218-бап. Табыс салығын шартты банк салымынан бюджетке
   аудару тәртiбi

  1. Салық органы резидент еместiң өтiнiшi бойынша терiс шешiм алған күнiнен бастап күнтiзбелiк тоқсан күн өткеннен кейiн және резидент еместен осы Кодекстiң 217-бабының 16-тармағында көрсетiлген сұрау салудың көшiрмесiн алмаған жағдайда, банкке өтiнiште көрсетiлген және шартты банк салымында орналастырылған салық сомасын бюджетке аудару туралы инкассалық өкiмдi жiберуге мiндеттi.
  2. Резидент емес осы Кодекстiң 46-бабында белгiленген талап қою мерзiмi iшiнде салық органына өтiнiштi табыс етпеген жағдайда, салық органы жоғарыда көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн күнтiзбелiк он бес күн iшiнде банкке шартты банк салымында орналастырылған салық сомасын бюджетке аудару туралы инкассалық өкiмдi жiберуге мiндеттi.
  3. Салық органы инкассалық өкiммен бiр мезгiлде табыс салығының сомасы резидент еместiң шартты банк салымында орналастырылған кезден бастап бюджетке аударылғанға дейiн банк сыйақыларының есебiне жазылған сомалары туралы сұрау салуды уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен және нысан бойынша банкке жiбередi.
  4. Банк сұрау салу алынған күннен бастап күнтiзбелiк екi күн iшiнде салық органына уәкiлеттi орган белгiлеген нысандағы банк сыйақыларының есебiне жазылған сомалары туралы мәлiметтердi жiберуге мiндеттi.
  Банк сыйақыларының есебiне жазылған сомалары туралы мәлiметтерге өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу және оларды табыс ету салық есептiлiгi үшiн осы Кодексте белгiленген жағдайларда және тәртiппен жүзеге асырылады.
  5. Салық органы банк сыйақыларының есебiне жазылған сомалары туралы мәлiметтердi алғаннан кейiн күнтiзбелiк екi күн iшiнде банк сыйақылары сомаларын бюджетке өндiрiп алуға арналған инкассалық өкiмдi банкке жiберуге мiндеттi.
  6. Банк инкассалық өкiмдi алған күнiнен кейiнгi бiр операциялық күннен кешiктiрмей, шартты банк салымына орналастырылған табыс салығының сомасын және есебiне жазылған банк сыйақыларын бюджетке аударуға мiндеттi.
  7. Банктiң кiнәсiнен шартты банк салымы туралы шарттың талаптары бұзылған және табыс салығының ұсталған сомалары бюджетке уақтылы аударылмаған кезде банк Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
  8. Банктiң шартты банк салымына орналастырылған табыс салығының сомасын бюджетке аудару жөнiндегi мiндеттемелердi орындауы мүмкiн болмаған жағдайда, төлем көзiнен табыс салығын, банк сыйақыларын және бюджетке салықты уақтылы аудармағаны үшiн айыппұл санкцияларын аудару жөнiндегi мiндеттеме салық агентiне жүктеледi.

НЕ нашли? Не то? Что вы ищете?

   219-бап. Резиденттiктi растайтын құжатқа және төленген
   табыс салығын халықаралық шарт негiзiнде
   бюджеттен немесе шартты банк салымынан қайтаруға
   арналған салықтық өтiнiшке қойылатын талаптар

  1. Осы Кодекстiң 217-бабы қолданылған жағдайда, төленген табыс салығын халықаралық шарттың негiзiнде бюджеттен немесе шартты банк салымынан қайтаруға арналған салықтық өтiнiштi тиiстi салық органы мыналар:
  1) жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге арналған немесе өзге де мақсаттарға арналған келiсiмшарттардың (шарттардың, келiсiмдердiң) нотариаттық куәландырылған көшiрмелерi;
  2) құрылтайшылар (қатысушылар) және резидент емес заңды тұлғаның мажоритарлық акционерлерi көрсетiлген құжаттардың (құрылтайшы құжаттардың не сауда тiзiлiмiнен көшiрме үзiндiнiң) нотариаттық куәландырылған көшiрмелерi;
  3) алынған табыстар мен ұсталған (төленген) салықтар сомаларын растайтын бухгалтерлiк құжаттардың көшiрмелерi;
  4) резиденттiк мемлекетiнiң құзыреттi органы берген, резиденттiктi растайтын құжат немесе оның нотариаттық куәландырылған көшiрмесi болған кезде қабылдайды. Бұл ретте осы тараудың мақсаты үшiн резидент емес резиденттiк елiндегi өзiнiң тiркеу деректерi өзгерген жағдайда, өзгертiлген деректердi ескере отырып, резиденттiктi растайтын құжатты немесе оның нотариаттық куәландырылған көшiрмесiн осы тарауда белгiленген тәртiппен қайта табыс етуге мiндеттi.
  2. Егер резидент емес депозитарлық қолхаттардың базалық активi болып табылатын акциялар бойынша алынған табыстардан төленген табыс салығын халықаралық шарттың негiзiнде бюджеттен немесе шартты банк салымынан қайтаруға арналған салықтық өтiнiштi берсе, өтiнiшке мынадай құжаттар:
  1) мыналарды:
  резидент еместiң тегiн, атын, әкесiнiң атын (ол болған кезде);
  депозитарлық қолхаттардың саны мен түрi туралы ақпаратты;
  резидент еместiң жеке басын куәландыратын құжаттың атауын және деректемелерiн (жеке тұлға үшiн), резидент еместiң мемлекеттiк тiркелу нөмiрiн және күнiн (заңды тұлға үшiн) қамтитын "Орталық бағалы қағаздар депозитарийi" акционерлiк қоғамынан алынған шоттың көшiрме үзiндiсi;
  2) депозитарлық қолхаттардың базалық активi болып табылатын акциялар эмитентiнiң акционерлерi жалпы жиналысының бiр акция есебiнен дивидендтiң мөлшерiн және дивидендтер алуға құқығы бар акционерлердiң тiзiмi жасалған күндi көрсете отырып, белгiлi бiр кезең үшiн дивидендтер төлеу туралы шешiмi;
  3) келiп түскен дивидендтердiң сомалары бойынша валюта шотынан көшiрме үзiндiлер;
  4) осындай резидент еместiң резиденттiгiн растайтын, осы баптың 4-тармағының талаптарына сәйкес келетiн құжат қоса берiледi.
  3. Егер осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетiлген құжаттар шет тiлiнде жасалса, резидент емес олардың мемлекеттiк тiлдегi немесе орыс тiлiндегi нотариаттық куәландырылған аудармасын қоса беруге мiндеттi.
  4. Осы тараудың ережелерiн қолдану мақсатында шетелдiк тұлғаның резиденттiгiн растайтын құжат табыс алушы шетелдiк тұлғаның салық кезеңiнде шетелдiк тұлғаға Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған, табыс есебiне жазылған халықаралық шарттарға сәйкес салық салуға жататын Қазақстан Республикасымен халықаралық шарт жасасқан мемлекеттiң резидентi болып табылатынын растайтын ресми құжат болып табылады. Мұндай құжатты табыс алушы шетелдiк тұлға резидентi болып табылатын шет мемлекеттiң құзыреттi органы куәландырады.
  Бұл ретте резидент еместiң резиденттiгiн куәландырған органның қолы мен мөрi (резиденттiктi растайтын құжат), сондай-ақ резиденттiктi растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшiрмесi табыс етiлген жағдайда шетелдiк нотариустың қолы мен мөрi Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе тараптарының бiрi Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық шартта белгiленген тәртiппен дипломатиялық немесе консулдық заңдастыруға жатады.

   220-бап. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған
   табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың
   сомасы туралы анықтама

  1. Резиденттiк елiнде Қазақстан Республикасында төленген салықтарды есепке жатқызуды немесе Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстар шегерiмiн алу мақсатында резидент еместiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтаманы салық органынан алуға құқығы бар.
  2. Резидент емес Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтаманы алу үшiн салықтық өтiнiштi төменде көрсетiлген салық органына:
  1) Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға - салық агентi орналасқан жер бойынша;
  2) Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға - тұрақты мекеме орналасқан жер бойынша;
  3) шетелдiк немесе азаматтығы жоқ адам - салық агентi орналасқан жер бойынша;
  4) Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын табыстардан салықтарды дербес төлейтiн шетелдiк немесе азаматтығы жоқ адам - Қазақстан Республикасында болатын (тұрғылықты) жерi бойынша табыс етуге мiндеттi.
  3. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомалары туралы анықтаманы салық органы резидент еместiң есебiне жазылған табыстарының және төлеуге жататын салықтардың сомалары көрсетiлген салық есептiлiгiнiң тиiстi нысанын резидент емес және (немесе) салық агентi табыс еткеннен кейiн күнтiзбелiк он бес күннен кешiктiрмей бередi.
  4. Салық төлеушiнiң салықтық өтiнiшi деректерiнiң салық төлеушiнiң және (немесе) салық агентiнiң салық есептiлiгi нысандарында көрсетiлген деректерге сәйкес келмеуi анықталған кезде, сондай-ақ салық төлемi болмаған немесе салық агентiнде салық өтiнiшi берiлген күнi резидент еместердiң табысынан салықты аудару бойынша салықтық берешек болған жағдайда, салық органы резидент емеске анықтама беруден жазбаша бас тартуды жiбередi.
  5. Резидент емес салық органына салықтық өтiнiштi табыс етпеген жағдайда, Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтама берiлмейдi.
  6. Салық органы уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша анықтамаларды тiркеу журналын жүргiзуге мiндеттi.

27-тарау. РЕЗИДЕНТТЕРДIҢ СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕН
ТҮСЕТIН ТАБЫСТАРЫНА САЛЫҚ САЛУДЫҢ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI

   221-бап. Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегi
   көздерден алынған табыстар

  1. Осы Кодекстiң мақсаты үшiн Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегi көздерден алынған табыстар деп төленген жерiне қарамастан, Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстар болып табылмайтын барлық табыс түрлерi танылады.
  2. Резидент - салық төлеушi Қазақстан Республикасындағы салық декларациясында Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегi көздерден алынған, оның iшiнде салық салуда жеңiлдiгi бар мемлекеттердегi көздерден алынған табыстарды көрсетуге мiндеттi.

   222-бап. Резидент - заңды тұлғаның Қазақстан
   Республикасынан тысқары жерлерде табыстар
   алуымен байланысты шығыстарын шегерiмге жатқызу
   тәртiбi

  1. Резидент - салық төлеушi табыс, оның iшiнде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегi көздерден табыс алумен байланысты шығыстарды осы Кодекстiң 4 және 6-бөлiмдерiнiң ережелерiнде белгiленген тәртiппен шегерiмге жатқызады.
  2. Резидент - салық төлеушi өзiнiң шет мемлекетте орналасқан тұрақты мекемесiне Қазақстан Республикасында да, одан тысқары жерлерде де шеккен, тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегi көздерден табыс алумен байланысты шығыстарды осындай шет мемлекеттiң салық заңнамасының ережелерiне сәйкес шегерiмге жатқызады.
  3. Резидент - заңды тұлғаның шет мемлекеттегi тұрақты мекемесiнiң салық салынатын табысын айқындау кезiнде мұндай шет мемлекеттiң салық заңнамасының немесе халықаралық шарттың ережелерiне сәйкес осындай салық салынатын табысты алу мақсатында Қазақстан Республикасында да, одан тысқары жерлерде де шеккен басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстарды шегерiм жасауға жол берiледi.
  4. Басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстардың сомасы резидент - заңды тұлға сондағы көздерден табыс алған шет мемлекетте осындай шет мемлекеттiң салық заңнамасында көзделген тәртiппен шегерiмге жатады.
  Егер резидент - заңды тұлға сондағы көздерден табыс алған шет мемлекеттiң салық заңнамасында немесе халықаралық шартта басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстарды шегерiм жасауға жол берiлсе, бiрақ бұл ретте шет мемлекеттiң салық заңнамасында мұндай шығыстарды шегерiмге жатқызудың тәртiбi көзделмеген болса, резидент - салық төлеушi көрсетiлген шет мемлекеттегi басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстарды осы Кодекстiң баптарында көзделген тәртiппен шегерiмге жатқызады.

   223-бап. Шетелдiк салықты есепке жатқызу

  1. Табыстарға салынатын, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде төленген салықтардың немесе резидент - салық төлеушiнiң Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегi көздерден алған табыстарынан табыс салығының бiрдей түрiнiң сомасы Қазақстан Республикасында корпоративтiк немесе жеке табыс салығын төлеу кезiнде салықтың төленгенiн растайтын құжат болған кезде есепке жатқызылады.
  Мұндай құжат шет мемлекеттiң салық органы куәландырған, шет мемлекеттегi көздерден алынған табыстардың және төленген салықтардың сомалары туралы анықтама болып табылады.
  2. Шетелдiк салықты есепке жатқызу Қазақстан Республикасында резидент - салық төлеушiнiң Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегi көздерден алған:
  1) осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес салық салудан босатылған;
  2) осы Кодекстiң 99-бабына сәйкес түзетуге жататын;
  3) шет мемлекетте артық төленген салық сомасы шегiнде шет мемлекеттегi осындай табыстардан салықтарды төлеу және (немесе) ұстау фактiсiне қарамастан, халықаралық шарттың ережелерiне сәйкес Қазақстан Республикасында салық салуға жататын табыстарынан берiлмейдi. Бұл ретте салықтың артық төленген сомасы салықтың iс жүзiнде төленген сомасы мен халықаралық шарттың ережелерiне сәйкес шет мемлекетте төлеуге жататын салық сомасының арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
  3. Осы бапта көзделген есепке жатқызылатын сомалардың мөлшерi әрбiр шет мемлекет бойынша жеке айқындалады.
  Бұл ретте, салықтың есепке жатқызылатын сомасының мөлшерi мынадай сомалардың:
  1) резидент - салық төлеушiнiң Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегi көздерден алған табыстарынан салықтың шет мемлекетте iс жүзiнде төленген сомасының
   2) Қазақстан Республикасында осы Кодекстiң осы тарауының және 4 немесе 6-бөлiмдерiнiң ережелерiне, сондай-ақ халықаралық шарт ережелерiне сәйкес есептелген, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегi көздерден алынған табыстардан табыс салығы сомасының ең төменiн бiлдiредi.
  Салық төлеушi осы Кодекстiң 46-бабында белгiленген талап қою мерзiмi iшiнде көрсетiлген табыс алынуға жататын салық кезеңiнде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегi көздерден алынған табыстардан шетелдiк табыс салығын есепке жатқызуды жүргiзедi.
  4. Шет мемлекеттегi көздерден алынған табыстардан осы мемлекетте төленген табыс салығын есепке жатқызудың жалпы сомасын айқындау үшiн резидент корпоративтiк немесе жеке табыс салығы бойынша декларацияға тиiстi қосымшаны толтырады.
  5. Салық төлеушi шет мемлекеттегi көздерден алған табыстарының және төлеген салықтарының сомалары туралы анықтамаға оның нотариаттық куәландырылған мемлекеттiк тiлдегi немесе орыс тiлiндегi аудармасын қоса беруге мiндеттi.

   224-бап. Жеңiлдiктi салық салынатын мемлекетте алынған
   табыс

  1. Егер резидентке салық салуда жеңiлдiгi бар мемлекетте орналасқан және (немесе) тiркелген резидент емес заңды тұлғаның жарғылық капиталының 10 және одан да көп процентi тiкелей немесе жанама түрде тиесiлi болса немесе ол осы резидент емес заңды тұлғаның дауыс беретiн акцияларының 10 және одан да көп процентiне тiкелей немесе жанама түрде ие болса, онда резидент емес заңды тұлғаның осындай резидент емес заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесiне негiзделе отырып айқындалатын пайдасының бiр бөлiгi резиденттiң Қазақстан Республикасында салық салынатын табысына енгiзiледi. Осы тармақтың ережесi қатысу үлесi тiкелей немесе жанама түрде 10 және одан да көп проценттi құрайтын, заңды тұлға құрмайтын кәсiпкерлiк қызметтi ұйымдастырудың басқа нысандарына резиденттiң қатысуына да қолданылады.
  Осы баптың мақсаты үшiн пайда резидент емес – заңды тұлғаның қаржылық есептiлiгiнде танылған, табыс салығы шегерiлген есептi кезеңнiң пайдасы ретiнде айқындалады.
  2. Салық салуда жеңiлдiгi бар мемлекетте орналасқан және (немесе) тiркелген пайдасының бiр бөлiгi Қазақстан Республикасы резидентiнiң салық салынатын табысына қосылатын резидент емес заңды тұлға пайдасының жалпы сомасы, резидент еместiң қаржылық есептiлiгiмен расталуға тиiс.
  3. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген резидент өзi орналасқан (тұрғылықты) жердегi салық органына есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 31 желтоқсанынан кешiктiрмей, нотариаттық куәландырылған мемлекеттiк тiлдегi немесе орыс тiлiндегi аудармасын қоса бере отырып, мынадай құжаттардың:
  1) резиденттiң шоғырландырылған қаржылық есептiлiгiнiң (егер салық төлеушi еншiлес ұйымы бар заңды тұлға болып табылса);
  2) осы баптың 1-тармағында көрсетiлген резидент емес заңды тұлғаның қаржылық есептiлiгiнiң
  3) жеңiлдiктi салық салынатын мемлекеттерде орналасқан еншiлес ұйымдар бойынша ақпараттардың мәнiн аша отырып (егер резидент емес заңды тұлғаның еншiлес ұйымы болған жағдайда), резидент емес заңды тұлғаның шоғырландырылған қаржылық есептiлiгiнiң
  4) егер жоғарыда аталған тұлғалар үшiн Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттiң заңнамалық актiлерiнде мiндеттi түрде аудит жүргiзу белгiленген жағдайда, осы тармақта көрсетiлген құжаттарға аудиторлық есептiң көшiрмелерiн табыс етуге мiндеттi.
  4. Егер шет мемлекет мынадай талаптардың бiрiне жауап берген жағдайда:
  1) мұндай мемлекетте табыс салығының ставкасы 10 проценттен аспайтын мөлшердi құраса;
  2) мұндай мемлекетте қаржы ақпаратының құпиялылығы туралы заңдар немесе мүлiктiң, табыстың нақты иесi немесе компанияның нақты иелерi, құрылтайшылары, акционерлерi туралы құпияны сақтауға мүмкiндiк беретiн заңдар болса, ол салық салуда жеңiлдiгi бар мемлекет деп танылады.
  Салық салуда жеңiлдiгi бар мемлекеттердiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
  5. Осы баптың мақсатында шет мемлекеттiң әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiгi де, егер ол мынадай талаптардың бiрiне жауап берген жағдайда:
  1) мұндай әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте мемлекет резидент емес заңды тұлғаға iс жүзiнде қолданатын табыс салығының ставкасы 10 проценттен аспайтын мөлшердi құраса;
  2) мұндай әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте қаржы ақпаратының құпиялылығы туралы заңдар немесе мүлiктiң, табыстың нақты иесi немесе компанияның нақты иелерi, құрылтайшылары, акционерлерi туралы құпияны сақтауға мүмкiндiк беретiн заңдар болса, салық салуда жеңiлдiгi бар мемлекет деп танылады.
  6. Осы баптың ережелерi Қазақстан Республикасы резидентке берген және (немесе) резидент үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жеңiлдiктерге, инвестициялық салық преференцияларына, барынша қолайлылық режимiне, сондай-ақ осы Кодексте көзделгендерден неғұрлым қолайлырақ өзге де салық салу шарттарына қарамастан қолданылады.

  225-бап. Резиденттiң халықаралық шартты шет мемлекетте
   қолдану тәртiбi

  1. Резидент Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасасқан шет мемлекеттегi көздерден табыстар алған жағдайда, тиiстi халықаралық шарттың талаптарын орындаған кезде резидент шет мемлекетте мұндай табыстарға салық салудан босатылу немесе төмендетiлген салық ставкасын қолдану мақсатында көрсетiлген мемлекетте осындай халықаралық шарттың ережелерiн қолдануға құқылы.
  2. Халықаралық шарттың ережелерi осы Кодекстiң 206-бабында белгiленген талаптар орындалған кезде резиденттiң Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегi көздерден алатын табыстарына қолданылады.
  3. Қазақстан Республикасының резиденттiгiн растау қажет болған жағдайда, резидент орналасқан (тұрғылықты) жердегi салық органына қатысты жоғары тұрған орган болып табылатын салық органына (уәкiлеттi органды қоспағанда) салық резиденттiгiн растауды алуға салықтық өтiнiш бередi.
  Бұл ретте төменде көрсетiлген салық төлеушiлер салық органына салық резиденттiгiн растауды алуға салық өтiнiшiмен қоса мыналардың:
  1) өзiнiң тиiмдi басқару орны Қазақстан Республикасында орналасқаны негiзiнде резидент болып табылатын шетелдiк заңды тұлға - заңды тұлғаны тиiмдi басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жерi) Қазақстан Республикасында болуын растайтын құжаттың (өткiзiлген орны көрсетiле отырып, директорлар кеңесiнiң немесе осы сияқты органның жалпы жиналысы хаттамасының немесе негiзгi басқару және (немесе) бақылау, сондай-ақ заңды тұлғаның кәсiпкерлiк қызметiн жүргiзу үшiн қажеттi стратегиялық коммерциялық шешiмдер қабылдау орнын растайтын өзге де құжаттардың);
  2) резидент болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматы - жеке куәлiгiнiң немесе Қазақстан Республикасы паспортының
  3) резидент болып табылатын шетелдiк немесе азаматтығы жоқ адам:
  жеке куәлiгiнiң немесе паспортының
  Қазақстан Республикасында болу кезеңiн растайтын құжаттың (визаның немесе өзге де құжаттардың) нотариаттық куәландырылған көшiрмелерiн табыс етуге мiндеттi.
  4. Резиденттiктi растайтын құжатты орналасқан (тұрғылықты) жерiндегi салық органына қатысты жоғары тұрған орган болып табылатын салық органы (уәкiлеттi органды қоспағанда) резидент салық өтiнiшiн берген күннен бастап күнтiзбелiк он бес күннен кешiктiрмей бередi.
  5. Егер резидент шет мемлекеттегi табыстарға салық салу тиiстi халықаралық шарттың ережелерiне қайшы келедi деп есептесе, ол шет мемлекеттiң iшкi заңнамасында көзделген қорғану құралдарына қарамастан, шет мемлекеттiң құзыреттi органына немесе уәкiлеттi органға халықаралық шарт ережелерiнiң өз табыстарына салық салуға қатысты қолданылуының заңдылығы туралы мәселенi қарау туралы өтiнiшпен жүгiне алады.

   226-бап. Өзара келiсу рәсiмi

  1. Егер резидент уәкiлеттi органға халықаралық шарт ережелерiнiң өз табыстарына салық салуға қатысты қолданылуы туралы мәселенi қарау туралы өтiнiшпен жүгiнген жағдайда, ол:
  1) жұмыстарды орындауға (қызметтер көрсетуге) немесе өзге де мақсаттарға арналған келiсiмшарттардың (шарттардың, келiсiмдердiң);
  2) құрылтайшылар (қатысушылар) және резидент емес – заңды тұлғаның мажоритарлық акционерлерi көрсетiлген құжаттардың (құрылтайшы құжаттардың не сауда тiзiлiмiнен көшiрме үзiндiнiң);
  3) есебiне жазылған және төленген табыстардың және ұсталған салықтардың сомасын растайтын бухгалтерлiк құжаттардың
  4) осы Кодекстiң 225-бабының 3-тармағында көрсетiлген құжаттардың нотариаттық куәландырылған көшiрмелерiн қоса беруге мiндеттi.
  2. Резидент өтiнiштi, егер халықаралық шартта өзге мерзiмдер белгiленбесе, шет мемлекетте халықаралық шарттың ережелерiне сәйкес келмейтiн салық салу туындаған кезден бастап осы Кодекстiң 46-бабында белгiленген талап қою мерзiмi iшiнде табыс етуге тиiс.
  3. Уәкiлеттi орган резиденттен өтiнiш алынған кезден бастап күнтiзбелiк қырық бес күн iшiнде оның өтiнiшiн қарауға және резиденттiң шет мемлекетте халықаралық шарт ережелерiн қолдануы заңды болған жағдайда шет мемлекеттiң құзыреттi органына өзара келiсу рәсiмiн жүргiзу туралы сұрау салумен жүгiнуге мiндеттi.

Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38