1. Қызметкердiң салық салуға жататын, ол заттай нысанда алған табысына:
  1) еңбегiне заттай нысанда ақы төлеу;
  2) жұмыс берушiден өтеусiз негiзде алынған мүлiктiң құны. Өтеусiз орындалған жұмыстардың, көрсетiлген қызметтердiң құны осындай жұмыстарды орындаумен, қызметтер көрсетумен байланысты шеккен шығыстар мөлшерiнде айқындалады;
  3) қызметкер үшiншi тұлғалардан алған тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетiлген қызметтердiң құнын жұмыс берушiнiң төлеуi кiредi.
  2. Қосылған құн салығының тиiстi сомасын және акциздердi қоса алғанда, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетiлген қызметтердiң құны қызметкердiң салық салуға жататын, оның заттай нысанда алған табысы болып табылады.

   165-бап. Қызметкердiң материалдық пайда түрiндегi табысы

  Қызметкердiң салық салуға жататын, материалдық пайда түрiнде алған табысына:
  1) қызметкерге өткiзiлген тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң құны мен осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi сатып алу бағасы немесе олардың өзiндiк құны арасындағы терiс айырма;
  2) жұмыс берушiнiң шешiмi бойынша қызметкердiң оның алдындағы қарызының немесе мiндеттемесiнiң сомасын есептен шығару;
  3) жұмыс берушiнiң өз қызметкерлерiнiң сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге жұмсаған шығыстары;
  4) қызметкердiң жұмыс берушiнiң қызметiне байланысты емес шығындарын өтеуге жұмыс берушiнiң жұмсаған шығыстары кiредi.

НЕ нашли? Не то? Что вы ищете?

   166-бап. Салық шегерiмдерi

  1. Қызметкердiң төлем көзiнен салық салынатын табысын анықтау кезiнде төлемдердiң кезеңдiлiгiне қарамастан, күнтiзбелiк жыл iшiндегi әрбiр ай үшiн мынадай салық шегерiмдерi қолданылады:
  1) тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төменгi жалақы мөлшерiндегi, табыс есебiне жазылатын тиiстi айдағы сома. Бiр жылдағы салық шегерiмiнiң жалпы сомасы осы Кодекстiң 157-бабында белгiленген жылдық жиынтық табыстың салық салынбайтын мөлшерiнiң сомасынан аспауға тиiс;
  2) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгiленген мөлшердегi мiндеттi зейнетақы жарналарының сомасы;
  3) өз пайдасына енгiзiлетiн ерiктi зейнетақы жарналарының сомасы;
  4) жеке тұлғаның жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша өз пайдасына енгiзетiн сақтандыру сыйлықақыларының сомасы;
  5) Қазақстан Республикасының резидентi жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайын жақсарту жөнiндегi iс-шараларды жүргiзуге тұрғын үй құрылыс жинақ банктерiнен алған қарыздары бойынша сыйақыны өтеуге бағытталған сомалар;
  6) осы баптың 6-тармағында белгiленген мөлшерде және шарттарда медициналық қызметтерге (косметологиялық қызмет көрсетулерден басқа) ақы төлеуге жұмсалатын шығыстар.
  2. Егер осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген салық шегерiмiнiң сомасы осы Кодекстiң 156-бабында көзделген түзетулер ескерiле отырып, салық салуға жататын, мiндеттi зейнетақы жарналарының сомасына азайтылған, қызметкердiң бiр айға айқындалған табысының сомасынан асып кетсе, онда асып кеткен сома қызметкердiң салық салынатын табысын азайту үшiн күнтiзбелiк жыл шегiнде келесi айларға рет-ретiмен ауыстырылады.
  3. Егер жеке тұлға бiр ай iшiнде он бес жұмыс күнiнен аз уақыт қызметкер болса, онда қызметкердiң табысын айқындау кезiнде осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес салық шегерiмi жүргiзiлмейдi.
  4. Осы баптың 1-тармағының 1), 3)-6) тармақшаларына сәйкес салық шегерiмi құқығы салық төлеушiге өзi берген өтiнiштiң негiзiнде, жұмыс берушiлердiң бiреуiнен ғана алатын табыстары бойынша берiледi.
  5. Осы баптың 1-тармағының 3)-5) тармақшаларында белгiленген салық шегерiмi құқығы тиiстi құжаттар:
  1) ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт және ерiктi зейнетақы жарналарын төлегенiн растайтын құжат;
  2) сақтандыру шарты және сақтандыру сыйлықақыларын төлегенiн растайтын құжат;
  3) тұрғын үй құрылыс жинақ банкiмен Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайын жақсарту жөнiндегi iс-шаралар жүргiзуге арналған банктiк қарыз шарты және аталған қарыз бойынша сыйақылардың өтелгенiн растайтын құжат болған кезде берiледi.
  6. Егер:
  1) күнтiзбелiк бiр жылдағы салық шегерiмiнiң жалпы сомасы тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төменгi жалақының 8 еселенген мөлшерiнен аспаса;
  2) қызметкер медициналық қызметтер (косметологиялық қызмет көрсетуден басқа) алғанын және оларды төлеуге арналған нақты шығыстарды растайтын құжаттарды табыс етсе;
  3) осындай шығыстар бойынша осы Кодекстiң 156-бабының 1-тармағы 18) тармақшасының ережелерi қолданылмаса, салық төлеушiге осы баптың 1-тармағының 6) тармақшасында белгiленген салық шегерiмiн жасау құқығы берiледi.

   167-бап. Салықты есептеу және ұстау

  Қызметкердiң төлем көзiнен салық салынатын табысына жеке табыс салығының сомасы қызметкердiң осы Кодекстiң 163-бабына сәйкес айқындалатын, төлем көзiнен салық салынатын табысының сомасына осы Кодекстiң 158-бабының 1-тармағында белгiленген ставканы қолдану жолымен есептеледi.

§ 2. Жеке тұлғаның салық агентiнен алатын табысы

   168-бап. Жеке тұлғаның салық агентiнен алатын табысы

  1. Жеке тұлғаның салық агентiнен алған, төлем көзiнен салық салынатын табысы осы Кодекстiң 156-бабында көзделген түзетулер ескерiле отырып, жеке тұлғаның салық агентiнен алған, салық салуға жататын табысы ретiнде айқындалады.
  Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, мыналар:
  1) жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салық агентiмен жасасқан азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыстары;
  2) жеке тұлғаларға төлемдер жеке тұлғаның салық агентiнен алған, салық салуға жататын табысы болып табылады.
  2. Осы баптың мақсаты үшiн мыналар салық салуға жататын табысқа жатқызылмайды:
  1) осы Кодекстiң 177-бабында айқындалған, төлем көзiнен салық салынбайтын табыстар;
  2) жеке тұлғаларға олардан жеке мүлкiн сатып алғаны үшiн төлемдер;
  3) осы Кодекстiң 160-бабының 1) және 3)-6) тармақшаларында көрсетiлген табыстар;
  4) заңды тұлғалардан және дара кәсiпкерлерден алынған кредиттердi (қарыздарды, микрокредиттердi) пайдаланғаны үшiн проценттердi үнемдеуден түсетiн материалдық пайда.

   169-бап. Салық сомасын есептеу

  Жеке табыс салығының сомасы жеке тұлғаның салық агенттерiнен алатын, осы Кодекстiң 168-бабына сәйкес айқындалатын, төлем көзiнен салық салынатын табысының сомасына осы Кодекстiң 158-бабының 1-тармағында белгiленген ставканы қолдану жолымен есептеледi.

§ 3. Жинақтаушы зейнетақы қорларынан төленетiн
зейнетақы төлемдерi

   170-бап. Зейнетақы төлемдерi

  1. Зейнетақы төлемдерi түрiндегi, төлем көзiнен салық салынатын табыс осы Кодекстiң 156-бабында көзделген түзетулер ескерiле отырып, салық салуға жататын, осы бапта көзделген салық шегерiмдерi сомасына азайтылған зейнетақы төлемдерi түрiндегi табыс ретiнде айқындалады.
  Жинақтаушы зейнетақы қорлары:
  1) салық төлеушiлердiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мiндеттi зейнетақы жарналары және (немесе) ерiктi кәсiби жарналар, ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың талаптарына сәйкес ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан. Осы тармақшада көзделген төлемдер бойынша, егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, төлем көзiнен салық салынатын зейнетақы төлемдерi түрiндегi табысты айқындау кезiнде төлемдердi жүзеге асырудың кезеңдiлiгiне қарамастан, табысты есебiне жазудың әрбiр айы үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген бiр ең төмен жалақы мөлшерi сомасында салық шегерiмi қолданылады;
  2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнеткерлiк жасына жеткен және Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға шығатын немесе шыққан Қазақстан Республикасының резидентi жеке тұлғаларына. Осы тармақшада көзделген төлемдер бойынша төлем көзiнен салық салынатын зейнетақы төлемдерi түрiндегi табысты айқындау кезiнде тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төменгi жалақының 12 еселенген мөлшерiнде салық шегерiмi қолданылады;
  3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнеткерлiк жасына жетпеген және Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға шығатын немесе шыққан Қазақстан Республикасының резидентi жеке тұлғаларына;
  4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен  мұраға қалған зейнетақы жинақтары түрiнде жеке тұлғаларға жүзеге асырылатын төлемдер салық салуға жататын зейнетақы төлемдерi түрiндегi табысқа жатады.
  2. Салымшы мiндеттi зейнетақы жарналары және (немесе) ерiктi зейнетақы жарналары және (немесе) ерiктi кәсiби зейнетақы жарналары есебiнен қалыптастырылған зейнетақы төлемдерiн бiр айдың iшiнде бiр мезгiлде алған жағдайда, төлемдердi жүзеге асырудың кезеңдiлiгiне қарамастан, табысты есебiне жазудың әрбiр айы үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген бiр ең төменгi жалақы мөлшерi сомасында салық шегерiмi қолданылады. Бұл ретте төлем көзiнен салық салынатын зейнетақы төлемдерi түрiндегi табысты айқындау үшiн осы Кодекстiң 156-бабында көзделген түзетулер ескерiле отырып, салық салуға жататын зейнетақы төлемдерi түрiндегi табыстың жалпы сомасы салық шегерiмi сомасына азайтылады. Көрсетiлген салық шегерiмiн салық төлеушi салық шегерiмiн қолдану үшiн өтiнiш табыс еткен жинақтаушы зейнетақы қорларының бiрi жүргiзедi.

   171-бап. Салық сомасын есептеу

  Жеке табыс салығының сомасы осы Кодекстiң 170-бабына сәйкес айқындалатын, төлем көзiнен салық салынатын, зейнетақы төлемдерi түрiндегi табыстың сомасына осы Кодекстiң 158-бабының 1-тармағында белгiленген ставканы қолдану жолымен есептеледi.

§ 4. Дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түрiндегi табыс

   172-бап. Салық сомасын есептеу

  1. Жеке табыс салығының сомасы төлем көзiнен салық салынатын, дивидендтер, сыйақылар мен ұтыстар түрiндегi есебiне жазылған табыс сомасына осы Кодекстiң 158-бабының 1 және 2-тармақтарында белгiленген ставкаларды қолдану жолымен есептеледi.
  Салық агентi дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түрiнде төлейтiн, осы Кодекстiң 156-бабында көзделген түзетулер ескерiле отырып, салық салуға жататын табыс төлем көзiнен салық салынатын, дивидендтер, сыйақылар мен ұтыстар түрiндегi табыс болып табылады.
  Осы бөлiмнiң мақсаты үшiн сенiмгерлiкпен басқару шарты бойынша сенiмгерлiкпен басқару құрылтайшысының не сенiмгерлiкпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының сенiмгерлiкпен басқарудан түсетiн, сенiмгерлiкпен басқарушы болып табылатын заңды тұлғадан алған таза табысы да дивидендтерге жатады.
   2. Ұтысты, сыйақыны төлеу кезiнде ұсталған жеке табыс салығының сомасы төлем көзiнен осы салықтың ұсталғанын растайтын құжаттар болған кезде салықтарды есептеу мен төлеудi осы Кодекстiң 178 және 179-баптарында белгiленген тәртiппен жүзеге асыратын дара кәсiпкер салық кезеңi үшiн есептеген жеке табыс салығының есебiне жатқызылады.

§ 5. Стипендиялар

   173-бап. Стипендиялар

  Төлем көзiнен салық салынатын стипендия түрiндегi табыс осы Кодекстiң 156-бабында көзделген түзетулер ескерiле отырып, салық салуға жататын стипендия түрiндегi табыс ретiнде айқындалады.
  Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, салық агентi:
  бiлiм беру ұйымдарында оқитындарға;
  мәдениет, ғылым қайраткерлерiне, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерiне және басқа да жеке тұлғаларға төлеуге арналған ақша сомасы салық салуға жататын стипендия түрiндегi табыс болып табылады.
  Осы Кодекстiң 160-бабының 1)-4) және 6) тармақшаларында көзделген табыстар салық салуға жататын стипендия түрiндегi табыстар болып табылмайды.

   174-бап. Салық сомасын есептеу

  Жеке табыс салығының сомасы төлем көзiнен салық салынатын стипендия түрiндегi табыс сомасына осы Кодекстiң 158-бабының 1-тармағында белгiленген ставканы қолдану жолымен есептеледi.

§ 6. Жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табыс

   175-бап. Жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табыс

  1. Жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша, төлем көзiнен салық салынатын табыс осы Кодекстiң 156-бабында көзделген түзетулер ескерiле отырып, салық салуға жататын жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табыс пен осы бапта көзделген жағдайларда және мөлшерде салық шегерiмi арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
  2. Салық салуға жататын жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табыс:
  1) сақтандыру сыйлықақылары мыналардың:
  жинақтаушы зейнетақы қорларындағы зейнетақы жинақтары есебiнен. Осындай төлемдер бойынша жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша төлем көзiнен салық салынатын табысты айқындау кезiнде төлемдердi жүзеге асырудың кезеңдiлiгiне қарамастан, табысты есебiне жазудың әрбiр айы үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген бiр ең төменгi жалақы мөлшерi сомасында салық шегерiмi қолданылады;
  жеке тұлғаның жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша өз пайдасына енгiзетiн сақтандыру сыйлықақылары есебiнен;
  жұмыс берушiнiң жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша қызметкердiң пайдасына енгiзетiн сақтандыру сыйлықтары есебiнен төленген сақтандыру ұйымдары жүзеге асыратын сақтандыру төлемдерi;
  2) осындай шарттар мерзiмiнен бұрын тоқтатылған жағдайларда төленетiн құнын төлеп сатып алу сомалары;
  3) сақтандыру ұйымы жүзеге асыратын сақтандыру төлемдерi сомасының осы баптың 1) тармақшасында көрсетiлмеген қаражат есебiнен төленген сақтандыру сыйлықақыларының сомасынан асып кетуi болып табылады.

   176-бап. Салық сомасын есептеу

  Жеке табыс салығының сомасы жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша төлем көзiнен салық салынатын, осы Кодекстiң 175-бабына сәйкес айқындалатын табыс сомасына осы Кодекстiң 158-бабының 1-тармағында белгiленген ставканы қолдану жолымен есептеледi.

20-тарау. ТӨЛЕМ КӨЗIНЕН САЛЫҚ САЛЫНБАЙТЫН ТАБЫСТАР

   177-бап. Төлем көзiнен салық салынбайтын табыстар

  Мынадай табыс түрлерi төлем көзiнен салық салынбайтын табыстарға жатады:
  1) мүлiктiк табыс;
  2) дара кәсiпкердiң табысы;
  3) жекеше нотариустар мен адвокаттардың табысы;
  4) басқа да табыстар.

   178-бап. Төлем көзiнен салық салынбайтын табыстар бойынша
   жеке табыс салығын есептеу

  1. Төлем көзiнен салық салынбайтын табыстар бойынша жеке табыс салығын есептеудi салық төлеушi салық кезеңi үшiн осы баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетiлген салық төлеушiлердi қоспағанда, төлем көзiнен салық салынбайтын табыс сомасына осы Кодекстiң 158-бабының 1-тармағында белгiленген ставканы қолдану жолымен дербес жүргiзедi.
  Егер осы бапта және осы Кодекстiң 182-бабында өзгеше белгiленбесе, төлем көзiнен салық салынбайтын табыс осы Кодекстiң 156-бабында көзделген түзетулер ескерiле отырып, салық салуға жататын табыс пен осы Кодекстiң 166-бабы 5 және 6-тармақтарының ережелерi ескерiлiп, осы Кодекстiң 166-бабының 1-тармағында белгiленген салық шегерiмдерi арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
  2. Жекеше нотариустар мен адвокаттардың табыстарын қоспағанда, салық төлеушiде төлем көзiнен салық салынбайтын табыстардың бiрнеше түрi болған кезде жеке табыс салығын есептеудi салық төлеушi осы Кодекстiң 158-бабының 1-тармағында белгiленген ставканы төлем көзiнен салық салынбайтын барлық табыс түрлерiнiң сомасына қолдану жолымен дербес жүргiзедi.
  3. Осы Кодекстiң 166-бабының 1-тармағында белгiленген салық шегерiмдерi, егер көрсетiлген шегерiмдер қызметкердiң табысын айқындаған кезде жүргiзiлмеген болса, төлем көзiнен салық салынбайтын табыстардың жиынтық сомасы бойынша жеке табыс салығын есептеу кезiнде қолданылады.
  4. Осы баптың 5-тармағында көрсетiлгендерiнен басқа дара кәсiпкерлер салық кезеңi үшiн дара кәсiпкердiң табысы бойынша салықты есептеудi дербес жүргiзедi. Салық сомасы дара кәсiпкердiң осы Кодекстiң 133-бабында көзделген табыстары мен шығыстары сомасына, сондай-ақ осы Кодекстiң 137-бабына сәйкес ауыстырылатын шығындар сомасына азайтылған табысына осы Кодекстiң 158-бабының 1-тармағында белгiленген ставканы қолдану жолымен есептеледi.
  5. Патент немесе оңайлатылған декларация негiзiнде шағын бизнес субъектiлерi үшiн арнаулы салық режимiн қолданатын дара кәсiпкерлер осы Кодекстiң 61-тарауына сәйкес арнаулы салық режимдерiнде көрсетiлген шеңберде салық салынатын табыстар бойынша жеке табыс салығын есептеудi жүргiзедi.

   179-бап. Салық төлеу мерзiмдерi

  1. Салық кезеңiнiң қорытындысы бойынша жеке табыс салығын төлеудi салық төлеушi жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету үшiн белгiленген мерзiмнен кейiн күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмей орналасқан жерi бойынша дербес жүзеге асырады.
  2. Патент немесе оңайлатылған декларация негiзiнде шағын бизнес субъектiлерi үшiн арнаулы салық режимiн қолданатын дара кәсiпкерлер осы Кодекстiң 61-тарауына сәйкес арнаулы салық режимдерiнде көрсетiлген шеңберлерде салық салынатын табыстар бойынша жеке табыс салығын төлеудi жүргiзедi.

§ 1. Мүлiктiк табыс

   180-бап. Мүлiктiк табыс

  1. Салық төлеушiнiң салық салуға жататын мүлiктiк табысына:
  1) мүлiктi өткiзу кезiнде құн өсiмiнен түскен табыс;
  2) салық агенттерi болып табылмайтын тұлғаларға мүлiктi жалға беруден алынған табыс жатады.
  2. Мына мүлiктердi:
  1) меншiк құқығында он екi айдан аз уақыт болған тұрғын жайларды, саяжай құрылыстарын, гараждарды, жеке қосалқы шаруашылық объектiлерiн;
  2) меншiк құқығында он екi айдан аз уақыт болған, жеке тұрғын үй құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық жүргiзу, саяжай құрылысы, гараж салу үшiн берiлген, сол жерлерде осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетiлген объектiлер орналасқан жер учаскелерiн және (немесе) жер үлестерiн;
  3) егер жер учаскесiн және (немесе) жер үлесiн сатып алуға және иелiктен айыруға арналған құқық белгiлейтiн құжаттарды жасау күндерi арасындағы кезең он екi айдан аз уақытты құраса, жеке тұрғын үй құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық жүргiзу, бау-бақша, саяжай құрылысы, гараж салу үшiн берiлген, осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетiлген объектiлер орналаспаған жер учаскелерiн және (немесе) жер үлестерiн;
  4) осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетiлмеген мақсаттар үшiн берiлген жер учаскелерiн және (немесе) жер үлестерiн;
  5) бағалы қағаздарды, сондай-ақ заңды тұлғадағы қатысу үлестерiн;
  6) осы тармақтың 1)-4) тармақшаларында көрсетiлгендердi қоспағанда, жылжымайтын мүлiктi;
  7) меншiк құқығында он екi айдан аз уақыт болған, мемлекеттiк тiркеуге жататын механикалық көлiк құралдарын және тiркемелердi өткiзу кезiндегi құн өсiмi мүлiктi өткiзу кезiндегi құн өсiмiнен түскен табыс болып табылады.
  Сенiм бiлдiрiлген адам механикалық көлiк құралын және (немесе) тiркеменi иелiктен айыруға құқық беретiн басқару сенiмхаты негiзiнде алған механикалық көлiк құралын және (немесе) тiркеменi өткiзген жағдайда мүлiктiк табысты айқындау үшiн көлiк құралының иесiне осы көлiк құралының өткiзiлу құнын хабарлайды немесе көлiк құралы иесiнiң атынан жеке табыс салығын төлеудi жүргiзедi, бұл көлiк құралы иесiнiң салықтық мiндеттемесiн орындау болып табылады.
  Сенiм бiлдiрiлген адам механикалық көлiк құралын және (немесе) тiркеменi иелiктен айыруға құқық беретiн басқару сенiмхаты негiзiнде алған механикалық көлiк құралын және (немесе) тiркеменi өткiзген кезде құн өсiмi сенiм бiлдiрiлген адамның меншiк иесi атынан осы көлiк құралын өткiзу құны мен өткiзiлген көлiк құралының меншiк иесi сатып алған құн арасындағы оң айырма ретiнде айқындалады.
  3. Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, мүлiктi өткiзу құны мен оны сатып алу құны арасындағы оң айырма, бағалы қағаздар мен қатысу үлестерiн қоспағанда, осы баптың 2-тармағында көрсетiлген мүлiктi өткiзу кезiндегi құн өсiмiнен түсетiн табыс болып табылады.
  Сатып алу құны болмаған кезде мүлiктi өткiзу құны мен өткiзiлетiн мүлiкке меншiк құқығы туындау кезiндегi нарықтық құн арасындағы оң айырма құн өсiмi болып табылады.
  4. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу жолымен сатып алынған жылжымайтын мүлiктi өткiзу кезiнде мүлiктi өткiзу құны мен өткiзiлген мүлiкке меншiк құқығы туындау кезiндегi нарықтық құн арасындағы, бiрақ тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу шартында көрсетiлген сомадан төмен болмайтын оң айырма құн өсiмi болып табылады.
  5. Меншiк құқығы туындау кезiнде осы баптың 2-тармағының 1) және 6) тармақшаларында көрсетiлген өткiзiлген мүлiктiң нарықтық құнын салық төлеушi жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету үшiн белгiленген мерзiмнен кешiктiрмей айқындауға тиiс.
  Осы тармақтың мақсаты үшiн Қазақстан Республикасының бағалау қызметi туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеушi арасындағы шарт бойынша жүргiзiлген бағалау туралы есепте айқындалған құн нарықтық құн болып табылады.
  6. Меншiк құқығы туындау кезiнде осы баптың 2-тармағының 1) және 6) тармақшаларында көрсетiлген өткiзiлген мүлiктiң нарықтық құны болмаған жағдайда, мүлiктi өткiзу құны мен мүлiктi бағалау құны арасындағы оң айырма құн өсiмi болып табылады. Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган өткiзiлген мүлiкке меншiк құқығы туындаған жылдың 1 қаңтарына мүлiк салығын есептеу үшiн айқындаған құн бағалау құны болып табылады.
  7. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, бағалы қағаздарды және қатысу үлестерiн өткiзу кезiндегi құн өсiмi осы Кодекстiң 87-бабының 4-тармағына сәйкес айқындалады.
  8. Өткiзу құны мен сатып алу құны арасындағы оң айырма жеке тұлға опцион бойынша сатып алған бағалы қағаздарды өткiзу кезiндегi құн өсiмi болып табылады. Сатып алу құны опционды орындау бағасын және опционды сатып алу жөнiндегi шығындарды қамтиды.

Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38