Партнерка на США и Канаду по недвижимости, выплаты в крипто
- 30% recurring commission
- Выплаты в USDT
- Вывод каждую неделю
- Комиссия до 5 лет за каждого referral
Ереуілге қатысуға немесе ереуілге қатысудан бас тартуға мәжбүрлеу (153-бап)
Қылмыстық кодекстегі бұл бап мүлдем жаңа норма болып табылады. Қылмыстың тікелей объектісі заңмен белгіленген азаматтардың ереуілге қатысу немесе қатысудан бас тарту құқығы. Қылмыстың қосымша тікелей объектісі азаматтардың өмірі, денсаулығы, адамгершілігі.
Қылмыстың жәбірленушісі – ереуілге мәжбүрлеу арқылы қатысқан немесе соған қатысудан бас тартқан адам.
Қылмыс объективтік жағынан адамның өз қызмет бабын пайдаланып не күш көрсету немесе оны қолданамын деп қорқыту арқылы ереуілге қатысуға немесе заңды ереуілге қатысудан бас тартуға мәжбүрлеуі арқылы жүзеге асырылады.
Қылмыстың істелу тәсілі – күш көрсету немесе қолданамын деп қорқыту арқылы ереуілге қатысуға немесе заңды ереуілге қатысудан бас тартқызуға мәжбүрлеу болып табылады. Мәжбүрлеудің түсінігі Қылмыстық кодекстің 151-бабында толық беріледі. Мұндай мәжбүрлеу лауазым адамы немесе жай адамдардың тарапынан орын алуы мүмкін. Ереуіл өткізу арнаулы нормативтік-құқықтық актімен реттеледі. Яғни Қылмыстық кодекстің 153-бабы бланкеттік диспозицияға негізделген. Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол заңның диспозициясында көрсетілген әрекеттердің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың мақсаты – заңсыз ереуілге қатысуға немесе заңды ереуілге қатысудан бас тартуға мәжбүрлеу. Қылмыстың субъектісі – 16-ға толған жай немесе арнаулы субъект (лауазымды адам).
Қызметкерлер өкілдерінің заңды қызметіне кедергі келтіру (150-1 бап)
Қылмыстық кодекске бұл бап 2007 жылғы 15 мамырда енгізілді.
Қылмыстың тікелей объектісі заңмен белгіленген қызметкерлер өкілдіктерін реттейтін қоғамдық қатынастар, қосымша тікелей объект – қызметкерлердің ар-намысы, адамгершілігі.
Қылмыс объективтік жағының қызметкерлер өкілдерінің заңды қызметіне лауазымды адамнан қызмет бабын пайдаланып, кедергі келтіруі, сол сияқты олардың құқықтары мен заңды мүдделерін елеулі түрде бұзуға әкеп соққан лауазымды адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып заңды қызметіне араласуы, мұны дәл сондай әрекет жасаған үшін бір жыл ішінде әкімшілік жаза қолданылған адамның жасауы арқылы жүзеге асырылады.
Қызметкер өкілдігі заңмен, нормативтік-құқықтық заңнамалармен белгіленеді, оларды жүзеге асыруға лауазымды тұлғаның қызмет бабын пайдаланып кедергі келтіруі немесе олардың заңды қызметіне негізсіз араласуы, нәтижесінде лауазым адамның осындай теріс іс-әрекетінен қызметкер мүддесіне елеулі зиян келтірілсе іс-әрекет ҚК-тің 150-1-бабында көрсетілген қылмыс құрамына жатады.
Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Қылмыстық ниет әртүрлі (пайдакүнемдік, жек көрушілік, күншілдік т. б.) болады.
Қылмыстың субъектісі – арнаулы қызмет бабын пайдаланған лауазымды тұлға. Лауазымды тұлғаның түсінігі ҚК-тің 307-бабының 4-ескертуінде берілген.
§2. Адамның және азаматтың әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстар
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзу (148-бап)
Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабына сәйкес Республика азаматының еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар, сол әрбір адамның дербес өндіруші ретінде немесе еңбек шарты бойынша өз қалауына, қабілетіне және арнаулы даярлығына сәйкес еркін еңбек етуге мүмкіндік алу құқығын қамтиды. Еңбек шартының еркіндігіне кепілдік беріледі. Сондай-ақ осы бапта көрсетілгеніндей Республика азаматының қауіпсіздік және тазалық талаптарына сай келетін еңбек жағдайына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқы бар. Конституцияда бекітілген осы кепілдіктерді жүзеге асыруға қылмыстық заңның атқаратын маңызы бар. Қылмыстық заң Қазақстан Республикасындағы «Еңбек туралы» 1999 жылы 10 желтоқсанда қабылданған заңды және еңбек қорғау ережелерін бұзғандық үшін арнаулы баптар бойынша жауаптылық белгілеген. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде қызметкерді жеке пиғылмен жұмыстан заңсыз босату, соттың жұмысты қайта қалпына келтіру туралы шешімін орындамау, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келуіне әкеп соққан еңбек туралы заңдарды өзге де бұзу үшін жауаптылық көзделген (148-баптың 1-тармағы).
Қылмыстың объектісі болып азаматтардың еңбек құқығын бұзу болып табылады. Объективтік жағынан алғанда еңбек жөніндегі заңды бұзу әрекет немесе әрекетсіздік арқылы жасалады. Қылмыстық кодекстің осы 148-бабында еңбек туралы заңдарды елеулі бұзудың мынадай үлгі тізбегін көрсетіп отыр:
1.Қызметкермен еңбек шартын заңсыз тоқтату. Заңда көрсетілген негіздерден тысқары жағдайда қызметкерді жұмыстан шығару заңсыз, жұмыстан шығару заңсыз болып табылады. Егер лауазымды адам заңсыз, жұмыстан шығаруға негіз болмаса да өз жеке басының мүддесін көздеу ниетімен өзін сынағаны үшін кекшілдікпен, өзара үрыс-керістің салдарынан, босаған жұмыс орнына өз танысын немесе туысын орналастыру мақсатын көздеп, адамды жұмыстан шығарса қылмысты жауаптылыққа тартылады.
2.Жұмысты қайта қалпына келтіру туралы соттың шешімін орындамауы. Яғни кінәлі адам қылмысты түрде әрекетсіздік жасап, соттың қайтадан жұмысқа алу туралы заңды күшіне енген шешімін орындамайды. Бұл жерде қылмыс екі бірдей объектіге: еңбек құқына және әділсоттылық мүддесіне қол сұғады.
3.Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасын өзге де бұзу деп еңбекке дұрыс ақы төлемеуді, жұмыс уақытының ұзақтығын дұрыс сақтамау, демалыс беруден бас тарту, жұмысқа алудан негізсіз бас тарту, жекелеген қызметкерге заңды белгіленген жеңілдіктерді қолданудан бас тарту, тағы осы сияқты әрекеттер жатады.
Жоғарыда көрсетілген еңбек туралы заңдарды бұзу – қызметкерді жеке пиғылмен жұмыстан заңсыз босату; жұмысты қалпына келтіру туралы соттың шешімін орындамау; еңбек туралы заңды өзге де бұзу әрекеттері мен әрекетсіздігінен азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірілуі қажет. Елеулі зиян болғанда ғана іс-әрекет қылмыс қатарына жатады. Елеулі зиянның мөлшерін сот-тергеу органдары нақты жағдайларға қарап отырып анықтайды. Әдетте елеулі зиянға – адамның елеулі мөлшерде материалдық, моральдық зардап шегуі, ұзақ уақыт, негізсіз жұмыссыз қалуы, денсаулығына зиян келтірілуі т. с.с. жатады.
Қылмыс құрамы материалдық. Еңбек туралы заңдарды бұзу нәтижесінен заңда белгіленген зардап орын алғанда ғана қылмыс аяқталған деп табылады. Субъективтік жағынан бұл қылмыс қасақаналықпен жасалады. Кінәлі адам өзінің әрекетімен еңбек жөніндегі заңды өрескел бұзғанын сезеді және осыны тілеп істейді. Бұл жерде қылмыстық ниет әр түрлі (мысалы, сынағаны үшін кектену, осы орынға өзіне қажетті адамды орналастыру т. б.) болуы мүмкін. Қылмыстың субъектісі болып тек қана мемлекеттік немесе мемлекеттік емес аппаратқа жұмысқа алу немесе жұмыстан шығару құқы бар лауазымды адамдар танылады.
Әйелмен оның жүктілігі себебі бойынша еңбек шартын жасаудан негізсіз бас тарту немесе еңбек шартын негізсіз тоқтату үш жасқа дейінгі баласы бар әйелді нақ сол себеппен жұмысқа қабылдаудан негізсіз бас тарту немесе жұмыстан босату, сондай-ақ кәмелетке толмағанды оның кәмелетке толмағандығы себепті жұмысқа қабылдаудан негізсіз бас тарту немесе жұмыстан босату – осы қылмыстың ауырлататын түріне жатады (148-баптың 2-тармағы). Бұл жерде қылмыстың жәбірленушісі – жүкті әйел немесе үш жасқа дейінгі баласы бар әйел немесе кәмелетке толмағандар болады.
Объективтік жағынан қылмыс заңда көрсетілген адамдарды: 1) жұмысқа қабылдаудан негізсіз бас тарту; 2) немесе негізсіз жұмыстан босату арқылы көрініс табады. Қылмыс осы әрекеттердің біреуін жасаған сәттен бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс құрамы формальдық. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлі адам екіқабат немесе үш жасқа дейінгі баласы бар әйелді, кәмелетке толмағандарды негізсіз жұмысқа алудан бас тартады немесе осы адамдарды негізсіз жұмыстан босатынын сезеді және соны жүзеге асыруды тілейді.
Қылмыстық ниет – мұндай адамдарға заңда белгіленген жеңілдіктер мен артықшылықтарды бергісі келмеу т. б. жатады.
Қылмыстың субъектісі арнаулы – жұмысқа алу немесе одан босатуға құқығы бар лауазымды адамдар (меншік нысанына қарамастан).
Қылмыстық кодекстің 148-бабының 3-тармағында басқару қызметін атқарушы адамның ақша қаражатын өзге мақсаттарға пайдаланумен байланысты жалақының толық көлемінде және белгіленген мерзімде төленуін бірнеше рет кідіртуі үшін жауаптылық белгіленген. Ақша қаражатын өз мақсатын пайдалануына байланысты заңда белгіленген мерзімнен екі немесе одан көп рет жалақыны беруді себепсіз кідіртуді бірнеше кідірту деп айтамыз. Қылмыстың субъектісі басқару қызметін атқаратын лауазымды адамдар (меншік нысанына қарамастан).
Еңбекті қорғау ережелерін бұзу (152-бап)
Қылмыстық кодекстің 152-бабында еңбекті қорғау ережелерін бұзғандық үшін жауаптылық белгіленген. Қылмыстың тікелей объектісі – еңбектің қауіпсіздік шарттарын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар, қосымша тікелей объектісі жәбірленушінің өмірі, денсаулығы.
Қылмыстық кодекстің 152-бабындағы норма бланкеттік диспозицияға негізделген.
Еңбекті қорғау Ережесі сан қилы әр түрлі. Сондықтан Қылмыстық кодекстің бір бабында еңбекті қорғауға байланысты қолданылып жүрген барлық Ережелерді тізбектеп жату қиын. Қазақстан Республикасының Еңбекті қорғау туралы арнаулы заңы 1993 жылы 22 қаңтарда қабылданған, осы заң қызметкерлердің еңбегін қорғау құқығын қамтамасыз етуге бағытталған; өндірістегі жазатайым жағдайлар мен денсаулыққа зақым келтірудің алдын алу, қауіпті және зиянды өндірістік факторларды барынша кеміту мақсатында бұл саладағы ұлттық саясаттың негізгі қағидаларын белгілейді және меншік түріне қарамастан еңбекті қорғау жөнінде шаруашылық қызметі мен кәсіпорындардың барлық түрін қамтиды.
Объективтік жағынан алғанда сөз болып отырған қылмыс қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария ережелерін немесе еңбекті қорғаудың өзге де ережелерін, осы ережелерді сақтауды ұйымдастыру немесе қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер жүктелген адамның бұзуы абайсызда денсаулыққа ауыр немесе орташа ауыртпалықтағы зиян келтіруге әкеп соғу арқылы көрініс табады. Көрсетілген қылмыс әрекет күйінде, яғни еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі, өндірістік санитария ережелерін бұзу арқылы немесе әрекетсіздік күйде, яғни еңбекті қорғаудың өзге де ережелерінің талаптарын орындамау жағдайында жасалуы мүмкін.
Қылмыстың бұл құрамы материалдық құрамдағы қылмыс болып табылады. Сондықтан Қылмыстық кодекстің 152-бабы бойынша жауаптылыққа тарту үшін еңбекті қорғау ережелерін анықтаумен бірге орын алған ережені бұзудың себепті және кінәлі байланысынан болған зардапты анықтау өте қажет.
Еңбекті қорғау ережелерін бұзудың тәсілдері әр түрлі, ол заңда (152-баптың 1-тармағында) нақты көрсетілген.
Қылмыстың зардабы – денсаулыққа ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіру. Олардың түсінігі Қылмыстық кодекстің 103,104-баптарында берілген. Субъективтік жағынан қылмыс кінәнің абайсыздық нысаны (менмендік немесе немқұрайдылық) арқылы істеледі. Қылмыстың субъектісі арнаулы – еңбекті қорғау ережелерін сақтауды ұйымдастыру немесе қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер өзіне жүктелген 16-ға толған адам. Осы баптың 2-тармағын (152-бап) осы қылмыстың ауырлататын түрі еңбекті қорғау ережелерін бұзудан абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекеттер үшін жауаптылық белгіленген. Абайсызда адам өлімінің түсінігі Қылмыстық кодекстің 101-бабында көрсетілген.
§3. Жеке құқықтар мен бостандықтарға қарсы қылмыстар
Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу (142-бап)
Қазақстан Республикасының Конституциясының 18-бабының 1-тармағында «Әркімнің жеке өміріне, өзінің және отбасының құпиясына қол сұғылмауына, абыройы мен ар-намысының қорғалуына құқығы бар», - делінген. Жеке өмірге қол сұғушылықты бұзу қылмыс болып табылады. Қылмыстың тікелей объектісі жеке өмірге қол сұғылмаушылықты реттейтін қоғамдық қатынастар, қылмыстың жәбірленушісі – жеке өміріне қол сұғылған адамдар.
Қылмыстың заты – жеке адамдар туралы немесе оның отбасы туралы әр түрлі мәліметтері (адамның денсаулығы, өмір сүру салты, дінге көзқарасы, жеке творчестволық жоспары, басқа адамдармен қарым-қатынасы т. с.с.).
Қылмыс объективтік жағынан адамның жеке өмірі туралы, оның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын мәліметтерді оның келісімінсіз заңсыз жинау немесе тарату, егер осы әрекеттер жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтіру арқылы жүзеге асырылады. Адамның жеке өмірі, оның отбасы туралы құпиясын құрайтын мағлұматтарды жинауды заңсыз мәліметтер жинау деп айтамыз. Осы жиналған мәліметтерді үшінші жаққа хабарлауды оны тарату деп бағалаймыз. Мұндай хабарлау басқа жолдармен де жүзеге асырылуы мүмкін. Осы әрекеттерден жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірілуі қажет. Келтірілген зиян мөлшері мүліктік немесе моральдық немесе басқа тұрғыда (отбасындағы келеңсіз жағдайлардың пайда болуы, жұмысқа орналаса алмау, т. с.с.) болуы мүмкін. Зиян мөлшерін нақты жағдайға байланысты тергеу, сот органдары анықтайды. Қылмыс заңда көрсетілген зардап – жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірілген сәттен бастап аяқталған деп танылады.
Субъективтік жағынан бұл қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет – пайдакүнемдік немесе өзге де жеке мүдделік.
Қылмыстың субъектісі – 16-ға толған кез келген есі дұрыс адам.
Адам өзінің қызмет бабын пайдаланып жасаған нақ сол әрекеттер, сондай-ақ сондай зардаптарға әкеп соққан, осы баптың бірінші тармағында аталған мәліметтерді көпшілік алдында сөйлеген сөзде, көпшіліккі көрсетілген шығармаларда немесе бұқаралық ақпарат құралдарында тарату – осы қылмыстың ауырлататын түріне жатады (142-баптың 2-тармағы).
Адам өзінің қызмет бабын пайдаланып жеке өміріне байланысты құпияларды таратуды немесе пайдакүнемдікпен басқаға өткізуі мүмкін. Аталған мәліметтерді көпшілік алдында (жиналыстарда, жиындарда) сөйлеген сөздер, көпшілікке көрсетілетін шығармаларда (сурет, бейнефильм, жазба шығарма) немесе бұқаралық ақпарат құралдарында (газет, журнал, радио, теледидар т. б.) арқылы таратылса кінәлі адам 142-баптың осы тармағы бойынша жауапқа тартылады.
Хат жазысу, телефонмен сөйлесу, почта, телеграф хабарларының немесе өзге хабарлар құпиясын заңсыз бұзу (143-бап)
Конституцияның 18-бабының 1-тармағына сәйкес азаматтың жеке өміріне қол сұғуға болмайды. Азаматтардың хат-хабар жазуы, телефонмен сөйлесуі, телеграф арқылы хабарлауы олардың жеке өмірлік құқықтары болып табылады және мұндай хабарлаудың құпиялылығы сақталады (18-баптың 2-тармағы). Байланыс мекемелері азаматтардың осындай құқықтарын мүлтіксіз қорғауға міндетті. Азаматтардың хат-хабар жазысу, телефонмен сөйлесу, телеграф арқылы хабарласу құпиясын бұзған адамдар тәртіпке, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Тек қана бір жағдайда Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің баптарында көрсетілген негіздер бойынша ғана хат жазысу, телефонмен сөйлесу, почта-телеграф жөнелтілімдерін немесе өзге хабарларды тұтқындау, оларды тексеру мен алу, жол жөнекей ұстау, тыңдау мен жазу әрекеттері жүзеге асырылады. Бұл әрекеттерді жүзеге асыру тергеуші мен прокурордың құзыретіне жатады. Басқа негіздермен мұндай әрекеттерді жүзеге асыруға ешкім де құқылы емес, мұндай ретте кінәлі адам Қылмыстық кодекстің 143-бабы бойынша жауапқа тартылады.
Қылмыстың тікелей объектісі хат жазысу, телефонмен сөйлесу, почта, телеграф немесе өзге хабарларының құпиясын заңсыз бұзу арқылы көрініс табады.
Құпиялылықты бұзуға заңсыз телефонмен сөйлесуді тыңдау, поята-телеграф мәліметтерімен жәбірленушінің келісімінсіз танысу, біреудің хат-хабарын ашып оқып, соның мазмұнын жұртқа жария ету әрекеттері жатады. Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол осы көрсетілген әрекеттердің біреуі орын алғанда аяқталған деп танылады.
Субъективтік жағынан қылмыс тек қана тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлі адам хат жазысу, телефонмен сөйлесу, почта, телеграф хабарлары немесе өзге де хабарлар құпиясын заңсыз бұзатынын сезеді және осыны істеуді тілейді.
Қылмыстың субъектісі – 16-ға толған есі дұрыс, кез келген адам.
Осы баптың (143-бап) екінші тармағында осы қылмыс құрамының екі түрлі ауырлатаын түрі көрсетілген:
1) Адам өзінің қызмет бабын пайдаланып жоғарыда көрсетілген әрекеттерді істеуі. Бұл ретте қылмыстың субъектісі арнаулы – почта, телеграф басқадай байланыс мекемелерінің лауазымды адамдары болады. Лауазымдық жағдайы олардың осы қылмысты істеуін анағұрлым жеңілдетеді.
2) Ақпаратты жасырын алуға арналған құралдарды пайдаланып жасалған нақ сол әрекеттер. Мұндай құралдарға жасырын хабарлар алуға, ондағы бағдарламаларды ашуға арналған құралдар, ақпараттар жатады.
Қылмыстық кодекстің 143-бабының 2-тармағында ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдарды өткізу мақсатында заңсыз жасау, өткізу немесе алу үшін жауаптылықты көздейтін жеке қылмыс құрамы үшін жауаптылық белгіленген.
Осы қылмыс құрамын анықтау үшін біріншіден көрсетілген заттарды: 1) өндіру; 2)өткізу; 3) өткізу мақсатында алуды анықтау қажет. Мұндай техникалық құралдарды жасаудың мақсаты – осы құралдар арқылы ақпаратты жасырын алу болып табылады. Бұл әрекеттер заңсыз жүзеге асырылады. ҚК-тің 143-бабының 3-тармағынның диспозициясында көрсетілген балама әрекеттердің біреуін жасаудың өзі-ақ кінәліні осы құрам бойынша жауапқа тартуға негіз болады. Қылмыс субъектісі – 16-ға толған кез келген есі дұрыс адам.
Дәрігерлік құпияны жария ету (144-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі – дәрігерлік құпияны қамтамасыз етуді реттейтін қоғамдық қатынастар.
Қылмыстың жәбірленушісі – сырқатқа ұшыраған пациент. Қылмыс объективті жағынан әрекетсіздік арқылы медициналық қызметкердің кәсіптік немесе қызметтік қажеттіліксіз адам бойында ВИЧ/ЖКТБ бар екені туралы пациенттің сырқаты немесе медициналық куәландыру қорытынды туралы мәліметтерді басқаға айтады, яғни әрекетсіздікке жол беріледі. Қылмыс құрамы формальдық, ал дәрігерлік құпия жария етілген сәттен бастап аяқталған деп танылады.
Субъективтік жағынан қылмыс қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет – әр түрлі болуы мүмкін: кек алу, қызғаныш немесе басқадай арам пиғылдар.
Қылмыстың субъектісі – арнаулы медициналық қызметкер (дәрігер, медбике, фельдшер, т. с.с.).
Осы баптың екінші бөлігінде көзделген әрекеттер, егер олар ауыр зардаптарға әкеп соқса (жәбірленушінің қорланып өзін-өзі өлтіруі, ауыр дене жарақатын алуы, ерлі-жұбайлардың отбасылық қатынастарының бұзылуы т. б.) онда кінәлі адам Қылмыстық кодекстің 144-бабының 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылады.
Тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу (145-бап)
Қазақстан Республикасының Конституциясының 25-бабына сәйкес тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді. Тұрғын үйге басып кіруге, оны тексеруге тінтуге заңмен белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі. Осыған орай Қылмыстық кодекстің 145-бабында тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзғаны үшін жауаптылық көзделген. Қылмыстың тікелей объектісі – тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар.
Қылмыс объективтік жағынан тұрғын үйге онда тұратын адамның еркінен тыс басып кіру арқылы көрініс табады.
Тұрғын үйге басып кіру біріншіден заңсыз болуы қажет. Екіншіден басып кіру деп ашық немесе жасырын түрде онда тұратын адамның еркінен тыс тұрған үйге кіруді айтамыз.
Тұрғын үйге – адамдардың түпкілікті немесе уақытша тұратын жеке үйлері, пәтерлері, бөлмелері, қонақүйдегі бөлмесі, саяжайы, бағбаншылық үйшігі, сондай-ақ демалатын, зат қоятын қосымша жайлары жатады.
Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол тұрғын үйге онда тұратын адамның еркінен тыс жағдайда басып кірген сәттен аяқталған деп танылады.
Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлі адам тұрғын үйге заңсыз кірудің қоғамға қауіптілігін сезеді және соны жүзеге асыруды тілейді. Қылмыстық ниет сан алуан болуы ықтимал.
Қылмыстың объектісі – 16-ға толған есі дұрыс кез келген адам.
Қылмыстық кодекстің 145-бабының 2-тармағында осы қылмыстың ауырлататын түрі – күш қолданып не оны қолданамын деп қорқытумен, немесе адамдар тобы жасаған, немесе түнгі уақытта, немесе заңсыз тінтуге ұласып жасалған әрекет, сондай-ақ тұрғын үйден заңсыз шығарып тастау үшін жауаптылық белгіленген.
Күш қолдануға ұрып-соғып, сабап, дене жарақатын салу, жәбірленушіні байлап тастау арқылы үйге заңсыз кіру жатады. Күш қолданамын деп қорқытуға жоғарыда көрсетілген зорлық әрекеттерді істейміндеп психикалық қысым жасау арқылы жәбірленушінің қарсылығын жоюға бағытталған әрекеттер жатады. Қорқыту нақты және шын жүзеге асатындай болуы керек.
Адамдар тобының түсінігі Қылмыстық кодекстің 31-бабының 1-тармағында берілген. Түн ішінде тұрғын үйге заңсыз кіру тұрғын жайға ешкімнің тимеуін өрескел бұзу болып саналады. Түнгі 22 сағаттан таңсәрідегі 6 сағатқа дейін уақыт түнгі деп саналады.
Заңсыз тінту деп заңда көрсетілген негіздерсіз заңсыз тінту жүргізіп, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарын өрескел бұзғандықты айтамыз.
Біреуді үйінен заңсыз шығарып тастау деп Тұрғын үй заңына қарсы әрекеттер жасап, соттың шешімінсіз немесе прокурордың санкциясынсыз отырған үйінен заңсыз шығаруды айтамыз.
Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекеттер, егер олар ауыр зардаптарға әкеп соқса, онда ол осы қылмыстың өте ауырлататын түрі болып табылады (ҚК-тің 145-бабының 3-тармағы).
Ауыр зардаптарға жәбірленушінің ауыр дене жарақатын алуы, есі ауысқан ауруға шалдығуы, оларға ірі материалдық, моральдық зиян келуі, тағы сол сияқтылар жатады. ҚК-тің 145-бабының 3-тармағында көрсетілген қылмыс материалдық құрамға жатады.
Қинау (141-1-бап)
Біріккен Ұлттар Ұйымының 1984 жылғы арнаулы конвенциясында жауап алуда азаптау тәсілдерін қолдануға тыйым салынған. Қазақстан Республикасы қол қойған Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалаулардың түрлеріне қарсы конвенцияның орындалуы үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде адамды қинап жауап алу амалдарын қолданғаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген. Қылмыстық кодекстің 141-1-бабы бойынша: тергеушінің, анықтауды жүргізуші адамның немесе өзге лауазымды адамның не олардың білуімен қиналушыдан немесе үшінші адамнан мәліметтер не олардың білуімен қиналушыдан немесе үшінші адамнан мәліметтер алу немесе мойындату, не оны ол жасады немесе жасады деп күдік келтірілген іс-әрекет үшін жазалау, сондай-ақ оны немесе үшінші адамды кез келген сипаттаға кемсітуге негізделген кез келген себеп бойынша қорқыту немесе мәжбүр ету мақсатымен әдейітән зардабын және (немесе) психикалық зардап шектіруі қинау деп танылады.
Қылмыстың объектісі тергеу, анықтама органдарының бірқалыпты, заңды, дұрыс қызметі. Қосымша тікелей объект – жеке деген азаматтардың өмірі, денсаулығы, адамгершілік қасиеттері. Қылмыс объективтік жағынан алғанда тергеушінің, алдын ала анықтауды жүргізуші адамның немесе өзге лауазымды адамның қиналушыдан немесе өзге адамнан қинау арқылы жауап, мәліметтер алуы, оларға тән азабын және психикалық зардаптар шектіру арқылы сипатталады.
Қылмыстық кодекстің 141-1 бабының ескертуінде лауазымды адамдардың заңды іс-әрекеті нәтижесінде келтірілген тән зардабы және психикалық зардап қинау деп танылады. Яғни қинаудың өзі екі түрлі іс-әрекеттің: тән зардабы және психикалық зардаптардың жиынтығы болып табылады.
Тән зардабына әртүрлі жарақаттар келтіру жатады. Оларға жәбірленушіні немесе үшінші адамды ұрып-соғып, жеңіл, орта дәрежелі жарақаттар келтіру арқылы олардын мәліметтер алу немесе оларды мойындату немесе басқа бір адамдар жөнінде деректер жинау.
|
Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 |


