8-тарау. Сот шығындары
108-бап. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға төленуге
тиiстi сомалар
1. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға сотқа келуге байланысты оларға келтiрiлген жол ақысы, бөлме жалдау жөнiндегi шығындар өтеледi және iссапарға жiберiлген адамдар үшiн белгiленген мөлшерде тәулiкақы төленедi. Сарапшы мен маманға сондай-ақ оларға тиесiлi химиялық реактивтер мен тапсырылған жұмысты орындау кезiнде олар жұмсаған басқа да шығын материалдарының құны, сонымен бiрге олардың жұмысты орындау үшiн құрал-жабдықтарды, коммуналдық қызметтердi пайдаланғаны және машиналық уақытты тұтынғаны үшiн төлеген ақысы өтеледi.
2. Куә ретiнде сотқа шақырылған жұмыс iстейтiн адамдарға сотқа келуге байланысты олардың болмаған уақыты үшiн жұмыс iстейтiн жерi бойынша орташа жалақысы сақталады. Еңбек қатынастарында тұрмаған куәлар өздерiн әдеттегi айналысып жүрген iстерiнен алаңдатқаны үшiн iс жүзiндегi уақыт шығындары ескерiлiп және заңда белгiленген бiр айлық жалақының ең төменгi мөлшерi негiзге алына отырып, өтемақы алады.
3. Сарапшылар мен мамандар, егер бұл жұмыс олардың қызметтiк мiндеттерiнiң шеңберiне кiрмейтiн болса, соттың тапсырмасы бойынша өздерi орындаған жұмыс үшiн сыйақы алады. Сыйақының мөлшерiн тараптармен келiсiм бойынша сот анықтайды.
4. Сот сараптамасы органдары жүргiзген сараптаманың ақысын төлеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға сомаларды, сондай-ақ сот сараптамасы органы жүргiзген сараптамаға ақыны тиiстi өтiнiш берген тарап төлейдi. Егер аталған өтiнiштi екi тарап берсе немесе куәнi шақырту, сараптаманы тағайындау, маманды тарту соттың бастамасы бойынша жүргiзiлсе, талап етiлiп отырған соманы тараптар тең бөлiп төлейдi.
6. Егер бұл жұмыс сарапшылар мен мамандардың қызметтiк мiндеттерiнiң шеңберiне кiрмесе, соттың тапсырмасы бойынша iстеген жұмыстары үшiн оларға төленуге тиесiлi сомаларды тиiстi өтiнiш жасаған тарап сот депозитiне алдын ала төлеп қояды. Сыйақының мөлшерiн тараптармен келiсiм бойынша сот белгiлейдi.
7. Сот сараптамасы органы сараптама жүргiзгенi үшiн төленуге тиiс сомаларды тиiстi өтiнiш жасаған тарап, не өзiне сот осындай мiндеттеме жүктеген тарап алдын ала төлеу нысанында тиiстi бюджетке енгiзедi.
8. Бiр немесе екi тарап шығындарды төлеуден босатылған жағдайда сарапшылар мен мамандарға тиесiлi сомаларды төлеу республикалық бюджеттiң есебiнен жүргiзiледi.
Ескерту. 108-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2006.07.05. N 165 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.
109-бап. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға тиесiлi сомаларды төлеу
1. Куәларға, сарапшыларға және мамандарға тиесiлi сомаларды олар өз мiндеттерiн орындағаннан кейiн Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес ашылған шоттан сот төлейдi.
2. Аудармашыларға тиесiлi сомаларды төлеу республикалық бюджеттiң есебiнен жүргiзiледi. Сыйақының мөлшерiн тиiстi еңбекке ақы төлеудiң қолданылып жүрген нормаларын негiзге ала отырып сот белгiлейдi.
Ескерту. 109-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2006.07.05. N 165 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.
17-тарау. Сотта iс қарау
188-бап. Сот отырысына куәнiң, сарапшының, маманның, аудармашының келмеу салдарлары
1. Сот отырысына куә, сарапшы немесе маман келмеген жағдайда сот iске қатысушы адамдардың iстi олар жоқта қарау мүмкiндiгi туралы пiкiрiн тыңдап, сотта iс қарауды жалғастыру немесе оны кейiнге қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
2. Сот отырысына аудармашы келмеген жағдайда, егер аудармашыны ауыстыру мүмкiндiгi болмаса, сот iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
3. Егер шақырылған куә, сарапшы, маман немесе аудармашы сот отырысына сот дәлелдi емес деп таныған себептер бойынша келмесе, олар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарға сәйкес әкiмшiлiк жазаға тартылуы мүмкiн. Осы Кодекстiң 119-бабына сәйкес олар сондай-ақ мәжбүрлеп келтiрiлуi де мүмкiн.
4. Сотта айғақ беруден бас тартқаны немесе жалтарғаны үшiн куә осы Кодекстiң 17-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 353-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылықта болады.
Ескерту. 188-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
191-бап. Сарапшы мен маманға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру
Төрағалық етушi сарапшы мен маманға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi, сарапшыға көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауапкершiлiк туралы ескертедi, ол туралы сарапшыдан қолхат алынады. Қолхат сот отырысының хаттамасына қоса тiркеледi.
206-бап. Сарапшы қорытындысын зерттеу
1. Сарапшы қорытындысы сот отырысында жария етiледi. Қорытындыны түсiндiру және оны толықтыру мақсатында сарапшыға сұрақтар қойылуы мүмкiн.
2. Арызы бойынша сараптама тағайындалған адам және оның өкiлi бiрiншi болып, ал содан соң - iске қатысушы басқа адамдар мен өкiлдер сұрақтар қояды. Сот тағайындаған сараптама жүргiзу тапсырылған сарапшыға бiрiншi болып талап қоюшы мен оның өкiлi сұрақ қояды. Сот сарапшыға одан жауап алудың кез келген сәтiнде сұрақтар қоюға құқылы.
3. Осы Кодекстiң 98-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда сот қосымша сараптама тағайындай алады.
4. Осы Кодекстiң 98-бабының үшiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда сот қайталама сараптама тағайындай алады.
5. Қосымша сараптама тағайындау және жүргiзу осы Кодекстiң 98-бабының екiншi және алтыншы бөлiктерiнде, қайталама сараптама - осы Кодекстiң 98-бабының төртiншi, бесiншi, алтыншы бөлiктерiнде көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
ӘКIМШIЛIК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы N 155 Кодексi
(06.03.2013 ж. толықтырулар мен өзгертулер енгізілуімен)
34-тарау. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қатысушылар, олардың құқықтары мен мiндеттерi
597-бап. Сарапшы
1. Арнаулы ғылыми бiлiмi бар, iске мүдделi емес адам сарапшы ретiнде шақырылуы мүмкiн. Сот сараптамасын жүргiзу:
1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлерiне;
2) лицензия негiзiнде сот-сараптама қызметiн жүзеге асыратын адамдарға;
3) заң талаптарына сәйкес бiржолғы тәртiппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкiн.
2. Сарапшы: сараптама нысанасына қатысты iс материалдарымен танысуға; қорытынды беру үшiн қажеттi қосымша материалдарды өзiне беру туралы өтiнiштi мәлiмдеуге; әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзетiн органның (лауазымды адамның) рұқсатымен iс жүргiзу әрекеттерiн жүргiзуге қатысуға және оларға қатысушы адамдарға сараптама нысанасына қатысты сұрақтар қоюға; өзi қатысқан iс жүргiзу әрекетiнiң хаттамасымен танысуға және өзiнiң әрекеттерi мен айғақтарының толық және дұрыс көрсетiлуiне қатысты хаттамаларға енгiзiлуге тиiстi ескертпелер жасауға; сот сараптамасын тағайындаған судьяның, органның (лауазымды адамның) келiсiмi бойынша сот-сараптамалық зерттеу барысында анықталған, азаматтық iс үшiн маңызы бар, сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымда қамтылған мәселелердiң шегiнен тыс мән-жайлар бойынша өз құзыретi шегiнде қорытынды беруге; ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде қорытынды ұсынуға және айғақтар беруге; аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға; аудармашыдан бас тартуды мәлiмдеуге; сараптама жүргiзу кезiнде соттың және iс жүргiзуге қатысушы өзге де адамдардың өзiнiң құқықтарына нұқсан келтiретiн шешiмдерi мен әрекеттерiне шағым жасауға; сараптама жүргiзу кезiнде шеккен шығыстарға өтем және егер сот сараптамасын жүргiзу өзiнiң лауазымдық мiндеттерiнiң шеңберiне кiрмейтiн болса, орындалған жұмысы үшiн сыйақы алуға құқылы.
3. Сарапшы: әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзетiн судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге; өзiне ұсынылған объектiлерге жан-жақты, толық және объективтi зерттеу жүргiзуге; өзiнiң алдына қойылған мәселелер бойынша негiзделген жазбаша қорытынды беруге; осы Кодекстiң 611-бабының он үшiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда, қорытынды беруден бас тартуға және қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы дәлелдi жазбаша хабарлама жасауға және оны сот сараптамасын тағайындаған органға (лауазымды адамға) жiберуге; жүргiзiлген зерттеуге және берiлген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақтар беруге; зерттелiп жатқан объектiлердiң сақталуын қамтамасыз етуге; iстiң мән-жайы туралы мәлiметтердi және сот сараптамасын жүргiзуге байланысты өзiне белгiлi болған өзге де мәлiметтердi жария етпеуге мiндеттi.
4. Сарапшы сотта көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн заңда көзделген қылмыстық жауаптылықта болады.
5. Сот сараптамасы органының қызметкерi болып табылатын сарапшы өз қызметiнiң сипатына қарай өзiнiң құқықтарымен және мiндеттерiмен танысқан және сотта көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген деп есептеледi.
Ескерту. 597-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.01.20 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз) Заңымен.
601-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қатысу мүмкiндiгiн болдырмайтын мән-жайлар
1. Адамдар белгiлi бiр iстi қозғау үшiн негiз болған бұзушылыққа орай ережелердiң сақталуын қадағалайтын және бақылайтын мемлекеттiк органдардың қызметкерлерi болып табылса немесе олар бұған дейiн осы iстi қарауға өзге қатысушылар ретiнде әрекет етсе, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қорғаушы және өкiл ретiнде қатысуға жiберiлмейдi.
2. Сарапшы мен аудармашы, егер: олардың бiлiктi емес екенi байқалса; олар әкiмшiлiк жауапқа тартылып жатқан адаммен, жәбiрленушiмен, олардың заңды өкiлдерiмен, қорғаушысымен, өкiлiмен, осы iстi жүргiзiп жатқан прокурормен, судьямен, алқалы органның мүшесiмен немесе лауазымды адаммен туыстық қатынастарда болса, не олар бұған дейiн осы iстi жүргiзуге өзге қатысушылар ретiнде әрекет етсе, сондай-ақ бұл адамдарды осы iске жеке өз басы, тiкелей немесе жанама түрде мүдделi деп есептеуге негiз болса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қатысуға жiберiлмейдi.
3. Адамның iске сарапшы ретiнде алдыңғы қатысуы, оның қатысуымен жүргiзiлген сараптамадан кейiн ол қайта тағайындалатын жағдайларда, оған сараптама жүргiзудi тапсыруды болдырмайтын мән-жай болып табылады.
Ескерту. 601-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2010.01.20 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз) Заңымен.
602-бап. Iс жүргiзуге қатысуына жол берiлмейтiн адамдарды қатыстырудан бас тарту
1. Қорғаушының, өкiлдiң, прокурордың, сарапшының және аудармашының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қатысу мүмкiндiгiн болдырмайтын, осы Кодекстiң 601-бабында көзделген мән-жайлар болған кезде аталған адамдарды қатыстырудан бас тартылуға тиiс.
2. Өздiгiнен бас тарту немесе бас тарту туралы арыз әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судьяға, органға (лауазымды адамға) берiледi.
3. Өздiгiнен бас тарту немесе бас тарту туралы арыз берiлген күнiнен бастап үш күн мерзiмде қаралады.
4. Судья, орган (лауазымды адам) өздiгiнен бас тарту немесе бас тарту туралы арызды қарап, арызды қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
603-бап. Жәбiрленушi, куә, сарапшы, маман, аудармашы немесе куәгер шығындарының орнын толтыру
1. Жәбiрленушiнiң, куәнiң, сарапшының, маманның және аудармашының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) келуiне байланысты шеккен шығындарының, соның iшiнде: аталған адамдардың тұрған немесе болып жатқан жерiне бару және керi қайту жолының жүрiп-тұру құнының, ал бұл басқа жерлерде болумен байланысты жағдайларда - тұрғын үй-жайды жалдау, сондай-ақ тәулiктiк шығын құнының орны азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен толтырылады.
2. Жәбiрленушi, куә, сарапшы, маман және аудармашы ретiнде шақырылатын адамның әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан және қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) келуiне байланысты олардың жұмыс орындарында болмаған кездегi орташа табысы белгiленген тәртiппен сақталады.
3. Сарапшының, маман мен аудармашының еңбегiне заңдарда белгiленген тәртiппен ақы төленедi.
35-тарау. Дәлелдемелер және дәлелдеу
611-бап. Сараптама тағайындау және жүргiзу
1. Iс үшiн маңызы бар мән-жайлар сарапшының арнаулы ғылыми бiлiм негiзiнде жүргiзетiн iс материалдарын зерттеуi нәтижесiнде алынуы мүмкiн болған кезде, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) сот сараптамасын тағайындайды.
2. Iсте ведомстволық инспекциялардың түгендеу, тексеру актiлерiнiң, қорытындыларының, сондай-ақ мамандардың iс жүргiзу әрекеттерi барысында атқарған зерттеулерiнiң нәтижелерi бойынша жасалған ресми құжаттарының болуы нақ сол мәселелер бойынша сараптама жүргiзу мүмкiндiктерiн жоққа шығармайды.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) тараптардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамашылығымен сараптама тағайындай алады.
4. Сараптама жүргiзу сараптама органдарының қызметкерлерiне не осы Кодекстiң 597-бабының талаптарын қанағаттандыратын өзге адамдарға тапсырылуы мүмкiн. Сараптама жүргiзу тараптар ұсынған адамдардың арасынан бiреуiне тапсырылуы мүмкiн. Сараптама жүргiзу тапсырылған адамды шақыруы туралы судьяның, лауазымды адамның талабы аталған адам жұмыс iстейтiн ұйымның басшысы үшiн мiндеттi.
5. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарады, онда мыналар көрсетiледi:
1) судьяның, лауазымды адамның аты-жөнi, соттың, органның атауы;
2) сараптаманың тағайындалған уақыты, орны;
3) сараптама тағайындаудың негiзi;
4) сарапшының аты-жөнi немесе сараптама жүргiзiлуге тиiс сараптама органының атауы;
5) сарапшының алдына қойылған мәселелер;
6) сарапшының билiгiне берiлетiн материалдардың тiзбесi.
6. Күрделi сараптамалық зерттеулер жүргiзу үшiн бiр мамандықтағы кемiнде екi сарапшы жүргiзетiн комиссиялық сараптама тағайындалуы мүмкiн.
7. Егер iс үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтауға бiлiмнiң әртүрлi салалары негiзiнде зерттеулер жүргiзу қажет болса, әртүрлi мамандықтағы өз құзыретi шегiнде жүргiзетiн кешендi сараптама тағайындалады.
8. Сараптама тағайындау туралы ұйғарымды орындау үшiн жiбергенге дейiн сот сараптамасын тағайындаған орган (лауазымды адам) өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлетiн адамды және жәбiрленушiнi онымен таныстыруға, оларға:сарапшыдан бас тарту және сот сараптамасы органын сараптама жүргiзуден шеттету туралы өтiнiш мәлiмдеу;өздерi атаған адамдарды немесе нақты сот сараптамасы органдарының қызметкерлерiн сарапшы ретiнде тағайындау туралы, сондай-ақ сараптаманы сарапшылар комиссиясының жүргiзуi туралы өтiнiш жасау;сарапшының алдына қосымша мәселелер қою туралы немесе қойылған мәселелердi нақтылау туралы өтiнiш жасау; сараптама жүргiзуге кедергi келтiретiн жағдайларды қоспағанда, сот сараптамасын тағайындаған органның (лауазымды адамның) рұқсатымен сараптама жүргiзу кезiнде қатысу, сарапшыға түсiнiктемелер беру; сот сараптамасын тағайындаған органға (лауазымды адамға) келiп түскеннен кейiн сарапшының қорытындысымен не қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарламамен танысу, өз ескертпелерiн ұсыну, қосымша немесе қайталама сараптама тағайындау, жаңа сараптамалар тағайындау туралы өтiнiштер мәлiмдеу құқықтарын түсiндiруге мiндеттi.
Жәбiрленушiлерге сараптама олардың жазбаша келiсiмiмен ғана жүргiзiледi. Егер осы адамдар кәмелетке толмаса немесе сот оларды әрекетке қабiлетсiз деп таныса, сараптама жүргiзуге жазбаша келiсiмдi олардың заңды өкiлдерi бередi.
9. Сарапшы (сарапшылар) өздерiнiң атынан сараптама жүргiзу нәтижелерi бойынша осы Кодекстiң 612-бабының талаптарына сәйкес жасаған қорытындыны бередi және оны сараптама тағайындаған судьяға, органға (лауазымды адамға) жiбередi.
10. Қорытынды жеткiлiктi дәрежеде айқын немесе толымды болмаған, сондай-ақ алдыңғы зерттеуге байланысты қосымша мәселелердi шешу қажеттiлiгi туындаған жағдайда қосымша сараптама тағайындалуы мүмкiн, оны жүргiзу нақ сол немесе өзге сарапшыға (сарапшыларға) тапсырылады.
11. Егер сарапшының қорытындысы жеткiлiктi дәрежеде негiзделмесе не оның қорытындылары күмән туғызса немесе сараптаманы тағайындау және жүргiзу туралы iс жүргiзу нормалары елеулi түрде бұзылса, сол объектiлердi зерттеу және сол мәселелердi шешу үшiн қайтадан сараптама тағайындалуы мүмкiн, оны жүргiзу сарапшылар комиссиясына тапсырылады, оған осының алдындағы сараптаманы жүргiзген сарапшы (сарапшылар) кiрмейдi.
12. Судьяның, органның (лауазымды адамның) қосымша және қайтадан сараптама тағайындау туралы ұйғарымы дәлелдi болуға тиiс. Сарапшыға (сарапшыларға) қосымша және қайтадан сараптама жүргiзу тапсырылған кезде осының алдындағы сараптамалардың нәтижелерi бойынша жасалған қорытындылар табыс етiлуге тиiс.
13. Егер сарапшы зерттеу жүргiзгенге дейiн өзiнiң алдына қойылған мәселелер өзiнiң арнаулы бiлiмiнiң шегiнен шығып кететiнiне не өзiне табыс етiлген материалдардың қорытынды беру үшiн жарамсыз немесе жеткiлiксiз екендiгiне, оны толықтыру мүмкiн болмайтынына, не ғылымның және сараптама практикасының жай-күйi қойылған мәселелерге жауап қайтаруға мүмкiндiк бермейтiнiне көзi жетсе, ол қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы дәлелдi хабарлама жасайды және оны судьяға, органға (лауазымды адамға) жiбередi.
Ескерту. 611-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2010.01.20 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз) Заңымен.
612-бап. Сарапшының қорытындысы
1. Сарапшының қорытындысы - арнаулы ғылыми бiлiмдi пайдалана отырып жүргiзiлген iс материалдарын, оның iшiнде заттай дәлелдемелер мен үлгiлердi зерттеу нәтижелерiне негiзделген, оның алдына әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзетiн судья, орган (лауазымды адам) қойған мәселелер бойынша жазбаша нысанда ұсынылған қорытындылар. Қорытындыда сарапшының зерттеу кезiнде қолданған әдiстерi, қойылған сұрақтарға жауаптардың негiздемесi және осы сарапшының бастамасымен анықталған, iс үшiн маңызы бар мән-жайлар көрсетiледi.
2. Қорытындыны зерттеулер жүргiзгеннен кейiн оның нәтижелерiн ескере отырып өз атынан сарапшы (сарапшылар) жасайды, оны өз (өздерiнiң) қолымен және жеке мөрiмен куәландырады. Сараптаманы сараптама органы жүргiзген жағдайда сарапшының қолы аталған органның мөрiмен расталады.
3. Сарапшының қорытындысында: оның ресiмделген күнi, сараптаманың жүргiзiлген мерзiмдерi және орны; сот сараптамасын жүргiзудiң негiздерi; әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзетiн судья туралы, орган (лауазымды адам) туралы мәлiметтер; сараптама жүргiзу тапсырылған сот сараптамасы органы және (немесе) сарапшы (сарапшылар) туралы мәлiметтер (тегi, аты, әкесiнiң аты, бiлiмi, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс стажы, ғылыми дәрежесi және ғылыми атағы, атқаратын қызметi); сотта көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы өзiнiң ескертiлгенi туралы сарапшының қолымен куәландырылған белгi; сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер; сараптама жүргiзу кезiнде процеске қатысқан қатысушылар және олар берген түсiндiрмелер туралы мәлiметтер; объектiлер; пайдаланылған әдiстемелер көрсетiле отырып, жүргiзiлген зерттеулердiң мазмұны мен нәтижелерi; жүргiзiлген зерттеулердiң нәтижелерiн бағалау, сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер бойынша қорытындылардың негiздемесi мен тұжырымы көрсетiлуге тиiс.
4. Егер осы Кодекстiң 611-бабының он үшiншi бөлiгiнде көрсетiлген мән-жайлар зерттеу барысында анықталса, қорытындыда қойылған мәселелердiң бәрiне немесе кейбiреуiне жауап беру мүмкiн еместiгiнiң негiздемесi қамтылуға тиiс.
5. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен куәландырылған, сарапшының қорытындысын көрнекiлейтiн материалдар (фотокестелер, схемалар, графиктер, кестелер және басқа да материалдар) қорытындыға қоса берiледi және оның құрамдас бөлiгi болып табылады. Сондай-ақ қорытындыға зерттеуден кейiн қалған объектiлер, оның iшiнде үлгiлер қоса берiлуге тиiс.
6. Сарапшының қорытындысы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзетiн сот, орган (лауазымды адам) үшiн мiндеттi болып табылмайды, алайда олардың қорытындымен келiспеуi дәлелдi болуға тиiс.
Ескерту. 612-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.01.20 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз) Заңымен.
612-2-бап. Дәрiгердiң немесе басқа маманның, сондай-ақ сарапшының үлгiлердi алуы
1. Судья өзiнен үлгiлер алынуға тиiс адамды, сондай-ақ тиiстi тапсырмасы бар ұйғарымды дәрiгерге немесе басқа маманға жiбередi. Ұйғарымда осы iс жүргiзу әрекетiне барлық қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi көрсетiлуi тиiс.
2. Дәрiгер немесе басқа маман судьяның тапсырмасы бойынша қажеттi әрекеттердi жүргiзедi және үлгiлердi алады. Үлгiлер оралады және мөр басылады, одан кейiн дәрiгер немесе басқа маман жасаған ресми құжатпен бiрге судьяға жiберiледi.
3. Сарапшы зерттеу процесiнде сынақ үлгiлер дайындауы мүмкiн, бұл туралы ол қорытындыда хабарлайды.
4. Судья мұндай үлгiлердi дайындау кезiнде қатысуға құқылы, оны өзi жасайтын хаттамада көрсетедi.
5. Сарапшы зерттеу жүргiзгеннен кейiн үлгiлердi оралған және мөр басылған түрде өзiнiң қорытындысына қоса тiркейдi.
6. Егер үлгiлердi судьяның тапсырмасы бойынша маман немесе сарапшы алған болса, онда ол ресми құжат жасап, оған iс жүргiзу әрекетiне барлық қатысушылар қол қояды және iс материалдарына қоса тiркеу үшiн судьяға берiледi.
7. Алынған үлгiлер оралған және мөр басылған түрде хаттамаға қоса тiркеледi.
Ескерту. 612-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.07.04. N 151 Заңымен.
«ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ
СОТ-САРАПТАМА ҚЫЗМЕТI ТУРАЛЫ» ҚАЗАҚСТАН РЕПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
|
Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 |


