209-бап. Шығыстарды барабар бөлу әдiсi

  1. Барабар бөлу әдiсiн пайдалану кезiнде осы Кодекстiң 208-бабының 2-тармағында көрсетiлген, тұрақты мекеме шегерiмге жатқызатын басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстардың сомасы осындай шығыстар мен есептiк көрсеткiш сомаларының көбейтiндiсi ретiнде анықталады.
  2. Есептiк көрсеткiш резидент емес заңды тұлғаның таңдауы бойынша мына тәсiлдердiң бiрi:
  1) резидент емес заңды тұлғаның есептi салық кезеңiнде Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырудан түсiрген жылдық жиынтық табысы сомасының, резидент емес заңды тұлғаның тұтас алғанда аталған салық кезеңiндегi жылдық жиынтық табысының жалпы сомасына қатынасы;
  2) орташа шаманы (ОШ) үш көрсеткiш бойынша анықтау:
  резидент емес заңды тұлғаның есептi салық кезеңiнде Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырудан алған жылдық жиынтық табысы сомасының резидент емес заңды тұлғаның тұтас алғанда көрсетiлген салық кезеңiндегi жылдық жиынтық табысының жалпы сомасына қатынасы (Т);
  Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеменiң салық кезеңiнiң соңындағы жай-күйi бойынша қаржылық есептiлiгiнде ескерiлген негiзгi құралдарының бастапқы (ағымдағы) құнының резидент емес заңды тұлғаның тұтас алғанда нақ сол салық кезеңiндегi негiзгi құралдарының жалпы бастапқы (ағымдағы) құнына қатынасы (НҚ);
  Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемеде жұмыс iстейтiн персоналдың еңбегiне ақы төлеу жөнiндегi есептi салық кезеңiнiң соңындағы жай-күйi бойынша шығыстар сомасының резидент емес заңды тұлға тұтас алғанда осындай салық кезеңiнде персоналдың еңбегiне ақы төлеу жөнiндегi шығыстардың жалпы сомасына қатынасы бойынша есептеп шығарылады (ЕТ).
  Орташа шама мынадай формула бойынша айқындалады:
  ОШ = (Т + НҚ + ЕТ).
  3

НЕ нашли? Не то? Что вы ищете?

   210-бап. Шығыстарды барабар бөлу әдiсiн жекелеген
   жағдайларда қолдану кезiнде есептiк көрсеткiштi
   есептеудiң ерекшелiктерi

  1. Салық төлеушiнiң Қазақстан Республикасындағы және резиденттiк елiндегi салық кезеңдерiнiң ұзақтығы сәйкес келмеген не салық төлеушiнiң Қазақстан Республикасындағы және резиденттiк елiндегi салық кезеңдерiнiң басталу және аяқталу күндерi сәйкес келмеген жағдайда көрсетiлген салық кезеңдерiнiң тең ұзақтығы кезiнде салық төлеушi тұрақты мекемеге шегерiмге жатқызылуға тиiс басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстар сомасын есептеу кезiнде пайдаланылатын, резидент емес заңды тұлғаның резиденттiк елiндегi қаржылық есептiлiгiнiң деректерiн түзетуге мiндеттi.
  Салық төлеушiнiң резиденттiк елiндегi қаржылық есептiлiгiнiң деректерiн түзету үшiн түзеу коэффициентi (К) қолданылады, ол салық төлеушiнiң резиденттiк елiндегi салық кезеңiн Қазақстан Республикасындағы салық кезеңiмен сәйкес келтiредi.
  2. Коэффициент (К) салық төлеушiнiң Қазақстан Республикасындағы салық кезеңi шеңберiне кiретiн, резиденттiк елiндегi салық кезеңiнiң айлары санының салық төлеушiнiң резиденттiк елiндегi салық кезеңi айларының санына арақатынасы ретiнде айқындалады.
  Қазақстан Республикасындағы есептi салық кезеңiнiң шеңберiне салық төлеушiнiң резиденттiк елiндегi екi салық кезеңi толық немесе iшiнара кiрген жағдайда екi коэффициент (К1, К2) қолданылады.
  3. Салық төлеушiнiң резиденттiк елiндегi қаржылық есептiлiгiнiң деректерi мынадай түрде түзетiледi:
  К1хҚЕ (РЕ)1 + К2хҚЕ(РЕ)2,
  мұндағы К1 = СК (РЕ)1/СК (РЕ)3; К2 = СК (РЕ)2/СК (РЕ)3,
  бұл ретте:
  СК (РЕ)1 - салық төлеушiнiң Қазақстан Республикасындағы салық кезеңi шеңберiне кiретiн, резиденттiк елiндегi бiр салық кезеңi айларының саны;
  СК (РЕ)2 - салық төлеушiнiң Қазақстан Республикасындағы салық кезеңi шеңберiне кiретiн, резиденттiк елiндегi басқа салық кезеңi айларының саны;
  СК (РЕ)3 - салық төлеушiнiң резиденттiк елiндегi салық кезеңi айларының жалпы саны;
  ҚЕ (РЕ)1 - салық төлеушiнiң Қазақстан Республикасындағы салық кезеңi шеңберiне кiретiн, резиденттiк елiндегi бiр салық кезеңi үшiн салық төлеушiнiң резиденттiк елiндегi қаржылық есептiлiгi;
  ҚЕ (РЕ)2 - салық төлеушiнiң Қазақстан Республикасындағы салық кезеңi шеңберiне кiретiн, резиденттiк елiндегi басқа салық кезеңi үшiн салық төлеушiнiң резиденттiк елiндегi қаржылық есептiлiгi.

   211-бап. Шығыстарды шегерiмге тiкелей (тура) жатқызу әдiсi

  1. Резидент еместiң басқару немесе жалпыәкiмшiлiк шығыстарын шегерiмге тiкелей (тура) жатқызу әдiсi резидент емес заңды тұлға Қазақстан Республикасында және одан тысқары жерлерде орналасқан басты офистiң және оның тұрақты мекемелерiнiң табыстары мен шығындарын (басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстарды қоса алғанда) бөлек есептеудi жүргiзген жағдайда пайдаланылады.
  2. Басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстар, егер олар айқын болса және тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен табыс алу мақсатында тiкелей жұмсалса, Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме шегерiмге жатқызады.
  3. Аталған шығыстар растайтын құжаттар және олардың мемлекеттiк тiлдегi немесе орыс тiлiндегi аудармасы болған кезде ғана тұрақты мекеме шегерiмге жатқызады.
  4. Мыналар:
  1) тұрақты мекеме арқылы қызметтен табыс алу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағындағы резидент емес заңды тұлға жұмсаған шығыстарды растайтын бастапқы есепке алу құжаттары;
  2) тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен табыс алу мақсатында Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде резидент емес заңды тұлға жұмсаған шығыстарды растайтын бастапқы есепке алу құжаттарының көшiрмелерi;
  3) осы Кодекстiң 208-бабының 7-тармағында көрсетiлген құжаттардың көшiрмелерi;
  4) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде резидент емес заңды тұлға жұмсаған шығыстардың есебi бойынша осы шығыстарды растайтын бастапқы есептiк құжаттардың негiзiнде жасалған салық тiркелiмдерi растайтын құжаттар болып табылады.
  Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде резидент емес заңды тұлға жұмсаған шығыстардың есебi бойынша тiркелiмнiң нысаны, оны толтыру тәртiбi резидент емес заңды тұлғаның салық есебi саясатында бекiтiледi.

   212-бап. Халықаралық шартты резидент еместiң Қазақстан
   Республикасындағы көздерден алған табыстарына
   салық салудан толық немесе iшiнара босатуға
   қатысты қолдану тәртiбi

  1. Егер резидент емес табыстарды түпкiлiктi алушы болып табылса және халықаралық шарт жасасқан елдiң резидентi болып табылса, мұндай резидентке табыс төлеу кезiнде немесе резидент еместiң табысын шегерiмге жатқызу кезiнде салық агентiнiң тиiстi халықаралық шартта көзделген салық салудан босатуды немесе төмендетiлген салық ставкасын дербес қолдануға құқығы бар.
  Халықаралық шартты салық салудан босату немесе төмендетiлген салық ставкасын пайдалану бөлiгiнде қолдануға резидент емес салық агентiне табысты төлеу күнiнен кешiктiрмей, осы Кодекстiң 219-бабы 4-тармағының талаптарына сәйкес келетiн, резиденттiктi растайтын құжатты табыс еткен жағдайда ғана рұқсат етiледi.
  2. Резидент еместiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алған дивидендтерiне, сыйақыларына және роялтиiне халықаралық шарт ережелерiне сәйкес табыс салығының төмендетiлген ставкасын қолдану мақсатында табыстарды пайдалану және оларға билiк ету тәсiлдерiн дербес анықтауға құқығы бар тұлғаны табыстарды түпкiлiктi (iс жүзiнде) алушы (иеленушi) деп түсiну керек.
  Бұл ретте агент, номиналды ұстаушы болып табылатын заңды немесе жеке тұлға немесе табысты иелену құқықтары жоқ, мұндай табысқа қатысты тек делдал болып табылатын тұлға табысты түпкiлiктi (iс жүзiнде) алушы (иеленушi) бола алмайды.
  3. Осы бапта белгiленген халықаралық шарт ережелерiн қолдану тәртiбi резидент еместiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алған мынадай табыс түрлерiне:
  1) дивидендтерге, оның iшiнде депозитарлық қолхаттардың базалық активi болып табылатын акциялар бойынша алынатын дивидендтерге;
  2) бiр мезгiлде мынадай талаптар орындалған:
  резидент емес жеке тұлға есептi салық жылында басталатын немесе аяқталатын кез келген кезектi он екi айлық кезеңде жалпы саны бiр жүз сексен үш күннен аспайтын кезең немесе кезеңдер iшiнде Қазақстан Республикасында болған;
  табыстарды Қазақстан Республикасының резидентi болып табылмайтын жұмыс берушi төлеген немесе олар соның атынан төленген;
  резидент емес жеке тұлғаның табыстарын төлеу жөнiндегi шығыстарды жұмыс берушiнiң Қазақстан Республикасында орналасқан тұрақты мекемесi көтермеген кезде, осы Кодекстiң 192-бабы 1-тармағының 18), 20), 21) тармақшаларында көрсетiлген, осы Кодекстiң баптарында аталған резидент емес жеке тұлға алатын табыстарға;
  3) егер көрсетiлетiн қызметтердi (жұмыстарды) Қазақстан Республикасының аумағындағы резидент емес халықаралық шартқа сәйкес Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмейтiн мерзiм шегiнде көрсетсе (орындаса), Қазақстан Республикасының аумағында қызметтер көрсетуден (жұмыстарды орындаудан) түсетiн табыстарға салық салуға қатысты қолданылады.
  Осы тармақшаны қолдану мақсатында резидент емес салық агентiне құрылтайшы құжаттардың нотариаттық куәландырылған көшiрмелерiн не құрылтайшыларды (қатысушыларды) және резидент емес заңды тұлғаның мажоритарлық акционерлерiн көрсете отырып, сауда тiзiлiмiнен үзiндi көшiрмелердi табыс етедi;
  4) резидент емес болып табылатын заңды немесе жеке тұлға осы Кодекстiң 197-бабында көрсетiлген табыстарды қоспағанда, тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметiн жүзеге асыруға байланысты емес, осы Кодекстiң 192-бабының 1-тармағында белгiленген Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын өзге де табыстарға салық салуға қатысты қолданылады.
  4. Тиiстi халықаралық шартта көзделген төмендетiлген салық ставкасын депозитарлық қолхаттардың базалық активi болып табылатын акциялар бойынша алынатын дивидендтерге қолдану мақсатында салық агентiнде табысты төлеу кезiнде мынадай құжаттар:
  1) "Орталық бағалы қағаздар депозитарийi" акционерлiк қоғамынан алынған:
  базалық активi Қазақстан Республикасының резидентi шығарған акциялар болатын депозитарлық қолхаттардың иеленушiлерi болып табылатын жеке тұлғалардың тегiн, атын, әкесiнiң атын (егер бар болса) немесе заңды тұлғалардың атауларын;
  депозитарлық қолхаттардың саны мен түрi туралы ақпаратты;
  жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттардың атауы мен деректемелерiн немесе заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу нөмiрi мен күнiн қамтитын депозитарлық қолхаттарды ұстаушылар тiзiмi.
  Егер көрсетiлген талапта басқа күн көрсетiлмесе, тiзiмдi "Орталық бағалы қағаздар депозитарийi" акционерлiк қоғамы тiркеушiнiң талабын алған күнге жасайды;
  2) резидент еместен алынған, осы Кодекстiң 219-бабы 4-тармағының талаптарына сәйкес, депозитарлық қолхаттар бойынша табыстарды түпкiлiктi (iс жүзiнде) алушы (иеленушi) резидент еместiң резиденттiгiн растайтын құжат болу керек.
  5. Салық агентi салық органына табыс етiлетiн салық есептiлiгiнде есебiне жазылған (төленген) табыстардың және халықаралық шарттар ережелерiне сәйкес ұсталған, ұстаудан босатылған салықтардың сомасын, табыс салығының ставкаларын және халықаралық шарттардың атауларын көрсетуге мiндеттi.
  Бұл ретте салық агентi салық есептiлiгiн табыс еткен кезде өзi орналасқан жердегi салық органына осы Кодекстiң 219-бабының 4-тармағының талаптарына сәйкес келетiн, резидент емес салық төлеушiнiң резиденттiгiн растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшiрмесiн табыс етуге мiндеттi.
  Бұл ретте, көрсетiлген құжат осы Кодекстiң 219-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес өзгертiлген деректер ескерiле отырып табыс етiлген жағдайларды қоспағанда, егер осындай құжаттың көшiрмесi бұрын табыс етiлсе, салық агентiнiң салық органына салық төлеушiнiң резиденттiгiн растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшiрмесiн қайта табыс етуi талап етiлмейдi.
  6. Халықаралық шарттың ережелерi заңсыз қолданылып, бұл мемлекеттiк бюджетке салықтың төленбеуiне немесе толық төленбеуiне алып келген кезде салық агентi Қазақстан Республикасының заңдарына   сәйкес жауапты болады.

   213-бап. Халықаралық шартты халықаралық тасымалдарда
   тұрақты мекеме арқылы резидент еместiң көлiк
   қызметiн көрсетуден түскен табыстарына салық
   салудан босатуға қатысты қолдану тәртiбi

  1. Егер резидент емес табысты түпкiлiктi алушы және халықаралық шарт жасасқан елдiң резидентi болып табылса, тараптардың бiрi Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық тасымалда көлiк қызметiн көрсетуден түсетiн табыстарға салық салудан босату бөлiгiнде оның халықаралық шарттың ережелерiн қолдануға құқығы бар.
  Халықаралық шартты салық салудан босату бөлiгiнде қолдануға резидент еместе корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету күнiне резиденттiгiн растайтын, осы Кодекстiң 219-бабы 4-тармағының талаптарына сәйкес келетiн құжаты болған кезде ғана рұқсат етiледi.
  Резиденттiктi растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшiрмесiн салық төлеушi корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияны табыс еткен кезде тұрақты мекеме орналасқан жердегi салық органына табыс етедi.
  2. Резидент емес корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияда салық сомасын, ставканы және соның негiзiнде мұндай ставка қолданылған халықаралық шарттың атауын көрсетуге мiндеттi.
  3. Бұл ретте резидент емес заңды тұлға халықаралық тасымалда көлiк қызметiн көрсетуден (халықаралық шартқа сәйкес салық салуға жатпайтын) және Қазақстан Республикасының аумағында көлiк қызметiн көрсетуден (салық салуға жататын) түсетiн табыстар сомасын бөлек есепке алуды жүргiзуге мiндеттi.
  4. Халықаралық тасымалда көлiк қызметiн көрсетуден табыстар алу үшiн жұмсалған шығыстар сомасы тiкелей немесе жанама әдiспен айқындалады.
  Бұл ретте салық төлеушi өз таңдауы бойынша шығыстарды есептеудiң көрсетiлген әдiстерiнiң бiрiн қолдануға құқылы. Таңдап алынған әдiс жыл сайын пайдаланылады және салық төлеушi орналасқан жердегi салық органына қатысты жоғары тұрған орган болып табылатын салық органының (уәкiлеттi органды қоспағанда) келiсiмi бойынша ғана, есептi салық кезеңi басталғанға дейiн өзгертiлуi мүмкiн.
  5. Тiкелей әдiс халықаралық тасымалда көлiк қызметiн көрсетуден шеккен шығыстардың және Қазақстан Республикасының аумағында көлiк қызметiн көрсетуден түсетiн шығыстардың бөлек есебiн жүргiзу негiзiнде тиiстi шығыстарды айқындауды көздейдi.
  6. Жанама әдiс көрсетiлген шығыстарды резидент емес есептi салық кезеңiнде Қазақстан Республикасындағы көздерден табыстар алу үшiн шеккен шығыстардың үлесi мен жалпы сомасының көбейтiндiсi ретiнде айқындауды көздейдi. Үлес халықаралық тасымалда көлiк қызметiн көрсетуден түсетiн табыстар сомасының Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың жалпы сомасына арақатынасы ретiнде айқындалады.
  7. Халықаралық шарттың ережелерi заңсыз қолданылып, бұл бюджетке салықтың төленбеуiне немесе толық төленбеуiне алып келген кезде салық төлеушi Қазақстан Республикасының заңдарына  сәйкес жауапты болады.

   214-бап. Халықаралық шартты резидент еместiң тұрақты
   мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы
   қызметiнен түсетiн таза табысқа салық салудан
   iшiнара босатуға қатысты қолдану тәртiбi

  1. Егер резидент емес халықаралық шарт жасасқан елдiң резидентi болса және осындай халықаралық шартта резидент еместiң таза табысына салық салудың осы Кодекстiң 199-бабында белгiленген тәртiптен өзгеше тәртiбi көзделген болса, тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы таза табысына оның тиiстi халықаралық шартта көзделген төмендетiлген салық ставкасын қолдануға құқығы бар.
  Төмендетiлген салық ставкасын қолдануға резидент еместе корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету күнiне резиденттiгiн растайтын, осы Кодекстiң 219-бабы 4-тармағының талаптарына сәйкес келетiн құжаты болған кезде ғана рұқсат етiледi.
  Резиденттiктi растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшiрмесiн резидент емес корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияны табыс еткен кезде тұрақты мекеме орналасқан жердегi салық органына табыс етедi.
  2. Резидент емес корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияда таза табысқа салық сомасын, ставканы және оның негiзiнде мұндай ставка қолданылған халықаралық шарттың атауын көрсетуге мiндеттi.
  3. Халықаралық шарттың ережелерi заңсыз қолданылып, бұл бюджетке салықтың төленбеуiне немесе толық төленбеуiне алып келген кезде резидент емес салық төлеушi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

   215-бап. Халықаралық шартты салық агенттерi болып
   табылмайтын тұлғалардан резидент емес жеке
   тұлғаның алған табыстарына салық салудан
   босатуға қатысты қолдану тәртiбi

  1. Егер резидент емес жеке тұлға табысты түпкiлiктi алушы және халықаралық шарт жасасқан елдiң резидентi болып табылса, осы Кодекстiң 204-бабында көрсетiлген оның халықаралық шарттың ережелерiн табыстарға салық салудан босату бөлiгiнде қолдануға құқығы бар.
  Халықаралық шартты салық салудан босату бөлiгiнде қолдануға резидент еместе корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету күнiне резиденттiгiн растайтын, осы Кодекстiң 219-бабы 4-тармағының талаптарына сәйкес келетiн құжаты болған кезде ғана рұқсат етiледi.
  Резиденттiктi растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшiрмесiн резидент емес салық төлеушi жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс еткен кезде өзi болатын (тұрғылықты) жердегi салық органына табыс етедi.
  2. Халықаралық шарттың ережелерiне сәйкес есебiне жазылған (алынған) табыстардың және төленген (төлеуден босатылған) салықтардың сомасын және халықаралық шарттың атауын резидент емес жеке тұлға жеке табыс салығы бойынша декларацияда көрсетедi.
  3. Резидент емес жеке тұлға жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету кезiнде резиденттiгiн растайтын құжаты болмаған кезде осы Кодекстiң 204-бабында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде бюджетке табыс салығын төлеудi жүргiзуге мiндеттi.
  Бұл ретте тиiстi халықаралық шарттың ережелерiн қолдануға құқығы бар резидент емес жеке тұлға бюджетке Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардан түсетiн табыс салығын төлеген жағдайда, осындай резидент еместiң осы Кодекстiң 217-бабында белгiленген тәртiппен төленген табыс салығын бюджеттен қайтарып алуға құқығы бар.

   216-бап. Резидент еместiң табыстарынан табыс салығын
   бюджетке немесе шартты банк салымына аудару
   тәртiбi

  1. Салық агентi осы Кодекстiң 212-бабында белгiленген тәртiптi қолданбаған жағдайда, салық агентi резидент емеске табысты төлеу кезiнде осы Кодекстiң 158-бабының 1-тармағында немесе 194-бабында айқындалған ставка бойынша төлем көзiнен табыс салығын ұстауға және ұсталған табыс салығының сомасын осы Кодекстiң 161, 195-баптарында белгiленген мерзiмдерде бюджетке немесе резидент емеске ашылған шартты банк салымына аударуға мiндеттi.
  Табыс салығын шартты банк салымына аудару тәртiбi резидент еместiң тұрақты мекеме құруға алып келмейтiн Қазақстан Республикасында жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден түсетiн табысынан ұсталған табыс салығына ғана қолданылады.
  2. Табыс алатын резидент емес, салық агентi және салық агентi айқындаған резидент банк салық агентiнiң резидент еместiң табысынан табыс салығын аударуының белгiленген мерзiмiне дейiн шартқа қатысушылармен келiсiлген нысан бойынша резидент еместiң шартты банк салымын ашу туралы шарт жасасады.
  3. Шартты банк салымы ұлттық немесе шетел валютасында ашылады. Шартты банк салымы шетел валютасында ашылған жағдайда бюджетке табыс салығының сомасы және бюджетке салық аударылған күнгi валюта айырбастаудың нарықтың бағамы бойынша қайта есептелген ұлттық валютадағы банктiк сыйақылардың сомасы аударылады.
  4. Шотында шартты банк салымы орналастырылған банк есептi тоқсаннан кейiнгi екiншi айдың он бесiншi күнiнен кешiктiрмей, салық агентi орналасқан жердегi салық органына уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша есептi тоқсан iшiндегi ақша қозғалысы туралы есептi табыс етуге мiндеттi. Есеп шартты банк салымы орналастырылған шотта ақша қозғалысы болған тоқсандарға табыс етiледi.
  Есепке өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу және оны табыс ету салық есептiлiгi үшiн осы Кодексте белгiленген жағдайларда және тәртiппен жүзеге асырылады.
  5. Салық агентi өзi орналасқан жердегi салық органына:
  1) қол қойылған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн iшiнде шартты банк салымы туралы шартты (мұндай шарттың көшiрмесi аталған салық органында сақталады);
  2) шартты банк салымына аударылған табыс салығының сомалары көрсетiлетiн, осы Кодекстiң 196-бабында белгiленген мерзiмдерде резидент еместiң табыстарынан төлем көзiнен ұсталатын корпоративтiк табыс салығы бойынша есеп-қисапты табыс етуге мiндеттi.
  6. Салық агентi орналасқан жердегi салық органы шартты банк салымы туралы шартты салық агентi табыс еткен кезден бастап күнтiзбелiк екi күн iшiнде тiркеуге немесе оны тiркеуден бас тартуға мiндеттi. Бұл ретте талаптары осы баптың ережелерiне қайшы келмейтiн шартты банк салымы туралы шарт қана тiркелуге тиiс. Шартты банк салымы туралы шарт талаптарының осы баптың ережелерiне сәйкес келмеуi оны тiркеуден бас тартуға негiз болып табылады.
  7. Салық органы резидент еместiң пайдасына шешiм қабылдағанға дейiн резидент еместiң және салық агентiнiң шартты банк салымына орналастырылған табыс салығының сомасына билiк етуге құқығы жоқ.
  8. Осы баптың ережелерi салық органында тiркелген шартты банк салымы туралы шартқа ғана қолданылады.
  9. Осы Кодекстiң 195-бабына сәйкес айқындалатын төлем көзiнен ұсталатын табыс салығын аудару күнiне шартты банк салымы туралы шарт салық органында тiркелмеген жағдайда, бюджетке табыс салығын аудару белгiленген мерзiмдерде жүргiзiледi.
  10. Салық агентi салық органына табыс етiлетiн есеп-қисапта есептелген (төленген) табыстардың және ұсталған салықтардың сомаларын, сондай-ақ солар бойынша табыс салығы есептелген ставкаларды көрсетуге мiндеттi.
  11. Салық органы:
  шартты банк салымдарына орналастырылған;
  халықаралық шарттың ережелерiн қолдануға құқығы бар резидент емеске қайтарылған;
  бюджетке аударылған табыс салығы сомаларының есебiн жүргiзуге мiндеттi.

   217-бап. Бюджеттен немесе шартты банк салымынан табыс
   салығын қайтару тәртiбi

  1. Резидент еместiң мынадай жағдайларда:
  1) салық агентi резидент еместiң Қазақстан Республикасының көздерiнен алынған табыстарынан табыс салығын шартты банк салымына немесе бюджетке аударғанда;
  2) резидент емес Қазақстан Республикасында халықаралық шартқа сәйкес тұрақты мекеме құруға алып келмейтiн қызметтi филиал, өкiлдiк арқылы жүзеге асырғанда;
  3) салық төлеушi осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес салық төлегенде, осы бапта белгiленген тәртiппен халықаралық шарт ережелерiне сәйкес табыс салығын қайтарып алуға құқығы бар.
  Бұл ретте резидент емес осы Кодекстiң 219-бабында айқындалған құжаттарды қоса бере отырып, төленген табыс салығын халықаралық шарттың негiзiнде бюджеттен немесе шартты банк салымынан қайтарып алуға салықтық өтiнiштi (бұдан әрi осы баптың және осы Кодекстiң 218-бабының мақсатында - өтiнiш) салық органына табыс етуге мiндеттi.
  2. Резидент емес өтiнiштi салық агентi орналасқан жердегi салық органына қатысты жоғары тұрған орган болып табылатын салық органына (уәкiлеттi органды қоспағанда) табыс етедi.
  Егер салық агентi уәкiлеттi органға қатысты төмен тұрған орган болып табылатын салық органында тiркелген болса, резидент емес өтiнiштi аталған салық органына табыс етедi.
  3. Халықаралық шарттың талаптарын орындаған және Қазақстан Республикасында жұмыстарды орындаған, қызметтер көрсеткен кезде, ұзақ мерзiмдi келiсiмшарттар бойынша жұмыстарды орындауды, қызметтер көрсетудi қоспағанда, резидент емес өтiнiштi Қазақстан Республикасында жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету аяқталғаннан кейiн табыс етедi.
  4. Егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, салық төлеушi өтiнiштi салық органына табыс салығы сомаларын шартты банк салымына орналастырған күннен бастап немесе табыс салығын бюджетке аударған күннен бастап осы Кодекстiң 46-бабында белгiленген талап қою мерзiмi өткеннен кешiктiрмей табыс етедi.
  Егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, резидент емес ұзақ мерзiмдi келiсiмшарттар бойынша өтiнiштi салық органына осы Кодекстiң 46-бабында белгiленген талап қою мерзiмiнiң өтуiнен кешiктiрмей, келiсiмшарттың iс жүзiнде орындалуына байланысты табыс етедi.
  5. Салық органы өтiнiштi резидент емес оны табыс еткен күннен бастап күнтiзбелiк қырық бес күн iшiнде қарайды.
  6. Өтiнiштi қарау кезiнде камералдық бақылау нәтижелерi бойынша қателер анықталған жағдайда салық органы осы Кодекстiң 84-тарауына сәйкес резидент емеске жiберiлген қателердi дербес жою үшiн хабарлама жiбередi. Бұл ретте резидент еместiң өтiнiшiн қарау мерзiмi анықталған қателер жойылғанға дейiн тоқтатыла тұрады.
  7. Резидент еместiң өтiнiшiн қарау кезiнде салық органы салық агентiне оның осы Кодекстiң 46-бабында белгiленген талап қою мерзiмi кезеңi iшiнде өтiнiш берген резидент еместiң табысынан төлем көзiнен табыс салығын есептеу, ұстау және аудару жөнiндегi салықтық мiндеттемелердi орындауы тұрғысынан тақырыптық тексеру жүргiзедi.
  Аталған тексерудi жүргiзу барысында салық органы құжаттарды:
  1) салық агентiнiң резидент еместiң табыстарынан төлем көзiнен табыс салығын есептеу, ұстау және аудару жөнiндегi салықтық мiндеттемелердi толық орындауы;
  2) табыс етiлген келiсiмшарттардың бiр жобамен байланыстылығы, табыс етiлген келiсiмшарттардың басқа келiсiмшартпен (келiсiмшарттармен) бiр жоба немесе байланысқан жобалар шеңберiнде байланыстылығы;
  3) резидент еместiң бұрын резиденттерге қызметтер көрсетуi, резидент еместiң Қазақстан Республикасының аумағындағы қызметiнiң жүйелiлiгi;
  4) резидент еместiң Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесiнiң болуы (болмауы);
  5) жұмыстарды орындаудың, қызметтер көрсетудiң нақты мерзiмдерiнiң жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге арналған келiсiмшартта (келiсiмшарттарда) көзделген мерзiмдерге сәйкестiгi (бұл мәселе өтiнiш берушi резидент емес Қазақстан Республикасының аумағында жұмыстарды орындаған, қызметтер көрсеткен кезде қарастырылады);
  6) өтiнiш берушi резидент еместiң Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу және филиалдар мен өкiлдiктердi есептiк тiркеу туралы заңнамасына сәйкес әдiлет органдарында есептiк тiркеуден өтуi;
  7) табыс етiлген өтiнiштердiң дұрыс толтырылуы;
  8) өтiнiштерде немесе резиденттiктi растайтын құжаттарда шетелдiк тұлғаның және шетелдiк тұлғаның резиденттiгiн куәландырған шет мемлекеттiң құзыреттi органының қолы мен мөрiнiң болуы;
  9) шартты банк салымы туралы шарттардың салық агентi орналасқан жердегi салық органдарында тiркелуiнiң болуы (бұл мәселе резидент емес осындай шарттарды жасасқан кезде қарастырылады);
  10) шартты банк салымы туралы шартқа қатысушылардың оның талаптарын сақтауы (бұл мәселе резидент емес осындай шартты жасасқан кезде қарастырылады) тұрғысынан тексередi.
  8. Егер резидент еместiң Қазақстан Республикасында өкiлдiгi немесе филиалы болса, өтiнiштi қарайтын салық органы резидент еместi оның осы Кодекстiң 46-бабында белгiленген талап қою мерзiмi кезеңiнiң iшiнде салықтық мiндеттемелердi орындауы және Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесiнiң болуы не болмауы тұрғысынан кешендi салықтық тексеру жүргiзуге арналған сұрау салуды өкiлдiктiң немесе филиалдың орналасқан жерiндегi салық органына жiберуге мiндеттi.
  9. Салық агентi таратылған жағдайда салық органы резидент еместiң резиденттiк елiнiң құзыреттi органына салық агентi мен резидент еместiң өзара қарым-қатынастары туралы ақпарат беру туралы сұрау салу жiберуге мiндеттi.
  10. Резидент емес осы Кодекстiң 219-бабында белгiленген құжаттарды табыс етпеген не салық органы шет мемлекеттiң құзыреттi органына немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органына қажеттi ақпарат беру туралы сұрау салу жiберген жағдайларда, резидент еместiң өтiнiшiн қарау мерзiмi көрсетiлген құжаттарды, сұратылатын ақпаратты алғанға дейiн тоқтатыла тұрады.
  Бұл ретте, өтiнiштi қарауды тоқтата тұру мерзiмi салықты бюджетке немесе шартты банк салымына төлеу бойынша салықтық мiндеттемелер туындаған күннен бастап осы Кодекстiң 46-бабында белгiленген талап қою мерзiмiнен аспауға тиiс. Осы Кодекстiң 46-бабында белгiленген талап қою мерзiмiнен асып кеткенде, мұндай өтiнiш қаралудан бас тартылуға жатады.
  11. Салық органы төлем көзiнен ұсталатын табыс салығын қайтару туралы шешiм қабылдаған кезде табыс етiлген өтiнiште халықаралық шарттың ережелерiне сәйкес қайтарылуға жататын табыс салығының сомасы қойылады және өтiнiштiң өзi басшының қолымен және салық органының мөрiмен куәландырылады.
  12. Табыс салығы бюджетке төленген және салық органы резидент еместiң пайдасына шешiм қабылдаған жағдайда салық органы осы Кодекстiң 602-бабында көзделген тәртiппен халықаралық шарттың ережелерiне сәйкес резидент еместiң салық органы куәландырған өтiнiшiнiң негiзiнде резидент емеске табыс салығын бюджеттен қайтаруды жүргiзедi.
  13. Табыс салығы шартты банк салымына аударылған және салық органы резидент еместiң пайдасына шешiм қабылдаған жағдайда банк резидент емеске шартты банк салымынан табыс салығының өтiнiште көрсетiлген сомасын және есептелген банк сыйақылары сомасын  қайтаруды жүргiзедi. Бұл ретте салық органы куәландырған өтiнiштi резидент емес банкке дербес табыс етедi.
  14. Салық органы халықаралық шарт ережелерiнiң заңсыз қолданылғанын анықтаған кезде резидент емеске төлем көзiнен ұсталған табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы негiздi шешiм жiберiледi, ол басшы қол қойған салық органы хатының бланкiсiнде ресiмделедi.
  15. Салық органының шешiмi резидент емеске алғаны туралы хабарлама берiлетiн арнайы почтамен жiберiледi.
  16. Салық органының терiс шешiмiмен келiспеген жағдайда, резидент еместiң халықаралық шарт ережелерiн қолданудың заңдылығы мәселесiн қайтадан қарау туралы сұрау салумен уәкiлеттi органға (қажет болғанда резиденттiк елiнiң құзыреттi органын тарта отырып) мынадай мерзiмдердiң кез келгенiнде:
  1) терiс шешiм алынған күннен бастап күнтiзбелiк тоқсан күн iшiнде;
  2) шешiм болмаған жағдайда өтiнiш берiлген күннен бастап күнтiзбелiк қырық бес күн өткеннен кейiн жүгiнуге құқығы бар.
  Бұл ретте мұндай сұрау салудың көшiрмесi терiс шешiм қабылдаған салық органына табыс етiледi. Сұрау салу осы Кодекстiң 219-бабында белгiленген құжаттар қоса берiле отырып, еркiн нысанда ресiмделедi.
  17. Уәкiлеттi орган сұрау салу бойынша резидент емес сұрау салуды табыс еткен күннен бастап күнтiзбелiк қырық бес күннен кешiктiрмей дәлелдi шешiм шығаруға мiндеттi.
  Уәкiлеттi орган төлем көзiнен ұсталған табыс салығын қайтару туралы шешiм қабылдаған кезде табыс етiлген өтiнiште халықаралық шарттың ережелерiне сәйкес қайтарылуға жататын табыс салығының сомасы қойылады және өтiнiштiң өзi басшының қолымен және уәкiлеттi органның мөрiмен куәландырылады.
  18. Егер резидент емес Қазақстан Республикасында табыстарға салық салу тиiстi халықаралық шарттың ережелерiне қайшы келедi деп есептесе, ол өзiнiң табыстарына салық салуға қатысты халықаралық шарт ережелерiн қолданудың заңдылығы туралы мәселенi қарау туралы өтiнiшпен өзi резидентi болып табылатын мемлекеттiң құзыреттi органына жүгiнуге құқылы.
  Бұл ретте резидент емес өзi резидентi болып табылатын мемлекеттiң құзыреттi органына осы Кодекстiң 46-бабында белгiленген талап қою мерзiмi iшiнде Қазақстан Республикасының сотына жүгiнгенге дейiн уәкiлеттi органмен өзара келiсу рәсiмiн жүргiзу туралы сұрау салумен жүгiнуге тиiс.
  19. Халықаралық шарт ережелерiн резидент еместiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын табысына қолдану мәселесi бойынша Қазақстан Республикасы сотының шешiмi болған кезде уәкiлеттi органның шет мемлекеттiң құзыреттi органымен өзара келiсу рәсiмiн жүргiзуге құқығы жоқ.

Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38