138-бап. Қайта ұйымдастыру кезiнде залалдарды ауыстыру

  Бөлiну немесе бөлiнiп шығу жолымен қайта ұйымдастыруға байланысты берiлетiн залалдар қайта ұйымдастырылатын салық төлеушiде құқық мирасқорларының қатысу үлесi бойынша бөлiнедi және осы Кодекстiң 137-бабында айқындалған тәртiппен ауыстырылады.

14-тарау. КОРПОРАТИВТIК ТАБЫС САЛЫҒЫН ЕСЕПТЕУ ТӘРТIБI
ЖӘНЕ ОНЫ ТӨЛЕУ МЕРЗIМДЕРI

   139-бап. Корпоративтiк табыс салығы сомасын есептеу

  1. Таза табысқа салынатын корпоративтiк табыс салығын және төлем көзiнен ұсталатын корпоративтiк табыс салығын қоспағанда, корпоративтiк табыс салығы салық кезеңi үшiн мынадай тәртiппен есептеледi:
  осы Кодекстiң 147-бабының 1-тармағында немесе 2-тармағында белгiленген ставканың және осы Кодекстiң 133-бабында көзделген табыстар мен шығыстар сомасына, сондай-ақ осы Кодекстiң 137-бабына сәйкес ауыстырылатын залалдар сомасына азайтылған салық салынатын табыстың көбейтiндiсi
  алу
  корпоративтiк табыс салығының осы баптың 2-тармағына және осы Кодекстiң 223-бабына сәйкес есебiне жатқызу жүзеге асырылатын сомасы.
  2. Бюджетке төлеуге жататын корпоративтiк табыс салығының сомасы бұл салықты төлем көзiнен ұсталғанын растайтын құжаттар болған кезде төлем көзiнен ұтыс, сыйақы түрiндегi табыстан ұсталған корпоративтiк табыс салығының сомасына азайтылады.
  Осы тармақтың ережелерi төлем көзiнен депозиттер бойынша сыйақы түрiндегi табыстан ұсталған корпоративтiк табыс салығы бойынша, қызметiн әлеуметтiк салада жүзеге асыратын ұйымға, коммерциялық емес ұйымдарға қолданылмайды.
  3. Егер төлем көзiнен сыйақы түрiндегi табыстан ұсталған корпоративтiк табыс салығының сомасы бюджетке төлеуге жататын корпоративтiк табыс салығының сомасынан артық болса, табыс көзiнен ұсталған корпоративтiк табыс салығының сомасы мен бюджетке төлеуге жататын корпоративтiк табыс салығының сомасы арасындағы айырма кейiнгi он салық кезеңiн қоса алғандағы кезеңге ауыстырылады және осы салық кезеңдерiнiң бюджетiне төлеуге жататын корпоративтiк табыс салығының сомасы бiрте-бiрте азайтылады.

НЕ нашли? Не то? Что вы ищете?

   140-бап. Салық төлеушiлердiң жекелеген санаттарының
   корпоративтiк табыс салығын есептеу және төлеу
   ерекшелiктерi

  Ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрушi заңды тұлғалар және селолық тұтынушылар кооперативтерi үшiн арнаулы салық режимiн қолданатын салық төлеушi корпоративтiк табыс салығын есептеудi осы
Кодекстiң 451-бабында белгiленген ерекшелiктердi ескере отырып жүргiзедi.

   141-бап. Аванстық төлемдер сомасын есептеу

  1. Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше белгiленбесе, салық төлеушiлер корпоративтiк табыс салығы бойынша аванстық төлемдердi осы Кодексте белгiленген тәртiппен ағымдағы салық кезеңi iшiнде есептейдi және төлейдi.
  2. Мыналар:
  1) егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, түзетулер ескерiле отырып, алдыңғы салық кезеңiнiң алдындағы салық кезеңiндегi жылдық жиынтық табысы тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 325000 еселенген мөлшерiне тең сомадан аспайтын салық төлеушiлер;
  2) жаңадан құрылған салық төлеушiлер - әдiлет органында мемлекеттiк (есептiк) тiркеу жүзеге асырылған салық кезеңi iшiнде, сондай-ақ кейiнгi салық кезеңi iшiнде;
  3) салық төлеушiлер ретiнде салық органдарында жаңадан тiркелген Қазақстан Республикасында қызметiн филиал, өкiлдiк құрмай, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар - салық органдарында тiркеу жүзеге асырылған салық кезеңi iшiнде, сондай-ақ кейiнгi салық кезеңi iшiнде корпоративтiк табыс салығы бойынша аванстық төлемдердi есептемеуге және төлемеуге құқылы.
  3. Аванстық төлемдер сомасы ағымдағы салық кезеңi iшiнде тең үлестермен төленедi.
  4. Алдыңғы салық кезеңi үшiн корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияны табыс еткенге дейiнгi кезең iшiнде төлеуге жататын корпоративтiк табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасының есеп-қисабы есептi салық кезеңiнiң бiрiншi тоқсаны үшiн есептi салық кезеңiнiң 20 қаңтарынан кешiктiрiлмей, салық төлеушi орналасқан жердегi салық органына табыс етiледi.
  Алдыңғы салық кезеңi үшiн корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияны табыс еткенге дейiнгi кезең iшiнде төлеуге жататын корпоративтiк табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасы өткен салық кезеңi үшiн аванстық төлемдер сомаларының есеп-қисабында есептелген аванстық төлемдердiң жалпы сомасының төрттен бiрi мөлшерiнде есептеледi.
  5. Алдыңғы салық кезеңi үшiн корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияны табыс еткеннен кейiнгi кезең iшiнде төлеуге жататын корпоративтiк табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасының есеп-қисабын есептi салық кезеңiнiң екiншi, үшiншi, төртiншi тоқсандары үшiн салық төлеушi оны табыс еткен күннен бастап күнтiзбелiк жиырма күн iшiнде табыс етедi.
  6. Алдыңғы салық кезеңi үшiн корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияны табыс еткеннен кейiнгi кезең үшiн төлеуге жататын корпоративтiк табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасы осы Кодекстiң 139-бабының 1-тармағына және 199-бабына сәйкес өткен салық кезеңi үшiн есептелген корпоративтiк табыс салығы сомасының төрттен үшi мөлшерiнде есептеледi.
  7. Алдыңғы салық кезеңiнiң қорытындылары бойынша залал шеккен немесе салық салынатын табысы жоқ салық төлеушiлер алдыңғы салық кезеңi үшiн корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияны табыс еткен күннен бастап күнтiзбелiк жиырма күн iшiнде салық органына ағымдағы салық кезеңiндегi корпоративтiк табыс салығының болжамды сомасын негiзге ала отырып, аванстық төлемдер сомасының есеп-қисабын табыс етуге мiндеттi.
  8. Салық төлеушiлер есептi салық кезеңi iшiнде алдыңғы салық кезеңi үшiн корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияны табыс еткеннен кейiнгi кезең үшiн, есептi салық кезеңiндегi табыстың болжамды сомасын негiзге ала отырып, есептi салық кезеңiнiң алдағы айлары үшiн төлеуге жататын корпоративтiк табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасының қосымша есеп-қисабын табыс етуге құқылы.
  Корпоративтiк табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасының қосымша есеп-қисаптарында көрсетiлген түзетулер ескерiле отырып, алдыңғы салық кезеңi үшiн корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияны табыс еткеннен кейiнгi кезең үшiн төлеуге жататын корпоративтiк табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасының терiс мәнi болмауы керек.
  Алдыңғы салық кезеңi үшiн корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияны табыс еткеннен кейiнгi кезең үшiн төлеуге жататын корпоративтiк табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасының қосымша есеп-қисабы салық кезеңiнiң 20 желтоқсанынан кешiктiрiлмей табыс етiлуi мүмкiн.
  9. Алдыңғы салық кезеңi үшiн корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету мерзiмi ұзартылған кезде салық төлеушi аталған декларацияны табыс ету мерзiмi ұзартылған кезең үшiн аванстық төлем сомасын өткен салық кезеңi үшiн корпоративтiк табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомалары есеп-қисабында есептелген аванстық төлемдердiң жалпы сомасынан айқындалған орташа айлық аванстық төлем мөлшерiнде төлейдi.
  10. Осы баптың ережелерi осы Кодекстiң 134-бабы 1-тармағының талаптарына сай келетiн салық төлеушiлерге, сондай-ақ осы Кодекстiң 135-бабының 2 және 3-тармақтарында белгiленген талаптарға сай келетiн салық төлеушiлерге қолданылмайды.

   142-бап. Корпоративтiк табыс салығын төлеу мерзiмдерi
   мен тәртiбi

  1. Салық төлеушiлер корпоративтiк табыс салығын төлеудi орналасқан жерi бойынша жүзеге асырады.
  Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар корпоративтiк табыс салығын төлеудi тұрақты мекеменiң орналасқан жерi бойынша жүргiзедi.
  2. Осы Кодекстiң 141-бабының 1-тармағында көрсетiлген салық төлеушiлер корпоративтiк табыс салығы бойынша аванстық төлемдердi бюджетке осы Кодекстiң 148-бабында белгiленген салық кезеңi iшiнде, осы Кодекстiң 141-бабына сәйкес айқындалған мөлшерде ағымдағы айдың 25-iнен кешiктiрмей, ай сайын енгiзуге мiндеттi.
  3. Салық кезеңi iшiнде бюджетке енгiзiлген аванстық төлемдер сомасы есептi салық кезеңi үшiн корпоративтiк табыс салығы жөнiндегi декларация бойынша есептелген корпоративтiк табыс салығын төлеу есебiне есепке жатқызылады.
  Салық төлеушi салық кезеңiнiң қорытындысы бойынша корпоративтiк табыс салығы бойынша төлемдi декларация табыс ету үшiн белгiленген мерзiмнен кейiн күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмей жүзеге асырады.

15-тарау. ТӨЛЕМ КӨЗIНЕН ҰСТАЛАТЫН КОРПОРАТИВТIК ТАБЫС САЛЫҒЫ

   143-бап. Төлем көзiнен ұсталатын табыстар

  1. Төлем көзiнен ұсталатын табыстарға, егер осы баптың 2-тармағында өзгеше көзделмесе, мыналар:
  1) ұтыстар;
  2) резидент еместердiң осы Кодекстiң 192-бабына сәйкес айқындалатын, мұндай резиденттердiң тұрақты мекемесiмен байланысты емес Қазақстан Республикасындағы көздерден алған табыстары;
  3) заңды тұлғаларға төленетiн сыйақы жатады.
  2. Мыналар:
  1) мемлекеттiк бағалы қағаздар мен агенттiк облигациялар бойынша сыйақы;
  2) орналастырылған зейнетақы активтерi бойынша жинақтаушы зейнетақы қорларына, өмiрдi сақтандыру саласында қызметiн жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдарына, пайлық және акционерлiк инвестициялық қорларға қорларға және орналастырылған активтер бойынша Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына төленетiн инвестициялық табыстар;
  3) сыйақы есептелген күнi Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн қор биржасының ресми тiзiмiнде болатын борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақы;
  4) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның лицензиясы негiзiнде банктiк қарыз операцияларын жүзеге асыратын ұйымдарға төленетiн кредиттер (қарыздар) бойынша сыйақы;
  5) кредиттiк серiктестiктерге төленетiн кредиттер (қарыздар) бойынша сыйақы;
  6) Қазақстан Республикасының секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнаулы қаржы компанияларына төленетiн кредиттер (қарыздар) бойынша сыйақы;
  7) резидент банкке төленетiн кредит (қарыз), депозит бойынша сыйақы;
  8) резидент лизинг берушiге төленетiн қаржы лизингi бойынша сыйақы;
  9) кәсiби қызметiн бағалы қағаздар нарығында жүзеге асыратын ұйымдарға төленетiн, репо операциялары және борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақы;
  10) микрокредиттiк ұйымдарға төленетiн микрокредиттер бойынша сыйақы төлем көзiнен салық салуға жатпайды.

   144-бап. Төлем көзiнен ұсталатын корпоративтiк табыс
   салығын есептеу тәртiбi

  1. Төлем көзiнен ұсталатын корпоративтiк табыс салығының сомасын салық агентi төлем көзiнен салық салынатын төленетiн табыс сомасына осы Кодекстiң 147-бабының 3-тармағында немесе 4-тармағында белгiленген ставканы қолдану жолымен айқындайды. V085423
  2. Салық агентi осы Кодекстiң 143-бабында көрсетiлген табыстарды төлеу кезiнде төлем көзiнен ұсталатын салықты табысты төлеу нысаны мен орнына қарамастан, ұстап қалуға мiндеттi.

   145-бап. Төлем көзiнен ұсталатын корпоративтiк табыс
   салығын аудару тәртiбi

  1. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, салық агенттерi төлем жүзеге асырылған ай аяқталғаннан кейiн күнтiзбелiк жиырма бес күннен кешiктiрмей, төлем көзiнен ұсталған корпоративтiк табыс салығының сомасын аударуға мiндеттi.
  2. Төлем көзiнен ұсталған корпоративтiк табыс салығының сомасын аудару салық агентi орналасқан жер бойынша жүзеге асырылады.
  Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға төлем көзiнен ұсталған корпоративтiк табыс салығының сомасын бюджетке аударуды тұрақты мекеме орналасқан жер бойынша жүргiзедi.

   146-бап. Төлем көзiнен ұсталған корпоративтiк табыс
   салығы жөнiндегi есеп-қисап

  Салық агенттерi төлем көзiнен ұсталған корпоративтiк табыс салығының сомасы бойынша есеп-қисапты төлем жүргiзiлген тоқсаннан кейiнгi екiншi айдың 15-iнен кешiктiрмей табыс етуге мiндеттi. 

16-тарау. САЛЫҚ СТАВКАЛАРЫ, САЛЫҚ КЕЗЕҢI ЖӘНЕ
САЛЫҚ ДЕКЛАРАЦИЯСЫ

   147-бап. Салық ставкалары

  1. Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше көзделмесе, салық төлеушiнiң осы Кодекстiң 133-бабында көзделген табыстар мен шығыстар сомасына және осы Кодекстiң 137-бабында белгiленген тәртiппен ауыстырылатын залалдары сомасына азайтылған салық салынатын табысы 15 проценттiк ставка бойынша салық салуға жатады.
  2. Негiзгi өндiрiс құралы жер болып табылатын салық төлеушiнiң осы Кодекстiң 133-бабында көзделген табыстар мен шығыстар сомасына және осы Кодекстiң 137-бабында белгiленген тәртiппен ауыстырылатын залалдары сомасына азайтылған салық салынатын табысы 10 проценттiк ставка бойынша салық салуға жатады.
  3. Резидент еместердiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын табыстарын қоспағанда, төлем көзiнен салық салынатын табыстар төлем көзiнен 10 проценттiк ставка бойынша салық салуға жатады.
  4. Резидент еместердiң осы Кодекстiң 192-бабына сәйкес айқындалатын Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын, осындай резидент еместердiң тұрақты мекемесiмен байланысты емес табыстарына осы Кодекстiң 194-бабында белгiленген ставкалар бойынша салық салынады.
  5. Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның таза табысы корпоративтiк табыс салығына қоса осы Кодекстiң 199-бабында белгiленген тәртiппен 15 проценттiк ставка бойынша салық салуға жатады.

   148-бап. Салық кезеңi

  1. Корпоративтiк табыс салығы үшiн 1 қаңтар - 31 желтоқсан аралығындағы күнтiзбелiк жыл салық кезеңi болып табылады.
  2. Егер ұйым күнтiзбелiк жыл басталғаннан кейiн құрылса, оның құрылған күнiнен бастап күнтiзбелiк жылдың аяғына дейiнгi уақыт кезеңi ол үшiн бiрiншi салық кезеңi болып табылады.
  Бұл ретте ұйымның әдiлет органында мемлекеттiк тiркеуден өткен күнi оның құрылған күнi болып есептеледi.
  3. Егер ұйым күнтiзбелiк жылдың аяғына дейiн таратылса, қайта ұйымдастырылса, жыл басталғаннан бастап тарату, қайта ұйымдастыру аяқталған күнге дейiнгi уақыт кезеңi ол үшiн соңғы салық кезеңi болып табылады.
  4. Егер күнтiзбелiк жыл басталғаннан кейiн құрылған ұйым осы жылдың аяғына дейiн таратылса, қайта ұйымдастырылса, құрылған күнiнен бастап тарату, қайта ұйымдастыру аяқталған күнге дейiнгi уақыт кезеңi ол үшiн салық кезеңi болып табылады.

   149-бап. Салық декларациясы

  1. Қазақстан Республикасындағы көздерден тек қана төлем көзiнен салық салуға жататын табыстар алатын және Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырмайтын резидент еместi қоспағанда, корпоративтiк табыс салығын төлеушi, егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияны орналасқан жерiндегi салық органына есептiк салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.
  2. Корпоративтiк табыс салығын төлеушi корпоративтiк табыс салығы бойынша декларациямен бiр мезгiлде өзi орналасқан жердегi салық органына қаржылық есептiлiктiң халықаралық стандарттарына және бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жасалған жылдық қаржылық есептiлiктi табыс етедi.
  Бұл ретте бұрын ұсынылған жылдық қаржылық есептiлiк түзетiлген жағдайда, корпоративтiк табыс салығын төлеушi осындай түзету жасалған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде өзi орналасқан жердегi салық органына түзетiлген жылдық қаржылық есептiлiктi табыс етедi.
  3. Корпоративтiк табыс салығы бойынша декларация салық салу объектiлерi және (немесе) салық салумен байланысты объектiлер туралы ақпаратты ашып көрсету жөнiндегi декларациядан және оған қосымшалардан тұрады.
  4. Оңайлатылған декларацияның негiзiнде шағын бизнес субъектiлерi үшiн арнаулы салық режимiн қолданатын салық төлеушi осы Кодекстiң 427-бабына сәйкес салық салынатын табыстар бойынша корпоративтiк табыс салығы жөнiндегi декларацияны табыс етпейдi.

5-БӨЛIМ. АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАРДЫҢ АУМАҚТАРЫНДА
ҚЫЗМЕТIН ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН ҰЙЫМДАРҒА САЛЫҚ САЛУ

17-тарау. АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАРДЫҢ АУМАҚТАРЫНДА
ҚЫЗМЕТIН ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН ҰЙЫМДАРҒА САЛЫҚ САЛУ

   150-бап. Жалпы ережелер

  1. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, қызметiн арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жүзеге асыратын ұйымдар деп бiр мезгiлде мынадай талаптарға сай келетiн заңды тұлғалар танылады:
  1) арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарындағы салық органдарында тiркеу есебiнде тұрған;
  2) арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарынан тысқары жерлерде құрылымдық бөлiмшелерi жоқ
  3) арнайы экономикалық аймақ құру мақсатына сай келетiн мынадай қызмет түрлерiнiң:
  бағдарламалық қамтамасыз етiлiмдi, дерекқорларды және аппараттық құралдарды жобалаудың, әзiрлеудiң, енгiзудiң, тәжiрибелiк өндiрудiң және өндiрудiң
  жасанды иммундық және нейрондық жүйелер негiзiнде жаңа ақпараттық технологияларды жасаудың
  ақпараттық технологиялар саласында жобаларды жасау мен енгiзу бойынша ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды жүргiзудiң
  мәтiндердi өңдеуге арналған машиналарды, көшiру-көбейту жабдықтарын, жөнелту машиналарын, калькуляторларды, кассалық аппараттарды, таңбалау машиналарын, билет-кассалық машиналарды жасаудың, басқа да кеңсе машиналары мен жабдықтарын, электрондық есептеу машиналарын және ақпаратты өңдеуге арналған өзге де жабдықтарды жасаудың
  электр - және радиоэлементтердi, таратушы аппаратураны, дыбыс пен бейненi қабылдауға, жазуға және шығаруға арналған аппаратураны жасаудың
  тұрмыстық электр аспаптарын жасаудың
  киiмнен басқа, дайын тоқыма бұйымдарын шығарудың
  трикотаж бұйымдарын шығарудың
  тоқыма материалдарынан киiм шығарудың
  жiбек маталар мен солардың негiзiнде жасалатын бұйымдар шығарудың
  мата емес тоқыма материалдар мен солардан жасалған бұйымдар шығарудың
  кiлемдер, кiлем бұйымдары мен гобелендер шығарудың
  мақта целлюлозасы мен одан туынды өнiмдер шығарудың
  мақта шикiзатынан жоғары сапалы қағаз шығарудың
  терiден жасалған бұйымдар шығарудың
  химия өнеркәсiбiнiң
  резеңке және пластмасса бұйымдарын жасаудың
  өзге де металл емес минералдық өнiмдердi өндiрудiң
  металлургия өнеркәсiбiнiң
  дайын металл бұйымдарын жасаудың
  машиналар мен жабдықтарды жасаудың
  мұнай-химия өнiмдерiн, сондай-ақ iлеспе, сабақтас өндiрiс пен технологиялар өнiмдерiн шығарудың
  туристiк қызметтер көрсетудiң өзiндiк тауар өндiрiсiн (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзуден алуға жататын (алынған) табыстары жылдық жиынтық табысының кемiнде 90 процентiн құрайтын заңды тұлғалар.
  Осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетiлген тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
  2. Қызметiн арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жүзеге асыратын ұйымдарға мыналар жатпайды:
  1) жер қойнауын пайдаланушылар;
  2) акцизделетiн тауарларды өндiретiн ұйымдар;
  3) арнаулы салық режимдерiн қолданатын ұйымдар;
  4) преференцияларды қолданған ұйымдар.
  3. Алынған (алынуға жататын) табыстарды осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген қызмет түрлерiнен алынған табыстарға жатқызу арнайы экономикалық аймақтың аумағында құрылған атқарушы органның немесе арнайы экономикалық аймақ әкiмшiлiгiнiң уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша тиiстi өнеркәсiп саласын басқару мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен және нысанда берiлген растауының негiзiнде жүзеге асырылады.
  4. Осы тараудың ережелерi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес 2009 жылғы 1 қаңтарға дейiн құрылған арнайы экономикалық аумақтарға қатысты қолданылады.

   151-бап. Салықтарды есептеу, төлеу тәртiбi мен мерзiмдерi

  1. Қызметiн арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жүзеге асыратын ұйымдардың салықтарды есептеуi осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
  2. Бюджетке төлеуге жататын корпоративтiк табыс салығының сомасын айқындау кезiнде осы Кодекстiң 139-бабына сәйкес есептелген корпоративтiк табыс салығының сомасы 100 процентке азайтылады.
  Осы тармақта көзделген салық сомасын азайту осы Кодекстiң 141-бабына сәйкес айқындалатын корпоративтiк табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомаларын есептеу кезiнде де қолданылады.
  3. Арнайы экономикалық аймақтардың аумағында орналасқан және осы Кодекстiң 150-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген қызмет түрлерiн жүзеге асыру кезiнде пайдаланылатын салық салу объектiлерi бойынша:
  1) жер салығын есептеу кезiнде тиiстi ставкаларға 0 коэффициентi;
  2) мүлiк салығын есептеу кезiнде салық салу объектiлерiнiң жылдық орташа құнына 0 проценттiк ставка қолданылады.

   152-бап. Салық кезеңi және салық есептiлiгi

  Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша салық кезеңi, салық есептiлiгiн берудiң тәртiбi мен мерзiмдерi осы Кодекске сәйкес айқындалады.

6-БӨЛIМ. ЖЕКЕ ТАБЫС САЛЫҒЫ

18-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

   153-бап. Төлеушiлер

  1. Осы Кодекстiң 155-бабына сәйкес айқындалатын салық салу объектiлерi бар жеке тұлғалар жеке табыс салығын төлеушiлер болып табылады.
  2. Ойын бизнесiне салықты, тiркелген салықты төлеушiлер осы Кодекстiң 411, 420-баптарында көрсетiлген қызмет түрлерiн жүзеге асырудан түсетiн табыстар бойынша жеке табыс салығын төлеушiлер болып табылмайды.
  3. Шаруа немесе фермер қожалықтары үшiн арнаулы салық режимiн қолданатын дара кәсiпкерлер осы арнаулы салық режимi қолданылатын қызметтi жүзеге асырудан түсетiн табыстар бойынша жеке табыс салығын төлеушiлер болып табылмайды.

Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38