Өндіріс немесе ауыл тақырыбын мысалға алайық. Елімізде бұл саладағы жағдай, барлық жерде біркелкі болмағандықтан, бірден ұстанар бағдар-бағытты анықтап алған дұрыс. Әйтпесе, тақырыптың аясы, шегі аңдалмайды. Тақырып шекарасы анықталса ғана, нақтылық пайда болады. Фильмде көрсетіп, айтпақ ойыңыздың шеңберін шектеу арқылы үш-төрт бағытты таңдап аласыз. Осының нәтижесінде жалпы тақырып нақтылана түспек. Мысалға:
- ауыл және ауыз су мәселесі;
- ауыл және несие (шағын, орта бизнес);
- ауылдағы әлеуметтік жағдай;
- ауылдағы жол мәселесі;
- өндірістегі бәсекелестік;
- өндіріс және әлемдік рынок;
- өндіріс және қазіргі экономикалық саясат.
Жалпы фильм тақырыбын жан-жақты зерттеп “біттім” деген түйінге келгенде, бәрін жылы жауып қойып, демалғаныңыз жөн. Уақыт өте келе бірқатар ақпараттар ұмытылады. Әу баста “миыңызда дайын тұрған фильмнің тұрпаты” тұтастай өзгеруі әбден мүмкін. Күтпеген материалдар, тосын кейіпкерлердің қызықты оқиғалары әдемі сюжет болуға сұранып тұратын жағдайлар да кезігеді. Міне, осы сәтте бір деммен фильмді жасауға кірісу керек. Көрермен де фильмді бір деммен қарап шығарына шын ниетпен сеніңіз. Тек, деректі фильмнің басты принципі – адам мен қоғам арасындағы өзгерісті көрсетуде. Бояу жалған, жалпылама болмасын. Өмір қаз-қалпындағыдай таспаға төгіліп, түсіп жатса фильмнің көркемдік құны арта түседі.
Фильмді бастау немесе алғашқы бейнеқатар
Шет елдерде телевизия арналарында дәріс алған тележурналистер ондағы қалыптасқан дәстүрлі мектептің бізден өзгешелігіне бірден назар аударады. Ондағы киношындық немесе ақпаратттық фильм жасау тәсілі:
- бейнеқатарларды монтаждап алғаннан кейін ғана дикторлық мәтін жазылады. Яғни, оқиғалар камераға түсіріле береді. Содан кейін бейнекөріністер қисынына сай монтаждалады. Кейіпкерлер монологы бірін-бірі толықтырып, оқиға бірте-бірте сабақтала түседі. Арасында сұрақтар туындап, жауаптар кезегімен беріле бастайды. Дикторлық мәтін‑монологтардың арасын жалғастыратын дәнекер. Егер оқиғаны баяндайтын адам, ел танитын Тұлға болса, ол бүкіл фильмнің жүгін өзі алып шығады. Бастысы - фильмге әзірлік барысында тақырыпты жан-жақты зерттеген кезде айтылатын жәйттерді жіктеп, сұхбаттасушының есіне салған жөн. Сонда өткен мен бүгінгі шақты Тұлға өзі сабақтастырмақ.
Жалпы автор фильмнің бейнеқатарын қайта-қайта қараған сайын әу дегеннен көрерменнің көңілін мықтап аударатын эпизод іздейді. Оның кілтін дөп бассаң фильм тақырыбын бірден игеріп, ондағы оқиғалардың дамуы үрдісін қалай қарай бағыттауды басқара аласың. Бұл деректі фильмдердің барлығы дерлік телевизиядан көрсетілу үшін түсірілетіндіктен авторға да, көрермен көңілін өзіне аударып, бәсекелестікте басқа бағдарламалардан үстем болуы үшін де қажет.
Егер тарихи тұлға, не қызықты адам немесе депутаттыққа кандидат, үміткерлер жөнінде деректі фильм түсірмек болсаңыз, кейіпкеріңізді көрерменмен әуел бастан-ақ таныстырып, алдағы оқиғалардың шиеленістерінен хабардар етіп қойғаныңыз жөн. Сөйтіп, көрерменді оқиғаның әрбір өріс алар сәтінен, сюжет ауысымынан тосын жағдайларды күтуіне мәжбүр етесіз.
Жарнамалық фильмді бастаудың тағы бір дәстүрлі тәсілі оған қатысушылардың, Бас кейіпкер образына ‑ қарсыластарының қасақана қарсы айтылған уәжі, тұжырымы. Бұл комментарий ашулы, тіпті қаһарлы да естілуі мүмкін. Мұндай жағдайда Бас кейіпкерге ынтазарлық күшейіп, фильмге қатысушылар ол туралы өз пікірлерін жасырмай ашып тастайды. Көрермен болса Сіздің қиыннан қиыстырған тәсіліңізге көңілі құлап, сізбен бірге фильмнің Бас кейіпкерінің мейлі алдағы сайлауға арналған бағдарламасы төңірегінде, оның отбасы тірлігіне, қолы жеткен баянды бақытына, әлеуметке еңбек етпек құлшынысына қосылып, бірге тебіренеді. Мұндай фильмде ұстанар стиль – қысқа да нұсқа, кейіпкерлер сөзі анық, ақиқатын тікелей айтатын ерекшелігімен екшеленеді.
Сонымен фильмнің сәтті басталуы көрерменнің оған бірден ден қоюына жол ашып, оқиғаның одан әрі өрістеуін күткізеді. Осы ықыласты кем дегенде 20-30 минут ұстап тұру қажет. Фильмнің нақты жүйелілігі бұл мақсаттың орындалуына былайша жол ашады.
- ырғақ,
- екпін,
- шарықтау шегі.
Бұл элементтерге тек кино‑бейнедокументалистер ғана емес, жазушы-ақындар, драматург-сценарийстер де айрықша зейін салады. Әдетте фильмнің 5-6 минутында-ақ, әрмен қарай көрмесең де болады, бәрі де түсінікті деп көрерменнің теледидарды басқа арнаға ауыстырып жіберетініне куә болып жатсаңыз, әлгі үш принциптің сақталмағаны.
Шұбалаңқылық пен самарқау баяндауға байланысты реніштер, әдетте, деректі фильмдерге қатысты айтылатын сын-пікірлерде жиірек естіліп қалатыны бар. Әсіресе, Бас кейіпкер туралы жан-жақты, оқиғалардың бірін қалтырмай тізбелеп баяндауға талпыныс - осындай жайларға соқтырары сөзсіз. Өкініштісі мұндай жәйттер ең жақсы деген деректі фильмдерде де жиі кездесіп қалады.
Сонымен, ырғақ пен екпін дегеніміз не?
Бұл алдымен – логикалық және эмоциялық тәсіл, оқиғалар мен көріністердің жеткілікті деңгейі, көрермендер зейінін тұрақты ұстап тұру, фильмнің нанымды басталып, кәдімгі өмірдегідей ақталуы.
Бір өкініштісі, жалпылама жағдайға салып, фильм үшін белгілі бір шешімді ұсынудан гөрі, ондағы проблемаларды, кемшіліктерді тауып, санап беру әлде-қайда оңайырақ. Фильмдерде жиі кездесетін қателіктер:
1. Көріністердің (эпизодтардың) шамадан тыс созылып кетуі;
2. Жекелеген көріністердің арасында байланыстың болмауы;
3. Көрермен көріністердің алуан түрлілігін қалап отырғанда, эпизодтардың егіз қозыдай ұқсастығының көбірек етек алуы;
4. Қимыл-әрекеттерге қатысты көріністердің көптігі. Оның есесіне бейнелі тұстардың аздығы;
5. Көріністердің (эпизодтардың) қисынды (логикалық) және көңіл-күйлік (эмоциялық) әсерінің жетіспеуі;
Бұл әйгілі режиссер Алан Розентальдың тұжырымдамасы.
Әрине, “біткен іске сыншы көп” дегендей тамаша шығармашылық туындының шаңын шығарып, түкке алғысыз ететіндер де бар. Дегенмен осы жер қисынсыздау, сыншылар соқса аямай сілікпемді шығарады дейтіндей күмәнді жәйттерді фильмнің түпнұсқасына салмаған жөн-ақ.
Фильмнің бюджеті
Болашақ фильмнің сметасын жасау экономист маманның міндеті. Сметаны (қаржыны) сценарийге қарап белгілеу керек пе, болмаса, сметаның мүмкіндігіне қарап сценарий жазу дұрыс па? Жұмыс ахуалы әр кезде әртүрлі болатындықтан бұл сауалға да нақты “былай істеу керек” деген жауап жоқ. Ең бастысы – фильмнің бюджеті нақты әрі толық болуы қажет. Бұл – тапжылтпас қағида. Егер Сіз бюджетті құрастыру кезінде қателіктер жіберіп, жұмсалуы тиіс қаржыны кем етіп көрсетсеңіз, фильміңізді банкротқа ұшыраттым дей беріңіз. Асылы, фильмнің бюджетінде оның өндірісіне керекті қаржыны артығымен, молынан көрсеткен жөн. Жақсы бюджет - көңіліңіздің алаң болмауының, сеніммен жұмыс істеуіңіздің кепілі. Фильмнің жақсы жасалуына бұл шарттар керек-ақ.
Сонымен қатар, демеушімен келіссөз кезінде фильмді шығармашылық топ жасайды деген сауалды бірінші кезекке шығарған да жөн. Егер есімі елге белгілі режиссерді фильм қоюға шақырсаңыз, оның бюджеті бірнеше есеге артып кетері анық. Танымал режиссер ортақол туынды түсіруді өзіне ар санайды. Демек, ол өзгелерден көбірек қаламақы талап ететін тәжірибелі шығармашылық топпен ғана жұмыс істеймін деген талапты бірінші кезекке қояды. Мұндайда Продюсер жақсы фильм түсіруді тапсырушымен, не демеушімен келіссе құба-құп. Онда ешбір қорықпастан мықты команданы әріптестікке шақырыңыз. Егер бюджетіңіз шамалы болса, амал қайсы, қаражаттан қысылып отырған, әзірге қолы бос режиссермен жұмыс істеуге тура келеді.
Дегенмен, түңілуге ешбір себеп жоқ. Тәжірибеде кездесіп жүргендей, режиссерлік мамандыққа алғаш қадам басқандар өзінен тәжірибесі мол, жоғары сатыда тұрғандармен тайталасып, жасаған дүниесінен ешбір күмән тумайтындай, тәуір жетістікке де қол жеткізіп жатады.
Енді фильмнің бюджеті неден құралып қалыптасатынына назар аударып көрейік.
А. Зерттеу.
Іссапар мен қонақ үйлерге, кездесулерге жұмсалатын қаржы;
Сценарий жазу шығыны. Мұрағат материалдарын қарау. Өндірістік қажеттілікке жұмсалатын ақша.
Ә. Түсіру кезеңі.
1. Түсіру тобы:
Камерагер,
Камерагердің ассистенті,
Дыбыс режиссері,
Жарық беруші техник,
Режиссердің ассистенті,
Көлік жүргізуші,
Директор.
2. Аппаратура:
Камера, қосымша қондырғыларымен,
Арнайы аксессуарлар (жоғары сезгіш линзалар, т. б.)
Магнитофондар мен микрофондар,
Жарық.
3. Ашық алаңдардағы түсірілімдер:
Көлікті жалға алу,
Жанар май,
Топ мүшелерін тамақтандыру,
Майманханалар құны,
Теміржол билеттері.
4. Таспалар, бейнекассеталар сатып алу.
Б. Монтаж
1. Монтаж:
Монтаж режиссері,
Режиссердің ассистенті;
Дыбыс режиссері;
Монтаж студиясы мен жабдықтар.
2. Зертхана мен өзге де шығындар:
Дыбысты белгілеу,
Дыбыс пен музыканы жазу,
Компьютерлік графика,
Титрлар,
Дикторлық мәтінді жазу,
Дыбысты реттеу,
Бірінші және екінші монтаждық көшірмелер,
Телеарналарға ұсыну үшін арнайы кассеталарға көшіру.
3. Қызметкерлер:
Продюсер,
Сценарий жазушы,
Режиссер,
Диктор,
Әдеби және өндірістік маман,
Кеңесші.
4. Қосымша құн салығы:
Әлеуметтік салық,
Міндетті зейнетақы өтемі,
5. Компания табатын таза пайда.
Жоғарыда аталған бюджеттік баптардың 90 пайызы көптеген фильмдерге міндетті түрде қажет. 10 пайыздық мәселе ғана жобаның көлемі мен қаржыландыруына байланысты өзгеруі мүмкін. Егер жоба шағын әрі күрделі болмаса, режиссер мен сценарий жазушы қажеттілік туындап жатса, қосымша зерттеу ісімен де айналыса береді.
Асылында, біздегі тәжірибеде жиі кездесетін жәйт режиссер мен сценарий жазушы бюджеттің аздығынан атқарылар жұмыстың көбісін өз мойындарына алып жатады. Сондықтан да бюджет жасалғанда қаражаттың 30-40 пайызы осы екі қызметкерге кететіндігін ескерген жөн.
Фильмді түсіру тобы
Фильмді түсіретін шығармашылық топтың жұмыс кезінде бір отбасындай өзара сенім, түсіністік туғызатын адамдардан құрылғаны құба-құп. Деректі фильмді түсіру сәттерінде әртүрлі жағдайларға куә боласыз. Сондай сәттерде тіл табыса білу, бір-біріңді қолдап, кемшілікті көзге шұқымай, қажетсіз ренішті ушықтырмай әріптесіңнің қателігін байқатпай түзетіп жіберсеңіз, бастаған істеріңізді көтеріңкі көңілді күймен аяқтауға мүмкіндік туары анық.
Біздегі қалыптасқан қағида бойынша, алыс іссапарға түсірілім жүргізуге шығатын шығармашылық топ үш адамнан тұрады:
- сценарий жазушы
- режиссер
- камерагер
Себебі, егер шығармашылық топтың құрамы тым көп болса кейіпкерлермен арадағы қарым-қатынас ресми қатынасқа ауысып, сенім мен сырластық ахуалын қашықтатып жібереді. Оның үстіне, деректі фильмге берілетін қаражат мөлшері де шектеулі. Мұндай жағдайда режиссер мен сценарийшінің өздері-ақ камерагердің ассистенті, дыбыс қадағалаушы, жарық түсіруші міндетін атқара алады. Егер де режиссер сценарийді өзі жазатын болса, іссапарға шығатын топ екі адамнан ғана тұрады. Әдетте олар бір-бірін ертеден білетін, бірнеше туындыны бірлесе жасаған етене таныс адамдар екендігі белгілі.
Соңғы жылдары фильм жасау – режиссер мен сценарий авторларына сеніп тапсырылатын болды. Әрі ол бізде қалыпты, үйреншікті жағдайға айналды. Және де ол бірқатар тақырыптық жобалар үшін аса қажет шара. Сондай‑ақ жақсы фильм жасаудың бірден-бір ұтымды жолы. Ал, шетелдік тәжірибеде режиссерлердің камерагер қызметін де атқаруы “сәнге” айнала бастады.
Осының өзі байқатқандай, бірте-бірте бізде де камерагерлер режиссерлік мамандықты игеретін шығар. Өйткені бүгінгі күнге дейін камерагер болуды мақсат еткен режиссерлер бар болғанымен, олар ауыр техниканы күн ұзақ иықтарынан түсірмей көтеріп жүруге оншалықты ықыласты емес. Ал, камерагерлердің режиссерлік мамандыққа бет бұра бастағаны ептеп байқалады.
Фильмнің режиссері
Кез-келген фильмнің темірқазығы драматургиядан тұрады. Драма – идеялардың түпсіз тұңғиығы. Әрбір сценарийді жазуға отырған сәтте сансыз идеялар ішінен ең сәттісін, ұтымдысын іздейсің. Деректі фильмді қалай бастаймын деген бір ғана идеямен талай парақты аямай-ақ шимайлайсың. Әу, дегеннен-ақ көрермен назарын жаулап алатын оқыс оқиғаларды сараптайсың. Ол бүкіл фильмнің беташары болатындықтан, көздеген тақырыбының негізгі жүйесін жоспарлауың қажет. Кейде фильм кейіпкерімен етене жақындасқан сайын ертеректе сені мазалаған бірқатар идеялардың туынды үшін ешқандай қажеттілігі жоқтығын да байқайсың.
Деректі фильмді түсіру - үлкен өнер. Алдымен жан-жақты білімділік, содан кейін кәсіби шеберлік фильмнің сәттілігін айқындайды. Ең бастысы деректі фильмді түсіру кезінде басқару қабілетіңнің кәсіби тұрғыда шыңдалғанын тексере аласың. Барлық режиссерлерге ортақ мәселеге қатысты Ф. Феллини былай деген: “Режиссер – кемедегі Колумбқа құсайды. Колумб Американы ашқысы келеді, ал командасы үйге қайтуға асығады”.
Түсірілім алаңындағы жалғыз қожайын – режиссер. Режиссерлік мамандық міндеті камераға түсіріліп жатқан кадрларды қадағалауда ғана емес, деректі фильмді жасайтын шығармашылық топты ортақ іске жұмылдыра білуінде де. Ұйымдастырушылық қабілетпен бірге әріптестеріңді дос ретінде танитын риясыз қарым-қатынасты қалыптастыра алсаң, ортақ істің игілікті табысын бір табан жақындата түсесің. Егер де шығармашылық топ өз мамандығын жетік игерген кәсіби шеберлерден тұрса, режиссердің жұмысы да жеңілірек болмақ. Ол:
- деректі фильм кейіпкерінен сұхбат алу үшін жақсы орын табу;
- камерагерге техниканы қоятын жерді көрсету;
- бас кейіпкердің образын жан-жақты ашу үшін оны тыңдай білу; Алдын-ала дайындаған сұрақтарыңды төпелеп қоя бермей, әңгіме барысына ыңғайлап сұхбатты жәй- жаспармен жалғастыру.
Жалпы деректі фильмді әзірлеу барысында, тек бас кейіпкерді “сүттен ақ, судан таза” етіп дәріптеуді ғана мақсат етпей, аудиторияның фильмді қалай қабылдайтынын назардан қағыс қалдырмай, оны да ойлаған ләзім. Әрбір фильмде кішкене болса да телекөрермен бұрын ести қоймаған жаңалықты көрсетіп, ынта-ықыласын арттыру, қызығушылық туғызу - табыстың бастау бұлағы. Сонда режиссер де, тапсырыс беруші де, көрермен де разы.
Көтерілген тақырып адамның сезімін селт еткізетіндей қуат берсе, қызықтырып, жүрегін толқыта алса телекөрермен экранды басқа арнаға ауыстырмайды, не өшіріп тастап, өзге шаруаға алаңдап кетпейді. Тақырып мазмұны бірте-бірте қызып, күшейіп, үрлемелі аспаптай, әуені үдей түссе, көрерменнің ынтазарлығы күшейіп, оқиға ортасында жүргендей, оған араласып кеткендей күй кешпек. Әр шаңырақтың төрінен орын алған теледидар қазір 100 арнаға дейін көрсетілімді ұсына алады. Міне, осы бәсекелестікте үй иесінің назарын өзіңе аудара алуы, жалықтырып алмауы деректі фильм көтерген идеяның көрермен көңіл-күйін селт еткізіп оята білуінде.
Газеттерде берілетін апталық теледидар бағдарламасымен танысуға, оқуға құлқы жоқ көрермен, қолына теледидар пультін алып, арналарды аралап кетеді. Күн ұзақ жұмыстан шаршап оралған, жантайып жатып демалуды ғана ойлаған көрермен көңіл-күйін дөп басу үшін фильмнің бүкіл ұзақ желісінде қызықты жәйттарды бөліп-бөліп ұсынсаң, ұтылмайсың. Әйтпесе, бұл тақырып осы оқиғамен тәмәм деп телекөрермен Сіздің шығармадан сырт бұрылмақ.
Сондықтан да деректі фильмнің алға қояр мақсаты – таңдап алған мәселенің шешімін бірте-бірте, рет-ретімен тарқату. Мазмұнының мәнісін әу бастан ашып тастамай, информацияны сыр сандықтан суыртпақтап шығарып, көрерменнің тағатын тауысу, шыдамын мазалау. Режиссер деректі фильмді қалай өрбітем десе - өз еркі. Ендеше, ол көрермен білгісі келген жайды там-тұмдап, тұздықтап жеткізіп отырса, көрермен ықыласы артады, әрі фильмнің соңына дейін экран алдынан алысқа ұзап кетпейді.
Ал басты мәселе – ең түйінді мықты информацияны фильмнің соңына қалдыруда. Сонда ғана режиссердің фильм соңындағы шығармашылық топтың тізімі тіркелген ақырғы кадрларды көрермен ризашылықпен оқып, танысатынына шүбәсіз сенімі болмақ.
Деректі фильмнің табиғатында өмір шындығы жатады. Онда көркем фильмдегідей қиялдан алған көріністер жоқ. Әлбетте, деректі фильм режиссері де, көркемфильм режиссері секілді фильмнің әліп биін, тілін білуі екеуіне ортақ ұғым. Бірақ деректі фильм режиссерінің міндеті мен туындыны зерделеуі, көруі мүлде басқаша.
Ең алдымен, деректі фильм режиссері техника тілін жетік білуі шарт.
Алдымен, деректі фильм режиссерінің білуі тиіс негізгі техникалық шеберліктерін тізбелеп көрелік.
1. Камераның түрлі жағдайдағы қозғалысы
Бұл панорамалық кадрларға, көлденең панорамалар жасауға, камерагер кранының немесе арбасының қозғалыстарын реттеп отыруға байланысты шеберліктер. Деректі фильм режиссері бұл тәсілдерді қалай және қандай кездерде пайдалануы керектігін жетік білуі шарт.
2. Көрерменді иландыру
Режиссурада бұл басты талаптардың бірі. Сіз көрермен назарын белгілі бір кадрға көз тоқтатқыздыңыз дейік. Мысалы, кейіпкер қамшысын көтеріп, алысты меңзеп тұрған сәт, ендеше келесі кадрда сонау көкжиекте жайылған жылқылар немесе осы тектес кадрлар көрінуі қажет. Көру мен сезіну түйсігі бір-бірімен қабысып жатса, оқиғаға илану бар. Егер фильмдегі кадрлар бейберекет монтаждалса алдымен ол көзді шаршатады, түйсікті тұмшалайды. Нәтижесінде нашар режиссердің сапасыз жұмысы деген баға аласыз.
3. Аралық кадрлар (перебивка)
Мұндай кадрлар фильм уақытын тиімді пайдалануға және күрделі эпизодтарды бөліп-жарып, сабақтастыра көрсетуге қызмет жасайды. Яғни, оқиғаларды байқатпай жымдастырып жалғайтын бейнеқатарлар атауы.
4. Көңіл-күйлік әсерлер
Фильм дүниетанымдылығының деректілігін арттыру үшін ірі кескіндегі кадрлар да керек (көңіл-күйлік әсерлерге де назар аударып отырған жөн). Егер Сіз экранда кейіпкер келбетін ерекше ірілендіріп танытқыңыз келсе, камерамен кадрды төменнен жоғарыға қарай жақындатып түсіресіз. Егер белгілі эпизодқа сыртқы күштің үстемдік сезімін аңғартқыңыз келсе, бейнеқатарды жоғарыдан төменге алыстатып түсіріңіз.
5. Оптика
Ұзын фокусты объектив - кадрдағы қозғалысты баяулатып, қанықтандыра түседі. Фотографтардың суреттері оптикаларына сәйкес сапалы, сапасыз болып жатады. Деректі фильмдерде кездесетін керемет кадрлар оптиканы пайдалану арқылы жүзеге асады.
Әрине, техникалық біліктілігімен қоса, деректі фильм режиссерінің жанрға сай көрегендік пен оңтайлы тәсілдерге түсінігі бай болғаны абзал. Деректі фильм өндірісі өзгеше пайым мен жұмыс әдістерін талап етеді. Кейде тіпті сценарийде жазылмаған, ештеңесі жоспарланбаған тақырыпқа жолығуыңыз ғажап емес. Идеясы да бұлыңғыр, тек болмашы жазбаларға сүйене отырып деректі фильмді қолға алуыңыз мүмкін. Бәрі кездейсоқ аяқ астынан тууы да жиі кездесетін жағдай. Оқиғаның маңыздылығын түйсікпен сезіне келе, аса қажетті детальдарды іздеп тауып, оны картинаңыздың өзегі ете бастайсыз. Бұлар деректі фильм өндірісінің көркем фильмге еш ұқсамайтын қырлары.
Жалпы режиссер не істеу керегін және қалай істеу қажеттігін білуі керек. Фильмде не айтқысы келгенін дөп басуы қажет.
6. Фильм мәнері (стилі) туралы
Режиссер фильмге кіріспес бұрын-ақ қалаған жұмысының мәнерін анықтап алып, оны одан әрі де өзгертпей ұстанып отырады. Тегінде көркем фильмдердің режиссерлері бұйыруға, ұнатпаса зекіп тастауға бейім болады. Бірақ бұл әдет деректі фильм режиссерлеріне қажетсіз. Деректі фильм режиссері бедел мен билікке онсыз да ие. Дегенмен, ең алдымен ол басқаларды тыңдай білуі шарт. Әр нәрсеге зейін сала жүріп, ақпаратты сұрыптап, жинап сахнаны да, адамдар назарында қағаберіс қалдырмауы керек. Мұндай уақытта режиссер әріптестері тарапынан қосымша идеяларға кілт іздейді. Сондай саңылаулар дастархан басындағы әңгіме барысында да туындауы ықтимал. Сөзден сөз шығып бір іс-әркетке тосыннан айтылған ой-пікірдің, фильмді түсіру барысына үлкен өзгеріс енгізетіні бар. Игі идеяларды талантты режиссер жерге түсірмей қағып алады, назардан тыс қалдырмайды. Сондықтан осы айтылғандардың бәрін ойдағыдай атқару үшін деректі фильмнің режиссеріне өзгелерді жалықпай тыңдай білуі ауадай қажет. Өйткені бір адам байқамаған құбылысты басқа кісі аңғаруы әбден мүмкін ғой.
Кино өнеріне қатысты теориялық оқулықтарда режиссердің қабілеті мен қасиеттері санамаланып, тізбеленіп жатады. Әлбетте, бір қарағанда көрегендік, ақыл, төзім, жоғары білім секілді қасиеттер қатардағы деректі фильмнің қарапайым режиссеріне деген тым жоғары талаптар болып көрінері анық. Дегенімен, болжағанын түйсікпен көре білу қасиеті де режиссер үшін басты нәрсе екенін екінің бірі аңғара бермесі белгілі.
Телефильм - қоғам мен адамның түсінісу құралы. Оны режиссер ұтымды пайдаланып, сәтті қолданудың жолын іздестіреді. Бірақ соңғы жылдары деректі фильмдерде қалыптаса бастаған жәйт - жалықтырып жіберетін, ұзын-сонар бейнесұхбаттар, белең алуда. Кейде осындай фильмдер жоспарды орындап, уақытты өткізу үшін жасалады ма дерсің... Режиссердің мұндайда сөз жарысына елігіп, бейнесәттердің құдіретін ұмытатыны өкінішті.
Сонымен, Сіздің режиссер көзі қарақты, қайталанбас суретті сезінетін елгезек жан делік. Деректі фильмде түсірілетін маңызды нысанды режиссер түпкі мақсаттан тамыр тартқыза таңдайды. Мұндайда қойылған идеяны жақсы білген режиссер ғана көре білу мәнері арқылы түсірілетін оқиға орындарын дәлме-дәл сұрыптамақ.
|
Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 |


