Партнерка на США и Канаду по недвижимости, выплаты в крипто
- 30% recurring commission
- Выплаты в USDT
- Вывод каждую неделю
- Комиссия до 5 лет за каждого referral
9-тарау. САЛЫҚТЫҚ ЕСЕПКЕ АЛУ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI
78-бап. Қаржы лизингi
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес үш жылдан асатын мерзiмге жасалған лизинг шарты бойынша мүлiктi беру, егер ол мынадай талаптардың бiрiне жауап берсе:
1) лизинг шартында мүлiктiң лизинг алушының меншiгiне берiлуi және (немесе) лизинг алушыға мүлiктi тiркелген баға бойынша сатып алу құқығының берiлуi белгiленсе;
2) қаржы лизингiнiң мерзiмi қаржы лизингi бойынша берiлетiн мүлiктiң пайдалы қызмет мерзiмiнiң жетпiс бес процентiнен асып кетсе;
3) қаржы лизингiнiң бүкiл мерзiмi үшiн лизингтiк төлемдердiң ағымдағы (дисконтталған) құны қаржы лизингi бойынша берiлетiн мүлiк құнының тоқсан процентiнен асып кетсе, қаржы лизингi болып табылады.
Мұндай беру салықтық есепке алу мақсатына орай лизинг алушының мүлiктi сатып алуы ретiнде қарастырылады. Бұл ретте лизинг алушы – лизинг затының иесi ретiнде, ал лизингтiк төлемдер лизинг алушыға берiлген кредит бойынша төлемдер ретiнде қарастырылады.
2. Егер лизинг шартында лизинг алушының қаржы лизингiнiң мерзiмiн ұзарту құқығы белгiленсе, онда қаржы лизингiнiң мерзiмi iс жүзiнде ұзарту жүзеге асырылған мерзiмдi ескере отырып айқындалады.
3. Қаржы лизингiне (лизинг бойынша) берiлген (алынған) мүлiктiң құны лизинг шартын жасасу күнi бойынша айқындалады.
Лизинг алушының негiзгi құрал, жылжымайтын мүлiкке инвестициялар, биологиялық активтер ретiнде алуына жататын лизинг нысанасы қаржы лизингi бойынша берiлетiн мүлiк болып табылады.
4. Мыналар салық салу мақсатында қаржы лизингi деп танылмайды:
1) мынадай:
лизинг алушы Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңнамасына сәйкес банкрот деп танылған және Заңды тұлғалардың мемлекеттiк тiркелiмiнен шығарылған;
лизинг алушы – жеке тұлға соттың күшiне енген шешiмi негiзiнде хабарсыз кеткен немесе қайтыс болған деп жарияланған, әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп танылған, оған I, II-топтардағы мүгедектiк белгiленген, сондай-ақ лизинг алушы – жеке тұлға қайтыс болған;
лизинг алушыда өндiрiп алуды қолдануға болатын мүлiктiң, оның iшiнде ақшаның, бағалы қағаздардың немесе табыстың болмауына байланысты лизинг берушiге атқару құжатын қайтару туралы сот орындаушысының қаулысы заңды күшiне енген және оның мүлкiн, оның iшiнде ақшасын, бағалы қағаздарын немесе табысын анықтау жөнiнде сот орындаушысы қабылдаған, Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы заңнамасында көзделген шаралар нәтижесiз болған;
лизинг алушының мүлкiне, оның iшiнде ақшасына, бағалы қағаздарына немесе табысына лизинг берушiнiң өндiрiп алуды қолдануынан бас тарту туралы сот шешiмi заңды күшiне енген;
лизинг шарты бұзылғаннан (лизинг шарты бойынша мiндеттемелер тоқтатылғаннан) кейiн лизинг нысаналары мынадай:
лизинг төлемдерiнiң сомасы мен лизинг мерзiмiне арналған талаптарды қоспағанда, бұзылған лизинг шартында (ол бойынша мiндеттемелер тоқтатылған лизинг шартында) көзделген талаптардың қайталама лизинг шартында сақталуы;
қайталама лизинг шарты бойынша лизинг төлемдерiнiң жалпы сомасы бұзылған лизинг шарты (ол бойынша мiндеттемелер тоқтатылған лизинг шарты) бойынша лизинг төлемдерiнiң өзiмен лизинг шарты бұзылған (өзiмен лизинг шарты бойынша мiндеттемелер тоқтатылған) лизинг алушыдан алынуға жататын (алынған) лизинг төлемдерi сомасына азайтылған жалпы сомасына сәйкес келу талаптарын сақтай отырып қайталама лизингке берiлген;
мүлiк кемiнде үш жыл мерзiмге қайталама лизингке берiлген жағдайлардан басқа осындай шарттар жасасу күнiнен бастап үш жыл өткенге дейiн олар бойынша лизинг шарттары бұзылған (лизинг шарты бойынша мiндеттемелер тоқтатылған) жағдайдағы лизингтiк мәмiлелер;
2) лизинг шарты қолданылуының бiрiншi жылында олар бойынша лизингтiк төлемдер сомасы (шарт бойынша және (немесе) iс жүзiндегi) лизинг нысанасы құнының 50 процентiнен астамын құрайтын лизингтiк мәмiлелер;
3) лизинг шартын жасасу күнiнен бастап үш жыл өткенге дейiн олар бойынша лизинг алушыны қайта ұйымдастырумен байланыстыларынан басқа лизинг алушыны ауыстыру болған лизингтiк мәмiлелер;
4) мүлiктi қосалқы лизингке беру жөнiндегi мәмiлелер.
79-бап. Ұзақ мерзiмдi келiсiмшарттар
1. Келiсiмшарт бойынша көзделген өндiру, орнату, құрылыс басталған корпоративтiк табыс салығы бойынша салық кезеңiнiң шегiнде аяқталмаған өндiруге, орнатуға, құрылысқа арналған келiсiмшарт (шарт) осы баптың мақсатында ұзақ мерзiмдi келiсiмшарт болып табылады.
2. Салық кезеңiнде ұзақ мерзiмдi келiсiмшарт бойынша iс жүзiнде келтiрiлген шығыстардың сомасы осы Кодекстiң баптарына сәйкес шегерiмге жатқызылуға жатады.
3. Ұзақ мерзiмдi келiсiмшарттар бойынша табыстар салық төлеушiнiң таңдауы бойынша iс жүзiндегi әдiс немесе аяқтау әдiсi бойынша айқындалады.
Табыстарды айқындаудың таңдап алынған әдiсi салықтық есепке алу саясатында көрсетiледi және келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi iшiнде өзгертiлмейдi.
4. Iс жүзiндегi әдiс бойынша есептi салық кезеңiндегi ұзақ мерзiмдi келiсiмшарт бойынша табыс есептi салық кезеңiнде алынуға жататын (алынған), бiрақ ұзақ мерзiмдi келiсiмшарт бойынша осындай кезеңде келтiрiлген шығыстар сомасынан кем емес табыс деп танылады.
5. Аяқталу әдiсi бойынша есептi салық кезеңiндегi ұзақ мерзiмдi келiсiмшарт бойынша табыс ұзақ мерзiмдi келiсiмшарт бойынша табыстың және көрсетiлген келiсiмшарттың есептi салық кезеңiндегi атқарылу үлесiнiң шығарылған жалпы сомасы ретiнде айқындалады.
Бұл ретте ұзақ мерзiмдi келiсiмшарттың атқарылу үлесi есептi салық кезеңiнде жүргiзiлген және осы Кодекске сәйкес шегерiмге жатқызылған шығыстар сомасының осы Кодекске сәйкес келiсiмшарттың қолданылу кезеңiнде шегерiмге жатқызыла алатын ұзақ мерзiмдi келiсiмшарт бойынша шығыстардың жалпы сомасына арақатынасы ретiнде айқындалады.
80-бап. Бiрлескен қызметтi жүзеге асыру
1. Бiрлескен қызметтi жүргiзу туралы уағдаластық не заңды тұлғаны құрмай бiрлескен қызмет туралы шартқа екi және одан да көп қатысушыларды көздейтiн уағдаластық (бұдан әрi – бiрлескен қызмет туралы шарт) болған жағдайда салық салу объектiлерi және (немесе) салық салуға байланысты объектiлер осы Кодексте белгiленген тәртiппен бiрлескен қызмет туралы шартқа әрбiр қатысушы бойынша тиiсiнше ескерiледi және оларға салықтар салынады.
2. Бiрлескен қызмет туралы шартқа әрбiр қатысушы өзiнiң қатысу үлесiне қатысты салық салу объектiлерiн және (немесе) салық салуға байланысты объектiлердi айқындау үшiн бiрлескен қызмет бойынша активтердi, мiндеттемелердi, табыстар мен шығыстарды есепке алуды дербес жүргiзедi.
3. Бiрлескен қызмет туралы шартта салық салу объектiлерiн және (немесе) салық салуға байланысты объектiлердi айқындау үшiн бiрлескен қызмет бойынша активтердi, мiндеттемелердi, табыстар мен шығыстарды бөлу тәртiбi болмаған жағдайда, бiрлескен қызмет туралы шартқа қатысушылар алғашқы салық есептiлiгiн табыс еткенге дейiн осындай тәртiп және бiрлескен қызмет нәтижесiнде туындайтын салық мiндеттемесi көрсетiлетiн, бiрлескен қызмет бойынша салықтық есепке алу саясатын әзiрлеп, бекiтедi.
4. Бiрлескен қызмет туралы шартта бiрлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың осындай қызмет немесе оның бiр бөлiгi бойынша салықтық есепке алуды жүргiзуге жауапты уәкiлеттi өкiлi анықталуы мүмкiн.
5. Бiрлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың уәкiлеттi өкiлi бiрлескен қызмет немесе оның бiр бөлiгi бойынша активтердi, мiндеттемелердi, табыстар мен шығыстарды салық мақсатына орай осы уәкiлеттi өкiлдiң өзге қызметi бойынша активтерден, мiндеттемелерден, табыстар мен шығыстардан бөлек есепке алады.
6. Салық салу объектiлерiн және (немесе) салық салуға байланысты объектiлердi айқындау үшiн бiрлескен қызмет бойынша активтердi, мiндеттемелердi, табыстар мен шығыстарды бiрлескен қызмет туралы шартқа қатысушылар арасында бөлудi бiрлескен қызмет туралы шартқа қатысушылар және (немесе) олардың уәкiлеттi өкiлi бiрлескен қызмет туралы шартта көзделген тәртiппен әрбiр салық кезеңiнiң қорытындылары бойынша жүзеге асырады.
Егер бiрлескен қызмет туралы шарт талаптарында және (немесе) бiрлескен қызмет бойынша салықтық есепке алу саясатында салық салу объектiлерiн және (немесе) салық салуға байланысты объектiлердi айқындау үшiн активтердi, мiндеттемелердi, табыстар мен шығыстарды бөлу тәртiбi белгiленбесе, бiрлескен қызмет туралы шартқа қатысушылар және (немесе) мұндай қатысушылардың уәкiлеттi өкiлi көрсетiлген бөлудi бiрлескен қызмет туралы шартқа сәйкес қатысу үлестерiне барабар жүзеге асырады.
Салық салу объектiлерiн және (немесе) салық салуға байланысты объектiлердi айқындау үшiн бiрлескен қызмет бойынша активтердi, мiндеттемелердi, табыстар мен шығыстарды бiрлескен қызмет туралы шартқа қатысушылар арасында бөлу нәтижелерi жазбаша түрде ресiмделуге, оларға бiрлескен қызмет туралы шартқа барлық қатысушылар және (немесе) олардың уәкiлеттi өкiлi болған кезде ол қол қоюға, сондай-ақ мөрлермен бекiтiлуге (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайда олар болған кезде) тиiс. Активтердi, мiндеттемелердi, табыстар мен шығыстарды бөлу нәтижелерi туралы құжатты бiрлескен қызмет туралы шартқа әрбiр қатысушы құжаттық салықтық тексеру жүргiзу кезiнде салық қызметi органдарына табыс етедi.
Бiрлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың уәкiлеттi өкiлiнде олардың негiзiнде активтердi, мiндеттемелердi, табыстар мен шығыстарды бөлу жүзеге асырылған барлық құжаттардың көшiрмелерi болуға тиiс.
4-БӨЛIМ. КОРПОРАТИВТIК ТАБЫС САЛЫҒЫ
10-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
81-бап. Төлеушiлер
1. Мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын немесе Қазақстан Республикасындағы көздерден табыстар алатын резидент емес заңды тұлғалар корпоративтiк табыс салығын төлеушiлер болып табылады.
2. Оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолданатын заңды тұлғалар осы Кодекстiң 61-тарауына сәйкес, көрсетiлген режим шеңберiнде салық салынатын табыстар бойынша корпоративтiк табыс салығын есептейдi және төлейдi.
3. Ойын бизнесi салығын, тiркелген салықты төлеушiлер осы Кодекстiң 411, 420-баптарында көрсетiлген қызмет түрлерiн жүзеге асырудан түсетiн табыстар бойынша корпоративтiк табыс салығын төлеушiлер болып табылмайды.
82-бап. Салық салу объектiлерi
Корпоративтiк табыс салығын салу объектiлерi мыналар болып табылады:
1) салық салынатын табыс;
2) төлем көзiнен салық салынатын табыс;
3) Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның таза табысы.
11-тарау. САЛЫҚ САЛЫНАТЫН ТАБЫС
83-бап. Салық салынатын табыс
Салық салынатын табыс осы Кодекстiң 99-бабында көзделген түзетулердi ескере отырып жылдық жиынтық табыс пен осы бөлiмде көзделген шегерiмдер арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
§ 1. Жылдық жиынтық табыс
84-бап. Жылдық жиынтық табыс
1. Резидент заңды тұлғаның жылдық жиынтық табысы осы тұлғаның Қазақстан Республикасында және одан тысқары жерлерде салық кезеңiнiң iшiнде алуына жататын (алынған) табыстарынан тұрады.
Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның жылдық жиынтық табысы осы Кодекстiң 198-бабында көрсетiлген табыстардан тұрады.
Резидент заңды тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегi көздерден алынатын табыстары осы бөлiмде және осы Кодекстiң 27-тарауында белгiленген тәртiппен салық салынуға жатады.
2. Мыналар салық салу мақсатына орай табыс ретiнде қарастырылмайды:
1) жарғылық капиталға салым ретiнде алынған мүлiктiң құны;
2) эмитент өзi шығарған акцияларды орналастырудан алған ақша сомасы;
3) егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, мүлiктi өтеусiз негiзде беретiн салық төлеушi үшiн өтеусiз берiлген мүлiктiң құны. Өтеусiз орындалған жұмыстардың, көрсетiлген қызметтердiң құны осындай жұмыстар орындауға, қызметтер көрсетуге байланысты шеккен шығыстар мөлшерiнде айқындалады;
4) осы Кодексте көзделген жағдайларда салық мiндеттемесiнiң мөлшерiн азайту сомасы;
5) егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, басқа тұлғадан алынуға жататыннан (алынғаннан) басқа, халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бухгалтерлiк есепте табыс деп танылатын активтердiң және (немесе) мiндеттемелердiң құнын өзгертуге байланысты туындайтын табыс;
6) халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес активтердi қайта бағалауға арналған резервтердi азайту есебiнен бөлiнбеген пайданы арттыру.
85-бап. Жылдық жиынтық табысқа енгiзiлетiн табыстар
1. Жылдық жиынтық табысқа салық төлеушi табыстарының барлық түрлерi:
1) өткiзуден түсетiн табыс;
2) құн өсiмiнен түсетiн табыс;
3) туынды қаржы құралдары бойынша табыс;
4) мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетiн табыс;
5) күмәндi мiндеттемелер бойынша табыс;
6) банктердiң және лицензия негiзiнде банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың құрылған провизияларының (резервтерiнiң) мөлшерлерiн азайтудан түсетiн табыс;
7) сақтандыру, қайта сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымдары құрған сақтандыру резервтерiн азайтудан түсетiн табыс;
8) талап ету құқығын басқаға беруден түсетiн табыс;
9) кәсiпкерлiк қызметтi шектеуге немесе тоқтатуға келiсiм бергенi үшiн алған табыс;
10) тiркелген активтердiң шығып қалуынан түсетiн табыс;
11) табиғи ресурстарды геологиялық зерттеуге және өндiруге дайындық жұмыстарына арналған шығыстарды, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың басқа да шығыстарын түзетуден түсетiн табыс;
12) кен орындарын әзiрлеу салдарын жою қорына аударымдар сомасының кен орындарын әзiрлеу салдарын жою жөнiндегi iс жүзiндегi шығыстар сомасынан асып кетуiнен түсетiн табыс;
13) бiрлескен қызметтi жүзеге асырудан түсетiн табыс;
14) егер бұрын бұл сома шегерiмге жатқызылмаса, негiзсiз ұсталып, бюджеттен қайтарылған айыппұлдардан басқа, танылған немесе борышкер таныған айыппұлдар, өсiмпұлдар және басқа санкция түрлерi;
15) бұрын жүргiзiлген шегерiмдер бойынша алынған өтемақылар;
16) өтеусiз алынған мүлiк түрiндегi табыс;
17) дивидендтер;
18) депозит, борыштық бағалы қағаз, вексель бойынша сыйақылар;
19) оң бағамдық айырма сомасының халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес анықталған терiс бағамдық айырма сомасынан асып кетуi;
20) ұтыстар;
21) әлеуметтiк сала объектiлерiн пайдалану кезiнде алынған табыс;
22) кәсiпорынды мүлiктiк кешен ретiнде сатудан түсетiн табыс;
23) сенiмгерлiкпен басқару шарты бойынша сенiмгерлiкпен басқару құрылтайшысы немесе сенiмгерлiкпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушы алатын (алынуға жататын), мүлiктi сенiмгерлiкпен басқарудан түсетiн таза табыс;
24) осы тармақтың 1)-23) тармақшаларында көрсетiлмеген басқа да табыстар енгiзiледi.
2. Егер табыстардың бiрнеше баптарында бiр және сол табыстар көрсетiлуi мүмкiн болатын жағдайда, көрсетiлген табыстар жылдық жиынтық табысқа бiр рет енгiзiледi.
Табыстың қаржылық есептiлiктiң халықаралық стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес танылу күнi табыстың осы Кодекске сәйкес танылу күнiнен ерекшеленетiн жағдайда, көрсетiлген табыс салық салу мақсатына орай бiр рет есепке алынады.
Бұл ретте, салық салу мақсатына орай табыстың танылу күнi осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес айқындалады.
3. Егер сенiмгерлiкпен басқарушы болып табылатын салық төлеушiге мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды құру туралы актiмен мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару құрылтайшысы немесе пайда алушы үшiн салық мiндеттемесiн орындау жүктелсе, мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты бойынша сенiмгерлiкпен басқару құрылтайшысының немесе сенiмгерлiкпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының табыстары осы бөлiмнiң мақсатында осы салық төлеушiнiң жылдық жиынтық табысына қосылады.
4. Салық төлеушiнiң осы Кодекстiң 131 және 132-баптарына сәйкес табыстарын түзетуге құқығы бар.
86-бап. Өткiзуден түсетiн табыс
1. Егер Қазақстан Республикасының трансферттiк баға белгiлеу туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, осы Кодекстiң 87-98-баптарына сәйкес жылдық жиынтық табысқа енгiзiлетiн табыстардан басқа, өткiзiлген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетiлген қызметтердiң құны өткiзуден түсетiн табыс болып табылады.
Өткiзiлген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетiлген қызметтердiң құнына қосылған құн салығының және акциздiң сомасы енгiзiлмейдi.
2. Қызметтер көрсетуден түсетiн табысқа осы бөлiмнiң мақсатында, сондай-ақ:
1) кредит (қарыз, микрокредит) бойынша, репо операциялары бойынша сыйақылар түрiндегi табыс;
2) мүлiктi қаржы лизингiне беру бойынша сыйақылар түрiндегi табыс;
3) роялти;
4) мүлiктi жалға беруден түсетiн табыс жатады.
87-бап. Құн өсiмiнен түсетiн табыс
1. Құн өсiмiнен түсетiн табыс, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес мемлекет мұқтажы үшiн сатып алынған активтердi қоспағанда, амортизацияға жатпайтын активтердi өткiзу кезiнде құралады.
Осы баптың мақсатына орай амортизацияға жатпайтын активтерге:
1) жер учаскелерi;
2) аяқталмаған құрылыс объектiлерi;
3) орнатылмаған жабдық
4) табыс алуға бағытталған қызметте пайдаланылмайтын, бiр жылдан астам қызмет мерзiмi бар активтер;
5) бағалы қағаздар;
6) қатысу үлесi;
7) құны Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 1 қаңтарға дейiн қолданыста болған салық заңнамасына сәйкес толығымен шегерiмге жатқызылған негiзгi құралдар;
8) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес 2009 жылғы 1 қаңтарға дейiн жасалған келiсiмшарттар бойынша инвестициялық жоба шеңберiнде пайдалануға берiлген, құны толығымен шегерiмге жатқызылған активтер;
9) осы Кодекстiң 97-бабының 2-тармағына сәйкес әлеуметтiк сала объектiлерiне жатқызылған мүлiк жатады.
2. Өсiм, осы баптың 4 және 9-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, амортизацияға жатпайтын активтердiң өткiзiлу құны мен олардың бастапқы құны арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
3. Осы баптың мақсатында:
осы Кодекске сәйкес шегерiмге жатқызылуға жатпайтын шығындардан (шығыстардан);
салық төлеушiнiң осы Кодекстiң 100-бабының 6, 12, 13-тармақтары, сондай-ақ осы Кодекстiң баптары негiзiнде шегерiмге құқығы болатын шығындардан (шығыстардан);
амортизациялық аударымдар шығындарынан (шығыстарынан);
бухгалтерлiк есепте туындайтын және осы Кодекстiң 100-бабының 15-тармағына сәйкес салық салу мақсатында шығыс ретiнде қарастырылмайтын шығындардан (шығыстардан) басқа, активтердi сатып алуға, өндiруге, салуға, монтаждауға арналған шығындардың, сондай-ақ олардың құнын арттыратын, оның iшiнде халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес олардың құнын сатып алынғаннан кейiн арттыратын басқа да шығындардың жиынтығы бағалы қағаздар мен қатысу үлестерiн қоспағанда, амортизацияға жатпайтын активтердiң бастапқы құны болып табылады.
4. Бағалы қағаздарды және қатысу үлесiн өткiзу кезiнде:
1) борыштық бағалы қағаздарды қоспағанда, бағалы қағаздар, қатысу үлесi бойынша – өткiзiлу құны мен бастапқы құн (салым) арасындағы оң айырма;
2) борыштық бағалы қағаздар бойынша – дисконттың амортизациясын және (немесе) өткiзiлген күнгi сыйлықақыны ескере отырып, өткiзiлу құны мен бастапқы құн арасындағы купон ескерiлмеген оң айырма құн өсiмi болып табылады.
5. Халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарында және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарында көзделген жағдайларда бағалы қағаздар мен қатысу үлестерiнiң құнын арттыратын сатып алуға байланысты шығындардың, оларды сатып алуға арналған iс жүзiндегi шығындардың жиынтығы, сондай-ақ жарғылық капиталға салымның құны осы баптың мақсатында бағалы қағаздар мен қатысу үлесiнiң бастапқы құны болып табылады.
6. Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес айқындалған құн жарғылық капиталға салымның құны болып табылады.
7. Осы Кодекске сәйкес тiркелген активтер бойынша шегерiмдердi айқындай алмайтын салық төлеушi осы салық төлеушiнiң меншiк құқығында меншiк құқығын тiркеген кезден бастап бiр жыл және одан да көп жыл болатын тұрғын үй-жайларды, саяжай құрылыстарын, гараждарды, өзiндiк қосалқы шаруашылық объектiлерiн жарғылық капиталға салған кезде берiлген мүлiктiң Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес айқындалған құны жарғылық капиталға салымның құны болып табылады.
8. Осы Кодекске сәйкес тiркелген активтер бойынша шегерiмдердi айқындай алмайтын салық төлеушi осы баптың 7-тармағында көрсетiлмеген мүлiктi жарғылық капиталға салған кезде жарғылық капиталға енгiзiлген мүлiктiң сатып алыну, өндiрiлу, салыну, монтаждалу және орнатылу құны жарғылық капиталға салымның құны болып табылады.
Жарғылық капиталға салынған мүлiктiң сатып алыну, өндiрiлу, салыну, монтаждалу және орнатылу құны болмаған кезде осы мүлiкке меншiк құқығы туындаған кездегi мүлiктiң нарықтық құны салымның құны болып табылады. Бағалаушы мен салық төлеушi арасында Қазақстан Республикасының бағалау қызметi туралы заңнамасына сәйкес шарт бойынша жүргiзiлген бағалау туралы есепте айқындалған құн осы баптың мақсатына орай нарықтық құн болып табылады.
Салық төлеушi мүлiктiң нарықтық құнын корпоративтiк табыс салығы бойынша декларация табыс ету үшiн белгiленген мерзiмнен кешiктiрмей айқындауға тиiс.
9. Осы баптың 1-тармағының 7) және 8) тармақшаларында көрсетiлген активтердi өткiзген кезде құн өсiмi өткiзу құны мөлшерiнде айқындалады.
10. Егер амортизацияға жатпайтын активтер өтеусiз алынған болса, онда осы Кодекске сәйкес өтеусiз алынған мүлiктiң құны түрiнде жылдық жиынтық табысқа енгiзiлген осы активтердiң құны осы баптың мақсатына орай бастапқы құн болып табылады.
88-бап. Мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетiн табыс
1. Мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетiн табысқа:
1) салық төлеушiнiң мiндеттемелерiн оның кредиторының есептен шығаруы;
2) салық төлеушi таратылған кезде тарату балансы бекiтiлген кезде кредитор талап етпеген мiндеттемелер;
3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген талап қою мерзiмiнiң өтуiне байланысты мiндеттемелердi есептен шығару;
4) соттың заңды күшiне енген шешiмi бойынша мiндеттемелердi есептен шығару жатады.
2. Мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетiн табыс сомасы салық төлеушiнiң бастапқы құжаттарына сәйкес есептен шығару кезiнде төленуге жататын мiндеттемелердiң сомасына тең болады.
3. Осы Кодекске сәйкес күмәндi деп танылған мiндеттемелерге осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерi қолданылмайды.
4. Мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетiн табысқа кәсiпорынды мүлiктiк кешен ретiнде сатып алу-сату шарты бойынша мiндеттемелердiң берiлуiне байланысты олардың мөлшерiн азайту жатпайды.
|
Из за большого объема этот материал размещен на нескольких страницах:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 |


