Кадрда: Астана көшелері. Парламент үйі. Үш бидің ескерткіші.
Диктор: Тарихта қалу үшін әр іс-әрекетін қадағалайтындар бар. Өнегелі атану үшін, өсиет сөзді жаттайтындар да жетерлік. Құмырсқаның қадамына дейін қадағалайтын құдіретті жаратқан пиғылы парасатты, ниеті аққа ғана жақ. Ұлы дәуірді санасына сыйғызған заңғарлар сезінер қадамға уақыт төреші. Тәңірінің осы іріктеуінен пенде аса алмасы хақ.
Парламент терезесінен төмендегі қалаға қарап тұрған кейіпкердің ойлы бейнесі. Кадрда Кенесары ескерткіші, өтіп жатқан өмірдей баяу аққан есіл өзені. Төре билердің Жоғарғы Сот жанындағы монументі.
Фильмді дайындаған шығармашылық топтың аты‑жөні беріледі.
Фильмнің соңы
Фильм-портреттер жасау үшін кейіпкердің өмірлік тәжірибесін, оның естеліктерін, өмірінде болған өзгерістерді, ойларын, белгілі бір оқиғалардың адамдар тіршілігіне тигізетін ықпалын білу керек.
Көп жағдайларда, егер адамның басынан кешірген оқиғалар, өзек өртейтін өкінішті халдері төңірегінде сұхбаттар жасалатын болса, әңгіме арқауы ауыр жүрері сөзсіз. Сіз мұндай жғадайда тек ақпар алып қоймай, сол ақпардың тасасында тұрған адам тағдырын да аңғаруға күш саласыз. Ең бастысы – неге көңіл бөлу керектігін, яғни, фактілерге ме, әлде көңіл-күй-эмоциясына ма, осыны саралап алғаныңыз жөн. Әдетте, екеуі де Сізді өз иірімімен алып кетуі ықтимал.
Дегенмен, тағы да көңіл аударар жәй бар. Әдетте, бүгінгі күн оқиғасын әңгімелеу мен кешегі өткен жайларды сараптаудың арасында бір‑бірімен қабыспайтын үлкен алшақтық, идеяны ашуға кедергі келтіруі жағдай болуы да мүмкін.
Деректі фильмді жасау жолдары
Әрбір фильмнің түсірілу мерзімі, мазмұны, жолы бір-біріне үнемі ұқсамасы анық. Шет елде идея әуелі қағазға түсіріліп, продюсер, өз тарапынан режиссер, сценарист, әрине бастысы тапсырыс берушіні іздейді. Грант үшін тендерге таласқа түседі. Қазір бізде де еліміздің экономикалық жағдайы түзелген сайын, осы бағыт басымдылық алатын ыңғай танытуда. Ал, әзірге нақты тапсырыстан кейін барып, идея іздеп сараңға түсеміз. Межеден ауытқымай, болашақ фильмнің тақырыбына ықылас білдірген сценарийшіге анықталған идеяны ұсынып, іске бел буа кіріскеннен басқа амал жоқ. Әдетте, өзіңе тосын тақырыпты бірден қатырып жасап беремін деу, тапсырыс беруші тарапынан күдік туғызары анық. Шығармашылық ой-өріс пен қиялға еңбек табандылығы қосылғанда ғана кез-келген тақырыпты толық игере бастайсың.
Идеяны игеру
Тақырып айқын. Бірінші кезекте ойдағы идеяны таспада бейнелеп беруге ықылас білдірген тәжірибелі режиссерлермен пысықтап алу – алғашқы алынған асу. Мұндайда әріптестердің ақыл-кеңесі де артықтық етпейді. Осы аралықта отыра қалып, уақыт өткізбей фильмнің қарадүрсін жобасын жазып тастаған жөн. Көздеген мақсаттан жаңылмас үшін, фильмге қатысы бар-ау деген болжамдарға негізделген аңыздар мен тарихи тұспалдарға да арқа сүйеп, болашақ кейіпкермен молырақ сұхбат жүргізу қажет. Бұл ‑ негізгі міндетіңіз. Қызықты идеяның ұшын ұстағаныңызды, фильм жасауға үміткерлер арасында сіздің талпынысыңыздың, шеберлігіңіздің бағалануына жол ашады. Сонда ғана тапсырыс берушінің сенімін нығайтып, оның келісілген мөлшерде қаражат бөлетін шартқа қол қоюына көзін жеткізесіз.
Продюсер (ағылшын сөзі “producer” - өндіруші) – қазіргі ұғымда өнердегі бизнесмен анықтамасына жақын сөз. Өндіріс саласын жетік игерген, нарықтағы сұранысты толық түсінетін және жасалған жұмысынан өзіне ғана емес, шығармашылық топқа да табыс таба білетін ұйымдастырушы. Продюсер өзінің бар қайрат-жігерін көздеген нысанасына жету үшін жұмсап қана қоймай, тәуекелдің желқайығына белді буып мініп, көздеп отырған ісі мен алар асуынан ерекше қанағат сезіммен қатар, ерекше мархабатына бөленгенді де мақсат етеді.
Фильмнің продюсеріне – кинематографияның кәсіпкері деген балама лайықты. Ол фильм жасаудағы ең басты тұлға. Фильмнің аяғына дейін бақылау жүргізіп қадағалайды. Шығармашылық топты құрады, өнім шығару мерзімін белгілейді және қаражатқа толық жауапкершілікті мойнына алады. Продюсердің бірінші міндеті – дайын өнімнен таза пайда табу. Бірақ оны қазақстандық жағдайда жүзеге асыру мүмкін емес секілді. Экономикалық есептеулерге жүгінген статистикалық деректерге қарағанда, фильм өзін-өзі қаржылай ақтауы үшін ол бір тілде ғана сөйлейтін 40 миллион көрерменнен аз емес аудиторияға арналуы тиіс. Демек, қазақстандық кинематография табыс табуы үшін сыртқы рыноктағы бәсекелестікте ерекше басымдылық көрсетпесе, ауызды шөппен сүртіп, қарап отырмақпыз. Көршіміз, 150 миллион тұрғыны бар Ресейде, 1,5 миллиард халқы бар Қытайда өнер мен мәдениет көпшілік сұранысына ие болса, продюсер сәтті бір туындысымен-ақ байып шыға келеді.
Сондықтан да, еліміздегі тәуір деген кино-телетуындыларды шетелге шығарып таныстыру ісі Сыртқы Істер және Мәдениет министрлігіне тапсырылуы тиіс. Әйтпесе, жеке таныстық арқылы жасалып жатқан шаралар бір күндік, әрі нәтижесі де көңіл тоғайтарлық емес. Ұсақ-түйек жүлделерді ұтып жатқан кинофильмдеріміз жетіліп артылады. Бірақ, соны қарқ қылып көріп, тамашалап жатқан жандарды көргеніміз жоқ. Ондайда сірә, режиссер фильмді өзі үшін түсіреді, 4-5 адамдық жюриі бар конкурстан бәйге алады. Сонымен барлық шаруа тәмәм болады деп түйіндеуге болар.
Ал, орасан зор табысқа жету үшін тіптен американдық продюсерлер де ежелден-ақ бір отауға біріккен. Голливудтағы алғашқы кино 1896 жылы түсірілген. Продюсерлер болса тәй-тәй басқан түңғыш қадамдарын нығайту үшін әу бастан-ақ банкроттық пәледен құтылу жолында фильмнің прокатымен және өндіріспен айналысатын сегіз ірі студияға бас біріктірген.
1. Юниверсал – 1912 ж. құрылған
2. Парамаунт – 1914 ж.
3. Юнайтед Артистис – 1919 ж.
4. Метро-Голдвин-Майер – 1924 ж. (Майер – 1912 ж., Голдвин – 1914 ж., Метро – 1915 ж.)
5. Уорнер Бразерс – 1923 ж.
6. ХХ ғасыр-Фокс – 1935 ж. (Фокс – 1914 ж.)
7. Коломбиа – 1924 ж.
8. RKO (Radio-Keith-Orpheum) – 1928 ж. құрылған.
ХХ-ғасырдағы американдық кинематографиядағы барлық жетістік жемісі – Голливудтың ұлы продюсерлерінің іскерлігімен тарихта таңбаланып қалды. Жүздеген фильмдер банкроттыққа ұрынғаны хақ. Бірақ соңғы онжылдықта Голливудтың жыл сайынғы таза табысы екі миллиард доллардан төмен түспепті. Ал 2001 жылы Голливуд рекорды 7,3 миллиард доллар таза пайданы құрады.
Халықаралық ғаламат корпорацияға айналған Голливуд кино өнерімен-ақ, ғаламдық идеологияға үстемдік орнатты. Әлемдік капитал қожайындары Голливудқа қаражат құюға құмар. Өйткені бір-екі жылда түсетін таза пайда, онжылдық еңбекті орап әкетеді. Әсіресе, “Титаник” фильмі түсірілгеннен кейін Голливуд төрткүл дүниені толық табындырды. Ондағы продюсерлер кино бәсекелестігінің бас бәйгесін енді ешкімге бермесін айғақтады.
Жалпы әр фильмде бас продюсерлерден басқа түрлі салаға жауап беретін бірнеше продюсер болады. Оларды Бас продюсердің орынбасарлары не көмекші-кеңесшілері деп атауға болар. Біздің елімізде продюсер термині біртіндеп қалыптасуда. Кеңес заманында фильм директоры қызметін атқарғандардың кейбірі продюсер мамандығын игерді. Негізінен ондай фильмнің бұрынғы директорлары мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатты ғана қадағалап, тек ұйымдастырушылық шаруамен шұғылданғандықтан бизнес негізін түсіне алмай, ескіше іс жүргізіп, продюсерлік деңгейіне жетпей жатты. Керісінше режиссер, актер, драматург-сценаристер, яғни шығармашылық мамандықтың өкілдері продюсерлікті тез меңгеріп үлгерді. Өйткені оларды биліктегілер, қаржысы бар спонсорлар жүзбе-жүз таниды. Қабілеттеріне сеніп қаражат бөледі. Танымал тұлғалардың білімі мен тәжірибесі, табиғи таланты демеуші үшін белгілі жобаны жалтақтамай қолдауға жетерлік жәйт. Халқы сүйсінген азаматты сүйеу кімге де болмасын зор ғанибет. Өйткені осының өзі-ақ фильм қаржылай пайда түсірмесе де, талантты тұлғаның көрермен сүйсініп қарайтын табысты жоба жасайтындығына толық сенім туғызады.
Продюсерлік мамандықты таңдау үшін: адамды тани білу, тәуекелге бел буу, талап ету, жинақы болу, қайтарымсыз жақсылық жасау, күмәнсіз сенім арту, жасқанбай, жалтақтамай шешім қабылдау, үнемшіл болу, иландыру, әзіл-қалжыңмен көңіл көтеру, ақша табылса алынбайтын асудың, орындалмайтын арманның болмайтындығына сендіру, қажет болса жағымсып-жалпақтау, қилы сәтте тығырықтан қиналмай шыға білу… қойшы толып жатқан қабілетке сай болуың тиіс. Жігітке жеті өнер де аз дегендей – продюсер – сегіз қырлы, бір сырлы адам. Егер әке-шешең мықты, бай қайың жұртың арқаңнан тіреп тұрса, ақшаны шытырлатып санап, шалқайып жүріп-ақ бар шаруаны тындырасың. Бұл некен‑саяқ жағдай. Тек төмендегі қағидаларды сақтай білетін нағыз продюсерді қызметке қателеспей дәл тауып алсаң болғаны. Әйтпесе сары ауыз продюсерді әккі режиссер жарға жығып алдап, кетпесі не ешкім кепілдік бере алмайды.
Продюсердің білуге міндетті қағидалары:
- Тақырыпты дұрыс таңдау;
- Мықты режиссер табу;
- Қаржымен жобаны толық қамтамасыз ету;
- Идеяны тамаша жеткізетін сценарийшіге тапсырыс жасау;
- Бизнес-жоспарды қатесіз толтыру;
- Студиямен келісім-шартқа отыру;
- Шығармашылық топ құру;
- Фильмнің жобасын жасау;
- Күнделікті түсірілген материалға бақылау жүргізу;
- Монтаж өнерін танып-білу, сезіну;
- Авторлық құқықты жатқа айту;
- Фильмді қандай эфирге беретініңді алдын-ала жоспарлау;
- Фильмнің саясатын, идеясын сезіну;
Бірақ осы қағидалар толық түрде сақталғанымен де егер продюсер өз режиссерін дәл таңдай алмаса, фильм көздеген нысанасына жете алмайды. Сәтті туынды жасауға шамасы жетпеген кейбір режиссерлер жол айырықта жобаны тастап, кетіп қалуы да ықтимал.
Немесе мен кәсіби шебермін, продюсер ештеңені түсінбейтін, өнердің иісін сезбес, тас керең біреу деп таусылмас дауға бастауы да әбден мүмкін. Сондықтан да продюсердің ерекше іскерлігімен қатар киноөнеріне махаббаты шексіз болғаны құба-құп. Ол тума талантпен қоса еселі еңбек, білім мен өнерге құмарлықтан туындайтын тәжірибе мектебі.
Продюсерлік пайым
Бұрындары фильмнің директоры, көркемдік жетекшісі болашақ туындыға жауапкершілікті толық мойнына алатын. Қазір бұл міндеттерді продюсер атқарады. Кей-кезде есімі белгілі режиссерлер жоғары жалақы алу үшін, продюсер де, сценарийші де, режиссер де, камерагер де, монтаждаушы қызметін де өз мойнына жүктейді. Тегінде жігітке «сегіз қырлы, бір сырлы» сай құбылыс бірен-саран екені белгілі. Баршаға ортақ тағылымға тоқталсақ, басшылық Продюсер жетегімен жүрмек.
Сонымен, фильмге керекті тапсырыс қалай жазылып, мазмұнын нендей ақпараттармен толтыру керек? Бұл тұрғыда қатып қалған ереже жоқ. Дегенімен, тапсырыстың белгілі бір тұлғаға немесе ұжым-мекеме басшысына арналатыны анық. Олармен алдын-ала ауызша келісіп алсаңыз, мақсатыңыздың толық орындалатынына сенім мол. Сөйте тұра демеуші мен тапсырыс берушіге хат жолдағанда ескеретін мәселе:
- Мекеме немесе ұжым басшысы ұзақ-сонар хатты аяғына дейін оқып жатпайды. Көңілі аумаса орынбасарына ысыра салады. Оның аяғы белгілі. Сіз ешкімді ренжітпейтін, тек “қаражат қиыншылығы болмағанда қолдар едік” деген шенеуніктердің әдеттегі хат жауабын аласыз.
Ал керісінше жеке тұлғаға ұсыныс жазғанда қаламды құлаштай серпіген ләзім. Жылы сөз жүрекке жылы, көңілге жақын келеді. Ықылас ниеті қаражатқа зәруліктің енжар пиғылын жеңеді. Түбі келіссөз басталса, үміт ұлғаяды.
Енді Сіздің демеушіге арнайы хатыңыздың ұзын-ырғасында мына мәліметтерді сұрыптағаныңыз дұрыс болар еді:
1. фильмге ұсыныс;
2. нақты дәлел-дәйектеріңіз;
3. фильм мазмұны, стилі, көркемдігі;
4. түсірілім жұмыстарының мерзімі;
5. көрсетілетін аудитория, телеарналар тізімі;
6. фильмнің режиссері, бұрын жасаған ең сәтті туындысын атап өткен жөн.
7. тарихи мәні, қоғамға әсері;
8. қаржы сметасы.
Соңғы қаржы сметаға келсек, тапсырыс берушінің мүмкіндігін алдын-ала зерттеп алған дұрыс. Демеушіні білмей тұрып, оның ынтасын фильмнің құнымен шошытып жіберуіңіз әбден мүмкін. Тапсырыс берушіні тамаша идеяңызбен қызықтыра алатыныңызға сенімді болсаңыз, баға мөлшерін бетпе-бет кездесуде жеткізе аласыз. Егер мекеме қаржысы мол құрылым болып жатса, сұрайтын қаржыны толық мөлшерде көрсетіп, дәлелдеп беруіңіз қажет.
Тегінде ең бастысы – фильмнің қажеттілігін демеушіге дәлелдеу үшін оның тарихи мәні мен қоғамға тигізер әсерін ерекше маңызбен, салмақты жеткізе алсаңыз, басқа ақпараттарыңызға тапсырыс беруші өз тарапынан қосымша ұсыныс енгізіп, екі жақ тіл табысып, игілікті іске білек түре кірісіп кете аласыз. Тәуелсіздігіне бір мүшел толған егемен елімізде қазір халыққа титтей де болса ықпалы бола алатын көркемөнерге жанашырлық танытар азаматтар баршылық. Қысқасы, сіздің ұсынысыңызды оқып отырған адам «фильм үшін бұл ғаламат, ғажап идея» екендігіне сенуі тиіс. Содан кейінгі кезекке фильмді қалай түсірмекшісіз сауалы шығады. Демеушілердің дені сауатты. Олардың Сізге қояр міндетті сұрақтары:
1. Фильм қандай камераға түсіріледі?
2. Сапасы қандай болмақ?
3. Телеарналар эфирге қоя ма (күндізгі әлде, кешкі уақытқа)?
Осы тақылеттес тақырыптардың басын ашып алғаннан кейін, демеуші, ақшасын текке шығармасына сенеді. Алғашында өзі де фильм жасауға ерекше ынтамен кіріседі. Бірақ ол нағыз шығармашылық толасыз талап пен қиын еңбек екеніне көзі жеткен соң, уақыт өте келе бүкіл билікті Сіздің қолыңызға береді, жауапкершілікті Сізге артады. Осындайда екеу-ара түсіністік орнаса, алда әлі де бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік туатынын ұмытпаңыз. Ешқашан да қалай да болса көбірек ақша табу үшін ғана емес, қалай да болса жақсы туынды жасау үшін күш салыңыз.
Баспасөз және фото-бейнематериалдар
Еліміздегі халықаралық қалыптарға сай авторлық құқық туралы заң қабылданғанын ескерсе отырып, ыңғайсыз жайларға тап болмас үшін фильміңізде көрсетілетін бейнеқатарлардың рұқсатын алдын-ала алған жөн. Әйтпесе, фильміңізде бірнеше секунд қана пайдаланылған фото-бейнематериалдар үшін фильмге кететін қаражаттың мөлшеріннен де көп айыппұл төлеуге душар болып, енді-енді авторлық құқық тәртібі қалыптаса бастаған тұста, ешкім байқай қоймас деп, торға тұтылып қалуыңыз ықтимал.
Әр жылдар бедерінде баспасөзде жазылған деректерге, мәліметтерге сүйенгенде, пікір құндылығына, дәрежесіне, ақпараттардың күмән туғызбасына ықтиярлықпен зер салыңыз. Статистикаға да абайлап қарап, жіті ден қойыңыз. Себебі кейінгі кезде баспасөзде тексерілмеген, жобамен алынған мәліметтер жетіп артылады.
Зерттеу тақырыбына түсірілетін фильмдердің қиындықтары жетерлік. Мұндай кездерде түпнұсқа мен ақпарат көздеріне үңілген жөн. Мысалы, Ұлы Отан соғысы туралы фильм түсірерде бірнеше тарихи немесе көркем кітаптар оқу жеткіліксіз. Ондай жағдайда фильміңіз кеңестік тұрғыдағы қалыптасқан көзқарасынан аса алмайды. Сол уақыттың құжаттарымен, жауынгерлер күнделіктерімен, майдан баспасөзімен, үнпарақтармен танысуға тырысыңыз. Соғыстың зұлмат екенін айта салу оңай. Соғыстың құжаттарына, сол тұстағы мемлекеттік меморандумдар мен Бас қолбасшының ұрандарына үңілсеңіз, құнды дүние қолыңызға ілігуі нақ. Мұнсыз ештеңе шықпайды, бұрынғыны қайталап қана қоясыз.
Ал фото-бейнематериалға келсек, біздегі архивтен жалықпай іздесеңіз құндылығы көп дүниені міндетті түрде қолға іліктіресіз. Әсіресе, Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары жинақталған мұрағаттарда ашылмаған дүние көзі орасан. Қазына қасымызда, тек тер төгіңіз. Мұнымен Сіз әзірге қалыпты жүйеге түспеген мұрағат қорындағы каталогтарды реттеуге көмектесесіз. Қалап алған тақырыбыңызға ерекше қатысы бар оқиғалардың қай жылдары маңызы зор болғанын білсеңіз, түптің-түбінде сезу түйсігіңіз және интуицияңыз Сізді қажетті материалға адастырмай жолықтырады. Мұндай мысалмен көптеген режиссерлер өз тәжірибесінде жиі ұшырасатынын жасырмайды. Әсіресе күнделікті газет-журналдарды қалт жібермей қадағалап отырыңыз. Өзіңіз зерттеп жүрген тақырыпқа қатысы бар материал кездестіретініңізге өз тәжірибеммен кепілдік бере аламын.
Табиғат тақырыбы
Қазақтың кең жазира жазық даласы. Кімдер келіп, кімдер кетпеді десеңізші. Тарихи‑деректі фильмдер жасағанда оқиғаны кез-келген жерде түсіре бер, өйткені қазақтың қай жері, мейлі даласы мейлі қыраты болмасын бір-біріне егіздей ұқсас деген ұғым көзқарасын кейінгі жылдарда түсіріліп жатқан фильмдерде жиі байқалуда.
Салт атпен жүріп, осынау кең сахараны ақыл айласы, білек күшімен қорғай алған бабалар аруағы алдында қазақтың даласы мен тауларына осылайша күпірлік көзбен қарау шатасқан кадрларды экранда көрсету – кешірілмес күнә. Сондықтан да демеушімен келіскен кезде жаңылмас үшін құшағыңыз жетпесті, құшпаңыз. Батыс Қазақстанда түсірілетін оқиғаны, Орталық Қазақстанда бейнелеп түсіріп, сөйтіп қаржы үнемдеймін деген алдамшы ойдан ада болыңыз. Тегінде мұндай салғырттық көзқарас фильмді асығыс жасаудан туындайды. Ақырында ол көрерменді, әсіресе кейінгі жастардың түсінігіне кері әсерін тигізіп, Жер-анаға деген махаббат сүйіспеншілігінен гөрі, бейғам, босбелбеу ұлттық құндылықтан тас керең сезімсіздерді көбейтеді.
Елім, жерім деп ән салатын әншілеріміздің бейнеклиптерінен өз атамекенімізді емес, өзге республиканың жерін, кейіпкерлерін көргенде, ішің удай ашиды. Амал жоқ «бармақ тістеп, бас шайқап» күрсінесің.
Мұндай оқиғалар деректі фильмнің сәтті шығуына кілт табудың қиындығынан туындайды. Абстрактілі тақырып негізінде белгіленген идеялар топтамасында құрылған:
1. көне сәулет өнері,
2. тарихи дәуірлер,
3. жағрафиялық аумақтарға
қатысты фильмдерді түсіру күрделі-ақ. Онда образды анықтай алмасаң, ондаған идеялардың бірінен соң бірін таңдап, қателікке ұрынасың. Нәтижесінде белгілі бір қисынға келетіндей‑ақ әсер беретін, бірақ ешбір тартымдылығы жоқ қызықсыз бейнеқатарларды көреміз. Сайып келгенде әр фильм үшін оның кілтін тапқанша ізденуге тура келеді.
Қазақстан табиғатын салт-дәстүрлермен байланыстырып ұсынған “Лик души” атты бір тамаша фильмде жалғыз бейнеқатардың ұлттық салт-дәстүрді теріске шығаратын тұсы бар. Танымал режиссер табиғат сұлулығын әспеттеген осы фильмінде ешкім әлі суреттей алмаған әдемі әдісті тапқан. Бір кілтипан, фильмді шыншылдықтан адастырған. Ол – жаздыгүні бүркітшінің түлкі аулауы. Міне, осы көрініс, сәтті фильмді бүлдіріп тұр.
Қан сонарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға...
Біреуі – көк, біреуі – жер тағысы,
Адам үшін батысып қызыл қанға.
Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл,
Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.
Ұлы Абайдың осы Ұлы сурет жолдары кімнің болмасын жадында жатталып қалған. Бәлкім фильмді түсірген режиссер мұнымды ешкім байқай қоймас деп ойлар. Бірақ, деректі фильмнің атқарар жүгі тек ақиқат, шындық, нақтылықты қалайды. Соны есте ұстаңыз. Егер осы саланы кәсіп еткен деректі киноның майталман шеберлері өз тәжірибелерінде осындай қателіктер жіберсе, жастардан не күтпексің. Сондықтан да фильмнің өн бойында кейіпкер мен оқиға орнын толық зерттеген жөн. Кей мәселеде біліміңіз осалырақ болса, көпті көргендермен кеңескен абзал. Ешқашанда қарапайым шешімдермен сиқырлы формулалар құрылмайды. Түйіндей айтсақ, табиғат байлығы туралы деректі фильм түсіру – бейнеті бітпейтін шаруа. Көп уақыт пен қажымас қайратты қажет етеді. Мұндағы қатаң талап кез-келген роман мен повестегі көріністердей суреттелген тарихи орын мен көрікті жерлердің нақтылығы.
Асылында, бұл тақырыпта фильм түсіргіңіз келсе, көрерменнің жан дүниесіне, сезіміне әсер ете алу жолдарын жадыңыздан шығармаған абзал. Әрбір эпизод өзінің тікелей міндетімен қоса, фильмге тереңдік бере түсетін эмоциялық, көңіл-күйлік әсершілдігімен де құнды. Нәтижесінде көрермен фильмнің осындай сәттерін есте сақтап қалады. Фильмдегі әрбір кадрдың режиссер үшін алтыннан да қымбат көрінетіні сондықтан.
Фильм түсіруге дайындық
Әдетте, жақсы фильм үлкен еңбек, көптеген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде туады. Дайын фильмді көргенде барлық бейнеқатар, диктор мәтіні, музыка, өзінен-өзі тізіле қалғандай көрінеді. Алайда, деректі фильмді жасау үшін жиналған материалдардың оннан бірі фильмге пайдаланылса, қанағаттанушылық сезіміне бөленесіз. Осы халді американ режиссері Джим Беверидж: - «Зерттеу ісінің сегізден жеті бөлігі су астында және сол қабаттарды айдын бетінде ешқашан көрінбейтін Мұзтауға теңеуге болады», - деп айқындайды. Бұл “жақсы журналисттің жазған мақаласының сөз тіркестері қатпарында қалың ой жатады” деген ұғымға жақын дүние. Деректі фильмнің құндылығы да осында.
Көп жағдайда автор фильмді қалай бастап, немен аяқтарын алдын-ала пішіп те қояды. Бірақ материалдар тасқыны тоқтаусыз жиналған сайын алғашқы ой саязданып, тақырыпты терең зерттеуге ұмтыласың. Мұндайда басты мақсатты нақты анықтасаң - іс оңға баспақ. Қиындықтар, негізінен, жалпы тақырыптарға түсірілетін фильмдерді жасау кезінде туындайды.
|
Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 |


