- қызметтiк iссапарларға ақы төлеу үшiн қабылданған норма бойынша бұл шығындарды ұйым, жұмыс берушi өтемейтiн реттегi тұрғын үйдi жалдау құны;
2) бұл адамдар үшiн қылмыстық процестi жүргiзушi органның талап етуi бойынша тұрғылықты тұратын жерiнен тысқары жерде тұруы қажет болған кезде және тәулiктiк ақыны ұйым, жұмыс берушi өтемейтiн кездегi - тәулiктiк ақы;
3) олар үшiн орташа жалақысын ұйым, жұмыс берушi сақтайтын жағдайлардан басқа, қылмыстық процестi жүргiзушi органның талап етуi бойынша қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысуға кеткен барлық уақыт үшiн орташа жалақы;
4) сол адамның қылмыстық процестi жүргiзушi органның талап етуi бойынша тергеу iсiне немесе басқа да iс жүргiзу әрекетiне қатысуы нәтижесiнде сапасынан айырылған немесе жоғалған мүлiктi қалпына келтiруге немесе сатып алуға арналған шығындары.
2. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдар жәбiрленушiнiң, оның заңды өкiлiнiң, куәнiң, аудармашының, маманның, сарапшының, куәгердiң, сотқа шақырылған, бiрақ алқабилер алқасының құрамына iрiктеп алынбаған алқабиге кандидаттың қылмыстық процестi жүргiзушi органның талап етуi бойынша қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысуға кеткен барлық уақыты iшiндегi орташа жалақысын сақтауға мiндеттi.
3. Маман мен сарапшыға сондай-ақ оларға тиесiлi химиялық реактивтер мен тапсырылған жұмысты орындау кезiнде жұмсалған басқа да шығыс материалдарының құны, сондай-ақ жұмысты орындау үшiн олардың құрал-жабдықтарды пайдаланғаны, коммуналдық қызмет көрсетулер және машина уақытын тұтынғаны үшiн төлеген ақысы өтеледi.
4. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде шыққан шығындар осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдардың өтiнiшi бойынша, қылмыстық процестi жүргiзушi органның қаулысының негiзiнде, заңдарда белгiленген мөлшерде өтелуге жатады. Аталған шығыстар сонымен қатар осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарды тергеу iсiне қатысуға тартқан тараптың есебiнен не осы Кодексте көзделген басқа жағдайларда өтелуi мүмкiн. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1, 2 және 4-тармақтарында көзделген шығындар заңдарға сәйкес қылмыстық процестi жүргiзушi органның өз бастамашылығымен өтелуi мүмкiн. Көрсетiлген шығыстарды төлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
Ескерту. 174-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.01.08 N 210, 2009.12.10 (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.12.11 N 230-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
32-тарау. Сот сараптамасы
240-бап. Сараптаманы тағайындау
Сараптама сарапшы арнайы ғылыми бiлiмдер негiзiнде жүргiзетiн iс материалдарын зерттеу нәтижесiнде iс үшiн маңызы бар мән-жайлар алынуы мүмкiн жағдайда тағайындалады. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы өзге адамдардың мұндай бiлiмiнiң болуы қылмыстық iстi жүргiзушi адамды тиiстi жағдайларда сарапшы тағайындау қажеттiлiгiнен босатпайды.
241-бап. Сараптаманы мiндеттi түрде тағайындау
1. Егер iс бойынша:
1) өлiмнiң себептерiн, денсаулыққа келтiрiлген зиянның сипаты мен ауырлық дәрежесiн;
2) iс үшiн маңызды болып, бiрақ жасы туралы құжаттар болмағанда немесе олар күмән туғызғанда күдiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң жасын;
3) күдiктiнiң, айыпталушының есiнiң дұрыстығы немесе қылмыстық iс жүргiзуде өзiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн өз бетiнше қорғау қабiлетi жөнiнде күмән туғанда олардың психикалық немесе тәнiнiң жай-күйiн;
4) жәбiрленушiнiң, куәнiң iс үшiн маңызы бар мән-жайларды дұрыс қабылдау және олар туралы айғақтар беру қабiлетiне күмән туған жағдайда олардың психикалық немесе тәнiнiң жай-күйiн анықтау қажет болғанда;
5) iстiң өзге дәлелдермен дәйектi түрде анықталмайтын өзге де мән-жайын анықтау қажет болғанда, сараптаманы тағайындау мен жүргiзу мiндеттi болады.
2. Егер айыпталушының психикалық жай-күйiне Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде өлiм жазасы немесе өмiр бойына бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген қылмысты жасағаны үшiн күмән келтiрiлсе, сот-психиатриялық сараптаманы тағайындау мен жүргiзу мiндеттi болады.
Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 3 және 4-тармақтарында тiзбеленген негiздемелер бойынша күдiктiге, айыпталушыға, жәбiрленушiге, куәға амбулаториялық сот-психиатриялық сараптама тағайындалады және жүргiзiледi. Егер сарапшы стационарлық сот-психиатриялық сараптама жүргiзбей және сынақтан өтушiнi стационарлық тексеруге орналастырмай қорытынды беру мүмкiн еместiгi туралы хабарлаған жағдайда, осы Кодекстiң 247-бабының тәртiбiмен қылмыстық iс бойынша стационарлық сот-психиатриялық сараптама тағайындалады.
Ескерту. 241-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
242-бап. Сараптама тағайындау тәртiбi
1. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган сараптама тағайындау кажет деп тани отырып, бұл туралы қаулы шығарады, онда: сараптама тағайындаған органның атауы, сараптаманы тағайындау уақыты, орны; сараптаманың түрi; сараптама тағайындау үшiн негiздер; сараптамаға жiберiлетiн объектiлер және олардың шығу тегi туралы ақпарат, сондай-ақ көрсетiлген объектiлердi зерттеу барысында толық немесе iшiнара жою, олардың сыртқы түрiн немесе негiзгi қасиеттерiн өзгерту мүмкiндiгiне рұқсат; сот сараптамасы органының атауы және (немесе) сот сараптамасын жүргiзу тапсырылған адамның тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiледi. Қылмыстық процестi жүргiзушi органның сараптама тағайындау туралы қаулысы ол жiберiлген және өз құзыретiне жататын органдардың немесе адамдардың орындауы үшiн мiндеттi.
2. Сараптама жүргiзiлмей қылмыстық iстi қозғау туралы шешiм қабылдау мүмкiн болмайтын жағдайларда, ол қылмыстық iс қозғалғанға дейiн тағайындалуы мүмкiн. Бұл ретте, мыналар:
1) қылмыстар туралы арыздарға немесе хабарламаларға қоса берiлетiн, осы Кодекстiң 178, 179, 180, 181-баптарына сәйкес табыс етiлген;
2) осы Кодекстiң 182-бабына сәйкес қылмыстық iстi қозғауға құқық берiлген лауазымды адамдар және органдар тiкелей тапқан;
3) тергеуге дейiнгi тексеру барысында осы Кодекспен жол берiлетiн iс жүргiзу әрекеттерiнiң нәтижесiнде алынған;
4) осы Кодекстiң 125-бабында көзделген тәртiппен талап етiлiп алынған немесе табыс етiлген материалдар сот-сараптамалық зерттеулердiң объектiлерi болып табылады.
3. Iсте ревизия, тексеру актiлерiнiң, ведомстволық инспекциялар қорытындыларының, сондай-ақ iс жүргiзу әрекеттерi барысында мамандар жүргiзген зерттеулердiң нәтижелерi бойынша жасалған ресми құжаттардың болуы нақ сол мәселелер бойынша сот сараптамасын тағайындау мүмкiндiгiн жоққа шығармайды.
4. Сараптама өздерiнiң немесе өздерiне берiлетiн құқықтары мен мүдделерiн қорғайтын процеске қатысушылардың бастамасы бойынша тағайындалуы мүмкiн. Өзiнiң немесе өзiне берiлетiн құқықтары мен мүдделерiн қорғайтын процеске қатысушы қылмыстық процестi жүргiзушi органға, өз пiкiрi бойынша, сарапшының қорытындысы берiлуге тиiс мәселелердi жазбаша түрде ұсынады, зерттеу объектiлерiн көрсетедi, сондай-ақ сарапшы ретiнде шақырылуы мүмкiн адамды (адамдарды) атайды. Бұл ретте, шешiлуi өзiне ұсынылған мәселелер қылмыстық iске немесе сот сараптамасының нысанасына жатпайтын жағдайларды қоспағанда, қылмыстық процестi жүргiзушi орган сараптама тағайындаудан бас тартуға құқылы емес.
5. Бастамасы бойынша сараптама тағайындалып отырған процеске қатысушы сараптамалық зерттеу объектiлерi ретiнде заттарды, құжаттарды ұсына алады. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган дәлелдi қаулысымен оларды мұндай объектiлердiң қатарынан алып тастауға құқылы.
6. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган ұсынылған мәселелердi қарап, олардың қылмыстық iске немесе сот сараптамасының нысанасына жатпайтындарын қабылдамайды, сарапшыдан бас тартуға негiздердiң бар-жоғын анықтайды, содан кейiн осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген талаптарды сақтай отырып, сараптама тағайындау туралы қаулы шығарады.
7. Сараптама жүргiзуге байланысты шығыстарды өтеу, сондай-ақ сарапшының еңбегiне ақы төлеу осы Кодекстiң 21-тарауының ережелерi бойынша жүргiзiледi.
8. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган, егер сараптама жүргiзу кезiнде олардың қатысуы мiндеттi деп танылса, сезiктiнi, айыпталушыны, жәбiрленушiнi, куәнi сарапшыға жеткiзудi қамтамасыз етедi.
Ескерту. 242-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.01.20 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз) Заңымен.
243-бап. Сот сараптамасын жүргiзу тапсырылуы мүмкiн адамдар
1. Сот сараптамасын жүргiзу:
1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлерiне;
2) лицензия негiзiнде сот-сараптама қызметiн жүзеге асыратын адамдарға;
3) заң талаптарына сәйкес бiр жолғы тәртiппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкiн.
2. Сараптама жүргiзу iс жүргiзуге қатысушылар ұсынған адамдардың бiрiне тапсырылуы мүмкiн.
3. Сараптама жүргiзу тапсырылған адамды шақыру туралы тергеушiнiң талабы аталған адам жұмыс iстейтiн ұйымның басшысы үшiн мiндеттi.
Ескерту. 243-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2000.05.05 N 47, 2001.11.06 N 251 Заңдарымен.
244-бап. Сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң, қорғаушының және жәбiрленушiнiң өкiлiнiң сараптама тағайындау және жүргiзу кезiндегi құқықтары
Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.12.11 N 230-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
1. Сараптама тағайындалған және ол жүргiзiлген кезде жәбiрленушiнiң, сезiктiнiң, айыпталушының, қорғаушының және жәбiрленушiнiң өкiлiнiң:
1) сараптама жүргiзiлгенге дейiн оның тағайындалғаны туралы қаулымен танысуға және өзiне тиесiлi құқықтарына түсiндiрме алуына, бұл туралы хаттама жасалады;
2) сарапшыдан бас тартуға немесе сараптама жүргiзуден сот сараптамасы органын шеттету туралы өтiнiш жасауға;
3) сарапшылар ретiнде өздерi атаған адамдарды немесе белгiлi бiр сот сараптамасы органының қызметкерлерiн тағайындау туралы, сондай-ақ сараптаманы сарапшылар комиссиясының жүргiзуi туралы өтiнiш жасауға;
4) сарапшының алдында қосымша мәселелер қою немесе бұрын қойылғандарын нақтылау туралы өтiнiш жасауға;
5) қылмыстық процестi жүргiзушi органның рұқсатымен, осы Кодекстiң 246-1-бабында көзделген тәртiппен сараптама жүргiзу кезiнде қатысуға;
6) осы Кодекстiң 254-бабында көзделген тәртiппен сарапшының қорытындысымен не қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарламамен танысуға құқығы бар.
2. Аталған құқықтарға, сонымен қатар сараптама жасалатын куә да және психикалық жағдайы мүмкiндiк берсе, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөнiнде iс жүргiзiлiп отырған адам да ие. Қылмыстық iстi қозғау сатысында тiзбеленген құқықтарға қылмыс жасаудан зардап шеккен адам, сондай-ақ өзiне қатысты қылмыстық iс қозғау туралы мәселе шешiлi жатқан адам ие болады.
3. Егер сараптама адамды сезiктi деп танығанға немесе айыпталушы ретiнде iске тартқанға дейiн жүргiзiлсе, қылмыстық процестi жүргiзушi орган оны сараптама тағайындау туралы қаулымен, сарапшының қорытындысымен таныстыруға және оның осы Кодекстiң 254-бабында көзделген құқығын түсiндiруге мiндеттi.
4. Жәбiрленушiлер мен куәларға, сондай-ақ қылмыс жасаудан зардап шеккен адамға және өзiне қатысты қылмыстық iс қозғау туралы мәселе шешiлiп жатқан адамға сараптама жүргiзу тек олардың жазбаша келiсiмiмен ғана жүргiзiледi. Егер бұл адамдар кәмелетке толмаған болса немесе сот оларды әрекет қабiлетi жоқ деп таныса, сараптама жүргiзуге жазбаша келiсiмдi олардың заңды өкiлдерi бередi. Аталған ереже осы Кодекстiң 241-бабында көзделген жағдайларда сараптама жүргiзу үшiн қолданылмайды.
5. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде аталған адамдар жасаған өтiнiштер қанағаттандырылған жағдайда, қылмыстық процестi жүргiзушi орган сараптама тағайындау туралы өз қаулысын тиiсiнше өзгертедi немесе толықтырады. Өтiнiштердi қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда ол өтiнiш берген адамға одан қолхат алып жарияланатын дәлелдi қаулы шығарады.
Ескерту. 244-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2006.07.04 N 151, 2009.12.11 N 230-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2010.01.20 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз) Заңдарымен.
244-1-бап. Өздерiне қатысты сот сараптамасы жүргiзiлетiн адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң кепiлдiгi
1. Тiрi адамдарға сот сараптамасын жүргiзу кезiнде:
1) олардан мәлiметтер алу мақсатында оларды заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыруға немесе оларға қысым жасауға (оның iшiнде, алдау, күш қолдану, қорқыту және өзге де заңсыз шаралар арқылы);
2) аталған адамдарды медициналық технологияларды, фармакологиялық және дәрiлiк заттарды клиникалық зерттеулердiң субъектiлерi ретiнде пайдалануға;
3) хирургиялық араласуды көздейтiн зерттеулердiң әдiстерiн қолдануға тыйым салынады.
2. Сот сараптамасын тағайындаған орган өзiне қатысты сот сараптамасы жүргiзiлетiн адамды баламалы, болуы мүмкiн ауырсыну сезiмдерiн және жанама әсерлердi коса алғанда, сот-сараптамалық зерттеулердiң пайдаланылатын әдiстерi туралы оған түсiнiктi түрде хабардар етуге тиiс. Көрсетiлген ақпарат сот сараптамасы жүргiзiлетiн адамның өтiнiшi бойынша оның заңды өкiлiне де берiледi.
3. Өзiне қатысты сот сараптамасы жүргiзiлетiн адамға медициналық көмек заңда көзделген негiздер бойынша және тәртiппен ғана көрсетiлуi мүмкiн.
4. Медициналық ұйымға орналастырылған адамға шағымдар және өтiнiштер жасауға мүмкiндiк берiледi. Осы Кодексте көзделген тәртiппен берiлген шағымдарды және өтiнiштердi медициналық ұйымның әкiмшiлiгi жиырма төрт сағат iшiнде жолданым иесiне жiбередi және олар цензураға жатпайды.
5. Адамға қатысты оның келiсiмiмен жүргiзiлетiн сот сараптамасы оның кез келген сатысында аталған адамның бастамасы бойынша тоқтатылуы мүмкiн.
Ескерту. Кодекс 244-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.01.20 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз) Заңымен.
245-бап. Сот сараптамасы органының сараптама жүргiзуi. Сот сараптамасы органы басшысының құқықтарымен мiндеттерi
1. Сараптама сот сараптамасы органына тапсырылған кезде, қылмыстық процестi жүргiзушi орган сараптама тағайындау туралы қаулыны және қажеттi материалдарды оның басшысына жiбередi. Сараптаманы сот сараптамасы органының қаулыда көрсетiлген қызметкерi жүргiзедi. Егер қаулыда нақты сарапшы көрсетiлмесе, сарапшыны таңдауды сот сараптамасы органының басшысы жүзеге асырады, бұл туралы сараптама тағайындаған адамға үш күн мерзiмде хабарлайды.
2. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) егер: осы сот сараптамасы органында қажеттi арнаулы ғылыми бiлiмi бар сарапшы болмаса; осы сот сараптамасы органының материалдық-техникалық базасы мен жағдайы нақты сараптама мiндеттерiн шешуге мүмкiндiк бермесе; сот сарапшысының алдына қойылған мәселелер оның құзыретiнiң шегiнен тыс болса; сараптама жүргiзуге арналған материалдар осы Кодекстiң талаптары бұзыла отырып ұсынылса, дәлелдердi көрсете отырып, сараптама тағайындаған органға сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны орындамастан және зерттеуге ұсынылған объектiлердi қайтаруға;
2) сараптама тағайындаған орган алдында осы сот сараптамасы органында жұмыс iстемейтiн адамдарды, егер олардың арнаулы ғылыми бiлiмi қорытынды беру үшiн қажет болса, сот сарапшылары комиссиясының құрамына енгiзу туралы өтiнiш жасауға құқылы.
Сот сараптамасы органы басшысының заңда көзделген өзге құқықтары да бар.
3. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) сараптама жүргiзу үшiн қажеттi объектiлердi дербес талап етiп алдыруға;
2) осы сот сараптамасы органының қызметкерлерi болып табылмайтын адамдарды сараптама тағайындаған органның келiсiмiнсiз оны жүргiзуге тартуға;
3) сарапшыға нақты сараптама бойынша қорытындылардың мазмұнын алдын ала шешетiн нұсқаулар беруге құқылы емес.
4. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны және зерттеу объектiлерiн алысымен, осы Кодекстiң 242-бабы бiрiншi бөлiгiнiң талаптарын ескере отырып, осы сот сараптамасы органының нақты сарапшысына немесе сарапшылар комиссиясына жүргiзудi тапсыруға;
2) сот сарапшысының тәуелсiздiгi принципiн бұзбастан, сот сараптамасын жүргiзу мерзiмiнiң сақталуына, жүргiзiлiп жатқан зерттеулердiң жан-жақтылығына, толықтығы мен объективтiлiгiне, сот сараптамасы объектiлерiнiң сақталуына бақылауды қамтамасыз етуге;
3) сараптама жүргiзудi ұйымдастыруға байланысты өзiне белгiлi болған мәлiметтердi жария етпеуге;
4) зерттеулер жүргiзу үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз етуге мiндеттi.
Ескерту. 245-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.01.20 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз) Заңымен.
246-бап. Сот сараптамасы органынан тыс сараптама жүргiзу
1. Егер сараптама жүргiзудi сот сараптамасы органының қызметкерi болып табылмайтын адамға тапсыру ұйғарылса, қылмыстық процестi жүргiзушi орган оны тағайындау туралы қаулы шығарылғанға дейiн өзi сараптама жасауды тапсырғалы отырған адамның жеке басына көз жеткiзуге және сарапшыдан бас тартуға осы Кодекстiң 96-бабында көзделген негiздердiң бар-жоғын тексеруге тиiс.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган сараптама тағайындау туралы қаулы шығарады, оны сарапшыға тапсырады, оған осы Кодекстiң 83-бабында көзделген құқықтар мен мiндеттердi түсiндiредi және көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертедi. Бұл iс-әрекеттiң орындалғаны туралы қылмыстық процестi жүргiзушi орган сарапшының қол қоюымен куәландырылатын сараптама тағайындау туралы хаттамада белгi жасайды. Сарапшы жасаған мәлiмдеме және оның өтiнiштерi де осылайша бекiтiледi. Сарапшының өтiнiшiн қабылдамау туралы сараптама тағайындаған адам дәлелдi қаулы шығарады.
Ескерту. 246-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2010.01.20 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз) Заңымен.
246-1-бап. Сот сараптамасын жүргiзу кезiнде процеске
қатысушылардың қатысуы
1. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган сараптама жүргiзу кезiнде қатысуға, сарапшының жүргiзiп жатқан iс-әрекеттерiне қатысты оның түсiндiрмесiн алуға құқылы. Сараптама жүргiзу кезiнде қылмыстық процестi жүргiзушi органның қатысу фактiсi сарапшының қорытындысында көрсетiледi.
2. Сараптама жүргiзу кезiнде өздерiнiң немесе өздерiне берiлетiн құқықтары мен мүдделерiн қорғайтын процеске қатысушылар қылмыстық процестi жүргiзушi органның рұқсатымен қатыса алады. Бұл жағдайда қылмыстық процестi жүргiзушi органның қатысуы мiндеттi.
3. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган тиiстi өтiнiштi қанағаттандырған кезде, оны мәлiмдеген адамға сараптаманың жүргiзiлетiн орны мен уақыты хабарланады. Хабарланған адамның келмей қалуы сараптаманы жүргiзуге кедергi келтiрмейдi.
4. Сот сараптамасын жүргiзу кезiнде процеске қатысып отырған қатысушылар зерттеулер барысына араласуға құқылы емес, бiрақ сот сараптамасының нысанасына қатысты түсiнiктемелер бере алады.
5. Егер сот сараптамасын жүргiзу кезiнде процеске қатысып отырған қатысушы сот сарапшысының қызметiне кедергi келтiрсе, сот сарапшысы зерттеудi тоқтата тұруға және қылмыстық процестi жүргiзушi орган алдында аталған процеске қатысушыға сот сараптамасын жүргiзу кезiнде қатысуға берiлген рұқсаттың күшiн жою туралы өтiнiш жасауға құқылы.
6. Егер сот сараптамасын сот сарапшыларының комиссиясы жүргiзсе, сот сарапшысы қорытынды жасаған кезде, сондай-ақ сот сарапшыларының кеңесуi және қорытындыларды тұжырымдау сатысында процеске қатысушылардың қатысуына жол берiлмейдi.
7. Сот психиатриялық және сот психологиялық-психиатриялық сараптаманың жүргiзiлуi құпия жағдайда жүзеге асырылады.
8. Адамды жалаңаштау арқылы сот-сараптамалық зерттеулердi жүргiзу кезiнде тек сол жыныстағы адамдар қатыса алады. Осы шектеу көрсетiлген зерттеулердi жүргiзуге қатысатын дәрiгерлерге және басқа да медицина қызметкерлерiне қолданылмайды.
Ескерту. Кодекс 246-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.01.20 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз) Заңымен.
247-бап. Сараптама жүргiзу үшiн медициналық ұйымға орналастыру
1. Егер адамға қатысты сот сараптамасын жүргiзу сот-сараптамалық зерттеулердi стационар жағдайында жүргiзудi көздейтiн болса, сезiктi, айыпталушы, жәбiрленушi, куә сараптама тағайындау туралы қаулының негiзiнде медициналық ұйымға орналастырылуы мүмкiн.
Осы Кодекстiң 241-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда жәбiрленушiнi, куәнi медициналық ұйымға орналастыруға оның жазбаша келiсiмiмен ғана жол берiледi.
Егер аталған адам кәмелетке толмаса немесе сот оны әрекетке қабiлетсiз деп таныса, көрсетiлген жазбаша келiсiмдi заңды өкiл бередi. Заңды өкiл қарсылық бiлдiрген немесе болмаған жағдайда жазбаша келiсiмдi қорғаншылық және қамқоршылық органы бередi.
2. Күзетпен ұсталмайтын сезiктiнi, айыпталушыны, сондай-ақ жәбiрленушiнi, куәнi сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн медициналық ұйымға жiберу осы Кодекстiң 14-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен жүргiзiледi.
3. Өздерiне қатысты сараптама жүргiзiлетiн адамдарды медициналық ұйымда ұстау ережелерi Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңнамасында айқындалады.
4. Стационарлық сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн сезiктiнi медициналық ұйымға орналастырған кезде оған айып тағылуға тиiстi мерзiм сарапшылар комиссиясының сезiктiнiң психикалық жағдайы туралы қорытындысы алынғанға дейiн кiдiртiле тұрады.
5. Өзiне қатысты сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама жүргiзiлетiн адамның медициналық ұйымда болуының жалпы мерзiмi отыз тәулiкке тең. Сот-сараптамалық зерттеулердi аяқтау мүмкiн болмаған жағдайда, көрсетiлген мерзiм осы Кодекстiң 14-бабы екiншi бөлiгiнiң талаптарына сәйкес сарапшының (сарапшылар комиссиясының) дәлелдi өтiнiшi бойынша отыз тәулiкке ұзартылуы мүмкiн.
Өтiнiш сараптаманың жүргiзiлу мерзiмiнiң аяқталуына дейiн үш тәулiктен кешiктiрiлмей прокурорға немесе сотқа табыс етiлуге және алған күннен бастап үш тәулiк iшiнде шешiлуге тиiс. Прокурор, сот мерзiмдi ұзартудан бас тартқан жағдайда, адам медициналық ұйымнан шығарылуға тиiс. Медициналық ұйымның басшысы мәлiмделген өтiнiш пен оны прокурордың, соттың қарау нәтижелерi туралы өзiне қатысты сараптама жүргiзiлетiн адамға, оның қорғаушысына, заңды өкiлiне, өкiлiне, сондай-ақ қылмыстық процестi жүргiзушi органға хабарлайды.
6. Медициналық ұйымда өзiне қатысты сот сараптамасы жүргiзiлiп жатқан адам, оның қорғаушысы, заңды өкiлi, өкiлi осы Кодексте көзделген тәртiппен оның жүргiзiлу мерзiмiн ұзарту туралы қаулыға шағым жасауға құқылы.
Ескерту. 247-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.01.20 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз) Заңымен.
248-бап. Сараптама объектiлерi
1. Заттай дәлелдер, құжаттар, адамның денесi мен психикалық ахуалы, мәйiттер, жануарлар, сараптамалық үлгiлер, сондай-ақ қылмыстық iс материалдарындағы сараптама нысанасына жататын мәлiметтер сараптама объектiлерi болып табылады.
2. Сараптамалық зерттеу объектiлерiнiң дәлдiгi мен оларға жол берiлетiнiне сараптаманы тағайындаған орган кепiлдiк бередi.
|
Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 |


