304-бап. Салық кезеңi

  Күнтiзбелiк тоқсан экспортқа рента салығын төлеу бойынша салық кезеңi болып табылады.

   305-бап. Төлеу мерзiмдерi

  Салық төлеушi бюджетке салықтың есептелген сомасын салық кезеңiнен кейiнгi екiншi айдың 25-нен кешiктiрмей төлеуге мiндеттi.

   306-бап. Салық декларациясы

  Экспортқа рента салығы жөнiндегi декларация салық төлеушiнiң орналасқан жерi бойынша салық органына салық кезеңiнен кейiнгi екiншi айдың 15-нен кешiктiрiлмей табыс етiледi.

11-БӨЛIМ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУШЫЛАРҒА САЛЫҚ САЛУ

42-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

  307-бап. Осы бөлiмде реттелетiн қатынастар

  1. Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртiппен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттардың шеңберiнде жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргiзген кезде жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодексте белгiленген барлық салықтарды және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлейдi.
  2. Осы бөлiм жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргiзген кезде жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдерi мен салықтарын есептеу және төлеу тәртiбiн белгiлейдi.
  3. Жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдерi мен салықтары:
  1) жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдерiн;
  а) қол қойылатын бонусты;
  б) коммерциялық табу бонусын;
  в) тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемдердi;
  2) пайдалы қазбаларды өндiру салығын;
  3) үстеме пайда салығын қамтиды.
  Осы бөлiмдегi арнайы ұғымдар мен терминдердiң Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында айқындалған маңызы бар.
  4. Кен орындарын (кен орындары тобын, кен орындарының бiр бөлiгiн) рентабельдiгi төмен, қоюлығы жоғары, суланған, шағын дебеттi және игерiлген санатқа жатқызу тәртiбiн, олардың тiзбесi мен салық салу тәртiбiн осы бөлiмде белгiленген салықтар мен арнаулы төлемдер бөлiгiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

НЕ нашли? Не то? Что вы ищете?

    308-бап. Жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды
   жүргiзу жөнiндегi қызметке салық салу

  1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт шеңберiнде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша салық мiндеттемелерiн есептеу, осы баптың 2-тармағында аталған жағдайларды қоспағанда, оларды төлеу жөнiндегi мiндеттемелер туындаған кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
  2. Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе құзыреттi орган мен жер қойнауын пайдаланушы арасында 2009 жылғы 1 қаңтарға дейiн жасалған, мiндеттi салық сараптамасынан өткен өнiмдi бөлу туралы келiсiмде (келiсiмшартта), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшартта айқындалған салық режимi салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер үшiн сақталады, мұндай келiсiмнiң (келiсiмшарттың) ережелерiне сәйкес оларға қатысты салық режимiнiң тұрақтылығы тiкелей көзделген, мұндай келiсiмнiң (келiсiмшарттың) белгiленген бүкiл қолданылу мерзiмi iшiнде тек қана оның тараптарына қатысты, сондай-ақ осы баптың 3-тармағына сәйкес сенiм бiлдiрiлген адамдарға (операторларға) қатысты қолданылады, мұндай келiсiмнiң (келiсiмшарттың) тараптары болып табылмайтын тұлғаларға немесе осы баптың 3-тармағына сәйкес сенiм бiлдiрiлген адамдарға (операторларға) қолданылмайды және тараптардың өзара келiсiмi бойынша өзгертiлуi мүмкiн.
  Төлем көзiнен ұсталуға жататын, жер қойнауын пайдаланушы салық агентi ретiнде әрекет ететiн салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдерге қатысты салық мiндеттемелерiн орындау оларды төлеу жөнiндегi мiндеттемелер туындаған кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүргiзiледi. Жер қойнауын пайдаланушы осы мiндеттеменi орындауды Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе құзыреттi орган мен жер қойнауын пайдаланушы арасында 2009 жылғы 1 қаңтарға дейiн жасалған және мiндеттi салық сараптамасынан өткен өнiмдi бөлу туралы келiсiмде (келiсiмшартта) және Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшартта, төлем көзiнен ұсталатын салық салу тәртiбiн реттейтiн ережелерде болуына қарамастан, осы баптың 1-тармағында белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.
  Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе құзыреттi орган мен жер қойнауын пайдаланушы арасында 2009 жылғы 1 қаңтарға дейiн жасалған және мiндеттi салық сараптамасынан өткен өнiмдi бөлу туралы келiсiмнiң (келiсiмшарттың) салық режимiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттың салық режимiнде көзделген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң жекелеген түрлерiнiң күшi жойылған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы өнiмдi бөлу туралы келiсiмде (келiсiмшартта) және (немесе) жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшартта белгiленген тәртiппен және мөлшерде, олардың қолданылу мерзiмi аяқталғанға немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тиiстi өзгерiстер мен толықтырулар енгiзгенге дейiн оларды бюджетке төлеудi жалғастырады.
  3. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған бiр келiсiмшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы жай серiктестiк (консорциум) құрамындағы бiрнеше жеке және (немесе) заңды тұлғаларға тиесiлi болса, онда жер қойнауын пайдалануға арналған мұндай келiсiмшарт бойынша жүзеге асырылатын қызмет бойынша жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушылар шоғырландырылған салық есебiн жүргiзу үшiн сенiм бiлдiрiлген тұлғаны (операторды) айқындауға мiндеттi.
  Жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт бойынша салық мiндеттемелерiн орындауды осы Кодекстiң 4 және 5-баптарында белгiленген тәртiппен жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушы (қатысушылар) және (немесе) сенiм бiлдiрiлген тұлға (оператор) жүргiзедi.
  Егер Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе құзыреттi орган мен жер қойнауын пайдаланушы арасында 2009 жылғы 1 қаңтарға дейiн жасалған және мiндеттi салық сараптамасынан өткен өнiмдi бөлу туралы келiсiм (келiсiмшарт), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт ережелерiнде сенiм бiлдiрiлген тұлғаны (операторды) айқындау көзделсе және осы келiсiм (келiсiмшарт) бойынша салық салу мiндеттемесiн орындауды сенiм бiлдiрiлген тұлға (оператор) жүзеге асырса, онда осы сенiм бiлдiрiлген тұлға (оператор) осы баптың 2-тармағына сәйкес мұндай келiсiмнiң (келiсiмшарттың) тараптарына қатысты қолданылатын салық режимiне сәйкес аталған келiсiмнiң (келiсiмшарттың) салық мiндеттемесiн орындайды.
  4. Жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт бойынша қызметiн жүзеге асыратын резидент eмec жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстiң баптарына сәйкес қосымша салық салынуға жатады.
  5. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға жасалған әрбiр келiсiмшарт шеңберiнде жүзеге асырылатын қызмет бойынша, сондай-ақ рентабельдiгi төмен, қоюлығы жоғары, суланған, шағын дебеттi және игерiлген кен орындарын (кен орындары тобын, осындай кен орындары тобы бойынша қызметтi жүзеге асырған кезде кен орындарының бiр бөлiгiн, бiр келiсiмшарт шеңберiндегi кен орындарының тобын) әзiрлеу кезiнде, осындай кен орындары (кен орындарының тобы, бiр келiсiмшарт шеңберiндегi осындай кен орындарының тобы бойынша қызметтi жүзеге асырған кезде кен орындарының бiр бөлiгi) бойынша салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi осы Кодексте белгiленгендерден ерекшеленетiн тәртiппен және ставкалар бойынша есептеген жағдайда, салық мiндеттемелерiн eceптeу үшiн осы Кодекстiң 310-бабына сәйкес бөлек салық есебiн жүргiзуге мiндеттi.
  Осы ереже кең таралған пайдалы қазбаларды, жерасты суларын, емдiк балшықты өндiру жөнiндегi келiсiмшарттарға, сондай-ақ барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға қолданылмайды.
  Өндiрiлуi жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттың талаптарында көзделмеген және қорларын осы мақсаттар үшiн Қазақстан Республикасының уәкiлеттi мемлекеттiк органы бекiткен мұнайды, минералды шикiзатты, жерасты суларын, сондай-ақ емдiк балшықты коммерциялық өндiрудi жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы олар бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшартқа Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тиiстi өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлгенге дейiн осы Кодексте белгiленген тәртiппен салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуге мiндеттi.

   309-бап. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларға
   жатпайтын қызметке салық салу

  Жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт шеңберiнде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салық мiндеттемелерiн орындау жер қойнауын пайдаланушыны салық мiндеттемелерi туындаған күнi Қазақстан Республикасының қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт шеңберiнен тыс қызметтi жүзеге асыру бойынша салық мiндеттемелерiн орындаудан босатпайды.

   310-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттар
   бойынша бөлек салықтық есепке алуды жүргiзудiң
   негiзгi принциптерi

  1. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбiр келiсiмшарт бөлiгiнде, сондай-ақ осы Кодекстiң 307-бабының 4-тармағында айқындалған рентабельдiгi төмен, қоюлығы жоғары, сулы, шағын дебеттi және игерiлген кен орындарын (бiр келiсiмшарт шеңберiндегi осындай кен орындарының тобы бойынша қызметтi жүзеге асырған кезде кен орындарының тобын) әзiрлеген кезде келiсiмшарт қызметi бойынша салық мiндеттемелерiн есептеу үшiн салық салу объектiлерiнiң және (немесе) салық салуға байланысты объектiлердiң бөлек салықтық есепке алынуын жүргiзуге мiндеттi.
  2. Осы баптың мақсаттары үшiн мынадай терминдер:
  1) тiкелей табыстар мен шығыстар – жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған нақты келiсiмшартпен немесе келiсiмшарттан тыс қызметпен тiкелей себеп-салдарлық байланысы бар тiркелген активтер бойынша табыстары мен шығыстарын қоса алғанда, есептi салық кезеңiндегi табыстары мен шығыстарын;
  2) жанама табыстар мен шығыстар – жер қойнауын пайдаланушының есептi салық кезеңiндегi табыстары мен шығыстары, оның iшiнде жер қойнауын пайдалануға арналған бiрнеше келiсiмшарттармен тiкелей себеп-салдарлық байланысы бар және жер қойнауын пайдалануға арналған осындай келiсiмшарттар арасында ғана бөлiнуге жататын тiркелген активтер бойынша табыстары мен шығыстарын;
  3) жалпы табыстар мен шығыстар – жер қойнауын пайдаланушының келiсiмшарттық және келiсiмшарттан тыс қызметтi жүзеге асыруымен байланысты және жер қойнауын пайдалануға арналған нақты келiсiмшартпен және (немесе) келiсiмшарттан тыс қызметпен тiкелей себеп-салдарлық байланысты емес және олардың арасында бөлудi талап ететiн жалпы тiркелген активтер бойынша табыстары мен шығыстарын қоса алғанда, есептi салық кезеңiндегi табыстары мен шығыстарын;
  4) жалпы тiркелген активтер – келiсiмшарттық және келiсiмшарттан тыс қызметтi жүзеге асырумен байланысты және пайдалану ерекшелiгiне қарай жер қойнауын пайдалануға арналған нақты келiсiмшартпен және (немесе) келiсiмшарттан тыс қызметпен тiкелей себеп-салдарлық байланысты емес тiркелген активтердi;
  5) жанама тiркелген активтер – пайдаланылу ерекшелiгiне қарай жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшартпен ғана тiкелей себеп-салдарлық байланысы бар тiркелген активтердi;
  6) өндiру мен бастапқы қайта өңдеудiң (байытудың) өндiрiстiк өзiндiк құны – халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттары мен Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын, пайдалы қазбаларды сақтау, тасымалдау, өткiзу шығыстарын, жалпы әкiмшiлiк пен пайдалы қазбаларды жер қойнауынан жер үстiне шығарумен және оларды бастапқы қайта өңдеумен (байытумен) тiкелей байланысты емес басқа да шығындарды қоспағанда, пайдалы қазбаларды жер қойнауынан жер үстiне шығарумен және оларды қайта өңдеумен (байытумен) тiкелей байланысы бар өндiрiс шығындарын бiлдiредi.
  3. Жер қойнауын пайдаланушы салық салу объектiлерiн және (немесе) салық салуға байланысты объектiлердi бөлек салықтық есепке алуды бекiтiлген салықтық есепке алу саясатына сәйкес есепке алу құжаттамасы деректерiнiң негiзiнде және осы бапта белгiленген ережелердi ескере отырып жүргiзедi.
  Жер қойнауын пайдаланушы бөлек салықтық есепке алуды жүргiзу тәртiбiн дербес әзiрлейдi және ол салықтық есепке алу саясатында (есепке алу саясаты бөлiгiнде) бекiтiледi.
  Жер қойнауын пайдаланушы алғашқы бекiтiлген салықтық есепке алу саясатының (есепке алу саясаты бөлiгiнiң) көшiрмесiн корпорациялық табыс салығы жөнiндегi декларацияны табыс ету үшiн осы Кодексте белгiленген мерзiмде өзiнiң орналасқан жерi бойынша салық органына табыс етедi.
  Жер қойнауын пайдаланушы салықтық есепке алу саясатына (есепке алу саясатының бөлiгiне) енгiзiлген өзгерiстер мен толықтыруларды немесе салықтық есепке алу саясатының (есепке алу саясаты бөлiгiнiң) жаңа нұсқасы бекiтiлгеннен кейiнгi он жұмыс күнi iшiнде өзiнiң орналасқан жерi бойынша салық органына табыс етедi.
  4. Келiсiмшарт қызметi бойынша бөлек салықтық есепке алу мынадай салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер:
  1) корпорациялық табыс салығы;
  2) қол қойылатын бонус;
  3) коммерциялық табу бонусы;
  4) пайдалы қазбаларды өндiру салығы;
  5) үстеме пайда салығы;
  6) осы Кодекстiң 308-бабының 2-тармағында айқындалған жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттардың салық режимдерi негiзiнде осы Кодексте белгiленген тәртiптен өзгеше есептелетiн өзге де салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша жүргiзiледi.
  5. Салық мiндеттемесiн есептеу үшiн бөлек салықтық есепке алуды жүргiзу кезiнде жер қойнауын пайдаланушы:
  1) осы баптың 4-тармағында көрсетiлген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер үшiн келiсiмшарттан тыс қызметтен бөлек жер қойнауын пайдалануға арналған әрбiр келiсiмшарт бойынша салық салу объектiлерiн және (немесе) салық салуға байланысты объектiлердi салықтық есепке алуда көрсетудi;
  2) осы баптың 4-тармағында көрсетiлген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушының тұтастай бүкiл қызметi бойынша корпорациялық табыс салығын есептеудi;
  3) корпорациялық табыс салығы бойынша салық есептiлiгiн қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған әрбiр келiсiмшарт бойынша осы баптың 4-тармағында көрсетiлген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша салық есептiлiгiн табыс етудi;
  4) жер қойнауын пайдаланушының тұтастай қызметi бойынша корпорациялық табыс салығы жөнiндегi бiрыңғай декларацияны және жер қойнауын пайдалануға арналған әрбiр келiсiмшарт бойынша оған тиiстi қосымшаларды табыс етудi;
  5) жер қойнауын пайдаланушының тұтастай бүкiл қызметi бойынша осы баптың 4-тармағында көрсетiлмеген салық және бюджетке төленетiн басқа да төлемдер бойынша салық есептiлiгiн табыс етудi қамтамасыз етуге мiндеттi.
  6. Жер қойнауын пайдаланушының тұтастай қызметi бойынша корпорациялық табыс салығын есептеген кезде жер қойнауын пайдалануға арналған қандай да бiр нақты келiсiмшарт бойынша шеккен залалдары есептелмейдi, жер қойнауын пайдаланушының оларды осы Кодекстiң 137-бабының ережелерiн ескере отырып, кейiнгi салық кезеңдерiнде жер қойнауын пайдалануға арналған осындай келiсiмшарт бойынша қызметтен алған табыстарының есебiнен өтеуге құқығы бар.
  7. Салық салу объектiлерiн және (немесе) салық салуға байланысты объектiлердi бөлек салықтық есепке алуды жүргiзу мақсатында жер қойнауын пайдаланушының барлық табыстары мен шығыстары тiкелей, жанама және жалпы болып бөлiнедi.
  Жер қойнауын пайдаланушы табыстар мен шығыстарды тiкелей, жанама және жалпы деп сыныптауды қызмет ерекшелiгiнiң негiзiнде дербес жүзеге асырады.
  Тiкелей табыстар мен шығыстар тiкелей себеп-салдарлық байланысы бар келiсiмшарт қызметiне немесе келiсiмшарттан тыс қызметке ғана толық көлемде жатқызылуға тиiс.
  Жалпы табыстар мен шығыстар келiсiмшарт қызметi мен келiсiмшарттан тыс қызмет арасында бөлiнуге жатады және тiкелей себеп-салдарлық байланысы бар сол келiсiмшарттың және тиiстi үлесiмен келiсiмшарттан тыс қызметтiң табыстары мен шығыстарына жатады.
  Жанама табыстар мен шығыстар жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттар арасында ғана бөлiнуге жатады және тиiстi үлесiмен себеп-салдарлық байланысы бар сол келiсiмшарттың табыстары мен шығыстарына жатады.
  Жалпы және жанама табыстар мен шығыстарды бөлу осы баптың 9-тармағында белгiленген әдiстерге сәйкес және осы баптың 8-тармағының ережелерi ескерiле отырып жүзеге асырылады.
  8. Жалпы және жанама тiркелген активтер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт (келiсiмшарттар) мен келiсiмшарттан тыс қызмет арасында жер қойнауын пайдаланушының осы тiркелген активтер бойынша шеккен шығыстары, оның iшiнде амортизация, бойынша шығыстары және бұдан кейiнгi шығыстары бөлiнуге жатады. Сыйақылар жөнiндегi жалпы және жанама шығыстар бойынша осы кодекстiң 103-бабына сәйкес айқындалған осындай сыйақылар жөнiндегi шегерiмнiң жалпы сомасы бөлiнуге жатады.
  Бағамдық айырмашылық бойынша салықтық кезеңде алынған жиынтық (сальдоланған) нәтиже оң бағамдық айырма сомасының терiс бағамдық айырма сомасынан асып кетуi немесе терiс бағамдық айырма сомасының оң бағамдық айырма сомасынан асып кетуi түрiнде бөлiнуге жатады.
  Жалпы және жанама салық салу объектiлерi және (немесе) салық салуға байланысты объектiлер бойынша шегерiмге жатқызылуға тиiс салықтар сол салық салу объектiлерi және (немесе) салық салуға байланысты объектiлердiң өздерi тиiсiнше бөлiнбей, осы баптың 9-тармағында белгiленген әдiстерге сәйкес бөлiнедi.
  9. Жер қойнауын пайдаланушы әрбiр келiсiмшарт қызметi үшiн жалпы және жанама табыстар мен шығыстарды бөлудi қызмет ерекшелiгiн немесе жер қойнауын пайдаланушының салықтық есепке алу саясатында қабылдаған бөлек салықтық есепке алуды жүргiзудiң бiр немесе бiрнеше әдiстерiнiң негiзiнде жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар жүргiзудi; оның iшiнде:
  1) жер қойнауын пайдаланушы салық кезеңiнде алған табыстарының жалпы сомасындағы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбiр нақты келiсiмшартқа және келiсiмшарттан тыс қызметке келетiн тiкелей табыстардың үлес салмағы бойынша;
  2) салық төлеушiнiң жер қойнауын пайдалануға арналған барлық келiсiмшарттары бойынша пайдалы қазбаларды өндiрудiң жалпы көлемiндегi жер қойнауын пайдалануға арналған әрбiр нақты келiсiмшарт бойынша пайдалы қазбаларды өндiру көлемiнiң үлес салмағы бойынша;
  3) жер қойнауын пайдаланушы салық кезеңiнде шығарған шығыстардың жалпы сомасындағы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбiр нақты келiсiмшартқа және келiсiмшарттан тыс қызметке келетiн тiкелей шығыстардың үлес салмағы бойынша;
  4) мына баптардың бiрi бойынша – жер қойнауын пайдаланушы салық кезеңiнде осы бап бойынша шығарған шығыстардың жалпы сомасындағы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбiр нақты келiсiмшартқа және келiсiмшарттан тыс қызметке келетiн тiкелей өндiрiстiк шығыстар, еңбекақы төлеу қоры немесе тiркелген активтердiң құны бойынша шеккен шығыстардың үлес салмағы бойынша;
  5) жер қойнауын пайдаланушы қызметкерлердiң жалпы орташа тiзiмдiк санына келiсiмшарт қызметiне қатысатын қызметкерлердiң орташа тiзiмдiк санының үлес салмағы бойынша;
  6) өзге де әдiстердi ескере отырып, дербес жүргiзедi.
  Жалпы және жанама табыстар мен шығыстардың әр түрiне қатысты оларды бөлудiң осы тармақта белгiленген әртүрлi әдiстерi қолданылуы мүмкiн.
  Жалпы және (немесе) жанама табыстар мен шығыстарды неғұрлым дәл бөлу жоғарыда аталған әдiстердiң бiрiн қолдану нәтижесiнде алынған үлес салмақтың маңызы үшiн жер қойнауын пайдаланушы үлесiнiң жүзден бiрге дейiнгi процентiмен (0,01 %) айқындайды.
  10. Жер қойнауын пайдаланушы келiсiмшарт қызметi бойынша корпорациялық табыс салығын есептеу мақсатында өндiрген мұнайды және (немесе) бастапқы қайта өңдеуден (байытудан) өткен минералды шикiзатты кейiннен қайта өңдеу үшiн басқа заңды тұлғаға (меншiк құқығын ауыстырмай) және (немесе) бiр заңды тұлға шеңберiндегi құрылымдық немесе өзге де технологиялық бөлiмшеге берген немесе өзiнiң өндiрiстiк мұқтаждарына пайдаланған жағдайда, осындай операция бойынша табысты өндiру мен бастапқы қайта өңдеудiң (байытудың) халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын және 20 процентке ұлғайтылған өндiрiстiк өзiндiк құны бойынша айқындайды.
  Минералды шикiзатты бастапқы қайта өңдеуден (байытудан) кейiн өткiзген жағдайда, осындай операциялар бойынша жиынтық жылдық табысқа Қазақстан Республикасы трансферттiк баға белгiлеу туралы заңнамасын сақтай отырып, бастапқы қайта өңдеу (байыту) нәтижесiнде алынған тауар өнiмiн өткiзу бағасы негiзiнде, бiрақ құнынан төмен емес негiзде айқындалған табыс қосылады.
  Осы бөлiмнiң мақсатына орай шахта, кен, карьер, ұсату зауыты (қондырғы), байыту фабрикасы, өндiрiстiк немесе металлургиялық цехы заңды тұлғаның өзге де технологиялық бөлiмшесi деп танылады.
  11. Пайдалы қазбаларды өндiру салығы бойынша салық мiндеттемелерiн қоспағанда, салық мiндеттемелерiн есептеу үшiн бөлек салықтық есепке алуды жүргiзу туралы осы баптың ережелерi жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттардың мынадай түрлерi:
  1) кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға және (немесе) өндiруге;
  2) жерасты суларын барлауға және (немесе) өндiруге;
  3) емдiк балшықты барлауға және (немесе) өндiруге;
  4) барлауға және (немесе) өндiруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған келiсiмшарттар бойынша туындаған салық мiндеттемелерiне қолданылмайды.
  12. Мұнай немесе тау-кен операцияларын жүргiзуге арналған келiсiмшарттар бойынша қызметтiң бiр бөлiгi болып табылатын осы баптың 11-тармағында аталған жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттар бойынша операциялар және (немесе) қызметтiң нәтижелерi жер қойнауын пайдаланушының бөлек салықтық есепке алуын жүргiзу тәртiбiнiң ерекшелiктерi ескерiле отырып, жер қойнауын пайдалануға арналған тиiстi мұнай немесе тау-кен келiсiмшарттары бойынша салықтық есепке алуда көрсетiлуге тиiс.

43-тарау. БОНУСТАР

  311-бап. Жалпы ережелер

  1. Жер қойнауын пайдаланушының тiркелген төлемдерi бонустар болып табылады.
  2. Жер қойнауын пайдалануға арналып жасалған келiсiмшарттың түрiне және талаптарына қарай жер қойнауын пайдаланушы үшiн бонустың мынадай түрлерi белгiленуi мүмкiн:
  1) қол қойылатын бонус;
  2) коммерциялық табу бонусы.

§ 1. Қол қойылатын бонус

  312-бап. Жалпы ережелер

  Жер қойнауын пайдаланушының келiсiмшарт аумағында жер қойнауын пайдалану құқығын сатып алу үшiн алған бiржолғы тiркелген төлемi қол қойылатын бонус болып табылады.

   313-бап. Төлеушiлер

  Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшартты жасасқан жеке және заңды тұлғалар қол қойылатын бонус төлеушiлер болып табылады.

   314-бап. Қол қойылатын бонустың мөлшерiн белгiлеу тәртiбi

  Қол қойылатын бонустың бастапқы мөлшерi жер қойнауын пайдалануға жасалатын әрбiр келiсiмшарт үшiн мынадай мөлшерде жеке белгiленедi:
  1) пайдалы қазбалардың бекiтiлген қорлары жоқ аумақта геологиялық барлау жүргiзуге арналған келiсiмшарттар үшiн:
  мұнай келiсiмшарттары үшiн - тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 2800 еселенген мөлшерi;
  техногендiк минералды құралымдарды әзiрлеуге арналған келiсiмшарттарды қоспағанда, минералды шикiзат өндiруге арналған келiсiмшарттар үшiн - тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 280 еселенген мөлшерi;
  кең таралған пайдалы қазбалар, жерасты сулары мен емдiк балшықтар жөнiндегi келiсiмшарттар үшiн - тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 40 еселенген мөлшерi;
  2) өндiруге арналған келiсiмшарттар үшiн:
  мұнай келiсiмшарттары үшiн:
  егер қорлар бекiтiлмеген болса, – тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 3000 еселенген мөлшерi;
  егер қорлар бекiтiлген болса, – (Қ х 0,04%) + (Қа х 0,01%) формуласы бойынша, бiрақ тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 3000 еселенген мөлшерiнен кем емес, мұнда:
  Қ – А, В, Қ1 өнеркәсiптiк санаттары бойынша Қазақстан Республикасының Пайдалы қазбалар қорлары жөнiндегi мемлекеттiк комиссиясы бекiткен шикi мұнайдың, газ конденсатының немесе табиғи газдың жиынтық қорларының құны;
  Қа – әлеуеттi коммерциялық объектiнiң және Қ3 санатындағы болжамдық ресурстардың қорларын жедел есептеу үшiн Қазақстан Республикасының Пайдалы қазбалар қорлары жөнiндегi мемлекеттiк комиссияның қорытындысында бекiтiлген және (немесе) назарға алынған Қ2 санатындағы алдын ала бағаланған қорларының жиынтық құны;
  техногендiк минералды құралымдарды әзiрлеуге арналған келiсiмшарттарды қоспағанда, минералды шикiзат өндiруге арналған келiсiмшарттар үшiн:
  егер қорлар бекiтiлмеген болса, – тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 500 еселенген мөлшерi;
  егер қорлар бекiтiлген болса, – (Қ х 0,01%) + (Қа х 0,005%) формуласы бойынша, бiрақ тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 500 еселенген мөлшерiнен кем емес, мұнда:
  Қ – А, В, Қ1 өнеркәсiптiк санаттары бойынша Қазақстан Республикасының Пайдалы қазбалар қорлары жөнiндегi мемлекеттiк комиссиясы бекiткен минералды шикiзаттың жиынтық қорының құны;
  Қа – әлеуеттi коммерциялық объектiнiң және болжамдық ресурстардың қорларын жедел есептеу үшiн Қазақстан Республикасының Пайдалы қазбалар қорлары жөнiндегi мемлекеттiк комиссиясының қорытындысында бекiтiлген және (немесе) назарға алынған Қ2 санатындағы минералды шикiзаттың алдын ала бағаланған қорларының жиынтық құны;
  кең таралған пайдалы қазбаларға, жерасты сулары мен емдiк балшықтарға арналған келiсiмшарттар үшiн – (Қ1 х 0,01% ) формуласы бойынша, бiрақ тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 120 еселенген мөлшерiнен кем емес;
  3) техногендiк минералды құралымдарды қайта өңдеу келiсiмшарттары үшiн - Қ1 х 0,01% формуласы бойынша, бiрақ тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 300 еселенген мөлшерiнен кем емес.
  4) сарқынды суларды ағызу үшiн жер қойнауын барлауға, сондай-ақ барлауға және (немесе) өндiруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған келiсiмшарттар үшiн - тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 400 еселенген мөлшерi.
  2. Пайдалы қазбалар қорларының құны Халықаралық мұнай биржасында немесе Лондонның металл биржасында осы пайдалы қазбаларға белгiленген және осы Кодекстiң 334 және 338-баптарында белгiленген тәртiппен жер қойнауын пайдалану құқығын алуға конкурс жарияланған күнi "The McGraw-Hill Companies Inс" компаниясының "Platt's Crude Oil Marketwire" анықтамалығында, "Metal Bulletin Journals Limited" баспасының "Metal Bulletin" журналында, "Metal-pages Limited" баспасының "Metal-pages" журналында жарияланған биржалық баға бойынша айқындалады.
  Пайдалы қазбаларға биржалық баға белгiленбеген жағдайда, алынатын және болжанатын қорлардың құны келiсiмшарт қолданысының барлық кезеңiнде жұмыс бағдарламасында көрсетiлген өндiруге жұмсалған жалпы шығындардың 1,2 коэффициентке ұлғайтылған сомасынан айқындалады.
  3. Жер қойнауын пайдалану құқығын алуға конкурс өткiзiлгенге дейiнгi қол қойылатын бонустың бастапқы мөлшерi құзыреттi органның конкурстық комиссиясының шешiмi бойынша ұлғайтылуы мүмкiн.
  4. Қол қойылатын бонустың бастапқыдан төмен емес сомадағы түпкiлiктi мөлшерiн жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналып өткiзiлген конкурстың нәтижелерi бойынша конкурстық комиссияның шешiмi немесе жер қойнауын пайдаланушымен тiкелей келiссөздер жүргiзу нәтижелерi бойынша құзыреттi орган белгiлейдi және ол жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшартқа енгiзiледi.

Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38