы. 90‑шы жылдардан осы кешеге дейін Назарбаев болмаса қазақ елін осы биікке кім көтере алар еді. Әсіресе 93-95-ші жылдар арасындағы ауыртпалықтан аман‑есен, адаспай өткенімізге қазір өзім де таң қаламын...

Қ. Тұрысовтың монолог-эпизоды фильмнің негізгі драматургиялық шешіміндей әсер береді. Ол Қазақстан тарихының белесті және шешуші кезеңдері, сондай-ақ, Назарбаевпен жеке кездесулері мен қарым-қатынастары жайлы толғанады.

Мәскеудегі кадрлары.

Автор: «Жас өркен» аулының 16-жасар бозбаласы 1950-ші жылы Мәскеуге алғаш аяқ басқан кезі. Албырт жүректі жас Қаратай өмір жолын берідегі Тараз мен Алматы емес, әрідегі әлем әміршісіне ұмтылған Мәскеуді мойындатудан бастауға бел буған. Бұл фашизмді жеңіп, соғыс жарасынан жазыла бастаған Советтер елінің ерекше қарқынмен қанаттанған тұсы еді.

Қ. Тұрысов тұлғасының, көшелі кісілік кескінінің қалыптасу жолдарын фильм баяны арқылы қадағалап отыру қызғылықты.

НЕ нашли? Не то? Что вы ищете?

Кадрде автор Панфилов паркіндегі мәңгі алау жанында. Монолог (стенд‑ап)

Автор: Ұлы Отан соғысы кезінде бір үйден бесеуі кетіп, бәрі де аман оралып жатса, келесі отбасынан жетеуі кетіп, бәрі де опат болғаны кездеседі. Осы тағдыр жазуын шын жақындарынан көрген Қаратай, бала кезінен-ақ қайғы мен қуаныш, жақсылық пен жамандықты ажыратып, тұла бойымен сезініп, көңілге түйіп өседі.

Кейіпкердің әке-шешесі кімдер болған, соғыс тылындағы ауыр жылдар ахуалы мен соғыстан соңғы елдегі шаруашылықты қалпына келтіру кезеңдері туралы бейнеқатарлар фильмде қанық бояумен беріледі.

Пауза. Мәңгілік алау.

СНХ: Қ. Тұрысов

Менің өзіммен бірге туған үш ағам соғысқа кетті. Артынша біздің үйде тәрбиеленіп өскен әкемнің ағасының үш баласын алды. Сол алты ағамның төртеуі ерлікпен қаза болып, екеуі елге мүгедек боп оралды, кейін аурулары асқынып, олар да өмірден өтті. Тірі қалғанымыз тіршілік жасап, жер жыртып, жүгері егіп күн кештік, құдайға шүкір.

Біздің халық кең халық қой. Есімнен бір кетпейтіні – сол кезде біздің үйді кішкентай екі қызымен немістің әйелі паналады. Құрбақа теріп жеп, қаңғып жүрген жерінен шешем шақырған болу керек. Анамның өзі нанға карточка алу үшін мектепте сыпырушы боп істейтін. Өз балалары немістің қолынан опат болса да, анам байғұс әлгі неміс әйелімен нанын бөлісті, сондай халықпыз біз...

Пауза. Хроника. Соғыс жылдарын бейнелейтін архив көріністері. Халықтың 50-ші жылдардағы тұрмысы.

Диктор: 65 жастағы Тұрыс ақсақал шиеттей бала-шағаны аман алып қалу үшін, бір жыл қырғыз жерінде мал бағып, жан сауғалайды. Сәл ес жиған соң еліне оралып, пошташы болған Тұрыс ақсақал жұрттың қайғысына жұбаныш айтып, тағдырына ортақтасып, көз қуаныш қариясы атанады.

СНХ: Қ. Тұрысов

Біз қазір бәрін ашық айтамыз, ол кезде артық әңгіме айтуға болмайтын заман. Соғыс кезінде де, одан соң да ауыл тіршілігі тым ауыр болды. Ертеңнен қара кешке дейін колхоз жұмысы бір бітпейтін еді‑ау. Айлық деген атымен жоқ, тек жазып қояды әйтеуір. Ел соғыстың біткеніне мәз болды.

Кадрда соғыстан кейінгі жылдар. Мұрағат бейнекадрлары.

Диктор: Ауылында 7 жылдық мектепті тәмамдаған Қаратай Тараздағы орта мектептен дәріс алу үшін, күніне 25 шақырым жаяу қалаға қатынап жүреді. Бағы жанып, 1947 жылы мектеп-интернатқа қабылданады. Содан бастап, оның барлық ғұмыры замандастарының көз алдында қатталып қала бермек.

Қ. Тұрысовтың оқуға талап қылуы кезінде оның мақсатына жету жолындағы табандылығы көрініс береді.

Архив. 50-ші жылдардағы жастар. Көрініс Ш. Мұртазаның кабинетіне ауысады.

СНХ: Шерхан Мұртаза:

Алғашқы кездесуіміз 8-ші кластан бастап бірге оқыдық. 10-шы класты бірге бітірдік. Сол кезде оқу министрінің орынбасары Әди Шәріпов деген кісі болған. Ол әрқайсысымызға 200 сом берді, мынау жол қаражаттарың деп.

Кейіпкер өмірінің ерте уақтағы кезеңдері туралы оның 1947 жылдан бергі досы және қазіргі Парламенттегі әріптесі Шерхан Мұртаза естелік айтады.

Кадрда автор. Мәскеу университеті.

Автор: Осылайша екі дос бел буып Мәскеуге аттанады. Мектепті күміс медельмен бітірген Қаратай Ордженикидзе атындағы Геология институтына қабылданады. Ал, Шерхан полиграфия институтының студенті атанады. Кейіннен баспагерлер Ломоносов атындағы Мәскеу университетіне қосылады.

Мәскеу қаласының көріністері. Кремль алаңы. Мәскеу өзеніне сыпаттама.

Диктор: Өткенге көз жіберсек, қазір Ел ағасы атанған Қаратай ақсақалдың бір мүшелдік ғұмыры Мәскеудегі өмірбаянымен толықпақ. Сол үлкен шаһардан алған дәрісі, кейінгі еңбек жолында Отанының өркендеуіне жұмсалады.

Кадрда автор монологы Мәскеу өзенінің фонында.

Автор: Әке мен шеше үкілеп үміт артқан ұл әлемді билеген мемлекет орталығынан 5 жыл дәріс алды. Осы жылдар аралығында Сталин өмірін үзіп, билік Хрущевтің қолына көшкен. Кішкентай ауылдан келіп, 10 миллиондық Мәскеуден білім алған Қаратай Тұрысов, партия тапсырмасымен Қазақстандағы ірі өндіріс орны Қарағанды облысына қызметке аттанады.

Қ. Тұрысовтың Мәскеудегі студенттік кездері, одан кейінгі ВЦСПС хатшылығы қызметі мен КСРО Жоғарғы Кеңесінің екі шақырылымына депутат болған тұстарынан деректі құжаттар.

СНХ: Қ. Тұрысов:

Ертеден қара кешке дейін геология картасын салатынбыз. 1-ші сәуірден сонау 1-ші қарашаға дейін қолымызда балға, мойнымызда керек‑жарақ салынған дорба жаяудан‑жаяу тау­‑тасты кезіп, далада қаңғып жүретінбіз.

Қазақстанның геология барлау жұмыстарын бейнелейтін көріністер.

СНХ жалғасы.

Сол кездерде партияға өту үлкен жетістік саналатын. Биік мақсатқа жету үшін партия мүшесі болу шарт еді. Мен де сол 1958-ші жылы партияға өттім.

Кадрда Тұрыс ақсақалдың зираты. Солай қарай кейіпкер балаларымен келеді.

Диктор: Осы жылы 80-ге аяқ басқан Тұрыс ақсақал о дүниеге озды. Ешқашан суретке түсіп көрмеген, дінге берік әке жүректе жатталған. Білетіндер оны басының жүзімен салыстыратындығы сондықтан.

Күнпарақ мезгілдерін шендестіру – 1958 жыл. Қ. Тұрысов КПСС қатарына өтеді және осы жылы 80-ге келген әкесі – Тұрыс ақсақал өмірден өтеді. Кадрде: зират. Тұрысовтар әулеті аталарына құран бағыштайды.

СНХ: Қ. Тұрысов:

Үйден құран оқытып, әкемді қазақша жерледік. Біреулер “ойбай арыз жазылмасын” - деп үркітті. Құдайға шүкір, шу шыға қойған жоқ. Бірақ, осы ғұрыпты ұстанбағандар да болды ғой.

Қ. Тұрысов әкесін мұсылман дәстүрімен жерлейді. Бұл қадам КПСС мүшелерінің отбасылары үшін ол кездерде аса қолайлы емес еді. Осы арада да Қ. Тұрысовтың алға қойған мақсатын орындау жолындағы табандылығы аңғарылады.

Қ. Тұрысов өміріндегі әкесінің алған орыны туралы эпизодтар. Адал да, өзінің бұлжымас пікірі мен көзқарасы бар әкесінің баласы Қаратайдың дүниетанымының қалыптасуына өзек болғаны анық. Тұрыс ақсақалдың ұлын көшбасшылық беделге көтергені, Ел ағасы атандырғаны анық болатын.

СНХ: Ш. Мұртаза:

Әкесін көріп едім, қоржынменен баласына талқан, тамақ, керек‑жарақтарын әкелеп тұратын. Сонда көріп едім ол кісіні, қасына дейін ағарып кеткен. Шашы ақ, сақал-мұрты да ақ кісі еді.

СНХ: Қ. Тұрысов:

Менің әкем осы күнге дейін елдің есінде. «Тұрыс атам былай айтып еді, Тұрыс атам солай айтып еді» дейтіндер әлі кездеседі. Соғыс кезінде де біздің үйге талай адам келіп-кететіні жадымда қалыпты: – «Анау ақымақ былай істеп жатыр, соған бір ауыз бірдеңе айтыңыз»‑деп. Сондай адамдар әр ауылда да болған ғой, әлі де бар.

Геология мұражайының сыртқы көрінісі. Кадрде автор ойын жалғастырады.

Автор: 8 жыл геолог болған Қаратай Тұрысов Орталық Қазақстанның геологиялық картасын толықтай әзірлеп шығады. Сол 1963 жылы оған әйгілі Ақшатаудағы геологиялық кеніште партия ұйымын басқару тапсырылады. Оған дейін 350 рубль жалақы алып жүрген ол, 150 рубльдік партия жұмысына ауысады. Енді ғана үйленіп, анасы, екі жиенін бағып отырған отағасы ғұмырындағы бұл өзгеріс келесі партия билігін алуға бастады. Сөйтіп, геолог – ғалым – идеолог атанды. Бұл кезде Қаратай Тұрысов жасы әлі 30-ға тола қоймаған.

Тұлға ретінде және маман тұрғысындағы Қ. Тұрысовтың өсу жолдары. Жаңа да жасампаздық қадамдар кезеңдері хақындағы эпизодтар.

СНХ: Ш. Мұртаза:

Қарағанды облысында кен шығаратын «Қаражал» деген қала бар, соны басқарды. Жезқазғанның бер жағында, Қарағандының ар жағында орналасқан қала. Бәленбай жыл соны басқарды. Мен сонда барып көзіммен көріп жүрдім, жұмыстары ол кезде шынында да қиын еді. Соған қарамастан жақсы басқарды.

Кадрда: Мәжіліс депутаты Мақтай Сағдиев

СНХ: М. Сағдиев:

Қарағанды облысында істеген жұмысынан Торғай облысына обкомның хатшысы болып ауысып келді. Бюрода жол салу, 300 километр жерге электр жарығын өткізу Тұрысовқа тапсырылды. Сол жұмыстарды маңайына бір топ адамды ұйымдастырып, өзі қасында басқарып, күндіз-түні жүріп, жарықты берді. Көпір салды, жол салды. Сол тұста бүкіл малшылар жарықты бірінші рет көрген болатын.

Көрініс Атамекеннің жазиралы даласы, өндіріс орындарын бейнелейтін көріністерге ауысады.

Диктор: Оны білетіндер жүрекжарды жылы пікірлерін тізбелеп жалғастыра бермек. Біздің байқағанымыз, оның айтқандары дуалы ауыздан шыққан даналық дерегі екендігі. Көптеген оқиғаларға қатысты Қаратай Тұрысовтың көзқарасы ұлттық ұғыммен орайлас және ондайды елден бұрын айтады және оған куә де болғандаймыз.

Қ. Тұрысов облыс орталығы – Тараз қаласына, өзінің кіші Отанына келіп, жұртшылықпен жүздесіп, туған мектебінде болады. Барлық жерде дерлік, шағын ауылдан облыс орталығына мәдени-әлеуметтік нысандарға дейін Қ. Тұрысов салдырған ғимараттар көрініс береді.

Кадрда: Қ. Тұрысов Амангелді газ кенішінде.

Диктор: Бір рет пікірімді өзгерттім дейді, ‑ Қайрекең. Ол – Амангелді газ кешеніне қатысты жай. Көп қаржы жұмсадық. Бірақ, ел намысы үшін қажет екен. Бұл шешімге мен экономист емес, мемлекеттік мүддені мұрат еткен депутат ретінде бел будым. Жастарымыз жалынбауға үйренсін. Түтініміз түзу шықсын.

Қазір де депутат Қ. Тұрысов Амангелді газ өндіру орыны құрылысының барысына алаңдаулы. Бұл да оның Отанының бір бөлшегі.

Тараз университетінің оқу корпусы. Оқытушылар мен профессорлар Қ. Тұрысовпен кездесу сәті.

СНХ: Қ. Тұрысов:

Енді біз де біраз жасқа келіп қалдық қой, бірталай марапатталдық та. Бірақ, өзінің туған елінің, туған жерінің атынан осы облыстың “Құрметті азаматы” деген атақ алу дегенің бөлек нәрсе екен. Шын жүрегіммен толқып отырмын. Сіздермен бірге болашақта қуанып жүре берсек, маған одан артық бақыт жоқ. Елім аман болсын, жұртым аман болсын, сіздер аман болыңыздар.

Кейіпкер туған жерінде жастар, балалар және қарапайым жұртшылықпен кездесу сәттерінен көріністер.

Диктор: Қаратай ағаның ұрпаққа ұлағаты – білімді мыңды жығады. Ол үшін қазақтың салт-дәстүрін қағыс қалдырмас, ұғымтал жүрек керек. Кейінгі жылдары өзі секілді Мәскеуден оқып, елге оралып басшы болған кейбір жастардың жіберген қателігін ол ұлттық үрдіспен ата-салтын сақтай алмаумен байланыстырады. Бұл кір жуып, кіндік кескен топырақтан ажыраумен бірдей. Ойлап отырса, туған жерге, ағайын туыстарға зәредей жақсылық жасамаған адам, елін қарық қылады дегенге сенудің өзі қиын. Сонау 1985 жылы Республикалық Орталық комитет хатшысы кезінде өзі оқыған Жамбылдағы жалғыз қазақ мектебі жанында заман талабына сай спорт кешенін салдырды. Жас өрімталдар қиындық көрмей, озық елдің оқушылары секілді білім алуын мақсат қылды.

Диктор: «Жас өркен» ауылында тұрып жатқан туған әпкесі Айымжан – осы көз қуаныштың куәсі. Туған жерді сағындыратын темірқазық. Ауылдағы ағайыны да, қаладағы өзі секілді бар жиғанын баласынан аямақ емес. «Іштен шыққан шұбар жылан» менен мықты болып өссін дейді. Ұрпақ өркендеп қанат жайса, мемлекет те мығым. Ақсақал мәртебесінің марапаты осы емес пе?

Қ. Тұрысов далада келе жатыр. Ойлы қалпы. Көрініс Астана қаласының көшелеріне ауысады.

Диктор: Астана – Ел ордасы. Ал, Алматы ұлт мәйегінің бесігі ғой. Жыл сайын ел бюджетін бекітер кезде Алматыға, ақ басты Алатауға қарайды. Нәзік талантты мәпелейтін Алматы қырдан келетін қазақтың ұл-қыздарына қамқоршы болып қала берсе деп тілейді.

Астана, Алматы қалаларының көріністері. «Жастар» спорт кешені. «Медеу» мұз айдыны. Кейіпкердің табиғат аясында немерелерімен серуендеп жүрген сәттері.

Диктор: Әкімге айтатын тілегі де, талабы да сол. Бір жылдары әйгілі «Медеу» спорт кешені салынғанда өзі де соған атсалысқан. Қазақ спортының қанаттануында бұл мұз айлынының ерекше үлесі бар. Тау шатқалында немерелерімен демалып жүргенде сол бір үлкен спорттағы сәттер де еске оралады. Көзайым ұрпақ жаралы жүректі жебеп-жігерлендіреді.

Қ. Тұрысов отбасының эпизодтары. Кейіпкер тұлғасын тану үшін, жанұяның әсері мол. Адамдық ажарың отбасының қасиетімен, балаларыңа берген тәрбиеңмен ашылады.

Кадрда: кейіпкер балалары мен немерелері арасында. Дастархан басында. Отбасы. Баянды болашағы бар немерелер. Ерке шөберелер.

СНХ: Әскергүл жеңгей

Мен өзім де мұғалімнің жанұясында тәрбиеленгенмін. Әкем ұстаз болған адам. Көп балалы отбасындағы 9 баланың үлкенімін. Сол себептен де шығар біз сөзге тоқтап, жағдайға қараймыз. Анамыздың айтқан тәрбиесі бар: бір жанұяда екі адам би болса, жақсы өмір болмайды. Біреуі ашуланғанда, біреуі басу айту керек. Семья болғаннан кейін «ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды» - дейді ғой қазақ. Бізде қандай қиындық болмасын бір шешімін табамыз. Сөйтіп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Қайрекең қанша тез ашуланшақ болса да, бір жарты сағаттан кейін жадырап шыға келетін кең мінезді кісі...

СНХ: Қ. Тұрысов:

Құдайға шүкір, кемпіріміз екеуіміз 40 жылдан аса бірге өмір сүреміз. Бір ұл, төрт қыз бар. Құдай көп көрмесін, 11 немереміз бар. Алды 16-17-ге келіп қалды... Құдайдың жазуы шығар, балам мен келінімнің қазасы. Қатты батып кетті. Балам өте ақылды, Құдай бере салған адам еді…

Кейіпкердің қайтыс болған ұлының фото суреті. Пауза.

Диктор: Оның қайғысы еліне ортақ естілді. Екі ай бойы не болып, не қойғанын түсінуден қалған. Ұрпақ үшін өмір сүру – қазақ қағидасы. Қайғыдан қабырғасы қаншама қайысса да, отағасы отбасының ертеңі үшін, елінің келешегі үшін тәубә тілеп, еңсесін көтерген.

СНХ: Ш. Мұртаза:

Ең тұңғышы, желкілдеп өсіп келе жатқан, үзеңгіге аяғын салып, мемлекеттік қызметте істеп келе жатқан баласы келіні екеуі оқыста дүниеден кетіп қалды. Адам баласы ғой, соған қатты күйзелді. Бірақ рухы мықты екен. Содан қасқайып, бұрынғы жұмысын атқарып келе жатыр.

Қ. Тұрысов қызметінде, әріптестерімен бірге жұмыс үстелінде. Кадрда Мәжіліс депутаты М. Кемел.

СНХ: М Кемел:

Қалай дауыс берерімізді білмей сасып, бір-бірімізден сұрайтын қиын мәселелер болады. Өзіміздің ішкі сеніміміз бола тұра, жан-жағымызға қараймыз. Сонда үлгі алып жүрген ағамыз, ақылын айтып отырады. Сонау 91-ші жылғы мақалаларын оқып отырсаң, бүгінгі күннің талабына сай келеді. Сол секілді бүгінгі мақалаларын оқып, 10 жылдан кейінгі азаматтар үлгі алсын, жетілсін деп тілек айтамыз.

5.5. Елдің бүгінгі саяси өміріндегі Қ. Тұрысовтың орынын Парламент Мәжілісіндегі әріптестерінің пікірлері аңғартып тұрғаны анық.

СНХ: Қ. Тұрысов:

1984 жылдан 1991 жылға дейін СССР-дің жоғарғы Советінің депутаты болдым. 89-шы жылы сайланған КСРО халық депутаттарының съезіне қатыстық, сондағы айқай есіңізде шығар, соның бәрін бастан кешкен жағдайымыз бар. Қазіргі кезде де мынау Парламентте айқай сүйетін 5-6 депутатымыз бар арамызда. Тыңдап отырасың, шектен шыққан уақытта айтасың: - «Әй, қарағым, қойсаңшы, жетеді ғой енді, айқайыңмен біраз жерге бардың» ‑ деп. “Оппозициямыз” дейтін партиялар да бар ғой бізде. Олардың кей кезде сын айтқандарына таң қаламын. Осы “бюрократия, анау-мынау” ‑ деп жүргендерге “қойсаңдаршы, мына түрлеріңмен демократиядан түк қалдырмайтын болдыңдар‑ау дегім келеді. Мені осы күнге дейін бірталай партияға шақырған, секретарь болыңыз деп. Бірақ мен айтамын: – «бір рет партияда болдым жетеді» ‑ деп. Айқай салып партияны құрып алады, жоқ жерден. Не оның ісі жоқ, не жұмысы жоқ. “Мінеки менің бағдарламам. Ура! Алға!” – дейді бар болғаны.

Қоғамдағы тұтастық, бірліктің қажеттігі жөніндегі Қ. Тұрысовтың берік ұстанымдары. Оның пайымынша, оппозиция болса, бір ғана мақсатты, тұрақтылықты қайықша теңселтуді көздейді. Сөйте тұра, Н. Назарбаевтың бүгінгі қарымды саясатының орынын басар байыпты ешнәрсе ұсына алмауда.

СНХ: Ф. Оңғарсынова:

Баяғы кезде билер, батырлар, айтқан сөзі халықтың құлағына пайғамбардың сөзіндей кіретін ақсақалдар болған ғой. Осы біздің заманымыздың ХХ-ХХІ ғасырлардың тоғысында сондай кісілердің біреуі деп мен Қаратай Тұрысовты атар едім.

СНХ: Қ. Тұрысов:

Құдайға шүкір, мен Қазан төңкерісіне дейінгі адамдардың тәрбиесін көргенмін, жолын көргенмін. Қартайған кезінде де әкемнің ол 1879 жылы туған, 1958 жылы дүниеден қайтты. Шешем де сол 1979 жылы 81 жасында қайтты, 1909 жылы туған, солардың тәрбиесін көрдім. Ал енді, қанша жерден Компартия тәрбиелесе де, сол баяғы өзімде қалыптасып қалған тәртіпті балаларыма бердім. Қазақ баяғы Құдайдың беріп қойған ақ ісі мен жолы бар, соған сенеді. Сол баяғы ата-бабамыздың бізге тастап кеткен Ұлы жолын ұстап, сол жолмен адаспай жүрсек, ел боламыз, жұрт боламыз. Әйтпесе, біз ел бола алмаймыз. Сөзбен шешілетін нәрсе емес, іспен шешілетін мәселе болады. Осы қиын заман өтеді, сосын бәрі ойдағыдай қалпына келеді.

Коммунистік құрылыстың тәрбиесінен өткен Қ. Тұрысовтың философиясын, ұлттық идеологияға көзқарасын білу бізге қызғылықты. Дегенмен, коммунистік тәрбие Қ. Тұрысовтың бойына ата-анасы сіңірген халықтық тағылымдар мен тәлімдер тегеуріні жанында әлсіз болып шықты. Тұлға тәрбиесінің тұрпаты – халықтық философия жемісіндей әсер береді.

Қ. Тұрысовтың пайымдауынша, еліміздің өзіндік даму жолы мен қалыптасу кезеңдерінің қиыншылықтары артта қалып, ұлттық идеологиясы айқындалуда. Кейіпкердің пікірінше, ұлттық идеологиямыз діліміздің тамырында жатыр.

Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21