118-бап. Тiркелген активтердiң түсiмi

  1. Тiркелген активтер түскен кезде, оның iшiнде қаржы лизингi бойынша және тауарлық-материалдық қорлардың құрамынан аудару жолымен түскен кезде топтардың (кiшi топтардың) құндық балансын көрсетiлген активтердiң бастапқы құнына ұлғайтады.
  Тiркелген активтердiң түсiмiн салық салу мақсатында тану түскен активтердi тiркелген активтердiң құрамына енгiзудi бiлдiредi.
  2. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, тiркелген актив пайдалануға берiлген күннен бастап салық төлеушi шеккен шығындар тiркелген активтердiң бастапқы құнына қосылады. Мұндай шығындарға:
  осы Кодекске сәйкес шегерiмге жатқызылуға жатпайтын шығындардан (шығыстардан);
  салық төлеушiнiң осы Кодекстiң 100-бабының 6, 12, 13-тармақтары, сондай-ақ осы Кодекстiң баптары негiзiнде шегерiмге құқығы болатын шығындардан (шығыстардан);
  амортизациялық аударымдар шығындарынан (шығыстарынан);
  бухгалтерлiк есепте туындайтын және осы Кодекстiң 100-бабының 15-тармағына сәйкес салық салу мақсатындағы шығыс ретiнде қарастырылмайтын шығындардан (шығыстардан) басқа тiркелген активтi сатып алуға, өндiруге, салуға, монтаждауға және орнатуға арналған шығындар, сондай-ақ халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес оның құнын арттыратын басқа да шығындар жатады.
  3. Тауарлық-материалдық қорлардың құрамынан аудару жолымен түскен, тiркелген активтiң бастапқы құны оның түскен күнiне бухгалтерлiк есепке сәйкес айқындалған баланстық құны болып табылады.
  4. Тiркелген активтер өтеусiз алынған кезде көрсетiлген активтердi қабылдап алу-беру актiсiнiң деректерi бойынша айқындалатын құн тiркелген активтердiң бастапқы құны болып табылады.
  5. Жарғылық капиталға салым ретiнде алу кезiнде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес айқындалатын құн тiркелген активтердiң бастапқы құны болып табылады.
  6. Салық төлеушiнiң қосылу, бiрiгу, бөлiну немесе бөлiнiп шығу жолымен қайта ұйымдастырылуына байланысты тiркелген активтердi алу кезiнде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес айқындалатын құн осындай тiркелген активтердiң бастапқы құны болып табылады.
  7. Сенiмгерлiкпен басқарушы тiркелген активтердi сенiмгерлiкпен басқаруға алған кезде:
  1) беретiн тұлғаның осы активтерi тiркелген активтер болған жағдайда – осы Кодекстiң 119-бабының 10-тармағына сәйкес айқындалған құн;
  2) өзге жағдайларда – аталған активтердi қабылдап алу-беру актiсiнiң деректерi бойынша айқындалған құн осындай тiркелген активтердiң бастапқы құны болып табылады.
  8. Сенiмгерлiкпен басқару бойынша мiндеттемелердi тоқтатуға байланысты сенiмгерлiкпен басқарушыдан тiркелген активтердi алған кезде:
  1) сенiмгерлiкпен басқарушының осы активтерi тiркелген активтер болған жағдайда – осы Кодекстiң 119-бабының 11-тармағына сәйкес айқындалған құн;
  2) өзге жағдайларда – амортизациялық аударымдардың сомасына азайтылған, осы Кодекстiң 119-бабының 10-тармағына сәйкес айқындалған құн осындай тiркелген активтердiң бастапқы құны болып табылады. Бұл ретте, амортизациялық аударымдар есептi салық кезеңiнiң алдындағы сенiмгерлiкпен басқарудың әрбiр салық кезеңi үшiн алдыңғы кезеңдердегi амортизациялық аударымдар сомасына азайтылған, бастапқы құнға қолданылатын, тiркелген активтердiң тиiстi тобы үшiн осы Кодексте көзделген амортизацияның шектi нормасын негiзге ала отырып, есептеледi.
  9. Концессионер (концессия шартын iске асыру үшiн тек қана концессионер арнайы құрған құқық мирасқоры немесе заңды тұлға) концессия шарты бойынша тiркелген активтердi алған кезде осы Кодекстiң 119-бабының 12-тармағына сәйкес айқындалған құн, мұндай құн болмаған жағдайда бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен айқындаған құн осындай активтердiң бастапқы құны болып табылады.
  10. Концессия шарты тоқтатылған кезде концендент тiркелген активтердi алған кезде осы Кодекстiң 119-бабының 13-тармағына сәйкес айқындалған құн осындай тiркелген активтердiң бастапқы құны болып табылады.
  11. Оңайлатылған декларация негiзiнде шағын бизнес субъектiлерi үшiн арнаулы салық режимiн қолданатын салық төлеушi осы Кодекстiң 81-149-баптарына сәйкес корпоративтiк табыс салығын есептеуге көшкен кезде салықтарды есептеудiң жалпыға бiрдей белгiленген тәртiбiне көшу күнiне халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттары мен Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалған, арнаулы салық режимiнде пайдаланылған негiзгi құралдардың, жылжымайтын мүлiкке инвестициялардың, материалдық емес және биологиялық активтердiң баланстық құны тiркелген активтердiң бастапқы құны болып табылады.
  12. Табыс алуға бағытталған қызметте пайдаланылуы уақытша тоқтатылуына байланысты бұрын шығып қалған I топтың тiркелген активтерi табыс алуға бағытталған қызметте пайдалану үшiн мұндай тiркелген активтердi пайдалануға беру жүзеге асырылған салық кезеңiнде тiркелген активтердiң I тобының құндық балансына осы Кодекстiң 122-бабына сәйкес мұндай активтердiң құнын ұлғайтуға жатқызылатын шығыстарды ескере отырып, шығып қалу құны бойынша енгiзiлуге жатады.
  13. Преференцияларының күшi жойылған активтер осы Кодекстiң 125-бабының 4-тармағында көрсетiлген жағдайларда топтың (кiшi топтың) құндық балансына осы баптың 2-тармағында белгiленген тәртiппен айқындалатын бастапқы құны бойынша енгiзiлуге жатады.
  14. Преференциялар объектiсi осы баптың 13-тармағында көрсетiлген активтерден басқа, осы Кодекстiң 125-бабының 6-тармағында көрсетiлген жағдайда осы объект пайдалануға берiлген салық кезеңiнен кейiнгi үш салық кезеңi аяқталғаннан кейiн топтың (кiшi топтың) құндық балансына нөлдiк құн бойынша енгiзiлуге жатады.

НЕ нашли? Не то? Что вы ищете?

   119-бап. Тiркелген активтердiң шығып қалуы

  1. Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, толық амортизация және (немесе) құнсыздану нәтижесiнде тануды тоқтату жағдайларын қоспағанда, тiркелген активтердi бухгалтерлiк есепте негiзгi құралдар, жылжымайтын мүлiкке инвестициялар, материалдық емес және биологиялық активтер ретiнде тануды тоқтату, сондай-ақ сатуға арналған активтер құрамына ауыстыру осындай активтердiң шығып қалуы болып табылады.
  Тiркелген активтердiң шығып қалуын салық салу мақсатында тану шығып қалған активтердi тiркелген активтердiң құрамынан алып тастауды бiлдiредi.
  2. Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, кiшi топтың (топтың) құндық балансы шығып қалу күнiне қаржылық есептiлiктiң халықаралық стандарттары мен Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалған шығып қалатын тiркелген активтердiң баланстық құнына азайтылады.
  3. Тiркелген активтердi, оның iшiнде қаржы лизингi шарты бойынша оларды тауар-материалдық қорлардың құрамына ауыстырусыз өткiзу кезiнде кiшi топтың (топтың) құндық балансы қосылған құн салығын қоспағанда, өткiзу құнына азайтылады.
  Егер мүлiктiк кешен ретiнде кәсiпорынды сатып алу-сату шартын қоса алғанда, сатып алу-сату шартында өткiзу құны тiркелген активтер объектiлерi бойынша анықталмаса, кiшi топтың (топтың) құндық балансы өткiзу күнiне қаржылық есептiлiктiң халықаралық стандарттары мен Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалған шығып қалатын тiркелген активтердiң баланстық құнына азайтылады.
  4. Тiркелген активтердi өтеусiз беру кезiнде кiшi топтың (топтың) құндық балансы аталған активтердi қабылдап алу-беру актiсiнiң деректерi бойынша айқындалатын құнға азайтылады.
  5. Тiркелген активтердi жарғылық капиталға салым ретiнде беру кезiнде кiшi топтың (топтың) құндық балансы Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасына сәйкес айқындалатын құнға азайтылады.
  6. Қосу, бiрiктiру, бөлу немесе бөлiп шығару жолымен қайта ұйымдастыру нәтижесiнде тiркелген активтердiң шығып қалуы кезiнде кiшi топтың (топтың) құндық балансы беру актiсiнде немесе бөлу балансында көрсетiлген құнға азайтылады.
  7. Құрылтайшы, қатысушы мүлiктi алған кезде кiшi топтың (топтың) құндық балансы құрылтайшылардың, қатысушылардың келiсiмi бойынша анықталған құнға азайтылады.
  8. Тiркелген активтердi жоғалту, жою, бүлдiру, ысырап ету кезiнде:
  1) тiркелген активтердi сақтандыру жағдайларында – кiшi топтың (топтың) құндық балансы сақтандыру шартына сәйкес сақтандыру ұйымы сақтанушыға төлеген сақтандыру төлемдерiнiң сомасына тең құнға азайтылады;
  2) I топтың тiркелген активтерiн сақтандыру болмаған кезде – тиiстi кiшi топтардың құндық балансы тiркелген активтердiң осы Кодекстiң 117-бабының 3-тармағында көзделген тәртiппен есептелген қалдық құнына азайтылады;
  3) I топтың тiркелген активтерiнен басқа, тiркелген активтердi сақтандыру болмаған кезде шығып қалу көрсетiлмейдi.
  9. Лизинг алушы қаржы лизингiнiң затын лизинг берушiге қайтарған кезде кiшi топтың (топтың) құндық балансы қаржы лизингi бойынша сыйақы сомасына азайтылған, қаржы лизингiнiң затын сатып алу құны мен лизинг затын алған күннен бастап қайтару күнiне дейiн кезеңдегi лизингтiк төлемдер сомасы арасындағы оң айырмаға азайтылады.
  10. Тiркелген активтердi сенiмгерлiкпен басқаруға беру кезiнде топтың (кiшi топтың) құндық балансы:
  1) I топ бойынша – тiркелген активтердiң қалдық құнына;
  2) II, III және IV топтар бойынша – беру күнiне халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттары мен Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес анықталған баланстық құнға азайтылады.
  11. Сенiмгерлiкпен басқарушы сенiмгерлiкпен басқару жөнiндегi мiндеттемелердi тоқтатқан кезде топтың (кiшi топтың) баланстық құнын:
  1) I топ бойынша – осы Кодекстiң 117-бабының 3-тармағында көзделген тәртiппен есептелген тiркелген активтердiң қалдық құнына;
  2) II, III және IV топтар бойынша:
  топтың барлық активтерiн беру кезiнде – осы Кодекстiң 117-бабының 8-тармағында көзделген тәртiппен есептелген топтың құндық балансының шамасына;
  қалған жағдайларда - осы Кодекстiң 118-бабына сәйкес айқындалған, берiлетiн активтердiң амортизациялық аударымдар сомасына азайтылған бастапқы құнына азайтады. Бұл ретте амортизациялық аударымдар осы Кодексте тiркелген активтердiң тиiстi тобы үшiн көзделген, алдыңғы кезеңдер үшiн амортизациялық аударымдар сомасына азайтылған бастапқы құнға қолданылатын амортизацияның шектi нормасы негiзге алынып, есептi салық кезеңiнiң алдындағы сенiмгерлiкпен басқарудың әрбiр салық кезеңi үшiн есептеледi.
  12. Концессия шарты бойынша концессионерге тiркелген активтердi беру кезiнде конценденттiң тобының (кiшi тобының) құндық балансы:
  1) I топ бойынша – осы Кодекстiң 117-бабының 3-тармағында көзделген тәртiппен есептелген тiркелген активтердiң қалдық құнына;
  2) II, III және IV топтар бойынша – бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен анықталған құнға азайтылады.
  13. Концессия шарты тоқтатылған кезде концендентке тiркелген активтердi беру кезiнде концессионердiң тобының (кiшi тобының) құндық балансы:
  1) I топ бойынша – осы Кодекстiң 117-бабының 3-тармағында көзделген тәртiппен есептелген тiркелген активтердiң қалдық құнына;
  2) II, III және IV топтар бойынша – бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен анықталған құнға азайтылады.
  14. Табыс алуға бағытталған қызметте тiркелген активтердi пайдалануды уақытша тоқтатқан кезде:
  1) I топ бойынша – тиiстi кiшi топтардың құндық балансы осы Кодекстiң 117-бабының 3-тармағында көзделген тәртiппен есептелген тiркелген активтердiң қалдық құнына азайтылады. Кiшi топтың құндық балансын азайту активтi пайдаланудан уақытша шығарудың және пайдалану уақытша тоқтатылғаннан кейiн оны пайдалануға берудiң салықтық кезеңдерi сәйкес келмеген жағдайда жүргiзiледi;
  2) II, III және IV топтар бойынша шығып қалу көрсетiлмейдi.
  Тiркелген активтердi пайдалануды уақытша тоқтатуға мұндай активтердi бухгалтерлiк есепте негiзгi құралдар, жылжымайтын мүлiкке инвестициялар, материалдық емес және биологиялық активтер ретiнде тануды тоқтатпай, тiркелген активтердi пайдаланудан уақытша шығару жатады.

   120-бап. Амортизациялық аударымдарды есептеу

  1. Тiркелген активтердiң құны осы Кодексте белгiленген тәртiппен және шарттарда амортизациялық аударымдарды есептеу жолымен шегерiмге жатады.
  2. Әрбiр кiшi топ, топ бойынша амортизациялық аударымдар амортизация нормаларын қолдану жолымен, бiрақ салық кезеңiнiң соңында кiшi топтың, топтың құндық балансына шектi нормалардан жоғары болмайтындай етiп анықталады: 

рет
N

топ
N

Тiркелген активтердiң атауы

Амортизацияның
шектi нормасы
(%)

1

2

3

4

1

I

Мұнай, газ ұңғымаларын және беру қондырғыларын қоспағанда, ғимараттар, құрылыстар

10

2

II

Мұнай-газ өндiру машиналары мен жабдықтарын, сондай-ақ ақпаратты өңдеуге арналған компьютерлер мен жабдықтарды қоспағанда, машиналар мен жабдық

25

3

III

Ақпаратты өңдеуге арналған компьютерлер мен жабдықтар

40
 

4

IV

Басқа топтарға енгiзiлмеген тiркелген активтер, соның iшiнде мұнай, газ ұңғымалары, беру қондырғылары, мұнай-газ өндiру машиналары мен жабдықтары

15

  3. Мұнай, газ ұңғымаларын және беру қондырғыларын қоспағанда, ғимараттар мен құрылыстар бойынша амортизациялық аударымдар әрбiр объект бойынша жеке анықталады.
  4. Салық төлеушi таратылған немесе қайта ұйымдастырылған, оңайлатылған декларация негiзiнде шағын бизнес субъектiлерi үшiн арнаулы салық режимiн қолданатын заңды тұлға осы Кодекстiң 81-149-баптарына сәйкес корпоративтiк табыс салығын есептеуге көшкен жағдайда, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушi заңды тұлғалар және селолық тұтыну кооперативтерi үшiн арнаулы салық режимiн қолдануды тоқтатқан кезде амортизациялық аударымдар салық кезеңiндегi қызмет кезеңiне түзетiледi.
  5. Салық төлеушi Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет пайдалануға берiлетiн, осы Кодекстiң 123-бабы 2-тармағының ережелерiне сәйкес келетiн өндiрiстiк мақсаттағы ғимараттарды және құрылыстарды, машиналар мен жабдықтарды:
  тiркелген активтер деп тануға және олардың құнын осы Кодекстiң баптарында белгiленген тәртiппен шегерiмге жатқызуға немесе
  преференциялар объектiлерi деп тануға және олардың құнын осы Кодекстiң баптарында белгiленген талаптар сақталған кезде және тәртiппен шегерiмге жатқызуға құқылы.
  6. Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет пайдалануға берiлген тiркелген активтер бойынша жер қойнауын пайдаланушы пайдаланудың бiрiншi салықтық кезеңiнде осы тiркелген активтердi жылдық жиынтық табыс алу мақсатында кемiнде үш жыл пайдаланған жағдайда амортизацияның екi еселенген нормалары бойынша амортизациялық аударымдар есептеуге құқылы. Осы тiркелген активтер пайдаланудың бiрiншi салық кезеңiнде топтың құндық балансынан бөлек ескерiледi. Келесi салық кезеңiнде осы тiркелген активтер тиiстi топтың құндық балансына қосуға жатады.
  Осы тармақтың ережелерi бiр мезгiлде мынадай талаптарға сәйкес келетiн:
  1) өздерiн пайдалану ерекшелiктерiне орай жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт (келiсiмшарттар) бойынша қызметтi жүзеге асырумен тiкелей себеп-салдарлы байланысы бар активтер болып табылатын;
  2) салықтық есепте жер қойнауын пайдаланушы осы активтер бойынша шеккен келесi шығыстар жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт (келiсiмшарттар) бойынша қызмет пен келiсiмшарттан тыс қызмет арасында бөлуге жатпайтын тiркелген активтерге ғана қолданылады.

   121-бап. Тiркелген активтер бойынша басқа да шегерiмдер

  1. Өтеусiз берудi қоспағанда, кiшi топтың (I топ бойынша) тiркелген активтерi шығып қалғаннан кейiн кiшi топтың салық кезеңi соңындағы құндық балансы мөлшерiндегi сома I топтың тiркелген активтерiнiң шығып қалуынан болған залал деп танылады.
  Осы кiшi топтың құндық балансы нөлге теңестiрiледi және шегерiмге жатқызылмайды.
  2. Топтың (II, III және IV топтар бойынша) барлық тiркелген активтерi шығып қалғаннан кейiн тиiстi кiшi топтың немесе топтың салық кезеңi соңындағы құндық балансы, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, шегерiмге жатқызылады.
  3. Кiшi топтың (I топ бойынша) немесе топтың (II, III және IV топтар бойынша) барлық тiркелген активтерiн өтеусiз берген кезде тиiстi кiшi топтың немесе топтың құндық балансы салық кезеңiнiң соңында нөлге теңестiрiледi және шегерiмге жатқызылмайды.
  4. Салық төлеушi кiшi топтың (топтың) салық кезеңi соңындағы құндық балансының республикалық бюджет туралы заңмен тиiстi қаржы жылына белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 300 еселенген мөлшерiнен кем соманы құрайтын шамасын шегерiмге жатқызуға құқылы.

   122-бап. Келесi шығыстар шегерiмi

  1. Келесi шығыстар деп осы баптың 2-тармағында көрсетiлген активтердi пайдалану, жөндеу, ұстау және тарату кезiнде шеккен, оның iшiнде жер қойнауын пайдаланушылардың аударымдары осы
Кодекстiң 107-бабына сәйкес шегерiмге жататын тарату қорының қаражаты есебiнен жүргiзiлген шығыстарын қоспағанда, салық төлеушiнiң резервтiк қорлары есебiнен жүргiзiлетiн iс жүзiндегi шығыстар түсiндiрiледi.
  2. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлгендерiн қоспағанда, келесi шығыстар олар iс жүзiнде жүргiзiлген салық кезеңiнде шегерiмге жатқызылуға тиiс.
  Мынадай активтерге:
  1) тiркелген активтерге және (немесе)
  2) осы Кодекстiң 116-бабы 2-тармағының 1), 6), 13) тармақшаларында көрсетiлген активтердi қоспағанда, халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттары мен Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес салық төлеушiнiң бухгалтерлiк есебiнде ескерiлетiн және табыс алуға бағытталған қызметке пайдалануға арналған негiзгi құралдарға, жылжымайтын мүлiкке инвестицияларға, материалдық емес және биологиялық активтерге қатысты шегерiмге жол берiледi.
  3. Осы бапта өзгеше көзделмесе, бухгалтерлiк есепте осы Кодекстiң 116-бабы 2-тармағының 12) тармақшасында, осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген активтердiң баланстық құнын ұлғайтуға жатқызылатын келесi шығыстардың, сондай-ақ осы Кодекстiң 125-бабының 5-тармағында көрсетiлген келесi шығыстардың сомасы:
  1) топтың (кiшi топтың) актив түрiне сәйкес келетiн құндық балансын ұлғайтады;
  2) топтың (кiшi топтың) актив түрiне сәйкес келетiн құндық балансы болмаған кезде ағымдағы салық кезеңiнiң аяғында топтың (кiшi топтың) актив түрiне сәйкес келетiн құндық балансын қалыптастырады.
  Осы Кодекстiң 118-бабының 12-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы тармақта көзделген келесi шығыстар салық салу мақсатында олар iс жүзiнде жүргiзiлген салық кезеңiнде танылады.
  4. Жалға алушы жалға алынатын негiзгi құралдарға қатысты жұмсаған келесi шығыстардың сомасы шегерiмге жатқызылады.
  5. Өндiрiстiк мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды, сондай-ақ машиналар мен жабдықтарды реконструкциялауға, жаңғыртуға жұмсалатын келесi шығыстар инвестициялық салық преференцияларын қолдануға құқығы бар салық төлеушiнiң таңдауы бойынша осы баптың 3-тармағына немесе осы Кодекстiң баптарына сәйкес шегерiмге жатқызылуға тиiс.

§ 4. Инвестициялық салық преференциялары

   123-бап. Инвестициялық салық преференциялары

  1. Инвестициялық салық преференциялары (бұдан әрi – преференциялар) салық төлеушiнiң таңдауы бойынша осы бапқа және осы Кодекстiң 124, 125-баптарына сәйкес қолданылады және преференциялар объектiлерiнiң құнын және (немесе) реконструкциялауға, жаңғыртуға арналған келесi шығыстарды шегеруге жатқызуды бiлдiредi.
  Осы баптың 6-тармағында көрсетiлгендердi қоспағанда, Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының преференцияларды қолдануға құқығы бар.
  2. Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет пайдалануға берiлетiн өндiрiстiк мақсаттағы ғимараттар және құрылыстар, машиналар мен жабдықтар, егер пайдалануға берiлген салық кезеңiнен кейiнгi кемiнде үш салық кезеңi iшiнде бiр мезгiлде мынадай талаптарға сәйкес келсе:
  1) осы Кодекстiң 116-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген активтер немесе негiзгi құралдар болып табылса;
  2) преференцияларды қолданған салық төлеушi табыс алуға бағытталған қызметте пайдаланса;
  3) оларды пайдалану ерекшелiктерiне байланысты жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт (келiсiмшарттар) бойынша қызметтi жүзеге асырумен тiкелей себеп-салдарлы байланысы бар активтер болып табылмаса;
  4) жер қойнауын пайдаланушы осы активтер бойынша шеккен келесi шығыстар салық есебiнде жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт (келiсiмшарттар) бойынша қызмет пен келiсiмшарттан тыс қызмет арасында бөлуге жатпаса, преференция объектiлерiне жатқызылады.
  3. Өндiрiстiк мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды, машиналар мен жабдықтарды реконструкциялауға, жаңғыртуға жұмсалатын келесi шығыстар, мұндай ғимараттар мен құрылыстар, машиналар мен жабдықтар бiр мезгiлде мынадай талаптарға сәйкес келген кезде:
  1) халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес салық төлеушiнiң бухгалтерлiк есебiнде негiзгi құралдар ретiнде ескерiлсе;
  2) реконструкциялау, жаңғырту жүзеге асырылған соң пайдалануға берiлген салық кезеңiнен кейiнгi кемiнде үш салық кезеңi iшiнде табыс алуға бағытталған қызметте пайдалануға арналған болса;
  3) реконструкциялауды, жаңғыртуды жүзеге асыру кезеңiнде пайдаланудан уақытша шығарылса;
  4) оларды пайдалану ерекшелiктерiне байланысты жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт (келiсiмшарттар) бойынша қызметтi жүзеге асырумен тiкелей себеп-салдарлы байланысы бар активтер болып табылмаса;
  5) жер қойнауын пайдаланушы осы активтер бойынша шеккен келесi шығыстар салық есебiнде жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт (келiсiмшарттар) бойынша қызмет пен келiсiмшарттан тыс қызмет арасында бөлуге жатпаса, олар iс жүзiнде жүргiзiлген салық кезеңiнде шегерiмге жатқызылуға тиiс.
  Преференцияларды қолдану мақсаты үшiн негiзгi құралды реконструкциялау, жаңғырту – келесi шығыстардың бiр түрi, олардың нәтижелерi бiр мезгiлде:
  негiзгi құралдың конструкциясын өзгерту, оның iшiнде жаңалау;
  негiзгi құралдың қызмет ету мерзiмiн үш жылдан астам уақытқа ұзарту;
  реконструкциялауды, жаңғыртуды жүзеге асыру үшiн осы негiзгi құрал пайдаланудан уақытша шығарылған күнтiзбелiк айдың басындағы техникалық сипаттамаларымен салыстырғанда негiзгi құралдың техникалық сипаттамаларының жақсаруы болып табылады.
  4. Преференцияларды қолдану мақсаты үшiн мыналардан:
  сауда ғимараттарынан (осындай ғимараттардың бөлiктерiнен);
  мәдени-ойын-сауыққа арналған ғимараттардан (осындай ғимараттардың бөлiктерiнен);
  қонақ үй, мейрамхана ғимараттарынан және қысқа мерзiмде тұруға арналған басқа да ғимараттардан, қоғамдық тамақтану ғимараттарынан (осындай ғимараттардың бөлiктерiнен);
  офистiк ғимараттардан (осындай ғимараттардың бөлiктерiнен);
  автомобильдерге арналған гараждардан (осындай ғимараттардың бөлiктерiнен);
  автотұрақтардан (осындай ғимараттардың бөлiктерiнен) басқа тұрғынжай емес ғимараттар (тұрғынжай емес ғимараттардың бөлiктерi) өндiрiстiк мақсаттағы ғимараттарға жатады.
  Преференцияларды қолдану мақсаты үшiн: спортқа арналған құрылыстар мен демалу орындарынан, мәдени-ойын-сауық, қонақ үйге, мейрамханаға арналған, әкiмшiлiк мақсаттарға, автомобильдер тұрағына немесе аялдауына арналған құрылыстардан басқа құрылыстар өндiрiстiк мақсаттағы құрылыстарға жатады.
  5. Преференцияларды қолдану мақсаты үшiн:
  құрылыс мердiгерлiгi шартын жасасу жолымен салу кезiнде – мемлекеттiк қабылдау комиссиясы ғимараттың (ғимарат бөлiгiнiң) пайдалануға берiлу актiсiне қол қойғаннан кейiн құрылысты жүргiзушiнiң құрылыс объектiсiн тапсырысшыға беруi;
  қалған жағдайларда - мемлекеттiк қабылдау комиссиясының ғимараттың (ғимарат бөлiгiнiң) пайдалануға берiлу актiсiне қол қоюы Қазақстан Республикасының аумағында жаңадан салынған ғимараттың (ғимарат бөлiгiнiң) алғаш рет пайдалануға берiлуi болып табылады.
  6. Мынадай талаптардың бiреуiне немесе бiрнешеуiне сәйкес келсе:
  1) салық төлеушiге салық салу осы Кодекстiң 5-бөлiмiне сәйкес жүзеге асырылса;
  2) салық төлеушi осы Кодекстiң 279-бабының 1)-4) тармақшаларында көрсетiлген акцизделетiн тауарларды өндiрудi және (немесе) өткiзудi жүзеге асырса;
  3) салық төлеушi осы Кодекстiң 63-тарауында көзделген арнаулы салық режимiн қолданса, салық төлеушiлердiң преференцияларды қолдануға құқығы жоқ.

Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38