198-бап. Салық салынатын табысты анықтау

  1. Салық салынатын табысты анықтау, резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырудан түсетiн табысынан корпоративтiк табыс салығын есептеу мен төлеу тәртiбi осы баптың және осы Кодекстiң 83-149-баптарының ережелерiмен белгiленедi.
  2. Резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырудан түсетiн жылдық жиынтық табысын тұрақты мекеме қызметiмен байланысты, Қазақстан Республикасында қызметiн жүзеге асыру басталған күннен бастап алынған (алынуға жататын) мынадай табыс түрлерi:
  1) осы Кодекстiң 192-бабының 1-тармағында көзделген, Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын табыстар;
  2) осы Кодекстiң 85-бабының 1-тармағында көрсетiлген, осы тармақтың 1) тармақшасына енгiзiлмеген табыстар;
  3) резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемесi Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегi көздерден, оның iшiнде қызметшiлер немесе басқа да жалданған персонал арқылы алған табыстар;
  4) резидент емес заңды тұлғаның басқа мемлекеттердегi құрылымдық бөлiмшелерiнiң табыстарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасында қызметiн жүзеге асырудан алатын осы резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесi арқылы жүзеге асырылатын қызметiне ұқсас немесе бiртектес табыстары құрайды.
  3. Резидент емес кәсiпкерлiк қызметтi өзiнiң Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесiмен бiрлесiп орындалатын бiр жобаның немесе байланысты жобалардың шеңберiнде Қазақстан Республикасында да, одан тысқары жерлерде де жүзеге асыратын жағдайда, егер ол осындай немесе осы сияқты қызметпен дәл сондай немесе ұқсас жағдайларда айналысатын оқшауланған және жекелеген заңды тұлға болса және өзi соның тұрақты мекемесi болып табылатын резидент емес заңды тұлғаға тәуелсiз әрекет ететiн болса, ол алуы мүмкiн табыс осындай тұрақты мекеменiң табысы болып есептеледi. "Байланысты жобалар" ұғымы осы Кодекстiң 191-бабының 2-тармағында айқындалған.
  Тұрақты мекеменiң табысы осы тармақты қолдану мақсатында Қазақстан Республикасының трансферттiк баға белгiлеу туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.
  4. Қазақстан Республикасындағы резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемесi өндiрген тауарларды резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде орналасқан басқа құрылымдық бөлiмшесi өткiзетiн жағдайда, егер ол осындай немесе осы сияқты қызметпен дәл сондай немесе ұқсас жағдайларда айналысатын оқшауланған және жекелеген заңды тұлға болса және өзi соның тұрақты мекемесi болып табылатын резидент емес заңды тұлғаға тәуелсiз әрекет ететiн болса, ол алуы мүмкiн табыс резидент емес заңды тұлғаның осындай тұрақты мекемесiнiң табысы болып есептеледi.
  Тұрақты мекеменiң табысы осы тармақты қолдану мақсатында Қазақстан Республикасының трансферттiк баға белгiлеу туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.
  5. Осы Кодекске сәйкес шегерiмге жатқызылмайтын шығыстарды қоспағанда, тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен түсетiн табыстарды алумен тiкелей байланысты шығыстар олардың Қазақстан Республикасында немесе одан тысқары жерлерде жұмсалғанына қарамастан шегерiмге жатады.
  6. Резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемеге:
  1) осы резидент емес заңды тұлғаның меншiгiн немесе зияткерлiк меншiгiн пайдаланғаны немесе пайдалану құқығын бергенi үшiн төленетiн роялти, гонорарлар, алымдар және басқа да төлемдер;
  2) резидент емес заңды тұлғаның өзiнiң тұрақты мекемесiне көрсеткен қызметтерi үшiн табыстар;
  3) осы резидент емес заңды тұлғаның өзiнiң тұрақты мекемесiне берген қарыздары бойынша сыйақылар;
  4) резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме арқылы қызметiнен табыстар алуымен байланысты емес шығыстар;
  5) құжатпен расталмаған шығыстар;
  6) резидент емес заңды тұлғаның осы Кодекстiң 208-бабының 2-тармағында айқындалған, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде жұмсалған басқару және жалпы әкiмшiлiк шығыстары ретiнде табыс етiлген соманы тұрақты мекемеден шегерiмге жатқызуға құқығы жоқ.

НЕ нашли? Не то? Что вы ищете?

   199-бап. Таза табысқа салық салу тәртiбi

  1. Резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметiнен түсетiн таза табысына 15 проценттiк ставка бойынша корпоративтiк табыс салығы салынады.
  Есептелген корпоративтiк табыс салығының сомасы алып тасталған, осы Кодекстiң 133-бабында көзделген табыстар мен шығыстар сомасына, сондай-ақ осы Кодекстiң 137-бабына сәйкес ауыстырылатын залалдар сомасына азайтылған салық салынатын табыс таза табыс деп танылады.
  2. Таза табысқа корпоративтiк табыс салығының есептелген сомасы корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияда көрсетiледi.
  3. Резидент емес заңды тұлға тұрақты мекеме арқылы қызметiнен түсетiн таза табысына корпоративтiк табыс салығын төлеудi корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету үшiн белгiленген мерзiмнен кейiнгi күнтiзбелiк он күн iшiнде жүргiзуге мiндеттi.

   200-бап. Жекелеген жағдайларда табыстарға салық салу
   тәртiбi

  1. Резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесi бiреуден артық болған жағдайда резидент емес корпоративтiк табыс салығын осы резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемелерiнiң бiрi арқылы оның тұрақты мекемелерiнiң тобы бойынша жиынтық түрде төлеуге құқылы.
  Бұл ретте резидент емес заңды тұлға есептi салық кезеңiнiң алдындағы жылдың 31 желтоқсанынан кешiктiрмей, мыналарды:
  1) уәкiлеттi органды - тұрақты мекемелердiң қайсысы корпоративтiк табыс салығын есептеудi және төлеудi жүргiзетiнi туралы;
  2) өзiнiң тұрақты мекемелерi орналасқан жердегi салық органдарын - таңдап алынған тұрақты мекеме оның барлық тұрақты мекемелерi бойынша бюджетке салық төлеудi жүргiзетiнi туралы жазбаша нысанда хабардар етуге тиiс.
  Бюджетке төленуге тиiс корпоративтiк табыс салығының сомасы мұндай жағдайда Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемелерiнiң салық салынатын табыстарының жиынтығынан есептеледi.
  Бұл ретте таңдап алынған тұрақты мекеме өзiнiң орналасқан жерi бойынша резидент емес заңды тұлғаның осындай тұрақты мекемелерiнiң бүкiл тобы бойынша корпоративтiк табыс салығы бойынша жалпы декларацияны табыс етуге тиiс.
  2. Осы Кодекстiң 198-бабының ережелерiне қарамастан, осы Кодекстiң 198-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында және 3-тармағында көрсетiлген табыстарды төлеудi жүргiзетiн салық агентi осы Кодекстiң 194-бабының 1) тармақшасында белгiленген ставка бойынша шегерiмдердi жүзеге асырмай, көрсетiлген табыстардан табыс салығын есептеудi, ұстауды және аударуды өзiнiң орналасқан жерi бойынша жүргiзуге мiндеттi. Осы тармақтың ережелерi осы баптың 3-тармағы екiншi бөлiгiнiң ережелерi сақталған кезде қолданылмайды.
  Бұл ретте салық агентi ұстаған төлем көзiнен табыс салығы осы баптың 4-тармағында белгiленген тәртiппен осы резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемесiнiң салықтық мiндеттемелерiн өтеу есебiнен есепке жатқызылуға тиiс.
  3. Резидент емес заңды тұлғаның филиалымен, өкiлдiгiмен, қызметiн Қазақстан Республикасында филиал, өкiлдiк ашпай, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғамен жасалған келiсiмшарт және (немесе) резидент емес заңды тұлғаның осындай филиалы, өкiлдiгi, тұрақты мекемесi жазып берген шот-фактура болмаған жағдайда, резидент емес заңды тұлғаның табыстарына осы Кодекстiң 198-бабының ережелерiне қарамастан, шегерiмдер жүзеге асырылмай, осы Кодекстiң 194-бабында белгiленген ставка бойынша төлем көзiнен табыс салығы салынады. Мұндай жағдайда, салық агентi ұстап қалған төлем көзiнен табыс салығы осы баптың 4-тармағында белгiленген тәртiппен осы резидент емес заңды тұлғаның филиалының, өкiлдiгiнiң, тұрақты мекемесiнiң салықтық мiндеттемелерiн өтеу есебiнен есепке жатқызылуға тиiс.
  Резидент емес заңды тұлғаның филиалымен, өкiлдiгiмен, қызметiн Қазақстан Республикасында филиал, өкiлдiк ашпай, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғамен жасалған келiсiмшарт және (немесе) резидент емес заңды тұлғаның осындай филиалы, өкiлдiгi, тұрақты мекемесi жазып берген шот-фактура болған кезде осы тармақтың ережелерi қолданылмайды және мұндай резидент емес заңды тұлғаның табыстарына осы Кодекстiң 198-бабының ережелерiне сәйкес табыс салығы салынады. Бұл ретте, резидент емес заңды тұлға салық агентiне филиалдың, өкiлдiктiң, тұрақты мекеменiң сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттың нотариаттық куәландырылған көшiрмесiн табыс етуге мiндеттi.
  4. Салық агентi осы баптың ережелерiне сәйкес ұстаған корпоративтiк табыс салығын қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға ретроспективтi тәртiппен қайта есептеуге тиiс.
  Қайта есептеу осы Кодекстiң 198, 199-баптарына сәйкес корпоративтiк табыс салығын есептеумен және осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетiлген табыстар көрсетiле отырып, тұрақты мекеме орналасқан жердегi салық органына корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияны табыс етудi бiлдiредi.
  Ұсталған табыс салығы мен қайта есептелген табыс салығы арасындағы айырма ретiнде есептелген корпоративтiк табыс салығы осы Кодексте белгiленген тәртiппен резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемесiнiң салықтық мiндеттемелерiн өтеу есебiнен есепке жатқызылуға тиiс.

25-тарау. РЕЗИДЕНТ ЕМЕС ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ТАБЫСТАРЫНА
САЛЫҚ САЛУ ТӘРТIБI

   201-бап. Төлем көзiнен табыс салығын есептеу, ұстау және
   аудару тәртiбi

  1. Резидент емес жеке тұлғаның осы Кодекстiң 192-бабының 1-тармағында айқындалған табыстарына осы Кодекстiң 194-бабында көрсетiлген ставкалар бойынша төлем көзiнен табыс салығы салық шегерiмдерi жүзеге асырылмай салынады.
  Бұл ретте резидент емес жеке тұлғаның табыстарынан төлем көзiнен табыс салығын есептеудi, ұстауды және аударуды салық агентi осы бапта және осы Кодекстiң 195-бабында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде жүргiзедi.
  2. Осы баптың ережелерiне қарамастан, осы баптың 8-тармағының 9), 10) тармақшаларында көрсетiлген табыстарды қоспағанда, резидент емес жеке тұлғаның осы Кодекстiң 197-бабының 1-тармағында көрсетiлген табыстарынан төлем көзiнен табыс салығын бюджетке есептеу, ұстау және аудару осы Кодекстiң 197-бабына сәйкес жүргiзiледi.
  3. Осы Кодекстiң баптарында айқындалған табыстарды қоса алғанда, осы Кодекстiң 192-бабы 1-тармағының 18)-22) тармақшаларында айқындалған резидент емес жеке тұлғаның табыстарынан төлем көзiнен табыс салығын есептеудi, ұстауды және аударуды салық агентi салық шегерiмдерiн жүзеге асырмай, осы Кодекстiң 161, 167-баптарында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде жүргiзедi.
  4. Төлем көзiнен табыс салығын салық агентi табысты төлеудiң нысаны мен орнына қарамастан, осы баптың 5-тармағында көрсетiлген жағдайды қоспағанда, резидент емес жеке тұлғаға табысты төлеу кезiнде ұстайды.
  5. Осы Кодекстiң 191-бабының 10-тармағының ережелерiне сәйкес қызметi тұрақты мекеме құрмайтын резидент еместiң жұмысы үшiн берiлген шетелдiк персоналдың табысынан төлем көзiнен жеке табыс салығын ұстауды салық агентi персоналды берген резидент емес заңды тұлғаға табысты төлеу кезiнде жүргiзедi. Бұл ретте мұндай шетелдiк персоналдың табысынан төлем көзiнен жеке табыс салығын есептеудi және аударуды салық агентi ай сайын осы Кодекстiң 161-бабында белгiленген мерзiмдерде жүргiзедi.
  6. Төлем көзiнен табыс салығын бюджетке есептеу, ұстау және аудару жөнiндегi мiндет пен жауапкершiлiк резидент емеске табысты төлейтiн және салық агенттерi деп танылған мынадай тұлғаларға:
  1) дара кәсiпкерге;
  2) егер филиал, өкiлдiк қосарланған салық салуды болғызбау туралы халықаралық шартқа немесе осы Кодекстiң 191-бабының 6-тармағына сәйкес тұрақты мекеме құрмаса, Қазақстан Республикасында қызметiн филиал, өкiлдiк арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаға;
  3) заңды тұлғаға, оның iшiнде Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емеске жүктеледi.
  Бұл ретте резидент емес заңды тұлға кейiннен тұрақты мекеме құруға алып келген Қазақстан Республикасында қызметiн жүзеге асыру басталған күннен бастап салық агентi болып танылады;
  4) заңды тұлғаға, оның iшiнде осы Кодекстiң 191-бабының 10-тармағының ережелерiне сәйкес қызметi тұрақты мекеме құрмайтын резидент емес оған шетелдiк персоналды берген, Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емеске;
  5) депозитарлық қолхаттардың базалық активiнiң резидент эмитентiне жүктеледi.
  7. Резидент емес жеке тұлғаның табыстарынан төлем көзiнен табыс салығының сомасын бюджетке аударуды салық агентi өзiнiң орналасқан жерi бойынша жүзеге асырады.
  Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға резидент емес жеке тұлғаның табыстарынан төлем көзiнен табыс салығының сомаларын бюджетке аударуды тұрақты мекеме орналасқан жер бойынша жүргiзедi.
  8. Мыналар:
  1) банктiк депозиттер бойынша сыйақылар;
  2) сыртқы сауда қызметi шеңберiнде Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды жеткiзуге байланысты төлемдер;
  3) резиденттер сатып алушылар төлеген, борыштық бағалы қағаздарды сатып алу кезiнде жинақталған (есебiне жазылған) сыйақылар сомасы;
  4) бiр мезгiлде мынадай талаптар орындалған кезде:
  акцияларды немесе қатысу үлестерiн үш жылдан астам иеленетiн;
  дивидендтер төлейтiн заңды тұлғаның немесе консорциумның жарғылық (акционерлiк) капиталы немесе акциялары (қатысу үлестерi) құнының 50 және одан да көп процентi дивидендтер төлеу күнiне Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылмайтын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкiн құрайтын дивидендтер;
  5) ашық пайлық инвестициялық қорлардың пайларын осы қордың басқарушы компаниясы құнын төлеп сатып алған кезде солар бойынша табыстар;
  6) мұндай дивидендтер мен сыйақыларды есебiне жазу күнi Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн қор биржасының ресми тiзiмiнде болатын бағалы қағаздар бойынша дивидендтер мен сыйақылар;
  7) мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар, агенттiк облигациялар бойынша сыйақылар және мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар мен агенттiк облигацияларды өткiзу кезiнде құн өсiмiнен түсетiн табыстар;
  8) осы Кодекстiң 197-бабында көрсетiлгендердi қоспағанда, осы Кодекстiң 192-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында көрсетiлген акцияларды немесе қатысу үлестерiн өткiзу кезiнде құн өсiмiнен түсетiн табыстар;
  9) өткiзу күнi Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн қор биржасының немесе шетелдiк қор биржасының ресми тiзiмдерiнде болатын бағалы қағаздарды ашық сауда-саттық әдiсiмен өткiзу кезiнде құн өсiмiнен түсетiн табыстар;
  10) меншiк құқығын тiркеген кезден бастап бiр жылдан астам уақыт меншiк құқығында болған тұрғын жайларды, саяжай құрылыстарын, гараждарды өткiзу кезiнде құн өсiмiнен түсетiн табыстар;
  11) осы Кодекстiң 192-бабы 1-тармағының 3), 4) тармақшаларында көрсетiлген табыстарды қоспағанда, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден түсетiн табыстар салық салуға жатпайды.

   202-бап. Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесi жоқ
   резидент емес заңды тұлғаның шетелдiк
   қызметкерлерiнiң табыстарына салық салу тәртiбi

  1. Осы баптың ережелерi, егер осы Кодекстiң 201-бабының 5-тармағында өзгеше белгiленбесе, осы Кодекстiң баптарында айқындалған табыстарды қоса алғанда, осы Кодекстiң 192-бабы 1-тармағының 18), 20), 21) тармақшаларында айқындалған резидент емес жеке тұлғаның табыстарына салық салуға қолданылады. Бұл ретте осы баптың ережелерi бiр мезгiлде мынадай талаптар орындалған кезде:
  1) резидент емес жеке тұлға Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесi жоқ резидент емес заңды тұлғаның қызметкерi болып табылса;
  2) резидент емес жеке тұлға осы Кодекстiң 189-бабының 2-тармағына сәйкес ағымдағы салық кезеңi үшiн Қазақстан Республикасында тұрақты болатын деп танылса, қолданылады.
  Егер резидент емес жеке тұлға ағымдағы салық кезеңi үшiн Қазақстан Республикасында тұрақты болатын деп танылмаса, онда осы Кодекстiң баптарында көрсетiлген табыстарды қоса алғанда, мұндай тұлғаның осы Кодекстiң 192-бабы 1-тармағының 18), 20), 21) тармақшаларында көрсетiлген табыстары салық салуға жатпайды.
  2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген резидент емес жеке тұлғаның табыстарынан төлем көзiнен жеке табыс салығын бюджетке есептеу, ұстау және аудару жөнiндегi мiндет пен жауапкершiлiк резидент емес заңды тұлға соның пайдасына жұмыстарды орындайтын, қызметтер көрсететiн заңды тұлғаға (оның iшiнде қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емеске) жүктеледi. Мұндай тұлға салық агентi болып танылады.
  3. Жеке табыс салығын есептеу осы Кодекстiң 158-бабында белгiленген ставка бойынша салық шегерiмдерi жүзеге асырылмай, резидент емес жеке тұлға мен резидент емес заңды тұлға арасында жасалған еңбек шартында (келiсiмшартта) көрсетiлген резидент емес жеке тұлғаның табысынан жүргiзiледi. Бұл ретте резидент емес заңды тұлға салық агентiне Қазақстан Республикасына iссапарға жiберiлген резидент емес жеке тұлғалармен жасалған жеке еңбек шарттарының (келiсiмшарттардың) нотариаттық куәландырылған көшiрмелерiн табыс етуге мiндеттi.
  4. Резидент емес жеке тұлғаның табыстарынан жеке табыс салығын бюджетке есептеудi және аударуды салық агентi өзiнiң орналасқан жерi бойынша әрбiр айдың 25-iнен кешiктiрмей жүргiзедi.
  5. Төлем көзiнен жеке табыс салығын салық агентi табыс төлеудi жүзеге асырудың нысаны мен орнына қарамастан, резидент емес заңды тұлғаға табысты төлеу кезiнде ұстайды.

   203-бап. Шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар табыс
   ететiн жеке табыс салығы мен табыстардан
   әлеуметтiк салық бойынша декларацияны табыс ету

  Шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар табыс ететiн жеке табыс салығы мен табыстардан әлеуметтiк салық бойынша декларацияны салық агентi өзi орналасқан жердегi салық органына осы Кодекстiң 196-бабында белгiленген мерзiмдерде табыс етедi.

   204-бап. Резидент емес жеке тұлғаның табыстарына жекелеген
   жағдайларда салық салу тәртiбi

  1. Осы баптың ережелерi резидент емес жеке тұлғаның осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес салық агенттерi болып табылмайтын тұлғалардан Қазақстан Республикасындағы көздерден алған табыстарына қолданылады.
  2. Резидент емес жеке тұлғаның осы баптың 1-тармағында көрсетiлген табыстарынан жеке табыс салығын есептеу салық шегерiмдерi жүзеге асырылмай, табыстың есептелген сомасына осы Кодекстiң 194-бабында белгiленген ставканы қолдану жолымен жүргiзiледi.
  3. Жеке табыс салығын төлеудi резидент емес жеке тұлға салық кезеңiнде жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету үшiн белгiленген мерзiмнен кейiнгi күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмей дербес жүргiзедi.
  4. Салық кезеңiнiң қорытындысы бойынша жеке табыс салығы бойынша декларацияны резидент емес жеке тұлға өзi болатын (тұрғылықты) жердегi салық органына осы Кодекстiң 205-бабында белгiленген мерзiмнен кешiктiрмей дербес табыс етедi.

   205-бап. Жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету

  Жеке табыс салығы бойынша декларацияны осы Кодекске сәйкес төлем көзiнен жеке табыс салығы салынбайтын табыстарды Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын резидент емес жеке тұлға салық төлеушiнiң болатын (тұрғылықты) жерiндегi салық органына есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.

26-тарау. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТТАР БОЙЫНША АРНАУЛЫ ЕРЕЖЕЛЕР

   206-бап. Халықаралық шартты қолдану жағдайы

  1. Қазақстан Республикасы тараптардың бiрi болып табылатын, қосарланған салық салуды болғызбау және табысқа немесе мүлiкке (капиталға) салық салудан жалтарудың жолын кесу туралы халықаралық шарттың (бұдан әрi осы тараудың және осы Кодекстiң 27-тарауының мақсатында - халықаралық шарт) ережелерi осындай шарт жасасқан мемлекеттердiң бiреуiнiң немесе екеуiнiң де резидентi болып табылатын тұлғаларға қолданылады.
  2. Егер халықаралық шарт жасасқан мемлекеттiң резидентi осы халықаралық шарттың ережелерiн халықаралық шарт жасасқан мемлекеттiң резидентi болып табылмайтын басқа тұлғаның мүддесiнде пайдаланса, ондай резидентке осы баптың 1-тармағының ережесi қолданылмайды.

   207-бап. Халықаралық шарттарды қолдану тәртiбi

  Халықаралық шарттардың ережелерiн қолдану осы Кодексте және тиiстi халықаралық шартта белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

   208-бап. Қазақстан Республикасындағы көздерден табысқа
   салық салу мақсатында резидент емес заңды
   тұлғаның басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстарын
   шегерiмге жатқызу әдiстерi

  1. Егер Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның салық салынатын табысын анықтау кезiнде оның Қазақстан Республикасындағы, сондай-ақ одан тысқары жерлердегi осындай салық салынатын табысты алу мақсатында шеккен басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстарын шегеруге халықаралық шарттың ережелерiмен жол берiлген жағдайда, онда мұндай шығыстардың сомасы, мынадай:
  1) шығыстарды барабар бөлу әдiсi;
  2) шығыстарды шегерiмге тура (тiкелей) жатқызу әдiсiнiң бiрi бойынша анықталады.
  Бұл ретте резидент заңды тұлғада осы Кодекстiң 219-бабы 4-тармағының талаптарына сәйкес резиденттiгiн растайтын құжаты болған кезде көрсетiлген шығыстарды шегерiмге жол берiледi.
  2. Басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстар - бұл ұйымды басқаруға, өндiрiстiк процеспен байланысты емес басқарушы персоналдың еңбегiне ақы төлеуге байланысты шығыстар.
  3. Резидент емес заңды тұлға өз таңдауы бойынша басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстарды шегерiмге жатқызудың көрсетiлген әдiстерiнiң бiрiн ғана қолданады. Қолданылатын әдiс есептi салық кезеңiнде өзгермейтiн болуға тиiс.
  4. Басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстарды шегерiмге жатқызудың таңдап алынған әдiсi тұрақты мекемеге (шығыстарды барабар бөлу әдiсi кезiнде пайдаланылатын есептiк көрсеткiштi есептеу тәртiбiн қоса) жыл сайын қолданылады және тұрақты мекеменiң орналасқан жерiндегi салық органына қатысты жоғары тұрған орган болып табылатын салық органының (уәкiлеттi органды қоспағанда) келiсiмi бойынша ғана, есептi салық кезеңi басталғанға дейiн өзгертiлуi мүмкiн.
  5. Резидент емес заңды тұлғаның басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстарды есептi салық кезеңi iшiнде шегерiмге жатқызудың екi әдiсiн бiр мезгiлде қолдануға құқығы жоқ.
  6. Шегерiмге жатқызылған көрсетiлген шығыстар сомасын есептеу мақсатында тұрақты мекеме орналасқан жердегi салық органына резидент емес табыс ететiн корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияға тиiстi қосымша толтырылады.
  7. Басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстар Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемеде мынадай растаушы құжаттар:
  1) осы Кодекстiң 219-бабы 4-тармағының талаптарына сәйкес келетiн резиденттiктi растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшiрмесi;
  2) Қазақстан Республикасында салық төлеушi тұрақты мекеменiң қаржылық есептiлiгiнiң көшiрмесi;
  3) резидент емес заңды тұлғаның қаржылық есептiлiгiнiң көшiрмесi;
  4) резидент емес заңды тұлғаның қаржылық есептiлiгiнiң аудитi бойынша аудиторлық есептiң көшiрмесi (мұндай тұлғаның қаржылық есептiлiгiнiң аудитi жүзеге асырылған кезде) және олардың мемлекеттiк тiлдегi немесе орыс тiлiндегi аудармасы болған кезде ғана шегерiмге жатқызылады.
  Бұл ретте осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетiлген қаржылық есептiлiктерде есептiк көрсеткiштi анықтаудың таңдап алынған тәсiлiне байланысты мынадай деректер:
  1) тұтас алғанда жылдық жиынтық табыстың жалпы сомасы;
  2) тұтас алғанда персоналдың еңбегiне ақы төлеу бойынша шығыстардың жалпы сомасы;
  3) тұтас алғанда негiзгi құралдардың бастапқы (ағымдағы) және баланстық құны;
  4) әрбiр бап бойынша шығыстардың ажыратылған жазбасы, оның iшiнде басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстардың жалпы сомасының ажыратылған жазбасы жасалған жалпы сома ашып көрсетiлуге тиiс.
  8. Резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме шегерiмге жатқызған басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстарының тiзбесi, сондай-ақ оларды резидент емес заңды тұлға мен оның тұрақты мекемесi (мекемелерi) арасында бөлу әдiсi резидент емес заңды тұлғаның салық есебi саясатында бекiтiледi.
  9. Резидентi емес заңды тұлға корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету үшiн белгiленген мерзiмдерде тиiстi салық органына резиденттiктi растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшiрмесiн табыс етуге мiндеттi. Барабар бөлу әдiсiн қолданған кезде Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме шегерiмге жатқызатын шығыстар сомасының еркiн нысанда жасалған есеп-қисабы табыс етiледi.
  Осы баптың 7-тармағы бiрiншi бөлiгiнiң 1) тармақшасында көрсетiлгендердi қоспағанда, осы баптың 7-тармағында аталған құжаттарды резидент емес салық органына оның талап етуi бойынша табыс етедi.
  10. Егер қаржылық есептiлiк шет тiлiнде жасалса, салық төлеушi оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен нотариус куәландырған, оның мемлекеттiк тiлдегi немесе орыс тiлiндегi аудармасын қоса беруге мiндеттi.
  11. Қаржылық есептiлiкте барабар бөлуге жататын басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстар сомасы көрсетiлмеген, сондай-ақ осы бапта белгiленген талаптар орындалмаған жағдайда, мұндай шығыстар тұрақты мекеменiң шегерiмiне қабылданбайды.

Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38