315-бап. Қол қойылатын бонусты төлеу мерзiмi
Қол қойылатын бонус бюджетке мынадай тәртiппен:
1) белгiленген соманың елу процентi – салық төлеушiнi Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен конкурс жеңiмпазы деп жарияланған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде;
2) белгiленген соманың елу процентi – жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт күшiне енген күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрiлмей төленедi.
316-бап. Салық декларациясы
Жер қойнауын пайдаланушы қол қойылатын бонус жөнiндегi декларацияны орналасқан жерi бойынша салық органына төлеу мерзiмi басталған айдан кейiнгi екiншi айдың 15-не дейiн табыс етедi.
§ 2. Коммерциялық табу бонусы
317-бап. Жалпы ережелер
1. Осы баптың 2-тармағында аталған жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушы коммерциялық табу бонусын келiсiмшарт аумағындағы пайдалы қазбаларды әрбiр коммерциялық табу үшiн, оның iшiнде бастапқыда белгiленген алынатын қорларды арттыруға алып келетiн кен орындарына қосымша барлау жүргiзу барысындағы табу үшiн төлейдi.
2. Пайдалы қазбалардың кен орындарына оларды кейiннен өндiрудi көздемейтiн барлау жүргiзуге арналған келiсiмшарттар бойынша коммерциялық табу бонусы төленбейдi.
318-бап. Төлеушiлер
Жер қойнауын пайдалануға арналып жасалған келiсiмшарттар шеңберiнде жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде келiсiмшарт аумағында пайдалы қазбаларды коммерциялық табуы туралы жария еткен жер қойнауын пайдаланушылар коммерциялық табу бонусын төлеушiлер болып табылады.
319-бап. Салық салу объектiсi
Осы келiсiмшарт аумағында осы мақсаттар үшiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiткен алынатын пайдалы қазбалар қорларының нақты көлемi коммерциялық табу бонусын салу объектiсi болып табылады.
320-бап. Салық базасы
Осы мақсаттар үшiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiткен алынатын пайдалы қазбалар қорлары көлемiнiң құны коммерциялық табу бонусын есептеу үшiн салық базасы болып табылады.
Коммерциялық табу бонусын есептеу мақсатында алынатын пайдалы қазбалар қорлары көлемiнiң құны Халықаралық мұнай биржасында немесе Лондонның металл биржасында пайдалы қазбаларға белгiленген баға мен төлемдi жүзеге асыру күнi "The McGraw-Hill Companies Inс" компаниясының "Platt's Crude Oil Marketwire" анықтамалығында, "Metal Bulletin Journals Limited" баспасының "Metal Bulletin" журналында, "Metal-pages Limited" баспасының "Metal-pages" журналында жарияланған биржалық баға бойынша, осы Кодекстiң 334 және 338-баптарында белгiленген тәртiппен айқындалады.
Пайдалы қазбаларға биржалық баға белгiленбеген жағдайда, алынатын қорлардың құны осы мақсаттар үшiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiткен келiсiмшарттың техникалық-экономикалық негiздемесiнде көрсетiлген өндiруге арналған жоспарлы шығындардың жоспарлы рентабельдiлiк мөлшерiне ұлғайтылған сомасының негiзiнде айқындалады.
321-бап. Коммерциялық табу бонусын есептеу тәртiбi
Коммерциялық табу бонусының сомасы салық салу объектiсiнiң, салық базасы мен ставкаларының негiзiнде айқындалады.
322-бап. Коммерциялық табу бонусының ставкасы
Коммерциялық табу бонусы салық базасының 0,1 процент ставкасы бойынша төленедi.
323-бап. Коммерциялық табу бонусын төлеу мерзiм
Коммерциялық табу бонусы осы мақсаттар үшiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган кен орнындағы алынатын пайдалы қазбалар қорының көлемiн бекiткен күннен бастап 90 күннен кешiктiрiлмей төленедi.
324-бап. Салық декларациясы
Коммерциялық табу бонусы жөнiндегi декларацияны жер қойнауын пайдаланушы орналасқан жерi бойынша салық органына төлеу мерзiмi басталған айдан кейiнгi екiншi айдың 15-не дейiн табыс етедi.
44-тарау. ТАРИХИ ШЫҒЫНДАРДЫ ӨТЕУ БОЙЫНША ТӨЛЕМ
325-бап. Жалпы ережелер
Жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт жасалғанға дейiн тиiстi келiсiмшарт аумағын геологиялық зерттеуге және жайластыруға мемлекет шеккен жиынтық шығындарды өтеу бойынша жер қойнауын пайдаланушының тiркелген төлемдерi тарихи шығындарды өтеу бойынша төлем болып табылады.
326-бап. Төлеушiлер
Келiсiмшарттарды жасасқанға дейiн тиiстi келiсiмшарт аумағын геологиялық зерттеуге және жайластыруға мемлекет шығын шеккен пайдалы қазбалардың кен орындары бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттар жасасқан жер қойнауын пайдаланушылар тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемдi төлеушiлер болып табылады.
327-бап. Тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемдi белгiлеу
тәртiбi
1. Тиiстi келiсiмшарт аумағын геологиялық зерттеуге және жайластыруға мемлекет шеккен тарихи шығындар сомасын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен осы мақсаттар үшiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган есептейдi және ол осы баптың ережелерiне сәйкес бюджетке төленедi.
Тарихи шығындар сомасының бiр бөлiгi Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес мемлекет меншiгiндегi геологиялық ақпаратты сатып алу төлемдерi түрiнде бюджетке төленуге жатады.
Тарихи шығындар сомасының қалған бөлiгi тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемдер түрiнде бюджетке төленуге жатады.
2. Тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемдi бюджетке төлеу жөнiндегi мiндеттеме жер қойнауын пайдаланушы мен жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган арасындағы құпиялылық туралы келiсiм жасалған күннен бастап, ал жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттар бойынша, 2009 жылдың 1 қаңтарына дейiн жасалған өнiмдi бөлу туралы келiсiмдi қоса алғанда, тарихи шығындар мөлшерiн айқындайтын уәкiлеттi мемлекеттiк органмен қосымша келiсiм жасалған күннен бастап туындайды.
328-бап. Төлеу тәртiбi мен мерзiмдерi
1. Тиiстi келiсiмшарт аумағын геологиялық зерттеуге және жайластыруға мемлекет шеккен тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемдi жер қойнауын пайдаланушылар коммерциялық табудан кейiнгi өндiру кезеңiнiң басынан бастап мынадай тәртiппен төлейдi:
1) егер тиiстi келiсiмшарт аумағын геологиялық зерттеуге және жайластыруға мемлекет шеккен тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемнiң жалпы мөлшерi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 10000 еселенген мөлшерiнен кем соманы құраса, онда тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемдi жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбаларды өндiрудi бастаған жылдан кейiнгi жылдың 10 сәуiрiнен кешiктiрмей төлейдi;
2) егер тиiстi келiсiмшарт аумағын геологиялық зерттеуге және жайластыруға мемлекет шеккен тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемнiң жалпы мөлшерi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 10000 еселенген мөлшерiнен асып түсетiн соманы құраса, онда тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемдi жер қойнауын пайдаланушы экономикалық сараптама жүргiзу жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiлген кесте бойынша тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 2 500 еселенген мөлшерiнен кем емес баламалы сомада теңдей үлеспен он жылдан аспайтын уақытта тоқсан сайын төлейдi.
2. Пайдалы қазбалардың кен орындарына оларды кейiннен өндiрудi көздемейтiн барлау жүргiзуге арналған келiсiмшарттар бойынша тарихи шығындарды өтеу бойынша төлем төленбейдi.
329-бап. Салық декларациясы
1. Егер тиiстi келiсiмшарт аумағын геологиялық зерттеуге және жайластыруға мемлекет шеккен тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемнiң жалпы мөлшерi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 10000 еселенген мөлшерiнен кем соманы құраса, жер қойнауын пайдаланушы декларацияны орналасқан жерi бойынша салық органына жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбаларды өндiрудi бастаған жылдан кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.
2. Егер тиiстi келiсiмшарт аумағын геологиялық зерттеуге және жайластыруға мемлекет шеккен тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемнiң жалпы мөлшерi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 10000 еселенген мөлшерiнен асып түсетiн соманы құраса, онда жер қойнауын пайдаланушы декларацияны орналасқан жерi бойынша салық органына есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-нен кешiктiрмей тоқсан сайын табыс етедi.
45-тарау. ПАЙДАЛЫ ҚАЗБАЛАРДЫ ӨНДIРУ САЛЫҒЫ
330-бап. Жалпы ережелер
1. Жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбаларды өндiру салығын Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлетiн минералды шикiзат, мұнай, жерасты сулары мен емдiк балшықтың әрбiр түрi бойынша жеке төлейдi.
2. Пайдалы қазбаларды өндiру салығы, осы баптың 3-тармағындағы көзделген жағдайды қоспағанда, ақшалай нысанда төленедi.
3. Жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт бойынша қызметтi жүзеге асыру барысында пайдалы қазбаларды өндiру салығын төлеудiң ақшалай нысаны Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмi бойынша уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен жер қойнауын пайдаланушының арасында жасалатын қосымша келiсiмде белгiленген тәртiппен заттай нысанға ауыстырылуы мүмкiн.
Осы Кодексте белгiленген пайдалы қазбаларды өндiру салығын, сондай-ақ осы Кодекстiң 308-бабының 2-тармағында аталған жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттарда белгiленген роялтидi және Қазақстан Республикасының өнiмдi бөлу жөнiндегi үлесiн заттай нысанда төлеу тәртiбi осы Кодекстiң 346-бабында белгiленген.
4. Өндiрiлетiн минералды шикiзаттың, мұнайдың, жерасты сулары мен емдiк балшықтың барлық түрлерi бойынша пайдалы қазбаларды өндiру салығы, жүргiзiлетiн өндiру түрiне қарамастан, ставкалар бойынша және осы тарауда белгiленген тәртiппен төленедi.
5. Салық кезеңiнде өндiрiлген мұнайдың, жерасты суларының, емдiк балшық пен пайдалы қазбалардың айналыстан шыққан қорларының жалпы көлемiнен пайдалы қазбаларды өндiру салығын есептеу мақсатында кен орындары бойынша есептен шығарылған (шығынды қайтару) қорлар құрамынан алынатын пайдалы қазбалардың көлемi, сондай-ақ технологиялық сынап көру және зерттеулер жүргiзу үшiн берiлетiн мұнайдың, минералды шикiзаттың, жерасты сулары мен емдiк балшықтың көлемi алып тастауға жатады. Технологиялық сынап көру және зерттеулер жүргiзу үшiн берiлетiн мұнайдың, минералды шикiзаттың, жерасты сулары мен емдiк балшықтың көлемi мұнайдың, минералды шикiзаттың, жерасты сулары мен емдiк балшықтың тиiстi түрлерi (сорттары) үшiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттарында аталған технологиялық сынап көрудiң ең төменгi массасымен шектеледi және (немесе) жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттың жұмыс бағдарламасында көзделуге тиiс.
331-бап. Төлеушiлер
Жер қойнауын пайдалануға арналып жасалған әрбiр жеке келiсiмшарт шеңберiнде техногендiк минералды құралымдардан пайдалы қазбалар алуды қоса алғанда, мұнайды, минералды шикiзатты, жерасты сулары мен емдiк балшықты өндiрудi жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар пайдалы қазбаларды өндiру салығын төлеушiлер болып табылады.
§ 1. Мұнайға арналған пайдалы қазбаларды өндiру салығы
332-бап. Салық салу объектiсi
1. Жер қойнауын пайдаланушы салық кезеңiнде өндiрген шикi мұнайдың, газ конденсаты мен табиғи газдың нақты көлемi пайдалы қазбаларды өндiруге салық салу объектiсi болып табылады.
2. Пайдалы қазбаларды өндiру салығын есептеу мақсатында жер қойнауын пайдаланушы салық кезеңiнде өндiрген шикi мұнайдың, газ конденсаты мен табиғи газдың жалпы көлемi:
1) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауытына қайта өңдеу үшiн өткiзiлген шикi мұнайға, газ конденсатына – Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауытына қайта өңдеу үшiн жер қойнауын пайдаланушы салық кезеңiнде жер қойнауын пайдалануға арналған әрбiр жеке келiсiмшарт шеңберiнде өндiрген және өткiзген, оның iшiнде үшiншi тұлға арқылы өткiзiлген шикi мұнайдың, газ конденсатының жалпы көлемiне;
2) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауытына алыс-берiстiк шикiзаты ретiнде қайта өңдеуге берiлген шикi мұнайға, газ конденсатына, – Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауытына қайта өңдеу үшiн алыс-берiс шикiзаты ретiнде жер қойнауын пайдаланушы салық кезеңiнде жер қойнауын пайдалануға арналған әрбiр жеке келiсiмшарт шеңберiнде өндiрген және берген, оның iшiнде үшiншi тұлға арқылы берiлген шикi мұнайдың, газ конденсатының көлемiне;
3) жер қойнауын пайдаланушы өзiнiң өндiрiстiк мұқтаждарына пайдаланған шикi мұнайға және газ конденсатына – жер қойнауын пайдаланушы салық кезеңiнде жер қойнауын пайдалануға арналған әрбiр жеке келiсiмшарт шеңберiнде өндiрген, салық кезеңi iшiнде өзiнiң өндiрiстiк мұқтаждарына пайдаланған шикi мұнайдың және газ конденсатының көлемiне;
4) Қазақстан Республикасының iшкi нарығында өткiзiлген және (немесе) өзiнiң өндiрiстiк мұқтаждарына пайдаланылған табиғи газға;
5) тауарлы шикi мұнайға, газ конденсатына және табиғи газға – осы баптың 2-тармағының 1)-4) тармақшаларында аталған шикi мұнай, газ конденсаты мен табиғи газ көлемдерiн шегере отырып, жер қойнауын пайдаланушы салық кезеңiнде жер қойнауын пайдалануға арналған әрбiр жеке келiсiмшарт шеңберiнде өндiрген шикi мұнайдың, газ конденсатының және табиғи газдың көлемiне бөлiнедi.
3. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауытына шикi мұнайды және газ конденсатын жеткiзудi, оның iшiнде үшiншi тұлға арқылы жеткiзудi растау үшiн жер қойнауын пайдаланушының мұнай өңдеу зауыты сатып алған шикi мұнайдың және газ конденсатының көлемi мен құнын, сондай-ақ жанама салықтар есепке алынбаған олардың құнын растайтын құжаттарының болуы мiндеттi.
4. Пайдалы қазбаларды өндiру салығы жер қойнауына керi айдалатын табиғи газ бойынша төленбейдi.
5. Осы баптың мақсатына орай факелдерде жағылған табиғи газдың көлемi пайдалы қазбаларды өндiру салығын салудан босатылады.
333-бап. Салық базасы
Салық кезеңiнде өндiрiлген шикi мұнай, газ конденсаты және табиғи газ көлемiнiң құны пайдалы қазбаларды өндiру салығын есептеу үшiн салық базасы болып табылады.
334-бап. Шикi мұнай, газ конденсаты және табиғи газ құнын
айқындау тәртiбi
1. Пайдалы қазбаларды өндiру салығын есептеу мақсатында салық кезеңiнде өндiрiлген шикi мұнайдың және газ конденсатының құны мынадай тәртiппен:
1) мұнай өңдеу зауытына, оның iшiнде үшiншi тұлға арқылы өткiзу кезiнде – өткiзiлген шикi мұнайдың, газ конденсатының нақты көлемi мен мұнай өңдеу зауыты өнiмнiң бiрлiгi үшiн нақты сатып алу бағасының көбейтiндiсi ретiнде;
2) алыс-берiстiк шикiзаты ретiнде қайта өңдеу үшiн беру және (немесе) жер қойнауын пайдаланушының өз өндiрiстiк мұқтаждарына пайдалануы кезiнде - мұнай өңдеу зауытына, оның iшiнде үшiншi тұлға арқылы жеткiзiлген және (немесе) жер қойнауын пайдаланушының өз өндiрiстiк мұқтаждарына пайдаланған шикi мұнайдың, газ конденсатының нақты көлемi мен халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын, өнiм бiрлiгiн өндiрудiң 20 процентке ұлғайтылған өзiндiк құнының көбейтiндiсi ретiнде айқындалады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы салық кезеңiнде жер қойнауын пайдалануға арналған әрбiр жеке келiсiмшарт шеңберiнде өндiрген тауарлы шикi мұнайдың, газ конденсатының және табиғи газдың құнын өндiрiлген тауарлы шикi мұнай, газ конденсаты және табиғи газ көлемi мен осы баптың 3-тармағында белгiленген тәртiппен салық кезеңiнде есептелген өнiмнiң бiрлiгi үшiн әлемдiк бағаның көбейтiндiсi ретiнде айқындайды.
3. Шикi мұнайдың және газ конденсатының әлемдiк бағасы "The McGraw-Hill Companies Inс" компаниясының "Platts Crude Oil Marketwire" дереккөздерiнде жарияланған ақпараттар негiзiнде салық кезеңiнде "Юралс Средиземноморье" (Urals Med) немесе "Датированный Брент" (Brent Dtd) маркаларының әрбiрiн жеке алғанда күн сайынғы бағамдаудың орташа арифметикалық мәнi ретiнде айқындалады, ал осы дереккөздерде аталған маркаларға бағалар туралы ақпарат болмаған жағдайда, "Petroleum Argus" дереккөзi мынадай формула бойынша пайдаланылады,
S = (P1+P2+.....+Рn)/n, мұнда:
S – салық кезеңiнде шикi мұнай мен газ конденсатының әлемдiк бағасы,
Р1, Р2... Рn – салық кезеңi iшiнде бағамдауды жариялау күндерiнде шикi мұнайдың, газ конденсатының күн сайынғы орташа арифметикалық әлемдiк бағасы,
n – салық кезеңiнде бағамдау жарияланған күндердiң саны.
Шикi мұнайдың, газ конденсатының күн сайынғы орташа арифметикалық әлемдiк бағасы мынадай формула бойынша айқындалады:
Р1, Р2... Рn = (С1+С2)/2, мұнда:
Рn – "Юралс Средиземноморье" немесе "Датированный Брент" маркалы шикi мұнайдың күн сайынғы орташа арифметикалық әлемдiк бағасы,
С1 – биржаның ашылуы кезiндегi "Юралс Средиземноморье" немесе "Датированный Брент" маркалы шикi мұнайдың күн сайынғы орташа арифметикалық әлемдiк бағасы,
С2 – биржаның жабылуы кезiндегi "Юралс Средиземноморье" немесе "Датированный Брент" маркалы шикi мұнайдың күн сайынғы орташа арифметикалық әлемдiк бағасы.
Жер қойнауын пайдаланушы "Юралс Средиземноморье" (Urals Med) немесе "Датированный Брент" (Brent Dtd) маркасының белгiлi бiр стандартты сортына шикi мұнайды және газ конденсатын жатқызуды шикi мұнайды өткiзуге арналған шарттар негiзiнде жүргiзедi. Өткiзуге арналған шартта шикi мұнайдың стандартты сорты көрсетiлмеген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы осындай шарт бойынша жеткiзiлген шикi мұнай көлемiн салық кезеңiнде ең жоғары болып табылатын орташа әлемдiк баға сортына жатқызуға мiндеттi.
4. Табиғи газға әлемдiк баға "The Mcgraw-Hill Companies Inс" компаниясының "Platts Crude Oil Marketwire" дереккөздерiнде жарияланған ақпарат негiзiнде салық кезеңiндегi күнделiктi бағамдаудың орташа арифметикалық мәнi ретiнде айқындалады. Осы дереккөзде табиғи газға бағалар туралы ақпарат болмаған жағдайда, "Petroleum Argus" дереккөзi пайдаланылады.
5. Пайдалы қазбаларды өндiру салығын есептеу мақсатында жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының iшкi нарығында өткiзген және (немесе) өзiнiң өндiрiстiк мұқтаждарына пайдаланған табиғи газдың құны мынадай тәртiппен:
1) жер қойнауын пайдаланушы өндiрiлген табиғи газды Қазақстан Республикасының iшкi нарығында өткiзген кезде – осы Кодекстiң 341-бабының 2-тармағында белгiленген тәртiппен айқындалатын салық кезеңiнде қалыптасқан өткiзудiң орташа өлшемдi бағасының негiзiнде;
2) өндiрген табиғи газды өзiнiң өндiрiстiк мұқтаждарына пайдаланған кезде - жер қойнауын пайдаланушы өзiнiң өндiрiстiк мұқтаждарына пайдаланған табиғи газдың нақты көлемi мен халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын, 20 процентке ұлғайтылған өнiм бiрлiгiн өндiрудiң өндiрiстiк өзiндiк құнының көбейтiндiсi ретiнде айқындалады. Егер табиғи газ шикi мұнаймен iлестiрiле өндiрiлсе, табиғи газды өндiрудiң өндiрiстiк өзiндiк құны шикi мұнайды өндiрудiң өндiрiстiк өзiндiк құны негiзiнде табиғи газдың 1 мың шаршы метрi 0,857 тонна шикi мұнайға сәйкес келетiн қатынасында айқындалады.
6. Шикi мұнайдың, газ конденсаты мен табиғи газдың стандартты сорттарының әлемдiк құнын уәкiлеттi орган осы Кодексте белгiленген тәртiппен әрбiр салық кезеңi бойынша айқындайды және ол есептi салық кезеңiнен кейiнгi айдың 10-ынан кешiктiрiлмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.
335-бап. Салықты есептеу тәртiбi
1. Бюджетке төленуге жататын пайдалы қазбаларды өндiру салығының сомасы салық салу объектiлерiнiң, салық базасы мен ставкаларының негiзiнде айқындалады.
2. Пайдалы қазбаларды өндiру салығын есептеу үшiн жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстiң 336-бабында келтiрiлген шкалаға сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған әрбiр жекелеген келiсiмшарт бойынша ағымдағы салық жылына арналған өндiрудiң жоспарланған көлемiне сәйкес келетiн ставканы қолданады.
Бюджетке төленетiн пайдалы қазбаларды өндiру салығын есептеудiң дұрыстығын және толық төленуiн қамтамасыз ету мақсатында жер қойнауын пайдаланушы тiркелген орны бойынша салық органына жер қойнауын пайдалануға арналған әрбiр жеке келiсiмшарт бойынша шикi мұнайды, газ конденсатын және табиғи газды өндiрудiң алдағы жылға жоспарланған көлемi туралы анықтаманы ағымдағы күнтiзбелiк жылдың 20 қаңтарына дейiн табыс етуге мiндеттi.
Бұл ретте, шикi мұнайды, газ конденсатын және табиғи газды өндiрудiң ағымдағы жылға жоспарланатын көлемi құзыреттi органдармен келiсiлуге тиiс.
3. Егер есептi күнтiзбелiк жылдың қорытындылары бойынша өндiрiлген шикi мұнайдың, газ конденсаты мен табиғи газдың нақты көлемi жоспарланған көлемге сәйкес келмесе және пайдалы қазбаларды өндiру салығы ставкаларының өзгеруiне әкеп соқса, жер қойнауын пайдаланушы есептi жылға есептелген пайдалы қазбаларды өндiру салығының сомасына түзету жасауға мiндеттi.
Пайдалы қазбаларды өндiру салығының сомасына түзету есептi салық жылының соңғы салық кезеңiндегi декларацияда осы Кодекстiң 336-бабына сәйкес айқындалған өндiрiлген шикi мұнайдың, газ конденсаты мен табиғи газдың нақты көлемiне сәйкес келетiн пайдалы қазбаларды өндiру салығының ставкасын есептi салық жылының 1-3 тоқсанындағы пайдалы қазбаларды өндiру салығы бойынша декларацияларда есептелген салық базасына қолдану жолымен жүргiзiледi.
Жүргiзiлген түзетулердi ескеретiн пайдалы қазбаларды өндiру салығының сомасы есептi жылдың соңғы салық кезеңiнде пайдалы қазбаларды өндiру салығы бойынша салық мiндеттемелерi болып табылады.
336–бап. Пайдалы қазбаларды өндiру салығының ставкалары
|
Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 |


